Сүиімбай Жанболат Тасполатұлы

Рейтинг:

Ұлттық қолөнер шебері, «Атамұра» кәсіпорнының басшысы 

Ұлт болмысы – қолтаңбасында 

      «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме қазақ бабамыз. Қай кезде болмасын, өзінің баласының жетістіктерімен мақтанатын қазақтың дархан пейіліне жетері жоқ. Әңгімемізге арқау болып отырған Сүиімбай Жанболат Тасполатұлын «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат деуге болады. Өзінің бойында талай өнер тұнып жатыр. Өмірдің ағы мен қарасын тани білген парасатты тұлға. Шығармашылыққа жаны жақын, өлең-жыр десе күйіп тұратын, ойы орамды, тілі шебер. Ұлттық болмыстың ұлылығын бойына сіңірген, ұлағатты тұлға.
      «Ұлттық қолөнер – ұлтымыздың тарихи болмысын, рухани келбетін айшықтайтын асыл қазына» дейтін болсақ, сол асыл мұраны жүрегімен сезініп, алақанымен аялап, көз майын тауысып жүрген қолөнер шеберлерінің бірі – жасаған әрбір бұйымынан ғасырлар үнін, көшпенділер өркениетінің әсем сарынын естуге болатын, «Атамұра» шағын кәсіпорнының басшысы, ат-әбзелдерін жасаушы ұста Жанболат Тасполатұлы. Ол 1979 жылдың 16 желтоқсанында Түркістан облысы, Сауран ауданы, Нұртас ауылында дүниеге келген.
      Қасиетті топырақта бақытты балалық шағын өткізіп, Амангелді орта мектебінің табалдырығын аттап, білім нәрімен сусындаған жас Жанболат мектеп қабырғасында жүріп-ақ өнер саласына бет бұрған еді. Мектепті үздіктер қатарында тәмамдаған соң, «Жалын» колледжіне оқуға түсіп, арнаулы білім алады.
      Жанболат Тасполатұлының қолынан шыққан бұйымдар – жай ғана тұрмыстық зат емес, ұлттық нақышқа тұнып тұрған өнер туындылары. Ат-әбзелдерін жасаудағы ерекше талғампаздығы мен көркемдік шеберлігі көптің көңілінен шығып, жылдар бойы халықтың ықыласына бөленіп келеді. Атқа қонған қазақ үшін әбзелдің орны бөлек, оның безендірілуі мен беріктігі – шебердің айрықша қолтаңбасы. Сүиімбай Жанболаттың қолынан шыққан ер-тұрманның әрқайсысы бірегей. Былғарыны бедерлеп өрнектеуі, күміс пен алтын жалатылған әшекейлері көздің жауын алады.
      Қамшыны да ерекше қасиет тұтатын қазақ халқының ұлттық болмысын дәл таныған шебердің қолынан шыққан қамшылардың да көркемдігі ерекше. Олардың сабы мен өрімі үйлесімді өріліп, былғарының сапалы түрлерінен дайындалады. Қамшының өзі – қазақтың қайсар рухының, ұлттық болмысының символы болса, Жанболат Тасполатұлы жасаған қамшылар бұл символды одан әрі биіктете түседі.
      Әмияндар, сөмкелер мен белдіктерді де ерекше етіп жасап, оларды қазіргі заман талабына сай әрі ұлттық нақышта үйлестіру – Сүиімбай Жанболаттың ерекше қабілеті. Оның қолынан шыққан былғары әмияндар мен сөмкелер қолдың жылуын, ұлттық өнердің құндылығын сезіндіреді. Бұл бұйымдар қаланың да, даланың да адамдары үшін жарасымды әрі стильді көрінеді.
      Сүиімбай Жанболаттың тағы бір ерекшелігі – бес қаруды қайта тірілтіп, оларды тарихи шындыққа сай, аса көркем етіп жасай білуі. Қылыш, айбалта, найза, садақ пен шоқпар – осының бәрі шебердің қолынан шыққанда көненің көзіндей, бабалар аманатындай болып жаңғырып шыға келеді. Әрбір қарудың сапасы мен пішіні, былғары мен металдың ерекше үйлесімі – шебердің терең білімін, өнерге деген адалдығын дәлелдейді.
      Шебердің жұмыс орнында былғарының жұпар иісі аңқып тұрады, мұнда өнердің құдіреті мен еңбектің берекесі қатар ұштасып жатқандай әсер қалдырады. Жанболат Тасполатұлының әрбір туындысы – уақытпен бірге бағасы артатын, келер ұрпаққа мұра болып жететін құнды жәдігерлер десек, артық айтпағанымыз.
      Халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық көрмелерде жүлделі орындарға ие болған қолөнер шебері Жанболат Тасполатұлы ұлттық өнерді замана ағымымен үйлестіріп, өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырып, халықтың құрметі мен ризашылығына бөленіп жүр. Оның асқан шеберлігі мен таланты – қазақ қолөнерінің бүгінгі мақтанышы, ертеңгі тарихы.
      Он саусағынан өнер тамған Жанболат Тасполатұлы – отбасында асыл жар, асқар тау әке. Береке тұнған отбасының ырысын еселеп келе жатқан жары, математика пәнінің мұғалімі болып ұстаздық ететін Күмісбаева Гүлзира Есенбекқызы екеуі үш ұл мен үш қыз тәрбиелеп өсірді.
      Үлкен ұлы Ерқанат – құрылыс саласында еңбек етеді.
      Екінші ұлы Рамазан – әке бойындағы Жаратқан тарту еткен талант бұлағынан нәр алған шебер, мүсінші.
      Үшінші ұлы Нұрдәулет – әке жолын қуған қолөнерші, көрігі сөнбеген темір ұстасы. 
      Үлкен қызы Шапағат – болашақ ағылшын тілі маманы, студент.
      Екінші қызы Қарақат – болашақ дизайнер.
      Кенже қызы Аяжан – 5 жаста.
      Бояуы қанық ұлттық болмыстың қадірін жоғалтпай, нарықтық экономика кезінде де заман талабына сай түрленіп, аталар өмірінен хабар беретін қолөнер бұйымдарын жасап, халықтың көңілінен шығып келе жатқан талантты қолөнер шебері Жанболат Тасполатұлына денсаулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

12 июня 2026 14:28
Жаркын
Какая молодец, девушка из казахских степей Галина! Ее яркий творческий и целеустремленный, в то же время позитивный...
19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....