Оспанов Жұмахан

Рейтинг:

Құрметті профессор

      Ғаламтор дамып, ақпараттың алмасуы желдің жылдамдығынан да тез болып жатқан бүгінде бүкіл адамзат қарыздар мамандық иелерінің қадірі жетім баладай көзі жәутеңдеп есік алдында қалып барады. Бұл білікті мамандақ иелерінің атқарған ерен еңбектері мен істерінің оқырманға тиісті деңгейде жеткізіле бермеуінде. Десек те, салқын сөздің аязы кеуделерін қарып өтсе де, адамдық борышын қаңқу сөздің өтінде қалдырмай, ғұмырлығын жоймайтын мамандықтың шырайын шығарып, ұлы мақсат жолында еңбек етіп, бедел биігіне көтерілген жандар аз емес. Олар өзімдікі демеді, білімі мен қабілетін жас ұрпақтың санасына сіңіре біліп, сол бір жылдары ауыр бейнет көрсе де, елдің қамын бірінші орынға қоя біледі.
      Бүгінгі біздің мақаламызға арқау болып отырған Оспанов Жұмахан Зәукетайұлы да бетегесі биіктей түсетін дархан даланың жазирасындай көңілі кең, ғылымға өзінің жаңалығын ала келген, ауыл шаруашылығын дамытып, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, мәдениет көшін ілгерілетуде көптеген әдістер қолданып, ел экономикасының көшін алға сүйрей білген білікті басшы. Өмірде әрбір адамның бағындырар белесі, шығар шыңы болады. Жұмыр жүректі пенделердің бәрінің саналы ғұмырында бағындырған, табаны тиген биік төбесі болады. Бүгінгі кейіпкеріміз де, өзінің адалдығымен, еңбексүйгіштігімен, көкірек көзінің ояулығымен, парасатымен халықтың да көңілінен шыққан ардақты азамат. «Жүздің түсін білгенше, бірдің атын біл» деген, ауылдың ғана емес, ауданның, облыстың тарихында есімін тасқа жазып қалдырған азаматтың өнегелі өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен қағаз бетіне, түсіргенді жөн көрдік.      Таңның атқанын әндетіп жеткізетін, тауықпен таласа тұрып, қордаланып қалған әлеуметтік мәселелер мен ел мұңын, мұқтаждығын мінберге жеткізіп, түйіні мол істің шешімін табатын азаматтарымыздың бірі, ел мен елдікті, халық пен билікті жалғастырып, тілдестіріп келе жатқан дархан көңіл, пейілі кең, сабырлылығы басым, парасат-пайымдылығы болмысына ерекше кескін беретін, саналы ғұмырын білім саласының дамуына, өркендеуіне арнаған Оспанов Жұмахан Зәукетайұлы ауылдың, ауданның ғана емес аймақтың, ананың ғана емес адамзаттың бағына туған ұл десек артық айтқандығымыз емес.       Көмейінде кемеңгерліктің күбісі пісіп, көкейінде өзі қызмет еткен ауданның білім саласын көгертіп жатқан, уақыт тапшылық етсе де, артқа бір қадам шегінбей өзіне берілген мүмкіндікті ел игілігіне, ілім жолына қолдана білген Оспанов Жұмахан Зәукетайұлы 1940 жылдың 3 сәуірінде Жамбыл облысы, Шу ауданы, Көктебе ауылында (Жамбыл совхозы) дүниеге келді. Кейінге көз салсаң көңіліңді көтеріп, жүрегіңе мақтаныш ұялататан, тарихы тәлім мен тағылымға толы, белден қазсаң табаның алтынға тиетіндей қазыналы өлке, тарихы бай аймақта туып өскен ол бала кезінен білімге құштар болып өсті. Соғыс түтесін шығарған ауылдың жүзі солғын тартқан сонау жылдары мақтана айтарлық балалығы болмаса да, еңбек майданына ерте араласқан азамат 1947-1957 жылдары ауыл төріндегі білім ордасында білім алды.       Еңбек адамды ерте есейтеді. Жұпыны тірліктің қара бұлты аспанын торлаған ауылда балалығын өткізіп, бейнетті жылдарды қайта келмесін деп тілейтін ол 1960 жылы оныншы сыныпты жұмысшы жастардың кешкі орта мектебінде бітірген соң, 1957-1958 жылдары алғашқы еңбек жолын қатардағы жұмысшыдан бастайды. Өзінің ұмтылысы мен қиындықтан қорықпай алға жетелейтін қабілетінің арқасында 1959 жылы Алматы мал дәрігерлік зоотехникалық институтына оқуға түсті. Ел тізгіндеген басшылыр, сала саңлақтары, талай қырандарды қанаттандырып, талай тұлпарларды тағалаған айтулы білім ордасында өзінің біліктілігін арттырумен қатар білім ордасының ішінде өткізілген іс-шараларға белсене қатысты.       1964 жылы оқу орнының жолдамасымен Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Никитенко совхозында зоотехник болып орналасады. Одан әрі бөлім меңгерушісі міндеттерін атқарып, 1967 жылы кіндік қаны тамған туған жерге қайта оралып, Жамбыл атындағы совхозда зоотехник, ферма меңгерушісі, бас зоотехник болып еңбек жолы жалғасын табады. 
      1981-1983 жылдары Жаңақоғам ауылдық кеңесінің төрағасы, 1983-1995 жылдары Чкалов атындағы совхоз директоры қызметін атқарады. Директорлық та желіп жүріп істейтін жұмыс емес, үлкен жауапкершілікті, өзіне міндеттелген жүкті көтеру тұр. Бірақ Жұмахан Зәукетайұлы үшін бұл қызмет анау айтқандай ауырлық етпеді. Бала кезден бойында бұлқынған ептілігі, қолына алған істі ұршықша айналдырып алып кететін бейімділігі, үнемі алға жетелеп жүретін өзіне деген сенімділігі, қандай күрделі іске салса да табандылықпен, сабырлылықпен, шыдамдылықпен жеңіп шыққан парасаттылығы мен бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын ерекше қасиеті бұл қызметте де беделін өсіре түсті. 
      Директорлық еткен жылдары Чкалов атындағы совхоздың әлеуметтік экономикалық жағдайы өте жоғары дамып, астық пен қант қызылшасынан мол өнім алынып, Шу ауданы бойынша бірнеше мәрте Социалистік жарыстан жеңімпаз атанып, аудандық көрсеткіш тақтасында атақ-абыройы асқақтап тұрды.       Сөзіміздің дәлелі болу үшін кейіпкеріміздің өз қолымен жазылған жазбасына кезек берсек:
      «-Мен Чкалов атындағы совхозды басқарған жылдардың алғашында шаруашылықтың өткеніне көз жүгіртіп сабақ алып, келешек дамуға, өсуге, өркендеуге қалай жететін жолдарына ақыл-қиял, ой-саналарымды, өмірден көрген-білгенімді тұжырымдап, тереңірек үңіліп, «судай сіңіп, тастай бату» үшін мамандарды, еңбеккерлерді байыптап-бағымдап жұмылдырып, талапкер мамандар мен жұмысшылардың жақсылығына дем беріп, марапаттап, шабыттандырып, әрқайсысының өз ісіне деген белсенділігін, жауапкершілігін арттыруға мақсат қойып, әр саланы күнделікті бақылауға алып, оның ішіндегі маңызды, келешегі келелі істерге өте зор көңіл бөліп, іс-әрекет жасалғанның нәтижесінде көп істер тындырылды». 
      Ғалымдармен бірлесе жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде және агротехникалық шаралардың өз мәнінде, уақытысында жасалғандықтан-ақ егістен «Багарная - 56» «Элита» тұқымы себіліп, жоғары өнім алынып, мал шаруашылығының материалдық жағдайы мен жем-шөп базасы қалыптастырылып, мал тұқымдарының селекция жұмысы жолға қойылды.       Жұмысшылардың айлығы әр адамның тікелей қосқан үлесіне, еңбек өнімділігінің артуына байланысты есептеудің салдарынан жұмысшылардың еңбекке құлшынысы артып, әр іс тиімді жасалып, еңбегінің нәтижелігі мен өнімділігі жоғарылап, бұрынғыдан әрқайсысы едәуір көп айлық алатын жағдайға жетті. Совхозда масақты егіс шаруашылығынан, әр малдан алынатын өнімнен (сүттен, салмақтан, төлден) және кейінгі кезде бетон каналдың оң жағына мотормен су шығарып жаңа жерлерді игеру арқылы себілген қант қызылшасынан жоғары өнім алына бастады. 
      1991 жылдан бастап солтүстікке «Қиыр шығыс Хабаровскіге» совхоз жұмысшыларын қыстың күні ағаш дайындауға жұмылдырып құрылысқа керекті ағаш дайындалды. Соңынан Солтүстіктегі ағаш дайындайтын мекемелермен тікелей қарым-қатынас жасап, оларға бидай-арпа жіберіп, жылына 10-12 вагон ағаш алып отырдық. Сонымен қатар цемент, шифер, әртүрлі трубалар, трактор-машиналардың дөңгелектерінің резиналарын, маторларын, қосалқы бөлшектерін, шпагаттарды (шөп байлайтын жіп) тікелей шығатын фабрика-зауыттармен Минск, Калуга, Хабаровск, Свердловск, Ақтау, Қарағанды, Семей қалаларымен қарым-қатынас жасап, солардан біз совхозға жоғарыда айтылған заттарды вагон-вагонымен алатын жағдайға жеттік. Тұрғын үй, мектеп, клуб, мешіт, малшылардың үйлері мен қоралары, бригадалардың жатақханасы мен асханасы салынып, оның үстіне совхоз жұмысшыларының үйлерін кеңейтіп жөндеу, жұмыстарын құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіліп, тұрғындардың тұрмыс жағдайы едәуір көтерілді. 
      Совхоздағы осы жоғарыда айтылған іс-шаралардан кейін ауылшаруашылық өнімдерінің көрсеткіші жоғарылағанының әсерінен қатардағы сауынша Байдахметова Ырыскүл Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып аудан атынан сайланды.       Менің ерекше көңіл бөлген салам ауыл тұрғындарының мәденеиеті, әлеуметтік тұрмыс жағдайы болды. 1984 жылдан бастап басқа жақтан машина жалдап, төрт көшенің астына топырақ төгіп көтертіп, тегістетіп, үстіне құм төсеп, жол жөнделді. 1986 жылдан бастап орталықтағы клубтың алдындағы көшенің жанына латок қойылып, адамдар жүретін тратуарлар жасалып, қозғалысты екі жағдайға жеткізіп, үлкен трассадан клубқа дейін көшеге асфальт төселіп, көрікті, сымбатты, мәдениетті жағдайға жеткізілді. Әр жылдары ауылдың батысындағы көшеден бастап, көшенің екі шетіне латок қойып, тал отырғызылып, тәртіпке келтірілді. Ауылдың шығыс жағындағы суармалы жердегі су жүретін латоктарды жалғап трубалар қойып, үлкен жолдың астынан өткізіп, ауылдың ішіндегі арықтарға су жүретін лоток салып, ауылдың күн батысындағы көшеге дейін су жеткіздік. Сонымен қатар, ауылдың шығыс жағына су жүретін лоток қойылып, ауылдың төменгі жағындағы тұрғындарға су жеткізу шаралары жүргізілді. 
      Клубтың іші-сыртын күрделі жөндеп, жоспарлы түрде іс-шаралар жүргізіліп, жастарды адамгершілікке, ізгілікке, мәдениетке, өнерге баулу-бағыттау қолға алынды. 1988 жылы ауданда ең бірінші болып ұлтымыздың жаңа жылы 22 Наурызды кең көлемде қазақ халқының ұлттық өнеге, әдет-ғұрып, дәстүр-салтын, жөн-жобаларды көрсетіп мәдениетімізді паш еттік. Ұлттық рух, бабалардың аманатын жалғастыру мақсатында әр ұжым, бригада бөлек-бөлек киіз үй тігіп, бір-бірімен жарыс, өнер көрсетіп, шығармашылық ой-өрісінің көкжиегін дамытуға арналған «Жаңа жылды» қарсы алу шаралары өткізілді. 
      Қорыта айтқанда, күн демей, түн демей, тынымсыз қажырлы еңбектің арқасында тұрғындар мен еңбеккерлерді мәнді іске жұмылдырудың әсерінен совхозда шаруашылықтың өндірістік құрылымы жоғары деңгейде қалыптасып, өте күшті материалдық-техникалық база жасалып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жоғарылады, - дейді Жұмахан Зәукетайұлы сол бір жылдардағы атқарғын қызметі жайлы.
      Тасқа салса да жүзі қайтпайтын алдаспандай, қай салаға салса да шаруасын дөңгелетіп, қиындықпен бетпе-бет келсе да қажымаған, қайта жігерленіп, қайсарлана түскен, зейнеткерлікке шықса да қол қусырып қарап отырмай ауданның қоғамдық өміріне араласып келе жатырған Жұмахан Зәукетайұлы қызмет еткен жылдары аянбай еңбек етіп, уақыттың уысында үгітілмей Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі дәуірінің қоғамдық және саяси экономикасының ілгерілуіне атсалысты.      Ел бірлігін ойлап, тарихта таңбасы қалған ұлылардың есімін қайта жаңғыртып, кейінгі ұрпақ алдында тәрбиелік мәні бар игі істерді жүзеге асыра білген кейіпкеріміз 1996-1997 жылдары Шу ауданы Экология және биоресурс бөлімінің бастығы, 1997-2000 жылдары «Кемер» өндірістік кооперативінің төрағасы (бүгінде Д.А.Қонаевтың есімімен аталатын ауыл) қызметтерін атқарып, 2000 жылдан бері кәсіпкерлікке бет бұрып, «Нұр - 2000» ЖШС жұмысын жүргізіп келеді. 
      Атам қазақ: «Ақылды басшың болса, елдің алды боларсың» деген. Елдің-жердің, қала берді ұйым-мекеменің өніп-өркендеуі білікті де білгір басшыға байланысты. «Көреген басшы елді өсірер» демекші, нағыз басшы өткенді саралап-сараптап, бүгінгіге бас болып, болашақты болжайды. Қиындықтарға төтеп беріп, алға қарай қадамын нық басады. Қазіргі бәсекелестігі басым заманда қай салаға болмасын қолынан іс келетін, жаңашыл, ізденімпаз, жаңа ұсыныстар тастап, жол бастаудан тайсалмайтын тәуекелшіл басшылар қажет-ақ еді. Талантты адам қай істе де қабілетті. Қоғамнан тыс қалмай, әрдайым елмен бірге жүрегі соққан Жұмахан Зәукетайұлы тоқырау жылдары елдің түскен еңсесін көтеру мақсатында жұмыстар жүргізді. Басшылық белді қызмет болғанымен, тапшылық тобықтан қаққан заманда, сенімге селкеу түскен кезеңде мұндай ауыр шоқпарды белге байлау нағыз ер азаматтың қолынан келетін іс еді.      Ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласуының арқасында бірнеше мәрте аудандық Кеңестің депутаты, аудандық мәслихаттың депутаты болған Жұмахан Зәукетайұлы мемлекеттің ауылшаруашылығы қолдауының арқасында егін шаруашылығымен қатар, «Сыбаға» бағдарламасының шапағытымен 10-15 адамды жұмыспен қамтып, мал шаруашылығының да тасын өрге домалатып отыр.      
      Топырағына дейін таныс туған жердің экономикасын алға сүйреп, тұрғындардың тіршілік арбасын ілгері тартқан Жұмахан Зәукетайұлы қолда барды бағалай білді. Бір жағадан бас, бір жеңінен қол шығарып, бір қазаннан ас ішкен тұрғындардың ұйқыдағы санасын серпілтіп, нарық талаптарын меңгеруге шақырды. Аудан экономикасының негізгі тірегі болған шаруашылықтарды, ата кәсіпті қайта қолға алып, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарға дем беріп, балықшының қолына қармақ, егіншінің қолына кетпен, малшының қолына ноқта ұстауға сеп болды. Осылайша, кейіншектеген ауыл тіршілігіне жан бітіріп, әр жерде кәсіпкерліктің бастау алуына, өзге де жекелеген мамандықтардың қайта жанданып, сауда саласының да бір ізге түсуіне қолынан келгенін жасады. 
      Міне, осылайша тоқырау ұйыққа тартып батып бара жатқан Шу ауданының тамырына қан жүгіртіп, берекелі өмірдің есігін айқара ашты. 
      Өмір жолында еңбексүйгіштік, қоғамдық белсенділікпен ерекшеленіп, нағыз азаматтық қасиеттерге ие ірі тұлға ретінде аудан халқының игілігіне бөленіп, қызметтің ең қызықты да қиын салаларын атқарып отырған абыройлы, ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуы мен жағымды жаңалықтарын жеткізуге, мәдени-рухани кеңістігін кеңейтуге қосқан үлесі мен еңбектері өлшеусіз Жұмахан Зәукетайұлы еңбек еткен жылдары түрлі жетістіктерге қол жеткізіп, түрлі марапаттарға ие болды. 
      Атап айтар болсақ:
      «В.И.Лениннің 100 жылдығы» мерекелік медалі;
      2012 жылы «Шу ауданының Құрметті азаматы» атағы;
      «Еңбек даңқы» І дәрежелі Белгісі;
      2017 жылы «Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымына 30 жыл» мерекелік медалі;      2018 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі;
      2019 жылы «Саттар Естемесовтың 100 жылдығы» мерейтойлық медалі;
      2020 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалі;
      «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалі;      2021 жылы Қазақстан Республикасы «ауылшаруашылығы Ардагерлер Кеңесі» қоғамдық бірлестігінің «Құрметті Ардагер» төсбелгісі;
      2022 жылы Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Құрметті Профессор» атағы;
      Халықаралық Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қорының «Д.А.Қонаевтың 110 жылдығына» орай «Мерей» ордені;    
      2023 жылы «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық байқауының аудандық кезеңінің Жеңімпазы;
      Облыстық, аудандық партия комитеті мен бүгінгі Жамбыл облысы және Шу ауданы әкімдерінің Мақтау қағаздары, Алғыс хаттары және Құрмет Грамоталарымен бірнеше мәрте марапатталады.
      Әріптестерінің ортасында мықты маман болды. Кім-кімді де ұятқа қалдырмауға тырысты. Өзін аға тұтатындарға қорған бола білді. Әлсіздерге демеу көрсетті. Қай мәселеде болмасын істі насырға шаптырмады. Оның бойындағы тағы бір қасиет алға қойған мақсатына, көздеген межесіне жетпей тынбайтын. Жолда кездесетін түрлі қиындықтарды алдын ала болжап, оның алдын алуға ұмтылатын. Бастысы Жұмахан Зәукетайұлы өз халқының қадірін жете түсінді, ал елі оның қадірін білді, құрмет тұтты. Иә, қай жерде де, қандай қызметте де оның есімі ізетпен аталып, жақсы лебіздермен айтылды. Қанша жауапты қызметтер атқарып, қарамағындағыларға ешқашан дөрекілік көрсетіп, өктем сөйлемеген. Қайта оларға ақылшы, қамқоршы болып жүрді. Ешқашан астамшылық пиғыл танытпады. 
      Талай жақсы-жайсаңдармен араласа жүріп, өзі солардан тәжірибе жинақтағанын мақтанышпен айтып отыратын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп ол ылғи да сол жандардың көрегендігін, қызметтегі тазалығы мен әділдігін, шындық жолын берік ұстанған үлкен қабілет иелері екенін айтып, олар жайлы ылғи да жағымды пікірде болатын. Жұмахан Зәукетайұлы өзінің жолында кездескен қиындықтарды ешкімге айтып бұлданбайтын. Ол осынысымен көпке үлгі бола білді.      Балалығын еңбекке, жастығын ел қызметіне, азаматтығын халыққа, ақсақалдығын кейінгі ұрпақ тәрбиесіне арнаған Жұмахан Зәукетайұлы өнегеге толы өмірі келер ұрпаққа үлгі. Құм көшіп, теңіз тартылса да, уақыт добы шыр айналса да артына өшпейтін із, өлмейтін сөз, игі істерін сабақ етіп қалдыра білген халық қалаулысы, аудан айбары, адамзаттың ақтаңгер ұлы туралы әлі талай мақалалар жазылып, азаматтық болмысы туралы кинолар түсіріліп, ақсақалдық келбеті суретшілердің қаламынан өнер туындысы болып туындайтыны анық. 
      Осындай өмір іздеріндегі еңбектері лайықты бағаланып, әр жылдарда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Құрмет лебіздерін иеленген, өтпелі кезеңдерде мемлекеттік тіл саясатында табан да батыл істерді атқарып, іскерлік таныта білген Жұмахан Зәукетайұлы туралы газеттерде жазылып, ақындар әнін арнады. «Шу өңірі» газетінде Жақан Қожағұлтегінің «Сапа – табыстың қайнар көзі» атты мақаласы жарияланса, «Есімі елге елеулі» айдарымен жазылған Қазақстан журналистер Одағының мүшесі Ахметжан Қосақовтың «Қамқорлықпен қарайласқан мұқтажға» мақаласы оның беделін тағы да бір шыңға көтере білді.
      Мақаламыздың соңын мақала кейіпкеріне арналған, өткір тілді ақын, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Қазақстан журналистер Одағының мүшесі Ахметжан Қосақовтың жазып қалдырған, жүрегінен сыр болып сырғып түскен мына бір үзінді өлең шумақтарымен жалғастырсақ:
      ...Сергек жүріп, жеттің бүгін сексенге, 
      Жемістердің қандай дәнді сепсең де.
      Бар бақытты таба біліп еңбекпен, 
      Көтерілді ел алдында еңсең де. 

      Қамқорлықпен қарайластың мұқтажға, 
      Мұның өзі үлкен көмек ұққанға.
      Жомарттықпен жүзің жарқын болған соң,
      Ұқсап тұрсың биік шыңға шыққанға. 

      Тұлпарлардың тұяғысың, тектісің,
      Ел жағдайын жасауға да ептісің.
      Абыройың арта берсін Жұмеке,
      Мұның бәрі Сізге құрмет деп түсін. 

      Бүгінгі болған іс-әрекеттер мен жасалған еңбектер ертеңгі күні тарихтың парақтарында қатталып, игі істер мен оларды жүзеге асырған тұлғалар перзент есінде сақталып, жатталып қалады. Саналы ғұмырын ауылшаруашылық саласына арнап, басшылық қызметте парасаттылық пен сабырлықты айнымас серігі етіп, тәлімнің үздік үлгісін көрсетіп, білім саласында даңғыл жол сала білген Оспанов Жұмахан Зәукетайұлының аласармайтын адамдық болмысы, қанатты тұлпардың қауырсынынан нәр алып, шәкірт тәрбиесіндегі ел үшін атқарған еңбектері, жасаған игі істері мен есімі ел жүрегінде алтын әріптермен жазылып қалары хақ.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

Вчера, 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
Вчера, 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...
31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....