Жетпісбайұлы Серікбай

Рейтинг:

Тұяғы асыл тұлпарды баптаған кәсіпкер

      Дамыған елдің негізгі тірегі ол – кәсіпкерлік. Еңбек ете білгеннің маңдайы жарық болатыны бесенеден белгілі емес пе, әркім өз әлінше қам жасап, ертеңгі күнге үлкен жоспар құрып, алдына мызғымас мақсат қойғандары кәсібін үлкейтіп, тұрғындарды сапалы өніммен қамтып, ақкөңіл ауылдастарының ақ батасы мен алғысын алып жатты. 
      Міне, сол бір тоқырау жылдардағы есін ерте жиып, кәсіпкерліктің көк дәнін тақымға басқан, көкірегі ашық азаматтарымыздың бірі, Ақтөбе облысы Ойыл ауданының ауылшаруашылығының дамуына өз үлесін қосып, құрмет төріне көтеріле білген табысты кәсіпкер, асыл тұқымды жылқы малын өсіріп, текті тұлпардың тұяғын жалғастырып келе жатқан Серікбай Жетпісбайұлы туралы қалам тербемекпіз.      «Балтас» шаруа қожалығының басшысы Серікбай Жетпісбайұлы 1952 жылдың 11 қыркүйегінде Ақтөбе облысы Ойыл ауданы қазіргі Көптоғай ауылында дүниеге келді. Әкесі Елтоқов Жетпісбай Ұлы Отан соғысының ардагері, ІІ топтағы мүгедек, зейнетке шыққанша жылқышы болып еңбек етсе, анасы Елтоқова Сарқыт үй шаруасымен айналысқан, екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген.
      Дархан даласы түкті кілемдей жайнаған Ойылдың құт дарыған топырағында балалығын өткізіп, ауылдағы Құрманов орта мектебінде білім алған жас мектептен соң Кеңес Әскері сапында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келеді. Әскерден келген соң өзі туған ауылдағы кеңшарда жүргізуші, радио-техник, кейін халық жасақшылары комитетінің жетекшісі болып еңбек етеді. 
      Өткен ғасырдың тоқсанынышы жылдары қазақ еліне Тәуелсіздікпен қатар, кәсіпкерлік те табалдырық аттаған еді. Тоқыраудың қою бұлты торлап тұрғанда ата кәсіптің тізгінін ұстаған азаматтар саусақпен санарлық қана еді. Десек те, арайлы күннің шапағы ауылшаруашылығына шуағын қайта шашты. Қазақылығымыздың қаймағы бұзылмаған өңірде тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз етіп жүрген, кәсіпкерлік сәйгүлігін сұлы беріп баптаған, текті атаның тұяғы болған ардақты азаматтар жоқ емес. Ел игілігіне қызмет етіп келе жатқан, қажырлығы, қайсарлығы, еңбекқорлығының арқасында лайықты істерді атқарып, бір беттік мақалаға емес, бір кітапқа сұранып тұрған тұлғалардың қатарында Серікбай Жетпісбайұлы да болды. 
      Қазақ елі тәуелсіздік алып, жеке кәсіпкерлікке жол ашылған кезде мал шаруашылығын, әсіресе жылқы шаруашылығын өсіруді мақсат етіп, 1995 жылы «Балтас» шаруа қожалығын құрды. Бастапқыда аз-аздан басталған шаруашылық өз жемісін беріп, жылқы саны өсе бастады.
      Алып бәйтерек жалғыз тамырдан, алып ғимарат жалғыз кірпіштен тұрмайтыны секілді, шағын кәсіптің көлемін үлкейтіп, үлкен шаруа қожалығына айналдыра білген Серікбай Жетпісбайұлы күте білсең берекеңді шалықтатын мал шаруашылығын дөңгелетіп келеді. Міне, осындай керегесі келісім-ынтымақпен бекітіліп, шаңырағын шынайы, адал алақанымен көтерген, түндігінен түтіні түзу ұшсын деп тілегі бір болған «Балтас» шаруа қожалығы бүгінгі таңда үлкен шаруашылыққа айналған.       - Жылқыны үйірлеп өсірудің мүмкіндігі мол. Бірақ, соны тиімді пайдалана білу керек. Қора салып, ала жаздай сабылып пішен дайындап жатпай-ақ, жаз жайлауда, қыс тебінде бағылатын жылқы малын өсіремін деген қазаққа тиімді түлік. Табиғи жағдайымызға төзімді етті көшім, жабы, мұғалжар жылқылары дастархан молшылығын ғана жасап қоймайды, халқымыздың саулығына қызмет етеді. Экономикамыздың дамуына да серпін береді. Ол үшін жылқы өнімдерін насиахаттауымыз, жарнамалауымыз керек, өзгелердің осы ұлттық тағамдарымызға деген сұранысын қалыптастыруымыз керек. Яғни, қымыз ашытуды, қазы-қарта дайындауды, ұлттық үрдістерімізді ескере отырып, өндірістік негізде ұйымдастыру қажет, – деген Серікбай Жетпісбайұлы жылқы тұқымын асылдандырып, бәйге аттарын баптап, ауыл-аудан мерейін көтеруге атсалысып келеді. 2003 жылы Байғанин ауданының 75 жылдық мерекесіне арналған ат жарысында, 2007 жылы Тама Есет-батыр Көкіұлының 340 жылдығында «Қазақы» ат жарысында 1-орын алған жүйріктерді өзі сұрыптап, баптап, аламанға салды. Серікбай Жетпісбайұлы еңбегімен еліне де пайдасын тигізіп жүр. 1995-1996 жылдардағы қиындықта мектепті сұйық отынмен жәрдемдесе, 2000 жылы өз қаражатына ауыл клубында самбодан облыстық деңгейдегі жарыс өткізді. Оған облыстың әр жерінен 120 спортшы қатынасып, бақ сынасты.      Ойыл ауданының 80 жылдығы «Көкжар» жәрмеңкесінің мерейтойына байланысты қаржылай, заттай демеушілік жасап, ауданның мәдени және әлеуметтік жағдайын өркендетуге үлес қосып келеді. Облыс халқын етпен қамтамасыз етуге де атсалысады. Облыс орталығындағы коммуналдық «Табыс» базарына әр жылда 20 тоннаға дейін жылқы етін өткізеді.      Қай саланы меңгеріп, қай кәсіптің басын ұстасаң да білікті маман болу ер жігіт үшін, отбасының тірегі үшін міндет. Балалық тұсауы ауылда кесіліп, кіндік қаны тамған өлкенің атын шығарумен қатар, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер, ел мұқтажын мінберге жеткізе білген халық қалаулысы, алтын асықтай ұл-қызын өсіріп, өрісі мен қонысын кеңейткен асқар тау әке, ауылға беделі басым ардақты азамат Серікбай Жетпісбайұлы секілді нар тұлғалы азаматтар барда қазақ елінің, ауылдың шырағы ешқашан өшпек емес. Оған куә ретінде ісімен де, сөзімен де, азаматтық болмысымен де өмірі өнегеге толы кейіпкерімізді айта аламыз.
      Қызметтің қай саласына жіберсе де, қайда жүрсе де, қандай жұмыс атқарса да ол аса дарынды, аса шебер, өзінің ісіне шын берілген, тұрақты өлшемі кең, өрісі жоғары, тәжірибесі бай, шоқтығы биік тұлға ретінде қызмет етті. Оның елімізге бергенінен әлі де берері көп. Ол өз жолын таба білген жан. Жаңа ғасырда жаңа бастама, жаңаша көзқарас, нұрлы жолды ашқан елбасының нұсқауын есіне ала отырып, көп ізденеді, қандай істі болса да «инемен құдық қазғандай» үңіле зерттеп, соны үйрете біледі.      Кәсіпкерлік саласында жүрсе де асыл тұқымды шаруашылығын дамытып, ұлттық дәстүрді дәріптеп келе жатқан, 1999 жылы ҚР Аграрлық Одағының ІІІ съезіне делегат болып қатысқан Серікбай Жетпісбайұлы халықтың алғысымен қатар, көптеген марапаттарға ие болды. 
      Кейіпкеріміздің қол жеткізген жетістігі мен марапаттарын атап айтар болсақ:
      - 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты;
      - 2003 жылы облыстық «Актюбинский вестник» газеті мен республикалық «Ақиқат» журналында, 2004 жылы облыстық «Ақтөбе» газетінде «Өз ісінің шебері» айдарымен іс-тәжірибесі туралы мақалалар жарияланды.
      - 2022 жылы 70 жасқа толу құрметіне орай «Қазақстан Фермерлерінің Қауымдастығы» заңды тұлғалардың және кәсіпкерлер қауымдастық нысандағы бірлестігі ұйымы атынан «Үздік Фермер» төсбелгісімен марапатталды.
      Қазақта жақсы азаматтың жалынды ісін, жарқын тірлігін көргенде, ел-жұрты сүйсініп, шынайы ризашылықпен сегіз қырлы, бір сырлы екен деп баға беріп жатады. Осы бір ауыз сөзден азаматтың кескін-келбеті, болмыс-бітімі, барлық қыр-сыры жан-жақты ашылады. Серікбай Жетпісбайұлы ашық мінезді, ақкөңіл азамат. Қай іске де бейімділігінің, іскерлігінің, еңбекқорлығының арқасында қай жерде еңбек етсе де абыройлы болған азамат. Өз ортасында беделі бар азаматты қашанда елі жақсы көреді, сыйлайды, құрметтейді. Еңбегің адал болса, еңбекқор адамды қоғам өсіреді, көпке танытады, беделін арттырады. Оған кейіпкеріміздің өмір баспалдақтары, батыл жүріп өткен жолдары, алқынбай асып өткен асулары айқын дәлел. 
      Бүгінде 700-ге тарта жылқысы бар шаруашылықтың жұмысына бас-көз болып келе жатқан Серікбай Жетпісбайұлының ұзақ жылдар мектепте ұстаздық еткен, бүгінгі таңдағы зейнеткер жары Жетпісбаева Ақзираш Исеғалиқызы екеуі 8 бала тәрбиелеп өсірді. 
      Ұлдары Қази, Дидар және Мәди өз шаруа қожалықтарын құрып еңбек етуде. Бәрі де жоғары білімді азаматтар. Кенже ұлы Бекет келешекте әке жолын жалғастыруды ниет етеді. Бекет ҚР ІІМ-нің Алматы академиясын бітірген. Қыздары да өз мамандықтары бойынша еңбек етуде, отбасылары бар.      Адам баласының алмайтын асуы, бағындырмайтын биігі болмайтынын ескерсек, оған жету мүмкіндіктері өте үлкен. Бүгінде оны уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс дейді. Иә, «Ерінбеген еңбекке дәулет дайын» деп айтқан екен ақын-философ Шәкәрім Құдайбердіұлы. Еңбектің қадірін білген адам өмірден нәсібін тапқан десек, әлбетте, қателігі жоқ. 
      Адам баласы үшін қажымас қайрат пен адал еңбек ету үлкен абырой. Адал еңбек жолы – өмірдің байлығы. Қазір кәсіп ашып, оны дамытқысы келетіндер үшін мол мүмкіндіктер бар. Міне, осындай тапшылық тобықтан қаққан тоқырау жылдары іс бастап, үзілгелі тұрған ата кәсіпті жалғастырып, ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан табысты кәсіпкер Серікбай Жетпісбайұлының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

Вчера, 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
Вчера, 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...
31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....