Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының хор әртісі,
«Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері
Өнермен өрілген өмір
Өнер мен мәдениет – домбыраның қос шегіндей жұптасқан, адам ғұмырына ғажайып пен әсемдік сыйлайтын егіз құбылыс. Бұл екеуінсіз азаматтық қоғам дамып, руханият тұлпары бәйгеден келе алмайды. Мәдениет саласы – адамзаттың санасымен бірге жасап, жаңарып, дамып келе жатқан салалардың бірі. Өйткені, мәдениет пен өнер – ұлттың үні, жан-дүниесі, руханият сарайы. Сондықтан да ол – мәңгілік құпиясын сіңірген ұлттық код.
![]()
Қандай кезеңде де адамзатты әлеуметтік тұрғыдан әлдендірумен қатар рухани жағынан да қолдау үлкен маңызға ие. Оған көптеген мысал келтіруге болады. Айталық, Екінші дүниежүзілік соғыстың жалыны бет қаратпай тұрған тұста да қазақ даласының әр түкпірінде ақындардың аламан айтысын өткізіп, елдің рухын ояту мақсатында өнердің туын тіктегені тарихтан белгілі. Халық арасынан шыққан ақын-жыраулармен қатар, өнер өрінде бұлбұл Күләш, мың бұрала билеген Шара, цирк өнерін тамашалатқан Қажымұқандар, ұрыс шебінен «Жас қазағын» аманат еткен Рамазан, майдан даласындағы сахна төрінде әнін әуелеткен Жүсіпбек, қарша бораған оқ астында сыңғырлата ән салған Роза Бағлановалар қиын кезеңде елге өнерімен рухани тірек бола білді. Осыдан-ақ мәдениет саласының ет пен сүйектен жаратылған жұмыр жүректі пенде үшін қаншалықты маңызды, мәнді екенін білуге болады.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз саналы ғұмырын мәдениет саласында арнап, ұлттық өнер болмысының ұлағатын ұлықтап, ата дәстүрді жаңғыртып келе жатқан өнерпаз, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының хор әртісі, «Мәдениет саласының үздігі» Мадиханова Нұргүл Нұрсанқызы 1963 жылы 13 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Мақаншы ауданы, Жарбұлақ ауылында дүниеге келді.
Айдынды Алакөлдің жағалауында дүниеге келген Нұргүл жүрегі кең Мадиханұлы Нұрсан мен тәрбиесі кен Дастарханқызы Тұрсынның отбасында ата-әжелерінің аялы алақанын сезініп, қазақы тәрбиенің қазыналы ордасында өсті.
![]()
Қайтпас қайсар жүректі Мадихан атасы алмағайып заманның қиындығын сезініп: «Балам, қилы заман болар, қиындықтың құрығы түссе, кәсібің – өлтірмес нәсібің болар», –деп, перзентіне түрлі өнерді игеруді өсиет еткен. Әке аманатына адал болған Нұргүлдің әкесі Нұрсан тоғыз өнердің басын қосқан алтын қолды жан болды.
Ақ кимешегі адамгершілігінің ақ туы болған Жамал әжесі намазын оқып болған соң, Нұргүліне ән салдыртып, нағашы апасы Мәкенмен бірге сүйсіне тыңдайды екен. Жиенінің жүрегіндегі өнердің шоғын атасы Дастарқанның ақ батасы алаулатты. Үндемес апасы да ән үйретіп,
Нұргүлдің жүрегіне өнердің дәнін сепкен. Осындай ортада көктемнің көгіне, жаздың жадыраған күніне, даланың желіне сырын айтып, жырын тыңдатқан Нұргүл өнерге деген құштарлықпен қанаттанып өсті.
1977 жылы отбасының Бахты ауылына қоныс аударуы өміріне жаңа леп келді. Атақты Әсет Найманбайұлының Ләззат Әсетова деген немересімен танысуы оның өнерге
![]()
деген қызығушылығын еселей түсті. Қос құрбы қызғалдақтай жарасып, көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесіне айналды. Сыныптастар Тойкенов Махмұт, қос дауыста құлпыртып ән салған Нұргүл мен Ләззат өнер байқауларының сәні, көңілді мерекелердің көркі болды. Нұргүлдің талабына тәнті болған Балқия апайы домбыра сатып алып беріп, орындаған әндерін магнитофонга жазғызып, барынша қолдау көрсетті.
Өнерге іңкәр қыз ұлы небір тарихи тұлғалар мен батырлар, дүлдүл ақындар мен таңды-таңға ұрып жырлаған жыршылар, дәулескер күйшілер дүниеге келген, топырағына кие дарыған өлкеде бақытты балалығын өткізді. Өз заманында көзі ашық, көкірегі ояу, ісі мен сөзінде адалдық пен адамдықтың иісі шығып тұрған ата-анадан тәлім алып, солардың қолдауымен өмір баспалдағын аттаған кейіпкеріміз Нұргүл Нұрсанқызы алдымен Жарбұлақ орта мектебінде, кейіннен Бахты орта мектебінде білім алды. Тарих тасында тағылымы қатталып, тағалы тұлпарының тұяғы талай жерге тиген
![]()
топырағы қасиетті мекенде білімін жетілдіріп, жарқын болашақтың шуағына жүзін жылытқан жас жеткіншек мектептің қабырғасында жүрген кезден-ақ өзінің зеректігімен, алғырлығымен көзге түсті. Үлкендердің ақылын көп тыңдап есті болып өскен шәкірт сабақ барысында да үздік шығып, айтары бар кітаптарды жиі қолға алып, әдебиетке жақын болып өсті. Бәлкім, бұл өмірінің де осы аты жазылар «алтын кітаппен» астасарын сезгендіктен де болар?!
Әке тәлімі, ана тәрбиесімен бойына сіңген үлкенге деген құрметі, кішіге деген ізетінің арқасында қатарластарының да алдыңғы сапында болып, мектепті үздіктер қатарында тәмамдады.
Қызмет пен отбасы жағдайына қарай Мақаншыға қоныс аударған кезде Нұргүл еш ойланбастан мәдениет саласына жұмысқа орналасты. Өнерге ғашық өрімдей қыз Семей қаласындағы Абай атындағы мәдени-ағарту училищесіне түсіп, оны бітірген соң аудан орталығындағы Мәдениет үйіне оралып, әншілік жолын бастады. Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Інжу-маржан» оркестрі, Халық театры жұмысына да белсене араласты.
Жас қыздың еңбекқорлығы мен өнерге деген сүйіспеншілігіне, тұнық даусына тәнті болған Тұрниса Берікболова: «Шын өнер шеберлікті шыңдауды талап етеді. Сен
![]()
Алматыға бар, оқы, біліміңді арттыр», – деп үнемі құлағына құйып отырды. Осы кезде «ел іші – өнер кеніші» деп, өнерпаздардың ішінен талантты, дарынды жастарды іздеген комиссия назарына ілініп, Алматыға жолдама алады.
Үмітін үкілеп келген Нұргүлді кәсіби мамандар мен оқытушылар тыңдап, Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрының жанынан ашылған вокалдық-хор студиясына қабылдайды. Оқуға ынталы, еңбектенуде жалықпайтын бойжеткен хор әртісі болғанына қуанышты еді. Ол хор деген құпия әлемнің сан бояулы үнге толы сиқырын сезінді, ғашық болды. Ол үшін хор әлемі телегей теңіз, мың сезімді өнердің мұхиты болды.
Кіммен болса да еркін араласып кететін ашық мінезді, әділ сөйлеп, игі істер жасағанды, қолынан келгенше біреуге көмектескенді жаны қалап тұратын жомарт жүректі Нұргүл білім алумен қатар қоғамдық өмірге белсене араласты.
Қайта айналып келмейтін студенттік өмірдің қызығы өз алдына, әр алуан үннің сан түрлі құбылатын әсем әлеміне енген шәкірт хор өнерін, ұжымдық ән салу ерекшелігін танып, зерттеп, үйрену барысында талмай ізденіп, оқып, үздіксіз дайындалды. Бірімен бірі үйлесіп, көкке өрлеген әуенді бір кісідей орындау шеберлігі тыңдарман жүрегіне жетіп,
![]()
құйылатынын, оның жауапкершілігін жан-дүниесімен, түпсана түйсігімен сезінген Нұргүл Нұрсанқызы бала кезден армандаған мақсатына қол жеткізу бақытын сезінді. Еліміздің мақтанышына айналған, ұлттық опера өнерінің алтын ордасы, өнердің қара шаңырағында қызмет ету жүрегіне сенім мен батылдық, мейірім мен ерекше махаббат ұялатты.
Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Кәукен Кенжетаев, Әлібек Дінішев және тағы басқа да төрткүл әлемге танымал, аңызға айналған жандар жүрген өнер айдынында бірге жүру бақытын жоғары бағалады. Еңбектен қол үзбей жүріп, Қыздар педагогикалық университетінен білім алды. Нұргүл Нұрсанқызы театрда тілегі бір Болатбекова Айман, Пошанова Кенжеайым, Мұздыбаева Қарлығаш сынды жаны сұлу, таланты терең құрбылармен сыйласты.
Иә, әсем әуезді әуен – жүрек тілі. Ол адам жанын тебірентетін, ерекше күй кештіретін, көңіл-күй сыйлайтын өзгеше бір әлем дерсек артық болмас. Рас, ол тап бір жәннатқа тең жарық әлем секілді. Өте әдемі әрі сиқырлы: тыңдаған адам жаны рақаттанып, шаршағанынан
![]()
арылып, көңілі көктем болып, жаны жаздай жайнайды. Ғажайып әлемге еніп, мол бақытқа кенеледі. Сиқырлы әуен өмірді, дүниені басқа қырынан танытады. Әдетте музыканы «көңілдің кілті» деп атайды. Себебі, музыка тыңдаған адамның көңілі лезде көтеріліп, өзін сабырға шақыра бастайды. Оның ерекшелігі сондай, ол кез келген адамның жан-дүниесін, ішкі сұлулығын, жүрегін сезінуге көмектеседі. Ол арқылы біз адамның жүрегіндегі жылулықты, мейірімділікті сезіне аламыз. Әсем әуен – осы әлемдегі ең құдіретті, қасиетті ұғым. Адамзат оны құдіреттеу арқылы бойына жақсы қасиеттерді сіңіре алады. Оны орындаушы арқылы да сезініп жатамыз. Орындаушының шеберлігі оның табиғилығы арқылы әнді әуездете біледі. Солай ол тыңдаушылардың жүрегіне жол табады. Иә, заманалар бойы музыка адамдардың шабытын оятып, көкке көтеріп, адамзатты тал бесігінде әлдилеп келді. Музыка алдында қарапайым шаруадан бастап құдіретті билеушілерге дейін бас иді. Ол әр халықтың пайда болу, орнығу, жаңа жерлерді игеру тарихынан сыр шертті. Әр халық өз әуенін өздері ойлап тапқан аспап арқылы жан-жаққа таратып отырды. Ырғақ, әуез, әуен арқылы сөзге жан бітірді, көркемдік үстеді, өміршең етті. Ән тарихы дегеннен шығады, мәселен, қазақ үшін «Елім-айдың» қадірі бөлек қой. Тұтас ұлттың қайғылы көшін түзеген сол бір әуенді естісе қалт тұра қалмайтын қазақ кемде-кем. Шындығында халықты біріктіретін әндер, әсіресе сүргін көрген жұрттың көшінде ел мен жұртқа тіреу болғаны, сүйеу болғаны анық қой. Ендеше, халықты сақтап қалған рухты әуен болып шықпай ма?
Театрда жұмыс істеген отыз жылдан астам уақытта тамаша таланттармен өнер төрінде кездесті, әр жылда жаңа достар тауып, жарқыраған жандармен сырлас болды. Соның бірі мен бірегейі – Гүлзат пен Қойшыбек болса, жастық дәуреннің жайнаған сәттерінің бірінде достары Қалижан мен Айсұлу композитор Қыдырбек, оның жары
![]()
Қымбатшамен кездесуіне себепкер болды. Тағы да тағдыр тың бастамаға бастау болды. Үндері үйлесіп, құлпыра құйылып түсетінін байқаған Қыдырбек Мәлібеков квартет құруға ұсыныс жасады. Сөйтіп, 90-шы жылдардың басында «Үкілі үміт» өнер байқауының көрермендер көзайымы, «Жас Қанат» байқауының дипломанты «Домбыра жүрек» төрттігі өмірге келді. Қыдырбектің гитарасының қоңыр үніне, Қойшыбектің домбырасы күмбірлей қосылса, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гүлзаттың сыңғырлаған сопрана үні Нұргүлдің майда қоңыр меццо-сопранасымен үйіріле үйлесіп, тыңдармандарды тәтті сезімге сан бөледі. Бұл күнде әрқайсысы өз биігінен танылған талантты жандар. Олардың өнердегі жолдары да, өмірдегі достықтары да үлкенге мақтан, кішіге үлгі.
Еңбекпен еңселенген Нұргүл Нұрсанқызы 2018 жылы «Мәдениет саласының үздігі» атанды. Қуаты мен шуағын арнаған ұлы Қайсармен бірге қара шаңыраққа барып, қуанышымен бөлісті. Анасы перзентіне мейірлене ақ батасын берсе, қамқор көңіл Күләш, Гүлнар, Айман мен Шолпан, Алмас, Асан, Айгүл, Айнұрлар мерейлі сәтті сүйіне, сүйсіне сүйіншіледі.
Өнер жолы – қиын жол. Оның да өзге мамандықтар секілді, соқпағы мен сүрлеуі, қызығы мен қуанышы болады. Бірақ, өзінің мойнына артылған жауапкершілікті сезініп, нардың да белі қайысатын мәдениеттің ауыр жүгін арқалап, алдына қойған межелер мен мақсаттарға жету жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан парасат иесі, тұғырлы тұлғалар туралы айту біз үшін зор мақтаныш. Олар атқарған ісін міндетсінбей, келер ұрпақтың қамы үшін мыңжылдық тарихы бар ұлттың өнері мен мәдениетін өрістетіп, мәңгілік ел болуға ұмтылған қазақ елінің болашақ өнерпаздарына аманаттау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Міне, өнер адамдарының еңбегі сондықтан да құнды, мағыналы, өлмейтін, жоғалып кетпейтін іс. Осындай, ұлттық болмысты ұлағатты етіп, ұлы елдің руханиятының дамуына өмірлік жолын сарп етіп келе жатқан мәдениет қайраткерлерінің біріне айналған, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының хор әртісі, «Мәдениет саласының үздігі» Нұргүл ханымға өзіңіз таңдаған өнер жолыңыз өрісті, талантты тағдырыңыз тағылымды, өміріңіз бақыттың бұлағы, шаттықтың шуағы болсын деген тілек білдіреміз!