Еңбек озаты... «Дәніңді сепкендерің,
Егінді еккендерің үшін,
Теріңді төккендерің үшін,
Көкорай көктемдерің,
Көк жасыл көк белдерің үшін,
Жаз болып өткендерің үшін,
Бейнетті кетпендерің,
Зейнетті шеккендерің үшін,
Мақсатқа жеткендерің үшін, Рахмет!» деп, сыршыл сөздің сырбасы Шөмішбай Сариев бүгінгі таңда дені сау болуға ұмтылған ұрпақтың, табиғи өнімдерді тұтынуды мақсат еткен жандардың алғысы мен рахметін өлең жолдарымен жеткізген.
![]()
Дастарханның сәнін, өміріңнің мәнін кіргізетін көкөністі жуып алып, ауызға салғанымызбен, сатып алдым деген міндеттің ығына жығылып, оның қалай және қайдан келгеніне көбіне мән бере бермейміз. Десек те, біз өзіміз тамсана жеп жүрген дәнді-дақыл мен бақшалық көкөністер бізге оңай жолмен келмейді. Оның астында қаншама адамның еңбегі, таң атысымен тұрып, кеш қарая қайтатын егіншінің маңдай тері, сол бір кәсіпті ұйымдастырып, нарық талабына сай технологиямен өндіріп, тұтынушыларына, дүкен сөрелеріне сапалы өнім жеткізіп жүрген кәсіп иелерінің маңдай ақылары жатыр. Бүгінгі мақаламызға осы кәсіпті тіршілігінің тірегі етіп, жергілікті тұрғындарды экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз ете білген, сонау бір қиын жылдары қолынан кетпенін тастамаған сом тұлғалар туралы жазғанды жөн көрдік.
Кетпеніңді қолыңа алып, адал ниетпен іс бастасаң, Жер-ана перзентінің қолын бос қайтарған емес. Жылымық көктемде жер бусанған сәтте түйір етіп салған дәнін күзде түйнекке айналдырып, егінінің келбетін келісті етіп, белі еңкейіп білек түре қимылдаған жанның шырайын шығарады. Ала жаздай тырбанып, Жер-ана еміп өскен диқандар үшін қазақтың ұлан-ғайыр даласынан қасиетті ештеңе жоқ. Әлмисақтан тың жерге түрен салып, топыраққа маңдай тері сіңген шаруалар жердің қадірін бір кісідей-ақ біледі. Сондықтан шығар, көктемде диқан
![]()
біткен дала төсіне дән сіңіре салып, оны баладай аялап, мәпелеп күтеді. Бұл – жылдағы дәстүр. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де құнарлы топырақтың қасиетін сезініп, саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған – Татеков Әбзелбек.
Татеков Әбзелбек 1937 жылы 15 мамырда Жамбыл облысы, Жуалы ауданына қарасты Қызыл-Күншығыс (1961 жылы Гагарин деп аталған) ауылында дүниеге келді. Қашан да қолдаушысы болған, бойына әділдік пен адал еңбекті сіңіре білген әкесі Бұзаубақов Татек пен мейірім тамшысында мөлдірлік тұнып жатқан анасы Бұзаубақова Бүбіжан колхоз жұмысындағы еңбек адамдары болған.
Балалығы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген Әбзелбек Татекұлының әкесін 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, 1943 жылы майданға алып кетеді де, кейіпкеріміз үйдің үлкені болғандықтан, қабырғасы қайысып кішкентайынан еңбекке ерте араласады.
«-Әкем жасаған соқамен 1943-1945 жылдары жер жыртып, бидай септім. Күзге таман бидай орып, баулап, арбаға тиеп, қырманға жеткізіп беретінмін. Қос ат жегілген жәшік арбамен аудан орталығындағы элеваторға күні бойы дән тасып қолғабы
![]()
с еттік. Майданға көмек ретінде шыққан ұнды жөнелтіп отырдық», - деп сонау бір арқасына аяздай батқан жылдарды қағаз бетіне түсіріп кеткен Әбзелбек Татекұлы төрт жылдық бастауыш мектепті 14 жасында тәмамдап, «Күйік» жеті жылдық мектебін 1954 жылы 17 жасында бітіріп шығады. Асыраушысынан айрылған отбасының бас көтерер азаматы бола білген кейіпкерімізге еңбек пен оқуды қатар алып жүріп, отбасына табыс табуға тура келді.
Осылайша еңбек ширатып, өмір үйретіп жүріп, мектепті бітірген соң, 1956 жылдың қыркүйек айында әскер қатарына шақырылады. Беларусь ССР-і, Могилев облысы, Бобруйск қаласы, №01278 әскери бөлімде бір жыл әскери міндетін мінсіз атқарып, 1957 жылы Ресейге қарасты Архангельск облысы, Плесецкий ауданының ну орманды жерінде орналасқан №62117 құпия әскери бөлімге ауыстырылып, 1959 жылға дейін үш жыл Отан алдындағы міндетін қалтқысыз орындап, қазан айында аман-есен еліне оралады.
Сол бір жылдары, Одақ басшылығының да жерге ерекше назар аударып, егіншілікті дамыту жолында бесжылдық жоспарлар ойластырып, салаларды іске асыру мақсатында түрлі шаралар жүргізіп жатқан кезі еді. Ұжымдасқан жұмысшы топтары орналасқан жеріне қарай колхоз бен совхоздарға бөлініп, бірі балық, бірі мал, сулы жер, нулы жер демекші, енді бірі егіншілік жолына маманданып жатты. Оқу демалыстарында оқушыларды егістік басына әкеліп, көмекке салатын дәстүр өз биігінен түспей, барлығы егістік басына жиналатын. Осындай қайнаған тіршілік болып жатқан өлкенің ортасына түскен Әбзелбек Татекұлы араға екі ай салып, 1960 жылдың қаңтар айында ТуркВО-ға қарасты «Бурненский» совхозының №3 бөлімшесіне жұмысқа орналасады. Осылайша бес бөлімшесі бар совхоз құрамына қарапайым сушы болып жұмысқа кірген Әбзелбек Татекұлы 1960 жылы тәжірибе жинауда картоп звено жетекшісінің қасында жүріп, бір жыл шамасында еңбек етіп, №3 бөлімшедегі комсомол жастар комитетінде комсорг міндетін атқарып, қаламының қарымы бар жас ара-тұра аудандық «Жаңа таң», қазіргі «Жаңа өмір» газетіне өлең шығарып, мақала жолдап отырады.
Осы бір жерде, мақаламыздың жалғасын Әбзелбек Татекұлының өз қолымен жазған еңбек жолы туралы жаз
![]()
басына жалғастырып жіберсек:
«-Бір жылғы тәжірибеде бойымнан жұмысқа деген қабілетімді байқаған совхоз басшылары маған үлкен сенім артты. Комсомол жастар бригадасын құрып, оған мені бекітіп, өз алдыма звено жетекші етіп тағайындады. «Бурненский» совхозы мәдени дақыл түрлерін, қызылша, жүгері, қабақ және асқабақ екті. Мал азықты қызылша мен жүгеріден басқа алғаш рет осы қабақты егіп, өте көп өнім жинадым. Асқабақты негізінен ауылдағы Сүт тауарлы фермадағы (МТФ) сауынды сиырларда сүт мол болуы үшін өсіретінбіз. 1961 жылы 24 жасымда 60 гектар жерге жүгері, 20 га қызылша егіп, оны күтіп баптауды маған бекітті. Сол жылы жүгеріден гектарына 301 центнер, қызылшадан 800 центнерден өнім алып, бұл аймақта болмаған рекордтық нәтижеге қол жеткіздім. Сол кезден былай осы совхоздың даңқы артып, КСРО құрамындағы барлық республикаға ең танымал озат совхоздың бірі болды. Осыған байланысты Ортаазиялық әскери аймағының жиналысына Ташкент қаласында өткен КСРО халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысуға шақырылдым. Мен еңбек жолымды бастаған осы «Бурненский» совхозының үшінші бөлімшесінің алған өнімдері, әсіресе, картоп өнімі САВО/ ОАӘА-ның әскери бөлімшелеріне солдаттарға азық ретінде жөнелтіліп отырды.
1961 жылы 26 тамызда жұбайым Ақбайқызы Зубирамен танысып, отбасын құрдым. Сол жылы аудандық «Жаңа өмір» газетіне қызметке шақырылдым. Отбасылық жағдайыма байланысты ауылда қалып, «Жаңа өмір» газетінде штаттан тыс тілші болдым. Әскер
![]()
де жүргенде туған жерім, өскен ауылым және оның болашағы жайында көп ойға шоматынмын. Биік салынған үйлер мен еңселі ғимараттарға қарап арманым алға жетелей түсті.
Елге оралған соң, көкейде жүрген түйіткіл кетпей баспа беттерінде бірнеше рет сай-салада отырған қазақы ауылдың мәселесін көтердім. Тұрғын үйлерді салу үшін жер бөліп, көше тілдіру қажеттігін айтып, жаңашыл бастама көтердім. Ауыл бой көтерген соң, балабақша, мектеп, жастар баратын орын - мәдениет үйін салуға көңіл бөлулерін сұрап, газет бетіне тағы да мақала жаздым. Осы баспасөз беттерінде жарияланған өзекті мәселеге орай, ауданнан комиссия құрылып, игі ісіме қолдау көрсетті. Сол құрылыс нысандарының кірпіштасын алғашқылардың бірі болып өзім қаладым. Өткен күндердің белгісіндей, қазір өзімнің немерелерім барып оқып, білім алып жүрген іргетасы мықты ауыл мектебі әлі қызмет етіп тұр.
1962 жылы 60 га жерге картоп отырғызылып, картоп суарушылар звеносының жетекшісі болдым. Қыс мезгілінен бастап ерте көктемге дейін жерге егілетін картопты сұрыптап дайындаймыз. Жоғары өнім алу үшін ерте көктемде егіс алқабына егілетін картопты 12-14 күн алдын ала күн көзіне шығарамыз. Жерге отырғызылатын тұқымдық түйіндерін жылытып, оны 2 процентті формалинмен және микроэлементтермен өңдейміз. Жылда картоп егу науқаны 15 сәуір мен 10 мамырға дейінгі уақытта СКГ-4Б маркалы арнайы тұқым себетін трактормен тереңдігі 10-12 см, аралығын 70 см етіп жүйекке отырғызу тізбегіне сәйкес егіледі.
![]()
Картопты жерге екпес алдын және арамшөп баспас үшін жүйектерге аммиак тыңайтқышын араластырып бір су жүргізіп аламыз. Картоптың сабағы 10-12 күнде қылтиып шыға бастағанда топырағын түбіне үйіп отырамыз. Екі рет топырағы үйілген жерге культивация салады. Әбден дайын болғасын мамыр айының соңында бірінші суды салатынбыз. Картоптың қазылатын уақыты күзге дейін жалпы алты рет суғарамыз.
Картоптың әкелінген жаңа сұрыптарының мерзімі екі-үш жылға дейін қайталап егуге жарамды болады. Совхоздың тұқым себу агрономы И.В.Решетилов ол жағын жіті бақылап отырады. Совхоз өнім беруіне байланысты Қазақстандық «Альма» сорты, Ресейден «Королевский», «Приекульский ранний», «Волжанин», «Маджестик», «Седов», «Лорх» деген бірнеше сұрыптарын үш жылда ауыстырып егіп отырды.
Біз әскери аймаққа қарайтын болғандықтан, картоп қазу науқанында өнімін теруге көмекке әскердегі солдаттарды екі айға әкелетін. Көбінесе ол уақытта әскерилер орыс шенді болатын. 1968 жылдары қазіргі Қазақстан Республикасының мемлекеттік және әскери қайраткері, халық батыры, Армия генералы Мұхтар Қапашұлы Алтынбаевпен таныстым. Ол кездері басқарып келгенде әлі есімде, өзі жас, мінезі салмақты, капитан шені бар болатын. Кейін жоғары қызметке көтерілгенін естіп, қуанып жатырмын», – дейді.
Барлық қоғамдық жұмыстарда белсенді, сондай-ақ совхоздың шебер картоп өсіруші еңбеккері болған Әбзелбек Татекұлы 1970-1978 жылдары Алматыдағы ВДНХ көрмесіне қатысып, Алматы қаласы И.В.Панфилов паркіндегі Ортаазия әскери аймағының
![]()
жиналысы өтетін сарайда мінберде сөз сөйледі. Кейіпкеріміздің КСРО кезінде Ташкент Мәскеу Алматы қалаларының КСРО халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде суреттері ілулі тұрды.
Осы картоп өсіруде озат звено жетекшісі болған Әбзелбек Татекұлы әр жылда, әр бесжылдықта берілген жоспарды асыра орындауда жоғары көрсеткіш көрсеткені үшін бірнеше мәрте жоғары наградалармен марапатталып, 1988 жылы ауданды дүр сілкіндіріп жаңа рекорд орнатты. Осы тұста ең жоғары награда «Еңбек Еріне» ұсынылды.
Бұрынғы Кеңес өкіметі тарап, Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін де соңғы 3 жыл осы совхозда звено жетекші ретінде берілген жоспарды асыра орындап еңбек етті, совхоз тарайтын соңғы жылдары алыс-жақын шетелдерден голландтық картоп түрлерін әкеліп отырғызып жерсіндіреді. Ең бай «Бурненский» совхозы Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін банкрот жариялап, 1995 жылы таратылады да, ауыл шаруашылығының өркендеуіне тынымсыз өз үлесін қосқан Әбзелбек Татекұлы осы жылы құрметті зейнет демалысына шығады.
Есіл еңбек еленбей қала ма, Әбзелбек Татекұлының қол жеткізген жетістіктері туралы бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды.
М.Құлибайұлының «Өмірін еңбекпен өрнектеген», А.Ормантайдың «Еңбекпен ерте есейген», А.Аянның «Жаны жайсаң жақсы аға», А.Попов «Картоп шебері» секілді бірнеше мақалаларды газет бетіне жариялады.
Зейнеткерлікке шыққан соң да қарап отырмай, егін даласында білегін сыбанған Әбзелбек Татекұлы екі жылдан кейін 34 га жер телімін жекеге алып, «Зубира» атты шаруа қожалығын құрды. 1997-2017 жылдар аралығында жиырма жыл уақыт осы шаруа қожалығын басқарады.
Зейнеткерлікке шықса да, қолынан қаламын тастамаған Әбзелбек Татекұлының 1961 жылдан әлі күнге дейін түрлі тақырыпта ой қозғап жазған бірнеше мақаласы «Ақ жол», «Жаңа өмір» газет беттерінде жарияланып келеді. Өзінің еңбек жылдарында жасаған табысты еңбектері туралы совхоз басшыларының, сұхбаттасқан тілшілердің материалдары үздіксіз аудандық, облыстық ақпарат беттерінде жарық көрді. 1966 жылы Ташкент қаласы Фрунзевец баспасынан шыққан «Опыт передовиков в практику» кітабына көрсеткіш еңбектері мен с
![]()
уреттері, 1998 жылы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, белгілі журналист Мырзахан Ахметтің «Жері, суы дуалы-Жуалы» атты тарихи-танымдық кітабына енді.
2013 жылы өзі жазған «Туған ауылым Қызылкүншығыс» атты естелік кітабы жарық көріп, кітаптың бір-екі данасы аудандық кітапхана мен ауылдың мектебіне сыйға тартылды. Әлі күнге дейін ауданда болып жатқан мерекелік іс-шараларға шақырылып, жиындарға қатысып отыратын Әбзелбек Татекұлы ауыл мешітіне көмек ретінде игі бастама көтеріп, тұрғындар арасында байланыс жұмыстар жүргізуде септігін тигізді. Жыл сайын ауылдағы білім беру ордасы М.Әуезов атындағы орта мектебінің оқушыларымен кездесу кештеріне қатысып, жүріп өткен өмір жолдарын баяндайтын асқар тұлға оқушыларды елін, жерін сүюге, еңбекқор болуға үйретіп, Отанға адал қызмет етіп, патриот болуға ақыл-кеңес айтып келе жатқан қазыналы қария.
Әбзелбек Татекұлы еңбек еткен жылдары түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болып, мерейі үстем болған айбынды азамат.
Таратып айтсақ:
- 1962-1963 жылдары Армия генералы И.Федюнинскийдің Құрмет Грамотасы;
- КСРО Қорғаныс министрінің Грамотасы;
- Армия генералы И.Федюнинскийдің Грамотасы;
- 1966 жылы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысқаны жөнінде Куәлік;
- 1967 жылы «СССР-дің Халық шаруашылығындағы жетістіктері үшін» Күміс медалі;
- 1968 жылы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінен Куәлік;
- 1969 жылы «Коммунистік еңбек озаты» атағы;
- 1970 жылы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінен Куәлік;
- 1971 жылы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінен Куәлік;
- 1973 жылы «Коммунистік еңбек озаты» атағы;
- «1977 жылдың социалистік жарыс Жеңімпазы» белгісі;
- 1978 жылы КСРО Қорғаныс министрінің орынбасары С.Куркоткиннің «Ерен еңбегі үшін» медалі;
- САВО әскери қолбасшысы генерал-полковник И. Лушевтің Құттықтау хаты;
![]()
- 1984 жылы КСРО Қорғаныс министрі және Кәсіподақтар Орталық комитетінен «ХІ бесжылдық озаты» белгісі;
- 1985 жылы «Бурненский» совхозының картоп суарушы звенолары арасындағы социалистік жарысынан І орын;
- Ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалі;
- 1986 жылы Ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбегі үшін КСРО-ның Жоғарғы Совет Прези-
- диумының атқару комитетінің ұйғарымымен «Еңбек ардагері» медалі;
- КСРО Қорғаныс министрі және Кәсіподақтар Орталық комитетінен «ХІ бесжылдық озаты» белгісі;«Социалистік жарыста жоғарғы көрсеткіштері» үшін Диплом;
- 1987 жылы «ХІІ бесжылдықтың екі жылының тапсырмасын мерзімінен бұрын Ұлы
- Октябрьдің 70 жылдығына орай асыра орындау жолындағы социалистік жарыстың жеңімпазы» Қазақстан Компартиясы, Жамбыл облыстық комитеті, Кәсіподақтардың облыстық советінің Құттықтау хаты;
- 1988 жылы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күніне байланысты «Жоғарғы көрсеткіштері үшін», САВО Бурненский совхозының директоры А. Гетман, секретарь Т. Олизаренко, профком Л.Еременконың Дипломы;
![]()
- 1988 жылдың І ж/ж бойынша Бүкілодақтық социалистік жарыста жоғарғы көрсеткіштерге ие болғаны үшін Грамота;
- 1989 жылы КСРО Қорғаныс министрі және Кәсіподақтар Орталық комитетінен «ХІІ бесжылдық озаты» белгісі;
- 2015 жылы «Ұлы Жеңіске 70 жыл» мерекелік медалі;
- 2020 жылы «Ұлы Жеңіске 75 жыл» мерекелік медалі;
- «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері.
Еңбек майданында қолын төмен тіремеген еңбек адамы Әбзелбек Татекұлы өмірлік жары Ақбайқызы Зубира екеуі перзенттерін өсіріп, тәрбиелеп, құтты орындарына қондырды. Қыздары Нұржамал, Айымжамал және ұлы Ердаулет мамандығы бойынша мұғалім, үлкен ұлы Нұрдаулет әке жолымен «Зубира» шаруа қожалығының басшысы қызметінде, кіші қызы Нұржамила Тараз қаласында перинаталдық орталықта акушер болып жұмыс жасайды. Ұл-қыздарынан тараған он төрт немере, он төрт шөберенің құрметті атасы.