Кудасбекова Кадира

Рейтинг:

Іскер әйел

      Нәзік жанды жаратылыс иелерінің қандай уақытта болмасын ерлермен бірге иін тіресе ел ісіне батыл араласатыны жасырын емес. Көптеген нәзік жандылар әскери қызметтің тізгінін абырой-беделмен ұстап жүр. Тарихқа үңілетін болсақ, қазақ қоғамында және көшпенді көне түркілерде әйелдердің орны Еуропа және Шығыс қоғамына қарағанда жоғары болған. Әйелдер отбасының сақтаушысы, балалардың анасы ғана емес, қоғамда әлеуметтік рөл орындайтын тұлға. Кейіпкеріміз Кудасбекова Кадира Аминқызы еліне адал қызмет етуі керек деген ұстанымда. Қайсар мінезді қазақтың қызы мықты маман екенін сөзімен емес, нақты ісімен дәлелдеген жан.
      2006 жылдан бері кәсіпкерлік салада түрлі деңгейдегі табыстарға қол жеткізіп, «Жылыой Дезсервис» ЖШС-нің ісін алдыға жүргізіп келе жатқан Кадира Аминқызы 1961 жылдың 9 тамызында Гурьев облысы, Ембі ауданы, Ақкизтоғай ауылында дүниеге келді. Өмір бұлағының бастауы болған әкесі Қуатбаев Амин Құдасбекұлы мен мейірім тамшысы таудың тұма бұлағынан да мөлдір анасы Қуатбаева Бақтылы Жексенбай қызының тәлімін алып, адамгершілік асыл қасиеттерді бойына сіңіріп өсірген кәсіпкеріміз 4 ұл, 3 қыздың ортасында өсті.       Қазіргі таңда Нұртас Жылыой ауданының ауыл шаруашылық бөлімі бастығы қызметінде. Гулайм – жоғарғы білімді провизор, дәріхана қызметкері, Жантас ауылда және ауыл шаруа шылығында болса, Еділ – теміржол мекемесінде, Кенжегүл бала тәрбиесінде. Кенжесі Бекболат – жоғарғы білімді маман, мұнай саласында қызмет етіп келеді.
      1968 жылы білім ордасының табалдырығын Амангелді ауылдық мектебінде аттап, 1978 жылы он кластық мектепті бітіріп шыққан жас түлек Кадира Аминқызының арманы медицина саласында қызмет ету болатын. Мектеп кезінен ұстаздарының сүйікті шәкірті болған ол түрлі іс-шараларда өзінің белсенділігімен көзге түсіп жүрді. Әрдайым ұстаздарымен жылы қарым-қатынаста болып, олардың ақыл-кеңестерін тыңдап, өзінің білсем, үйренсем деген ниетіне жетпей қоймайтын жас орта мектептің мақтанышы атанып, өте жақсыға аяқтап шықты.
      Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын, әрбір ісінде жауапкершілік пен тиянақтылық менмұндалап тұратын жас түлекті арман жолы адастырмады. 1979 жылы Атырау қаласында медучилищесіне оқуға түсіп, 1981 жылы «Медбике» мамандығы бойынша бітіріп шығады. 
      Осылайша, өзінің таңдаған мамандығы бойынша 1981 жылы Жылыой ауданында Құлсары қаласында аудан ауруханасына балалар бөліміне медбике қызметіне орналасқан Кадира Аминқызы медицина деп аталатын әлемнің ішіне еніп тіршілік қазанында бірге қайнасып кете барады. Өзіне берілген дәрігерлердің тапсырмаларын орындауда жауапкершілік танытып, ұжым арасында бедел биігіне көтеріле білді. 
      1989 жылы «Қызыл крест – Жарты Ай» бөлім қызметіне ауысқан Кадира Аминқызы, қызметте сатылай өсіп, 1992 жылы «Қарттар үйінде» директор болып тағайындалады. Қандай лауазымдық қызметке барса да өз ісінің білікті маманы бола білген кейіпкеріміз одан арғы қызметінде 1994 – 2003 жылдары аралығында аудандық аурухана бөлімінде Санитарлық ағарту істері жөнінде, 2003 -2006 жылдары аралығында Аудандық Дезинфекция бөліміне директор қызметін абыроймен атқарып, 2006 жылы жеке кәсіпкерлікке мойын бұрып, «Жылыой Дезсервис» ЖШС құрып, бүгінгі таңда да аудан экономикасына үлес қосып, халыққа адал қызмет атқарып келеді.       Жүрегіндегі аналық мейірімі мен кәсіпкерлік келбетін бір арнаға тоғыстырған ол бүгінде Атырау облысындағы кәсібі өрге домалаған белгілі кәсіпкерлердің бірегейі.       Білікті маман негізгі жұмысымен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене ат салысып, өз үлесін қосуда ылғи да көзге түсіп жүреді. Жоғары кәсіби дәрежесімен, жұмыстағы жауапкершілігі және басшылық қызметтегі қағидашылдығы, төзімділігі мен еткен еселі еңбегі лайықты бағаланып, алған марапаттары да бар.
      Атап айтар болсақ:
      2016 жылы «Лидер Года» Ұлттық марапаты;
      «Руководитель Года» Сертификат;
      2018 жылы «Лидер Года» Ұлттық марапаты;
      «Руководитель Года» Сертификат;
      2019 жылы «Лидер Отрасли» марапаты;
      «Руководитель Года» Сертификат;
      Атырау облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі екендігін куәландыратын Сертификат;
      Республикалық «Біз мектепке барамыз» акциясы аясында балаларға қайырымдылық жасап, демеушілік қолын созғаны үшін арнайы Диплом;
      Аудан әкімінің орынбасары, Жылыой ауданы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Н.Өмірбаевтың Алғыс хаты;
      «Кәсіби саладағы сіңірген еңбегі үшін» медалі;
      «Экономика мақтанышы» ордені;
      «-1980 жылы тұрмысқа шығып, Шиханов Мұрат деген азаматпен отбасын құрдым, 4 бала тәрбиелеп өсірдік. 1980 жылы Эльмира, 1982 жылы Ринат, 1986 жылы Рахымжан, 2000 жылы Иманғали есімді балаларды дүниеге әкелдім. Жолдасым мектепте және спорт мектебінде бала тәрбиелеу және еркін күрес спортымен жаттықтырушы қызметін атқарды. Ауданда бала тәрбиелеуге үлесін қосқан, еңбегі еленген азамат болды. 2011 жылы аяқ астынан «Инсульт» ауруына шалдығып, тағдырдың жазуымен мүмкіндігі шектеулі жанға айналды. Кейіннен 2015 жылы ақпан айында дүниеден озды.
      Балалардың әкесі өте сабырлы, бірсөзді азамат еді. Өкінішті әрине, балалардың рахатын көре алмай өмірден өтті. Бірақ немерелерін, жиендерін көрді. 2006 жылы жанұямызда үлкен қуаныш болды. Шілде айында үлкен балам Ринат Алтынгүл келінімді әкелді, екінші ұлым Рахымжан қараша айында Қарлығаш атты келінді әкеліп, қуанышымызда шек болмады. 2007 жылы сәуір айында екі баламнан немерелерім Нұрбол, Айбол өмірге келді. 2008 жылы Әлімжан, Нұрай немерелерім келді. 2012 жылы Арай, 2013 жылы Шұғыла, 2018 жылы Фатима, 2019 жылы Айтолды есімді немерелерім дүниеге келді.
      2009 жылы қызым Эльмира Мұрат атты күйеубаламмен отбасын құрды. Жиендерім Даулетияр, Айша Бибі, Алдияр, Азиза. 2020 жылы кенже балам Иманғали Айнель келініммен отбасын құрды. 2021 жылы Қасиет атты немерелі болдым. Балаларым білімді, саналы азамат болып, отбасының бизнестік қызмет көрсету саласында қызмет жасайды. 
      Жолдасымның әжесі Маhира, анасы Роза, інісі Салімжан осындай шағын отбасында өмір сүрдік. Бұл кісілердің бәрі де өмірден өтті. Аналардың алғысын алып, өз әке мен анамның тәрбиесінің арқасында осындай дәрежеге ие болдым. Еңбек жолымда да жолым болды деп ойлаймын. Еңбекке баулу міндетті қызметтерге тәрбиелеу жолдарын үйрету басшыға байланысты қандай жұмысқа жіберсе де соны жақсы жасауға тырысып, өмірге шыңдалуға тәрбиелеген бас дәрігер Жетібаев Жұбандық ағамыздың еңбегін айтпай кетпеуге болмайды. Жасау керек, сенің қолыңнан келеді деп қайраттап бір ауыз сөзбен күш беретін еді. 
      Өзім баланың үлкені болған соң артымнан ерген бауырларыма да қарайлап, ата – анама да қолғанат болуға тырыстым. Менің әкем дана, дара, ақылды, бір ауыз сөзбен тоқтатып, аузы дуалы бар, ағайын – тумаға, туысқанға қайырымды өзіндік орны бар біртуар тұлға еді. Анамыз әкеміздің айтқанымен тәрбие беріп, барлық балаларына пана болып, ақылын айтып, тазалыққа тәрбиелеген жан.
      Әкем 2010 жылы өмірден өтті. Қазіргі таңда анам 85 жасқа келіп, немереден шөбере көріп, ақ әже болып отыр. Анамның еңбегі, тәрбиесі, әлі күнге дейін ақылын айтып отырады. Әкенің, ананың еңбегі балаға шексіз ғой. Қазір балаларының ортасында бақытты, көпбалалы ана атағын алған анамыз аман жүрсін!
      Бір келінмен сөзге келіп көрген жоқ, өте тәрбиелі жанұядан шыққандарын және өзімнің де тәрбиемді алған саналы, ақылды келін болды. Аллаға мың шүкір, осындай ата –анадан туған балалар болғанына. Құдаларым да, құдағайларым да өте тамаша жандар. Құдайдан кейінгі балаларына жаны ашитын ата-ана ғой. Саналы ұрпақтарым аман болсын! 
      Көпбалалы үлкен отбасымыз. Атырау облысының іскер әйелдер қауымдастығы мүшесі болдым. Қоғамдық жұмыстарды бірге жасап, халықпен бірлесе жұмыстар жасадым. Қазіргі таңда бақытты отбасымын деп ойлаймын, өнегелі қызым, балаларым, көрегенді, ақылды келіндерім, көмекшім, қызығым, балдай тәтті тілдерімен қуантып отыратын немере-жиендерім аман болсын», – дейді әулеттің түтінін түзу ұшырып, алтын асықтай перзент тәрбиелеп, олардан тараған немерелердің қызығына тоймай отырған Кадира Аминқызы. 
      Кадира Аминқызы өзінің қызмет бабында не істесе де халық мүддесі үшін абыройлы қызмет атқарып, ел болашағын бәрінен үстем көріп, өзінің ізін басып келе жатқан жастарға тәжірибесін түсінікті тілмен жеткізе алатын білімді де білікті, кәсіби маман атанып келеді. Ал бұл шын мәнінде адамның дәрежесін өсіретін дара қасиет дер едік. «Әр дәуірдің өсіп-өркендеуіне адал еңбек еткен адам ғана қайраткер. Әр кез халық мүддесін өзінің қара басының мүддесінен жоғары қойған, халықтың қорғаны болған және ұлт мүддесі үшін күресе білген адам ғана қайраткер» дейді данышпан ғұлама бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби. 
      Біз әңгіме еткен Кадира Аминқызы қандай мақтауға да әбден лайықты жан. Абырой-беделі артып, елге берері көп болсын дейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

Вчера, 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
Вчера, 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...
31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....