Оразғалиұлы Мәндірғали

Рейтинг:

«Болмысы биік азамат»

      Кімге болса да құшағы кең, адамды жатсынбайтын, атасы басқа деп қарамайтын, ақыл-ойы өте зерек азаматтың қолы да ашық. Қолынан келгенше достарына, жақындарына көмектескенді жаны сүйеді. Артық сөзі жоқ, десе де тілге бай, көп нәрсенің орны мен парқын біледі. Мемлекеттік көзқарас деңгейінен қарайтын терең пайымның, сараптама ойдың иесі екені көрініп тұр. Өз ойын анық, бүкпесіз жеткізеді, дәлелді түйіндейді. Есте сақтау қабілеті де зор – оқиғаның қай кезде, қандай жағдайда болғанын, атын атап, түсін түстеп отырып баяндайды. Бүгінгі кейіпкеріміз – бүкіл саналы өмірі, жастық жігері туған өлкесіне арналып, еңбек жолы сонда өріліп, маңдай тері сонда төгілген, Атырау облысы ауыл шаруашылығы саласының майталман ардагері, Махамбет ауданының «Құрметті азаматы» Мәндірғали Оразғалиұлы.
      Өнегелі өмірі, атқарған игі істерімен аудан тұрғындарының, кейінгі ұрпақтың есінде қалған Мәндірғали Оразғалиұлы 1938 жылдың 26 маусымында Гурьев (қазіргі Атырау) облысының Бақсай (қазіргі Махамбет) ауданындағы Таңдай ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. Әкесі Оразғали Абдолұлы колхоздастыру дәуірінен кейін қойшы таяғын ұстап, шопан болды. Өз ісіне ұқыпты болса керек, Ұлы Отан соғысы басталғанда оны майданға бірден әкетпей, бір жылдай броньмен елде ұстапты. Қызыл Армия қатарына тек 1942 жылы ғана шақырылады. 1944 жылы ауыр сырқатпен елге оралып, тоғыз күннен соң өз төсегінде қайтыс болады.
      Анасы Кәлима Төлекенқызы көкірек көзі ашық, тоқығаны мол, көсемдіктен де, шешендіктен де құр алақан емес жан еді. Басына түскен тағдыр тауқыметін талмай көтеріп, ұлын нағыз азамат етіп өсірді, кейін сол бейнетінің зейнетін молынан көріп, 1988 жылы 88 жасында дүниеден озды.
      Бала кезінен еңбекке ерте араласып өскен Мәндірғали Оразғалиұлы 1955 жылы Махамбет орта мектебін бітірген соң, еңбек жолын сол жылы «Бақсай» кеңшарында жұмысшы болып бастайды. 1957-1962 жылдары Алматы мал дәрігерлік институтында оқып, ғалым-зоотехник мамандығын алып шығады. 1962 жылы Атырау облысындағы «Новобогат» кеңшарының бас зоотехнигі, 1967-1970 жылдары Махамбет аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі жұмыстарын атқарып, 1970 жылы «Бақсай» асыл тұқымды Қаракөл кеңшарының директоры қызметіне тағайындалды.
      Атырау өңірі – қазынасы ортаймаған құтты мекен. Бір кезде теңіз түбі болған аймақтар мұнай мен газға бай болса, көк теңіз бен құмды өлкенің ортасын толтырған шөбі шүйгін қырлы алқап, мыңғыртып мал өсіруге лайық. Махамбет ауданы да табиғаты сан алуан, тарихи өлке. Киелі көне Сарайшықтың, әйгілі Исатай мен Махамбет бабаларымыздың іздері осында жатыр. Мартыши мен Жанбай кен орындарында мұнай фонтаны атқыласа, Жайықты жағалай қонған ел жеміс-жидек, бау-бақша өсіреді, Нарын, Бекетай құм қолтықтарындағы Сыралы, Жасқұс, Жасқайрат жайылымдары төрт түлік мал жайғауға қолайлы. «Бақсай» кеңшарының басты өнімі – қаракөл елтірісінің қара, қоңыр және сұр түрлері болды. Олардан ішік, бөрік, жаға дайындалды, әсіресе «суыр» деп аталған қоңыр түсі қымбат бағаланды, ал сұр теріден Кеңес Армиясы генералдарының қалпағы (папахасы) мен шинель жағалары тігілді. 
      Осындай ірі шаруашылыққа басшы болып келген Мәндірғали Оразғалиұлы жаспын демеді, байтақ елінің жасампаз ұланына лайық қызмет атқарды. Өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындап, басшылық сенімінен шықты. Ел тілегін, халық мүддесін де жадынан шығармады. Көне көз қариялардың батасын алып, ел ықыласына бөленді. Ол жетекшілік еткен тұста «Бақсай» кеңшары біраз табысқа қол жеткізді. Кеңшар ұжымы Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық халық шаруашылық жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) 1972 жылы – алтын, 1975 жылы – күміс медалін жеңіп алса, 1971 жыл қорытындысымен аға шопан Мұқтау Ідірісов «Социалистік Еңбек Ері» атанған еді. Сондай-ақ сол жылдары шопандар Көбен Наубаев, Басар Ізбасов «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, ал Бисембай Жаймағамбетов пен Мырзабай Қисмеденов «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.      Жинақтаған тәжірибесі, білімі мен еңбекқорлығы, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында басшылық көзіне түсіп, ел сеніміне ие болған Мәндірғали Оразғалиұлы 1980-1985 жылдары Махамбет аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық Кеңес депутаты, 1985-1991 жылдары Махамбет аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі қызметтерін атқарды. Аудан экономикасының көшін сүйреген Мәндірғали Оразғалиұлы 1991-1993 жылдары Махамбет аудандық кинофикация директоры, 1993-1995 жылдары Махамбет ауданы әкімінің бірінші орынбасары, ауыл шаруашылық басқармасының бастығы, ал 1995-2000 жылдары аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып, 2000 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік қызметкер ретінде зейнеткерлікке шықты.
      Иә, қазақта «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген әу бастан қалыптасқан нақыл бар. Басшылық қызметте жүріп тұрғылықты жердің тарихын, ел-жұрттың мұң-мұқтажын терең білмей, жағдайды жақсартам, кем-кетікті толтырам деу орынсыз. Осыны жақсы түсінген қырағы көз басшы халықпен, сан-салалы әлеумет өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істеді. Көшбасшы ретінде ел азаматтарының басын қосып берекелі іске жұмылдыра білді. «Жақсы іс жүзіңді жарқын етеді» дегендей, іскер ұйымдастырушыны өз кезегінде елі де жақсы көріп, сыйлады, құрметтеді. 
      Кезінде Шәкәрім ақын «Мейірім, ынсап, ақпейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойында болса, сол шын адам болады» деген еді. Осы төрт қасиет те бойында бар, білімі де, біліктілігі де бекем, аңдап сөйлеп, анық басатын, батыл шешімдерге де тас түйін азамат, мемлекеттік қызметтің талай сатысынан абыроймен өтті. Мемлекет қызметі деген буырқана тасып жайылған үлкен дария секілді, шеті-шегі жоқ дүние ғой. Оның аясына халқыңның өзі де, сол халықты жарылқар саясат та, сол саясат жолындағы тар жол тарғақ кешулер де – бәрі-бәрі түгел кіреді. Мемлекеттік қызмет адал болуды қажет етеді, себебі ол халық игілігі үшін атқарылатын бірден-бір қызмет. Осы жолда Мәндірғали Оразғалиұлы да өзінің еселі еңбегімен, маңдай терімен талай асуларды бағындырды. Сол еңбегіне сай лайықты бағасын алып та жүрді. 
      Атап айтар болсақ:
  •       Кеңес өкіметі кезеңінде 1968 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 1970 жылы 
  •       «В.И.Лениннің 100 жылдығы» мерейтой медалімен марапатталды;
  •       2015 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын, 1998 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің Құрмет грамотасын және екі мәрте 1999, 2013 жылдары Атырау облысы әкімінің Құрмет грамотасын иеленді;
  •       Республикалық ардагерлер қоғамдық бірлестігінің «Құрмет белгісі» төсбелгісінің, Республикалық Ұлы Отан және Ауған соғысы ардагерлері одағының Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалінің, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Махамбет ауданына 90 жыл» мерекелік медальдерінің иегері.
      Бұл талай жылғы еңбегі мен өмір жолындағы абырой мен беделдің жемісі деуге болады. «Сегіз қырлы, бір сырлы» азамат ағайын туысқа қамқоршы бола білуімен қатар, жасы үлкен аға буынның алғысы мен аманатын арқалаған баталы ер. Өз халқының игілігі жолында төгілген тер, айналасындағыларға тиген шапағаты кім-кімді де қашанда абыройға бөлеп, мерейін асқақтатады емес пе? Уақыт көшіне ілесіп, бар күш-жігерін, жан жылуын айналасындағыларға әлі де болса аямай төгіп келеді.
      Бұл ретте еңбегін ескеріп, болмысын бағалаған туған елі мен төл жұртына мұның да алғысы шексіз, көңілі риза. Елі 2010 жылы қамқорлап, қадірлеп «Махамбет ауданының құрметті азаматы» абыройлы атағын берді. 
      Бала күннен айнымас серігі болған кітап оқуды жаны сүйеді. Жаңалыққа, жаңашылдыққа бейім ақсақал үнемі елдің, қоғамның жайларын назарында ұстап, өзіндік үнін де қосып отырады. «Аманат» партиясы Махамбет аудандық ұйымының бюро мүшесі ретінде аудан өміріндегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастарға ақылшы ұстаз, көпшілікке үлгі болып келеді. Оның қарымды қаламынан туған талай өзекті мақалалар мен жүрекжарды очерктер облыстық, аудандық баспасөз беттерінде ұдайы жарияланып тұрады.
      Мәндірғали Оразғалиұлы өмірдегі басты жетістіктерінің бірі ол – қарапайым қойшы жанұясында дүниеге келіп, барша шопан атаулының арманының шегі – ірі шаруашылық басшысы, кеңшар директоры болуы, сол қызметке кірісер алдында, 32 жасында Димаш Ахметұлы Қонаев сынды ұлы тұлғаның батасын алуы деп біледі. Жалпы өмірдегі де, еңбек жолындағы да жеңістерің – адамдармен арадағы құрметің пен сыйластығыңның, өзара түсіністігің мен ынтымағыңның жемісі. Бұл орайда кейіпкеріміз өз өмірінде шамшырақтай болған алдыңғы толқын ағалары – Оңайбай Көшеков, Мұсабай Сағымбаев, Есқали Есенғалиев, Ғатих Маштахов, Нұрғали Тасмағамбетов, Қапизолла Қуанышпаев, Уәли Жайықов, Дошу Шененов, Тұрғали Мұсағалиев, Кетебай Бахитов, Айдын Оңайбаевты зор құрметпен есіне алады. 
      Сондай-ақ, еңбек тайқазанында бірге қайнасып, өмір жолында біте араласқан үзеңгілес ұрпақ өкілдері, замандас-құрбылары Құмар Кенжеғалиев, Құрманияз Суханбердиев, Жанай Берқалиев, Нариман Үлкенбаев, Қырықбай Бекбаев, Ізтай Есқалиев, Мәдина Ғабдусалимова, Құрманғали Мұқамбетов, Кәрім Иманбаев, Нұржиян Абдолова, Елемес Абдошев, Серік Жұмағалиев, Құбаш Рахметов, Амантұрлы Әменов, Ғалымжан Нұғманов, Сапар Мұстағалиев, Қатимолла Ризуанов, Кеңес Қосыбаев сынды абзал азаматтармен достық қарым-қатынаста болғанын әрдайым мақтан тұтады.
     Тағдыр талай жақсы адамдармен жолықтырып, дәмдес, жолдас етіпті. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдімен Алматыда оқып жүргенде табысып, институт жатақханасында бес жыл бірге тұрды, арты осы күнге дейін жалғасқан достық сезімге айналды. Осы қатарға аса бір ілтипатпен сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері, мұнайшылар династиясының өкілі Равиль Шырдабаевты, дәулескер күйшілер, Қазақстанның халық әртістері Әзидолла Есқалиев пен Рыспай Ғабдиевті, атақты желаяқ жүйрік, КСРО-ның Еңбек сіңірген спорт шебері Әмин Тұяқовты, мемлекет қайраткері, мұнайшы әрі іскер ұйымдастырушы Бақтығожа Ізмұхамбетовті, медицина ғылымының докторы, атақты онколог-хирург Қайыржан Әбисатовты, бала кезден бірге өскен өмірлік достары Алғи Ахмедияров пен Төре Дәулетияровты жатқызған болар еді. Жоғарыда аты аталған және олардан да басқа талай абзал азаматтар, жанына жақын болған жарқын жандар туралы ойларын Мәндірғали Оразғалиұлы өзінің 2008 жылы Алматыдағы «Өлке» баспасынан жарық көрген «Тіршілік кемесі» атты өмірбаяндық кітабында мазмұнды да қызықты баяндайды.
      Өмірдегі тағы бір жетістігі ол – жанұясы. «Дүниеде не қиын – өз сыңарыңды табу қиын» деп білетін ол, Алматыда оқып жүрген студенттік шақта танысқан Қарағандылық ару қыз Лида Жанпеисовамен отбасын құрғанын жаратушы Алланың берген тағы бір сыйы деп ұғынады. Жары Лида ханыммен 60 жылға жуық бірге тұрды, өмірге екі ұл, бір қыз әкеліп, тәрбиелеп өсіріп, олардан бірнеше немере сүйді. Тағдырдың ащы-тұщысын бірге татқан, азаматына қалтқысыз қызмет еткен, анасы Кәлиманы өз анасынан кем көрмей құрметтеген, сөйтіп енесінің ерекше батасын алған жары Лида Темірғалиқызы 2020 жылы 82 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Немерелерінің өскенін, үйленіп отау көтергенін көрді, шөбере қолынан су ішіп кетті. Жаны жұмақта болсын, марқұмның.
      Ұл-қыздары әртүрлі мамандық иелері. 1962 жылғы ұлы Арман – тау-кен инженері, Қазақ политехникалық институтын бітірген. Астана қаласында тұрады, жары Гүлнара екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде олардан бірнеше немере сүйіп отыр.
      1965 жылғы ұлы Нұрлан – заңгер, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді. Нұрлан мен оның жары Розаның отбасында үш ұл, олардан 2-3 немере бар.
      Қызы Ақмарал – 1971 жылы дүниеге келген, мамандығы экономист, Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған. Жұбайы Есмұхан екеуі төрт бала, 4-5 немере сүйген бақытты шаңырақ иелері.
      Оразғали әулетінде Мәндірғали ағамыз ұлдан жалғыз, сондықтан да ұрпағының бүгінгі өсіп-өніп жетілгеніне мың да бір тәуба деп шүкіршілік айтады. Жеті жасына жетпей бұйырған жетімдіктің жүгін жеңілдетіп, жалғыздықтың ауылын алыстатуға бар ғұмырын сарп еткен асыл анасы Кәлимаға, қамқорлық нұрын сепкен әпкелері Нәбира мен Ағзияға алғысы шексіз. Ұрпағына өсиет етіп қалдырған кітабының айшығында «Аяулы анам Кәлима Төлекенқызының рухына арналады» деп көрсетуі де соның бір әсерлі айғағы іспеттес. Ал апаларынан өрбіген ұрпақ Ақсүлік пен Толағайдың, Айман, Мұса-Жәлел, Айсұлулардың өмірде өз орнын тауып, азамат болып қалыптасуына аз да болса үлесін қосса, ол да бір бауырлық борышының ақталғаны.
      Келесі жыр шумақтары Мәндірғали Оразғалиұлына ұрпағының арнауы ретінде ұсынылады:

Түнек еді неткен сол бір түнгі алап,
Тұл еткендей дүниені мұң қамап.
Аттанғанда әкең үйден майданға
Бесігіңде сен қалыпсың «іңгәлап»...

Сыйлап атам ұрпағына тыныш шақ,
Жеңіс туын желбірете тұр ұстап.
Ұл-қызыңды ұқсатасың әкеңе
Әке жүзін көрмесең де дұрыстап.

Әке деген асыл, асқақ мұратпен,
Жанып тұрған кеудеңдегі шырақ па ем?! 
Ұл-қызыңның күлкісіне ортақсың
Әке үнін естімедің, бірақ сен.

Жалындамай қалай ғана өшпек от,
Өнегең бар төгілетін кесте боп.
Ұл-қызыңды тұра алмайсың иіскемей
Иіскегені, ал әкеңнің, есте жоқ.

Сәулеленіп, жанарыңа шоқ толып,
Сәби шағың кетпек емес жоқ болып.
Шежіреден әке жалғыз келсең сен
Болашаққа біз барамыз көп болып!

 
      Аудан экономикасының дауымында, ауыл шарушылығы мен мәдениет саласында айрықша қолтаңбасы қалған Мәндірғали Оразғалиұлының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....
30 марта 2025 19:53
Людмила.
Наши самые дорогие, родные!!! БАХЫТЖАН Рахимжановичь здоровья вам и вашей большой семье! Горжусь, что с вами работала,...
25 марта 2025 23:30
Гульнар
Бүгінгі күні Серікбек пен Гульмира білімділігі мен біліктілігінің арқасында көптеген адамдардың алғысына бөлініп...