Санкубаев Сухан

Рейтинг:

Тамыры терең бәйтерек
 
      Әке, Ананың алдындағы парызды,
      Әке, Ананың алдындағы қарызды,
      Олардың сіңірген еңбегін де сан ізгі
      Өзіндей ғып олардың
      Ұрпақтарға қайтарып,
      Өтеу қиын жалғанда.
      Ғабиден Қожахмет
       «Ақылды – ойланып көрем дейді, Ақылсыз – мен бәрін білем дейді».  Халқымыздың осы бір тағылымды сөзін естігенде, санамды әкем жайлы ойлар торлап, марқұм боп кеткен анама деген сағынышым жүрегімді шымырлататыны анық.  Иә, өзіңді өмірге әкеліп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, барын аузыңа тосып, бар мейірімін төгіп, маңдайыңнан сипап, азамат етіп өсірген жандар туралы айту әрі қиын, әрі оңай. Оңай болатыны – тәлімі мол жандардың өнегелі өмірі жайлы айта берсем, жыр-дастандай қисса туындайтыны шындық, қиыны – «қиыннан қиыстырып», сөз оралымы мен жеткізер ойдың бір-бірімен ұштасып, қабысып шығуы. Бір данышпанның: «Өмір – ақиқат өмірде болып өткен роман» деген тәмсілі бар. Сол «ақиқат өмірде болып өткен романды» қағазға әркім өз көзқарасы тұрғысынан көшіреді. Мен де болған оқиғаларды баяндап, оған өзімше баға беруге тырысып көрмекпін.
       «Тәрбие басы – тал бесік» деп  халқымыз бекер айтпаған. Келешек ұрпағы тәрбиелі болсын десе, кішкентай кезінен бастапқайырымдылыққа, әдептілікке имандылыққа тәрбиелейді. Әрине, бала тәрбиесінде отбасының рөлі көп жағдайда әлеуметтік қатынастарға негізделеді. Отбасындағы тәрбиенің балаға беретін пайдасы мен зияны, оның келешек өміріне бағыттаушы тұсбағдар деуге болады. Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Шығыс ғұламасы Әл-Фараби атамыз: «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» – деп айтып кеткендей, халқымыз қашанда бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Тәрбие – оқыту мен білім берудің сапасына байланысты. Тәрбие ақылмен, тәртіппен және талаппен тығыз байланысты. Тәртіп баланы салауатты тепе-теңдікпен өмір сүруге үйретеді. «Тәрбиедегі мақсат – адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару» деген Мағжан Жұмабаевтың сөзімен біздің ата-анамыздың тәрбиесі сай келген сияқты.     
      Менің әкем Санкубаев Сухан Әбдірұлы  Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл кентінде 1931 жылы дүниеге келген. Әкем –отбасындағы төрт ағайындының бірі. Балалық шағы  адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс кезіне тура келіпті.  Сұрапыл соғыс адамзаттың жүрегіне өшпес жара салды. Ауылда қалған кемпір-шал, бала-шаға зуылдаған оқ пен лапылдаған от-жалынның арасында жүрген бауырына, әкесіне, ағасына сеп болсын деп, бар күш-қайратын жұмсады. Тылдағы әрбір күн соғысқа тең еді. Сол кездегі зұлмат соғыс әкемнің балалық балдәуреніне қанды қол тырнағын салып, төрт жылғы қанды қырғын соғыс – қырық төрт жылға жетерлік естелік қалдырып кеткен десем, артық айтқандығым емес. Жоқшылықтың, кедейшіліктің, соғыстың ауыртпалығын қабырғасы қатайып, бұғанасы бекімей-ақ бір адамдай көтерген әкем жоқшылықтан емес, жан азабынан қиналған шақтары көп болғанын айтып отыратын. Сол кезде 6-7 сыныпты аяқтап, еңбек майданына қызу араласқан әкем теміржол саласында еңбек етті.       Елуінші жылдары әкем Сухан Әбдірұлы «Екі жарты – бір бүтін» деген сөзді ескеріп, оның үстіне жалғыздықтан жапа шекпейін деп, 1933 жылы туылған Жансейітқызы Жанзиямен көңіл жарастырып, шаңырақ құрады.  Жалғыздық, мақсатсыздық, дәрменсіздік те түсінген жанға қардан да, бораннан да ауыр тиеді. «Екеу дегенше, бекем десейші»  деп, анам екеуі ел болуға белді бекем буып кіріседі. Айналайын  анам Жанзия  – айналасына шуақ шашып жүретін, өте мейірімді жан еді. Өмірде қандай сабырлы адам болса, отбасылық мәселелерге де байсалдылықпен қарап, байыппен шешетін. Жаны жайсаң, материалдық құндылыққа жетуді көздемейтін, өте қанағатшыл адам болды. Адамдарды атағы мен қызметіне емес, адамгершілік қасиетіне қарап бағалады. Әділетсіздіктерге жаны ауыратын. Ешнәрсеге немқұрайлы қарай алмайтын. Өмірден түйгені мен көргені көп болған ұқыпты та ұстамды, барлық Қаракесек руын алаламай қазанын қайнатып, міндетін адал атқаратын. Өзі қуақы, әзілқой жан еді. «Тән ауруы жазылар, жан ауруы жазылмайды» деген сөзде үлкен мағына мен мән бар. Анам  Санкубаева Жанзия – әр адамның жүрегіндегі мұңды сезіп, ойды танып, дұрыс жол сілтей білетін  сұңғыла жан сол заманның «дипломсыз  психологы». Психолог өзгелердің жанын ауыртпайды, керісінше жан дүниесі күйзеліске түскен жандарға өзінің психология әлемін шарлап, жанына дауа іздейді. Міне, осыншама жақсылық атаулыны жүрегіне, ақылына, санасына шоғырландыра алатын ізгі жан иесі Жанзия Жансейітқызы адамдарға жақсылық жасағанды бар жан дүниесімен қалаған асыл жан осы қасиетінен ешқашан айныған емес.
      Бір күні мынадай қызық оқиға болған. Түйелі ауыл болғандықтан, жергілікті ауыл тұрғындары түйенің жүнін тазалап, жіп иіріп, одан көптеген бұйымдар тоқиды. Әрі жылы, әрі емдік қасиеті бар табиғи таза өнім ретінде тоқыма бұйымдарын сатып, осы кәсіпті күнкөріс көзіне айналдырған. Анам да осы жолмен нәпақа табуды ойлап, бір-  екі шұлық тоқып, оны сату мақсатында  перронда тұрған жерінен әкеміз көріп қалады. Әкем әлі сатылмаған заттар үшін кейістік білдіріп, анамыздың бұл кәсіппен тепловоздың қасында қоштасуына тура келеді.
      «Жақсы кісінің ашуы – шай орамал кепкенше» дегендей, әкеміздің ашуының артында зілі болмайтын. «Мың өліп, мың тірілген» кездердегі керемет шыдамдылық пен барға қанағатшылдық – біздің ұлттық мінезіміздің жоталы бітістері, халқымыздың ұлттық мақтанышы. Мәселен, әкем  өзінің «бас пайдасын ғана» ойламайды, онымен қатар ағайын-туыстарының, ел-жұртының да қамын ойлай жүреді. Біреудің басына қиындық, қайғы-қасірет түссе, оны жұбатып, жәрдемдесіп, қайғысын көтеріседі. Қуаныш келсе, оны да бірге тойлап, қуанышымен  бөліседі. «Ағайын – бір өліде, бір тіріде» деп, әкем басқаларға  мал-жанымен, жылы сөзімен қарайласа жүреді.  Әкем  кеңпейілділік, бауырмалдық, жомарттық, қонақжайлылық сияқты көптеген жағымды қасиеттерімен елге сыйлы болды. Әкеміздің бізге қатты ашуланғанын, көзқарасымен білдіріп, қабағымен ұқтыратын, айтатын сөзі біреу: «Иттің асыраған тауығы». Ол кезде біз әрине, «ит кім, тауық кім?» деп ажыратып жатпайтынбыз. Қазіргі кезде осы жайтты анықтау мақсатында  90-ға жақындаған әкемізге  сұрақ берсек, сабырлы қалпынан айнымай, сәл-пәл жымиып қана қояды.
      Дана қазақтың әрбір шаңырағында әкенің рөлі қай уақытта да басым. Бұл – жазылмаған дала заңы. Біздің отбасымызда да әкеміздің сөзі өтімді, орны биік. Әкем  жұмыстан келгенде, дастарқан дайын тұратын. Ол асықпай, қоңыр күрең шайды баппен ішетін. Екі-үш үйлі жанды, олардың балаларын бағуды да парызым деп білетін әкемнің қоңыр қызыл сөмкесінен (ол «шарманка» деп аталатын) майдың исі шығып тұратын. Қоңыр қызыл сөмке орнынан қозғалмайтын, бейне бір тұрақтылықтың символындай. Әкем үйге келгенде, үйдің ішінде қоңыржай аура орнайтын. Құбатөбел тіршілігіміз жақсарып кеткендей сезімде боламыз, әкеміз үйде болғанда... Бізге үнсіз қарайтын, бірақ көзқарасы көп нәрселерді айтып тұратын, жеткізіп тұратын. Бәрімізді жинап алып ақыл айтпаса да, ақыл айтып отырғандай әсерде болатынбыз. Анамыз «Әкелерің айтып жатыр» деп, бізді сол бір ауыз сөз арқылы басқарып отыратын. 
      Ол кездерде қазіргідей неше түрлі үй тұрмысында қолданылатын жиһаздар қайдан болсын!? Соғыстан кейінгі жоқ-жұқа кез... Бірақ әкем үшін оның еш кедергісі болмады. Ол кісі төрт қабат етіп төселген жүн көрпенің үстіне ұйықтайтын. Жамылғы ретінде әрі жылы, әрі жеңіл жұқа жүн көрпе жамылып, басына құс жастық жастанатын. Мұның барлығы отбасының қамқоршысы, тірегі болып жүрген әкеме көрсетілген құрмет, ал біз үшін – үлкендерді қадірлеп-қастерлеудің озық үлгісі, өмір мектебі іспетті.
     Біздің үйімізде бір мысық болды, үлкейе келе әлгі мысық үйді бүлдіретін әдет шығарды. Біз мысықтан тезірек құтылуға тырыстық, бірақ мысық біз ойлағаннан гөр,і әлдеқайда ақылдырақ болып шықты. Себебі, қайда апарып тастаса да, үйді тауып келетін. Анамыз жол жүргелі тұрған әкеме: «Баратын станцияңа мысықты ала кет», –  деп жалынды. Әкеміз болса: «Мен ел аманатын арқалап кетіп барамын. Аманатты орындау да қыл үстінде тұрғанмен бірдей емес пе?! Осындай жағдайда мойныма бейшара мысықтың қарғысын арқаласам не болғаны?!» – деп бір ауыз сөзімен ұтымды жауабын беріп, үйден шығып жүре берді.
      «Аллаһ өзінің сүйген құлына сынақ жібереді» деген бар. Анамыз Жанзияның  49 жасында бір көзі солып қалды. 56 жасында екінші шырағы да сөніп, айналасын қараңғылық басты. Жарық дүние тек жадында сақталып қалған анам қажымады. Ол тағдырдың маңдайға жазғанын қабылдады, бірақ  соған қарамастан, өмірдің қиындықтарына мойымай, ел қатарлы өмір сүріп жатты. Анамның жанары көрмесе де, жүрегі көретін.  Өмірді сүюге құштар жанға Жаратқан көзі көретін адамнан артық күш-қайрат бергеніне куә болдық. Көзіміз көрді, көңіліміз сенді.
      Өмірге құштарлық... Осы бір сөздің мағынасына терең үңіліп көрдіңіз бе? Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, шүкір айтуды ұмытып кетіп жататынымыз жасырын емес. Алланың әр күніне алғыс білдіріп, деніміздің сау болғаны үшін, таңнын атқаны мен күннің батқанын көру бақытына ие боп жүргеніміз үшін, көрген әр жақсылығымыз үшін Аллаға шексіз мадақ айтуымыз қажет. Себебі, осы мүмкіндіктерден айырылып күн кешіп жатқан жандар қаншама?! Бір қадам аттаудың өзі мұң болып, төсекке таңылып жатқан немесе табиғат сұлулығын бір көруге зәру боп жүрген зағип жандардың тағдыры сізді ойландырып көрді ме? Әйтсе де, ондай жандардың өмірге деген құштарлығы ерекше. Себебі, олар он екі мүшесі сау адаммен салыстырғанда, өмірдің мәнін әлдеқайда терең түсінеді. Жүрегімен ұғынып сезінеді. Олар үшін әр секунд мәнді, әр сағат қайталанбас сәт, әр күн қайтып келмес жылға татиды. Олардың көкірегі асқақ арман мен қиялға толы… Ал ең бастысы–үміт! Олар әр күніне ерекше үмітпен қарайды, әйтеуір бір жақсылықтың боларына, жарқын күндердің туарына сенеді. Сөйтіп өзін-өзі жігерлендіре, қайрай түседі. Оған қанша төзімділік қажет десеңізші?!.. Бір қиындық туа қалса салы суға кетіп, өмірдің еш мәні жоқтай, баз кешіп, түңіліп кететін пенде атаулыға бұндай қиындықтарды бастан өткеру, сабырлық таныту – қиынның қиыны… Анама қарап қос жанарынан айырылған деп айтудың өзі артық сияқты, себебі әңгімені айтып отырғанда, көріп отырғандай әңгімелейтін. Қарап отырсам, ақылы дария анамыз осы ауыртпалықты сабырлы мінезімен, тәубашылдығымен, ұстамдылығымен  көтере білген. Анама қарап рухы биік жандардың қандай болатынын түсіндім. Осындай жанның басқаның емес, менің анам болғанына қуандым.
      «Таудан биік секілденіп талғамың,
      Ардан биік секілденіп арманың.
      Пенделікпен ұмытасың тәубеңді,
      Сынағына шыдай алмай Алланың.
      Ай мен Күнге үптіргің кеп шекеңді,
      Көрмедім деп көлгірсисің шетелді.
      Тәубаға кел, шетел түгіл зағиптар,
      Көре алмайды өзі туған мекенді», – деп жырлаған ақынның айтпақ ойын ,сірә, басқаларға қарағанда менің анам жақсы түсінген болар деген ойдамын.     
      Ата-анамыздың бір-біріне деген риясыз көңілі мен шынайы сыйластығы, шексіз құрмет пен ілтипаты бірден көзге ұрып тұрады. Екеуі қос аққудай жұптасып, тату-тәтті өмір кешті. Бірін-бірі айтқызбай-ақ түсінетін, сезімдерін жүрекпен ұғынысатын. «Екі адамның бір-біріне шын ықыласпен қалтқысыз қызмет етуі – не араларындағы адал махаббаттың, не асыл достықтың арқасы» –  деген пікір айтқан екен белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов ағамыз. Бұл жұптың арасында адал махаббат пен асыл достықтың екеуі де болғаны күмәнсіз. Қонаққа екеуі қолтықтасып бірге баратын. Немерелеріне қарамай, екеуі жол бастап кете беретін. Жарасымды жұпқа жұрт сырттай қызыға қарайтын, ал балдыздары болса: «Екеуінің махаббаты Қыз Жібек пен Төлегендей», – деп айтып отыратын.
      Ғазиз анамыздың жалған дүниені тастап кеткеніне де, он жылдан астам уақыт болыпты. Қазақтың атақты батыры, әйгілі шешен Сырым Датұлы   махаббаттың тұрақтылығы туралы «Махаббат – бұл өсу екен, өну екен өркендеп, Өлгеніңше тұрады екен өміріңді көркемдеп» деген екен.  Ақынның осы сөздері – әкемнің анама деген ескерткіші деп білу керек шығар, кім білсі!?..  Анамның артында қалған әкеміз әлі де бақуатты, ешкімге салмағын салып отырған жоқ. Қайта алып бәйтеректей жапырағын жайып, жан-жағына пана болуда, немере-шөберелеріне сая болуда. 1962 жылдың  12 желтоқсанында  туылған баласы Санкубаев Бидаш пен келіні Ләззат Келімбердіқызы әкеміздің бар жағдайын жасап, әкемнің  отбасындағы 3 немересінің тілеуін тілеп отырған жайы бар. Немересі Суханов Асылбек – машинисттің көмекшісі. Отбасылы, Алтынай есімді келіншегі бар. Екінші немересі Суханов Нұрбек – әскери борышын өтеп келген азамат, мамандығы – заңгер. 
      Отбасының тұңғышы Санкубаева Баршагүлді әкеміз қазақ халқының дәстүріне сай қызына балам емес, қарындасым деп қараған. 1954 жылы туылған Баршагүл кітапханашы болып қызмет жасап, жасына байланысты зейнеткерлікке шыққан. Екі ұл, бір қыздың анасы, алты немересі бар бақытты әже. Жолдасы Шәріпов Ғазиз темір жол саласында қызмет жасап, 2016жылы 65 жасында дүниеден озды.
      Сухановтар әулетінің бір тармағы, Сухан Әбдірұлының үлкен ұлы, мен, Бөрі Суханұлы, 1956 жылдың 1 тамызында дүниеге келгенмін. Қазіргі кезде бақытты әке, немере сүйген атамын. Жан жарым Айнаш Амантайқызы екеуміз төрт бала тәрбиелеп өсірдік. Балаларымыз үмітімізді ақтап, қоғамға пайдалы азамат атанды. Барлығы жоғары білімді, еліміздің бас қаласы Астанада білім алып, еңбек етуде. Отбасының кенжесінен басқасы өз алдына шаңырақ көтеріп, отау тіккен. Қазақы дәстүр бойынша, ата-ана алдындағы парызды, өзім әке атанғаннан кейін   жақсы түсіндім. Келер ұрпағым да түсінеді деген үкілі үмітімді аялап, немерелерімнің тілеуін тілеп жүрген жәйім бар. Бүгінде ұрпақ жалғасы он немереміздің қызығына тоймай, бақытты ғұмыр кешудеміз.
      Бидаштан кейінгі 1964 жылы 9 желтоқсанда дүниеге келген Санкубаева Күміс отбасын құрған, үш қыз бен бір ұлдың анасы.  Күміс Суханқызы «Жауқазын» балабақшасының меңгерушісі болып қызмет жасайды. Жолдасы Тлесов Аманбай 1959 жылы дүниеге келіп, теміржол саласында 38 жыл еңбек етті.
      1967 жылдың 20 қарашасында туылған Санкубаев Орақ Суханұлы отау құрып, шаңырақ көтерген, үш ұл, екі қыздың әкесі.  Ол да немерелі болып, ата атанды. Келіншегі–Лаура Кенжетайқызы. 
      Шаңырақтың кенже қызы Шекер Суханқызы 1969 жылы 20 маусымда дүниеге келген, Сексеуіл пайдалану депосында қызмет істейді. Отбасылы, бес ер бала тәрбиелеп отыр. Жолдасы Текебаев Әділхан Адибайұлы теміржол саласында жұмыс жасайды.      
      Отбасының кенжесі 1972 жылы туған Темірбек Суханұлы аққан жұлдыздай болып 33 жасында өмірден ерте кетті... Тағдырдың ісіне шара бар ма?!
      «Жомарт бергенін айтпас, Ер айтқанынан қайтпас» демей ме дана халқымыз?  Бір білетінім, әке-шешем – қолы ашық, жомарт жандар. Көрші-қолаң былай тұрсын, ауыл-аймақпен тату тұрды. Біздің үйдің дастарқаны жиылмайтын. Анам үйдегінің бәрін дастарқанға қоятын, кімді болса да күлімдеп қарсы алатын. Оның үстіне екеуі де ағеден, ақ көңіл, көпшіл жандар. Ешкімнің қолын қақпайтын, ешкімге зәбір бермейтін жандар біздің көкірек көзімізді ашып, қайырымды, бауырмал, сабырлы болудың үлгісін жасап берді. Сол кісілердің ізімен жүріп, алған тәрбиеміз бойынша біз де туған-туыстармен жақсы араласып тұрамыз. Тек туғандарымызбен ғана араласып қоймай, немере туыс, жамағайынмен де қарым-қатынасымыз өте жақсы. Қасымызда әкеміздің інісі Саин Маханбетжан отбасымен тұрады.
      Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты – балада» деген екен. Кез келген адамға өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдіретті сөздің өлшемі, өмірінің жалғасы ұрпағымен келуі мүмкін.  Адамға нағыз бақытты – тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса, адам өмірінің мәні – өз ұрпағы.  «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Міне, осындай ұрпақ өсіріп, оны тәрбиелеуді Жаратқанның сыйы деп түсінген отбасылардың бірі – Санкубаевтар әулеті, біздің жанұямыз. Біз – жеті ағайындымыз, яғни,бір әулеттен төрт ұл, үш қыз өрбіген.
      Ата-ана – отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ата-ананың қадірі ерекше әспеттелген. «Алты аға бірігіп  – әке болмас, Жеті жеңге бірігіп – ана болмас» деген нақыл сөзде терең мән жатыр. Ата-ананың үміт-арманы баласымен бірге жасайды. Сол себепті олардың бар тілеуі – балаға бағышталған. Ақырғы, ең қастерлі тілектері: «Бала-шағаның алдында дүние салып, солардан топырақ бұйырса», – дейді. Осындай ата-ананы сыйлау – сәби шағыңда өзіңді олар қалай бағып-қақса, қартайғанда оларды да солай алақанға салып аялап-күту қандай ғанибет!
      Қазақ халқы: «Төріңнен қарт кетпесін!» – деп тілек тілеген халық. Жасы үлкенге құрмет көрсету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз. Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіңе нәр берген ата-ананың алдында адамның парыз-міндеті өлшеусіз. Қазақ ғұрпындағы ата-ананың алған  биік орны, қадір-қасиеті ерекше! Ананың ақ сүтін, әкенің адал күшін ақтау – өз болашағыңды сақтау. 
      Әке – шаңырақтың негізгі тірегі. Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын оған қарап өсетін нысанасы. «Әке» деген сөз қандай жақын, қандай ыстық десеңші! Өмірдің мәні – көп жасағанда емес, көпті көргенде. «Бір жылыңды ойласаң – күріш ек, он жылыңды ойласаң – ағаш ек, жүз жылыңды ойласаң – адам тәрбиеле!» дейді екен бабалар аманаты. 
      Әкеміз Санкубаев Сухан Әбдірұлы өзінің қалған іздерін жалғастыратын кейінгі ұрпағын тәрбиелеп өсірді. Біз асқар тау әкеміз бен асыл анамызға мәңгілік қарыздармыз!
      «Өмірдің көрген талай жол торабын
      Әкеден кім аяйды қолда барын.
      Әкенің ақ тілегін өтеу парыз,
      Мен бүгін әкемді айтып толғанамын».
      
САНКУБАЕВ БӨРІ СУХАНҰЛЫ
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...