Биманов Ермахан мен Дүйсенбаева Оразкүл

Рейтинг:

Өшпес өнер жолында

      Сыр елі – өнердің мөлдір бұлағы. Бұл өңір - белгілі бір дәстүрдің ғана жеке дамыған жері емес, тоғыз жолдың торабы, сан түрлі тарихи оқиғалар мен көзқарастар бір мүддеге тоғысқан өлке. Мұнда туып өскен әрбір адамға халықтың әсем әуені, тұрмыстағы салт-дәстүрі мен қолөнерінің бай мұрасы ой-өрісіне ықпал етпеуі, бойына сіңіп дарымай қоюы мүмкін емес. Осынау адам тілімен айтып жеткізе алмас ұлылық пен сұлулық жаулаған жерде құдіретті өнер де дара дамиды.
      Өнер – тұтас ұлттың киесі, ұлттың ұстыны, асаудай жер тарпыған шабыты, сан ғасырлар бойы жинақталған мұрасы. Ән мен күй, жыр мен термеден бөлек, сан өнер саласында даңқы самғап ұшқан Сыр өлкесінде алыптық пен нәзіктік нақыштарын тылсым бояумен, өшпес өрнекпен із қалдырған, халыққа рухани азық, келер ұрпаққа нәр берген қылқалам шеберлері де бар. Адамдық борышын өтеу жолында талмай еңбек етіп, таңғажайып туындыларымен талайды тамсандырған тума талант иесінің бірі – Биманов Ермахан Әбдіұлы. 
      Ол – 1949 жылы 18 қыркүйекте Қызылорда облысы, Шиелі ауданында туған. Оның өнерге деген құштарлығы жастайынан білінді. Бала кезінен суретші болуды армандап, осы саланың қыр-сырына қанығу үшін алдына үлкен мақсаттар қойды. Алғашқы адымынан-ақ, жүйріктердің жүйрігі екенін ұқтырған Ермахан 1972 жылы Түркімен мемлекеттік көркемсурет училищесінің «мүсінші» бөліміне түсіп, оны 1976 жылы бітірді. Сол уақыттан бастап өмірінің соңына дейін осы ортада болды. Осы ортада жүріп, тағылымды тәлім-тәрбие алып, білім көкжиегін кеңейтуі- мүсін өнеріндегі алғашқы, маңызды баспалдағы болды. «Ғылымды сөз арқылы үйренсе, өнерді тәжірибе арқылы үйренеміз»,- деген түркі ойшылы Мәулана Руми. Ал, Антон Чехов: «Жеке тәжірибеден артық ештеңе жоқ. Көзбен көріп, қолмен ұстағанға не жетсін» - дейді. Осы ұстанымдағы жас суретші оқуын аяқтаған соң, өзіне көп өмірлік тәжірибе жинады. Қызылорда көркемөнер шеберханасында еңбек етеді. 1985 жылы суретшілер Одағына мүшелікке өтті. 1986, 1989 жылдары Латвияның астанасы Рига қаласының түбіндегі Юрмалада шығармашылық іссапармен 4 ай жұмыс жасап қайтты. 1987 жылы қыркүйек-қарашада Бүкілодақтық мүсіншілердің Атырау қаласында болған симпозиуымына қатысты. 1988 жылы Тереңөзек ауданының ХХІ партсъезіне «Ошақтың отын сөндірмей» ескерткішін қойды. 1990 жылы Нартайдың мүсінін, 1989 жылы «Балаға араша» жұмыстарын жасады. Ермаханның «Раздумье» атты еңбегін москвалықтар сатып алды. Е.Биманов - шеберлігіне төселген мүсінші. «Жазира» атты портреті бәйтерек түбірінен ойылған болатын. Дөңгелек жүзді, қолаңшаш қыздың әсем пішіні, үлпілдей төгілген жұмсақ бұрымдарымен жарасым тапқан. Ағаштың өзіндік табиғи қалпын сақтай отырып сомдаған «Самал», «Әсем» композициялары мүсіншінің қиялына қосылғандай. Осылайша мүсінші өзі көрген сұлулықты дархан бояулармен бейнелеп, тынбай үнемі ізденіс үстінде жүретін. Оның барлық дерлік еңбектері әлем жұртшылығын таңдай қақтырды. Оның жасаған мүсіндерінен автордың өзіндік қолтаңбасы мен творчестволық ізденісі көрініп тұрады.
      Өнердің биіктігі мен нәзіктігі жайында атақты, ұлы суреткер Микеланджело: «Бейнелеу өнері- өзіңді соған құрбан етуді талап етеді»,- дейді. Өмірінің жиырма бес жыл уақытын қылқаламмен дос болып, небір құдіретті туындыларды дүниеге әкелді. Ақын-жазушылар бар сұлулықты тілмен жеткізсе, суретшілер түрлі-түсті бояулармен дәріптеп, ал, мүсіншілер жұмсақ қолдарымен бейнені сұлбалау арқылы пішіні мен сұлулығын көрсетеді, ерекшелігі туралы ой толғайды. Бірегей мүсінші туындыларының ішіндегі тағы бір ерекше ескерткіші – қазақтың тұңғыш суретшісі Әбілхан Қастеевке арналған ескерткіш. Ол –қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі. Бала жастан бастап Қастеевтің өнеріне сүйсініп, еңбектеріне еліктеп бой түзеді. Кейін бала қыран қанаты бекіп, кемеліне жетіп, биікке көтерілгенде, алғаш қызығушылығын тудырған Әбілхан Қастеевке арнап осындай керемет туындысын арнады.
      Автордың әрбір мүсіні - бір-бір төбе өнер туындылары. Мүсіншінің қолынан шыққан, көпшілікке ең танымал туындыларының бірі – «Ошақтың отын сөндірмей» деген ескерткіші. 1980 жылы Жеңістің 40 жылдығына байланысты туындаған бейне. Автор осы туындысында биік тұғырда етегіне оралған сәбиін жұбатып, өзі алыс қиырларға көз салып, күллі әлемді жанарына сидырып, мазасыз тірлікке мән бере қарап тұрған өр ананы бейнелейді. Хабарсыз кеткен ұлынан, өлі-тірісі «белгісіз» жарынан, бауырынан күдерін үзбеген ер-ананың символикалық бейнесі. Бір мүсінге қарап-ақ, суретшінің бар ішкі жан-дүниесін, толғаныс-тебіреністерін аңғаруға болады. Сондай-ақ, терең білімі мен түсінік-пайымын, ой-парасатының сезімтал екендігін байқай аламыз.
      Мүсіншілік өнер - кез – келген адамның бойына біте қоймайтын асыл қасиет. Әсіресе, қазақтар арасында әлі де кең тарай қоймаған сирек мамандық. Ең күрделі мамандықтардың бірі болғандықтан, мұнда екінің бірі келе бермейді. Ермахан Әбдіұлы - өмірінің 25 жылын мүсін өнеріне арнаған жан. 1976 жылдан бастап ерекше еңбектерімен ел құрметіне бөленген еңбек адамдарының бейнесін сомдап, түрлі аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық көрмелерге белсенді қатыса бастады. 1977 жылы Қазақстан жас суретшілерінің республикалық көрмесінде «Демалыс», «Шопан баласы», 1979 жылы VI, VII, VIII, ІХ, Х жас суретшілерінің көрмесінде «Ғани Мұратбаев» мүсіні (мыс), «Ән» (алюминий), «Жазира» (ағаш), «Юность», «Самал» мүсіндерін ұсынды. 1980 жылы «Мы строим коммунизм» республикалық көрмесінде Социалистік Еңбек Ері «Ұ.Алтайбаеваның» портретін (мыс, кобыль), 1981 жылы Москва, Ленинград қалаларында Қазақстан мен Ресейдің біріккеніне 250 жыл толуына орай өткізілген бүкіл-одақтық суретшілер көрмесіне де тырнақалды туындыларын ұсынды. 1982 жылы бүкілодақтық суретшілер көрмесі СССР-дің құрылғанына 60 жыл толуына орай «СССР моя Родина» көрмесінде «Ы.Жақаевтың» портретін (гипс), 1983 жылы Ташкент қаласында өткізілген Орта Азия республикасы және Қазақстан мүсіншілерінің көрмесінде «Жанат» портретін (гипс), 1985 жылы Жеңіс күніне арналған көрмелерге, 1986 жылы Алматы қаласында бірінші республикалық мүсіншілер көрмесінде «Толғаныс» (шамот, ағаш), «Немере» (шамот), (Читающий» (ағаш), «Воспоминание о Дзинтари» (шамот) мүсіндерін ұсынды. Осылайша жалғаса беретін ұзақ тізімді еңбектері көпке көзайым бола білді.
      Өнердің міндеті - адамның жан сезімін ісі арқылы ашып беру. Мүсін өнері арқылы мүсінші Ермахан Әбдіұлы шығармаларында адамның сырт пішінімен қатар ішкі жан дүниесін де жеткізе білді. Өзінің ішкі дүниесін тас арқылы сөйлетіп қозғалта білген мүсіншінің патриоттық сезімін барлық шығармаларынан байқауға болады. Ол елінің жаңарып, болашаққа қадам басқанын өз көзімен көрді, оны сомдай да білді. Сол үшін де оның өнері ерекше құрметке ие. Мүсіндерін қола, гранит тас, ағаш және басқа да әр түрлі материалдардан жасады. Әрбір бейнеге бар зейінімен үңіле қарап, оның ерекшеліктерін анықтап, халықтың тұрмыс - салтының, сыртқы пішінді адамның мінезімен бет-әлпетінің өзгешеліктерімен ұштастыра отырып, өз әсерлерін дәл мүсіндеуге тырысты. Көлемі мен сапасына байланысты әр түрлі уақытты талап ететін бұл тынымсыз еңбек түрі Ермахан Әбдіұлының жан қалауымен үйлесім тауып отырды. Кейде бір ескерткіш жасау үшін бірнеше ұйқысыз түндерді өткізіп, талай бозарған таңдарда ұйықтамады. Үлкен шыдамдылық танытты. Мүсін қашаудағы бір кезеңнің өзі бірнеше апта, күннен, кейде айдан тұрады. Терең фантазия, мықты идея, керемет қиял бар жерде ғана мүсіннің қыр-сыры, айтар ойы көрерменге жетеді, санасына бекиді. Себебі, мүсінші - өз ескерткіші арқылы халықты тəрбиелейді.
      Ағамыздың толағай табыстарға қол жеткізіп, саналы ғұмырында осыншама биік белестерді бағындыруы - үйдегі жеңгеміз Дүйсенбаева Оразкүл апамыздың арқасы еді. Жаны жайсаң, мәрт ана дәйім Ермахан ағамызға шығармашылықта үлкен қолдау көрсетіп, тағдырының ащы-тұшысы мен ыстық - суығын бірге өткерді. Сөйте жүріп, бір қолымен айналасын, бір қолымен шаңырағының бесігін тербетіп, үйдегі алты баланы тәрбиелеп, ұясынан ұшырды. Әрі Оразкүл анамыз осынау алты баланың өмірде ерекше орын алуына себепкер жан болып, сәбилерін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Өзі де мейірімді, сабырлы, жомарт жан еді. Сондықтан, текті қара шаңырақтың өнегелі балалары аналары мен әкелері қастарында, аман-есен жүрген шақтарында шын жүректен қуанышты болатын... 
      Олар қашанда Оразкүл апамызбен мақтанады. Себебі, анамыздың өткен күндерде ел-жұртқа жасаған жақсылығының өзі бір төбе болатын. Апамыз өзінің өзгеге істеген игілікті істерін қағазға түсірмей, құжаттамай, отбасылық жағдайы төмен жанұяларға қаржылай көмек көрсетіп отыратын. Әрі өз отбасының да кәсіптік жағына білек сыбана кірісіп, отбасылық бизнестің қолдаушысы, басқарушысы бола білді. Және қаладағы көптеген дүкендердің негізін қалаған апамыз ылғи жұмыссыздарға жұмыс беріп жүретін жан еді. Тіпті, көрген жұрт бұл үйдің балаларын танымаса да: 
      « – Айналайын, сен, Оразкүлдің баласысың ба?.. Онда сендер де өте жақсы адам болдыңдар ғой», - деп өз естеліктерімен бөлісе келе: «– Сендердің аналарың – Бибіпатима еді ғой!..» - деп таңғалатын-ды. Мұның өзі де бала үшін бір мәртебе. Асыл ананың артынан ерген қаралары, балалары ол кісіні: «Қазір анамыз бізге жұмақтан қарап жүр...»-деп, ойлайды. Мұның өзі де анаға деген іңкәр махаббат пен кіршіксіз сезім...
      Құбылып келген заман құбылып өтеді. Өмір – өзен. Тек адамның жүрекпен туғызғандары ғана мәңгі жасайды, солар ғана келер ұрпақтың сарқылмас мұрасына айналады. Әр туындысына уақыты мен күш-жігерінен бөлек, кішкентай жүрегін де сала отырып, талай мүсін ойды тудырды. Оның мүсіндік өнері Кеңестік Республикалар дәуірі мен Егеменді Қазақстанның дамуына үлес қосқан тұлғалар мен өзгерістерге ерекше шығармашылық туындыларымен үлес қосты.
      Жасынан-ақ қарымын байқатып, еліне елеулі еңбекпен көрінді. Жасынның жарқылындай от шашқан жүзінен бейнет пен зейнет немесе еңбек пен өнбек айқын көрініп тұратын. Оның қолынан шыққан мүсіндер бүрге тағалаған шебердей шыншыл, шыңырау қазған құдықшыдай нақ, ұшқаны ондыққа тиердей айқын, сұлу, тірі. Жанға - дауа, дертке - шипа. Өлмес өнердің жарық жұлдызындай жарқ еткен өмірін сурет өнерінде жандырған, сыр топырағының өнер сардарына айналған талант 1997 жылы 25 сәуірде дүниеден озды. Оның қолынан шыққан туындылары келер ұрпаққа ұлағатты ескерткіш, тастан қашалған тарих, мол мұра болып қала бермек.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
10 февраля 2021 10:44
Гульнара

Оразкүл апа менің нағашы апам болса, Ермахан аға жездеміз, ол кісінің қыл қалам шебер екенін біліп, жасаған туындыларын көріп өскенбіз балалармыз, қазіргі күні осы екі асыл адам дүниеден озды, арттарында балалары, немелері қалды.Ағамыздың өнері, апамыздың тәлім тәрбиесі өскелен ұрпаққа өнеге болсын, осындай талантты азаматтың өмірі де, өнері де мәңгілік болсын!
9 февраля 2021 21:21
Алмагул

Мен Гулнәр Бимановамен жұмыстас болдым.Гүлнәрдың айтысымен папасын білетінмін,мамасын көрдім,өте момын,нағыз қазақтың әйелі еді.Текті тұқымнан екені көрініп тұратын Гүлнәрдан.Бақытты болсын!
8 февраля 2021 23:12
Назира

Тарихта алтын әріптермен мәңгілік сақталатын. Тектілікті ту еткен. Елі үшін туған, елі сүйген нағыз қазақылықтың қазынасы болған АЛТЫН АСЫЛ АДАМДАР.
8 февраля 2021 19:46
Лаура

керемет 👍. жасамаган жасын балалары жасасын 🙏

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...