Еңселі ер
![]()
Диірмен тасы ауыр айналған XX ғасыр мал өрісін тарылтып, ірі қарасының мүйізін қақса да Тәуелсіздік алған соң кенжелеп қалған ауыл шаруашылығы саласы қайта жандана бастады. Дала төсінде реформаның ызғары ескенде қурап кеткен жусаны, еркіндік қыраны көкте қалықтаған соң тамырына қайта су жүгіріп, жайылым қайта көктеді. Ата кәсібіміз қайта жанданды. Міне, осындай, тәуелсіздіктің сүрлеуі салып берген жолмен жүріп, ата кәсіптің тізгінін ұстап, бүгінгі таңда жергілікті жұмысшыларды жұмыспен, халықты сапалы өнімдермен қамтамасыз етіп отырған «Ащы-көл» ЖШС директоры Мұқышев Жұмаш Әзімбайұлы туралы тақатып айтпақшымыз.
Бала кезінен ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, қатардағы агрономнан ауылдың әкіміне дейін көтеріліп, бүгінгі таңда кәсіпкерліктің тізгінін ұстап, ата кәсіпті қолына алған Жұмаш Әзімбайұлы 1947 жылдың 4 қарашасында, Ақмола облысы, Қорғалжың ауданы, Майшұқыр елді мекенінде дүниеге келді. Әкесі Мұқышев Әзімбай Ұлы Отан соғысының ардагері, кеудесі орден-медальдарға толы майдангер. Соғыстан оралған соң колхоз-совхозда жүргізуші болып еңбек етеді. Ал анасы Мұқышев Марзия - сауыншы болып еңбек етті. Кейіннен аудандық кеңестің депутаты болып, лауазымды
![]()
қызметтер атқарды.
Білім ордасының табалдырығын Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Шалқар орта мектебінде аттайды. Мектепті бітірген соң сол кездегі дәстүр бойынша ауылдың өміріне, колхоздың тіршілігіне еніп кетеді.
Шынашақтай шымшық та өзінің аядай ғана ұясын шырылдап қорғайды емес пе? «Отан отбасынан басталады» демекші, әрбір ер азамат өзінің ата-бабасынан бері мұрты бұзылмай аман келе жатқан ұлан-ғайыр мекенін көзінің қарашығындай қорғауға міндетті. Отан қорғау азаматтық борышы екенін жақсы білетін Жұмаш Әзімбайұлы әскерге шақырту қағазын алған бойда, бірден аттанып кетеді. Жалынды жастардың көзіндегі жалындаған отты көргенде құдды бір тастүлек қыран ба дерсіз! Ашық аспан астында ел тыныштығын сақтау, қар кешіп, мұз жастанып, ат үстінде ұйықтамай, шекараны күзету олардың өз жүрек қалаулары. Әскердегі темірдей қатал тәртіп, үздіксіз жаттығу, алғы шепке бағыну сынды әдеттегі өмірден өзгеше жағдайларға үйренісу оңай болмағанымен уақыт өте келе жастайынан ауылда өсіп, еңбектің дәмін білетін қайсар жігітке бәрі де оңай болып кетеді. Осылайша, Кеңес әскері сапында Отан алдындағы борышын «Подмосковья» жеріндегі әскери бөлімінде өтеп келеді.
![]()
Достарының қатары ұлғайып, бірақ мерзім уақыты жетіп, қимай қоштасып, қол алысқан Жұмаш Әзімбайұлы 1969 жылы әскерден аман-есен елге оралады.
Әскерден келген соң 1969 жылы «Коммуна» (қазіргі Майшұқыр ауылы) совхозына автокөлік жүргізушісі болып орналасады. Еңбек ете жүріп Целиноград қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы ауыл шаруашылығы институтын «Агроном-организатр» мамандығы бойынша бітіріп, осы салада қызмет етеді. 1981-1997 жылдары кәсіподақ төрағасы, депутат және ауылдық кеңестің төрағасы, артынан ауыл әкімі қызметтерін абыроймен атқарады. 1997 жылы тоқыраудың аяғы саябырсып жатқан кездері үкіметтің «Сыбаға» бағдарламасымен несие алып, жұмысын бастайды. Бүгінгі таңда «Ащы-көл» жеке шаруашылығы серіктестігінің негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы мен егін шаруашылығы. Мұнда бидай, арпа, мал азықтық дақылдар өсіріледі. 2011 жылдан бастап ұсақ және ірі қара мал айналысатын шаруашылық бүгінде өңірде ірі қожалықтардың бірі. «Еңбек бәрін де жеңбек» деген қазақта даналық сөзі бар. Таңның атысы, күннің батысы жыл бойы тынымсыз жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесі көңіл қуантады. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы, қожалықтың жұмысына оң баға беріп, қолдау танытып келеді.
![]()
Сонымен қатар бүгінде үлкен шаңыраққа айналған отбасының айрандай ұйып, жарасып отырғандығы да осы азаматтың адал еңбегінің, біреудің ақысын жемей, керісінше көмектесуге дайын тұратын жомарттығының арқасы шығар деп білеміз. 2017 жылы отау құрғанына 45 жыл толу мерейтойын дүркірете жасаған Жұмаш Әзімбайұлы жары Үміт Алдажарқызы екеуі 5 перзент өсіріп тәрбиелеп, білім беріп, құтты орындарына қондырды.
Алдына кәсіп бастауда кеңес сұрап келген жастарға ол қолынан келген көмегін, айтар ақылынан аянып қалған емес. Өсіп-өніп жатқан сиыр малын асыл тұқымды малмен алмастыра отырып бірер жылда асыл тұқымды ірі қара малын өсіретін шаруашылыққа айналған қожалықтың ұстанған бағыты – ел сұранысын қамтамасыз ету. Қос саланың күбісін пісіп, майын алған беделді кәсіпкер облыс әкімдігінің, Кәсіпкерлер палатасының, облыстық ауыл шаруашылық басқармасының Алғыс хаттарымен және аудан әкімдігінің Құрмет грамотасымен бірнеше мәрте марапатталды. Сонымен қатар, Тәуелсіздік күні қарсаңында мерекелік медалімен, 2016 жылы "Қазақстанның құрметті азаматы" орденімен марапатталды.
Кейіпкеріміз 2020 жылдан бастап "Ащы-көл" ЖШС-ін директоры етіп немересі Жұмашев Мақсат Нұрланұлын тағайындады. Мақсат пен келіншегі Маржан қазіргі таңда осы шаруа қожалығының жұмысын өз жауапкершіліктеріне алып, абыройлы қызмет етуде.
Шаруасының жайын білетін еңбекқор басшы жұмыссыз жандарды өз қатарына қосып, жұмыс беріп отыр. Жерден алған ризығының арқасында отбасының берекетін кіргізіп отыр.
Алдағы уақытта Жұмаш Әзімбайұлы өрге басқан шаруашылығын одан әрі кеңейтіп, дамытуды жоспарлап отыр. «Еңбегімен, ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы» деген ғой.
Бақытын еңбектен тапқан азаматқа денсаулық пен еңбегінің жемісін молынан көрсін деген тілек білдіреміз!