Әке ізін жалғаған...
![]()
Бір саланың тізгінін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, абыроймен жалғастырып келе жатқан әулеттер еліміздің қай түкпірінде болмасын жетерлік. Ондай әулеттер көпшілік ел арасында сыйлы да құрметті болады. Ата-баба салған жолмен дәстүрді бұзбай, күні бүгінгі ұрпаққа дейін алып жүрудің өзі мәртебе болып саналатындықтан, ондай жандар жайлы қалам тербеп, көпге үлгі ретінде айтып отыру да ләзім. Рас, қай саланың болмасын маңызы зор, адамзат өмірі үшін аса қажетті. Тіршілікте өздерінің саласын шексіз сүйіп ғана қоймай, оны жалғастыратын балаларының бойына оның мағыздылығын ұғындыра білу де көрегенділікті байқатады. Өскелең жас үшін ата-ана салған жол үлгі. Олардың күнделікті тіршілігінен тамыр тартып, өздерін тәрбиелей бастайды. Сондықтан да қазақта «Тәрбие басы отбасынан бастау алады» деген әдемі тәмсіл бар. Отбасынан басталатын тәрбие - бала өмірінің айнасы, болашаққа нық бағыты болып қаланбақ. Бұл ретте біз әңгіме еткелі отырған ата кәсіптің тізгінін қолынан түсірмеген әулеттің қатарында Қожамбердин әулеті болмақ.
«Бақытбек» шаруа қожалығының басшысы Қожамбердин Дәурен Дулатұлы – текті атаның тұяғы, асылдың сынығы. «Әке көрген оқ жонатындығын» дәлелдеп жүрген азамат. Өйткені әкесі Дулат Қожамбердин өңірге ғана емес, бүтін елге танымал азамат. Кезінде
![]()
бес жүз биеден 460 құлын алып, көш бастағанын қалың ел әлі де ұмыта қойған жоқ. Оның тікелей араласуымен «Маупас» жабы айғыры, табиғи сұрыптау нәтижесінде алынған «Мескер» айғырының республикалық, КСРО көрмесінде чемпион аталғаны мәлім. Ауыл шаруашылығы, асыл тұқымды төл шығарудағы еңбегі еленіп, «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған Дулат Қожамбердиннің совхоздың білікті басшысы атанғаны жұрттың есінде. Ал кейіпкеріміздің анасы Рымкеш Мананбайқызы 12 құрсақ көтеріп, 8 баламен «Батыр Ана» атанған Алтын алқа иегері. Бүгінгі таңда сол атадан қалған игі істі, мұраны баласы Дәурен Дулатұлы жалғастырып келеді. Жастайынан әке қасында жүріп, жылқы малының қыр-сырына қанық болып өскен ол әке қолының табы қалған қамшыны қолына алып, әке үмітін жалғап, әке арманын жүзеге асырып келеді. Міне, қатарына бірнеше жылдан бері шаруашылықтың тізгінін берік ұстап, шашау шығармай, жұрт сүйсіне қарайтындай дәрежеге көтеріп келеді. Шөбін тартсаң кені менмұндалап жатқан құтты мекенде кәсібі дөңгелетіп, тұяқты жануардың қарасын көйбейтіп отырған Дәурен Дулатұлы 1979 жылдың 8 қарашасында Қарағанды облысы, Шет ауданы, Қызылтау ауылында дүниеге келді.
Бала күнінен әке ақылына құлақ түріп, анасының айналайынын естіп өскен бала мектепке асығып баратын. Оқу-білімге құштарлығымен, алғыр да ұстамдылығымен, жан-жақты қабілеттілігімен мектептің мақтанышы атанды. Оқу үздігі түрлі жарыстарда алдына жан салмайтын. Мектеп оқып жүріп те қонышты етігінен қамшысы түспейтін әкесінің көмекшісі, қолқанаты бола білген жас мектепті бітірген соң, Қарағанды политехникалық институтында оқиды. Бірақ, ауыл деп аңсары ауып тұрған Дәурен Дулатұлы әке қасында болуды таңдады. Төрт түлік – баға білгенге бақ болып қонатын, берекелі кәсіп. Қызарып батқан күннің қалай шығатыны белгісіз, ертеңі болжауға келмейтін, әр істің артында тәуекел тұрған сол жылдары, қадамын «биссмилламен» бастаған кейіпкеріміз шағын шаруашылықты үлкен қожалыққа айналдырды. Қай саланың да өз қиындығы болатыны секілді, іздегенін таптырмайтын сол жылдары бір қожалықтың ісін сүйреп, өзіне артылған сенім үдесінен шыға білді. Жалпы Қожамбердин әулетінің жылқы өсіріп, баптау тарихы өткен ғасырдың елуінші жылдары басталды. Содан бері жетпіс жылдың жүзінде жылқы малының барлық қадір-қасиетін ұғынып, баптаудың барлық тәсілін меңгерген. Білгені мен көргені әкеден балаға мұра етіп қалдыра отырып, міне, бүгінгі таңға
![]()
да жетті.
Шаруашылықтың ісін жолға қойып, жылдан жылға қанатын кең жайдырып аясын кеңейтіп келе жатқан Дәурен Дулатұлы мал басының көбеюіне, мал шығынын болдырмауға ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Осылайша, Республикаға танымал «Мұғалжар» асыл тұқымды жылқысымен атағы шыққан Бақытбек шаруа қожалығының етті, сүтті жылқының бұл тұқымын келіп, арнайылап, алып кетушілер аз емес. Алматының ғылыми-зерттеу институтымен тығыз байланыс орнатқан «Бақытбек» шаруа қожалығы белгіленген мерзімде зерттеу институтының мамандарының шаруашылыққа келіп, арнайы зерттеулерін жүргізуге қолайлы жағдай жасайды. Сол зерттеулердің бірі шаруашылықтағы асыл тұқымды «Мұғалжар» жылқысы.
"Мұғалжар" тұқымы етті бағытында болғандықтан оның айғырының нормативтік салмағы 540-600кг аралығында болады. Жалпы Дәурен Дулатұлы өсіріп отырған «Мұғалжар» жылқысы зерттеу институтының барлық параметрлеріне сайма-сай. Кейінгі уақытта шаруашылықтың тұқым алып, селекцияға баса ден қойғаны атап өту қажет. Жылқы өсіруде әзірге мемлекеттен қолдау алып көрмеген шаруашылық өз күшімен құйрық-жалы төгілген үйір-үйір жылқыны баптап отыр. Қазақ жылқының санын айтпайтын халық, осы бір тәмсілдің аясында Дәурен Дулатұлы басшылық ететін «Бақытбек» шаруа қожалығында «Мұғалжар» жылқысының қыр асып кететінін айтуға болады.
Қызылтау ауылындағы «Бақытбек» шаруа қожалығының тарапынын ауылға арналып жасалып жатқан игі істерге жергілікті халық куә. Қан
![]()
дай да ауылдық іс-шаралардан, қайырымдылықтан қалыс қалып көрмеген шаруашылық, өзінің қарамағындағы жұмысшылардың барлығының жағдайын жасап қойған. Ауыл-аймағы да мұны жоққа шығармайды.
«-Бұл еңбектің барлығы әкемдікі. Әкем отырғанда мен ешкімнен мақтау да, марапат та күтпеймін. Қандай құрметке де әкем ғана лайықты!» - деп әке мәртебесін аспандатқан Дәурен Дулатұлы жары Лаура Қожамбердина екеуі алтын асықтай 2 қыз, 3 ұл тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана.
Көп сөзден көрі іске көшкенді жақсы көретін азаматтың ұстанымын көпшілік қолдап отырады. Айтылған сөзіне өте қатты мән береді. Құр уәде бермеуге тырысады. Адамдардың ақысы мен хақысына мән беріп қарайды. Адал еңбектенген жанды көтермелеп, демеп, қолдау көрсетіп отырады. Бұл оның әкеден алған тәрбиесі мен алдындағы үлкен бауырларынан көрген тәлімі деуге болады.
Әр күніне шүкіршілік етіп, атадан қалған аманатқа адалдық танытқанына тәубе етіп келе жатқан Дәурен Дулатұлының кәсібіне табыс, деніне саулық тілейміз!
![]()
![]()
![]()
![]()