«Елім» деп соққан жүрек...
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген қазақтың ешбір дау айтуға тұрмайтын тарихи тағылымы бар. Сондай-ақ жақсының ұрпағы еді, асылдың сынығы екен, көненің көзі деп соған лайықты көрген жанды теңеп жатады. Ал нағыз талант туа бітеді. Қанмен сіңіп, тал бесікте ана әлдиін тыңдап өскен жанның қанаттанып, өнер әлемінде жұлдызы жанары сөзсіз. Қазақ танымында аса құдіретті, өте қадірлі «тектілік» дейтін ұғымды Ақтамберді жырау «Елден елді аралап, Тектіден текті саралап, Сынға толса сияғы, Әлбеті шамның шырағы, Мұхиттан сүзіп шығарған, Қымбатты гауһар бағасы...» деп тектіліктің қасиеті туралы толғаған. Сыпыра жырау болса: «Бай баласы байға ұқсар, Байлаулы тұрған тайға ұқсар. Би баласы биге ұқсар, Алты қанат үйге ұқсар. Хан баласы ханға ұқсар, Биік-биік шыңға ұқсар. Құл баласы құлға ұқсар, Мал таптаған гүлге ұқсар» деп тектіліктің түйінін тарқатқан екен.
![]()
Сондықтан да болар тектілік дегеніміз адам бойындағы парасаттылық үлгісі ретінде ұрпақтан ұрпаққа үзілмей беріліп келе жатқан сабақтастық. «Халықтың қалауы – тәңірдің қалауы» деген, міне, жоғарыда айтып өткеніміздей ұлылардың із бастауынан нәр алып, қиын кезеңдерде елдің мүддесін бірінші орынға қойған, ауыл шаруашылығының дамуына өзіндік үлесін қоса білген, өмірі өнеге кестесімен өрнектелген азаматтарымыздың бірі – Ниязғалиев Болат Қаламұлы.
Болат Қаламұлы 1939 жылдың 4 желтоқсанында Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылында колхозшы отбасында дүниеге келді.
Әкесі Ниязғалиев Қалам колхозда жұмысшы қызметін атқарған, еңбек адамы. Тұғыры биік тұлғаларды өмірге әкелген, халықтың қамын ойлаған, марғасқалар туған қасиетті топыраққа табаны тиіп, бақытты балалығын өткізді. Кейінгі жылдары колхозда ферма меңгерушісі, колхоз төрағасы жұмыстарында болып, адал еңбегімен елінің, қатарластарының құрметі мен мейіріміне бөленген арда азаматтардың бірі.
Қалам Ниязғалиев Ұлы Отан соғысына қатысқан, «Даңқ» орденімен және медальдармен марапатталған. 53 жасында дүниеден өткен.
Ал, жүрегіндегі нәзіктік пен адалдық, имандылық пен ибалық ісіне көрініс тауып, жүзінен перзентіне деген мейірім-махаббаты көрініп тұратын анасы Ниязғалиева Моншақ сол кезеңінің талабы бойынша колхоз шаруашылығында, тыл жұмыстарында еңбек етіп, шаңырағының да берекесін кіргізіп, дүниеге алтын асықтай ұл, қыз әкеліп, тәрбиелеп өсіріп, жетілдірген алтын құрсақты, батыр ана.
Кішкентай кезінен-ақ бойындағы ерекше қабілетімен қатарластарының алды болған Болат Қаламұлы жарқын болашаққа қол бұлғап шақырар білім ордасының табалдырығын 1946 жылы Жарсуат ауылындағы орта мектепте аттады. Алғыр, қабілетті оқушы сыныптың, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып, өткізілген мәдени және мерекелік іс-шаралардың бел ортасында жүрді. Жанындағыларды үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілетін мектеп қабырғасында жүріп мойындатқан ол ауыл шаруашылығы мамандарының беделі таудан биік болып тұрған жылдары өзінің болашағын ауыл шаруашылығына сол кездің өзінде-ақ байланыстырып қойған еді.
![]()
Болат Қаламұлы 1956 жылы орта мектепті бітірген соң, өзге де қатарластары секілді, 1956-1959 жылдары ауылдың негізгі тіршілік көзі болып отырған колхоз жұмысында қызмет етеді. Бала кезінен мал шаруашылығына жақындығы бар, өзінің де бір істі шыр айналдырып алып кететін іскерлігі бар ол мал шаруашылығына қатысты мамандықты таңдайды. Осы мақсатта 1959-1964 жылдары Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институында білім алып, «Мал дәрігері» мамандығын алып шығады.
Ауыл шаруашылығы саласындағы өзінің алғашқы еңбек жолын 1964 жылы Индер ауданы, Жамбыл атындағы колхозда мал дәрігері болып бастаған Болат Қаламұлы уақытпен санаспай еңбек ете жүріп, ферма меңгерушісі қызметіне көтеріледі.
Одан арғы қызметінде 1970-1976 жылдары Балықшы аудандық мал дәрігерлік станциясында дәрігер, облыстық және Балықшы аудандық мал өнімдерін сатып алу және оның сапасын тексеру инспекциясында инспектор қызметтерін атқарады.
![]()
Ветеринария саласында еңбек етумен қатар, қоғамдық істерге де белсене араласқан Болат Қаламұлы 1976 жылдың желтоқсан айынан 1978 жылдың қыркүйек айына дейін Балықшы аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, 1978-1987 жылдары Ембі аудандық партия комитетінің пленум мүшесі және халық депутаттар Ембі аудандық кеңесінің депутаты, 1987-1990 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы, 1990-1991 жылдары Ембі аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, екінші хатшысы, 1991-1992 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, 1993 жылы жаңадан құрылған аудандық жер қатынастары және жерге орналастыру мемлекеттік комитеті төрағасы қызметтерін атқарып, 2002 жылы құрметті зейнет демалысына шығады.
Елдің құрметіне ие болған адамға қай жерден ұсынылатын жер төр емес пе, өзінің ісінің адалдығымен, ағалық айтарымен, ақылымен, өнегелі өмірімен, халық қалаулысы болып жүрген жылдары елдің мүддесін бірінші орынға қойып, әлеуметтік жағдайды көтеруімен іргелі істердің бастамашысы бола білген Болат Қаламұлының есімі мен жасап кеткен істері әлі күнге дейін жаңғырып тұр.
![]()
«Елім» деген, ердің, «Ерім»дейтін елі болады» демекші, ауыл шаруашылығы, партиялық қызметте, депутат кезінде жасаған еңбектері басшылық пен жергілікті халық тарапынан өз бағасын алды да.
Атап айтар болсақ:
- «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі;
- «Еңбек ардагері» медалі;
- «Еңбек қызыл Ту» ордені;
- Еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің атқару комитетінің Құрмет Грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды.
Болат Қаламұлы туралы, оның ел игілігі үшін жасаған істері туралы жергілікті газет беттеріне мақалалар шығып, естеліктер айтылды да. Сондай мақалалардың бірі деп, «Атырау» газетінде жарық көрген, Қызылқоға ауданының Құрметті Азаматы Ұлдай Әйтішеваның «Еліне қадірлі болған Азамат» атты мақаласын айтып өтуге болады.
Жақсы жан туралы әңгіме болса, оның еңбектері туралы да естеліктердің шеті ағытылатыны бар емес пе? Осы жерде, сөзіміздің дәлелі болу үшін кейіпкеріміздің
![]()
әпкесі, Мелләт Сабырқызының мына бір жазбасынан үзінді бергенді жөн көрдік: "-Мен бұрынғы Ембі, кейін Жылыой ауданында 16 жыл үзбестен атқару комитетінің төрайымы болып, көптеген алдыңғы қатарлы ер азаматшаларымен жұмыстас болуыма тура келді. Қазір есейіп, үлкейген шағымда, сол өткен өмірімнің қиын да қызықты күндерін есіме алып, қазіргі тәуелсіз өмірмен салыстыра отырып, кейде аңсаймын.
Жылыой ауданы – жаратылысынан мұнайлы еді. Бірақ, ауыл шаруашылығынан да бөлініп қалған емес. Төрт қой совхозы болды.
Жылыой ауданы – мал өсіру саласында алдыңғы қатарда болдық. Малды аудан Қызылқоға ауданымен Социалистік жарыста болдық. Екі аудан да алдыңғы көрсеткішке ие болды. Ірі көрсеткіштер үшін Еңбек Ерлері де көбейді, малшылар да жоғары марапатталды. «Қомтаңы» совхозы «Құрмет белгісі» орденінің иегері болды. Осы жетістіктерге жетуге ауданның басшы орындарында білікті жақсы мамандар болды. Солардың бірі – ауданның партия хатшысы болған Ниязғалиев Болат деген азамат.
Болат Қаламұлы – адамшылық қасиеті жоғары, шаруашылықта совхоз
![]()
басшыларымен ортақ тіл тауып, істеген ісін баянды ететін, ауыл шаруашылық бөлімі, мамандармен тығыз байланысты бірлесіп шешетін, тұжырымды азамат болды.
Отбасында Ақжүніс атты жұбайы, бала-шағалары бар тәрбиелі отбасы болатын. Жылыойдағы бір қиындық, жазғытұры Жем өзені Мұғалжардан су тасығанда, қатты қарқынмен жүрген жерін тас-талқан етіп, өте шығатын. Сондықтан, бұған бірнеше ай бұрын әзірленіп, суды далаға жібермей, аз да болса шабындық жерлерге шығарып, суды пайдаланып қалуға тырысатын. Міне, сол кездері Болат күн-түн демей бірге жүріп, басқарып отырды.
Мұның нәтижесі жаман болған жоқ. Жоғарғы көрсеткіштері бар Асабаев Кісенбай, Дүйсенбеков Әбді сияқты Еңбек ерлері пайда болды. Аудан, республикалық, Одақтық көшпелі тулардың иегері болды.
Осының бәрі Болат Қаламұлы сияқты еңбегіне еселі қарайтын, айбынды азаматтардың еңбегі болатын..." – деп мақтанышпен сағына еске алады.
Болат Қаламұлы еселі еңбектің егесі ғана емес, артына ұлағатты ұрпақ қалдыра білген алып бәйтерек. Жары Ержанова Ақжүніс екеуі Арман, Абат, Айдын және Малик есімді перзенттер тәрбиелеп өсірді.
![]()
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген, мақаламызға арқау болып отырған кейіпкеріміз арда тұлға, білікті басшы, қоғам белсендісі Болат Қаламұлының өнегелі өмірінен алынған, біз бір теріп өткен бір бөлігі ғана. Оның азаматтық ұстанымы, өмірге деген жаңаша көзқарасы, үлкенге құрметі мен кішіге ізеттілігі, қоғам тыныштығын, ел бірлігін, бейбітшілікті сақтау жолындағы жасаған істері, еңбек адамының кәсіподақ қарамағындағы қызметкерлерінің заңдық құқығы мен түйінді мәселелерді шешудегі жасалған еңбектері өз алдына бір кітапқа сұранып тұрған дүние.
Десек те, ел үшін жасалып жатқан, қоғам игілігіне қызмет етіп келе жатқан азаматтардың еңбегі мен есімін кейінгі ұрпақ білуі керек. Толығымен ашып көрсете алмасақ та, арда азаматтың еңбегін көлдің тамшысындай етіп көрсетсек те біздің журналистік міндетіміздің орындалғаны деп білеміз.
«Ер дәулеті - еңбекте» деген, түрлі қызметте болса да қарапайымдылығын жоғалтпайтын, өмірдің жиі соққан толқындарында сабырлық пен табандылықты серік етіп, қайсарлықпен және қайраттылықпен қаруланған, адами асыл қасиеттерін әке тәлімі мен ана сүтімен бойына сыйдыра білген Болат Қаламұлы 2017 жылы өмірден өтті. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында із қалдырған» демекші, жасап кеткен істері мен ел аузындағы жағымды естеліктері Жылыой төсін желдей есіп тұрған бүгінгі таңда арда азаматтың есімі де жоғалмақ емес.
Айбынды азаматтың жатқан жері жайлы, жаны пейіште болғай.