Сұлу жүзді Сұлукүл
Қазақ қызы әрқашанда өзінің керемет сұлулығымен, мінез-құлқымен, парасаттылығымен көрінген. Бүгінгі қыз – ертеңгі ұлт анасы. Ана тәрбиесі – жүректен шығып, іс жүзінде қолданылатын құндылық дейді. Жаның мен тәніңді барынша сергітіп, сұлуландырып жіберетін – тек жақсы тәрбие ғана. Иә, өмір деген толғауы тоқсан, жолы сан сала, кейде оның қыр-сырын саналылар ғана ұғатын жұмыр жұмбақтай көрінетіні бар. Ол – ақиқат. Білімі терең, тұлғасы кесектер сол өмір көшінде өзгеден ерек, ой байламы бөлек көрініп тұрады. Ондай жан алғашқы қадамынан-ақ қарым-қабілетін танытып, өзінің тындырымды тірлігімен төңірегіндегілерден бір төбе болып дараланып, сөзі өтімді, ісі толымды болып тұрады. Асылында, ақылды болу мен жетістікке жету – адам жасын санамаса керек-ті. Қай жаста қандай нәрсеге қол жеткізу бұл – әр адамның ниетінен туындаса керек. Сұлукүл – қазақта орта жаста дейтін жаста да емес. Алайда, жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлық. Ең ғажап жетістігі – оның әйел-ана бақытында! Көпбалалы, толыққанды отбасының отанасы! Қай салада еңбек етсе де, нәтижесін көрсете білген, өзі де тұлға ретінде қалыптасқан, нағыз ер мінезді нәзік қана жан.
![]()
Серікбай Берікқожаұлы мен «Алтын алқа» иегері Гүлнәр Еділбайқызының шаңырағында 1986 жылы дүниеге келген Сұлукүл де анасы секілді көпбалалы «Күміс», «Алтын алқалы» жас-ана. Ол – Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданының Құлан аулының тумасы. Тағдырдың желінен қорғаған асқар тау әкесі Дәлібаев Серікбай Берікқожаұлы – әкесі Берікқожа секілді айтқан сөзін тыңдата алған, басшылық қызметтерде болған жан. Ауылшаруашылығында еңбек етіп, ветеринария саласында, Тұрар Рысқұлов ауданы, Құлан ауылына қарасты, ветеринариялық стансаның директоры болып 15 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ата тәрбиесін көрген, тәлімі мол Серікбай Берікқожаұлы көкірегі ашық, көңілі ояу азаматтардың қатарында болып, депутаттыққа түсіп сайланды. Ел жағдайын білетін, қиыншылықтардан алып шыға алатын, бастаған ісіне жан бітіретін маман қай кезде де керек емес пе?! Басшылық қызметте жүрсе де, өз ісінің білікті маманы бола білген әкесі елдің қалауымен әлі күнге халық қалаулысы атанып келеді. Тұлғалық болмысы қалыптасқан, парасат-пайымы ерекше әкесі – бүгінде Тұрар ауданының депутаты.
Ал, ізгілік пен имандылықты тіршілігінің ұстанымы еткен, жүзіндегі
![]()
мейірім қараған жанға күн нұры болып шашылатын алтын жүректі анасы – Алимбаева Гүлнәр Еділбайқызы – ұстаздық деген ұлы мамандықты игерген, ұрпақ жолында ұлағатқа толы ілім мен білім берген, алтын құрсақты «Батыр Ана». Еңбек жолын физика және математика маманы ретінде Қорағаты орта мектебінде мұғалім болудан бастап, қызметте сатылай өсіп, одан кейінгі жылдары Меркі ауданындағы №44 мектепте, Тұрар Рысқұлов ауданындағы №4 кәсіптік лицейдің директоры лауазымына дейін көтеріліп, бүгінгі таңда Қордай ауданы, Бетқайнар ауылында, Бетқайнар колледжінің директоры қызметін абыроймен атқарып келеді. Өзіне берілген тапсырманы толық орындамайынша тыным таппайтын жауапкершілігі мол анасының бала кездегі осы бір қабілеті, қызметке келген соң да жалғасын тауып, бүгінде білім ордасында өткізілетін іс-шаралар мен қоғамдық семинарлардың ұйытқысы болып келеді. Қандай ортамен де еркін араласып кете беретін ашық, жібек мінезді, біреуге өкпе артуды білмейтін, дария тасыса да тобығымен су кешетін сабырлы, байыптылығы басым анасы Гүлнәр – ауыл арасында ғана емес, аудан, облыс деңгейінде абыройлы, асыл жүректі жан.
Қолына алған іске жан бітіріп, қоғамдық іс-шаралардың ортасында жүретін анасы Гүлнәр – әкесі Серікбай секілді жалқының емес, жалпының қамын ойлаған арда азамат. Қоғамнан теперіш көріп жүрген көпбалалы ата-аналардың қамын ойлап, олардың әлеуметтік жағдайының жақсаруы жолында келелі істер атқарып келе жатқан Сұлукүл Серікбайқызының анасы Гүлнәр – биылғы өткен сайлау додасында бақ сынап, праймеризге қатысып, халықтың қолдауымен Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты атанды. Үлкенге құрметін көрсетіп, кішіге ізеті басым болған ол – қолына алған әр іске байыптылықпен қарап, оның артында адам тағдыры жатқанын түсініп, істі аяғына дейін жеткізетін жан. Өзіне тән салмақтылығы, байыптылығы, қолында барын көмекке мұқтаж жандарға бөліп беретін жомарттығы бойындағы бұлжымаған, тұнығы лайланбаған адамдық қасиеттерінің кіршіксіз екенін дәлелдеп, ана абыройын асқақтатып келеді.
Осындай өнегелі жандардан тәлімді тәрбие алған Сұлукүл 2003 жылы Меркі ауданында Ақкөз Қосанов атындағы орта мектептің 9 сыныбын бітіріп, 2003 жылы «Бақдаулет» гуманитарлық-педагогтік колледжіне «Бастауыш сыныптарды оқыту» факультетіне түсіп, 2006 жылы колледжін бітірген соң, 2010 жылдың алғашқы айынан бастап, Құлан ауылы ГПК «Бақдаулет» колледжіне іс жүргізуші болып қабылданады. 2011 жылдың маусым айынан бастап, «Құлан-Малдәрігер» ШЖҚ КМК-да іс жүргізуші болып жұмыс атқарып, «Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының Т.Рысқұлов ауданының ветеринариялы станциясы» ШЖҚ КМК-да, ал 2020 жылдың мамыр айынан бастап кадр бөліміне ауыстырылып қызмет жасап келеді.
![]()
Сонау ерте замандағы Сақ ханшайымы Тұмардың ерлігі бүгінде аңызға айналды. Ұлы Отан соғысында ерлермен үзеңгілесе ерлік көрсетіп, қан майданда елі үшін жан аямай шайқасқа шыққан Әлия, Мәншүк, Хиуалардай батыр қыздар қаншама?! Одан беріде ел Тәуелсіздігі үшін аянбай, құрығы ұзын кеңестік билікке қарсы шыққан Ләззат, Сәбиралардың ерлігі – бір бөлек. Адам, қоғам өмірі үнемі өзгерістер арқылы дамитыны белгілі. Қандай да өзгерістер – адамның дүниетанымы, қабілеті мен мүмкіндігі, дарыны мен еңбегінің нәтижесі екендігі де хақ. Адамдардың көзқарасы мен дүниетанымы, қоғамдық құндылықтар – заманына қарай өзгеріске ұшырап отыратыны бәрімізге белгілі. Осынау аласапыран дүниеде мәңгілік құндылықтар мен адам өмірін сипаттайтын, әр кезең, дәуірдің тынысын, келбетін айшықтап, ұғымдардың қалыптасып, сақталуы – адам санасымен тікелей байланысты. Адамның адамдық қасиеттерінің айғағы да сондай ең құнды ұғым мен құбылыстарды өткізе отырып, адамдардың еңбек ету қабілетіне екпін береді. Адам өмірі – қай заман, қай дәуірде де тікелей еңбекпен байланысты. Адамзат қоғамының артықшылығы – осы мәңгілік Еңбек процесіндегі атқарар рөлінде.
Қазіргі қоғамда да біздің қыз-келіншектер өз белсенділігінен айнымай келеді. Біз оны өнерден де, саясаттан да, дала еңбегінен де көріп жүрміз. Сұлукүл де осындай еңбексүйгіш жан. «Еңбексүйгіштік – адамның адамдық қасиеттерінің негізгі өлшемі», – деген екен Шыңғыс Айтматов. Елдің еңселі болуы, еңсегей болуы – еңбекте. Ол «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген көне тәмсіл тұғырынан еш тайған емес. Мейлі қарны тоқ, көйлек көп болсын, еңбек ету – ешкімнің жағасын қисайтпайды. Қайта адал еңбек адамды нұрландыра түседі. Сұлукүл – 2011 жылдың наурыз айынан «Аққайнар»шаруа қожалығының басшысы. Әр нәрсеге де ұқыптылықпен, асқан жауапкершілікпен қарайтын ол – өз ісінің нәтижесін көруге тырысатын жан. Өзінің ыждағаттылығы мен темірдей тәртібінің арқасында қазіргі уақытта біршама адамды да жұмыспен қамтып отыр.
2014 жылы аудандық мәслихат хатшысы Б.Шамаевтың Ауылшарушылық қызметкерлер күніне орай «Алғыс Хатымен» марапаталды. 2017 жылы Президент төрағасы А.Дәріновтің Қазақстан фермерлер одағынан «Мақтау Грамотасымен» марапатталды. 2017 жылы Т.Рысқұлов ауданының әкімі А.Қырықбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» «Алғыс Хатымен» марапаттады. 2018 жылы Т.Рысқұлов ауданы әкімінің міндетін атқарушы М.Тлеповтің «Жомарт Жүрек» марапаты, 2019 жылы «Құлан-Дән» несие серіктестігінің басқарма төрағасы Р.Әбдіқадіровтің «Жастар жылына» орай «Алғыс Хатымен» марапатталды.
Заман талабына сай қам жасап, ата кәсіптің жібін жалғастырып отырған Сұлукүл Серікбайқызы шаруа қожалығын бір кісідей - ақ басқарып, ер жігіттің де иығына ауырлық тартар жұмыстың ісін жолға қойған. Бұл шаруашылықта әкесінің де көп көмегі бар. Бірақ, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын ата-анасының қасиеті Сұлукүлдің де бойынан табылып, ауылшаруашылығының дамуына өз үлесін қосып келеді.
![]()
Отбасылық кәсіптің бірі ретінде ауданда халыққа қызмет көрсетіп, сәбилердің шат күлкісіне куә болып отырған 75 балаға арналған «Азиза» балабақшасын айтуға болады. Бұл балақшаның тізгінін қолына алған келіні Юлдашева Әмина – қазақтың «Келін – ененің топырағынан жаралған» деген сөзінің шындыққа жанасатынын көрсетіп жүр. Себепсіз қимыл жасамайтын, жүрегіне иман нұрын ұялатып, әрдайым жүзінен мейірім нұры төгіліп жүретін, сабырлылығы мен сымбаттылығы үйлесім тапқан ол балабақшаның ісін ілгері жүргізіп, бала тәрбиесінде заманауи жабдықтарды қолданып, бала бойындағы қабілетті ашуға, бейіміне қарай икемдеуде. Өнегелі де тәртіпті болып шығуға жұмыс жасап келеді.
Тамырын тереңге жіберген алып бәйтеректей болған әкеміз бен анамыздан тараған 7 перзентпіз. Үлкені – мен. Менен кейінгі сіңілілерім – әрқайсысы жоғарғы оқу орнын бітірген, бүгінде бір-бір кәсіптің білікті мамандары. Ата-анамыздың жақсы тәрбие беруінің арқасында олар да сабақты жақсы оқып, заман талабына сай бірнеше тілді меңгерген сала саңлақтары.
Алты қыздың ішіндегі 1 ұл Әділжан аудандық ішкі істер саласында қызмет жасап, бүгінде қызметте жоғарылап, Алматы қаласының ішкі істер саласына келді.
Мен осындай отбасында дүниеге келіп, тәлім алып, өмірден өз орнымды тапқанымды мақтан етемін. Менің осындай жетістікке жетуіме көп көмегі тиген, әрдайым бастаған ісімді қолдап отыратын отбасының тірегі, өмірдегі жолдасым – Жайдарға айтар алғысым шексіз!» – деп үзік сырын қағаз бетіне түсірген Сұлукүл Серікбайқызының болмысына қызықпаған, «осындай болсам екен» деп армандамаған адам кемде-кем шығар.
«Шаңырақтың мықтылығы – уығында!». Алысты жақындатып отыратын дархан жүректі нәзік жанның шаңырағы кісіден босаған емес. Келген кісіге беретін ас-ауқаты емес, оның көркем мінезі, парасаттылығы, шыдамдылығы, қарапайымдылығымен жағымды. Алыс-жақында жүрген барлық жақындарының тыныс-тіршіліктерінен хабардар болып отыратын Сұлукүл – жас та болса отбасының ғана емес, барша жақындарының тілеуқоры. Өмірлік жолдасы – Ниязкулов Жайдар Талдыбекұлы екеуі 7 бала тәрбиелеп, өсіріп отырған бақытты жандар. Жолдасы Жайдар Талдыбекұлы – Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылындағы Спорт кешенінде нұсқаушы.
Ауыл – ел экономикасының алтын бесігі. Тәуелсіздіктің туын алған жылдардан кейінгі уақыттар ауылшаруашылық өнімдері үшін қиын кезеңдерді басынан өткеруге тура келсе де, жаңа ғасырдың басында иілген еңсесін қайта тіктеді. Оған тіреу болған, өрісі мол мал шаруашылығымен қатар, бала тәрбиесінде ұлт болашағының білімді де тәрбиелі жастардың қолында болуына көмек көрсетіп келе жатқан Сұлукүл Серікбайқызы секілді ауыл көшін өрге сүйреген болмысы биік тұлғалар аман болсын.. Аз ғана жылдар ішінде қолына алған ісін жүргізіп, шаруасын дөңгелетіп, сапалы да құнарлы өнімдерді өндіріп, тұрғындары мен өзге де тұтынушыларды қамтамасыз етіп келе жатқан шағын шаруашылықтардың қатары молынан болуы – егеменді елдің, жарқын болашақтың, экономикалық өсудің кепілі! Өмірден өз орындарын тапқан Сұлукүл мен Жайдар – болашақтың жарқын ұрпақтарын тәрбиелеуде де көпке үлгі.