Жаңбыршин Нұрқасын

Рейтинг:

Кәсіп түбі – береке

      Жесең - ас, шөлдесең - сусын, кисең - киім, мінсең - көлік болған төрт түлік мал аталарымыздың да өмірін берекелі етіп қойған жоқ, оның ұрпақтарының да шаңырағына шаттық, кәсібіне береке ұялатып, табысын еселеп келеді. Шудаларын шаң баса желіп өткен өркешті жануардың қомына жабысып, төрт тұяғын тең алған тұлпардың жалына жабысып, туған айдың өтерін, шыққан күннің батарын, тілі тоқтамай зырғыған сағатпен өлшеген уақыт өз дегеніне бағындырып келеді. Адымыңды қысқа алып, аяғыңды кейін тартсаң, шыққан биігіңнен ысырып, кәсібіңді тұралататын, бәсекелестік биіктігіне жетелейтін нарықтық қоғам жаңа технологиялардың жетегіне еріп қарыштап дамуда. Аталарымыздың тіршілік нәріне айналған мал щаруашылығы біраз уақыт ауру адамдай аяғын сылтып басса да, жаңа ғасырдың басында ата кәсіп қайта жанданып келеді.
      Қазақылығымыздың қаймағы бұзылмаған өңірде тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз етіп жүрген, кәсіпкерлік сәйгүлігін сұлы беріп баптаған, текті ата-ананың тұяғы болған арда азаматтар жоқ емес. Ел игілігіне қызмет етіп келе жатқан, нәзік жанды болса да қажырлығы, қайсарлығы, еңбекқорлығының арқасында ер азаматқа лайықты істерді атқарып келе жатқан бір беттік мақалаға емес, бір кітапқа сұранып тұрған тұлға. Біздің кейіпкеріміз сөзінде ақыл, кеңесінде тәлім мен тағылым тұнған, әке ізін жалғап, бір әулеттің перзенттері болып, ізіне ерген бауырларымен отбасылық кәсіпті жандандырып, оң жамбасына келген істің арбасын ілгерілетіп, өрге сүйреп келе жатқан, «Саят» шаруа қожалығының басшысы Жаңбыршин Нұрқасын Есенғалиұлы. 
      Ата кәсіптің тізгінін қолына ұстап, жергілікті халықты сапалы ет өнімдерімен қаматамасыз етумен қатар, бірнеше адамды жұмыспен, жоғарғы жалақымен қамтып келе жатқан Нұрқасын Есенғалиұлы 1949 жылдың 4 желтоқсанында Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Жаман-Ағаш колхозы, Ащысай ауылдық кеңесінде дүниеге келді. Әкесі Жаңбыршин Есенғали мен анасы Зейнел Сағындыққызы колхозда жұмыс жасаған еңбек адамдары.
      Тарих тасын төңкеріп қарасаң, талай дүлділдер мен бұлбұлдар, серпіген тұяғы таудан да асқан ұлы тұлғалардың кіндік қаны тамған қасиетті топырақта балалығын өткізген кейіпкеріміз аузы дуалы ақсақалынан есті сөздер естіп, батасын алып өскен баталы перзент. 1956 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1963 жылы 8 жылдық бастауыш мектепті бітіріп шыққан соң, 1964 жылы тракторшы курсын бітіріп, Ленин атындағы (қазіргі Ақсай ауылы) совхозға тракторшы болып орналасты. 
      Бағамдай білгеннің бағын асырып, жүре білгеннің жүзін жарық етіп, еңбектене білгеннің еңсесін тіктейтін еңбек жолы шаруашылықпен байланысты болған Нұрқасын Есенғалиұлы таңдаған саласын толық меңгеруде аяғын тартып қалған жоқ. Өзінің қызметтік міндеттемелерін уақытылы орындап, жауапкершілік жүгін көтере білген жас маман жарық мінезі, көтеріңкі көңілімен қызметкерлер, ұжымдастар ортасында сыйлы болды. Айтқан уәдесінде тұратын, кісіге қиянат жасау ең ұнамсыз әрекет болып көрінетін кейіпкеріміз үшін ең бірінші орында адамдық тұрды. Кішімін демеді, жастық жалауын желбірете жүріп, өзінің атқарушылық, ұйымдастырушылық қабілетімен басшылықтың көзіне түсіп, күннен күнге сенім үдесінен шығып, қызметте де сатылай көтеріліп келе жатты.
      1967-1968 жылдары қазіргі Мұғалжар ауданының орталығында «Шоферлық» курсын бітіріп алған Нұрқасын Есенғалиұлы 1968 жылы Кеңес Әскері сапында Венгер халық Республикасында азаматтық борышын өтеп қайтты. Ол жақта да Зил-157, Зил 130 айдап, әскери жүргізуші болып, Д-30, М-30 ауыр артиллерияны (гаубицаны) сүйрейтін машина айдайды. 
      1970 жылы әскерден келген соң, Ленин атындағы совхоздағы жұмысын жалғастырады. 1976 жылы Дмитров атындағы орта мектептің толық курсын бітіріп, сол жылы Ақтөбе индустриялды-педагогикалық техникумына сырттай түсіп, 1981 жылы «техник-механик», «өндірістік оқу мастері» деген біліктілік алып шығады.
      Темір ауданы Ленин атындағы кеңшарда тракторшы, трактор бригадасының бригадирі, МТМ меңгерушісі қызметтерін атқарып, жоғарғы еңбек көрсеткіштеріне қол жеткізіп, 1976 жылы мың гектар жердің егінін орса, 1982 жылы «Нива» комбайнымен 6725 центнер астық бастырып, маусымдық нормасын 258 пайызға орындайды. 
      1985 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтына сырттай оқуға түсіп, білімін арттыра түскен Нұрқасын Есенғалиұлы 1991 жылы «Агроном» мамандығын алып шығады.
      Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдар бір орталықтан ас ішіп, біріге тіршілік шаңырағын көтеріп отырған халықтың берекесін қашырып жіберген кез еді. Көптің көңіліндегі «Ертең не болар екен?» деген сұрақ күнен күнге өсіп, ауылдағы ағайын қалаға көшіп келіп, қаладағылар ала дорбасын арқалап, нарықтың сауда қазанында қайнап жатқан кезі еді. Бір орталыққа бағынған жүйенің жібін ұстап үйренген елдің көбісі күнделікті табысты қанағат етіп жүрсе, саудадан хабары бар, көкірегі ашық азаматтар үкіметпен бірлесе жұмыс жасап, ата кәсіптің жүгенін қолына қайта ұстап еді. Осындай, ерте бас көтерген, нарықтың тілін ерте түсінген ат төбеліндей аз ғана топтың ішінде Нұрқасын Есенғалиұлы да, отбасы да бар еді. 
      Әрекет етіп, берекені Алладан тілейтін халықтың ұлы емеспіз бе, аяғына оралған «Ертең не болады екен?» деген күдікті сілкіп тастап, Нұрқасын Есенғалиұлы «Саят» шаруа қожалығын құрады.Тартқанның таянғанына жетпейтін сол жылдары шаруа қожалығы деп атын дүркіретіп ашқанымен, көңіл жамау, қалта тесік еді. Алғашқы жылдары қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, бұғанасы қатпаған балаларын қасына ертіп, алғашында егін салады. Бірақ егін піскенімен, оны қайда, қалай сатуды білмеген еді. Алғашқыда саудалап, ақша айналымы болмаған соң, бартерлік әдіспен, айырбас сауда жасады.
      Бүгінгі таңда «Саят» шаруа қожалығы қанатын кең жайған. 224 гектар жері бар, бидай өсіруден алдыңғы қатарда келе жатқан шаруа қожалықтарының бірі. 
      Нұрқасын Есенғалиұлы еңбек еткен жылдары тек биіктерден көрініп, жетістіктерге қол жеткізген еңбексүйгіштігінің арқасында түрлі деңгейдегі дипломдармен, мақтау грамоталарымен, аудан, облыс әкімдері және ауыл шаруашылығы басқармасының Алғыс хат, Құрмет Грамоталарымен марапатталды. 
      Шағын кәсібін сонау бір тоқырау жылдарында шашауын шығармай алып шығып, бүгінгі таңда үлкен қожалыққа айналдырып отырған Нұрқасын Есенғалиұлы отбасында арқа сүйер азамат, асқар тау әке. Шаңырағының берекесін кіргізіп отырған жары Құлкенова Ырза Алменқызы екеуі саналы ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.
      Үлкен қызы, мейірбике Ардақ пен күйеу баласы, дәрігер-хирург Кушенов Серік Сағиданұлы екеуінің Ләззат, Бекжан, Марғұлан атты балалары бар. 
      Қызы бухгалтерия саласында еңбек ететін Гауһар мен жолдасы Марлен екеуінің Диас, Дидар, Расул атты балалары бар. 
      Қызы, режиссер Әсел мен жолдасы Нұрболат екеуінің Руслан, Жансен, Самғат, Анель, Айболат атты балалары бар. 
      Ұлы әскери қызметкер, полковник Азамат жары Махаббат екеуінің Нұрәлі, Жантөре, Жансұлу, Әміртөре атты балалары бар. 
      Ұлы Саламат пен жолдасы Жадыра екеуі Назерке, Сымбат, Хантөре атты балалары бар. 
      Ұлы Сағадат «Саят» шаруа қожалығында әкесінің көмекшісі. Мектепте ұстаздық ететін жары Жанаргүл Юрақызы екеуінің Мұстафа, Фарида, Мансұр, Марсел есімді балалары бар. 
      Кенже ұлы Саят кәсіпкерлікпен айналысады, жары Алтынай Серікқызы екеуі Раяна, Ахмат, Мұхаммат есімді перзенттері бар.
      Нұрқасын Есенғалиұлы қайырымдылық іс-шараларына да белсене қатысып, қоғам назарынан тыс қалған емес, әлеуметтік көмекті күтетін жандарға үнемі қол ұшын созумен болды. Тұрмысы төмен отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға азық-түлік қоржындары, заттар және басқа да материалдық құндылықтар түрінде жүйелі түрде көмек көрсетіп келеді.       «Арғымақтың баласы аз оттар да, көп жусар, асыл ердің баласы аз ұйықтар да, көп жортар» деп, Махамбет ақын айтып өткендей, өмірін еңбекке арнап, адамдық деп аталатын аласармас асқар таудың басына, өзінің есімін, істеген жақсылықтарын, өлмес істерін өшпейтін жарық бейнесімен жазып келе жатқан, ауыл шаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлесін қоса білген Нұрқасын Есенғалиұлының кәсібіне табыс, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....
30 марта 2025 19:53
Людмила.
Наши самые дорогие, родные!!! БАХЫТЖАН Рахимжановичь здоровья вам и вашей большой семье! Горжусь, что с вами работала,...
25 марта 2025 23:30
Гульнар
Бүгінгі күні Серікбек пен Гульмира білімділігі мен біліктілігінің арқасында көптеген адамдардың алғысына бөлініп...