Кабиев Василий Мүтәйірұлы

Рейтинг:

Мәдениет майталманы

      Қазақ даласының әр ауылына өнер қонған десек, артық айтпаған болар едім. Домбыраның күмбірі де, қобыздың қоңыр үні де, төгілген жыр-терме де, шалқыған ән де ежелден әр қазақ ауылына сән беріп келеді. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, бала кезден өнерге жақын өскен Василий Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек ардагері Кабиев Мүтаирдың ұлы. Василийдің әкесі Мүтаир 1920 жылы дүниеге келген. Заманның қиын кездерін көзбен көріп, басынан өткерген Мүтаир Отан үшін отқа түсіп, болашақ ұрпақтың бақыты үшін өз жанын аямаған, кеудесін оққа тосып, Ұлы Жеңісті жақындатуға майдан даласында өзге майдандастарымен бірге қан кешкен азамат. Соғыстан кейінгі жылдары майдангер Гурьев қаласы, Балықшы кентіндегі балық зауытында бригадир болып еңбек етті. Ауыл-аймақтың, ағайын-туғанның сыйлысы, отбасының тірегі болды. Василийдің анасы Кабиева Оралдым 1927 жылы дүниеге келген. 1941-1945 жылдары қиын-қыстау кезеңдерде елмен бірге тылда еңбек етті. Тыл, еңбек ардагері болған ардақты жан отбасының ұйытқысы, балаларының қамқоршысы, жақындарының жанашыры бола білген жан. Гурьев қаласында қарапайым да қазақы отбасында 1959 жылғы 5 тамызда дүниеге келген Кабиев Василий Мүтаирұлы бала күнінен өнерге жақын болып есейді.
      Иә, әсем әуезді әуен жүрек тілі. Ол адам жанын тебірентетін, ерекше күй кештіретін, көңіл-күй сыйлайтын өзгеше бір әлем дер едім. Рас, ол тап бір жәннат секілді. Өте әдемі әрі сиқырлы. Себебі, адам жаны құбылып, шаршағанда оны тыңдап, жан демалып, рахат табады. Ол әлемге барғанда адам мол бақытқа кенеледі. Сиқырлы әуен өмірді басқалай сезіндіреді. Дүниені басқа қырынан танисың. Әдетте музыканы көңілдің кілті деп атайды. Себебі, музыка тыңдаған адамның көңілі лезде көтеріліп, өзін сабырға шақыра бастайды. Оның ерекшелігі сондай ол кез келген адамның жан-дүниесін, ішкі сұлулығын, жүрегін сезінуге көмектеседі. Ол арқылы біз адамның жүрегіндегі жылулықты, мейірімділікті сезіне аламыз. Әсем әуен осы әлемдегі ең құдіретті, қасиетті ұғым. Адамзат оны құдіреттеу арқылы бойына жақсы қасиеттерді сіңіре алады. Оны орындаушы арқылы да сезініп жатамыз. Орындаушының шеберлігі оның табиғилығы арқылы әнді әуездете біледі. Солай ол тыңдаушылардың жүрегіне жол табады. Иә, заманалар бойы музыка адамдардың шабытын оятып, көкке көтеріп, адамзатты тал бесігінде әлдилеп келді. Музыка алдында қарапайым шаруадан бастап құдіретті билеушілерге дейін бас иді. Ол әр халықтың пайда болу, орнығу, жаңа жерлерді игеру тарихынан сыр шертті. Әр халық өз әуенін өздері ойлап тапқан аспап арқылы жан-жаққа таратып отырды. Ырғақ, әуез, әуен арқылы сөзге жан бітірді, көркемдік үстеді, өміршең етті. Ән тарихы дегеннен шығады, қазақ үшін «Елім-айдың» қадірі бөлек қой. Тұтас ұлттың қайғылы көшін түзеген сол бір әуенді естісе қалт тұра қалмайтын қазақ кемде-кем. Шындығында халықты біріктіретін әндер, әсіресе сүргін көрген жұрттың көшінде ел мен жұртқа тіреу болғаны, сүйеу болғаны анық қой. Ендеше, халықты сақтап қалған әуен болып шықпай ма?
      Василий Мүтаирұлы 1966 жылы №23 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектебіне бірінші сыныбына барды. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап, жүрегіне жақын қазақ әуендерін жаттап, музыка пәнін сүйіп оқыды. Өнерге құштар бала Василийдің табиғат берген дарыны десек те болады, қоңыр дауысты, есте сақтау қабілеті де зор болды. Қандай мектепішілік сайыстар болмасын өзіне ғана тән қоңыр дауысымен әуелете ән шырқағанда оған тамсанып, қол шапалақтамайтын бір жан қалмайтын. Ұстаздарының мақтанышы болып, сыныптастарының адал досы бола білді. Музыканы жанмен сүйетін, білімге құштар жас түлек мектепті ойдағыдай үздікке аяқтады. Алтын ұядан 1976 жылы қанаттанып шыққан арманшыл жас түлек Василий Гурьевтің музыкалық училищесіне оқуға түсті. Ал 1977-1979 жылдары Отан алдындағы борышын өтеу мақсатында Германия елінде әскери қызметін абыроймен өтеп келді. Әскер қызметінен келгеннен кейін, яғни 1979-1982 жылдары Гурьевтің музыкалық училищесіндегі оқуын жалғастырып, оны да ойдағыдай жақсы аяқтап шықты. Училищемен тоқтап қалмай, өнерді құрметтейтін Василий Кабиев Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітірді. Білімді маман 1982 жылы Балықшы аудандық мәдениет бөліміне автоклуб меңгерушісі болып еңбек жолын бастады. Алғашқы еңбек ортасында ол өзінің жан-жақтылығымен, ізденімпаз қасиетімен, парасаттылығымен, ашық мінезіме көзге түсіп жүрді. Ол М.Қойшыбаев атындағы балалар музыка мектебінде, И.Тайманов атындағы орта мектептерінде ұстаздық қызметті абыроймен алып жүрді.
      - Әсем сазды әуен - өмірдің мәні! Егер әсем әуенді адам жүрегімен тыңдай алса, барлығын сезіне алады. Оның ішінде адамзат тарихы, туған өлке, қымбатты адамдардан бастап, барлығы да көз алдыңа келеді. Сонымен қатар, әсем ән жүректі тербеп, адамға талант пен шабыт та сыйлайды. Себебі, қандай заман, қандай ғасыр болмасын музыка жүрек тілі болып қала бермек, - дейді Василий Мүтаирұлы.
      Иә, нағыз адамға тән асыл қасиет ол турашылдық пен уәдеге беріктік, жауапкершілік пен адалдық. Бұл мінез әр азаматтың ел алдындағы беделін өсіріп, қадірін арттырады, арман биігіне жетелейді. Мұны айтып отырған себебім, менің кейіпкерімнің бойында дәл осындай қасиеттер тұнып тұрғанын байқауға болады. Мамандығын мақтанышы көрген және одан ырыс-құт өрген жанға тәңір жарылқаушы жақсылығын аяған ба? Василий музыка өнерінде айы оңынан туды десек оның әр жерде айшықты қолтаңбасы қалардай өндіре еңбек еткенін, һәм, ол жолда жанын жалдай жұмыс жасағанын жасырмай айтар едік. Талант иесі 1982 жылдан Атырау фольклорлы этнографикалық ансамблімен Қазақстанның барлық қалаларында өнер көрсетті. Тіпті Ресейдің Москва, Волгоград, Астрахань, Түркменстанның Ашхабад және Алжир елдерінде де болып, өнер көрсеткен.
Еңбекқор, өз саласын жетік меңгерген Василий 1988 жылдары аудандық мәдениет үйінде аға әдіскер, қалалық мәдениет үйінде аға әдіскер болып қызмет атқарды. Сабырды серік еткен азамат қай қызметінде болмасын өзінің белсенділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, көшбасшылық қабілетімен ерекшелене білді. Осындай қасиетінің арқасында ол 1989 жылдары №2 қалалық мәдениет үйінің директоры, 1989-1994 жылдары Жұмыскер поселкелік советтің депутаты болып сайланды. Ал 2000 жылы Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның «Нарын» оркестріне жұмысқа орналасып, әлі күнге дейін сол оркестрдің құрамында жемісті еңбек етіп келеді.
      Оның өнерге деген құлшынысы көптеген биіктерге жеткізді. Оркестрдің құрамында Ресей, Түркия, Австрия, Франция секілді алыс-жақын шет мемлекеттерде болды. 2013 жылдан бастап Атырау оқушылар орталығында домбыра аспабынан дәріс береді. Білікті маман, тәжірибелі ұстаздың шәкірттері де бірнеше рет қалалық, облыстық, республикалық конкурстардың лауреаты атанған. 
      Василий Мүтаирұлының қаншама жылдық еңбек жолында жүріп жеткен жетістіктері де аз емес. Атап айтқанда, 1991 жылы Д.Нұрпейісова атындағы күй мерекесінде 1 орын алса, 1993 жылы «Қ.Сағырбайұлының 175 жылдығына» арналған күй додасында Бас жүлдені еншіледі. 2013 жылы Құрманғазы атындағы республикалық фестивальдің 1000 адамдық оркестр құрамында сертификатқа ие болды. 2017 жылы Атырау облысы мәдениет және өнер саласын дамытуға қосқан еңбегі үшін «Құрмет Грамотасы», Астана қаласы «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы марапатын иеленді. 2018 жылы күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлына арналған ұлт-аспаптар оркестрінің халықаралық фестивалінен Сертификат, 2019 жылы Облыстың білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін, Атырау облысы Білім Беру басқармасының «Құрмет Грамотасын» алды.
      Өнермен өмірі өрілген азамат отбасының арқасүйер азаматы. Ол 1983 жылы Сара Жаманбайқызымен шаңырақ көтерді. Бүгінде берекесі мен мерекесі тасыған отбасында бақытты өмір кешуде. Иә, мәдениет саласының мықты маманына болашақтағы жарқын еңбектеріне толағай табыс тілеймін!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....
10 мая 2026 00:27
Jazira
Менің атам бар жақсыға лайықтты. Рахмет сіздің арқаңыз өсіп өнгеніміз... ...