Қапшырбайұлы Әділжан

Рейтинг:

Еңбекпен есейген жылдар...

      Табиғаттың құдіреттілігі сол, бауырынан талай-талай хас дарындарды түлеткен ғой шіркін. «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деп Г.Потанин айтқандай, әуелден қазақтың қасиетті жері-қалың баурайы әнге шомылып тұрған мекен. Бұл мекеннен шыққан таланттардың шоғыры аз емесі мәлім. 
      «Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады, таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады. Таза мінсіз асыл тас су толқытса шығады, таза мінсіз асыл сөз шер толқытса шығады» деп айтқан Асан қайғының асыл жыры, шығармашыл адамның жан-дүниесін төрт жолмен суреттеп бергендей. Ат үстінде домбыра-қобызын ала жүріп жаумен алысқан батыр бабамыздың буырқанған текті қаны ұрпағының бойынан да ағуы шартты заңдылық. Осындай аңыз бен абызға, күй мен күмбірге, ән мен әуезге толы даланың қасиетін бойына дарытқан, кісілік пен кішіпейілділікті, адамдық арды жоғары қойып, азаматтық жасауды өзінің міндеті етіп қойған, кәсібін дөңгелете жүріп, жүрегі елмен бірге соғып, тілегі де ел амандығы болған абзал азаматтарымыз баршылық.      Ақылдылық, білімділік, саналылық, еңбекқорлық, талапшылдық, ынсапшылдық адам баласының бойындағы бұл қасиеттер адамгершіліктің ең биік сатысы болып саналмақ. Терең, өрелі ой қозғап, санаға салмақ салатын әдемі әңгімесімен кейінгі ұрпаққа үлгі болатын аға ұрпақтың өнегелі жолы қашанда керек-ақ. Қазақтың нағыз айбынды азаматтарымен еліміз бірге жасап, өсіп-өркендеп келеді. Ананың ақ сүтімен дарыған кие, атаның қанымен сіңген қасиет адамның өмір жолында өсуге ықпал етері сөзсіз ғой. Міне, сондай еңбегімен еңселі, еліне ардақты азаматтың бірі «Нұрақыл» шаруа қожалығының ісін алдыға жүргізіп келе жатқан Әділжан Қапшырбайұлы жайында қалам тербемекпіз.      «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп қара сөздің нарқын түсінген аталарымыз айтпақшы, бабын таба білсең, мерейіңді өсіріп, берекеңді өсіретін қой шаруашылығын өмірінің тірегі етіп келе жатқан Әділжан Қапшырбайұлы 1963 жылдың 15 қазанында Қытай Халық Республикасы, Боратала Мұңғыл облысының, Шоңжыңпан өңірінде дүниеге келді. 
      Әкесі Қапшырбай Оспанұлы ауыл аймағына сыйлы, еңбекқор, қандай шаруа болмасын бейімді, байсалды, ақылға бай, жан-жағына қамқор, адал азамат, балаларына үлгілі әке болса, анасы Тұрғанбайқызы Айша қарапайым мінезімен көптің көңілін таба білетін, балаларына жақсы тәлім-тәрбие бере білген, ағайын-туысына сыйлы, көпті көрген ибалы да иман жүзді жан болатын. Заманның сол бір қиын шақтарында өмір сүрсе де, перзенттерінің бойына адами асыл қасиеттерді сіңіріп, тағылымға толы тәлім-тәрбиесімен баули білген. Әкесі Қапшырбай Оспанұлы көзі ашық, көкірегі ояу, елдің беделді азаматтарының бірі болған. 
      1985 жылы Семей қаласында Пуш-Мех Техникумын бітіріп, Талдықорған қаласында мәдениет саласында еңбек етеді. Одан кейінгі жылдары Талдықорғанның Текелі қаласының сауда-саттық орталығында (Текелинский ГорКопТорг) дайындаушы (заготовитель) бола жүріп, қаланың ішінде 11 дүкенді азық-түлікпен қамтиды. Осылайша ауылшаруашылығына қатысты салада еңбек етіп, тәжірибе жинақтайды.       Әділжан Қапшырбайұлы 2005 жылдан бастап Қытай–Қазақстан бірлескен кәсіпорнында Атасу-Алашанқу құбырын жүргізеді. Құбыр жүргізуде Балқаш қаласының маңындағы №9 станцияны салады. Ол жерде жұмыс жасаған 200-дей жұмысшыға басшылық етумен қатар, аудармашы болып жұмыс жасайды. Ел экономикасының дамуына ерекше әсер ететін Құбыр құрылысын бекітілген стандарттарға сай жүргізуде ол жердегі жұмысшылардың еңбек ақысын уақытылы алуына жұмыс жасап, көмегін тигізеді.
      2007 жылдан бастап Алматы облысы, Қарсай ауданы, Үшқоңыр ауылында тұрып келе жатқан Әділжан Қапшырбайұлы жары, шаңырағының беркесін кіргізіп отырған Кәкімжанқызы Тұрангүл екеуі үш перзент тәрбиелеп, өсіріп отыр. Балалары ауылдағы Қарсай батыр атындағы мектепте білім алып келеді. Ол мектеп – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев оқыған, оқушылық өмірінің куәсі болған мектебі. 2009 жылы дүниеге келген үлкен қызы Аяна Әділжанқызы, 2010 жылғы ұлы Әділжанұлы Ақылбек мектептің озат оқушылары. 2015 жылғы кенже қызы Аянұр Әділжанқызы елбасы оқыған мектепте білім алып жатыр.      Ауылшаруашылығы саласына, кәсіпкерлікке бет бұрып, 2018 жылы қой өсіру бағытындағы «Нұрақыл» шаруа қожалығын құрып, бүгінгі таңда осы асыл тұқымды қой өсіру шаруашылықтың көшін ілгері сүйреп келген Әділжан Қапшырбайұлының марапаттарына кезек берсек:
      -2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа Қазақстан:Жаңару мен жаңғыру жолы" атты Қазақстан халқына Жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген "Тәуелсіз Қазақстанның қаһарманы" атты республикалық байқауынан I дәрежелі       Диплом;
      -2023 жылы ҚР "Bilim orkenieti" ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығында Қазақстан қоғамына қосқан айрықша еңбегі үшін "Тәуелсіз Қазақстанның қаһарманы" атты байқауының төсбелгісі;
      -2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа Қазақстан:Жаңару мен жаңғыру жолы" атты Қазақстан халқына Жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген "Қазақстан Республикасының құрметті азаматы" атты республикалық байқауынан I дәрежелі Дипломмен марапатталған. 
      Әділжан Қапшырбайұлы – өз замандастарының ішіндегі беделдісі, көшбасшысы және ұйымдастырушылық қабілетімен де дара азаматтардың бірі. Білімі мен біліктілігін айтпағанның өзінде оның адамгершілік қасиеті, парасат-пайымы, ой-өрісі кең, әрбір бастамасына қырық пішіп, бір кесетін жан.       Бүгінде шаруашылықта қой малдары асылдандырылуда. Жұмыс орындары да арта түсуде. Мал басы көбейген сайын, жұмыс қолы да толыға түсуде. Тынымсыз табанды еңбектің арқасында әріптестері арасында беделі өсіп, абыройы артты.
      Ата-бабамыз ежелден мал бағып, соның несібесіне кенелген. Шопан ата түлігін өсіру – ешқашан сұраныстан шықпайтын, құнсызданбайтын, әрдайым өнім беріп тұратын кәсіп. Қазақта сонау заманнан мал өсіруде, өнімін пайдалануда тәжірибе жетерлік. Яғни, «түгін тартсаң май шығатын» құйқалы жеріміздің шұрайлылығына, кеңдігіне, табиғи-климаттық ерекшелігіне, керек болса, әр өңірдің жер ыңғайына, табиғатына бейімделген қой тұқымы мен түрі ұзақ уақыт табиғи-халықтық сұрыптау, эволюциялық даму негізінде қалыптасқан. Сондықтан, бүгінде мәселе оның төзімділік, бейімділік қасиетін төмендетпей, өнімділік көрсеткішін арттыруда болып отыр. Әлемдегі қой шаруашылығы тәжірибесіне сүйенсек, қой бағу, ет өнімін өндіру – нарықтық экономикада тиімді және келешегі мол бағыттың бірі. Біз бұл мал түрінің табиғи ерекшелігіне сай мүмкіндігін толық, тиімді пайдаланып келеміз. Жүн – жұрқаланып, тері – тулаққа айналмай, шағын шаруашылық іріленіп, ауылдың ахуалы мен әлеуеті артатыны анық, - дейді Әділжан Қапшырбайұлы. Міне, ол сондай игі істі дәстүрге айналдырған. Шаруашылықтан қолы қалт еткенде жан-жағымен кеңесіп, ақылдасып, ауыл-аймағының жайын білмекке отырады. Жыл сайын жағдайы төмен отбасыларына материалдық көмек көрсетіп, әрі сол жасаған қайырымдылығы үшін алғыс алып келеді. Жарияға жар салмаса да жомар жүректі жанның бұл ісін көпшілік жақсы біледі.      Біз де, шағын кәсібін үлкейтіп, ел экономикасының дамуына өз үлесін қосып келе жатқан, туған жері үшін қолынан келген көмекті көрсетіп, елдің әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында қызмет етіп келе жатқан, «Қазақстанның Халық Қаһарманы» орденімен марапатталған Әділжан Қапшырбайұлына зор денсаулық, отбасына бақыт, кәсібіне береке тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

Вчера, 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
Вчера, 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...
31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....