Хұсейн Әмір - Темір

Рейтинг:

Театр өнерінің тарланы

      Талантты ешкім қолдан жасай алмайды. Талант – әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен сіңген Жаратқаннан берілетін асыл қасиет. Құдайдың ондай талант берген адамдары мәдениет көгінде жұлдыз болып жарқырап, халықтың қадірлісіне айналары хақ. Ұлы қазақ елінің өнер керуені еш уақытта үзілген емес. Театр және кино саласының біз атап өткен заңғар биіктерінің өкшесін баса бір шоғыр шашасына шаң жұқпас жүйріктер құйрық тістесіп құйындатып келеді. Қазақ мәдениетіне үлкен үлесін қосып, өнер өлкесінде өрісін тауып, өнегелі жолын жалғастырушы мыңдаған шәкірттердің ұстазы, бүгінгі біздің кейіпкеріміз – қазақ мәдениетінің актерлік әлемінде бағы жанған, талантымен талайды тәнті еткен өнер майталманы, киелі сахна өнерінің саңлағы, дарынды режиссер – Әмір - Темір Хұсейн Жүсіпұлы. Сөзімізге дәлел режиссердің қойған таңғаларлық сан қырлы спектакльдердің көрермендердің жүрек түкпірінен орын алуында. 
      Хұсейн Жүсіпұлы – 1940 жылы қаңтар айының 17 жұлдызында иісі қазаққа талай дарындарды сыйлаған, ән-күй өнерінің қайнаған қазаны киелі Сыр өңірінде дүниеге келген. Дәлірек айтсақ, Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, Асқар ауылында дүние есігін ашқан. Қазақ мәдениетінің жарық жұлдызы мектепте мұғалімдерінің мақтанышы, озат шәкірт, алғыр оқушы атанады. Арманы болашақта елге елеулі, халқына қалаулы ұл болу еді.
      Жалын болып жануды көздеген жастың, арман қуған жас түлектің асқақ арманы мақсатына айналып, 1961 жылы Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы өнер институтының театр факультетінде атақты режиссер , Қазақстанның Халық артисі , профессор Асқар Тоқпанов ұстаздық еткен актер өнері бөліміне оқуға түсуден бастады. «Мамандығым – мақтанышым» - деп білетін студент институт қабырғасында терең білім алады.
      «Жастық болашағымен бақытты» - демекші, өнер мен білімге құштар студент институт қабырғасында оқып жүрген кезінен өз қатарластарынан оқ бойы оза шауып, 1963 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы Алматы Академиялық Жастар театрының көмекші құрамына қабылданып, оқумен қатар сахна саңлақтарынан актер өнерінің қыр-сырын үйрене түседі. 1965- 67 жылдары актер үшін жемісті жылдар еді. Себебі, Қарағандының С.Сейфуллин атындағы облыстық драма театрында еңбек етіп, екі жыл ішінде оннан аса рөлдерде шебер ойнап, актерлік дара қабілетін, өзіндік талантын, еңбекқор, өнерге құштар жас екенін таныта біледі. 1966 жылы театр жанынан ашылған бір жылдық курсқа актер шеберлігінен, актерлік мамандықтың қыр-сырынан дәріс береді. Бойдағы білім мен білігін тәжірибемен ұштастыра білген актердің сапалы дәрістерінен көптеген шәкірттер білім нәрімен сусындайды. «Ұстаз еңбегі – талантты шәкірті» сол студияда оқып, кейін үлкен жетістіктерге жеткен Халық артисі Т.Мейрамов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ж.Шәкәрімовтер республикаға белгілі өнер майталмандары. Актердің еткен еңбегі елеусіз қалмай, Театр сахнасында және ұжымның қоғамдық өміріндегі белсенді ұшан-теңіз еңбегі үшін актер 1967 жылы КСРО Мәдениет Министрлігінің «Құрмет Грамотасымен» марапатталды.
      1967 жылы актердің еңбек жолында біршама өзгерістер орын алып, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрына ауысып, әуелгіде актер, 1970 жылдан бастап осы театрда режиссер болып еңбек етеді.
      «Оқу - инемен құдық қазғандай»,- дейді халық даналығы. Осы қағиданы басшылыққа алған жас өнерпаз Москва қаласында А.В.Луначарский атындағы Театр өнері институтының Жоғарғы Режиссерлер Курсында КСРО Халық артисі, профессор, Москваның В.Маяковский атындағы Академиялық драма театрының бас режиссері А.А.Гончаровтың курсында оқып, оны үздік бағамен бітірді. Болашақ режиссердің кәсіби шыңдалуына бұл курстың берері көп болады.
      Киелі сахна өнеріне деген асқан жауапкершілік, әрбір кезекті қойылымға деген кәсіби шебер дайындық, актерлік табыс пен ұтымды режиссерлік жаңалық Әмір - Темірдің кәсіби мүмкіндігін кеңейтіп, оның қалыптасуына, кәсіби өсуіне бағдаршам болады. 1974 жылы режиссер үшін жағымды жаңалыққа толы болып, Қызылорда театрының бас режиссерлігіне әбден лайық деп бағаланып, көп кешікпей осы қызметке тағайындалады. 
      Репертуар актер шеберлігі мен режиссер мүмкіндігін жан-жақты ашатын тұғыр екенін жақсы түсінген бас режиссер театр репертуарының бай болуына үлкен мән берді. Сол жылдары қойылған В.Шекспирдің «Король Лир» , М.Әуезовтың «Түнгі сарын» , Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты», И.Эркеннің «Сау басыма сақина», Ш.Хұсайыновтың «Біздің Ғани», Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек» спектакльдері театрға және ұжым мүшелеріне шығармашылық табыстар әкелді. Республикалық классикалық спектакльдер байқауында «Король Лир» спектаклі үшін театр үшінші дәрежелі, Сайқымазақ рөліндегі С.Шотықов бірінші дәрежелі, Король Лир – Т.Айнақұлов және спектакль суретшісі С.Пірмаханов екінші дәрежелі дипломдарға ие болды. 1979 жылы театрдың 25 жылдығына сай Алматы қаласындағы есепті гастролінде көрсетілген жоғарыдағы туындылар ерекше атап өтілді. «Түнгі сарын» спектаклі туралы қазақ сахнасының атасы С.Қожамқұлов «Социалистік Қазақстан» газетінде: «Хұсейн Теміровтың драмадағы басты кейіпкер – халық екенін тап басуы, сөйтіп сахнада халық образын жасап шығуы, спектакль табысының басты себебі. Режиссер драманың түпкі идеясын да, көркемдік табиғатын да тамаша түсінген, актерлерге де тамаша түсіндірген» - деп жазады.
      «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясының поэтикалық үнін, нәзік сезім қылдары мен адуынды тартыс желісін режиссер сахналық кеңістіктегі еркін қимыл әрекет арқылы шешті. Спектакльдің премьерасын көрген ұлы жазушы Ғ.Мүсірепов жас режиссердің өзіндік қолтаңбасын мақұлдап, шығармашылық табыс тіледі. Осы екі спектакль үшін театр Қазақ ССР-і Мәдениет Министрлігінің жыл жүлдесін, ал режиссер «Құрмет Грамотасын» иеленеді.
      Режиссердің соны ізденістерге барып, сахналық эстетиканың тосын да жаңа мүмкіндігін ашатын кездері бар. Сондай ізденістің басы «Сау басыма сақина» пьесасын сахналау үстінде іске асты. Осы спектакль үшін театр Венгр Халық Республикасы Мәдениет Министрлігінің арнаулы қола жүлдесіне ие болса, режиссурасы үшін Әмір - Темір Бүкілодақтық фестивальдің дипломымен наградталады. 
      Театр екі рет 1976 және 1978 жылдары ВЦСПС пен КСРО Мәдениет министрлігінің ауыспалы қызыл туын жеңіп алса, Әмір - Темір 1975 және 1978 жылдары екі мәрте ВЦСПС пен КСРО Мәдениет Министрлігінің «Ауылға мәдени – шефтік қызмет етудің үздігі» деген төсбелгісімен марапатталды. Режиссер Москвада , Берлинде, Ригада, Кишиневта өткен театр фестивальдеріне Қазақстан атынан делегация мүшесі болып қатысты. Қызылорда театрында істеген жиырма бес жыл ішінде Әмір - Темір әр түрлі стильдегі алпысқа тарта спектакльдерді сахналады. Көп жылғы шығармашылық еңбегі үшін режиссер әр жылы «В.И.Лениннің 100 жылдығына» арналған мерекелік медалімен, «Еңбек ардагері» медалімен, Қызылорда облыстық атқару комитетінің «Грамотасымен» марапатталды.
      1992 жылы режиссер Алматы облыстық Б.Римова атындағы қазақ драма театрына театр
ұжымының шақыруымен келіп, Талдықорған театрын он бір жылдан астам басқарды. Осы уақыт ішінде ол жиырмадан астам спектакль, оннан аса дала сахналарында театрландырылған көріністерді қойды. Суреткердің әсіресе, қазақ классикалық туындыларын қайта түлетіп, классик жазушыларымыздың шығармалары арқылы заманымыздың актуальды проблемаларын көтере білу қабілетін ерекше атап өткен жөн. Осындай ізденістің жемісі ретінде М.Әуезовтің «Еңлік - Кебек» трагедиясының, І.Жансүгіровтың опералық либреттосы «Исатай - Маханбетті», Ілияс ақынның өз бейнесін кіргізу арқылы азаматтық деңгейге көтере білген біліктілігін айтуға болар. Заманның қиыншылығына, репертуардың тапшылығына қарамастан талантты режиссердің басқарған жылдары Талдықорған театры Республика көлеміндегі шығармашылық әлеуеті қарымды ұжымның біріне айналды. Режиссер әр буын өкілдерін өз дәрежесінде тең ұстап, олардың суреткерлік жолда қатарласа үзеңгі қағысып, өнердің ауыр жүгін бірлесе атқаруына бағыт сілтеп отырады. Театр үш мәрте республикалық фестивальдердің үшінші дәрежелі лауреаттығын жеңіп алса, режиссер де үш рет 1996 жылы Е.Домбаевтың «Қор» комедиясының қойылымы үшін, 1998 жылы Т.Әліпбайдың «Қанды ғасыр», 2000 жылы Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедияларын қойғаны үшін «Ең үздік режиссер» номинациясымен фестиваль лауреаты боп марапатталды. 2000 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атаққа қол жеткізді. 
      Режисер 2003 жылдың сәуір айынан бастап күні бүгінге дейін Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі болып еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде театр жұмысы қайта жанданып, театр жөнінде республика жұртшылығы жылы лебіздер айта бастады. 2003 жылы Т.Әліпбайдың «Исатайдың барында» драмасы үшін театр ұжымы алғашқы рет республикалық фестивальдің лауреаты атанып, екінші жүлделі орынды жеңіп алды. Театрда шығармашылық жағдай қалыптасып, театр ұжымы тың дүниелерді сахнаға әкеле бастады.
      2004 жылы режиссер «Аласапыран» спектаклін басқаша шешіммен сахналап, бұл туынды 11 республикалық театрлар фестивалінде екінші дәрежелі жүлдені иеленді. Спектакльді талқылау кезінде академик Р.Нұрғалиев «Сахнада бір үлкен қозғалыс, шын күлкінің неше түрлісі бар. Адамды осы жанын рахатқа батыратын қозғалыстың сан алуан байлығы бар екен. Қимылдардың бәрінде соншалықты пластика бар, ана сөздердің бәрінде соншалықты жан бар. Менің бүгінгі қуанышым Аймауытов пен Майлин қазіргі сахнаға шығып, бүгінгі бізбенен жаңаша бір тілменен тілдесіп отыр. Мына Хұсейн інімді, коллективті осы жақсы жеңісімен құттықтағым келеді» - деп баға береді. Бұл ұжымға, режиссерге берілген зор баға еді.
      Сахна өнерінің саңлағы, білікті басшы драматургия және журналистика саласында да қалам тартқан. Ол жазған «Сен мені жеңдің, Сырым» теленовелласы 1968 жылы Қазақ ССР Министрлер Советінің телевизия және радиохабары жөніндегі Мемлекеттік комитетінің ашық конкурсында екінші орынды жеңіп алып, «Қазақстан» телеарнасында қойылды. «Сол бір жаңа жыл» видеофильмі 1983 жылы теледидардан жарық көрсе, 1989 жылы «Қазақ телефильм» студиясы оның сценарийі және режиссурасы бойынша «Аламесектен көтерілген ауыл» деректі фильмін түсірді. 
      ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық жазушысы Ш.Мұртазаның «Жүз жылдық жара» әңгімесінің негізінде «Әулие ағашпен қоштасу» атты түзеген инсценировкасы жабық байқаудың екінші дәрежелі жүлдесін жеңіп алды. 
      Бұхарбай Естекбайұлының 200 жылдығына арналған жабық конкурста Әмір –Темірдің «Ел батыры – Бұхарбай» пьесасы бірінші орынды иеленіп, той үстінде сахналанды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған драматургтердің республикалық байқауында «Ешкімге керегі жоқ ауыл» пьесасы «Рухани кеңістік» номинациясына қол жеткізді. 
      Х.Ж. Әмір –Темір мол тәжірибе жинақтап, әлі де тұғырдан тайған жоқ, шығармашылық ізденістен ауытқымады. 2008 жылы Ақтау қаласында өткен 16 республикалық театрлар фестиваліне коллективін Таупық әл Хакімнің «Сұлтанның сасқаны - ай» спектаклімен алып барды, 2010 жылы Орталық Азия мемлекеттерінің 3 халықаралық театрлар фестиваліне Р.Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» спектаклімен қатыстырды. Жүлдесіз болған жоқ, 2012 жылы Түркия Республикасындағы Кония қаласында өткен «Мың таныс, бір үн» аталатын халықаралық театр фестиваліне Түрік драматургы Тургай Нардың «Төбекөз» спектаклімен қатысып, Қызылорда театры үлкен абыроймен оралды. Өнертану ғылымының докторы, профессор, білікті театр сыншысы Бақыт Нұрпейіс 
«театрдың аталмыш спектаклі әр елден жиналған өнер қайраткерлерінің талқылауында жоғары бағаланды» -деп жазды.
      Сахна мәдениетіне жетік зерделі режиссердің бір спектакльді бірнеше жылдар бойы үздіксіз қайталаса да, таптаурынды машыққа салынбай, жаңа бір серпін мен тың бояулар тауып, уақыттың талабына сай жаңғыртып, көрермендердің эстетикалық талап - тілегіне лайық үн қата білетіндігінде. Режиссердің шабытпен қойған спектакльдерінің бірі Д.Исабековтың «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасы. Адам жанын таразыға салып, махаббат пен зұлымдық, адам тағдыры мен қарапайым ғана жандардың трагедиялық тағдырын адами таза сезіммен аша білген режиссер еңбегі 2014 жылғы Астанада өткен тілдер фестивалінде бірінші орынды иеленсе, келесі жылы сол спектакльмен Нартай театры қазақ театрларының ортасынан оза шауып, алғаш рет Лондон сахнасында қазақ тілінде қазақ авторының спектаклін сахналап, Шекспир елінде биік өнердің үлгісін көрсетеді.
      2018 жылы Қызылорда театры Ғ.Мүсіреповтың «Ақ Баян» спектаклімен Қазақстан театрларының арасынан дүниежүзіндегі ең беделді фестивальдердің бірі – Единбургтегі «Фринж» фестиваліне алғаш рет қатысып, қазақ өнерін Шотландиялық көрермен алдында жарқыратып көрсете білді. Театр, спектакль режиссері – Әмір - Темір, актерлер: З.Төлепова мен Қ.Архабаев фестивальдің арнайы реестріне аттары жазылып, үлкен абырой биігінен көрінеді.
      2019 жылы шығармашылық саладағы ерекше еңбегі үшін, сыр елінің өнерін әлемдік деңгейге көтергені үшін Хұсейн Әмір – Темір «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» аталса, театр 
      Қазақстан үкіметінің қаулысы бойынша «Академиялық» атаққа қол жеткізді.
      Қарымды суреткер өзінің мол тәжірибесін жинақтап, соңғы жылдары «Бір сахна – егіз ғұмыр», «Өнер - баян», «Өнер - өмір», «Адам болып өтейін» кітаптарын жазып, баспадан шығарды. Қазіргі уақытта оның «Өнер - әлем», «Шымылдық» кітаптары дайындалу үстінде. Жақында ғана алғашқы романы «Сен және мен» «Атамұра» баспасынан жарық көрді.
      Біздің бүгінгі кейіпкеріміз көп қырлы, терең сырлы актер, шебер режиссер. Ол қашан да ізденуден жалықпай өнерін ұштап, шеберлігін шыңдауды әдетке айналдырған. Теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, сахнадан әртүрлі стильдегі, сан қырлы жанрдағы спектакльдерді жасаудың хас шебері. Оның өнеріндегі басты ерекшелік – спектакльдерінің бүгінгі күннің рухани сұранысына сай келіп, уақытпен үндес келетіндігінде, оның қойған спектакльдеріне қатысқан актерлердің өз кейіпкерлерінің психологиялық тебіреністегі жан күйін айнытпай бере білетіндігінде. 
      Біз, шебер мэтр, тәжірибелі режиссердің шығармашылық еңбегіне, театр ұжымына толағай табыстар тілейміз. Алаш жұртына ғана емес, көрші мемлекеттерге де белгілі болған талант иесіне бас иеміз. Алдағы уақытта ойымыздан орын алатын, тарихқа таңба басатындай спектакльдерді жарыққа шығара беретініне толықтай сенеміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

15 сентября 2025 19:43
Ардак
Абила бүгінде үлкен жанұяның акжаулықты анасы отау тіккеніне 40 толып ұрпақ рахатына бөленіп отырған бақытты жансың...
14 сентября 2025 21:51
Nursultan Naukenov
Менің Анам Алтын! Аллах Разы Болсын!...
14 сентября 2025 12:57
Рвйса
Сәлеметсізбе Абила апа бүгінгі күн ағатаймен шаңырақ құрғаныңызға 40 жыл толып жатыр екен алла сіздерге зор денсаулық...