Берекелі кәсіп иесі
![]()
Кәсіпкерлігі дамыған елдің экономикасы да ілгері жылжып, халықтың өмір сүру деңгейі жоғарылай бермек. Міне, осындай, өзінің кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, Қазақстан деп аталатын алып ғимараттың берік қаланған бір кірпішіндей болып, кәсіпкерлігін жүргізу арқылы экономиканың дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан азаматтарымыздың бірі Хасанов Мұрат Хамзаұлы.
Адамның он екі мүшесінің өзіндік атқаратын қызметі бар секілді, кәсіпкерліктің де ел дамуындағы үлесі айтарлықтай. Осы кәсіпкерліктің мал шаруашылығы, мейрамхана бизнесін дөңгелетіп келе жатқан табысты Мұрат Хамзаұлы 1965 жылдың 20 желтоқсанында Батыс Қазақстан облысы, Фурманов ауданы, Красный-партизан совхозында дүниеге келді.
Қыста жауған қалың қары мен көктемі түкті кілемдей түрленген, табиғаттың ерекше болмыстарынан құралған сұлу өлкеде балалығын өткізген Мұрат Хамзаұлы, ертеңгі күнге нұрлы жол болар білім ордасының табалдырығын 1973 жылы Фурманов ауданы, Красный-партизан жалпы білім беретін мектебінің табалдырығын аттады. Кейіпкеріміз әрдайым жақсы істерді бастауға дайын тұратын, сыныпішілік, мектепішілік өткізілген білім сайыстары мен сынып намысы сынға түскен спорттық-мәдени шаралардың бел ортасында жүретін. Досқа адал, қолындағы барын жолдасымен бөлісетін, үлкенді құрметтей білетін оқушы Мұрат Хамзаұлы қашанда қатарластарының алдыңғы сапында жүрді. Мектепті бітіріп, жастық жалынмен ауыл шаруашылық саласындағы кәсіпті меңгерді. Совхоз және өзге де ұжымдарда жұмыс жасады. Ауыл мен совхоздың өміріне белсене араласты. 1986-1988 жылдары Кеңес әскері сапында Отан алдындағы борышын өтегеннен кейін құрылыс бригадасының бригадирі болып жұмысқа орналасты.
Кішкентайынан алғыр, қағілез, қолы тиген істі шыр айналдырып алып кететін, оның үстіне әскерден шыныққан болаттай болып келген Мұрат Хамзаұлы құрылыс
![]()
саласында еңбек етумен қатар, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледжін «Есеп және аудит» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Тоқырау жылдарының қиыншылық кезеңдері кейіпкеріміз Мұрат Хамзаұлының да шаңырағын айналып өткен жоқ. Бір қазаннан ас ішіп, бірігіп ұйымдаса тіршілік кешкен совхоз тарап, ел әрі-сәрі күйге түсіп жатқанда бұл ауылдағы үйлердің қарасы да сиреп бара жатты. Қорасында ұсақ малдары бар, үлкендер жағы ауылда қалып, перзентінің болашағына алаңдағандар балаларын қала асырып жатқанда, Мұрат Хамзаұлының да бір шешім қабылдауына тура келді. Осылайша, ауылда өсіп, мал шаруашылығының жайын түсінген жас, осы бір төрт түлікті өсіруді қайтадан қолға алып, сол кездегі ат төбеліндей ғана іс бастаған азаматтардың сапында Мұрат Хамзаұлы да болып, інісі Хасанов Самат екеуі 1999 жылы Казталов ауданы, Ақпәтер ауылында «Қамқор» шаруа қожалығын құрды. Әрине, тоқыраудың желі саябырсып, ел енді ғана бас көтеріп, нарықты енді түсіне бастаған кездері бұл кәсіптің де дөңгелегі оңай айналып кетті деуге болмайды. Қараусыз қалған ауылдың, бойын тіктеуге үкіметтен қаржылай көмек көрсетіліп, ісін жаңа бастаған
![]()
кәсіпкерлерге түрлі бағдарлама қарастырылып та жатты. Мұрат Хамзаұлы інісі Самат екеуі қараусыз қалған Тақырсуат қыстағына барып, сол жерге малшыларға арнап үй тұрғызып, қоралар салды. Алғашында 20 шақты ірі қара мал, 20 қой, 15 жылқымен бастаған шаруашылық, ынта мен жігер, еңбек пен табандылықтың арқасында кейінгі жылдары қанатын кең жайып, үлкен шаруашылыққа айналды. Уақыт өте келе кәсібінің де берекесі кірген ағайынды кәсіпкерлердің кішісі Самат Хамзаұлы «Ерқожа» деп аталатын өзі жеке шаруа қожалығын құрып, бөлек шықты.
Сол кездері Казталов ауданы әкімінің шешімімен берілген 516,9 га жер бүгінгі таңда 25 079 га жерге кеңейді. Оның ішінде 1995 га жер шабындық болса, 23 084 га жайылым. Соңғы жылдары шаруашылықтың ұлғаюына байланысты аудандық әкімдіктен қосымша жер алып, иесіз қалған қыстақтардың орнына үй мен мал қораларын салып, электр жарығын жүргізіп, газ кіргізді. Қоссартан №1, Қоссартан №2, Ақмамық қыстақтары, қыстақ дегені болмас бұл жерде малшыларға барлық жағдайлар жасалған.
Мал басын асылдандыру мақсатында Мұрат Хамзаұлы 2013 жылдан «Куш
![]()
ум» асыл тұқымды етті жылқысын алып өсіруде. Қазіргі уақытта шаруашылықта 479 бас жылқы бар (оның ішінде 317 бас аналық).
Басында мал басын көбейтумен айналысқан Мұрат Хамзаұлы шаруашылық ауқымын кеңейтіп, 2014 жылы 16 маусымда Ақпәтер ауылы әкімінің шешімімен 4 га жер алып, 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңын салды. Бүгінгі таңды бұл алаңды кейіпкеріміздің ұлы «Барыс» шаруа қожалығын құрған Ерназар Мұратұлы басқарып отыр. 2015 жылы «Казталов» несие серіктестігінен үлкен көлемде несие алып, оған Атырау облысынан 1000 бас асыл тұқымды «Еділбай» қойын алды. Қазіргі уақытта 2000 бас қой бар. Сол жылы көршілес Ресей мемлекетінен 53 бас асыл тұқымды «Герефорд» қашарын алып, қазіргі уақытта асыл тұқымды 571 бас «Герефорд» малы бар (оның ішінде 339 аналық).
Сонымен бірге шаруашылықта 50 бас түйе малы бар (оның ішінде аналығы 35 бас). Жыл санап қай төлдің де басы өсіп келеді. Шаруашылықты игеруге «Қамқор» шаруа қожалығында техникалар жеткілікті. 8 трактор, шөп шабатын құрал, рулондайтын, тасымалдайтын техникалық жабдықтар бар. Сонымен қатар 2016 жылы Ақпәтер ауылынан 300 орындық «Қожа« тойханасын салып, мейрамхана бүгінгі таңда жергілікті тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілген.
Ауыл шаруашылығының дамуына өзіндік үлесін қосып, ата кәсіптің бойына қан жүгіртіп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен, сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған Мұрат Хамзаұлы түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды.
Атап айтар болсақ:
2013 жылы Батыс Қазақстан облысының экономикасы мен мәдениетін дамытуға, өңірдің мал шаруашылығын асылдандырып, қарқынды дамуына қосқан зор үлесі үшін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Б.Мәкеннің Алғыс хаты;
2016 жылы Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет Грамотасы;
2017 жылы – Казталов ауданының ауыл шаруашылығы саласының үздігі болып «Үздік асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын шаруашылық» аталымы бойынша Жеңімпаз атанды;
2018 жылы Мемлекетаралық сарапшылық кеңес Президиумының ұсынысы бойынша «Агроөнеркәсіптік кешен» аталымының І дәрежелі дипломы;
2018 жылы «Лучшие люди» халықаралық энциклопедиясының «Құрмет» төсбелгісі;
2020 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі;
2022 жылы Батыс Қазақстан облысының әкімі Н.Төреғалиев пен Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Б.Қонысбаеваның Құрмет Грамотасымен марапатталды.
Кейіпкеріміздің әкесі Хасанов Хамза 1926 жылы дүниеге келген. Жұлдыз совхозының тумасы. Ұлы Отан соғысына қатысып, майдангерлер қатарында 1944-1950 жылдары аралығында болған ол елге келген соң совхозда трактор жүргізушісі, аға шопан болып ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен.
Хасанов Хамза алдыңғы қатарлы шопан ретінде, аудандық, облыстық газет беттерінен суреті түспей, еңбегі жиі жазылған. Бейнеті мол мал шаруашылығының ыстығына күйіп, суығына тоңған қиыншылықтарын жеңе білген еңбек ері әр 100 саулықтан, 125-130-дан қозы алып, совхоздың атақты малшысы болғанын көзін көрген ауыл адамдары әлі күнге мақтанышпен айтады. 1986 жылы зейнеткерлікке шыққанына қарамастан шаруашылықтан қол үзбеген еңбек адамы 2012 жылы дүние салады.
Мұрат Хамзаұлының анасы Хасанова Шәрипа Жұлдызқызы 1932 жылы дүниеге келген, өте қарапайым, мінезі ашық, ортасына сыйлы адам болған. Жарымен бірге ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, совхоздың сиырларын сауып, өнімін совхозға тапсырып отырған. Мал бағуға араласып, талай боранды, аязды күндері мал басын аман сақтап қалу үшін, жолдасының қасынан табыла білген. Азаматының абыройын жоғары етумен қатар өзінің де ақылы мен даналығын мол дастарханы, жылы лебізімен көрсете білген. Жары Хасанов Хамза екеуі екі ұл, жеті қызды дүниеге әкеліп, тәрбие беріп, құтты орындарына қондырған киелі шаңырақтың берекесін кіргізген абзал жандар. Соғыстан кейінгі жылдардағы қиын кезеңдерді бастан кешіп, көзімен көрген адамдар.
Кәсіпкерлік саласында жүріп, басшылық қызметте де болып, бір әулеттің ұрпағын жалғастырып келе жатқан Мұрат Хамзаұлы табысты кәсіпкер ғана емес, отбасында арқа сүйер азамат, асқар тау әке.
«Жетістікке жеткен әрбір ер азаматтың артында жары тұрады» деген даналық сөз бар. «Жолдасының ақ жағалы» болуы үшін қам жасап, шаңырақтың ішін береке, ырыс пен шаттыққа толтырып келе жатқан өмірлік жолдасы Айтқалиева Жұмабике Ұзақбайқызы да текті әулеттің қызы.
1966 жылдың 21 қаңтарында Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданы, Саралжын ауылдық кеңесінде дүниеге келген Жұмабике Ұзақбайқызы 1973 жылы Орда ауданы, Бөрлі ауылындағы орта мектептің табалдырығын аттайды. 1983 жылы Темир Масин совхозындағы Мадина Бегалиева атындағы орта мектепті бітіріп, Орал ауыл шаруашылық механикаландыру техникумын «Бухгалтерлік есеп» бөлімі бойынша аяқтады. Алғашқы еңбек жолын Темир Масин совхозында «Бухгалтер» болудан бастайды.
Одан кейін 1987 жылы Қазақтың Еңбек Қызыл ту орденді ауыл шаруашылық институтын «Ауыл шаруашылығы экономикасы және ұйымдастыру» мамандығы бойынша бітіріп шығып, Темир Масин совхозына келіп, экономист болып жұмысқа орналасады. 2000 жылдан бастап жарымен бірге жеке кәсіпкерлікпен айналысып, бүгінгі таңда «Елнұр» дүкені мен «Қожа» мейрамханасының кәсібін жүргізіп отыр.
Мұрат Хамзаұлы отанасы екеуі 4 ұл өсіріп тәрбиелеген. Солардан балдан да тәтті немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
Кейіпкеріміздің тұңғышы Хамзин Аңсар 2000 жылы Ақпәтер ауылындағы орта мектепті бітірген соң, 2012 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің жанындағы колледжінің «Құқықтану» мамандығын, университеттің «Заң» факультетін сәтті тәмамдайды. 2018 жылы Қазақстан Инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінен «Құқықтану» саласының магистрі академиялық дәрежесін алады. Сонымен қатар, 2014-2015 жылдары «Ақжайық» спорт клубының «Дзюдо» құрамасы сапында өнер көрсетіп, 2014 жылы дзюдодан Қазақстан Республикасының Спорт шебері атанды.
Жеңістері де жоқ емес, атап айтар болсақ: 2015 жылы дзюдодан Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрінің кубогі үшін болған жарыстың, студенттер арасында Универсиаданың жеңімпазы. 2016-2020 жылдары «Қожа» жеке кәсіпкерлігінің жұмысын қолға алса, 2020-2022 жылдары Бөкей Ордасы ауданы прокуратурасының прокуроры, 2022-2023 жылдары Орал қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры қызметін абыроймен атқарған. Қызмет барысындағы адал жасаған еңбегі, жұмыс барысындағы тиянақтылығы мен жауапкершілігінің арқасында Батыс Қазақстан облысы прокурорының Алғыс хатымен бірнеше мәрте марапатталды.
1994 жылдың 4 қыркүйегінде Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Ақпәтер ауылында дүниеге келген екінші перзенті Хамзин Ерназар Мұратұлы ауылдағы мектепті бітірген соң, 2010-2014 жылдары аралығында Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінде «Ветеринарлық фельдшер» мамандығы бойынша білім алады. Одан әрі білімін жоғарылату мақсатында 2017 жылы «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін аяқтайды.
2019 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінен «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша «Ауыл шаруашылығы магистрі» дәрежесін алған Ерназар Мұратұлы оқумен қатар, кәсіби спортпен де айналысып, 2014 жылы дзюдо күресінен «Спорт шебері» атағына ие болды.
Білімде де, спортта да түрлі жетістіктерге жетіп, биіктерді бағындырған Ерназар Мұратұлы 2014 жылы «Барыс» шаруа қожалығын ашып, 2020 жылдан 1000 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңына басшылық етіп келеді.
Ақпәтер жалпы білім беретін мектебінде қамқоршылық кеңестік мүшесі ретінде білім ордасына Lеd экранды тарту етіп, оқушылардың игілігіне пайдалануға берді.
Қайырымдылық шараларына белсене қатысып отыратын Ерназар Мұратұлы адал еңбегінің арқасында жергілікті әкімдік пен ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан түрлі марапаттарға ие болды.
Еңбегі еңселі азаматтың жетістіктерін тарқатып айтсақ:
2014 жылы Батыс Қазақстан облысының Дене шынықтыру және Спорт басқармасының «Үміт артар спортшысы» аталымының иегері;
2014 жылы Дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының Чемпионы;
2015 жылы Әскерилер арасында өткізілген дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының Чемпионы;
2017 жылы Зеленов ауданы әкімінің Алғыс хаты;
2017 жылы «Қазақстан барысы» облыстық іріктеу кезеңінде «Батыс Қазақстан барысы» титулының жеңімпазы;
2017 жылы Казталов ауданының «Үздік спортшысы» атағы;
2018 жылы Казталов ауданы әкімінің Алғыс хаты;
2017-2019 жылдары «Қазақстан барысы» аудандық іріктеу кезеңінде «Казталов ауданы Барысы» жеңімпазы;
2021 жылы Батыс Қазақстан облыстық жергілікті ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің Алғыс хаты;
2023 жылдан бастап Казталов аудандық мәслихатының депутаты.
Жары Садықова Айда Бекзатқызы Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылының тумасы. Мектеп табалдырығын Тайпақ ауылындағы бастауыш мектепте аттап, білімін одан әрі Орал қаласындағы №30 орта мектебінде жалғастырып, 2012 жылы Орал қаласындағы «Спортқа дарынды балаларға арналған спорт мектебінде» аяқтайды. 2012-2016 жылдары Махамбет Өтемісұлы атындағы университетін «Дене шынықтыру және Спорт» мамандығы бойынша тәмамдап шыққан Айда Бекзатқызы Ақпәтер ауылында «қыз балаларды жаттықтырушы» қызметін атқарады. Самбо күресінен спорт шебері, 2013 жылы Азия Чемпионатының қола жүлдегері, 2014 жылы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Қазақстан Чемпионанатының жеңімпазы Айда Бекзатқызы екі қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған бақытты ана.
Үшінші перзенті Хамзин Елнұр Ақпәтер ауылындағы орта мектепті бітірген соң, Алматы экономикалық колледжінің «Есеп және аудит» мамандығы бойынша оқып, бітірген соң, білімін одан әрі жалғастырып 2022 жылы Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы Қазақстан Инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетін аяқтайды. Дзюдо күресінен ҚР Чемпионатының қола жүлдегері, Халықаралық турнирлердің жеңімпазы Хамзин Елнұр бүгінгі таңда «Адал» шаруа қожалығының ісін қолға қойған кәсіпкер. 2017 жылы Хамзина Әсем Алтынбекқызымен шаңырақ көтеріп, 2 қыз тәрбиелеп отыр.
Әсем Алтынбекқызы – Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш қаласының тумасы. Алматы қаласындағы №142 орта мектебін бітірген соң, Алматы экономикалық колледжінен «Аспазшы» мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі уақытта анасы Жұмабике Ұзақбайқызының жанында көмекші.
Кенжесі 2006 жылы дүниеге келген Айдос Мұратұлы Ақпәтер ауылындағы мектептің 11 сынып оқушысы. Дзюдо, самбо, қазақша күрестен аудандық, облыстық, турнирлердің жеңімпазы.
Шағын кәсібін үлкейтіп ел экономикасының дамуына өз үлесін қосып, туған жеріне адал қызмет етіп келе жатқан Мұрат Хамзаұлына зор денсаулық, отбасына бақыт, кәсібіне береке тілейміз!