Бисенбаев Тұрлан

Рейтинг:
Еңбегіне сенген өнерлі азамат

      Еңбек қашанда адамзат өмірінің арқауы, ол ешқашан, тіпті қандай қоғамда да маңызын жоймақ емесін түсінген халық еңбекпен тапқан нанның тәттілігін сезінуде. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Расында да, ерінбей еңбек еткеннің көп белесті бағындырары белгілі. Ежелден еңбек еткен, қол қусырып қарап отыруды білмейтін елдің баласы мұның бәрін жақсы білсе керек. Қазақ халқы «Еңбек етсең – емерсің, ерінбесең – жеңерсің» дейді. Еңбек еткеннің ешқайсысы жұмыссыз қалмайды. Әсіресе, бүгінгі таңда бәсекелестік дамыған заманда өмір сүріп отырған жайымыз бар. Қазір өмірге келгенің де, өмірді сүргенің де ешкімге міндет емес. Біреуге алақан жайып отыратын қоғам да емес. Адам өзінің күшіне, біліміне, адал еңбегіне ғана сенетін уақыт. Адам ерінбей еңбектенсе, ойындағысының бәрі орындалады. Осындай тек өзіне сеніп еңбектеніп жүрген абзал азаматтардың бірі – Тұрлан Бисенбаев. 
      Ол – 1950 жылы қаңтар айының 15-жұлдызында Түркменстан ССР, Ташауыз облысы, Тахта  ауданы, Измухшир ауылында дүниеге келген.Ата-анасының ыстық мейіріміне бөленіп, бақытты бал балалығын басынан кешіп жүргенде  1956 жылы  тұрмыс   тауқыметімен Қарақалпақстанның   Қоңырат ауданына қоныс аударыпты.Жастайынан көкірек көзі ашық, көңілі ояу бала ілім-білімге құмарлығымен және қазақтың ұлттық аспаптарында ән шырқап, күй шертуді қатты жақсы көретіндігімен ерекшеленетін. Толысып, өсіп уақыты келгенде білімқұмар бала мектеп табалдырығын аттап, шетсіз-шексіз білім әлеміне сапарын бастауға дайын болады. Сөйтіп, 1956 жылы Қарақалпақстан АССР-ында Қоңырат ауданындағы Киров орта мектебінде бірінші сыныпқа оқуға барады. Тағдыр теперішімен жат елде туып, өссе де жүрген жеріндегі білім кенін қазуға және ұлтының қымбат та құнды дәстүрлерін сақтауға тырысқан бала Тұрлан орта мектеп табалдырығын аттаған сәттен жақсы оқыды. Әрбір ақпаратты құнды білімге санап зейінділікпен жадына тоқуға ұмтылды. Табиғи зеректігіне сусаған жандай білімге ұмтылысы мен ынталылығы қосылып, онжылдық орта мектеп бағдарламасын қиындықсыз игеріп кетті. Ғылым-білім әлеміне бастаған сапарында осы беймәлім жолда қараңғыда түртінектеген жанның қолына шырақ ұстатып, көкірек көзінің ашылуына себепкер болған ұстаздарын қатты құрмет тұтатын. Айтқандарын екі етпей орындап, асқан жауаптылық танытатын. Оқуымен бірге қоғамдық жұмыстарға да атсалысудан шет қалған емес. Осылайша, алғырлығымен оқуын жақсы оқып, іс-шараларға белсене араласуымен ұстаздарын қуантып, ата-анасын марқайта жүріп, тарыдай болып кірген баланы таудай қылып шығарған алтын ұя мектебіне деген қимастықпен 1966 жылы орта мектепті жоғары дәрежеде аяқтап шығады.
      1968 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына алынып, Совет Армиясы қатарында әскери қызметтен өтеді. Қиырдағы шалғай ауылда өскенімен көкірек көзі ояу, ширақ мінезді, қара жұмысқа піскен балаң жігіт онда да қатарынан озып, мақтауға ілігіп, әскери қызметін абыройлы өткеруге бар күшін салып жүреді. Ер жігіттің бойында болуы керек қасиеттерді толық танып-біліп, өз бойына жинақтай жүріп, өмірге деген көзқарасы барынша айқындалып, ысылып, бұрынғыдан есейіп, шынығып, шыңдалып 1970 жылы әскерден оралады.      Әскерден оралған балаң жігіт бала күнінен еңбектің кез - келген түрінен қашпайтын дағдысымен қайнаған еңбек майданына араласып кете барады. «Екі қолға – бір күрек» деп, бұйырған жұмыстың бәрін абыроймен атқарып, адамдармен аралас-құраласы артып, өмір көріп ысыла жүріп 1970-1978 жылдар аралығында әртүрлі жұмыстар істеген. Осы аралықта кішкентайынан тума таланты түрткілеп, домбырамен ән айтып, күй шертіп жүруін тоқтатқан емес. Бұл өнермен шектелместен, алып-ұшқан көңілі жыршылыққа да бет бұрғысы келіп жүреді. Сол талпынысына орай бірде үйлеріне Қоңыраттағы белгілі   композитор жігіт Жеңіс Естілеуов пен  сол кездерде   әйгілі жыршы Наурызбектің талантты шәкірттерінің бірі Төребай жыршы келе қалады.Осы кездесу үстінде  Төребай шалқып отырып, термешелеп төгілтеді.Ол да бала Тұрлан секілді әкеден  ерте айырылған екен. Соны жырға салып айтқанда жүрекке шер-шемен боп қатқан осы құса Тұрланды да қозғап жібереді. Содан бастап, бірте-бірте тіліне  небір гауһар  сөз тізбегі  ілінейін деп, Төребайша жырлағысы келіп, оның өнеріне құлай беріліп, әуеніне  түсе бастайды. Домбырамен терме, толғау, жыр айтуға дендеп кіріседі. Не құдірет билегенін белгісіз, оны бірден  Қашаған ақынның жырлары баурады. Әсіресе, оның   Есқали сұпыға айтқаны, яғни, домбыраны   ардақтаған  айтулы толғауы қатты ұнайды. Толғауды жаттап айтқан сайын жырға зерек  зерделі жандар бұрынғы ешбір жыршыда жоқ өз әуені бар деген ілтипат  білдіріп, қанаттана түсуіне дем береді. Осылайша, жыр әлеміне енуі осы 1974 жылдың жаз айынан бастау алған еді. Өзіндей жыршылыққа бет бұрған жандар жыршы Қартпайдың  тереңдігіне бас иетін. Тұрлан да өзі үлгі алған жыршылар ретінде алдымен Қартпайды, оған қоса Алдаберген, Бағымбай, Төребай, Әскербай сынды жыршыларды атайтын.
      Өнер әлемінде таныла бастаған жігіт 1978 жылы аудандық мәдениет бөлімінде клуб меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1979 жылдың ақпан айында Қарақалпақстанның Шоманай ауданы, Қарабайлы ауылында өткен тойда Наурызбек жыршымен танысып, қалың жұрттың және атақты жыршының қоштауымен Тұрлан Бисенбайұлы бір жарым сағат жыр жырлайды. Терме, толғау, ақындар айтысы, соның ішінде Қашағанның  Есқали сүпыға айтқаны бар, біраз жырды  төгеді. Сол күннен бастап Наурызбек жыршының шәкірті боп соңынан ереді. Бір жыл бойы жыршыға ілесіп Бейнеудің арғы тұсы – Қарақалпақия, Жаслық, Нөкіс, Тақиятас, Қожелі, Түркменстанның Ташауыз, Шаржау, Көне-Үргеніш қалаларын аралап, жыр жырлады. Наурызбек жыршының үні ашық тенор, саусақтарының кемдігіне қарамай домбыраны өте әсем шертетін. Жас жыршы Тұрлан өзін жыршы ретінде қалыптастыру барысында Қартпайдан  жырлардың тоқсан толғаулы сөз жүйесін алса, Наурызбектен  жырдың бұлбұл үніндей сүйкімді әуезін алған. Дегенмен, тек  Наурызбектің мақамымен ғана шектелместен жоғарыда аты аталған жыршылардың да  әуездерімен жырлап келеді.
      Жыр жырлап, терме-дастандарды айта жүріп, ел аралап, жер көріп, өмірлік тәжірибесі молая түскен жігіт мәдени салада арнаулы білім алуды мақсат тұтып, 1982 жылы Ақтөбе   қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне сырттай оқуға түсіп, жеткілікті білім қорын жинап, 1986 жылы аталмыш білім ордасын бітіріп шыққан.
      2003 жылы сәті түсіп, алыста жүріп, «елім, жерім» деп еңіреген есіл жүректің аласұруына құлақ асып, туған отанға оралған елін сүйген арда азамат Атырау қаласына көшіп келген. Сол жылы Атырау облыстық Н.Жантөрин атындағы филармонияға жұмысқа орналасады. Қазақтың ұлттық аспаптарында керемет ойнап, орындаушылық өнерін көрсетіп қана қоймай, бойында ағаштан түйін түйген шеберлік қабілеті де жете дамыған Тұрлан ағамыз 1995 жылдан бастап қазақтың ұлттық музыка аспаптары домбыра, қобыз жасаумен айналысып келеді. Ұлттық аспаптарымыздан бөлек баян мен гитараның да құлағында ойнайды. Ағаштан түйін түйген ұсталығына қоса ой-қиялы керемет дамыған зергерлігі де бар. Қобыз бен домбыраның түр-түрін, әсіресе, домбыраны тұтас ағаштан ойып, өрнектеп, әшекейлеп жасайтын Адай шеберлерінің үлгісін ұстануы таң-тамаша етіп қиялыңды қозғайды. Қазіргі күні қазақтың ұлттық аспабы домбыра, қобыз, жетіген аспаптарын жасауды және тартуды шәкірттеріне үйретуде.
      Тұрлан жыршының репертуары мейлінше кең. Оның  осы ұлан-ғайыр дүниелерді жаттап есте сақтауы, жырлап отырғанда оқиға желісіне орай мың құбылып, әртүрлі мақамға басып, көз алдыңда құдды бір дала операсы жүріп жатқандай тыңдаушыны өзіне еліктіре тартуы бағы замандық жыраулар мен жыршылардың құдіретті келбеттерін еске түсіретін,  табындыра  таңғалдыратын бір таңғажайып құбылыс. Сонау көне дүниенің   ұшан-теңіз жырларының қалай жеткенін осы Тұрлан жыршының сирек жаратылған болмысынан аңғаруға болады. Жұдырықтай ғана жүрегіне ұялаған жыр, толғаулар, айталық,  батырлық жыр-дастандардан – «Қарасай-Қази», қалмақтармен бітіспес соғыстың бір жанды көрінісі жырланатын «Асау-Барақ» жыры, діни-шежіре – қисса «Әнес Сахаба», ол жырдың ішіндегі Наурыз әулие хикаясы, «Ноғай Нұрым мен Кердері Әубәкірдің айтысы», мысал айтыстан – «Шәйтім ақынның сексен жаспен айтысы», «Нартайдың  арақпен айтысы»,  сөзі дуалы ақындардың ескерусіз қалған арнаулары, бір-бірімен сөз қағыстырулары, бұрын еш баспа бетін көрмеген ойлы-күйлі терме-толғаулар – осының бәрі ауыз әдебиетінің, әрі музыкалық фольклордың баға жетпес  ұмытылған інжу-маржандары еді.
      Филармонияға жұмысқа орналасқан сәтінен бастап бірнеше дүркін халықаралық және республикалық жыршы жыраулар сайысының жеңімпазы атанған. Атап айтсақ, 2003 жылы Атырау қаласында өткен ЮНЕСКО деңгейінде тойланған Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған жыршы-жыраулар сайысында 3-орын иеленіп дипломмен және қола медальмен марапатталды.2004 жылы «Мәңгі мұра –жауһар жыр» шеруінде Алғыс хатқа ие болды. 2005 жылы Ақтау қаласында өткен Ер Шотанның 300 жылдық мерейтойында 2-ші орын иеленді.2006 жылы Қызылорда қаласында өткен Рүстембек Көшенейдің 60 жылдық мерейтойында 3-ші орын алды. 2007 жылы Орал қаласындағы Марабай Құлжабайұлының 165 жылдық мерейтойында жүлделі 1-ші орынға ие болып, мерейі асқақтай түсті. Сол жылдың тамыз айында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ұйымдастыруымен өткен «Отаным – бақытордасы»   термешілер сайысында Алғыс хат берілді. Ал қыркүйек айында Ресей Федерациясындағы Қалмақ Республикасының Элиста қаласында өткен 2-ші дүниежүзілік фестивальде арнайы диплом алып, кеудесінде төсбелгі жарқырады. Қараша айында Астана қаласында өткен «Мінсіз таза асыл сөз» жыршы - жыраулар сайысында дипломға ие болып, видеокамера табысталған. 
      Майталман жыршыға айналған ағамыздың әрбір қатысқан дүбірлі додасында орын алмай қайтқан кезі болған емес. 2008 жылы Тараз қаласында өткен халықаралық «Ұлы Жібек жолы» фольклорлы музыка фестивалінде дипломмен және Күміс тайлақ жүлдесімен марапатталған. Келесі жылдың қыркүйек айында Ресей Федерациясындағы Қалмақ РеспубликасыныңЭлиста қаласында өткен 3-ші дүниежүзілік фестивальде диплом берілді. 2010 жылы Ақтөбе облысында өткен Нұрпейіс Байғаниннің 150-жылдық мерей тойында диплом алды. 2011 жылы Ресей Федерациясындағы Дагестан Республикасының Махачкала қаласында өткен Каспий маңы мемлекеттерінің фестивалінде өнер көрсетті. 2012 жылы Қызылорда облысында өткен Бұқарбай батырдың 200-жылдық мерей тойында дипломмен марапатталған.2014 жылы Актауда өткен Сүгір Бөгендікұлының 120-жылдық мерейтойында жүлделі 3-орынды иеленді. 
2020 жылы 16 желтоқсанда «Білім және Мәдениет саласының үздігі» атты республикалық байқауға қатысып, бірінші дәрежелі дипломмен және "Білім мен Мәдениет саласының үздігі " төсбелгісімен марапатталды.
      Қазіргі таңда ағаштан түйін түйген хас шебер әрі майталман жыршы ретінде шәкірт тәрбиелеумен айналысып жүрген Тұрлан ағамыздың әрбір ісінің жемісті болуына тілектеспіз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...