Жантасов Әділқайыр Пангерейұлы

Рейтинг:

Өмірін өнерге айналдырған

      Өнер иесі болу – сұлулықты сүю. Алланың жаратқан сұлулығы шексіз әлемнің түкпір-түкпірінен орын алған.Оған ие болар және оны терең түсінетін жан тек қана – өнер адамы. Құдай өнерлі етіп жаратса, таудай талаптан - бармақтай баққа себеп болып, талайды таңдандырады. Бойға біткен өнер иесін еңбекқор, жігерлі, білімді етеді. Жаратушы өнер дейтін кереметті көзбен көріп, нақты қолмен ұстауға келмейтіндей етіп, тек адамның көкірегіне көмкеруді жөн көргендей. Ол керемет кеудеге сыймай бұлқынып, жаратылыстың тек жарқын тұстарын жүрекпен сездіріп, қиял әлемін бөлек түрмен танытып, көңілді мың құбылтып барып ғажап бір құдіретпен дүниеге келеді. Ол – өлең, ол – шығарма, ол – мүсін, ол – сурет, ол – әуен. Бұл ғажаптар шабыт дейтін көңілдің аласапыран күйінен туындайды. Өнерлі кісі ғалам мен адам арасындағы алшақтықты жақындатып, сол бір жұмбаққа толы нәзік байланысты сезініп, сезіндіреді. Сонымен қатар, өнерлі кісінің туындысы арқылы өзіндік таным-түсінігін мәлім етіп, айналасына арнайы «айтары» болатыны хақ. Ұғынған жұрт қана туындыдан автордың айтпағын ажыратып, сүйсініп жатады, шын өнерді бағалай біледі.
      «Ел іші – өнердің кеніші» - деген рас. Алтын бесік ауылдарды араласаң ел мен жердің жақсылығын дәріптейтін, ұлтымыздың неше түрлі өнерін ту еткен дарынды жандарды жиі кездестіріп жатасың. Сондай таланттардың бірі киелі де қазыналы Батыс өңірінің тумасы қылқалам шебері – Жантасов Әділқайыр Пангерейұлы. Көп жұрт біле бермегенімен, өз саласының білгір маманы ретінде елге елеулі қызмет етіп келеді. Ол – 1958 жылы 20 наурызда Атырау облысы, Индер кентінде қарапайым отбасында дүниеге келген.Бір кіндіктен тараған он баланың сегізіншісі. Тағдырдың жазуымен әкесі Пангерей Әділқайыр бес жасқа толғанда өмірден озады. Шешесі Сәнім қайратты да қайсар, перзенттері үшін оттан да, оқтан да тайынбайтын, бар саналы ғұмырын балаларына арнаған нағыз аяулы ана, жанкешті қазақ әйелінің үлгісіндей болатын. Алла басына салған қиындықты қайыспай көтеріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай ұл-қызын жалғыз өзі тәрбиелеп, жеткізіп, бәрінің осы өмірден өз орындарын табуына жағдай жасады. Нәзікжанды аналарының тағдыр тезіне мойымай, әке де, шеше де бола білгенін, анау-мынау ерлердің өзі көтере алмайтын жүкті жалғыз арқалағанын көріп өскен балалары да өз жастарынан ерте есейіп, ананың жүгін көтерісуге ұмтылып, еңбекке ерте араласты. Сондықтан болар, өмір жолында кездескен ауыртпашылықтар бұлардың жігерін жасыту орнына алға жылжуға, сүрінген жерден қайта көтеріліп, бұрынғыдан екі есе болашақ мақсаттарына ұмтылуға бейім етіп шыңдап, шынықтыра түсетін. Бақыттың кілті адал еңбекте екендігін көкейлеріне түйіп өсті. 
      Негізі балалар жазу-сызудан бұрын сурет салуды бастайды ғой. Кейбірі оны қалай дамытса, кейбірі жалғастырмайды. Мұнда табиғи таланттың болуы аса маңызды болғанымен суретшілікті мұрат тұтқан жанның көп ізденбесе тек талантпен ұзаққа кетпесі анық. Бала Әділқайыр ес білгелі сурет салуға аса ынтызар болып, беймәлім қылқаламдар әлеміне үңілгенді жаны сүйетін. Сурет өнеріне деген қызығушылығын оятқан әпкесі Зибаш болатын. Сол қызығушылығы мен талантына қоса еңбектеніп, ізденуден жалықпайтын шәкірттің сұлулыққа әуестігі картиналарында көрініс тауып, мектептегі ұстаздары мен қатарластарына ерекше ұнайтын. Суретті жақсы салуымен, қоғамдық іс-шаралардағы белсенділігімен қатар сабағын да озат оқыған оқушы Әділқайыр 1975 жылы Индер ауданындағы орта мектепті бітіріп шығады.Сурет өнерінің қыр-сырына алғаш баулыған әпкесі Зибаш інісінің талантының көміліп қалғанын қаламағандықтан мектепті аяқтасымен қолынан жетелеп, сол уақыттағы Қазақстандағы жалғыз суретшілер дайындайтын оқу орны – Алматы қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы көркем сурет училищесіне әкеліп, оқуға түсіреді. Бұдан өзге суретшілер дайындайтын жоғары оқу орны болмаған еді. Армандаған мамандығына қолы жетіп, ару Алматының көркемдігін қағаз бетінен сөйлетуге ден қоя бастағанында Отан алдындағы әскери борышын өтеу уақыты жетіп, 1976 жылы әскер қатарына аттанады. Әскери міндетін өтеу орны Германия Демократиялық Республикасынан бұйырады.      Шалғай ауылда өскенімен жастайынан ауыр қара жұмыспен денесі шыныққан, қажыр-қайраты мол, көкірек көзі ояу, ширақ мінезді Әділқайырға әскери қызметті өткеру аса бір қиындықтар туғыза қоймады. Ол жерде де қатарластарынан оза шауып, Т-55 танкісінің командирі болып, сержант шенінде әскери қызметін абыроймен аяқтап, 1978 жылы елге аман-сау оралады. Елге келісімен үзілген оқуын қайта жалғастырып, сурет өнерінің құпиясына қайта бойлап кете барады. 
      Жаның қалаған мамандықты оқудың өзі бір бақыт екен ғой, бар күш-жігерін салып оқығандықтан мұнда да үздіктігін байқатады. «Мен сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, анамның оюынан үйрендім», - деген екен қазақтың атақты, дарынды суретшісі Әбілхан Қастеев. Суретші болу үшін көп еңбектену қажеттігін түйсінген жас жігіт ізденімпаздығымен ерекшеленетін. Осылай таңдаған кәсібінің ұңғыл-шұңғылын зерттей жүріп, 1981 жылы аталмыш оқу орнын үздік бітіреді. Училищеден алған білімін тереңдете түсу мақсатында сол жылы Алматы мемлекеттік театр-өнер институтына (қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы) түсуге шешім қабылдайды. Үздік оқығанының арқасында институтқа емтихансыз қабылданады. Бос сенделісті суқаны сүймейтін жігіт студент кезінен өнерге ерте араласып кетеді. Алматыдағы Өнер баспасына авторлық жұмыстарын ұсынып отыратын. 1981 жылы «Қазақтың халық ойындары» атты балаларға бояуға арналған кітап-альбомы жарыққа шығады. Онда қазақ халқының ұлттық ойындары: көкпар, бәйге, қыз қуу, аударыспақ, теңге ату, теңге алу, айтыс, қазақша күрес, қансонар т.б. көрініс берген болатын. Осы кітап-альбом «Қазақтың халық ойындары» атауымен 1988 жылы 300 000 тиражбен шығарылып, қалың көпшілікке жол тартады. Бұл ұлтжанды азаматтың қазақтың салт-дәстүріне, бала тәрбиесіне қосқан тұңғыш үлесі еді. Теориялық білімнен тәжірибеге көшіп суретші болып қалыптасуына осы алғашқы қадамының құтты болуы көп әсерін тигізді.
      1986 жылы өнер институтын жақсы тәмамдап, Атырау облысы бойынша тұнғыш суретші мамандығын бітіруші ретінде Атырау қаласына  арнайы жіберіліп, сонда еңбекке араласып кетеді. Зауытта дизайнерлік жұмыс атқарады. 
      1990 жылы Атырау облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің  редакциясында суретші-дизайнер болып жұмыс істейді. Қай жерде қызмет істесе де асқан жауапкершілікпен, адалдығымен, жұмысына тың жаңалықтар енгізіп, жаңашылдыққа құмарлығымен ерекшеленетін жас маман ұжымның алғысына бөленіп жүретін. Осы газет редакциясында 1993 жылға дейін жақсы қызмет жасап, тәжірибелік жағынан ысыла түседі. 
      1993 жылы Атырау облысы бойынша «Қазақстан Республикасы суретшілер одағының» төрағасы болды. «Басшысы бастай білсе, он кісі жүзді жеңеді», - дейді дана халық мәтелі. Шынымен, білікті басшы өзі бастаған кәсіпті жемісті етуге, ұжымын жеңіске әкелуге қабілетті. Шынайы басшы болу оңай жұмыс емес. Басшының міндеттерінің қатарына қарамағындағылардың әл-ауқатының тұрақты дамып отыруына жағдай жасау жатады. Бұл өз кезегінде ұжым алдына қойылған мақсаттардың уақтылы және сапалы жүзеге асуына жәрдемдеседі. Ұйымның алдында қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін басшы нақты жеке және кәсіби қасиеттерге ие болуы тиіс.Басшы адамның атқарған қызметіне баға беретін халық пен уақыт. Одан асқан сыншы жоқ. Ел-жұрт кімнің кім екенін жақсы таниды. «Халық айтса, қалт айтпайды» - дейтіні де содан. Әділқайыр ағамыз бұл қызметін де абыроймен орындап, ұйымдастырушылық қабілетін таныта білген білікті басшы болды.
       Төрағалық қызметін орындап жүргенінде 1995 жылы Атырау қаласынан өнер академиясын ашу жоспар қолға алынып, болашақ оқу орнының сұлбасы жасалынады. Аймақ жанашыры ретінде осы білім ордасының алғашқы күнінен бастап негізін қалауға атсалысқан Әділқайыр азамат академия ашылысымен төрағалық қызметтен бас тартып, сонда ұстаздық етуге ауысып кетеді. Білім мекемесіне қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің аты беріліп, Кіші Өнер Академиясы деп аталады. Сол уақыттан бері осы академия үшін жаны күйіп, іргетасының берік қалануына аянбай еңбек етіп, ыстық-суығына тоңып жүрген жайы бар. 
      Осы жылдар ішінде білім ордасынан өзінің жеке шеберлік класын ашқан. «Шәкіртсіз – ұстаз тұл», алдынан өткен шәкірттерінің бойындағы жылт еткен дарынын үрлеп тұтатып, суретшіліктің қыр-сырына қанықтыруды, оларға беймәлім әлемнің құпиясын ашып беруді мұрат тұтып, үлкен өмірге қанаттандырып отырады. Жыл сайын оқу орнынан түлеп ұшқан түлектері  Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына грантқа түсіп, оқуларын сәті жалғастырып жатады. 2019 жылы шеберлік класын өзінің жолын қуған талантты шәкірті Лаура Тілекбайқызына тапсырып берді.
      2020 жылдың қаңтар айында «ШЕБЕРПАНА» атты жеке студиясының тұсауын кесті. 
      Саналы ғұмырын сүйікті ісіне арнап, соның аясында мемлекеттік жұмыстарды табысты атқарған жанның шығармашылық жұмыстарының ішінде шоқтығы биік еңбектері де баршылық. Атап айтар болсақ, 1993 жылы Атырау облысының, 2008 жылы Индер ауданының таңбасын бейнелеп шыққан төл авторы. 1993 жылы қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылында дүниеге келген айтыскер ақын, жырау Мұрат Мөңкеұлының бейнесуретін Франция елшісі сатып алған.
      Көптеген халықаралық шеберлік кластарына қатысқан: 2002 жылы, 2009 жылы Италиядағы Венеция және Милан қалаларында; 2016 жылы Астана қаласында өткен халықаралық биенналеге (халықаралық суреттер көрмесі) қатысқан. Бұл көрменің маңызы Қазақстан бейнелеу өнері үшін аса жоғары іс-шара болды. Себебі, бұл көрменің негізгі орталығы Венеция қаласы болатын. Яғни, Қазақстан Республикасы, оның ішінде Астана қаласы еуразиялық мәдени кеңістікте аутсайдер еместігі дәлелдене түсті.
      2018 жылы  Ресей Федерациясындағы Ульяновск облысындағы, Карсун ауданындағы Прислониха селосында «Прислониха - Родина А. Пластова» атты көрмеге қатысты. Сол жылы Атырау қаласында қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды. 2019 жылы Кипрдегі халықаралық симпозиум жұмысына куә болып қайтты. 
      Ағындай сырғыған жылдар ішіндегі атқарған еңбегі жеміссіз, елеусіз қалған кездері кемде-кем. Бейнелеу өнерінің дамуына қосқан үлесі мен өлшеусіз еңбегінің арқасында 1992 жылдан бері Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, 2003 жылдан Қазақстан Республикасы Дизайнерлер одағының мүшелігінде. 
      Жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіне жұмсаған қажырлы еңбегі ескеріліп, 1999 жылы Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі атағын иеленді. 
      2001 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс Хатына» ие болды. 2008 жылы Атырау облысы әкімінің грантын жеңіп алды. 2015 жылы Атыраудағы «Жерұйық» мәдениет орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 2011 жылдан беріліп келе жатқан «Алтын қайық» жүлдесі байқауына қатысып, «Үздік кескіндемеші» аталымы беріліп, сонымен бірге «Жыл жаңалығы» жүлдесіне ие болды. Бұл байқаудың басты мақсаты – бейнелеу өнері шеберлерін ынталандырып, туындыларының алыс-жақын шетелдерге таныстыратындай сапалық деңгейін көтеру болып табылады.
      Жас ұрпаққа білім беру саласындағы толағай табыстары үшін 2016 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет Грамотасы» табысталды. Аймақтың қоғамдық, саяси-әлеуметтік өміріне белсене атсалысқаны үшін 2018 жылы Индер ауданының «Құрмет Грамотасымен» марапатталды.
      Осындай табысты да жемісті еңбегімен еленген жанның отбасылық өмірде де бағы жанған. Әділқайыр ағамыз өмірдегі жетістіктеріне жетудегі басты себепші өз жанұясы екендігін үнемі айтып отырады. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайтынын» түйсініп өскендіктен 1982 жылы студент кезде отау құрған болатын. Жұбайы Гүлбаршын – балалардың тісін емдейтін дәрігер, құрметті стоматолог. Жарасымды шаңырақта үш баланы тәрбиелеп өсіріп, өмірден өз орындарын табуларына ықпал етіп, бүгінде немере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Ұлы Олжас – өзінің өнерін мұра еткен ізбасары, Т.Жүргенов академиясында архитектура мамандығын бітіріп, Алматы қаласында өзінің жеке кәсібін жалғастыруда.
      Туа біткен дарынымен, бір жерде тұрақтамай, үнемі ізденісте жүретіндігімен ерекшеленген Әділқайыр Пангерейұлының өмір жолы кейінгі жастарға үлгі-өнеге боларлықтай тәлімді деуге болады. Тәрбиелеген шәкірттері өмірден өз орнын тауып, дүниеге бір кірпіш болып қаланған сайын мерейі өсе түсетін азаматтың халқының көзі мен жүрегі ретінде тың туындыларды елге сыйлай беруіне тілектеспіз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

8 марта 2026 12:15
Qairat
Жатқан жерің жайлы,топырағың торқа болсын Әбіл аға,Артыңда қалған балаларыңды,туғандарыңды,жиендеріңді желеп жебеп...
7 марта 2026 20:14
Арманбек Кеңесұлы Тілеубай
Кішкентай бала кездерінде Кеңес ағасының ұл балалары (жеті ұлы бар), тілдері келмей Сара Тілеубайқызын Дәдә деп атап...
16 февраля 2026 21:19
Dilda
Атамызбен мақтанамыз,жаны жәннатта болсын♥️...