Мендешов Минжан

Рейтинг:

Еңбегімен елге сыйлы

      Тынымсыз еткен еңбектің бағасы қашанда жоғары болмақ. Бүгінгі нарықтық заманның тілін тауып, қараусыз қалған даланың бойына қан жүгіртіп, есік қайырылысында қалған төрт түліктің ноқтасын қайта қолына алған арда азаматтарымыздың бірі, еңбек жолын қатардағы жұмысшыдан бастап, қанатын кең жайған шаруашылықтың ісін жүргізіп, іргелі кооперативтің мал шаруашылығы бөлімінің басшысы, бас селекционер-зоотехник қызметіне дейін көтеріле білген еңбек адамы Мендешов Минжан Мирманұлы туралы кеңінен тарқатып айтсақ. 
      Қазақта жақсы азаматтың жалынды ісін, жарқын тірлігін көргенде ел-жұрты сүйсініп, шынайы ризашылықпен сегіз қырлы, бір сырлы екен деп баға беріп жатады. Осы бір ауыз сөзден азаматтың кескін-келбеті, болмыс-бітімі, барлық қыр-сыры жан-жақты ашылады. Бүгінгі кейіпкеріміз ашық мінезді, ақкөңіл қай іске де бейімділігінің, іскерлігінің, еңбекқорлығының арқасында қай жерде еңбек етсе де абыройлы болған ел азаматы. Өз ортасында беделі бар азаматты қашанда елі жақсы көреді, сыйлайды, құрметтейді. Еңбегің адал болса, еңбекқор адамды қоғам өсіреді, көпке танытады, беделін арттырады. Тәрбиесінде тағылым, ақылында даналық бұғып жатқан Минжан ағамыздың өмір баспалдақтары, батыл жүріп өткен жолдары, алқынбай асып өткен асулары оған айқын дәлел.
      Әрбір ісінен азаматтығы көрініп тұратын Минжан Мирманұлы 1952 жылдың 18 маусымында (Гурьев облысы, Теңіз ауданы) қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданы Шортанбай ауылдық округінде жұмысшылар отбасында дүниеге келді. Әкесі Мендешов Мирман кемеде балық қабылдаушы, Шортанбай ауруханасында есепші (бухгалтер) қызметтерін атқарса, Мендешова Әйкен Омарғалиқызы XXIII партия съезді атындағы Шортанбай балық зауытында кеме, чанды тазалау, балық ысталатын камераларға үгінді тасу жұмыстарын атқарған. Алтын, Күміс алқа иегері, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. 
      Талай тарландардың табан ізі қалған өлкеде балалығын өткізген ол білім ордасының табалдырығын 1959 жылы Шортанбай ауылындағы орта мектепте аттады. Аузы дуалы адамдардан бата алған талай саңлақтарды түлеп ұшырған білім ордасында жүріп, өзінің бойындағы қабілеттерін ұштай білді. Әке ақылын көкірегіне қондырып алған жас бала мектепте де белсенді жастардың сапында болып, қандай іске де бірінші болып кірісіп кетуге ұмтылып тұратын. Көңіл терезесін кір шалмаған ашық мінезінің арқасында қандай ортаға болса да еркін араласып кете беретін, жанарынан жалын атқан жас 1969 жылы орта мектепті бітіріп шыққан соң Гурьев қаласындағы ГПТУ №13 Химиктер училищесіне оқуға түседі. 
      Еңбектің бұлағынан бала кезінен-ақ су ішкен Минжан оқу орнында жүріп те білім ордасының қоғамдық өмірімен етене араласты. Таңдаған саласы бойынша танымын кеңейтіп, білім тереңіне бойлап, білікті де білімді маман болып шығу жолында өзін жиі қамшылап, училищені «Машинст по компрессорам и насосам» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Жас маманның алғашқы еңбек жолы сол жылы ХХІІІ партия съезді атындағы Шортанбай балық зауытында слесарь болумен басталды. Өмірге деген көзқарасы мүлдем бөлек, әрбір ісіне есеп беретін, жұмыс қиыншылығын көтере білген жас бала тіршіліктің қайнаған қазанында қармана жүріп «шпикер» болып жұмыс жасап, 1970-1972 жылдары Кеңес Әскері сапында азаматтық борышын өтеп келді. Қайралып шыққан қанжардай қандай іске салса да өткірлігін көрсете білген жастың өмірі әскерден келген соң Шортанбай балық зауытында слесарь болып жалғасты.
      Өмірге деген көзқарасы бөлек, өзінің ұстанымдары бар, мектеп бітірген жылдары орындалмай қалған арманы өмір мектебінен өтіп келген соң білегі қатайып, аяғы нық басқан Минжанның жүрек түкпіріндегі сол арманы оянып келе жатқан еді. Мектеп қабырғасында да үздік оқушылардың бірі болып, ауыл өмірінің нәрі болған мал шаруашылығымен де таныс бозбала 1973 жылы Орал қаласындағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының жанындағы даярлық курсында оқып шығып, зооинженер факультетінің 1-курсының студенті атанды. Таратып жазсаң да тауыса алмайтын студенттік қызықтар мен инемен құдық қазғандай еңбектене білген жанның табанын ғылым төрінің сатысына тигізетін білім ордасы Минжанның көкірек көзін ашып, ғылым деп аталатын жарық әлемге жетеледі. Қандай істі де үйіріп алып кететін алғырлығы, білімділігінің арқасында, оқуды 1979 жылы ойдағыдай аяқтап «Организация овцеводства и пути ее совершенствования в совхозе имени Курмангазы Гурьевской области» атты тақырыпта дипломдық жұмысын «жақсы» бағада қорғап, «Зооинженер» мамандығын алып шықты. 
      Жас маманның зоотехникалық саладаға тұсауын кескен 1979 жылы Гурьев облысы Теңіз ауданы XXV партсъезд атындағы совхоздың №1 фермасы болатын. Міне, бүгінгі құрмет төріне көтере білген, еңбегін бағалаған жастар мен көзін көрген замандастарының өзі алдын кесе өтпей, құрметпен жол беретін абыройға кенелткен қызметтің басы осылай басталып еді. Шеті сөгіліп тұрған жерін көктеп жіберетін ісмер тігіншідей, кетігі кетіп тұрған істі жөндеп жіберіп, шаруашылыққа қатысты шаруаларды бір кісідей үйіріп алып кетіп, шаруашылықтың төл басын көбейтуде, берілген жылдық жоспардан шығуда аянып қалмай, барын салды. Білек сыбана кіріскен істерінен нәтиже шығара білген жас маман 1982 жылы аталған совхоздың №1 фермасының басқарушысы (управляющий фермой) болып тағайындалды. Бұл да болса басшылықтың Минжанның еңбегін бағалап, жұмыс барысында қолынан көп іс келетін көрсетуге мүмкіндіктер тудырып, шабамын деген жігітке ат бергендігі еді. Істің бағытын бағамдай білетін Минжан Мирманұлы бұл мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ, оқығаны мен санасына түйгені, өмірден көргені мен тәжірибесін ортаға салып, уақытпен санаспай, үлкендердің сенімінен шығу жолында жұмыс жасады.
      1985 жылдың тамыз айынан бастап Құрманғазы атындағы совхоздың №1 фермасына зоотехник болып ауысып, 1986 жылы Гурьев облысы Теңіз ауданының «Таңдаулы зоотехнигі» атанған Минжан Мирманұлы 1987 жылы Теңіз ауданының Құрмет Грамотасымен марапатталды. 1987 жылы Құрманғазы атындағы совхоздың №1 фермасының басқарушысы қызметіне тағайындалып, ферманың мамандарымен тіл табысып, еңбек жетістіктерінің нәтижесімен биіктерге қол жеткізгені үшін 1988 жылы №1 ферма Гурьев облысы Теңіз ауданы бойынша «Таңдаулы ферма» болып танылған Минжан Миржанұлы өзі де аудан бойынша «Таңдаулы ферма басқарушысы» атанды. 
      Жазда көк басы тисе, алдынан қайырмасаң ермекке көнбейтін қой малын бағып, жазды жайлауына, қыста қыстауына көшіріп, көктемде төлдетіп, қыстан аман-есен алып шығу үшін де үлкен ұйымдастырушылық жұмыстар қажет. Әйтпесе, аралары шалғай орналасқан малшы ауылдармен бір хабар үзілсе, үйіре соғатын қыс бір бәлесіне ұрындырмай қоймайтыны тағы бар. Ферма басшысы болу – үлкен жауапкершілік. Жүздеген, мыңдаған қойды қыстан шығынсыз алып шығып, көктем мен күзде қағаз бетіне түскен жоспардың сандарынан шыға білу үшін де сол жердің тау-тасына дейін, өсетін шөбіне дейін білуің керек. Сол кезде ғана шаруашылықтың мән-жайын бақылап, ертеңгі күнге болжам жасай аласың. Жаздың аптап ыстығын былай ысырып қойғанда, көктем мен күздегі күрделі кездер, қыстағы суықпен алысып өтетін уақыттарда жүргізілетін жұмыстар, қызметкерлермен біріге отырып еңбек етіп, олардың да тұрмысын жөндеу үшін совхоз жұмысын тиімді ұйымдасыра білу керек. Сол кезде ғана ферма жұмысын алға жүргізіп, ісін жолға қоя аласың.
      1990 жылы №1 ферма коллективінің қажырлы еңбектерінің арқасында ферманың көрсеткіші жоғары болып, коллективтің еңбектерінің жұлдызы жанып, Теңіз ауданы бойынша Малшылар күніне орай малшы, мамандармен қатар өзі де бағалы сыйлықтарға ие болған Минжан Мирманұлы қызмет еткен Құрманғазы атындағы совхоз кезінде Гурьев облысы бойынша іргелі, рентабельді (табысты), ірі шаруашылық еді. Бірнеше жыл Харес Биләшев және Рысқали Сисатов сынды азаматтар шаруашылықты облыс бойынша биіктерге көтерсе, кейіпкеріміз де сол бір сом тұлғалардың ізінен жаңылған жоқ. 1987-1996 жылдары №1 фермасын, 1996-1997 жылдары жылқы-түйе фермасының басқарушысы болып қызмет етті. 
      - 1991-1992 жылдары жүйе өзгерді, Қазақстан өз егемендігін алды. Шаруашылықтар дағдарысқа ұшырап, өзін-өзі қаржыландыра алмайды деумен таратыла бастады. Солардың бірі Құрманғазы совхозы да, мал-мүліктері түгелдей пайға таратылды. Бұл 1997 жылдың соңғы уақыттары еді. 1998 жылдың ақпан айында 80 адам өз пайымызды ортаға салып, жиналыс жасап, бұрынғы Құрманғазы атындағы совхоздың мұрагері ретінде «Құрманғазы» өндірістік кооперативі болып жаңадан ұжым құрып, оның басқарма төрағалығына бір ауыздан Харес Биләшев ағамыз сайланды. Жұмыс жауапкершілігін әрқайсымызға бөліп, жалпы мал шаруашылығының жетекшілігіне Сабыржан Сұлтановты тағайындап, қой фермасының басқарушылығына Наушабай Есқалиевті, ал Арал өңіріндегі жылқы-түйе бригадасымен және коммерциялықпен айналысу маған жүктелді.
      Мал басын көбейту мақсатында кооператив басқарма төрағасының ұсынысымен 3 елді мекеннен дүкен ашылып сол арқылы қолма-қол ақша табылып, керегін алуға ГСМ, техника бөлшектерін, трактор-машиналарға алуға, ет өнімдерін өткізу мақсатында тендерге түсіп, ет өнімін жабық мекемелерге өткіздік, тағысын-тағы жаңаша жұмыс жүргізуге тура келді, күн демей, түн демей жүру керек болды. Сол еңбектің нәтижесінде мал басы өсті. Кооператив малы көбейе бастағасын малды асылдандыру бағытына көше бастадық. Бұл үшін Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен келісім шарт жасасып, қой малын асылдандыру басталды. Сонымен қатар түйе малында асылдандыру жұмысын бастадық, - деп тоқырау жылдарындағы қиын сәттерде шаруашылықты қалай жүргізгенін тілге тиек еткен Минжан Мирманұлы осы «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» шағында атқарған қызметі үшін 2005 жылы «Құрманғазы» өндірістік кооперативі басқарма төрағасының Алғысына ие болды. Осы бір алғыстың астарында ащы тер, таңмен таласа тұрып қалай да шаруашылықты аман алып қаламыз деп тынбай еткен әрекет, шаруашылықтың бір қазанынан ас ішкен жандардың үміті жатыр еді.
      Одан әрі де көш жолға түсіп, 2003 жылы Түйе малын асылдандыруға «Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-мен келісім шарт жасалып, жұмыс басталды. «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы мамандары мен малшылардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде және ғылыми қызметкерлердің тынымсыз еңбектерінің көрсеткіші ретінде «Құрманғазы» өндірістік кооперативі қойдан асыл тұқымды Еділбай қойын өсіретін зауыт атанды. 2004 жылы түйеден асыл тұқымды шаруашылық статусын иеленіп, ғылыми жұмыспен еңбектің нәтижесі көрініп, Е.Абдошев, С.Сұлтановтар кандидаттақ диссертацияларын қорғап, ғылым кандидаттары атанды. Сол бір ат төбеліндей ғана бөлініп шыққан, шаруашылықтың жүгін артып, ілгері сүйрей білген айбыны мол, айтары бар азаматтардың сапында Минжан Мирманұлы да болды. Кейіпкеріміз түйеден кандидаттыққа ізденуші (соискатель) ретінде «Қазақ айыр өркешті түйесі тұқымының Орал-Бөкей тармағын желілеп өсіру арқылы жетілдіру» тақырыбында ғылыми жетекшісі ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Мұсаев Зейдулда Махадинович деген азаматпен біріге жұмыс жасады. Түйе малына бірнеше жылдық ғылыми еңбектің нәтижесі айқындалып, екі бураның зауыттық аталық ізі және тұқымішілік сүлесі шығарылды. Нәтижесінде, ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитетінің №1866 02.07.2008 жылы Қазақтың айыр өркешті түйесі тұқымының Орал-Бөкей тұқымішілік сүлесінің авторы атанды.
      2008 жылы «Қазақ айыр өркешті түйесі тұқымы Орал-Бөкей сүлесінің «№17 Жиделі бурасының» Қазақ айыр өркешті түйесі тұқымы Орал-Бөкей сүлесінің «№58 Найза-Қара» бурасының және 2014 жылы Еділбай қойы тұқымының Құрманғазы зауыттық сүлесінің авторы атанған Минжан Мирманұлы асыл тұқымды мал басын көбейтумен қатар, оның селекциялық жұмыстарын жүргізу, тексеру, нәтижесін бақылау, қазақ даласына төзімді, етті, сүтті, төлді асыл тұқымын будандастырып шығаруда нәтижелі еңбек етті. Астана қаласында ауыл шаруашылығының жетістігін көрсету бағытында «Қараөткел-2007» жәрмеңкесінде осы шаруашылықтан «Аққарабас» қой тұқымын Республикаға алғаш рет көрмеде таныстырылып, арнайы сертификат иеленіп, жаңа жетістік жөнінде «Хабар» телеарнасына сұхбат беріп, ол республика жұртшылығына көрінді. Осы бір тарихи сәт туралы кейіпкеріміздің аузынан естісек.
      ...Келген комиссия құрамында премьер-министр Кәрім Мәсімов малды көріп, «мынау қай жақтың малы?», - дегенде, бұл – Атырау облысы Құрманғазы ауданы «Құрманғазы» атындағы өндірістік кооперативінің көп жылдық селекциялық жұмысының жемісі дедім де тездетіп шығу тарихымен сипаттамасынан хабардар еттім, қолымды қысып қатарымыздан өтіп кетті, қасымдағылар «Премьер-министр қысқан қолыңды орап ал» деп әзілдеп жатты. Харес Биләшев ағамыз Атыраудан күтіп алып, маған рақметін айтып, көзіне жас алып, мені құшақтап мәз болды. Бұл қуаныштың жасы еді, – деп, сол бір кездерді көкірегін мақтаныш кернеп, сөзінің соңын шаруашылықтың қазіргі тыныс-тіршілігімен жалғастырып алып кетті.
      - 2011 жылы Х.Биләшев еңбек демалысына кетіп орнына мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Сабыржан Сұлтановты сайладық. Білікті ғалым, маман күні бүгінге дейін басқарып келеді. Маған мал шаруашылығына басшылық жасау, бас зоотехник-селекционер, жылқы-түйе бригадасының жетекші жұмыстары міндеттелді. Асыл тұқымды қошқар, аналықтарымыз сұраныспен Ресей Федерациясының Волгоград қаласына, Арменияға, Өзбекстанның Самарқанд қалаларына дейін асты. Республикалық рейтингіге іліндік, өзім де Республикалық рейтингіде селекционер-бонитер ретіне тіркеуде тұрмын.      Екінші рет «Қараөткел-2011» жәрмеңкесіне Астана қаласында «Аққарабас» қойын көрсетудің сәті маған бұйырды. Асыл тұқымды малдарды көруге құрылған комиссияның құрамында төрағасы болып ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков комиссияны бастап малдарды көре бастады. «Аққарабас» қойын көріп, тамашалап, ризашылығын білдіріп, малдың шығу тарихымен, сипаттамасын сұрап білді. Осы жәрмеңкеде Сертификатпен және «Алтын белгімен» марапатталдық.
      Өзім 2015 жылы маусым айында зейнеткерлікке шықтым, бірақ ұжымдастарымның өтінішімен жұмысымды жалғастырдым. Өзімнің жинаған іс-тәжірибемді кейінгі жастарға үйрету мақсатында жылқы-түйе бригадасында жас маман Батырхан Сұлтановты тәрбиелеп, 2018 жылы жылқы-түйе бригадасына басшы болды, қолынан іс келетін азамат. Қой фермасына жаңадан басқарушы болып барған жас маман Еркебұлан Бекеевтің қасына маман болып барып тәжірибелеріммен бөлістім. Тез қабылдағыш, өз ісіне мықты, басшылықты тез иегеріп кетті. Екеуі де болашағынан үлкен үміт күтетін маман, азаматтар...
  •       Саналы ғұмырын мал шаруашылығына арнап, оның дамуы мен қазіргі заманға сай жаңа тұқымдарын будандастыру арқылы ауылдың ғана емес, дүйім облыстың мал шаруашылығы саласында өзінің қолтаңбасын қалдырған ғалым Минжан Мирманұлы адал еңбегінің бағасы ретінде түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
          2009 жылы ҚР ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу ұйымдары қызметкерлері кәсіподақтар одағы заңды тұлғалар бірлістігінің Орталық комитетінің салалық наградасы І дәрежелі «Еңбек Даңқы» белгісі;
  •       2011 жылы Атырау облысы бойынша жылдың «Үздік мал маманы»;
  •       2012 жылы ҚР ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу ұйымдары қызметкерлері кәсіподақтар одағы заңды тұлғалар бірлістігінің Орталық комитетінің салалық наградасы ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» белгісі;
  •       2014 жылы «Медаль за выдающиеся заслуги в профессиональной сфере» (Кәсіби саладағы ерен еңбегі үшін) медалі; «Құрманғазы» ӨК-нің «Құрметті Зейнеткер» атағы;
  •       2015 жылы Атырау облысының Құрмет Грамотасы;
  •       ҚР Қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Құрмет Грамотасы;
  •       2018 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданы әкімінің Алғыс хаты;
  •       2019 жылы Құрманғазы аудандық мәслихатының Алғыс хаты;
  •       2020 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек Ардагері» медалі;
  •       2022 жылы Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің «Қас Батыр» медалі;
  •       ҚР Атырау облысы әкімінің Алғыс хаты;
  •       ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек Ардагері» медалі;
  •       «Құрманғазы» ӨК-нің «Адал еңбегі үшін» медалі;
      Шаруасының жайын білетін, еңбекқор басшы жұмыссыз жандарды өз қатарына қосып, жұмыс берді. Төрт түліктен алған ризығының арқасында отбасының берекетін кіргізді. Әулет жайлы естеліктер:
      ...Біздің әулетіміз жайында айтар болсам Қызылқұрт руы, Соба тарамынан өрбиміз. Атамыз – Мендеш Өмірзақов (1898-1942) соғыс кезінде Шортанбай батағасында бронмен қалып еңбек еткен жан. Әжеміз Нұрқаш Өмірзақова (1900-1987) – Астрахань-Гурьев темір жолының құрылысына қатысқан.
      Әке анамыз өмірге 8 бала әкелді, 3 ұл 5 қыз. Сегіз баланың үлкені – Қаншайым Мирманова(1949-2021), Шортанбай балық зауытында еңбек етті. Мен – екінші баламын, менен кейін Кайфа Гурьев теңіз балық шаруашылық техникумының ихтиология бөлімін бітірген. Айғаным (1957-2001) – жоғары білімді педагог, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп директоры болған.Гүлнардың жолдасы – Мәдениет Отаров, бірі – инженер-механик, бірі – мал дәрігері, ұл-қыздары әртүрлі қызметтерде, өздері зейнеткерлер. Інім Сабыржан – оператор, келінім Гүлжанар – тәрбиеші.Қарындасым – Бибігүл, мамандығы – тауартанушы, өз мамандығымен жұмыс жасайды, ұрпақтары бар. Сабыржанның ұлы Бейслан – жоғары білімді электрик. Үлкен қызы Ақмарал – жоғары білімді маркетинг менеджері, «Аmanat» партиясы Атырау қалалық филиалында қызметкер. Кіші қызы Баян – жоғары білімді математик, информатик, заңгер, педагог-модератор, жолдасы Әлишер Камиев «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-да программист, менеджер болып жұмыс істеп келеді.
      Кіші інім Қадыржан – Казгидромет мекемесінің Қиғаш өзенінің су бақылаушысы, келінім Светлана Зинуллина – химия биология пәндерінің мұғалімі, мектеп директоры, педагог-зерттеуші. Үлкен қыздары Жанайна – жоғары білімді математик, жаратылыстану ғылымдарының магистрі, жолдасы Ильяс Зұлхожаев «ОкСтрой» компаниясының менеджері. Қадыржанның кіші қызы Шұғыла Атырау қаласындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған №30 мектеп-гимназиясын «Алтын белгімен» бітіріп, грантпен М.Өтемісов атындағы мемлекеттік университетінің шет тілдері факультетіне түсіп, қазірде ол 2 курс студенті, жоғары стипендиат.Ұлдары Нұрхан Шортанбай – жалпы орта мектебінің 8-сынып оқушысы, тарих пәнінен аудандық, облыстық байқауларға қатысып жүр,-деп тарқатады кейіпкеріміз.
      Алла қосқан қосағы, саналы ғұмырын медицина саласына арнап, бала дәрігері болған Құспанғалиева Мәншук Тілепқызы екеуі бақытты ғұмыр кешті. Бірақ, білікті маман, өз ісінің шебері, елге сыйлы жары 2005 жылы 12 мамырда айықпас ауруға шалдығып, мәңгілік мекеніне кете барды. Берекелі шаңырақтың көзіндей болған қызы Мерманова Нұрайна 2018 жылы Шортанбай жалпы орта мектебін «Алтын белгімен» бітіріп, грант иегері атанған, қазіргі таңда Астана қаласындағы Астана Медицина Академиясының жалпы медицина бөлімінің 5 курс студенті. 
      «Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы» деген ғой. Балалығын еңбекке, жастығын ел қызметіне, азаматтығын халыққа, ақсақалдығын кейінгі ұрпақ тәрбиесіне арнаған Минжан Мирманұлының өнегеге толы өмірі келер ұрпаққа үлгі. Құм көшіп, теңіз тартылса да уақыт көші шыр айналса да артына өшпейтін із, өлмейтін сөз, игі істерін сабақ етіп қалдыра білген халық қалаулысы, аудан айбары, кәсіпкер туралы әлі талай мақалалар жазылып, азаматтық болмысы туралы, ақсақалдық келбеті талай кітапқа арқау болары хақ. Ардың жүгін арқалаған, сенім артуға болатын зайырлы да парасатты тұлғаға зор денсаулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....
30 марта 2025 19:53
Людмила.
Наши самые дорогие, родные!!! БАХЫТЖАН Рахимжановичь здоровья вам и вашей большой семье! Горжусь, что с вами работала,...
25 марта 2025 23:30
Гульнар
Бүгінгі күні Серікбек пен Гульмира білімділігі мен біліктілігінің арқасында көптеген адамдардың алғысына бөлініп...