Рахим Әбдірәсіл Нығманұлы

Рейтинг:

Мәдениет саласының ардагері, Қаражал қалалық мәслихатының 
VII шақырылымының депутаты, Қалалық Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары, 
«Халық алғысы», «Ерен еңбегі үшін», «За заслуги в искусстве», «Өнерге қосқан үлесі үшін» медальдарының иегері

Мәдениет пен өнердің майталманы

      Дүниеге келген баланы мәдениетті адам етіп тәрбиелеудің маңызы ерекше. Адамға ең қиыны – адам болу. Ал оның негізгі шарттарының бірі ретінде ізгілік пен зұлымдық, ақиқат пен жалғандық, әділеттілік пен өктемдік, бодандық пен азаттық, сұлулық пен ұсқынсыздық арасындағы адамның таңдауы. Соның нәтижесінде жеке тұлғада өзіндік сана тұрақталады, ол озық мәдениет үлгілерін өз бойына сіңіреді. Мәдениет игіліктерін жас нәресте анасының ақ сүтін еміп, оның әлди жырымен адамдық қасиеттерін өзінде қалыптастырады. Өнерлі, мәдениетті адам – қастандықтан, жауыздықтан алшақ келеді. Содан да болар мәдениет саласының қызметкерлері – жан дүниесі бай, ерекше жандар.
      Біздің бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған Рахим Әбдірәсіл Нығманұлы да өнер деп аталатын киелі әлемнің дарабозы, өлмес өнерді дәріптеп, ұлттық құндылақтармен әспеттелген дәстүрімізді музыкалық аспаптардың тілімен сөйлете біліп, руханият әлемінің өркендеп, сым пернесін баса сөйлесең сый әлеміңді ашатын музыкалық аспап пен әуеннің адамзат игілігіне қызмет ету жолына арнаған талантты өнер иесі, білікті басшы.    
      Абайша айтсақ, құлақтан кіріп бойды алған, сырлы сазы арқылы жүрекке жетіп, бақыт бесігінде тербелткен өнер саласында еңбек етіп, тұяғы тасты жарған талай талантты ұл-қыздарды тәрбиелеп шығарып, әлі де талайына қамшы салып келе жатқан Әбдірәсіл Нығманұлы 1960 жылдың 10 мамырында Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданына қарасты Дружба совхозында дүниеге келді. 
      Отыз тістен шыққан ақынының отты жыры отыз рулы елге тарап, тыңдармандарының жүрегіне әсем әнді жеткізе білген, қазақ өнерінің аспанында қыран болып қалықтаған текті тұлғалардың табаны тиген өлкеде бақытты балалығын өткізіп, осы жерде білім алды. Мектептен соң, сол кездегі үрдіс бойынша еңбек майданының ішіне білек сыбана кірісіп кете барады. Талапты жасқа тау да биік емес пе, Әбдірәсіл Нығманұлы ақыры өнер саласына бағыт алып, бірнеше жылдан кейін Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы музыкалық училищесіне оқуға түсіп, «Домбыра» мамандығы бойынша аяқтап шығады. 
      Өзінің алғашқы еңбек жолын Дружба совхозы, қазіргі Байдалы Би ауылында мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болып бастаған Әбдірәсіл Нығманұлы ауылдағы орта мектепті музыка пәнінің мұғалімі, кейіннен ауылда аудандық өнер мектебінің филиалы ашылуына байланысты домбыра сыныбының оқытушысы болып қызмет атақарады. Өнер адамының тұлғалық болмысы мен шығармашылығы да бөлек болатыны секілді, жүрген жерінде жастарды өнерге баулып, көзін ашуды күтіп жатқан бұлақтай, жас таланттардың тұсауын кесті де.
      1995 жылы Қаражал қаласына қоныс аударып, қалалық мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі, Қаражал қалалық №1 жалпы білім беретін орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқара жүріп, білім-біліктілігін де көтеруді екінші орынға ығыстырмаған Әбдірәсіл Нығманұлы 2000 жылы Қарағанды қаласындағы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінің филология факультетіне түсіп, «қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша аяқтап шығады. 2003 жылы Қарағанды қаласындағы №86 комплексті оқытатын жалпы білім беру өнер мектебінде домбыра және ансамбль пәндерінің оқытушысы, 2004 жылы Қаражал қаласы әкімінің шақыртуымен Қаражал қалалық мәдени сауық орталығының директоры, 2004-2005 жылдары қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бастығының орынбасары, 2005 жылдан Қаражал қаласы «Балалар өнер мектебі» КМҚК басшысы қызметтерін абыроймен атқарып, құрметті зейнет демалысына шықты. 
      «Жалпы алғанда өнер ордасы сонау 1961 жылы Қаражал әлі қала мәртебесін алмай тұрғанда ашылған екен. 1997 жылы оңтайластыру кезінде жеке меншік қолына өтіп, 2005 жылы қайтадан мемлекет қарауына алынған. Ол кезде тек аспапта ойнауға оқытатын мүмкіндік қана болды. Кейін 2010 жылы өнер мектебі ретінде қайта тіркеуден өттік. Бүгінгі күні аспаптық бөліммен қатар, бейнелеу өнері, хореография, театр және вокал сыныптарын ашып, оқушыларымызды өнердің сан алуан түрлеріне баулуға мүмкіндік алдық. 2005 жылы қыркүйекте 
      20 шақты оқушымыз болса, бүгінде оқушылар саны 300-ден асады. Оқушыларымыз Қазақстанның түкпір-түкпірінде өткен конкурстарға қатысып, жүлделі орындардан көріндік. Енді Қазақстаннан тыс жердегі конкурстарға қатысу жоспары тұрды алдымызда. 2019 жылы қала әкімдігінің қолдауымен өзім басқаратын «Сырлы саз» домбырашылар ансамблі Ресейдің Омск қаласында өткен «Берега Надежды» халықаралық конкурсына қатысып, жеңіспен оралдық.
      Өкінішке қарай қаншама конкурстардан шет мемлекеттерде өтетін конкурстарға тегін қатысу жолдамасын ұтып алсақ та, жол шығындарының өте қымбат болуына байланысты ешқайда шыға алмағанымыз қынжылтады. Аталған мәселенің шешімін табу мақсатында 2018 жылы Қазақстан Ұлттық Юнеско клубтары Федерациясының қатарына қабылдандық. Бұл жерде Қазақстандық Юнеско клубтары арасында белгілеген конкурстар ұйымдастырылады және жеңімпаздар Юнеско клубтары Федерациясының қолдауымен шет мемлекетте тегін өнер көрсетуге жолдама алады. 2020 жылы Қазақстандық Ұлттық Юнеско клубтары арасында «Ең танымал клуб» номинациясын жеңіп алдық. Және бір домбырашымыз бен театр сыныбының оқушылары кезекті бір конкурста финалға шығып, Темірбек 
      Жүргенов атындағы өнер академиясының оқытушыларынан мастер класс сабақтарын алу мүмкіндігіне ие болды», – дейді Әбдірәсіл Нығманұлы басшылық еткен жылдарындағы өнер мектебінің жұмыстары туралы айтып өтіп. 
      Өнер жолы – қиын жол. Оның да өзге мамандықтар секілді, соқпағы мен сүрлеуі, қызығы мен қуанышы болады. Бірақ, өзінің мойнына артылған жауапкершілікті сезініп, нардың да белі қайысатын мәдениеттің ауыр жүгін арқалап, алдына қойған межелер мен мақсаттарға жету жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан парасат иесі, тұғырлы тұлғалар туралы айту біз үшін зор мақтаныш. Олар, атқарған ісін міндетсінбей, келер ұрпақтың қамы үшін, мыңжылдық тарихы бар ұлттың өнері мен мәдениетін өрістетіп, мәңгілік ел болуға ұмтылған қазақ елінің болашақ өнерпаздарына аманаттау жолында аянбай еңбек ете білді.
      Міне, өнер адамдарының еңбегі сондықтан да құнды, мағыналы, өлмейтін, жоғалып кетпейтін іс. Әбдірәсіл Нығманұлының шығармашылық жетістігі өз алдына бір бөлек әңгіме.
      «Өмірдегі әртүрлі жағдайларға байланысты 20-дан астам әндерім мен күйлерім бар. «Әліппе», «Білімнің сара жолдары» (Бастауыш сыныппен қоштасу әні) әндері бастауыш мектеп оқушыларына арнап жазылған. 
      Қаражал қаласының №1 қазақ орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінде жүргенде мектептің 50 жылдық мерей тойына арнап жазған әнім «Мектеп маршы», (сөзін жазған сол кездегі мектеп директоры Дәулеткеримов Қ.Ә.) шыққан күннен мектептің әнұранына айналды. Қаражал қаласында қала мекемелері арасында тұрақты өтіп тұратын «Қызғалдақ көктем» фестиваліне бірнеше жазған әндерім (сөздерін Қ. Дәулеткеримов, Ү. Ақтомпышұлы жазған) сахнадан түскен жоқ. Сондай-ақ Қаражал қаласының 60 жылдық мерей тойы қарсаңында шыққан «Қаражалым» әні (әні де, сөзі де өзімдікі) көпшіліктің сүйікті әніне айналып, мерекелік концерттерде орындалып жүр. Шығарған ән-күйлерің елдің керегіне жарап, сахнада болсын, басқа жерлерде болсын орындалып жатса ғана «осындай әнім немесе күйім бар» деп айту керек шығар. 
      2014 жылы Бурабайдағы «Балдәурен» Республикалық Оқу сауықтыру орталығының базасында ұйымдастырылған Халықаралық конкурсқа қатысып, өзім жетекшілік ететін «Сырлы саз» домбырашылар ансамблі жүлделі І орынды жеңіп алдық. Сол конкурста көркемсөз номинациясына өзінің оқушысын алып келген Ақтөбелік Еркін Бақтияров деген азаматпен танысып, бірге жүрдік. Кейін Еркін Балдәуренге арнап шығарған жыр шумақтарын жіберді. Ал мен оған музыка жазып, бір ән туындады. 
      Кейін 2017 жылы тағы да сол «Балдәуренде» өткен бір конкурсқа қатысып, «Балдәурен» әнінің тұсауын кестік. Ән аталмыш оқу сауықтыру орталығының басшылығына ұнағаны соншалық, ән салып тұрған біздің он оқушымызға бір маусым тегін демалуға жолдама сыйлаған. Міне, өнердің құдыреті. Әнің естір құлаққа жетіп қана қоймай, бір пайдаға жарап жатса, одан артық бақыт бола ма өнер адамы үшін? Аталған ән «Қазақстан патриоты» оқушылар мен жастарға арналған Республикалық әскери- патриоттық журналында басылған. Бірнеше әндерім ай сайын мемлекеттік және орыс тілдерінде шығатын «Музыка жетекшісінің анықтамалығы» республикалық басылым беттерінде жарық көрген. Ал күйлер әлі нотаға жазылған қалпы өз орындаушыларын күтуде. Өзім де аса жарнамалап, ешкімге ұсынбаппын.
      Бүгінде зейнет жасында болсам да әлі де болса жеткіншек жас ұрпақты ұлттық өнерімізге баулу жолында жұмыстар жасап жатырмын. Қалалық Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары ретінде, сондай-ақ облыстық дін істері жөніндегі ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі ретінде кезегі келгенде жастарға ұлттық салт дәстүр, қазақи сана қалыптастыруда әңгімелер жүргізіп тұрамын», – дейді, ұлттық болмысты ұлағатты етіп, ұлы елдің руханиятының дамуына өмірлік жолын сарп етіп келе жатқан мәдениет қайраткерлеріміздің біріне айналған Әбдірәсіл Нығманұлы. 
      Еткен еңбегіңе, бағындырған биігіңе және қол жеткізген жетістігіңе байланысты халықтан алатын алғыс пен билік, басшылық, сала тарапынан алған марапаттарың да еңбегіңнің бір жемісі, мерейіңнің үстемдігі. Бұл жағынан келгенде кейіпкеріміз алғысқа кенде емес, әр жылдары түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
  •       2024 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Халық алғысы» медалі;
  •       «Ерен еңбегі үшін» медалі;
  •       «Қаражал қаласына 60 жыл» мерекелік медалі;
  •       Оқушыларды әртүрлі деңгейдегі конкурстарға қатыстырып, лауреаттар дайындағаны үшін конкурс ұйымдастырушыларының «За заслуги в искусстве» медалі;
  •       «Өнерге қосқан үлесі үшін» медалі;
  •       Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрінің Құрмет Грамотасы;
  •       Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің Алғыс хаты;
  •       «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» РМҚК басшысының Алғыс хаты;
  •       Сонымен қатар, облыстық білім басқармасының, қала әкімінің, қалалық білім бөлімінің Грамота, Алғыс хаттарымен марапатталды. 
      Тағылым гүлі солмайтын өнер гүлінің жайқалып өсіп, сазды әуенмен жұпарын шашу жолында еңбек етіп, қазақ мәдениетінің өркендеуіне, қалыптасуына өзіндік үлесін қоса білген Әбдірәсіл Нығманұлы қоғамдық істерге де белсене араласып, VII сайланған (2021–2025) Қаражал қалалық мәслихатының депутаты болып сайланып, халық пен билік арасындағы алтын көпір бола білді. 
      Отбасында асыл жар, асқар тау әкеге айналған Әбдірәсіл Нығманұлы жары, медицина саласының қызметкері, қазіргі таңда мектеп мейірбикесі болып еңбек ететін Бақтыгүл екеуі үш перзент тәрбиелеп өсіріп, Жәннат есімді немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже. 
      Үлкен ұлы Құрманғазы – полиция майоры, жары Малика екеуі Қаражал қалалық ішкі істер бөлімінде жұмыс істейді.
      Қызы Зарузат – Қарағанды қаласында журналист.
      Кіші ұлы Исмаил – «Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» Республикалық мемлекеттік мекемесінде бас маман. Жары Қызғалдақ – Бөкетов атындағы Қарағанды Университетінде психолог болып жұмыс жасайды. 
      Өзінен өрген ұл-қызының ортасында бақыт бесігінде тербеліп келе жатқан Әбдірәсіл Нығманұлының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 июня 2025 22:49
эльфрида пеэп
               Дорогой доктор! Пишу Вам от имени вашей пациентки Эльфриды Пеэп, которую Вы оперировали...
19 июня 2025 21:47
Колбик юрий
Харон привет если это ты ,то должен меня помнить,,колбик юрий старшина 4 роты в/ч 52557 ,,,85-87 Красноярск т...
25 мая 2025 00:32
Гулзада
Очень хороший человечный доктор. Человек с добрый душой 🌹 ...