Ақмола облыстық филармониясының әншісі,
Бүкілодақтық халықаралық фестивальдің лауреаты,
ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасының иегері
Мәдениет қайраткері
Ғұлама ойшыл Әл-Фараби айтқандай, адам – «хайуани мадани», яғни мәдениетті жан. Адам – табиғат жаратылысы және ол үшін табиғи орта мәңгілік қажеттілік болып қалады. Қалай десек те өнерсіз өмір жоқ екенімен ешкім таласа алмайды. Белгілі жырау Алмас Алматов «Біз өнерге бір күнде келген жоқпыз және бір күнге келген жоқпыз» дейді. Өнер адамына берілетін бұдан әділ баға сірә да болмас!
![]()
Иә, өнер дүйім елдің, әсіресе қазақтың бойында бар. Өнер – әр қазақтың қанында тасып жатыр. Қанымызда болғандықтан болар, сол өнерге байланып, сол өнерден бақыт іздейтініміз де содан. Сондай жандардың бірегейі Ақмола облыстық филармониясының шығармашылық бөлімінің әншісі Есмұханова Мара Қарапақызы деуге болады.
Есмұханова Мара Қарапақызы 1955 жылы үлгілі отбасында дүниеге келген. Оқу-білімге құштар жан мектепті ойдағыдай аяқтап шыққаннан кейін, Алматы қаласындағы Республикалық қазақ өнер студиясына оқуға түсіп, оны 1975 жылы жақсыға бітіріп шықты. Өнер жолы – өте ауыр жол. Оның еш жеңілдігі жоқ. Мара оны жақсы білді, бүкіл болмысымен қабылдады. Осы жолға ә деп түскеннен-ақ қиындығын сезінді. Ән үйренудің қиындықтарынан да қорықпады. Бәрін дайындап болып, әнді халық алдына шығаратын кездегі толқынысын да әлі күнге дейін жақсы біледі. Кәсіби деңгейге жету, халық көңілінен шығу деген расымен де бөлек дүние. Әрбір әнші «Тыңдаушының жүрегіне жол тапсам екен, ұнаса екен» деп күтеді. Өнер жолына бел байлаған жан әйел адам болса, ол тіпті екі есе қиын болатыны сөзсіз. Әйел адам ең бірінші отбасына алаңдайды. Жарына, балаларына, үй шаруасына, өнерге бірдей қарау шынында да ауыр.
Иә, өнер адамы ежелден бері халықтың айнасындай. Шын өнерпаз даусын, кәсіби деңгейін үнемі дәлелдеп отыруы керек. Оның өнері бір күндік, бір маусымдық, бір жылдық қана емес, халықпен біте қайнасып кетуге тиіс. Мара Қарапақызы халық таныған деңгейге бірден топ ете қалған жоқ. Оқыды, жетілді. Қаншама жылдың жемісі осы бүгінгідей биікке шығарды. Жалпы өнер саласында еңбектену бір ғанибет дерсің. Себебі бір жерден көңілің қалса, екінші жерден көңілің толып қайтатын кездер болады. Шын өнер иесін бағалай білетін, асқақтата алатын ол халық. Халық – ұлы. Өнер халықтыкы екенін Мара Қарапақызы жақсы біледі. Сондықтан ол өзінің мамандығын шексіз жақсы көреді. Адалдықпен әрі жауапкершілікпен қарайды.
![]()
Мара Қарапақызы Көкшетаудың ұлы ақындары: Біржан салдың, Ақан Серінің, Үкілі Ыбырайдың ән дәстүрлерін жалғастырушы, ҚазКСР-ның халық артисі Жүсіпбек Елебековтың шәкірті екенін де мақтана айта кету керек. Мара Есмұханова өз бойына кәсіби әншінің барлық жақсы сапаларын яғни, ойнау техникасы мен домбырада ән салуын, әншілік сүйкімділігін, актерлік шеберлігін меңгерген.
Білімді жан Мара Қарапақызы 1975 жылы өзінің еңбек жолын Жезқазған облыстық филармониясынан бастады. 1995 жылы Көкшетау облыстық қазақ музыка театрының ашылуына байланысты шақыру бойынша туған өлкесіне оралды. Сахна театрында 1996 жылдан бастап 1998 жылға дейін жұмыс істеді. Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсе» спектаклінде Даметкеннің рөлін, Т.Қажыбаевтың «Ұмытпа мені, Гәккуім» спектаклінде ақын қыздың рөлін, М.Хасеновтың комедиясында Зауреш рөлін шебер сомдап шықты.
1998 жылдан бастап Мара Есмұханова Ақмола облыстық филармониясында әнші болып жұмыс істеп келеді және шығармашылық бөлімнің менеджері қызметін атқарды. Әншілік өнер жолының басында-ақ Мара Есмұханова Алматы қаласында өткен бірінші Республикалық ақындар айтысында және Вильнюс қаласында (Литва) өткен Бүкілодақтық халықаралық фестивальде лауреат атағын иеленді. Мәдениет саласында үзбей жұмыс істеген 40 жылының ішінде Мара Қарапақызы өзінің талантымен тек қана Қазақстандық ән сүйер қауымды ғана тамсандырып қойған жоқ, сонымен қатар Орта Азия Республикаларындағы, Ресей, Исландия, Германия, Түркия, Индонезия, Франция елдеріндегі тыңдаушыларының да ризашылығына
![]()
бөленіп, ұлттық нақыштағы әндерді орындап, қазақ халқының музыка өнерінің дамуына өз үлесін қосты.
Оның кәсіби орындау шеберлігі бірнеше қайтара Үкімет сыйлықтарымен, атап айтқанда ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2001 жылы "Мәдениет қайраткері" белгісімен және 2002 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен, 2011 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 20-жылдығына орай ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 1987 жылы Мәскеуде өткен 1 Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты, 1987 жылы Республикалық ақындар айтысының лауреаты, «Шаңырақ-2010» жыл әні I-ші қалалық фестивалінің лауреаты. 2010 жылы Францияда өткен фольклорлық фестивалінде 1-жүлде иегері.
Мәдениет қайраткері 40 жыл бойы еліміздің мәдени-рухани қызметінде халқымыздың рухани мұрасын дәріптеп, жан-жақты насихаттап келеді. Ол соңынан ерген жас ұрпаққа үлгі, ұжымның қоғамдық өміріне белсенді араласатын жан. Сонымен қатар, кәсіподақ комитетінің және шығармашылық кеңестің мүшесі, шығармашылық бөлімнің менеджері.
![]()
«Қырық жылдан бері осы салада еңбек етіп келемін. Жүрек қалауыңмен жасаған еңбектің наны тәтті болатыны рас. Талай қиын кезеңді басынан өткеріп, мәдениет саласының ыстығы мен суығын көрдім. Қазіргі уақытта талап та жаңашылдықты қажет етеді. Іздену, тынымсыз еңбек жетістікке жеткізетін жол екені айқын. Өнер адамы ретінде тыңдармандарыңды, көрермендеріңді тәнті етіп таңқалдыру оңай емес. Шын талантты өнерде шыңдау, сахна мәдениетіне тәрбиелеу қажырлы еңбекті талап етеді. Жыл сайын түрлі деңгейдегі мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, қатысып келеміз. Барлығы елдің көңілінен шығып жатса, біздің еңбектің ақталғаны, – дейді Мара Есмұханова.
Өз саласының мақтанышы, іскер ұйымдастырушы Мара Есмұханова отбасында да аяулы жар, асыл ана. Жолдасы Болат Есмұханов - сазгер, композитор, "Қаракөз" ансамблінің мүшесі, өнер адамы. Қазірде кейіпкерлеріміз 2 ұлдың ардақты ата-анасы, 5-6 немеренің сүйікті ата-әжесі.
Мара Қарапақызы табандылығы мен жігерлілігі, нағыз қазақ әйеліне тән қайсарлығы қазақ қыздарына үлгі боларлықтай-ақ. Өмірінің жарқын тұстарын осы мәдениет саласына жұмсаған кейіпкеріміз қандай мақтау-марапатқа болмасын лайықты-ақ!
Иә, өнер адамын құрметтеу – ол халықты құрметтеу. Сондықтан Марадай аяулы жандарды мақтан тұтып, жас ұрпаққа өнеге ете білсек, ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық.