Сыздықов Дүйсенхан

Рейтинг:
Саз әлемінің серкесі

      Талант – жүздің емес, мыңның ішінен таңдап беретін тәңірдің ұлы сыйы. Өнер – адамға туа бітетін өте сирек қасиеттердің бірі. Өмірдің шапағатын, ғасырдың ғаламатын, тағдырдың тамашасын, уақыттың бағалысын сырлы жанарымызбен, қымбат қалауымызбен, сәтті, сәтсіз қадамымызбен әркім өзінің жазмышына орай көріп, біліп, сезініп келеміз. Қандай да бір дүние ұғымын ұғыну жолында жазылып кеткен, сиясы кепкен, өткеннің ескірсе де естен кетпес естелік жәдігері болған жазушы, ғалымның, атақтының адуынды афоризіміне, абырой жолындағы әрекетіне, керемет кітабына көз салмау, оны санаға сіңірмеу, мән бермеу мүмкін емес. Өзгеден үлгі алу арқылы болашаққа бет алуда, өзіндік үлгі қылып, қырға шығуда, адамдық тегіс жолда алға жүруде жетістіктің жарты бастауы танымалдылық төрінде көзге түскен алып та абыройлы тұлғалардың қадамына қызығып, сол жолда төккен теріне, еткен еңбегіне таңданып, еліктеп жатамыз.
      Жасынан қазақ ән-жырға құштар боп өскен азаматтардың бірі, өнер сахнасына өшпес із қалдырып, ән қанатында қалықтаған композитор Дүйсенхан Сыздықов 1961 жылдың 19 желтоқсанында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келді. Аламанда топ жарар сәйгүліктің құлын күнінде төрт аяғын тең ала шауып ерекше көрінетіні секілді, бала кезінен-ақ бойындағы ерекше қабілеті барын көрсеткен Дүйсенхан 1968 жылы мектеп табалдырығын аттады. Орта мектепті бітірген соң, арман деп аталатын самұрықтың қанатына үміт құсын қондырып, 1977 жылы Шымкент қаласындағы музыкалық училищеге оқуға түседі. Музыкадан хабары бар, таңғы шықтың мөлдірлігіне елтіген дала құсының үніне құлақ түріп өскен Дүйсенханның білім ордасына барған соң бойында бұғып жатқан қабілетінің қанаты кеңінен ашыла түсті. Таланттың адам бойына 1 пайызы ғана беріліп, қалғаны еңбекпен, ізденіспен, келетінін түсінген Дүйсенхан шығармашылық ізденіс үстінде болды. 
      1984 жылы Шымкент қаласындағы музыкалық училищені үрлемелі аспаптар оркестрінің жетекшісі мамандығы бойынша бітіріп шықты. Бүгінде сахна төрінде әндері жиі шырқалып, ән бесігінде тербеліп келе жатқан Дүйсенхан Сыздықовтың алғашқы еңбек жолы 1984 жылдары Шымкент облысы, Жетісай қаласындағы Құрманбек Жандарбеков атындағы Қазақ музыкалық драма театрында басталды. 
      Көкейіндегі күмбірді эстрадалық аспаптармен үндестіріп, әсем де әуезді әуендер шығара білген Дүйсенхан 1985 жылы жырдың жүрегі атанған Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында «Экспресс» ән-би ансамбліне көркемдік жетекші болып келді. Одан арғы өнер саласындағы қызметтік жолын 1990-1995 жылдары Жаңақорған аудандық мәдениет үйінің директоры, 1995-1997 жылдары аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқара жүріп Шымкент қаласындағы педагогикалық мәдени-ағарту институтының «эстрадалық үрлемелі аспаптар оркестрі» факультетін сырттай бітірген. 1997 жылдан бері өнер мен мәдениеттің ортасы, Алматы қаласында үлкен өнер жолында шығармашылықпен айналысып келеді. Эстрада жанрын жетік меңгерген Дүйсенхан алдыңғы буын ағалары 
К.Дүйсекеев, Е.Хасанғалиев, замандасы Ж.Сейдоллаұлы және тағы да басқа композиторлармен қоян – қолтық шығармашылық жұмыстар жүргізуде. Өнерді өмірлік серігі еткен Дүйсенхан Сыздықов бойындағы бұла күшінің ішкі толқыныстары мен жанартаудай бұлқынысын студенттік кездерінен сездіріп, 1980 жылдардан бастап ән жаза бастады. Бүгінде өнерде өзіндік қолтаңбасын қалдырған саз әлемінің қанатты тұлпары композитордың 40-тан аса әндері қазақ эстрадасы жұлдыздарының репертуарынан орын алып отыр. «Әнші әннің, ән әншінің бағын ашады» демекші, сазгердің шығармашылығынан нәр алып, киелі сахна төрінде шырқалып, тыңдармандардың жүрегіне жеткен әндері жылдар өтсе де халықтың көкірегінде сайрап тұр. Атап айтсақ, Бақыт Шадаеваның орындауындағы Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Аңса, жаным», Нұғман Асқаровтың өлеңіне жазылған «Туған жер», Шөмішбай Сариевтің қаламынан туындаған «Менің елім – Қазақ елі», Иран Ғайыптың сөзіне жазылған «Мен сондаймын» әндерін Роза Рымбаева әнге қосса, Мақпал Жүнісованың орындауындағы Серік Тұрғынбековтің «Мұңайма,», Жеңіс Ысқақованың орындауындағы Исрайыл Сапарбаевтың «Ғажап ертегім», Алтынай Жорабаеваның орындауындағы Мұқағали Мақатаевтың «Бесік басында» әндері киелі сахна төрінде шырқалып келеді. Сонымен қатар, эстрада әншілерінің бірігіп орындайтын Ибрагим Исаевтың «Гүл сыйлайық анаға», Талант Арғынғалидың «Ән шашу», Толқын Забированың орындауындағы Адырбек Сопыбековтің «Сағындым туған елімді» және Сыздықов Дүйсенханның өз орындауындағы Исрайыл Сапарбайдың сөзіне жазылған «Анажан» әндері өнерсүйер қауымға кеңінен танылды,Бұған республикамызға белгілі шабыты қанатты тұлпар болып келген М.Мақатаев, Қазақстан сценарийшісі, ақын, композитор, фольклоршы ғалым Асқар Дүйсенбі, сыршыл ақын И.Исаев, оңтүстіктің өр кеуделі ақыны И.Сапарбаев, А.Асылбеков, Абай өмірінің соңғы кезеңіне арналған «Мен ішпеген у бар ма?» атты драмалық дастаны театр сахналарында қойылып, көрермендердің жоғары бағасын алған драматург, ақын Иран Ғайып, көмейіндегі күміс сөздер жыр болып қағаз бетіне түскен Шығыс Қазақстандық өнер қайраткері М.Сақатов, қазақ лирикасындағы іңкәр сөздері мен қазақ журналистикасына өшпес із қалдырған, ақбас толқындары жағаға ұрған айдында Арал теңізінің талантты ұланы Ш.Сариев, Жүрсін Ерманның жүйрігі, айтыстың ақтаңгері Серікзат Дүйсенғазин, отыз тістен шыққан сөзін отыз рулы елге таратқан Серік Қалиев, жанарынан от ұшқындаған Қайрат Ағыберген, көрермендеріне «Таланттан тарту» жасаған, Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Таланат Арынғали сынды ақындардың өлеңіне жазылған әндері айғақ бола алады.  Шыңға біткен шынардай болған композитор Дүйсенхан Сыздықовтың өнер жолындағы алдыңғы буын ағалары – өз ортасының жүйріктері. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерлері Тілес Қажығалиев, Сейдолла Бәйтереков, Тасқын Оқапов, Кеңес Дүйсекеев, музыкалық комедияның, камералық шығармалардың, кинофильмдер, қойылымдар музыкаларының, романстардың, әндердің авторы Төлеген Мұхамеджанов, қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы, Қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі, халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев сынды өнер тарландарының әндері мен шығармалары жүрегінен үлкен орын алған Дүйсенхан 
      Сыздықов – Кеңес Дүйсекеевтің тікелей шәкірті. 
      Композитор Дүйсенхан Сыздықовтың шығармашылығының шырқау биікке көтерілген әні – 1997 жылы М.Сақатовтың өлеңіне жазылған «Жастық жігер» атты әні. Бұл ән Қазақстан Жастар Одағының Гимні болып қабылданды. Сонымен қатар, үнемі шығармашылық даму үстінде болған сазгер Қазақфильм киностудиясы түсірген режиссер Халил Омаровтың «Философ Нысанбаев», «Мұнай тамшысындағы тағдыр», «Қазағымның Қаһарманы Бауыржан», «Дүкенбай жолы» атты деректі фильмдерінің музыкасын жазды. Сазгер әндерінің тақырыбы – сан алуан. Соның ішіндегі басым көпшілік әндері – анаға, әкеге, туған жерге, Отанға, Алматыға, Астанаға арналған лирика-патриоттық әндер. Композитордың шығармашылығын насихаттау мақсатында 2005 жылы Республика сарайында «Ғажап ертегім» атты ән кеші өтіп, «Хабар» телеарнасы арқылы көпшілікке танылды. Сонымен қатар, мектеп жасындағы бүлдіршіндерімізге, яғни, жас таланттарымызға да әндер жазып келеді. «Қазақстан» Ұлттық арнасының тапсырысымен «Балапан» спутниктік арнасының түсірген «Тентекпін» бағдарламасына арнап «Тентекпін» атты әнін жазды. 2007 жылы Республика сарайында «Айналайын балдырған» атты шығармашылық кеші өтті. 30-дан аса әндері жас таланттардың орындалуында шырқалды. Үнемі өзінің сазгерлік репертуарын жаңа әндермен толықтырып отыратын композитор үлкен сахнада жүрген барлық өнер қайраткерлерінің әндерін эстрадалық бағытта өңдеп келеді.
      Шығармашылық ізденісінен өзіне қуат алатын Дүйсенхан Астана қаласының 10 жылдығына орай өткізілген «Ән жүрегім – Астана» атты байқауға қатысып, ақын Серік Қалиевтің сөзіне жазылған «Бақ қалам – менің Астана » әні Лауреат атанды. 2012 жылы 50 жас төлмерекесііне байланысты «Дүйсенхан Сыздықовтың 50 әні» атауымен танымал әндер жинағы үнтаспасы жарық көрген композитордың мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің музыкаларын таспаға сапалы түрде түсіріп дайындаудағы еңбегі ұшан теңіз.
      Композиторлық қана емес, продюссерлік қырынан да танылған Дүйсенхан – «Алтын - Арай» дуэтін жарыққа шығарса, бүгінгі таңда дәстүрлі түрде жыл сайын Республика сарайында 1 наурыз күні өткізілетін «Гүл сыйлайық Анаға!» атты мерекелік концерттің ұйымдастырушысы. Концерт «КТК» телеарнасы арқылы көрермендердің ыстық ықыласына бөленген. Бұл коцерттің ерекшеліігі – сахна төрінде мерекеге орай тек қана ер азаматтар ән шырқайды.
      Музыканы шынайы таза жүрекпен қабылдап, жан дүниеңді өзгертетіндей тыныш ортада тыңдап, өзінің жүрегінен шыққан көмескі үннің пердесін түріп, бүлкіл қаққан жүректен туындаған ән ырғағын музыкалық аспапта тербете білген, өлмес өнерде өшпес із қалдырған дара тұлға Дүйсенхан Сыздықов өзінің шығармашылығын дамытып, жүректен шыққан сазды әуенді жүрекке жеткізу жолында тынымсыз еңбектеніп келеді. Мысалы, 2011 жылы Қазақстан эстрадасы өнер жұлдыздарының қатысуымен «Бақ құсы» атты шығармашылық ән кеші өтіп, Ұлттық телеарна арқылы насихатталуы – композитор шығармашылығының тыңдармандар тарапынан қолдау тауып, сұранысқа ие болуы. Өнер әлемінде шабыттың қыранындай қалықтап, шығармашылығында ұлттық болмыс, патриоттық, адами асыл қасиеттер мен өнеге, тәрбиелік менмұндалап тұратын сазгердің туындыларын саралап өтсек. 
      2011 жылы елімізде өткен Қысқы «Азиада» спорт ойындарына арнап жазған «Азиада алауы» әні үздік әндер қатарына енсе, 2011 жылы Мәдениет Министрлігінің «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған «50 қисса жыр дастан» батырлар жырларының антологиясын дайындауда шығармашылық ұжымның мүшесі ретінде өз студиясында жоғары сапада таспаға түсірді. Сондай-ақ, 2012 жылы Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетіне сөзін ақын Шөмішбай Сариев жазған Әнұраны студенттер тарапынан шырқалып, өнер иесінің мәртебесін арттырса, 2013 жылы Қазақстан халық әртісі Роза Рымбаева, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Жеңіс Ысқақова және Жеңіс Сейдуллаұлы, белгілі актер Ғани Құлжановтардың қатысуымен туған жері Жаңақорған ауданының орталығында «Туған жер» атты шығармашылық ән кешін өткізді. Қазіргі уақытта композитордың әндері Р.Рымбаева, М.Жүнісова, Т.Жаманқұлов сынды Халық әртістері, Ж.Ысқақова, Б.Шадаева, Ж.Сейдоллаұлы, Г.Оразымбетова секілді Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткерлер мен танымал эстарада жұлдыздары және жас таланттардың репертуарынан орын алды.
      Ақындардың шығармаларын киелі сахна арқылы жаңғыртып жүрген театр қызметкерлерінің ұлттық аспаптарымыздың тынысын тарылтпай, дәстүрлі өнерді насихаттап, түрлі бағыттағы әндерімен тыңдарманның құлақ құрышын қандырған әншілердің саф алтындай өнер туындыларын өмірге әкелген күйшілер мен сазгерлердің қажырлы еңбегі еліміздің мәдени қорын толықтыруда. Әр істеріне асқан сүйіспеншілікпен қарап, тәулік бойы талмай еңбек етіп, еліміздің мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз үлес қосуда. Бұл – әдебиет пен мәдениетке, салт-дәстүрге, өнерге, тілге деген зор құрмет. Осындай ерекше құрметке ие азаматтардың бірі Дүйсенхан 
      Сыздықов – алтын жағалы тон киіп, төрден орын алуға лайықты өнер адамы. 
      Ел үшін еткен еңбек ешқашан ұмытылмайды. Таңмен таласа жазылған әуендері алтын қордың магнитті таспасынан орын алған композитор Дүйсенхан Сыздықов түрлі шығармашылық байқауларына қатысып, өзінің қарым-қабілетінің тау шыңынан да биік екенін дәлелдеп келеді. 2010 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен Кеңес Одағының батыры, даңқты қолбасшы «Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына» және «Ұлы Жеңістің 65 жылдығына» арналған «Елдің ері –Бауыржан!» атты республикалық жаңа патриоттық әндердің жабық байқауына қатысып, «Қазағымның қаһарманы – Бауыржан» әні үшін II Дәрежелі 
      Лауреат атағын қанжығасына байлауы – талантының тасқа тисе де мұқалмайтын алдаспан екендігін тыңдармандарға мойындатқаны. Алыстаған сайын биіктігі мұнартып, биіктеген Алатаудай әр жарысқа қатысқан сайын құрмет төріне көтеріле түскен 
      Дүйсенханның 2016 жылы Жаңақорған ауданы әкімінің ұйымдастыруымен өткен республикалық сазгерлер байқауына белсене араласып, “Жаңақорғаным — алтын бесігім!” атты әнімен II Дәрежелі Лауреат атанды. 
      2016 жылы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» арналған “Сарбаз әндері” бірінші республикалық әскери патриоттық ән байқауында, “Әскер түрлері және саптық әндер” номинациясы бойынша “Танкішілер әнімен ” I Дәрежелі Лауреат атағына ие болған композитор 2017 жылы 55 жас мерейтойына байланысты Алматы қаласы, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармония залында Халықаралық әйелдер мерекесінің қарсаңында “Гүл сыйлайық анаға” атты шығармашылық ән кешін өткізді. Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткерлермен қатар жас эстрада жұлдыздары өнер көрсеткен мерейтойлық ән кешінде ана тақырыбындағы әндермен бірге, жаңа әндер әнсүйер қауымға ұсынылып, кеш Ұлттық телеарнаның қолдауымен таспаға түсіріліп, қазақ еліне насихатталды. Жүрегін жарып шыққан әндері үлкен сахнада шырқалып, ән таспасына түсіп, мұраға сақталып жатса, өнер адамы үшін үлкен мәртебе. 
      2017 жылы «Қазақ үні» газетінің ұйымдастыруымен өткен «Жыл адамы» SMS дауыс беру байқауында «Жыл сазгері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған композитор 2019 жылы Мәдениет және спорт министрлiгiнiн ұйымдастыруымен өткен «Елiм менiң» патриоттык әндер байқауында «Тәуелсiз елдiң ұланы» аталымы бойынша «Мен бақытты баламын» шығармасымен I Дәрежелі Лауреат атағын иемденді. Бүгінгі таңда Серік Тұрғынбеков, Мұқағали Мақатаев, Шөмішбай Сариев,Қадыр Мырзалиев, Ибрагим Исаев, Абдрахман Асылбеков, Иран Ғайып сынды белгілі және жас ақындардың өлеңдеріне жазылған 100-ден аса әндері Қазақ радиосы және телебағдарламаларда әнсүйер қауымға ұсынылып келе жатқан Дүйсенхан Сыздықов мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін 2013 жылы 11 желтоқсанда өнер жолындағы еңбектері үшін Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталып, 2017 жылы Жаңақорған ауданының “Құрметті азаматы” марапатына ие болды. Бел астында тұрған алпысты алқымдаса да шығармашылықтан қол үзбей, қайта өнер саласын дамыту мақсатында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, биылғы жылы 60 жас мерейтой қарсаңында Дүйсенхан Сыздықовтың мектепке дейінгі балабақша балалары орындайтын ән жинақ, мектеп қабырғасындағы өнерпаздарға арналған оқулық және музыкалық орта және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтары нотасымен жарық көрмек. 
      Өнер – өмір өрнегі. Ұлттық құндылықтарымыз болып сақталатын Алтын қорда шығармашылығы мен жазбасы таспа ретінде сақталып, мұра болып қалатын, мәдениет пен өнердің алтын тақтасында есімі алтын әріптермен жазылған, уақыт өткен сайын алтын шұғыласы менмұндалап, сусаған жанның жүрегіне шуақ, көңіліне нұр құятын әндердің әуезін шығарған талантты әнші, біртума композитор Дүйсенхан Сыздықовтың әндері ән сүйер қауымның жүрегінен орын тауып, ән әлемінде шарықтай бермек. Ән жазумен қатар ән орындауда қала, аудан, облыс орталықтарында болып өтетін барлық мәдени іс - шараларға белсенді араласып, халықтың ризашылығын алып келе жатқан Дүйсенхан ағамыздың шығармашылығы шарықтай берсін. Болашақта композитор, музыкант, ән әрлеуші Дүйсенхан Сыздықовтың шығармашылығында халық сүйіп тыңдайтын әндер жалғасын таба бермек деген сенімдеміз. Композиторлықты, музыканы өңдеуді (аранжировканы) меңгерген кәсіби маманның жақсы туындыларды жарыққа шығара беруіне тілектеспіз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 апреля 2025 11:09
Сымбат
Венера - отличный специалист, мама, подруга, жена! Спасибо за дружбу ...
18 апреля 2025 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
18 апреля 2025 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...