Мәдениет майталманы
Өнер мен мәдениет Орал тауларының ізін жалғап, сұлудың қоса өрілген қос бұрымындай қатарласа ағып жатқан Еділ мен Жайық өзендері секілді, ғасырлар бойы бірге келе жатқан бір сала. Ұлттың болмысы мен нақыштарын, дәстүрі мен салт-сенімін бір арнаған тоғыстырып, жұмыр жүрегінде өнерге деген ұмтылысы бар жанды, әуен бесігінде тербеткен өнер саласы – ешқашан өлмейтін, алыстаған сайын биіктей түсетін Алатаудың шыңындай, күн өткен сайын шоқтығы биіктеп келе жатқан сала. Өнер – ұлт немесе жүз, дін немесе діл, тіл немесе нәсіл талғамайтын, ел мен елді елдестіріп, бейбітшілікке шақыратын, әр пенденің рухани әлемін кеңейтетін маңызды мәдениет саласы. Біздің бүгінгі тыныс-тіршілігіміз бен адами болмысымыз, ертеңгі күні отты ақындардың жыры болып жазылып, бұлбұл әншілердің әні болып сахна төрінде шырқалады. Сондықтан, өнер – өмір, мәдениет, руханият пен боямасыз өмірдің айна көрінісі.
![]()
Оясына қонған мақсатын орындаймын деп, тынымсыз тіршілік етіп жүрген әрбір пенденің жүрек түкпірінде өнерге, әнге, музыка әлеміне деген бір жылымық сезімі болады. Сондықтан, музыка мен адам тіршілік аспанында қыранның қос қанатындай бірге қалықтап, бірге өмір сүреді. Осындай ұлттық болмыстың айнасы, мәдениет саласында да қызмет етіп жүрген өнерпаздар мен мәдениет майталмандары баршылық. Күн шықпаса жаурайтын талдың жапырағындай, музыка болмаса тіршілік диірменінде айналып жүрген адам да құлазиды. Міне, құлазыған көңілді демеп, өмірге іңкәр етіп, құлшындырып, өнер мен өмірдің арқанына қоса есіп, өлмес саланы алға жүргізіп, өміршең етіп келе жатқан азаматтарымыздың бірі, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының директоры– Кенжалиев Елубай Мұхамбетұлы.
Өткенді айтсақ көсіле шабатынымыз анық, десек те дауысы дарқан даланы жаңғыртқан, талай тектілер мен дүлдүлдердің табаны тиген өлкеде өмірге келіп, дарқандық пен кеңдікті, парасаттылық пен дарындылықты бойына сыйдырып, мәдениет ордасында жүріп, қызмет етіп келе жатқан тұлға туралы кеңінен айтып өту – журналистік парызымыз деп білеміз. Шыққан күн батады, сағат тілі де тоқтаусыз айналып әр қаладағы арман да орындалып, уақыт өте келе өмір арнасынан түсіп қала беретініміз – бүркеусіз шындық. Артымызда игі істеріміз бен жасаған қызметіміз, жақсылықтарымыз, өнерге қосқан өлмес ісіміз ғана қалады. Бүгінгі кейіпкеріміз Елубай Мұхамбетұлы да өнер десе есімі қоса айтылатын, мәдениет майданында сауырына қамшы салдырмай шауып келіп жүрген нарқасқа азаматтарымыздың бірі.
![]()
Кенжалиев Елубай Мұхамбетұлы 1976 жылдың 1 қаңтарында тарих тасында дүлдүлдерімен таңбаланып қалған құтты мекен Атырау облысында дүниеге келді. Ел шетіне жау тұлпарының тұяғы тигенде, ел қорғап, қалқаны сөгілсе де қабырғасымен ел қорғап, ата жерін сақтап қалған, өнер аспанында биік қалықтаған талантты ұл-қыздарымен танымал өлкеде бақытты балалығын өткізіп, қасиетті топыраққа аунап өсті. Білім ордасын Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданындағы мектеп-интернатында аттап, үлкен өмірге қадам басты. Аламанда топ жарар тайбурылдың құлын күнінде аяқ алысы бөлек болатыны секілді, мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзінің өнерге деген жақындығын, бойындағы таланты мен ерекше қабілетін көрсете білген жас, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып, сыныптастарының алдыңғы қатарлы оқушыларының бірі болды.
Музыка – түсіне білгенге түбі мұхиттан да терең тылсымға толы әлем. Піскен сайын майы қалыңдаған күбідегі айрандай, осы бір әлемнің ішіне енген сайын тереңірек барғың келіп, бойыңдағы отты ұшқынды жалынға айналдырғың келіп кететін, сыртынан қарасаң өзіне менмұндалап тартып тұрған сиқырлы әлем. Осынау ұлылардың ізінен дүниеге келіп, сол мекенде тәрбиеленіп, ізгілер өскен мектептің білім ошағынан нәр алып бойжеткен Елубай Мұхамбетұлы расында бала күнінен өзінің ерекшелігімен көзге түсе білуші еді. Мектепте де үздік пен озаттың қақ ортасында, қоғамдық іс-шаралардың ең басында, қатар құрбы мен достың ерекше сый-құрметінде, ұстаз бен тәлімгердің мақтау-мадағында жүріп, ыстық ұя мектебімен де қоштасатын сәтке жетеді. Жұлқынып тұрған жас жүрек жарқын болашағына нық сенім мен үкілі үміт артып, қолына куәлігін алып, үлкен қалаға қарай бала күнгі асқақ арманының жетегіне еріп, жол тартады.
Елубайдың ұстаздары да бала бойындағы үміт отын тұтандырып, шабамын деген жігіт ат, жанамын деген жігіт от бере білді. Ақыры, жастайынан музыкаға әуестігі, мектеп бітірген Елубайды 1991 жылы Ақтөбедегі А.Жұбанов атындағы музыка училищесіне алып келді. Міне осы сәттен бастап жас талапкердің бойындағы бұғып жатқан қабілеттері ашылды.
Осылайша, Елубай Мұхамбетұлының алғашқы еңбек жолы 1995 жылы Мәртөк ауданындағы балалар музыка мектебінде музыка пәнінің мұғалімі ретінде басталды. Жүздің емес, мыңның басына беретін жаратқанның сыйы – бойындағы талантын, музыкамен ұштаған Елубай талай өнерпазды қанаттандырып, сахна төріне шығарған білім ордасында оқып, музыкалық білімін одан әрі 1998 жылы Алматы Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваториясында жалғастырды. Шабамын деген тұлпарға дала төсі кең емес пе, консерваторияда жүріп, білімін тереңдете түсіп, шоқтығы биік өнер әлемінің ішіне еніп кетті. Оқу мен қызметті қатар алып жүрген Елубай Мұхамбетұлы 2000 жылдан бастап Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының «Сазген» фольклорлық ансамблінің әртісі лауазымында қызмет етіп, 2002 жылы консерваторияны «Домбыра» мамандығы бойынша бітіріп шыққан соң, Студенттер сарайында меңгеруші болып тағайындалды.
![]()
Өз саласының білімді де білікті, үздік маманы атану – әр пенденің алдына қойған үлкен мақсаттарының бірі. Сол үшін де уақытпен таласа еңбек етіп, үнемі ізденіс үстінде болып, қоршаған ортамен тығыз байланыс жасай отырып, тіршілік қазанында бірге қайнайды. Бала кезгі үлкендердің тілін алып, ұстаздарының тәлімін шәкірт құлағына құйып өскен Елубай Мұхамбетұлы қызмет барысында да сол асыл нұрын өз бойына төге білді. Қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін ашық мінезді, адами асыл қасиеттерді бірінші орынға қоятын, өнер саласында еңбек ететін маманға қатысты тазалықты, таза жүректі, мөлдірлікті, әділдікті бойынан көрсете біліп, ұжымдастарымен де тонның ішкі бауындай етене араласты. Қызмет барысында басшылық қойған талаптарды дер кезінде орындап, қолға алған ісін аяғына дейін еткізбей тынбайтын жауапкершілігі мен тиянақтылығы басым маман аз ғана уақыттың ішінде абырой биігіне көтеріле білді. Осы бір шыққан төбесінің асқарында әкеден алған әділдік пен адалдық, анадан алған қамқорлық пен өз ісіне деген ерекше махаббат, имандылық шірімейтін қанжардай жүрегінде менмұндалап жатыр еді.
Одан арғы қызметінде Елубай Мұхамбетұлы 2002-2009 жылдар аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде оқытушы және осы жылдары қосымша қызметте «Қайратты қазақ» ансамблінің әртісі, 2011 жылы Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының А.Жұбанов атындағы Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі әртісі болып жұмыс жасады. Ерекше кірпияздық пен терең таным, жоғары талғамды талап ететін өнер саласында қызмет ету – маман иесінің ақ ұлпадан да таза жанының тазалығынан еді. Кісі көңілін қалдырмайтын, үлкенге құрметі, кішіге ізеті басым болған кейіпкеріміз қандай қызметте болса да әріптестеріне құрметпен қарап, өнер шыңына мәдениет баспалдақтарымен бірге көтерілді. Білімін одан әрі жетідіру мақсатында 2013 жылы К.Молдабасанов атындағы Қырғызстан Ұлттық Консерваториясынан аспапта орындаушылық, дирижерлау мамандығын игеріп шыққан Елубай Мұхамбетұлы 2011-2014 жылдары Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі қызметін абыроймен атқарып, ал 2014 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының директоры лауазымында еңбек етіп келеді.
![]()
Абырой үшін адал еңбек етуді басты мақсаты санаған Елубай мырзаның басшылығымен ұйымдастырылған іс-шаралар өте көп. Тек республикамызда ғана емес алыс-жақын шет елдерде атап өтсек:
✦ 2014 жылы маусым айында «Аққу» би ансамблі Халықаралық «Dubai International» мәдениет фестиваліне (БАӘ Дубай), Түркияда өткен Халықаралық ТҮРКСОЙ мәдениет ұйымының ұйымдастыруымен түркі тілдес елдердің «Ататүрік» атты өнері мен мәдениеті фестиваліне және тамыз айында Алжир мемлекетінің Сиди-Бель-Аббес қаласында өткен Халықаралық фольклорлық фестиваліне қатысты;
✦ 2015 жылы ақпан айында Астана қаласындағы Үндістан елшілігінің шақыртуымен «Аққу» би ансамблі Халықаралық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесіне Үндістан елінің Фарадабат қаласына барды;
✦ 2015 жылы 28 қарашада Түркіменстанның Мары қаласында «Мары-түркі дүниесінің мәдени бас қаласы-2015» мәдени шараға Елубай Кенжалиев мырзамен «Аққу» би ансамблі және «Славянский базар» байқауының жеңімпазы Димаш Құдайбергенов қатысты;
✦ 2017 жылы Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысты;
✦ 2017 Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының қазақ камералық хор ұжымының шағын құрамы халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының арнайы шақыртуымен фестивальге қатысып, Түркия мемлекетінің қалаларында концерттік бағдарламамен аралап келді.
✦ 2018 жылы Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының «Достық сазы» фольклорлық ансамблі, «АҚҚУ» би ансамблі Үнді мемлекетінде өткен «VIII Халықаралық би және музыка» фестиваліне қатысып, Үнді мемлекетінің Нью-Дели, Лахнау, Патна қалаларына барып халық әндерімізді шырқап, ұлттық биімізді билеп, күйлерімізді орындады;
✦ Филармония әртістері Түркия мемлекетінде өткен IX «Рамазан» фестиваліне қатысып Малатья, Авсин, Анкара қалаларына барып қазақ өнерін паш етті. Мәскеу қаласында өткен V Халықаралық Ұлттық оркестрлер фестиваліне А.Жұбанов атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрі қатысты;
![]()
✦ 2019 жылы Бельгия Корольдігіндегі Қазақстан Елшілігінің шақыртуымен Бельгия Корольдігі, Брюссель қаласына «Наурыз» мерекесіне гастрольдік сапармен барып және Ақтөбелік өнерпаздарының Люксембург мемлекетінде арнайы концерті өтті.
Саналы ғұмырын өлмес өнердің еншісіне айналған мәдениет саласына арнаған Елубай Мұхамбетұлы еңбек еткен жылдары басшылық, халық, мәдениет ордалары тарапынан еңбегі бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын!» демекші, өнер саласында қызмет етіп келе жатқан мәдениет майталманының қол жеткізген жетістіктері мен еңбегінің шынайы бағасы болған марапаттарына көз жүгіртсек:
✦ 2001 жылы Астана қаласында өткен III Халықаралық «Шабыт-2001» фестивалінің лауреаты;
✦ 2007 жылы РФ Магнитогорск қаласында Халықаралық «Европа-Азия» халық аспаптар оркестрлерінің фестивалі өтіп, А.Жұбанов атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрі Гран-при иегері атанып, Е.Кенжалиевтің жетекшілігімен Қазақ ұлт-аспаптар ансамблі I орынға ие болды;
✦ Ақтөбе облыстық Мәдениет басқармасының «Алғыс хаты»;
✦ 2008 жылы Астана қаласында өткен Н.Тлендиев атындағы Халықаралық дирижерлар конкурсының III орын лауреаты;
✦ Астана қаласында өткен Халықаралық «Шабыт» фестивалінің III орын лауреат атағына филармония «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі ие болды;
✦ Ресей Федерациясында өткен Екатеринбург қаласындағы «Евразия-2008» фестивалінен «Алғыс хат»;
✦ Ақтөбе қаласындағы Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен «Жұбанов көктемі-2008» фестивалінде оркестр I орын лауреат атағы және «Үздік дирижер» номинациясының жеңімпазы;
✦ 2008 жылы Ақтөбе облысы Әкімі сыйлығының иегері;
✦ 2009 жылы Облыс Әкімінің сыйлығына ие болды;
✦ 2010 жылы Ақтөбе қаласында өткен Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының ұйымдастырумен «Жұбанов көктемі-2010» халық аспаптар оркестрлерінің және ансамбльдерінің фестивалінде «Арайлы Ақтөбе» фольклорлік ансамблі I орын лауреаты;
✦ 2011 жылы Польша Республикасындағы Колобжек қаласында жыл сайын өткізілетін дәстүрлі Халықаралық «Интерфолк» фестиваліне қатысты;
✦ 2011 жылдың наурыз айында Астана қаласында өткен ІІ Халықаралық Н.Тілендиев атындағы «Өз елім» атты дирижерлер байқауында ІІІ дәрежелі орынға және Талдықорған қаласында өткен М.Төлебаев атындағы «Алтын таяқша» дирижерлар байқауының І-дәрежелі орын лауреат атағына ие болды;
✦ 2013 жылы сәуір айында РФ Магнитогорск қаласында өткен Халықаралық «Европа-Азия» халық аспаптар ансамблінің фестиваліне «Арайлы Ақтөбе» фольклорлік ансамблі қатысып І дәрежелі лауреат;
✦ Ақтөбе қаласындағы Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен «Жұбанов көктемі-2013» халық аспаптар ансамбльдерінің фестивалінде «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі бас жүлдеге ие болды. (көркемдік жетекшісі: Е.М.Кенжалиев);
✦ 2016 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «ҚР Тәуелсіздігіне
25 жыл» мерекелік медалі;
✦ 2019 жылы Ақтөбе қаласының 150 жылдығы мерекелік медалімен;
✦ 2019 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі;
✦ 2021 жылы ҚР Президентінің жарлығымен «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі;
✦ 2021 жылы «Ақжол» демократиялық партиясының «Еңбегім еліме» құрмет белгісі медалімен марапатталды.
Облыстық филармония ұжымының шығармашылығын шыңдау мақсатында Е.Кенжалиевтің идеясымен «Жан серігім – домбыра», «Жібек жолы» республикалық байқаулары және «Muzic Fest Open Air» ашық аспан астындағы музыка фестиваль концерттері ұйымдастырылып, халықтың ықыласына бөленді.
«Жетістікке жеткен әр азаматтың артында жары тұрады» демекші, Елубай Мұхамбетұлының да осындай үлкен жетістіктерге жетіп, өте кірпияз мәдениет әлемінде адал қызмет етуіне сеп болып келе жатқан өмірлік жолдасы Райса Садыққызының еңбегі зор. Әулетінің әрін, шаңырағының берекесін кіргізіп, тамырын тереңге жайған әулеттің түтінін түзу ұшырып отырған жолдасымен екеуі екі ұл, екі қыз өсіріп жиен, немере сүйіп отырған өнегелі, өнерлі отбасының иесі.
Өнер жолы қиын жол. Оның да өзге мамандықтар секілді, соқпағы мен сүрлеуі, қызығы мен қуанышы болады. Бірақ, өзінің мойнына артылған жауапкершілікті сезініп, нардың да белі қайысатын мәдениеттің ауыр жүгін арқалап, алдына қойған межелер мен мақсаттарға жету жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан парасат иесі, тұғырлы тұлғалар туралы айту біз үшін зор мақтаныш. Олар, атқарған ісін көп көрмей, келер ұрпақтың қамы үшін, мыңжылдық тарихы бар ұлттың өнері мен мәдениетін өрістетіп, мәңгілік ел болуға ұмтылған Қазақ елінің болашақ өнерпаздарына орнын аманаттау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Міне, өнер адамдарының еңбегі сондықтан да құнды, мағыналы, өлмейтін, жоғалып кетпейтін іс. Осындай, ұлттық болмысты ұлағатты етіп, ұлы елдің руханиятының дамуына өмірлік жолын сарп етіп келе жатқан мәдениет қайраткеріміздің біріне айналған Елубай Мұхамбетұлы сынды арда азаматтарымыз аман болғай!