![]()
Кескіндемеші, график және кино суретшісі, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының жоғары санатты қоюшы-суретшісі, «Қазақстанның Халық суретшісі», «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері» атақтарының, «Парасат», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері
Тағдыр мен өнер тоғысқан тұлға
Қазақстанның Халық суретшісі, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері, кино суретшісі, график, кескіндемеші Сахи Романов жайлы ақпарат көздерінен қарап танысуға болады. Алайда сол бір зұлмат кезеңде дүние есігін ашқан азаматтың ешкім білмейтін қырларын тек оның ең жақындары ғана айта алады. Сахи Түсіпбекұлы жайлы оның туған апасы Марияш Түсіпбекқызының ұлы – Зүбайрин Зәйт Сағидоллаұлы тарқатып әңгімелеген болатын.
Иә, Сахи Романовтың ғұмыры – бір адамның өмірбаяны ғана емес, бір дәуірдің зобалаңы мен үмітінің, қайғысы мен қайта тірілуінің шежіресі. Оның нақты туған жылы қағазға қатталмаса да, тағдырдың қара мөрі басылған уақыт белгілі: адам баласы бір үзім нанға зар болып, тіршілік пен өлімнің арасы қыл көпірге айналған зұлмат жылдар еді.
«Сахи нағашым Қарағанды өңіріндегі Ақтоғай ауданына қарасты Шабанбай би аумағындағы Күйгенсайдың Тастыбұлақ деген таулы қонысында дүниеге келген екен. Ол уақытта туу туралы куәлік деген жоқ, нақты қай уақытта дүниеге келгенін айту оңай болмайды», – дейді жиені.
Тас пен бұлақтай қатал да таза мекен болашақта қайсар мінез бен морт сынбайтын рухқа бесік болған жер еді. Сахидың әкесі Түсіпбек – отбасының амандығы үшін жан алысып, жан беріскен қайратты тұлға. Бірінің етін бірі жеп, ес-түстен адасып, аштықтан қырылып жатқан сол 1932 жылғы зобалаңда ол екі баласын – зерек ойлы қызы Марияш пен әлі буыны қатпаған Сахиды ажалдың аузынан арашалап қалу үшін адам төзгісіз жолға шығады. Ел ішінде «адам адамды жеген» деген сұмдық сөз желдей есіп тұрған шақ. Әке жүрек «бала» деп соғып, бөтен көзге түспейік деп жар жағалап, өзен сағалап, аш-жалаңаш күйде жаяу Балқашқа жетеді.
Әкелік жүрекке одан асқан сынақ бар ма? Өз балаңды аман алып қалу үшін өлімнің ізімен жүру – нағыз ерлікпен пара-пар! Балқаштағы таныстардың көмегімен олар ашық вагонға мініп, Өзбекстан жаққа өтеді. Сол жақтағы Бішкек деген ауданға барып паналайды. Бөтен ел, бөтен орта, бірақ тірі қалудың өзі ол заманда үлкен олжа еді. Біреудің қорасын паналап жүріп, азын-аулақ нәпақа тауып, балалардың аузын аққа тигізген күндері Түсіпбек үшін ең бақытты сәттер болатын.
Бірде Түсіпбек аяқ астынан жоғалып кетеді. Сөйтсе, аштық пен жоқшылықтың қыспағынан, балаларының қамы үшін амалсыз қадамға барып, мал ұрлады деген айыппен ұсталып кетеді. Алайда ол соңғы күшін жинап, балаларын жетімдер үйіне аман өткізуге мұрсат сұрайды. Қызын өз атына тіркетсе де, ұлын «халық жауының баласы» деген аттан сақтау үшін, оған басқа тегін беруді ұйғарады. Сол сәтте тағдыр тағы бір бұрылыс жасайды.
Түсіпбек: «Балаларыммен осы жүріп өткен жол тұтас бір роман ғой», – деп, ұлы Сахиға Романов тегін береді. Бұл – бір әкенің баласын ажалдан ғана емес, замана зұлматынан да арашалап қалу үшін жасаған жанкешті амалы еді.
Бірнеше жылдан соң Түсіпбек қамаудан қашып шығып, балаларын іздейді. Қызын тапқанымен, ұлы Сахиды таба алмай, бауырлардың жолы екіге айырылады. Жүрекке жазылмас жара болып қалған бұл сағыныш араға жылдар салып барып шешімін табады.
Бауырын жоғалтып, үмітін үзбеген Марияш Түсіпбекқызы оны үздіксіз іздестірумен жүреді. Оның бауыры туралы айтқан әңгімелеріне ауылдағы зерек жадымен танымал Әлихан Бөкейхановтың немере інісі Смаханның баласы Жәңгір де қанық еді. Бірде Жәңгір «Жалын» журналын оқып отырып, орыс журналисінің Сахи Романов жайлы жазған мақаласын кезіктіреді. Мақала мәтіні мен суретіндегі ұқсастықтар Жәңгірдің ішкі түйсігін оятады. Ол журналды қолына қыса ұстап, Марияштың үйіне «Сүйінші! Бауырыңызды таптым!» деп қуанышпен жетеді. Сол күні Марияштың үйіндегі үнсіздік мұңның емес, жүрек тереңінде қайта маздаған үміттің үнсіздігі еді. Осылайша, тағдырдың қатал сынағымен үзілген бауырлардың арасындағы алтын көпір қайта жалғанады.
Жоғалған бауырдың ізі табылып, үзілген тағдыр жібі қайта жалғанғандай болды. Ақыры оның мекенжайы Ақтоғай ауданындағы «Арқа еңбеккері» газетінің редакциясынан табылады. Сахидың апасы Марияш жұбайы Сағидолла мен жиендерінің бірі Ғабділмәжитті ертіп, Алматыға жол тартады.
Шеберханасында кездескенде Сахи сеніңкіремей: «Егер апам болсаң, дәлелде», – дейді. Сонда Марияш бала күнгі құпия белгілерді айтады: «Жас күніңде сол жақ шекеңе жара шыққан. Орны қалған, ол жерге шаш өспейді. Иығыңда бала кезден қалған қал сияқты із бар...». Ертеңіне Сахи оларды үйіне шақырады. Сол жерде шекесіндегі ізді, кеудесіндегі таңбаны көрсетеді. Бауырлар бірін-бірі сағыныса қауышады. Інісінің жара орнын иіскеп, көзіне жас алады. Бұл –ананың иісін аңсағандай, бауырдың белгісін жүрекпен тану еді. Сол сәттен бастап айырылған бауырлар қайта табысып, араласып-құраласып кетеді. «Бірде менің қарапайым, күнделікті ісімнен үлкен сабақ алатын сәт келді. Нан қиқымдарын қоқысқа тастап жібергенімде, Сахи нағашымның көзі мен көңіліне біртүрлі көңілсіздік қонды. «Сен нан қадірін білесің бе?» – деп сұрады.
Оның даусы мен көзіндегі іңкәрлік мені сілкіндіріп тастады. Нағашым сөзін әрі қарай тереңдетіп, өзінің күндердің бір күнінде өмір бойы ұмытпайтын тағдырлы кезеңін айтып берді.
Қызылорда жаққа қашып кеткен уақытында ол азық-түлік табу үшін қатал өмірмен бетпе-бет келген екен. Сол кезде тышқан аулап, оны қайнатып, сорпаға шыққан майын сақтап, азық болмаған күндері сол майды талғамай жеуге мәжбүр болған.
Сол сәттерде нағашымның нанға, тағамға деген құрметін байқадым. «Ұсақ нан қиқымдарын да тастама!» – деп ескерткенде, мен қолыма алған нан қиқымдарын асықпай жедім. Сол кезде ол кісінің: «Дастарқандағы наннан айырмасы бар ма?» – деген сөзі әлі есімде.
Мен: «Жоқ», – деп жауап бердім. Сол сәтте мен нанның, тамақтың қадірін ұқтым. Нағашым тамақты ешқашан ысырап етпейтін, барын бағалайтын адам болды. Тамақ іздеудің қамымен жүріп етігін шешпестен жүрген ғой. Кейін милиция ұстап алып, балалар үйіне әкеліп, етігін шешкенде, сирағының кейбір терілері етіктің қонышына бірге жабысып сыдырылып түсіп, терісі жалтырап тұратын күйде қалыпты. Сол көрініс мені таңғалдырды. Қиыншылықтар адамның ішкі қасиетін, төзімін, өмірге көзқарасын қалыптастыратынын көрсетті. Сахи нағашымның бұл әңгімесі менің жүрегіме тәрбие, тәубе, тағылым болды», – дейді Зәйт Сағидоллаұлы.
Сахидың жиені Зүбайрин Зәйт Сағидоллаұлы 1960 жылдың 27 наурызында дүние есігін ашқан. Анасы Марияш Түсіпбекқызы жеті құрсақ көтеріп, тағдырдың жазуымен Нұрислам мен Зәйтті қалдырып, қалған баласын перзентке зәру ағайындардың қолына, «Түсіпбек әкесінің шаңырағының оты өшпесін» деп бір баласын шешесіне берген кең жүректі жан болған.
Зәйт мәдениет саласындағы еңбек жолын Шалқар үгіттік театрында бастап, ән салып, скетчтерде ойнап, сахнаның шырайын кіргізген жан-жақты азамат. Кейін кино саласына келіп, киномеханиктен бастап түрлі қызметтерді атқарды. Әлкей Марғұлан жайлы «Ғұлама ғұмыр» фильмінде актер ретінде бой көрсетіп, ауыл шопанының бейнесін де шынайы сомдады. Төрт сериялы киноға түсуі оның өнерге адалдығының, нағашысы Сахиға тартқан еңбекқор, салмақты, өнерге іңкәр азамат екенін аңғартады.
Сахидың ұйқысы құстың ұйқысындай қырағы еді. Тереңге батпай, әр дыбысқа сергек болатын. Үйге кіргенде «шаршадым» демейтін, жарының дайындаған асын үн-түнсіз ішіп алып, бірден өз бөлмесіне кіріп кететін. Бөлме – оның шағын әлемі еді.
Бір жарым ай бойы Сахи нағашысының үйінде жатқан Зәйттің байқағаны –көзге біртүрлі, тіпті алғашында түсініксіз дүниелерге назары жиі түсе беретін. Жатын бөлмесінде қураған гүлдер, қарапайым тастар, аттың кепкен тезегі, ескі күбі, бір шетте арша мен тобылғының бұтақтары, ал кішкентай ыдыста қына, ескі шапан мен тымақ, саптама етік жататын.
Басында мұның бәрін көріп, «осыларды не қылады екен?» деп таңырқайтын. Ал бұл – киносуретшіге керек шынайы бейнелер екенін кейін ұқты. Бұлар жай ғана дала қалдықтары немесе ескінің көзі емес. Әр заттың өз тілі, өз мінезі, өз тарихы бар. Қураған гүл –уақыттың табы, тас – үнсіздік пен төзімнің белгісі, тобылғы мен арша – даланың иісі, ал қына –көненің бояуы. Аттың тезегіне дейін оған керек, себебі дала тіршілігінің шынайы бедерін беру үшін. Бұл дүниелердің бәрі оның суретшілік өнерінің қазынасы еді. Ол бояумен ғана емес, табиғаттың өзімен, тарихтың жұрнағымен, ұлттың иісі сіңген заттармен сурет салды. Кәдімгі көзге елеусіз көрінетін дүниелер оның қолында жан бітіріп, сыр шертетін бейнеге айналды.
Сонымен қатар Сахи Түсіпбекұлының бір бөлмесінде жеке кітапханасы болды. Түннің бір уағына дейін кітап ақтарып, бірдеңелерді түртіп жазып, кейде ұзақ ойланып отыратын. Сырт көзге тыныш көрінгенімен, оның жан дүниесі тынымсыз еңбек үстінде болатын. Таңғы сағат бесте ол міндетті түрде оянатын. Қыс па, жаз ба – айырмасы жоқ. Жеңіл киініп алып, балконға шығып ұзақ уақыт жаттығу жасайтын. Таңғы салқын ауа, бозарып атқан таң, үнсіз қала – бәрі оның күнделікті серігі секілді. Денесін шынықтырып қана қоймай, сол сәтте ойын да, рухын да тәртіпке келтіретіндей әсер қалдыратын. Үйінен ерте шығып, кеш оралатын. Бірақ бір күн де сол әдеттерін бұзбайтын. Тәртіп – оның өмір салты, еңбек – оның тынысы еді. Жұмысына деген махаббаты бөлек болатын. Ол үшін қызмет жай міндет емес, жүрек қалауындай көрінетін. Кейде үйден шығып бара жатып, әдейі тамағын кенеп жөткірініп қоятын. Бұл – «тұрыңдар, жұмысқа, сабаққа барыңдар» деген үнсіз белгісі сияқты еді. Дауыстап айтпаса да, сол жөткірінуі бәріне жауапкершілікті еске салып кететін.
Арқаның кең жонында үнсіз жатқан, бірақ үнсіздігімен-ақ талай сырды бүгіп жатқан киелі орындар аз емес. Солардың бірі – Бегазы. Бұл жер жай ғана қоныс емес, қатпар-қатпар тарихын көмбесі, ұрпаққа аманат болған рухани кеңістік. Бегазы –өткен мен бүгінді жалғап тұрған тірі тарих. Бұл маңда ел аузында «Үш қыздың қорымы» атанып кеткен орын бар. Сол жерде үш балбал тас қаз-қатар үнсіз тұр. Уақыттың желі мүжіп, ғасырлар салмағы қажаса да, олар әлі де еңсесін түсірмеген. Балбал тастарды жақсы білетін Қабдолланың соңынан мүсінші Марат Әйнеков пен Сахиды ертіп жібереді. Балбал тастың бірі сынып қалғанын байқаған олар, іздеп жүріп сынығын тауып, қайтадан орнына қояды. Ол – тасты түзеу ғана емес, тарихты түгендеу, өткенге деген құрмет, туған жерге қосқан өлшеусіз үлес болатын. Осындай азаматтардың арқасында үнсіз жатқан тасқа да тіл бітіп, тарих қайта тірілгендей болады. Өйткені туған жердің әр белгісі – ұлттың жады. Бегазының рухы тек таста ғана емес, тірі адамдардың жүрегінде де соғып тұр.
Тағы бірде Сахи апа-жездесінің үйіне қонаққа келеді. Оның қасында қазақ руханиятының ірі тұлғалары – Ілия Жақанов, Ақселеу Сейдімбеков, Қайырбек Сәдуақасов, Қабылсаят Әбішов және аудан басшылары бар еді. Әңгіме тиегі ағытылып, өткен күндердің елесі тірілген сәттердің бірі болатын. Сол отырыстың бір үзілісінде Сахи мақтанышпен: – Менің жиенім Зәйт фестивальден жүлдемен келді! – деп қалады. Жиналғандар елең ете түседі. – Ендеше, ешкім айта бермейтін бір ән орындап берші, – дейді олар.
Зәйт көп ойланбайды. Ол бала күнінде әкесі Сағидолладан үйренген «Алаш ұраны» әнін орындап береді. Зәйттің қоңыр даусы көне сарынмен толқып, жүректерге жетті. Әуенде мұң да бар, өрлік те бар, ұлттың жоғын жоқтаған зары да, еңсесін тіктеген үні де бар еді. Ән аяқталғанда, үнсіздік орнады.
Сонда Қайырбек Сәдуақасов таңданысын жасыра алмай: – Әй, мына әнді мен бала күнімде естіп едім... Кейін ұмытып кеткем. Ау, Сәкен, бұл әнді айтып жүріп қалай аман қалғансың?! – деп әзіл-шыны аралас күлген болатын. Бірақ сол күлкінің астарында үлкен шындық жатты. Өйткені бұл – жай ән емес, ұлттың жадынан өшпей, ұрпақтан ұрпаққа жасырын жеткен рухтың үні еді... Сонда Марияш: «Е-е-е, талайынан аман қалдық қой... Сталиннен де аман қалдық. Алданғанымыз, сенгеніміз сонша – Сталин өлгенде бірімізбен біріміз көрісіп, жыладық қой... Бізді адастырған да, аш қылған да, қырған да сол Сталин екен ғой...», – деп налыған-ды.
Бұл сөздің астарында бүтін бір буынның қасіреті жатыр еді. Сол кезде ел басына түскен нәубеттің шын себепкері кім екенін жұрт кеш білді. Аштықты да, қуғын-сүргінді де, қорлық пен қорқынышты да халық өз маңдайынан көрді, бірақ оның артында тұрған зұлмат саясат екенін уақыт өте барып түсінді. Бұл жай өкініш емес, бұл – кеш жеткен ақиқаттың зары еді. Бір кездері үміт артып, сенім артқан биліктің қарапайым халықты қаншалықты қасіретке душар еткенін ұғыну – ең ауыр шындықтардың бірі болды. Сол буынның көз жасы, жүрекке қатқан мұңы үнсіз сабақ болып қалды.
Сахи жайында көз көргендердің естеліктері де көп. «...сексенінші жылдардың басы болатын. Ел жайлауға, сол Бегазы ауылының төменгі жағындағы өзен жиегінде қоныстанған кез еді.
Таңғы шайды ішкен соң үлкен әжем: «Балам, қолымнан жетектеп жүрші, ши томарына шалынып құлап қалмайын. Марияш шешең мен Сәкен ақсақалға құтты болсын айтып шығайық», – деді.
Үйге келсек, аулада қазан ет асылып, бауырсақ пісіріліп, үлкенді-кішілі құтты болсын айтып келіп жатқан жұрт. Кенеттен менің көзім түскені –үй көлеңкесінде орындықта отырған, маңдайы жарқыраған, шашы ұзынша, иығына түскен адамға қарап аң-таң болып қалдым. Ол кісі ел аузында жүрген, салған суреттерін газет-журналдардан көріп жүрген атақты суретші Сахи Романов екеніне көзім жетті. Балалық шақта сол кісі құсап мектеп қабырғасында жүріп суретші болуды армандадық. Есейіп, арман қуып Алматыда жүргенде, кездейсоқ бір суретшілермен кездесіп сұрастырып, Сахи Романовтың шеберханасында кездесіп, біраз әңгімелестік. Одан бес-алты ай өткен соң екінші рет шеберханасына бардым.
«Әй, бала, келдің бе?!» – деп қарсы алып, шеберхана ішіндегі салған суреттерін көріп тамашалап, қандай техникалық жолмен икемделіп, ыңғайына келтіріп жасаған жұмыстарын көзбен көрдім. Осындай үлкен ұлы адамдармен кездесіп, жүздескеннің өзі –болашақтың үлкен болмысы, үлкен жолы, ұмытылмас күндерім еді. Суретші болмасам да, қазақтың декоративтік-қолданбалы өнерімен шұғылданып жүргенім – осы ұлы аталарымыздың ұрпақ жалғастыру ізімен қалдырған батасы болар.
Зәйт – қарапайым ауылдың қарапайым азаматы болғанымен, оның ғұмыры тұнып тұрған тағылым. Мен оның әкесін Сәкен ата деп атайтынмын. Сол кісінің жетегінде жүріп, бесінші сыныптан бастап ағаш жонуды, ұсталықтың қыр-сырын үйрендім. Баланың қолына құрал ұстатып, маңдай термен нан табуды үйрету – екінің бірінің қолынан келмейтін әкелік тәрбие ғой. Ал Зәйттің өзі ауыл өмірінің қайнаған ортасында жүрді. Ауылдың киномеханигі болды. Қара мотоциклінің артына қобдишасын байлап алып, шаңды бұрқыратып ауылға кіріп келе жатқанда, бүкіл бала-шаға алдынан жүгіріп шығып, қуана қарсы алатынбыз. Өйткені ол келген күн – ауылға кино келген күн, мереке келген күнмен бірдей еді. Ауылдың мәдениет үйінде ұйымдастырылатын «Ауыл кеші көңілді» атты концерттер де Зәйтсіз өтпейтін. Ән айтылып, күй тартылып, соңынан би кеші басталатын. Сол кештердің шырайын кіргізіп, жұртты бір серпілтіп тастайтын да осы қарапайым азамат еді. Зәйттің тағы бір қыры – актерлігі.
Ол «Әлкей. Ғұлама ғұмыр» фильмінде ауыл ақсақалының рөлін сомдап, экранда шынайы ауыл қариясының бейнесін тірілткендей болды. Негізі, оған рөл ойнаудың да қажеті жоқ еді, ауыл адамдарының күнделікті тыныс-тіршілігін, мінезін, болмысын ол өмірдің өзінен көріп, бойына сіңіріп өскен жан. Сондықтан оның әр қимылы, әр сөзі табиғи, нанымды шығатын. Осындай жандардың өмірі – үлкен тарихтың үнсіз шежіресі ғой. Олар жай ғана өмір сүріп қоймайды, тұтас бір дәуірдің рухын арқалап өтеді», – дейді Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Бегазы ауылының тумасы Дүйсенбеков Төлеуғазы Серікбайұлы.
«Дүние есігін ашқанда бақталайына жазылған тағдырының тауқыметті тар жолдарын күресу арқылы кешіп өткен, өз өмірі өзіне де жұмбақ болған, жетімдіктің зардабын тартып, сағыныштың запыранын жұтқан, аумалы-төкпелі алмағайып заманда ата-ана, бауырдан адасып қалып, аты-жөнін де ұмытқан, балалық шақ пен жастық дәуренін жападан-жалғыз жырақта өткізген, ерік-жігерін намыспен қайрап, өзін-өзі жұбатып ширатумен ержетіп, әлемге танымал әйгілі қылқалам шебері атанған Сахи Түсіпбекұлы Романов Орталық Қазақстандағы ең биік те көрікті тау – Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Ақсораң төңірегінде дүниеге келген.
Орынбордың кәсіптік училищесін оқып бітіргенде тұла бойындағы талант бұлағының көзі ашыла бастағанын сезіп, Куйбышев қаласындағы зауытқа жұмысқа тұрып, кешкілікте сондағы көркемсурет шығармашылығын оқыған. Осылайша өмірлік мамандығының қақпасы ашылып, суретшіліктің сара жолын таңдаған Сахи аға 1955 жылы Бүкілодақтық Мемлекеттік Кинематография Институтын (ВГИК) бітіріп, Романов Александр Иванович деген атпен институттың дипломын алған.
Жетімдік етектен тартып, кедейшілік аяқтан шалып, өгей ортада тайғақ кешумен өткен тиянақсыз тағдыры 20 жасқа жеткенше Сахиды ана тілінде сөйлеу мүмкіндігінен айырған. Мәскеуде оқып жүргенде алғаш рет қазақ азаматымен кездескеннен кейін, тіпті жазушы
Сәбит Мұқановты Қазақстанның тұрақты өкілдігіне тоқтаған жеріне іздеп барып, орысшалап ақша сұрап алғандағы естен кетпес сәттен бастап, қазақы тілінің кемістігіне намыстанғаннан жатпай-тұрмай ана тілін үйренуді мақсат тұтқан. Кейін елге оралғанда өз ұлтының ана тілінде шұбарламай, еркін көсіліп, шешен сөйлеуі – сол арман-мұратына жеткендігінің айғағы еді», – дейді өз мақаласында ҚР Білім беру ісінің, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Тұңғышбай Мұқан.
«Арқаның төрінде қанатын қомданған қырандай керіліп жатқан Ақсораң (Қызыларай) тау жоталары сұлулығымен Баянауыл, Бурабай сынды ажарлы, жылдың төрт мезгілінде келбеті өзгермес келісті өлке. Осы Ата тауым Ақсораңның бауырында Қазақ КСР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ КСР Халық суретшісі, біздің жерлесіміз Сахи Романовтың бесігі тербеліп, жөргегі жайылған. Кеңес үкіметінің сұрқия саясаты қазақты тілінен, дінінен, салт-санасынан ажыратып, ана сібір жұрттары секілді орыстандыруды көздегені белгілі. Сахи әкеміздің де Романов атануы –осы сұрқия саясаттың салдары. Ал шын мәнінде ол – Сахи Түсіпбекұлы.
Біздің өңірде табиғат әсемдігінің тағы бір үйлесім тапқан жері – Бегазы тауы. Тарихи тамыры тереңді бойлаған асыл жәдігерімізге академик Әлкей Марғұлан «Бегазы-Дәндібай» мәдениеті деп айдар таққан. Осы тау бауырында Сахидың жездесі, біздің әкеміз – Сағидолла Зүбайраұлы тұрды. Сахидың жиені Зәйт екеуміз немере боламыз, әмбе бір сыныпта оқыдық. Біз Қорасанқожа ұрпақтарымыз. Марияш шешемізді біз «Мәймә» дейтінбіз. Сахи бауырын үнемі іздеумен жүріп, ақыры Алланың қалауымен қауышты ғой.
Жақсыны кім жат көрген, Сахи әкемізге «біздің тегімізден» деп таласушылар да болғандығын естігенбіз. Шешеміз өзі барып қос бауыр қауышқаннан кейін, Сахи апасын арнайы іздеп келіп жүрді. Біздің де алғаш таныстығымыз осы кезден басталды. Біз онда әлі мектеп қабырғасында оқитынбыз. Әр келген сайын айтқан әңгімелерін ұйып тыңдайтынбыз.
Сахи Романов – қайталанбас дара тұлға. Сахаң салмақты да салиқалы, сабырлы, батыр тұлғалы адам. Бір әңгімесінде: «Балалар үйінде жүргенде бір бөлке нанды бір өзім жеп қоятынмын», – дегені бар еді, соған қарағанда жастық шағында ірі болған сынды.
1980-жылдардың аяғы, 90-жылдардың басында Алматы жоғары партия мектебінде оқыдым. Жетісіне бір барып, сәлем беріп қайтам. Алматының қақ ортасында сурет салатын шеберханасы болды. Өте үлкен ғимарат. Қашан барсаң қолында қылқаламы, сурет салып жататын.
Шеберхананың бір қабырғасы жер-ел аралап жүріп өзінің жиған ер-тоқым, жүген, қамшы, қақпан, кісен т.б. жәдігерлерге толы болатын. Шеберхана төрінде қос кресло, ортасында журнал столы орналасқан. «Сен сәлем бере келген соң менің жұмыс істеп жатқаным жараспас, біраз тынығалық», – деп мені жанына шақырады. Мен қайтуға жиналғанда: «Саған дәріс оқып жүрген профессор-доценттеріңе қарағанда мен шет елге көп шыққан адаммын, менің лекциямның саған зияндығы бола қоймайды. Жиі келіп тыңдап тұрғайсың», – дейтін.
Сахаң қандай тақырыпта сөз қозғаса да, қай салада әңгіме өрбітсең де, сені сол әлемге кіргізіп жіберетін. Дауыс ырғағының өзі бөлек адам болатын. Күлгенде, өзі батыр тұлғалы адам ғой, шын көңілімен күлетін. Ортаның өңін кіргізіп, отырғандарды арасында бір күлдіріп алады. Қазақтың бай тілінің інжу-маржандарын төгілткенде, ана кісі «детдомда өскен, орыс жерінде тәрбие алған» деп әсте айта алмайсың. Тек деген жібермейді ғой, шіркін!
Біз туып-өскен ауыл бүгінде Шабанбай би ауылы аталады. Шабанбай би бабамыз Жақсы Жанқұттыға бата берген, Жақсы Жанқұтты Абайға бата бергеніне тарих куә. Туризмді дамытуға байланысты республика бойынша таңдалынып алынған бес ауылдың бірі – біздің
Шабанбай би ауылы. Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың туған жері. Осы киелі мекендегі Ақсораң тауы (биіктігі 1565 метр) – Орталық Қазақстандағы ең биік шың. Осы таудың бауырындағы ең шұрайлы жерге, қалың қарағайдың ортасына 1990-жылдардың басында аудан әкімі Сағадат Дүйсебеков Сахи Романовқа шығармашылықпен шұғылдану үшін арнайы шеберхана салдыртты. Ол кезде мен құрылыста жұмыс істеуші едім, біз де атсалысқанбыз. Өкінішке орай, ол шеберханада Сахи аға шығармашылықпен шұғылдана алмады. Әр сапарын келесі жазға қалдырып жүріп, өзі фәниден бақиға аттанып кете барды.
Ұмытпасам, Сахи ағаның 70 жылдық мерейтойының алдында қазақтың бір топ ақын-жазушылары, мемлекет қайраткерлері – Қадыр Мырзалиев, Ақселеу Сейдімбек, Жеңіс Қашқынов т.б., жалпы саны отызға тарта адам мәдениет үйінде халықпен кездесу өткізді.
Кешті жүргізіп отырған ақын інісі Жеңіс Қашқынов сөз арасында: – Біздің Сахи ағамыз төрт әйел алған кісі, –деді. Сонда Сахи аға: – Бесеу, бесеу, Жеңісжанай! Барған жеріңде біреуін жеп қоятының қалай осы? – дегені. Елдің бәрі қыран-топан күлкіге кенеліп жатыр.
Марқұм сол сапарында Бегазы тауының бауырынан «мен о дүниелік болып кетсем, осы жер қолайлы» деп орнын да көрсетіп кетті деп естіп едік, ақыры топырақ басқа жерден бұйырды. Жалпы Сахаң – сегіз қырлы, бір сырлылығын білімдарлығымен ұштастырған, қазақы мінезге бай, оның ішінде сурет өнерінің жілігін шағып, майын жеген шын мәніндегі талант иесі. Сахаңдар – қилы заманның қайыспас алыптарының соңғы тұяғы. Өмірі мен өнегесі бірге өрілген Сахи Романовтың жеріне, еліне жасаған адал еңбегінен ескерткіш болып, қылқаламынан туған әлем мойындаған туындылары қалды. Иә, атағы алты алаштан асып, төрткүл дүниеге танылған Сахи Романовтың салған суреттері әлем елдерінің көрмелерінде тұр. Бұдан өткен бақыт та жоқ шығар», – дейді ҚР Журналистер одағының мүшесі Қазыбек Ештанаев.
Сахи Романовтың өмірі – тек жеке адамның тағдыры емес. Бұл – аштықтан аман қалған ұрпақтың, аты өзгерсе де заты жоғалмаған қазақтың, бауырын жүрекпен таныған халықтың тарихы.
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()