Мәдениет қайраткері, Мемлекеттік қызмет ардагері, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы,
«Мәдениет майталманы» сыйлығының иегері
Рухани мұраны тірілткен тұлға
Кітапханашы туралы ой толғағанда, көз алдына үнсіз жұмыс істеп тұрған жай ғана маман емес, адамзаттың ғасырлар бойы жинаған қазынасын сақтап, оны оқырман жүрегіне жеткізетін ерекше бір жан бітеді. Кітапханашы – сырт көзге сабырлы, бірақ оның ішкі әлемі сан түрлі әлемдермен үндесіп жатқан, руханияттың үнсіз күзетшісі. Ол күн сайынғы жұмысын жай ғана қызмет деп емес, білім мен мәдениеттің арасындағы алтын көпір деп қабылдайды.
![]()
Осындай, саналы ғұмырын мәдениет саласына арнаған Шибаева Мүгүлсім Ғұбайдуллақызының ғұмыр жолына үңілген сайын, оның әрбір қадамы мәдениет атты үлкен әлемнің шырағын жағып өткенін аңғару қиын емес. Туған жерден бастау алған талпыныс, кітап иісіне сіңген балаң арман, кейін аудан өмірінің рухани тынысын өзгерткен табанды еңбек – бәрі бір-біріне жалғасып, тұтас бір тағдырдың мәнін айқындап тұр. Аудандық кітапханадан басталған қызмет жолы мәдениетті ұйымдастырудың биік белесіне жетіп, көптеген ұрпақтың рухани қалыптасуына ықпал еткенін уақыттың өзі дәлелдеді.
Саналы ғұмырын руханият пен мәдениет әлеміне арнап, халықтың жүрегіне сәуле түсірген Шибаева Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданының Семізбұғы ауылында (бұрынғы Ульянов ауданы, Семізбұғы руднигі) дүниеге келді. Дархан даланың мейірін бойына сіңіріп өскен Мүгүлсімнің бала жаны ерте жастан өнердің құдіретін сезініп, руханиятқа құштар болып қалыптасты. Уақыт өте келе сол құштарлық оның бүкіл ғұмырын айқындап, ел мәдениетін өркендетуге бағытталған үлкен жолға бастады.
Әкесі Шибайұлы Ғұбайдулла – тектіліктің тұяғы, Қаржас руының Алтынторы, Жолымбет тармағынан тарайтын асыл әулеттің перзенті. Жолымбеттің төрт ұлының бірі – Қалқаман, содан Бұқар жырау өрбісе, Мүгүлсімнің әкесі екінші ұл – Назардан тарайтын бұтақ. Осылайша, әкесі Ғұбайдулла әйгілі Бұқар жыраумен жеті аталық түбі бір тұлға болып қосылатын, тамыры тереңге кеткен текті әулеттің өкілі еді.
![]()
Ғұбайдулла Шибайұлы – өз заманында абыройлы қызмет атқарған, сөзі мен ісі берік азамат. Ол ұзақ жылдар бойы Мәскеуге қарасты Семізбұғы руднигінің дүкендер орталығын басқарды. 1969 жылы 66 жасында дүниеден өткен оның артында қалдырған ең басты мұрасы – адалдық, еңбекқорлық және тектілік қағидаларына негізделген өнегелі тәрбиесі.
Анасы Баянауылдың қызы, Мәку Тілеубайқызы – ақжүрек, мейірімі көлдей, бар ғұмырын балаларының тәрбиесіне арнаған асыл ана. Төгілген маңдай тері мен ұрпағына деген шексіз махаббаты арқылы шаңырақтың берекесін ұстап тұрған жан болды. 2000 жылы 80 жасында өмірден қайтты.
Ғұбайдолла мен Макудің әулетінен тараған 9 баланың барлығы елге сыйлы, мақтанарға тұрарлық болып ер жетті. Өкінішке орай Мүгүлсімнің Бақытжамал апасы, ағалары Қазтай, Қайролла, бауыры Рамазан дүниеден өтіп кетті. Қарашаңыраққа ие болған Қайролла ағасы дүниеден өткен соң оның 6 баласын жеткізу, оқыту міндетін Мүгүлсім апай өз қолына алды. Ағасының артынан қалған ұрпағына жеңгесімен бірге жақсы тәрбие
![]()
беріп, олардың жоғары білім алуына, оқып жетілуіне өз көмегін берді. Қазір төгілген еңбек, берілген тәлім ақталып, әулеттің жалғасы болған балалар бір-бір мамандықтың иесі, өсіп-өніп, үлкен бір әулет болып отыр. Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы – балалық шағы өткен Семізбұғы руднигіндегі орыс тілінде білім беретін (ол кезде қазақ сыныбы болмаған) орта мектепте оқыды. Сол білім ордасында ол тек пәндік сауатын ғана емес, кең дүниетанымын қалыптастырып, мәдениетке деген алғашқы қызығушылығын оятқан алғашқы ұстаздарынан тәлім алды. Орыс тіліндегі оқу ортасында өсуі оның кейінгі шығармашылық пен мәдениет саласындағы қызметіне тың серпін беріп, екі тілде бірдей еркін меңгерген, ойы терең, өрісі кең тұлға болып қалыптасуына үлкен ықпал етті.
Мектепті тәмамдаған соң, 1971–1973 жылдары Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы Ульянов аудандық балалар кітапханасында кітапханашы болып қызмет атқарды. Бұл оның руханият әлеміне нақты қадам басқан алғашқы еңбек жолы еді.
![]()
Балалар кітапханасындағы алғашқы тәжірибесі Мүгүлсім Ғұбайдуллақызының бойындағы руханиятқа деген құштарлықты тереңдете түсті. Осы ынтасы кәсіби білім алуға жетелеп, ол Қарағанды мәдени-ағарту училищесіне оқуға түседі. Бұл оқу орнында Мүгүлсім «кітапханашы-библиограф» мамандығын игерді. Кітап қорының жүйеленуі, библиография жасау, әдебиеттерді ғылыми сұрыптау, оқырманмен жұмыс жүргізу сияқты мәдениет саласының күрделі де нәзік қырларын меңгеру – оның болашақтағы бүкіл қызметінің берік негізі болды.
Бұл кезең аудан өміріндегі үлкен мәдени бетбұрыс, кітапхана ісін жаңа деңгейге көтерген тарихи уақыт болатын. Сол жылдары ауданда орталықтандырылған кітапханалар жүйесін құру жұмысы басталып, мәдениет саласына жаңа леп, жаңа серпін келген шақ еді.
Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы осы ірі бастаманың нақ ортасынан табылды. 1975 жылы жаңадан құрылған жүйеге бірінші методист болып қабылдануы оның білімінің тереңдігін, мәдениетке деген адалдығын айқын танытқан үлкен сенім еді.
![]()
Уақыт өте келе ол тәжірибесін шыңдап, біліктілігін арттырып, аға методист қызметіне көтеріледі. Көп кешікпей методико-библиографиялық бөлімнің басшысы болып тағайындалып, бүкіл аудан кітапханаларының әдістемелік, библиографиялық бағыттарын үйлестіретін жетекші маманға айналды.
Осы жемісті жұмысының заңды жалғасы ретінде, 1982-1985 жылдар аралығында мекеме тізгінін ұстап, директорлық қызметті абыроймен атқарды. Бұл оның еңбек жолындағы жарқын белестердің бірі болды.
Осылайша, Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы ауданның рухани орталығын қалыптастырып, кітапхана жүйесін заман талабына сай дамытқан жетекші тұлғалардың біріне айналды. Өз ісіне адалдықпен беріліп, кәсіби білігін үнемі арттыруды мақсат еткен Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы уақыт өте келе білімін тереңдетуге бел буады.
Дәл осы мамандық бойынша Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы Мәдениет институтына оқуға түсіп, жоғары білім алғаннан кейін Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы тәжірибесі мен білімі үйлескен, мәдениет саласының толыққанды маманы ретінде ауданның кітапхана жүйесін дамытуға жаңаша серпін берді. Оның қолындағы әрбір бастама – білімнің, ізденістің және руханиятқа деген адал қызметтің нәтижесі болатын.
![]()
Бір ғана қызметтік міндеттің шеңберіне сыймайтын, мәдениетке деген шынайы адалдықпен, туған жердің рухани әлеміне деген жанашырлықпен қараған Мүгүлсім Ғұбайдуллақызының – 1985 жылдан 2016 жылға дейін созылған 31 жылдық еңбек жолы Бұқар жырау ауданының мәдениет саласын өркендетуге арналған табанды қызметімен ерекшеленеді. Сол уақыт ішінде аудандық мәдениет бөлімі кейінірек аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі болып атауы өзгерсе де, Мүгүлсім Ғұбайдуллақызының сол ұжымдағы орны, ұстанымы мен беделі еш өзгермей, қайта уақыт өткен сайын беки түсті.
Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы басшылыққа келген сәттен бастап, мәдениет саласы тек концерт пен мерекелік шаралардан әлдеқайда терең, халықтың рухани болмысын қалыптастыратын миссия екенін түсінді. Ел ішіндегі көненің көзіндей сақталған мұраларды жүйелеу, ауыл клубтарының жұмысын жандандыру, жас өнерпаздардың шығармашылық жолын ашу, ауданның этномәдени келбетін сақтап әрі дамыту – осының бәрі Мүгүлсім Ғұбайдуллақызының күнделікті еңбегінің түп қазығына айналды. Сөздің жібін тарқата бастасаң, көкірекке жылу құятын бір мекен бар – Семізбұғы. Кең Сарыарқаның төсіне сұлу саздай қонақтаған бұл өңірдің топырағы да, самалы да, тасы да жыр шақырардай. Сол кіндік қаны тамған жердің жұлдызындай жарқ етіп, Бұқар жырау ауданының бағына біткен, «Сарыарқаның Сәулесі» атанған Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы туралы айтылар сөз көл-көсір, жазылар естелік кеніштей шексіз. Жарық күндей жан дүниесі, мейірімі тасып тұратын болмысы, баршаға ортақ уағызы, төңірегін нұрға бөлер күлкісі – талай жанның жүрегіне із қалдырған. Заманында көктасымен Одаққа аты мәлім болуы – тек еңбекпен жеткен белес емес, өр мінездің, адалдықтың, табиғи дарын мен төзімнің айғағы. Тағдыр талайына мойымай, ағынмен емес, өз жолымен ағатын өзен болып, ол өмір көшінде қайсарлығын серік етті.
Қазақ даласы дарынға да, қайратқа да бай. Бірақ сол қалың жұрттың арасынан бір шоқ жұлдыздай дараланып көрінетін тұлғалар сирек. Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы сондай сиректердің бірі болды. Мейірім үстем, жүрегі кең, сөзі салмақты, ісі адал жан. Жай ғана адам емес, ұрпағына ұлағат қалдырған, елге ес, ерге дем болған асыл тұлға. Оның әр ісінің түбінде адалдықтың арқауы, әр қадамының түбінде ұлтқа деген махаббат шымырлап жататын.
![]()
Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы да осы ақиқатты өз ғұмырында дәлелдеп өткен жан. Ізденді, үйренді, өзгертті, жаңалықты жатсынбай қабылдап, одан да зор мүмкіндіктің есігін ашты. Шексіз махаббатпен атқарылған еңбек қашан да баянды. Істеген ісінің әр тінінде жауапкершілік бар, әр нәтижесінде маңдай тер мен ізденістің ізі сайрап жатыр. Ешқандай жетістік аспаннан түспейді, ол табандылық пен қажырлы еңбектен жаралады. Мүгүлсім апайдың тағдыры осы шындықтың жарқын мысалы.
Ел егемендік алар шақтағы елдің рухы әлсіздеу, жүректерде күдік көп, енді ғана көктеп келе жатқан ұлттық сана желге қарап қалтырап тұрған кезең еді. Сол тұста бойына Сарыарқаның қызыл жалынын, жүрегіне халықтың асыл аманатын сыйдырған санаулы жандар ғана ұлт рухын қайта оятып, тамыры сонау ұлы тарихтан бастау алатын дәстүр отын үрледі.
Тоқыраудың тұманын жарып шыққан Наурыз мерекесін қайта жаңғырту…
Бұл – тек мереке емес, баба үнімен қайта қауышу, ұлттық рухтың тамырына нәр беру, халық жадын түрту еді. Ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерге жан бітіріп, алтыбақан теуіп, ән шырқап, ұлттық ойындарды айна-қатесіз өткізуді алғашқылардың бірі болып қолға алғаны – ерлікке пара-пар қадам.
Мәдениет – ұлттың жүрегі. Сол жүректің соғуын күшейтіп, оның жаңғырығын ауыл-аймаққа таратқандардың бірі де, бірегейі де – осы Мүгүлсім апа. Шалқар шабыт, сергек ой, тың серпін арқасында аудан мәдениетіне жаңа леп әкелді. Бір ғана мереке емес, бірнеше буын жадында сақталар жарқын жобалар дүниеге келді.
«Жігіт сұлтаны» – ұлдың өнерін, ептілігін, зердесін сынаса,
«Үлгілі Ана» – ұрпақ тәрбиесінің асыл үлгісін дәріптеді.
«Үкілі қыз», «Екі жарты – бір бүтін»… Әрқайсысы халық болмысына
![]()
жақын, өнегесі бөлек дүниелер.
Жай ғана шара емес, жанға сәуле түсірер, ұлттың өзін-өзі тануына жол ашқан өнер мерекелері болды. Ауыл-аймақты аралап ән төгілді, қобыз сарыны даланы тербеді, сахнадан әуезді үн, домбыра күйі, ана әлдиі, қыз назымен келген биік рух сезілді.
«Ауыл кеші көңілді» – атын өзі айтып тұрғандай, ауылдың шырайын кіргізген, әр үйдің төріне шамшырақ болған көңілді кештердің бастауында да Мүгүлсімнің қолтаңбасы бар. Ол өткізген байқаулардың бірі бітсе, бірі жалғасын тапты. Округтік, аудандық өнерпаздар додасы көзайымға айналып, талай жастың қыр сырын ашып, талантын танытты.
Ал «Мемлекеттік тіл – мерейім» фестивалі бір кезеңнің үні, бір ұрпақтың серті. Түрлі этнос өкілдерінің басын қосты, көпұлтты қоғамды бір шаңырақ астына біріктірген рухани көпірге айналды. Тілді құрметтеу, мәдениетті асқақтату мұндай бастаманың ең құнды жемісі.
Өңірдің рухани тынысын кеңейтіп, экономикалық-көркемдік өркениетке жол ашқан ірі бастамалардың бір ұшы да Мүгүлсім Ғұбайдуллақызының табанды еңбегіне барып тіреледі.
Облыс көлемінде өткізіліп, ел есінде дәстүрлі мереке есебінде қалған «Қоянды жәрмеңкесінің» қайта жандануына негіз болған, соның заңды жалғасы саналатын «Ауыл – береке жәрмеңкесі» бағдарламаларын алғашқы болып жолға қоюы – халық тіршілігін көркейтіп, ауылдың берекесін нығайтқан үлкен өріс.
Өз жерінен түлеп ұшқан талантты тұлғаларды таныту – ұлттық рухты көтерудің ежелгі жолы. Сол себепті Мүгүлсім апаның туған өңір перзенттеріне арналған шығармашылық кештерді ұйымдастыруы – ұмытылмас із. Халық ақыны Ахметбек Байсалбайұлының, балалар жүрегіне шуақ сепкен Қабыл Боранбаевтың, журналист Шайхан Жандаевтың есімін жаңғыртып, шығармашылығын дәріптеген еске алу жиындары – елдің өнер мен сөзге деген құрметін жаңа белеске көтерді.
![]()
Тағы бір айрықша тоқталатын тұс Бұхар бабамыздың 325,340, 345, 350 және 355 жылдық мерейтойларына қосқан үлесі. Бұл қарапайым іс емес, республикалық деңгейге көтерілген рухани жаңғыру еді. Қазақтың ұлы кемеңгерін ұлықтап, тарих тамырын тереңдетіп, баба мұрасын ұрпақ санасына сіңіруде атқарылған орасан еңбек халық жадында сақталды, жүрекке сіңді.
Сонымен қатар, бүгінде дәстүрге айналып, әлі де жалғасын тауып келе жатқан «Бұхарекең жырлайды» да оның қолтаңбасы айқын, тозбайтын туындысы. Әуелде аудандық бастама болып басталған бұл мәдени шара уақыт өте облыстық деңгейге көтерілді.
Өнер - ұлттың рухани тынысы, көңілдің көкжиегін кеңейтетін киелі күш. Ал сол өнердің биіктеуіне, тамыр жайып, гүлденуіне дем беретін тұлға әр өңірде сирек туады. Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы осындай сирек жұлдыздардың қатарында болды. Ауданның атын аспандатып, елдің мерейін үстем етіп жүрген өнер ұжымдарының қалыптасуында да, көкке самғап биіктеуінде де оның шын ниеті мен алаулаған қолдауы тұр.
![]()
«Доскей» халық ұлт аспаптар оркестрі – төл өнердің үні, халық қоңырын арқалаған үлкен мектеп. Ал «Эдельвейс» би ансамблі - нәзік қимылдың, сахна мәдениетінің үлгісі. Осы екі ұжым аудан ғана емес, облыс, республика деңгейіне шығып, берісі ТМД, арысы әлем төріне танылғанда – олардың артында үнсіз тірек болып, бір иық қойып демеген жанның кім екенін жұрт жақсы біледі.
Ауылдағы, аудандағы өнерпаздарға қанат бітіріп, олардың өнерін жарыққа шығарған да – оның ұлағаты. Біреу сахнаға алғаш қадам басқанда, біреу домбыраны қолына алғаш ұстағанда, біреу көңіліндегі күйді жырға айналдырғанда – сол жүректі оятқан да, сенім берген де Мүгүлсім еді.
Қалиасқар Шыныбеков, Құралай Аюпова, Қайролла Майемеров, Жұмағали Елжанов, Мақсат Тиыштыбаев, Алмас Жанахметов, Жанна Қасенова, Сандуғаш Құсбекова, Майгүл Асқарова бұл есімдер – оның мектебінен өткен, шуағына жылынған, өнер додасына түскен тұлғалар. Әрқайсысы сахнаға сол сенімнің арқасында шықты, әрқайсысы биікке ұмтылды.
Жас өнер иелерін баптап, бағын ашуда да оның еңбегі ерекше. «Әнші балапан», «Кішкентай жұлдыздар», «Жас қанат», «Жаңа есімдер» секілді өнер бәйгелерінде талай балаға жол ашылып, халыққа танылды. Ауыл мен округтен бастап аудандық деңгейге дейін дарынды жастарды іріктеп, олардың өнерін көпке жеткізгені - бір дәуірдің мәдени өміріне соны серпін берді.
![]()
Ұлан Бакижанов, Әлім Исабаев, Әлібек Шәкенов, Сағыныш Мұқышова, Ақзер Мұхамедқалиева, Еркежан Мәдениетова, Сәкен Әлімхан
Сонымен қатар «Болмысы әсем, жаны әдемі – Мүгүлсім апай» атты жазбасында Б.Жакешова былай деп жазады: «Бұқар жырау өнерпаздардың таланттарын ауданының намысы дегенде алдына жан салмайтын патриотымыз, 40 жылдан астам уақыт мәдениет саласының дамуына айрықша үлес қосқан Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматшасы, Мәдениет майталманы Мүгүлсім Ғұбайдоллақызы Шибаева».
Мүгүлсім апамыздың балалық шағымен бөліскен сіңілісі Дана Шибаева: «Мүгүлсім жастайынан өте алғыр, пысық, өзінің ортасында көшбасшы ұйымдастырушы, бола білді. Мектепте белсенді болды, кітап оқығанды ете жақсы көретін. Анашым мен аға-әпкелерінің еркесі болды. Мектеп бітіргелі 50 жылдан асса да өлі күнге дейін сыныптастарымен достығы айырылған жоқ. Жиі араласып тұрады. Мүгүлсімді туған-туыс жақсы сыйлайды, қадірлеп, құрметтейді. Ол ете көпшіл, қолық ашық, барын аямай, көмекке жұмсайды. Өзі тарықса да қолындағысын бөліп беруге бар. Соған орай Алланың қолдауы мен үлкен-кішінің құрметіне бөленуде. Қызметте талапшыл болғанымен отбасында қамқор, бауырмал, мейірімді әпке. Немере мен жиен бауырларға сүйікті апа», – деп үйдегі Мүгүлсімнің бейнесін ашып берді.
![]()
Мүгүлсім Шибаеваның басшылыққа келуімен көптеген мәдениет мекемелерінің жұмысы айтарлықтай жақсара түседі. Клубтар мен кітапханаларға жөндеу жүргізіліп, сондай-ақ мекемелердің жұмыс барысы жақсы жаққа өзгере бастайды. Жаңа жүйе бойынша көркемөнерпаздар байқауы өткізіліп, мәдениет ошағына жас қатысушылар мен көрермендер көптеп шоғырлана бастайды. Басшыға жүктелетін қызметтің ауырлығына қарамастан көркемөнерпаздар байқауының Мүгүлсім Шибаева өзі қатысып, барлығын назарында ұстап отырды. Нақты жоспар құрып, оның сапалы орындалуын қатаң қадағалай білуімен, талапшылдылығымен әріптестерінің беделі мен сеніміне ие болды. Сондай-ақ ауданның қоғамдық өміріне де белсенді түрде араласады. Еңбек және жеке қызмет, кәмелетке толмағандар мәселелерін шешуді қолға алған, жаңа кеңестік мерекелер мен ресімдерді насихаттау және енгізу жөніндегі комиссиялардың мүшесі болады.
![]()
«Мүгүлсім Ғұбайдоллақызы бүгінгі күні ауданымыздың мақтанышы болып жүрген бір қатар өнерпаздардың таланттарын анықтап, өздерін ашуға, тұлға ретінде қалыптасуына көмектесті», – дейді.
Мүгүлсім Ғұбайдоллақызның әпкелік қамқорлығы туралы Жанна Хасенова: «Менің тағдырыма талапты жастардың қанатын қатайтып, жолын ашуға мүмкіндік беретін ерекше шығармашыл тұлға Мүгүлсім Ғұбайдоллақызымен жолығу бақыты бұйырды. Бойымдағы таудай талабымды бағалап, қанатымды қатайтып, өнер жолындағы алғашқы қадамымды жасауымда Мүгүлсім Ғұбайдоллақызының еңбегі зор болды. Концерттерге шақырып, байқауларға қатыстыра отырып, облыстық «Жас қанат» байқауында жеңіске жетуімде, алғашқы жеке концертімді өткізуімде осы жанның үлкен қолдауы мен қамқорлығын сезіндім. Сол үшін де айтар алғысым шексіз. Мүгүлсім Ғұбайдоллақызы шығармашыл жан, өңіріміздің мәдениетін дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан әлі де биіктерге жетелей беретін ерекше талант иесі. Мамандығын шын сүйетін, өз ісінің хас шебері. Осындай қазыналы жандардың жанында жүріп, біз көп нәрсені үйренеміз, кемелденеміз, әрі шабыт аламыз, өз шығармашылығымызды дамыту мен оны халыққа ұсынуда көп тәжірибе жинаймыз», – десе, көп жыл Мүгүлсім Шибаеваның басшылығымен мәдениет саласында қызмет атқарған ауданымыздың мақтан тұтар ерке қызы, шет жүрсе де Бұқар жырау бабамыздың есімін алған өңіріміздің атын асқақ етіп жүрген Сандуғаш Құсбекова:
![]()
«Мүгүлсім Шибаевамен 1985 жылдан таныспын. Ол кезде апамыз ауылдарда «Алтыбақан» ойын-сауық кештері мен Наурыз тойын тойлауды қолға алған еді. Менің туған ауылым Төрткөл ауылы осы іс-шаралардан тыс қалған емес. Көктем уақытында көркемөнерпаздар ұжымдарының байқауы өтеді. Міне, сол байқауларда біз бөлімше болып жарысып, үнемі жүлделі орындарды жеңіп алатын едік. Небір ұмыт қалған салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарды, би композицияларын сахнаға алып шығушы едік. Ол кісінің мәдениет саласында Бұқар жырау ауданына сіңірген еңбегі ересен. Кітапханалар жүйесін жүйелеуден бастап, музей ашудағы еңбегі ұшан-теңіз.
Мүгүлсім Ғұбайдоллақызы ауданның намысы дегенде қамшы салдырмайтын жан. Оған дәлел оқиғаның бірі 2000 жылы біздің ауданға «Зерде» бейнемобиль кешені қызмет ету мақсатында берілді. Оның жұмысын құжаттау жағы менің мойнымда болды. Көшпелі мәдени қызмет көрсетуде сценарий жазу Майгул Насырқызы, музыкалық аппаратта Алмаз (марқұм), бейнекамерада Мақсат (марқұм), міне, төртеулеп жүріп ең алғаш мәдени қызмет көрсетуді бастадық. Кезекті бір ауылдарға қызмет көрсетіп келгенде мені шақырып алып, «бюджет бөлімінен хабарласып жатыр, бензин беріп жатырмыз, қайда жұмсап жатсыңдар, есебін беріңдер» деп сұрап жатыр, бар, құжаттарыңды
![]()
көрсетіп, есеп беріп кел» деп мені жіберді. Барлық құжатты қолтыққа қысып, шақырған жерге бардым да барлық құжаттарды ретімен көрсетіп, қызметіміздің осал еместігін айта отырып, осы үшін бізге «командировочный» қарастырылмайтынын қыстырып жібердім.
Сонымен, бізді жанар-жағар майдан қыспайтын болды. Міне, бұл да жұмыстың жүйелі жүруіне бізді әбден пісіргенінің көрінісі еді. «Зерде» бейнемобилінің арқасында «Самал» тобы (кейін фольклорлық топ) құрылды. Домбырамен халық әндерін шырқағанда алдына жан салмайтын Гүлнұр Айнабаева сынды жас әнші қызбен, Жұмагали Елжанов сынды ақын жандығыдығы бар, домбырамен салатын мықты өнерпазбен қатарымыз толықты», – деп кейіпкеріміздің жүргізілген істерді еске алды.
Уақыт өзгерді, қоғам түрленді, мәдениет саласының жауапкершілігі артты – осының бәрі Мүгүлсім Ғұбайдуллақызының иығына түскен салмақты да еселей түсті. Алайда ол заманның талабына сай әр жобаны жаңғыртып, жаңа формаларды енгізуге, ұлттық дәстүрді қазіргі үдерістермен сабақтастыруға ерекше мән берді. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі болып қайта құрылған кезеңде тіл саясатын жүзеге асыру, қазақ тілінің мәртебесін арттыру, этносаралық келісімді қолдау бағыты оның басшылығымен жаңа деңгейге көтерілді.
Адамның ішінде жылылық болмаса, мәдениет саласы дамымайды деген ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы әріптестеріне тек басшы емес, рухани тірек те бола білді. Ұжымдағы жастарды қолдап, олардың аяқтан тұруына жағдай жасап, ал үлкен буынның тәжірибесіне үнемі сүйеніп отырды. Осы сабақтастық мәдениет бөлімінің берекесі мен бірлігін бекітіп, ауданның рухани тіршілігінің қалыпты дамуына негіз қалады.
![]()
Отыз жылдан аса уақыт ішінде аудан картасында жаңадан ашылған мәдениет нысандары, қайта жөнделген клубтар, қанаттанған өнерпаздар, облыстық және республикалық деңгейдегі жеңімпаздар – бәрі де оның тікелей ұйымдастырушылық қабілетін, жанкешті еңбегін айғақтайды. Мүгүлсім Ғұбайдуллақызының басшылық кезеңі – Бұқар жырау ауданы мәдениетінің өркендеу дәуірі, нақты істерге толы күрмеуі көп, бірақ жемісі мол жылдар.
Қарағандыға қоныс аударғаннан кейін Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы тың ортада да өз болмысынан айнымай, руханият пен өнерді қолдауды жалғастырып, жаңа бір белесті кезеңін бастады. 2016 жылы Достық үйі музейіне алғашқы маман ретінде қабылдануы – оның тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетіне деген зор сенімнің айғағы еді. Халықтар достығын, этностар мәдениетін, тарихи мұраларды ұлықтауды мақсат тұтқан бұл ортада Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы өзін нағыз ізденімпаз зерттеуші, халықтың рухани байлығын қадірлей білетін жан ретінде танытып, музей жұмысының жаңа тынысын ашуға үлес қосты. Ол әр экспозицияның мазмұнын тереңдетіп, ел ішіндегі көнекөз қариялардан дерек жинап, музей қорын байытуға ерекше мән берді. Көрмелер мен танымдық шаралар арқылы Қарағанды жұртшылығының назарын көпұлтты аймақтың мәдени бірегейлігіне бағыттай білді.
![]()
2019 жылы «Нұрәсем» сән үйіне қызметке ауысуы оның шығармашылық әлеуетін мүлде жаңа қырынан жарқырата түсті. Зергерлік өрнектер мен ұлттық сәннің үйлесімін дәріптейтін бұл ортада ол тек ұйымдастырушы емес, өнердің нәзік иірімін сезіне білетін рухани ұстаз ретінде танылды. «Нұрәсем кештері» атты бастамасы – соның жарқын дәлелі. Зейнет жасындағы өнерлі апалар мен аталарды сахнаға қайта шығарып, олардың бойындағы шығармашылық қуатты көпшілікке көрсетіп, көңілдерінің төрінде қалған өнерге деген сағынышын қайта оятуы – Мүгүлсім Ғұбайдуллақызының жан әлемінің жылылығынан туған игі іс еді.
Ол ұйымдастырған әдеби-музыкалық кештер, ұлттық киімдер көрсетілімі, шығармашылық сұхбаттар – бәрі де өмір жолы тәжірибеге толы үлкендердің жаңаша шабыттануына түрткі болды. Әрбір кештің мазмұнында өмірдің мәні, өнердің тылсым қуаты және ұрпақтар сабақтастығы туралы ойлар үндесіп, көрермен жүрегіне жетіп жатты.
Осы жылдары Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы өзіне тән мәдениет жанашырлығын жаңа ортада да жоғалтпай, Қарағандының шығармашылық өміріне өзіндік өрнек қосып, қай ортада жүрсе де елдің рухани дүниесін байытуды мақсат ететін тұлға екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
2022 жылдың сәуір айында Мүгүлсім Ғұбайдуллақызына Достық үйі музейінен қайтадан шақырту түсті. Уақыттың өзі құрмет көрсеткендей, бұл шақырту оның сол мекемедегі алғашқы еңбегін, ізін, кәсіби биігін бағалаудың белгісі еді. Ол бұл ұсынысты жүрек жылуымен қабыл алып, өз ордасына қайта оралғандай қуанып, музейдің табалдырығын тағы аттады.
Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы үшін музейге қайта оралу – рухани мекеніне, жүрегіне жақын әлемге қайта қосылумен тең болды.
Ол Халықтар достығы мен этностар мәдениеті тоғысқан осы ортада бай тәжірибесімен және жүрек қалауымен еңбек етіп келеді. Оның мақсаты – музейдегі әр экспозицияны сөйлетіп, әр жәдігердің тағдырын тірілтіп, тарихты адам жүрегіне жеткізудің шынайы жолын жалғастыру.
![]()
Араға жылдар салып қайта оралған бұл қызмет оның өміріндегі үзілмеген желі іспетті. Қай ортада жүрсе де, оның мәдениетке деген адалдығы мен рухани құндылықтарды дәріптеу миссиясы ешқашан өзек босатпаған. Бүгінде ол музейдің тынысын кеңейтіп, жаңа жобалар ұсынып, ұлттық және этностық мұраларды ұрпақ санасына жеткізуге талмай үлес қосуда.
«Кішкентайымнан-ақ апам Гүлжауһардың кітап иісі аңқыған жұмысын көріп, дәл сол кісі сияқты кітапханашы болуды армандап өстім. Сол бала күнгі арманымның орындалғанына бүгін сеніммен қараймын: кітапхананың барлық сатысынан өтіп, директорлыққа дейін көтерілдім. Аудандық кітапханалар жүйесін облыста үнемі бірінші орынға шығаратын деңгейге жеткіздім. Ол кездері жыл сайын социалистік жарыстар өтетін, сол жарыстардың қорытындысында бізге тең келетін бірде-бір аудан табылмайтын.
Жұмыс нәтижесі көріне бастағанда маған ауданның мәдениетін көтер деген ұсыныстар түсе бастады. «Мен бармаймын» деп талай рет тартынғаныммен, ақыры көндіріп, бөлім басшысы етті. Жылдар бойы аудандық партия комитетінің үш хатшысымен, кейіннен тоғыз әкіммен қызметтес болдым. Бұл жолдың әр күні – маған және менің ұжымыма жүктелген сенім мен жауапкершіліктің көрінісі еді.
![]()
Зейнеткерлікке шығарып салуым аудандық мәдениет үйінде өтті. Лық толған залдағы қошеметті әлі күнге дейін жүрегіммен сеземін. Сол кезде сөйлеген сөзімде: «Бұқар бабам тоғыз ханмен қызметтес болған екен, ал мен тоғыз әкіммен қызмет еттім» деп айтқаным үлкендердің де, жастардың да көңіліне жақсы тиген. Өйткені бұл менің ұрпақ жалғастығыма деген құрметімнің белгісі болатын.
Жұмыс деп өмір бойы шапқылап жүрген адам бір күнде үйде отыра алмай қалады екен. Сол тыныштыққа бой үйрете алмай, қайтадан ізденіп, өзімді керек еткен ортаны аңсадым. Сөйтіп Қарағанды қаласындағы мәдени ошақтарға, жаңадан ашылып жатқан Достық үйіне резюме қалдырдым. Алла қолдап, көп ұзамай Достық үйінен музей қызметкері болуға шақырту алдым.
Алғаш келген күні бос тұрған витриналарды көріп, жүрегім шым ете қалды: «Мұны немен толтырамын?» деген ой мазалады. Сол сәтте мекеме директоры Камалиев Тілеубек Қамалиұлының «Саған сенемін» деген бір ауыз сөзі маған қанат бітірді. Осы сенімнің күшімен этно-мәдени бірлестіктермен етене жұмыс істеп, олардың ішінен белсенді адамдарды тауып, бірлесе жүріп музейді аштық.
Бүгінде бұл музей – республикадағы Достық үйлері арасындағы жалғыз музей. Осы ерекше істің бастауында менің қолтаңбамның бар екеніне, өз үлесімді қоса алғаныма мақтанамын», – дейді Мүгүлсім Ғұбайдуллақызы мамандығын мақтаныш ете айтып.
Мүгүлсім Ғұбайдоллақызының ұзақ жылғы және нәтижелі еңбегі жоғары бағаланып, ҚР қоғамдық келісім және ақпарат, мәдениет Министрлігінің Құрмет белгісімен, «Мәдениет қайраткері», «Алтын белгі», «Күміс белгілерімен», облыс әкімінің, «Нұр Отан» ХДП алғыс хаттарымен, сондай-ақ Бұқар жырау ауданы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталып, «Ісіне берілгендігі үшін», «Облыс мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін» номинациялары бойынша диплом иегері атанды. 2003 жылы Қарағанды облысының мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін «Алтын белгімен», 2015 жылы «Құрметті қайраткер», «Күміс белгімен» марапатталды. Бұқар жырау аудандық мәслихатының 2013 жылғы 10 маусымдағы шешімімен Мүгүлсім Ғұбайдоллақызына «Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматшасы» атағы берілді. Бұл кейіпкеріміз үшін бұған дейінгі алынған марапаттардың ең биігі еді.
Бұл марапаттардың сыртқы көрінісі тек төсбелгі мен қағаз болып көрінгенімен, шын мәнінде олардың әрқайсысында оның жылдар бойғы жанкешті еңбегі, мәдениетке деген адалдық пен туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігі өрнектеліп жатыр.
Күй тыңдауды жанына медет, жүрегіне қуат санайтын ол қазақтың күй өнерін тек әуен ретінде емес, даланың тынысын жеткізетін жаратылыстың бір сыры деп қабылдайды. Әсіресе Құрманғазының «Сарыарқасын» тыңдағанда сан ғасырлық ерлік пен еркіндіктің үні естілгендей, Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауында» бабалардың аманаты мен ұрпаққа қалдырған өсиеті бойына дарып өткендей әсерде болады. Ал Секен Тұрысбековтың күйлерін ол ерекше сезіммен қабылдайды, өйткені сол әуендердің әрқайсысы дала желіндей еркін, саумал бұлақтай мөлдір, адамның ішкі әлеміне сәуле түсіретін қасиетке ие.
Термелерді де ықыласпен тыңдайды: терме айтылғанда жүрекке сіңіп қалған ұлттық дүниетаным, ата-баба өсиеті, өмірдің салмағы мен тағылымы жаңғырып, көңілі кеңейіп сала береді. Жұмыста да, үйде де Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне құлақ түргісі келіп тұратыны – сол әуендердегі мөлдір сезім мен қарапайым қазақы махаббаттың жүрегіне жақын болуынан шыққан қалауы.
Бауырларын, жиендерін, немерелерін ерекше жақсы көретін ол оларды қуантуды, тосын сый жасап сергітуді жүректен өткізеді. Өзі сүйетін адамдарды қуантудан алатын ләззаты – күй тыңдағандағы әсерімен тең, өйткені ол үшін отбасы мүшелерінің қуанышы да, қазақтың күйі – жанын тербейтін ұлы қуаттың қос бұлағы.
Кітапханашы болуды бала күнінен армандап, сол арманын жүзеге асырып қана қоймай, аудандық кітапханалар жүйесін облыста үздік деңгейге жеткізе алған ұйымдастырушы қабілеті оның кәсіби жолының берік қазығы болған, еңбек жолы мен адами келбетін қысқа да нұсқа жинақтап, оның өмірінің басты мәні – халыққа қызмет ету, мәдениетті өркендету және адам жүрегіне ізгілік ұялату екенін көрсетіп келе жатқан Мүгүлсім Ғұбайдуллақызының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!