Дәуітов Дәурен

Рейтинг:

Кәсіптің көзін тапқан

      Тамырында тектіліктің бүлкілі ойнап тұрған тарихқа назар аударсақ, ұшса қыранның қанаты талатын қазақ даласының қай аймағы да құтты, топырағы қасиетті мекен. Тасын түртсең тарихы сөйлейтін, ақынының аузынан шындықтың оты лапылдап, қабырғасымен ел қорғаған батырларынан ерлік пен елдіктің, намысты қолдан бермеген ұлы рухтың сөнбейтін сәулесі сезілетін, құм ортасында жатса да құдіретін жоймай, қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмаған өңірлердің бірі - Ақтөбе аймағы. 
      «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақалдың астарына терең үңілетін болсақ, онда үлкен мән жатыр. Қазіргі жаңа қоғамда ерінбеген адамға жұмыстың сан түрі жетерлік. Демек, екі қолға бір күрек табылады. Иә, еңбектің адамзатқа берер пайдасы орасан зор. Сол арқылы өзіне де, өзгеге де, яғни қоғамға, халыққа, отбасыға, жеке адамзатқа пайдалы болмақ. Дана халқымыз «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтпаған ғой. Дәуітов Дәурен Өтесінұлы бүгінде кәсіптің көзін тауып, елге игілігін тигізіп отырған азамат. Өзінің басшылығымен «Дәурен» шаруа қожалығын құрып, оның жұмысының жүріп кетуіне талмай-қажымай еңбек етіп, бүгінде нәтижесін көріп, жемісін жеп отыр.
      Даланың жусан иісін құмарлана жұтып, түлік төлін белдеуге байлап, ірі-қараны өсіруді кәсіп еткен Дәурен Өтесінұлы 1986 жылдың 9-шы шілдесінде шұғылалы Шалқар ауданына қарасты Жаңақоңыс елді мекенінде дүниеге келді. Әкесі мен анасы ұзақ жылдар отар-отар қой бағып, мал шаруашылығы саласында аянбай еңбек сіңірген, 2 ұл, 4 қыз өсіріп тәрбиелеп, құтты орындарына қондырып, тіршілігін мал шаруашылығымен байланыстырған қарапайым шаруа адамдары болған.
      Төрт мезгілін де мақтанышпен айта алатын қазақ даласының қай өңірінің де табиғаты менмұндалап тұрған өзіндік сұлулықтары бар емес пе, Дәурен Өтесінұлы да төсі малға, төскейі жасыл шөпке толы құтты мекенде бақытты балалығын өткізді. Түрлі қиындықтармен бетпе-бет келсе де, ойын баласы кезін еңбекке айырбастаса да ата-анасының құшағында болған барлық бала бақытты.       Міне, әкеден тәрбие, анадан тәлім алған кейіпкеріміздің өзінің жылдам қимылы, ой ұшқырлығының арқасында тетелес достары арасында ерекше көрініп, 1992 жылы М.И.Калинин атындағы қазақ орта мектебінде алғаш білім табалдырығын аттаған соң да, есте сақтау, алғырлық қабілеттерімен көзге түсе білді. Жас кезінде алған білімің тасқа жазылғандай болатыны секілді, мектеп өмірімен біте қайнасып кеткен ол сыныптағы, кейіннен мектептегі алдыңғы қатарлы оқушылардың бірі болды. 
      1996 жылы төрт жылдық бастауыш мектебін бітірген кейіпкеріміз ата-анасы мал шаруашылығы бағытында қоныс аударған соң, 1997 жылы әрі қарай білімін жалғастыру үшін Шалқар қаласындағы №2 мектеп-гимназия интернатына ауысып, 10-11 сыныпты Жаңақоныс қазақ орта мектебінде бітіреді.
      Мектепті аяқтағаннан кейін Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе көлік және жаңа технологиялар колледжіне оқуға түсіп, «Телекоммуникация» мамандығын тәмәмдап шыққан соң ауылына келіп, бала кездегі мал шаруашылығына деген қызығушылығының әлі де болса басылмағандығын байқап, мамандық бойынша емес, мал шаруашылығымен айналысуды жөн көрді. Ата-анасы, ағасы Қуатжанның адал еңбектерінің арқасында жинаған азын-аулақ мал басын көбейтуге өз үлесін қосу үшін 2013 жылы «Дәурен» шаруа қожалығын ашады.
      Қазір бұл шаруашылықтағы төрт түлік жазда «Рай» деп аталатын жайлауды жайлап, қыста Сайқұдық деген жерде қыстап шығады. Тиесілі жер көлемі - 11500 га. 2016 жылдан бастап бұл қожалық шөп шабуды да кәсіпке айналдырып, өздерінен артылғанын сатып, ауылдастарын мал азығымен қамтамасыз етеді. Сайқұдықтың бойынан үй салынып, малға қыстық пана болу үшін 11х40 көлемінде кашар салынды. «Дәурен» қожалығын дамыту үшін жұмысшылар мен техникалар алынып, қазіргі таңда қожалық 4 адамды жұмыспен қамтып, 3 трактор, 2 шөп тиегіш, 1 шөп буғыш, 3 прицеп, 14 метрлік «Урал» техникасы бар.
      «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» демекші Дәурен Өтесінұлы өз қамын ғана ойламай, туған жері Жаңақоныс елді мекенінің халқынан өз көмегін ешқашан аяған емес. Туған ауылының қысы қарлы, жазда құм көшуіне байланысты құм мен қардан тазалауға техникамен үлес қосып келеді. Әр жыл сайын «Мектепке жол» акциясына үлес қосып, аз қамтылған отбасыларды азық түлікпен қамтамасыз етіп келеді. Осындай ізгілікті істерге жақындығы үшін облыстық телеарна тілшілері оның кәсібі жөнінде арнайы хабар да түсірген болатын. Шаруашылық басындағы осындай үйлесімділіктері үшін бірнеше мәрте аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапаталды. 
      Атап айтар болсақ:
      2017 жылы Шалқар ауданының құрылғанына 85 жыл толуына орай ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, күш-жігерін жұмсап, аудан экономикасының өсуіне өз үлесін қосқаны үшін Шалқар ауданы әкімінің Алғыс хаты;
      2018-2020 жылдары Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында ауылдық округтің ауыл шаруашылығы саласының дамуына, қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, ауылдың көркеюі мен абаттануына, кәсіпкерлік саласының қалыптасуына, аудан және округ көлемінде өтетін әртүрлі шараларға қосқан сүбелі үлесі үшін Жаңақоныс ауылдық округі әкімінің Алғыс хаты.
      Тегеуріні темірдей нарықтың тілін түсініп, ел мұқтажын өтеген кәсіпкер қайырымдылық іс-шараларына үзбей қатысып келеді. Өмір – мейірімді әрі алтын жүректі адамдардың жақсылығымен, шарапатымен өз білігінде айналып келеді. Кәсіпкерлік қызметті алып жүргеннен кейін тек өзіңнің кәсібіңе ғана көңіл бөліп қою жеткіліксіз. Талапкер басшы, кәсіпкер болса да, қолында барды бөлісіп жеуге үйреткен ата-анасының өнегесінің арқасында қоғамның кеш дамыған, өзге де көмекке мұқтаж, осал топтарына назардан тыс қалдырған емес. Берекені беретін де, оны игілікті істерге жұмсауға мүмкіндік туғызатын да бір Алла!
      Сондықтан табысының бір бөлігін әлеуметтік жағдайлары төмен, денсаулығы нашар жандарға жұмсап, өзінің оқыған мектебіне де жиі көмектесіп тұрады. Қолынан келгенше мұқтаж жандардың қолын қайтармай, көмек көрсетіп келеді. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қажетті заттарын алып беріп, жем-шөбін түсіріп беріп, оқу құралдарымен, киім-кешекпен қамтып отыр. Әлеуеті аз отбасыларға тұрақты түрде көмектесіп отыруды дәстүрге айналдырған.
      Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ түрсек, «Адамның бақыты — балада» деген. Жарық дүниенің жарығы жүзін шарпыған әрбір жан өмір бойы қуып келе жатқан бақыт деген құдіретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келеді. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Алайда, адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса, адам өмірінің мәні — өз ұрпағы. 
      «2021 жылы әкем Өтесін өмірден өткеннен кейін Шалқар қаласына қоныс аударып, Мерей есімді арумен отбасын құрдым. 2023 жылы әкем Өтесіннің өзі көрмесе де, аманаттап атын қойып кеткен Ақжан есімді ұлым өмірге келді. Қазіргі таңда анамның ақ батасымен бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір кешіп жатырмыз» - деп, әке аманатын орындаған Дәурен Өтесінұлы шаңырағының берекесін кіргізіп отырған жары Мереймен бақытты отбасы. 
      Адамға өз елінің шын патриоты болу үшін көп нәрсе керек емес. Себебі, шын патриот адамның бойында таза еңбек жатады. Ол ешуақытта тіліне, дініне, салт-дәстүріне қырын қарамайтындығымен өзгелерден дараланып тұрады. Сондықтан да адамды абырой мен даңқтың биігіне асқақтатып шығаратын оның еткен еңбегі, ел алғысы және өзінің шынайы адамгершілік болмысы. 
      Ол ылғи да «Әділдік пен тазалық осы адалдықтан шығады» деп айтып жүреді. Осы тұжырымның өзінен-ақ оның өмірлік ұстанымы еңбек, отбасы, ұрпақ тәрбиелеу, өсу, өрлеу, қиындықтарға мойымай жеңе білуде екенін аңғаруға болады.
      Табысты кәсіпкер, ауыл шаруашылығының дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан Дәуітов Дәурен Өтесінұлына еңбегі жана берсін деген тілек білдіреміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
19 апреля 2024 22:06
Азамат

Даурен.Ауылшаруашылығын дамытып,елге ісі тигізген улкен азамат,өз қамын ойламай жұртқа жақсылық жасап жүрген азамат.

Последние комментарии

Вчера, 00:06
Pavel Bondarenko
Дмитрий Александрович подарил мне вторую жизнь, до, и после. Самая лучшая команда, профессионализм и стремление к...
1 мая 2024 10:41
BERIK AZHIBEKOV
Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!!! Әрқашан жүрегіміздесіз!!! Әке деп айтатын адам!!!...
27 апреля 2024 12:52
Канат
Болат-Мағауя, еңбектерін жана берсін, ұрпақтарың өсіп өніп бақытты болыңдар. Қанат, Ақыл, Алмас, Олжас, Карим ...