Еңбектің жемісін татқан азамат
![]()
Адам ажары адал еңбекпен еселене түседі. Еңбек адамды биікке көтеріп, абыройын өсіреді. Тіршілік бар жерде түрлі саланың болатыны заңдылық. Әр адам өзінің қарым-қабілетіне қарай еңбектенеді. Сол еңбегінің арқасында өмірін өрнектейді. Иә, адамзат баласының қолынан келмейтін іс жоқ. Дегенмен сол сан саланың тізгінін тек мықтылар ұстайды. Ел арасында өзінің іскерлігімен, адамгершілік жауапкершілігімен ардақталып жүрген азаматтар аз емес. Сондай адал еңбектің жемісін татқан азаматтың бірегейі Сержан Әкпішұлы жайында қалам тербемекпіз.
Кейіпкеріміз Сержан Әкпішұлы 1979 жылы Қытай Халық Республикасының Іле облысына қарасты Мұңғұлкүре ауданы, Ағаяз өзені бойында өмірге келген. Табиғатынан сырбаз, байсалды, мінезді Әкпішұлы Сержан бала күнінен оқу-білімге жақын болды. Мектепте сыныптастары арасында ұйымдастырушылық қабілетімен дараланды. Қолынан іс келетін бозбала сынып ұстасы ретінде талай рет өзінің еңбекқорлық қырын танытқан. Қоғамдық іс-шаралардан қалмай, үнемі сыныбының мерейін асырып жүретін. Осылайша, 1997 жылы орта мектепті ойдағыдай бітіріп шықты. Алайда арманшыл жас мектеп бітіргеннен кейін бірден жоғары оқу орнына отбасылық жағдайға байланысты бара алмады.
Екі қолға бір күрек дегендей, әрбір адамның өмір жолына бағамдай қарайтын болсақ, оның қандай ортамен араласқанын, қандай кәсіппен айналысқанына мән беретінің рас. ӘкпішұлыСержан жас күнінен әке тәлімін көріп, үлкендердің қарапайым тіршілігіне араласып есейді. Әсіресе, ауыл адамдарының кәсібіне жіті ден қоятын. Атадан балаға мұра болып қалатындай талай кәсіпті көзімен көрді. Қайсыбір істің болмасын бастау алар қайнары болатынын, сол іс арқылы адам қанатын қатайтып, жігерін жасытпайтын ерекше сәттері адамға күш-қуат сыйлайтынын да білді. Жалпы қолынан іс келетін адамды «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп ел мақтап жатады ғой. Сержан Әкпішұлы міне, сол сөзге әбден лайықты азамат. Табиғатынан берілген бойындағы асыл қасиеті ол жан-жақтылығы, жаңалыққа құмарлығы. Расында қайсыбір ауылдың қазақ баласы болмасын шаруаға мығым, әр істің жайын білетін, тепсе темір үзетін мықты, жүректі, өтірік-өсекпен шаруасы жоқ, еңбекқор
![]()
болатыны рас. Сержан нағыз іскер азаматтың өзі. Шаршап-шалдығуды, ұзақ дамылдап жатуды жаны қаламайды. Үнемі жұмысбасты болып, қызу еңбектің үлгісін көрсетіп, кейінгі жастарды да адал еңбекке тәрбиелеп келеді.
Өзінің өмір жолын құрылыс саласында бастаған Сержан алғашында жай ғана жұмысшы болып еңбек етті. Қарапайым жұмысшы болып кірген ол ақырындап табандылығының арқасында көмекші, көмекші техник, соңында инженерлікке дейін көтерілді. Аға мамандардың айтқанын орындап, жаңаны көріп түйсігіне тоқыды. Өзім білемін дегенді айтпады. Ортасына жағымды да жайлы мінезімен тез сіңіп, басшылықтың сенім үдесінен шықты.
Осы орайда Сержан Әкпішұлы облыс, аудан, ауылда ірі-ірі құрылыстардың басынан-аяғына дейін толық аяқтап тапсырып, көптің алғысын алды. Осының басым бөлігінде өзі инженер болғаннан кейін тіке басшылық жасап, 30-35 шамасында адамдарды жұмыспен қамтып отырды. 2017 жылы қасиетті атамекен Қазақияға біржола қоныс аударды. Қазақ еліне келген алғашқы 3-4 жылда өзінің табысты құрылыс саласына бас сұғып, 20-30 азаматтың басын қосып, 3-4 команда болып, құрылыстың әр бағытында жұмыс алып берді. Соңғы 2 жылдан бері жеке өндірістермен айналысып, өз алдына жұмыс
![]()
орнын ашып, салық төлеп отыр. Тағы да онның үстінде азаматты жұмыспен қамтып отыр. Сержан Әкпішұлы қазақ еліне келгелі түрлі игілікті істердің басы-қасында болып өзінің азаматтық қабілетін көрсетіп жүр. Кейбіреуін тіке өзі бас болып ұйымдастырып, жоқ-жітіктің жәрдемшісі, жетім-жесірдің көмекшісі болуды парызы санайды. Талай үй-күйсіз жүрген жандардың үй алуына да өз үлесін аямай қосып келеді. Жаны жомарт азамат еш уақытта тарылмайды, қолында барымен бөлісіп, жәрдем сұрай келгеннің меселін қайтарған күні болған емес.
Өмірде мамандығына аса сүйіспеншілікпен қарап, өмірінің бір бөлшегіне айналдырып, шыңына жеткен адамдарды өз ісінің хас маманы дейді. Ондай азаматтарға халық та құрметпен қарап, бағалайды, мақтаныш етеді. Жұмысқа деген жауапкершілігі мен адалдығы, еңбекқорлығы мен іскерлігінің арқасында Сержан мақтаулы көшбасшы. Бұл әкенің тәлімді тәрбиесінен келген қасиет, бала күнінен еңбекке құштар қылып тәрбиелеген әке, адал еңбекпен тауып жеген нанның тәтті болатынын санасына сіңіре алған деген сөз. Құрылыс саласына әрқашан сұраныс бар. Ер жігіттің қолы жеткен барлық жұмысты қалт жібермеуі табиғи заңдылық деуге болады. Қолынан іс келетін әрбір адам тоқтап, тоқмейілсіп қалмауы керек. Ол
![]()
сол жұмысымен бүкіл отбасын толық қамтамасыз етеді. Сержан Әкпішұлы бойындағы барлық күш-жігерін сала еңбек етіп, көпке үлгілі жол көрсетіп келеді. Өзі секілді іске икемді, тепсе темір үзетін азаматтардың басын құрап, елдің көркіне көрік қосып отыр. Құрылыс саласына екпін беріп, сапалы қызметпен ел аузында жүр.
«-Шүкір деймін, жақындарым жанымда! Жанашыр жандарым қолдап отырғанда мен әрдайым биікті бағындыра беретін боламын. Мен үшін ер азаматқа ісіне адалдық пен уәдесіне беріктік серік болуы керек. Мені әкем еңбекқор етіп тәрбиеледі. Кішкене күнімнен бастап маған ер азаматқа тән барлық жұмысқа баулыды. Әкеме жете тумасам да ол кісіден алған өмірлік сабақтарым жетерлік. Адамды жақсы өмір сүруге жетелейтін оның еткен еңбегі деп білемін»,-дейді кейіпкеріміз.
Қазіргі таңда Сержан Әкпішұлы 34га жер алып, жеке шаруа қожалығымен айналысып, халықты сапалы өніммен қамтамасыз етуді жоспарлар жүр. Осы атқарған елеулі де ерен еңбегі жастарға, әртүрлі кәсіп иелеріне үлгі болып, шабыт берері анық. Еңбегінің бағасын алған марапаттарымен емес халықтың алғаусыз алғысымен өлшейтін азамат өнегелі ісімен, жылы жүзімен, мейірімді жүрегімен әрдайым айналасына, аймағына нұр шашып келеді. Иә, адам еңбектенудің арқасында көптеген нәрселерге қол жеткізеді. Адам өмірінде өзіне
![]()
ыңғайлы, өзі қызығатын, қолынан келетін істі істесе, еңбегінің өзіне де, өзгеге де пайдасы мол, жемісті болып, еліне, халқына пайдасы берекелі болады. Сондықтан да «еңбек түбі береке» деп жатады. Біз қашаннан елдің жүгін қара нардай көтеріп, келешектің қамы үшін аянбай еңбек еткен ерлерімізбен мақтанамыз. Келешекке сеніммен қадам жасау үшін жас ұрпаққа тәлім аларлық өнегелі істерді, парасатты өмір иелерін үлгі етеміз.
Сержан Әкпішұлы ұлтым, халқым дегенді жеке мүддесінен биік қоятын ұлтжанды азамат. Адал еңбегімен үлкен марапатқа, яғни елдің шексіз алғысына ие болып жүрген бірегей азаматтың төресі. Жасағанынан әлі алда жасайтын ісі көп азаматтың беделі биіктей түссін дейміз!
![]()
![]()