Жұмағалиев Самғат

Рейтинг:

«Мал өсірсең - қой өсір, өнімі оның көл-көсір»

      Жаратқанды тіршілігінің тірегі етіп, адал еңбегімен нан тапқан аталарымыз үшін төрт түлік - ерте заманнан бері келе жатқан ата кәсіп. Амандық сұрасқанның өзінде «Мал-жаның аман ба?!» деп, тіршілік қамын бір сөзге сыйдырған бабаларымыз, бабын таба білсе, төрт түлік нағыз берекелі кәсіп екенін айтып, дәлелдеп кеткен. Қазақ үшін «малыңды бер» деген сөз, жаныңды бер деген сөзбен бірдей. Қай дәуірде де ерінбей еңбек еткеннің басына бақ орнап, берекесі шалқыған. Бірақ, өзіндік пірі мен киесі бар төрт түлік те баққанға, бабын тапқанға бітеді. Біздің кейіпкеріміз де осы төрт түліктің ішінде ұсағына жататын қой малын өсіріп, көбейтіп, асыл тұқымдыларын да қамтамасыз етіп, тұрғындарды таза әрі сапалы өніммен қамтамасыз етіп келе жатқан азамат.      Бүгінгі заманауи қой шаруашылығы кешендерінде екі мыңнан он мың басқа дейін қой бағылып, өсіріледі. Мұның жарқын мысалы ретінде бүгінгі әңгімеміздің басты қазығына айналып отырған «Мәтжан» асыл тұқымды қой шаруашылығы жөнінде айтудың өзі бір мерей. «Мал өсірсең - қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген сөздерде терең ұғым бар. Жан сарайы бай, сыртқы тұлғасына ішкі мәдениеті де сай, тіпті, ерекше жарасып тұратын елгезек мінезді, барынша кішіпейіл кәсіпкер – Жұмағалиев Самғат Мәтжанұлы.       Сонау жылдары көлеңкеде ноқтасы қалған ата кәсіптің бойына қан жүгіртіп, бүгінгі таңда тұтынушыларды сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған Самғат Мәтжанұлы 1970 жылдың маусым айының 9 жұлдызында Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Көптоғай селосында дүниеге келеді. Әкесі Жұмағалиев Мәтжан Жұмағалиұлы 1936 жылы дүниеге келген. Еңбек жолына ерте араласқан. Ол кісі жастайынан оқуға құштар болды. Мал шаруашылығы саласына келгенге дейін жүргізуші болған. Кез келген адаммен тез тіл табысып кететін, елгезек, өз ісіне мығым, пысықтығымен, аздаған орысшасымен, еңбекқорлығымен өз ортасында сыйлы кісі болған. 1986 жылы балалары ер жеткен соң, отбасымен ақылдасып, мал шаруашылығы саласына бет бұрады.      Малшылықты ата кәсіп санаған әкесі Мәтжан сол кездегі Құрманов атындағы совхоздың белді шопандарының біріне айналады. Шопанның тынымсыз еңбегі ескеріліп, 1986 жылдың 15 қарашасында совхоз директоры К.Сариев, совхоз партия комитетінің секретары Т.Дүсіпов, кәсіподақ комитетінің председателі С.Қалиев, комсомол комитетінің секретары А.Избасаров бастаған Құрманов атындағы совхоз дирекциясы, партия комитеті, кәсіподақ және комсомол комитеті агроөнеркәсіп қызметкерлері мерекесі қарсаңында 1986 жылдың социалистік міндеттемелерін орындауда жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін Құрмет грамотасымен марапаттаған. 1987 жылы мал шаруашылығы селекциясы бойынша ОПНО-ның бас директоры Х.Сағындықов пен кәсіподақ комитетінің төрағасы К.Ағысбаев Жоғары өндірістік көрсеткіштері және ауыл шаруашылығы және азық-түлік қызметкерлері күніне орай ауылшаруашылығы жүйесіндегі ізгі ниетті еңбегі үшін Құрмет грамотасымен, 1990 жылы Ақтөбе облыстық ауылшаруашылық комитетінің төрағасы А.Ш.Майтеков пен облыстық ауылшаруашылық жұмысшылар одағының төрағасы В.В.Макаренко облыс шопандары арасында өткен социалистік жарыста жоғары нәтижеге қол жеткізгені үшін Мақтау қағазымен марапаттаған. 1991 жылы 10 маусымда Қазақстан Компартиясы Ойыл аудандық комитеті бюросының, халық депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитетінің, ауылшаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитеті президиумының және Қазақстан ЛКСМ аудандық комитеті бюросының қаулысымен қарауындағы 800 саулықтан 1000 қозы немесе әр жүз саулықтан 125 қозы алғаны үшін «Аудан чемпионы» атағы берілген. 1994 жылы қазан айында Республика күні мерекесіне байланысты және үлгілі еңбек табыстары үшін аудан әкімі Қозы-Көрпеш Аманбаев Құрмет грамотасымен марапатталып, 1995 жылы төл алудан ауданда ІІ орын алған үшін, әр жүз саулықтан 127 қозы алуды қамтемесіз еткені үшін аудан әкімі Қ.К.Аманбаев, аудандық мәслихат хатшысы А.Атағалиев, аудандық кәсіподақ комитеті төрағасы Т.Төлебаевтың ІІ дәрежелі Дипломымен марапатталған.      Ал Самғат Мәтжанұлының анасы Жұмағалиева Кербез Сапарғалиқызы ерте еңбекке араласып, колхоз-совхоз жұмыстарын жасаған. 1957 жылы Ақтөбе қаласында әншілік өнерімен жастар байқауына қатысып, лауреат атанып, І дәрежелі медальмен, көптеген мақтау қағаздарымен марапатталған, 9 бала өсірген «Алтын алқа» иегері. «Құрманов» совхозының қойын қырқып, ел өмірін өркендетудегі ұзақ жылғы қажырлы еңбегі үшін 2020 жылы Ойыл ауданы әкімі А.Қазыбаев «Үздік қырықтықшы» төс белгісімен және бағалай сыйлықпен марапатталды.
      Бөрік киген шыңы бұлтпен таласқан, бөктері жасыл желек жамылған табиғаты сұлу өлкеде бақытты балалығын өткізген Жұмағалиев Самғат кішкентайынан алғыр, ширақ болып өсті. Бала тәрбиесінде ата-әже тәлімі ерекше болатыны секілді, өмір көрген, көкірегі ақыл-дастанға толы нағашы атасы мен әжесінің тәрбиесінде болды. Күн нұрына шомылған күнбағыс тек сапалы өнім беретіні секілді, өмірі өнегелі ата-әженің тәрбиесін көріп, ойын баласы кезінен-ақ есті болып өсті.       Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Құрман орта мектебінің бірінші сыныбының табалдырығын аттаған жас білім әлемінің қайнаған өміріне еркін араласып кетті. Үлкеннің айтқанын екі етпейтін тілалғыш бала мектеп қабырғасында жүріп те өзінің ширақтығымен, алғырлығымен, ісінің тиянақтылығымен ұстаздарының көзіне түсіп, мақтауға ие болды. Самғат Мәтжанұлы мектепті бітірген соң ата-анасының жанына еріп, мал шаруашылығына араласып кетеді.       Ауылшаруашылығына қатысты мамандықтардың ол уақытта айдарына жел есіп тұрған кезі еді. Мықты деген, талантты деген асыл азаматтар да осы бір ауылшаруашылығына қатысты істерде сыналып, ел алғысын алып, халықтың мақтанышына айналып жатса, өз ісін дөңгелетіп алып кеткендер әлеуметтік жарыстарда топ жарып жатыр еді. Сондықтан, жаңадан өсіп келе жатқан жастардың да «Осындай болсам» деген арманы бойынан бүршік атып, білімде де осы мақсатта топ жарып, бір саланың білікті маманына айналу болып жататын.       Әкесі Жұмағалиев Мәтжан, анасы Жұмағалиева Кербез 1986 жылы «Құрманов» совхозының 1 отар қойын қабылдап алады. Отбасы мүшелері өз жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Әкесі Мәтжан отбасылық бригада мүшелерінің арасында тапсырмаларды реттеп, атқаратын жұмыстарын міндеттейді. Сондай-ақ қоздау нәтижесін есепке алып, сақманшылармен қамтамасыз етіп, қажет болған жағдайда қозыларды қосымша азықтандыруды ұйымдастырып, уақытында мал дәрігерлік қызметкерлерге қаратып отырған. Барлық жұмысы қолмен атқарылатын, техникасы жоқтың қасы, электр жарығы тапшы заманда осыншама малды шығынсыз қыстан аман алып шығып, мол төл алу үлкен еңбекті, төзімділікті қажет ететіні сөзсіз. Қыстың аязы, жаздың ыстығында мал соңында жүру еріккеннің ермегі емес. Самғат Мәтжанұлы 1990 жылдан Құрманов атындағы совхоздың, кейін «Көптоғай» ЖШС-нің шопаны қызметін атқарады. 1991 жылы бағымындағы әр 100 саулықтан 125-тен қозы алады. 1992 жылы қасына інісі Қажымұратты көмекші шопандыққа алып, мал басын көбейтуде өз үлестерін қосып, қажырлы еңбектің арқасында «Көптоғай» ЖШС-нің маңдайалды шопандарының біріне айналады. Еңбектері еленіп, отбасымен бірнеше мәрте «Көптоғай» ЖШС-нің бағалы сыйлықтарын иеленді.
      2013 жылы інісі Қажымұратпен ақылдасып, «Мәтжан» шаруа қожалығын құрады. Ата-бабаларымыз төрт түліктің тұяғында береке жатқанын ерте кезден-ақ білген. Сондықтан, тұрмыс-тіршілігін де, салт-дәстүрін де өмірінің тірегі етіп байланыстырған. Оны біз естіп те, көріп те жүрміз. Баға білсең бағыңмен қоса бағаңды асыратын, еңбектене білсең ертеңгі күніңді жарық ететін мал шаруашылығы қазақтан іргесін аулақ салған емес.       Бұл кездер мақатанатын жылдар емес, бірақ та мұндай сындарлы шақ ердің азаматтығын, елге қызметі мен адалдығын сынайтын кез еді. Әке тәлімі әлі күнге бойын жылытып, ана мейірімі мен өнегесі жанына жарық беріп тұрған шақта Самғат Мәтжанұлының басын төмен түсіріп, тізесін бүгіп, өзіне сенген жұмысшылардың өтінішіне теріс қарау жат қылық еді. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілгелі тұрған сол бір шақтарында да азаматтығынан айнымай, дария тасыса да тобығымен су кешер сабырлылығын серік етіп, сонау жылдары да өзі басқарған көшті жүдеу-жұдаусыз алып шықты. Міне, ерлік. Міне, елдің сенімін ақтағаны. Міне, жауырыны жабысса да ел алдындағы жауапкершілік жүгін көтере білген азаматтық.
      Бір-біріне арқа сүйеп бастаған қос ағайынды бүгінгі таңда әке кәсібін жалғастырып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ірге ажыратпастан төрт түліктің басын көбейтіп, бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. 
      10 жылдан аса шаруашылықтың көшін ілгері жүргізіп, асыл тұқымды қой шаруашылығын, ел экономикасын дамытуда Самғат Мәтжанұлы басшылық ететін «Мәтжан» шаруа қожалығы көптеген марапаттарға ие болды. 
      Атап айтар болсақ: 
      2000 жылдың қорытындысы бойынша жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін Ақтөбе облысының әкімі А.Мусиннің Алғыс хаты;
      2001 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалі;
      «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы» мерекесі қарсаңында биік көрсеткішке жетудегі қажырлы еңбегі үшін Ақтөбе облысының әкімі А.Мусиннің Алғыс хаты;
      2003 жылы Адал және мінсіз еңбегі, кәсіптік шеберлігі және жоғарғы өндірістік көрсеткіштері үшін ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінен «Мамандығы бойынша үздік дипломы» Иегері;
      Еліміздің ауылшаруашылығы мен ауылды жаңғырту мен дамыту саласында 100 аналықтан 140 қозы алып, қойған міндеттерді орындауда жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін Ойыл ауданы әкімі Қ.М.Әлімовтың Алғыс хаты;
      2004 жылы Қазақстан Республикасының аграрлық өнеркәсіп кешенін дамытуда қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрі С.Умбетовтің Алғыс хаты;      2009 жылы «Құрмет» ордені;
      2017 жылы еліміздің жарқын болашағы мен ауылымыздың әлеуметтік, экономикалық саласының дамуына қосқан үлесі үшін Көптоғай ауылдық округі әкімі Е.Асылбаевтың Алғыс хаты;
      2019 жылы «Жастар» жылына арналған ауыл спортшыларының жазғы аудандық спартакиадасының Көптоғай ауылдық округінде өтуіне белсенділікпен атсалысқаны үшін Көптоғай ауылдық округі әкімі Е.Асылбаевтың Алғыс хаты;
      2022 жылдың 22 тамызында «Қазақстан Фермерлерінің Қауымдастығы» заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлер қауымдастық нысандағы бірлестігінің «Үздік Фермер» төсбелгісі;
      Сенімге сызат түсіп, өзім деген адамға да сену қиын болып жатқан бүгінгі заманда істеген ісі мен сөйлеген сөзіне риза болып, адалдық пен әділдіктің туын көтеріп, бастаған әр ісі берекелі азаматтардың бірі деп Самғат Мәтжанұлын айта аламыз. Осындай қарапайым да биязы мінезді, білімді де мәдениетті, жүзінен мейірімділік лебі есіп тұратын, парасат-пайымы келіскен, ойы орамды, сөздің емес, істің адамы, кәсіпкерлік саласымен қатар, тәуелсіз қазақ елінің бір өңірінің жарқырап дамуына, өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатқан, қолынан барлығы келетін, бір сөзді азамат.
      Адами болмысы мен кісілік келбетін көпшілікке танытқан Самғат Мәтжанұлы отбасы берекесінің ұйытқысы болған ардақты әке. «Ер – үйдің тірегі, әйел – шегесі» дегендей, кейіпкеріміз сыртқы шаруаны тындырар болса, жұбайы үйішілік тіршілікті тап-тұйнақтай етуге тым шебер ана. Түтінін түзу ұшырып отырған жары Жұмағалиева Зоя Сисенбайқызы екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, өсіріп отыр.       Үлкені Мәтжанов Әлмұрат Самғатұлы 2011 жылы Құрман орта мектебін бітіргеннен кейін Ақтөбе мұнай және газ колледжіне (АКНиГ) оқуға түседі. Қазіргі таңда отбасылық жағдайына байланысты «Мәтжан» шаруа қожалығында жұмыс жасаса, келіні Жансая Ақтөбе кооперативтік колледжінің түлегі, қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы №39 «Достық» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі. Қызы Мәтжан Асылай Самғатқызы орта мектепті бітіргеннен кейін С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетіне «Экология» мамандығы бойынша оқуға түседі. Қазіргі таңда сол университеттің «Экология» кафедрасында аға лаборант болып қызмет істейді. Отбасылы. Жолдасы – Жақсыбаев Азамат, қызы – Раяна. Екінші ұлы Мәтжан Уәлихан Самғатұлы 2022 жылы Құрман орта мектебін бітіргеннен кейін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-технологиялық университетіне оқуға түседі. 1-курс студенті.
      Жоғарыда айтып өткеніміздей, Самғат Мәтжанұлы бұл шаруашылықтың ісін інісі Қажымұрат Мәтжанұлы екеуі бірге жүргізіп отыр. Інісінің де еңбегін ерекшелеп айтып өтуге тұрарлық.       Жұмағалиев Қажымұрат Мәтжанұлы 1975 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. 1992 жылы Құрман орта мектебін бітіргеннен соң отбасы мүшелерімен «Құрманов» совхозының, кейін «Көптоғай» ЖШС-нің қойын бағады. Бүгінгі таңда ағасы Самғатпен «Мәтжан» шаруа қожалығында көмекші шопан қызметін атқарады. Жары Мединаева Гулнар Максотовна Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі таңда Құрман орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Үлкені Мәтжанова Жанна Қажымұратқызы 2019 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Биотехнология» мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан медицина университетінің «Биохимия» кафедрасында қызмет жасайды. Екінші қызы Мәтжанова Әсел Қажымұратқызы 2021 жылы Батыс Қазақстан медицина университетін «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі таңда Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы қызметін атқарады. Ұлы Мәтжан Әлихан Қазіргі таңда Алматы технологиялық университетінде «Инженер-механик» мамандығы бойынша оқиды. Қызы Мәтжан Айзере Қажымұратқызы Құрман орта мектебінің 9 сынып оқушысы болса, кенже қызы Мәтжан Еңлік Қажымұратқызы Құрман орта мектебінде 7 сынып оқушысы. 
      Әр шырақтың жарық шашар өз алаңы, әр таудың өз ұлары болатыны секілді, әр кезеңнің де, әр жердің де құрмет тұтар, айтқан сөзін екі етпейтін, елі сыйлайтын азаматы болады. Ел құрметіне ие болған, қандай жақсы сөзді қосып айтса да аздық ететін осындай ел ағалары барында ауыл көшінің жолы ұзақ, кәсібі берекелі, тұрмысы жоғары, әлеуеті қатарластарынан озық болмақ. Тек өз кәсібін дөңгелетуді ғана ойламай, елдің мұң-мұқтажын тыңдап, қолынан келгенше сәбилерді күлдіруге, ана көңілін демеуге, қарттардың алғысын алуға ұмтылатын, кейінгі ұрпақтың жақсы да сапалы білім алуы үшін еңбек етіп келе жатыр. Тегеуріні темірдей нарықтың тілін түсініп, ел мұқтажын өтеген кәсіпкер қайырымдылық іс-шараларына үзбей қатысып келеді. 
      Батырлардың табан тиген қасиетті топырақтан нәр алып, көрегендігі, кәсіптің болашағын болжай білетіндігі, сауаттылығы мен таным-білімінің арқасында тоқырау жылдары тығырықтан шығудың жолын тауып қана қоймай, келешегі бар берекелі кәсіптің көзін аша білген Самғат Мәтжанұлы сынды арда азаматтарымыздың қатары көп болғай. Анадан туса да аймақтың қамын ойлап, ата баласы емес адамзаттың баласы бола білген, нарықтың тілін ерте түсініп, ел әлеуетін көтере білген, кісілігін кішіпейілділікпен білдіріп, парасат-пайымы мен біліктілігін ел мүддесіне жұмсай білген азаматтарымыз көп жасап, ел алдында аман-есен жүре бергей!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

Вчера, 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
Вчера, 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...
31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....