Усаева Бекзат Үсенқызы

Рейтинг:

Шебердің қолы алтын

      Қара сөздің нарқын түсінген қазақта: «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген сөз бар, өнер мен қабілет, тектілік пен адалдық тек қуып қанмен келетінін жеткізіп, он саусағынан өнер тамған жандардың мерейін өсіре түсетін. 
      Тігіншілік – өнер. Бір-бірінен асып түсетін бәсекелестік мол бүгінгі таңда тігінші болу үшін қолың мата-инеге икемді болу жеткіліксіз, кәсіп бастап дөңгелету үшін, алдыға сүйрей білетін идея, тұтынушылардың талабын тани білетін таным-түйсік, заманауи құрал-жабдықтарды қолдана білумен қатар, әр оюында мән-мағына жатқан ұлттық болмысты тігін өнімдерінде орнықты орналастыру керек. Тігінші әр түрлі болуы керек, негізгісі табандылық дер едік. Өйткені, шебер бірден туылмайды. Ол қиын жұмыс арқылы ғана келеді. Сонымен қатар, осы мамандықтың өкілі адамдарға сұлулық сыйлау үшін әдемілік жағынан хабары болуы қажет. Тігінші қолының қозғалысы жылдар бойы жасалады. Сондықтан нағыз тігіншінің жұмыс сапасы да, жылдамдығы да жоғары дәрежеде қалыптасады. Сапа мен жылдамдық бар жерде тапсырыс та мол болады. Тігінші болудың бір артықшылығы олар өз тұтынушыларын үйде де, содан кейін шеберханада да қабылдай алады. Тігінші мамандығын сирек деп атауға болмайды, сондықтан кез келген өнеркәсіптік техникалық мектепте немесе кәсіптік мектепте мұндай нәрселердің негіздерін үйренуге болады. Бірақ жұмыста қажетті əрі қайталанбайтын дағдыларды алу үшін сіз тек іс жүзінде ғана тігінші бола аласыз.
      Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де сыр мен сұлулық, тәлім мен өнеге, ұлттық болмыстың кескіні суреттелген өнімдерімен тұтынушыларын тәнті етіп, алғысын алып келе жатқан, ұстаздық мамандықты жаны қалап барса да, кейіннен кәсіптік жолды таңдаған Усаева Бекзат Үсенқызы туралы болмақ. 
      Ана тәліміндегі имандылық пен ибалық, өнегені бойына сіңіре білген Бекзат Үсенқызы 1984 жылдың 26 сәуірінде Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Қызылдихан ауылында дүниеге келді. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетсін деген ниетпен, мың жасаған бәйтеректің болмысын, тамырынан нәр алған жапырағы ғана ашық айтатыны секілді, кейіпкеріміздің ата-анасы туралы өз аузынан естігенді жөн көрдік: «Менің әкем Үсен егіздер болып дүниеге келген, сыңарының аты Асан. Әкем өте сабырлы, еңбекқор және өте адал кісі болған. Әкем үшін үш қызы елдің қыздарынан ерекше, ақылды, иманды тура бір ханшайымдай, қызғалдақтарына басқаны бетіне қаратып сөйлетпей, төрден түсірмей және өте қатты еркелетіп отыратын. Орынсыз сөйлегенді ұнатпайтын. «Жақсы сөз сөйле, ауыздан жақсы сөз шығара алмасаң  үндеме», - дейтін бір ауыз сөзі үнемі мені сабырлы етеді. 
      Анам Боранкүл өте ерекше жан. Анам туралы кітап жазса да болады. Менің анам өте сабырлы, еңбекқор, жастайынан қолөнер шебері болған. Жоқтан бар жасайтын кісі. Бала күнімнен үйде анамның қасынан қалмай істеген тірлігін, сөйлеген сөзін т.б. көп бақылап, көп сұрақ қойып жүретін едім. Анамның «Жаманнан жақсыны үйрен» деген сөзі әрдайым жадымда тұрады».
      Анасы алты құрсақ көтерген Батыр Ана! Үлкені – Өмірбекова Назгүл Үсенқызы, екіншісі – Өмірбеков Талғат Үсенұлы, үшіншісі – Өмірбекова Меңдігүл Үсенқызы, төртіншісі – Өмірбеков Асхат Үсенұлы, бесінші ұлы – Өмірбеков Мақсат Үсенұлы және алтыншы баласы, үйдің кенжетайы Бекзат.
      Өмірге деген ерекше ұмтылысы бар жас Қызылдихан орта мектебінің табалдырығын аттаған сәтте де өзінің қабілетімен, алғырлығымен ерекше көзге түсе білді. Үлкеннің алдын кесе өтпейтін қасиеті достары арасында сыйлы ететін. Сабақты меңгерудегі алғырлығы, ұстаз тапсырмасын орындаудағы жауапкершілігі мен тиянақтылығының арқасында ұстаздарының мақтауына ие болды. Осы бір жас жеткіншектің үлкен өмірге нық қадам басуына сеп болған адамдардың бірі, білім мен тәртіпке баулығаны, сынып жетекшісі әрі мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аубакирова Тамара апайы болды. Күнбағыс күннің шыққан бағытына қарап бой түзейтіні секілді, тек жақсы істерге ұмтылып отырған бүлдіршіндердің жақсы тұлғалар мен тәлімді ұстаздарына үлгі ететіні табиғи құбылыс. Бекзаттың өнерге, музыкаға деген құлшынысын арттырған, сол жылдары мектепке жас маман болып келіп, музыка пәнінен ұстаздық еткен Отарбаева Балжан Таңатарқызы мен ағасы болатын. «Өнерге жақын болуым ағамның қолдауы еді. Әкем де, анам да бос уақытында домбырамен ән айтуды үйрететін.
      4-сынып оқып жүргенімде домбыраға қатты әуестендім, үйдегі домбыра сынып қалған болатын. Рулас әрі ауылдас Зауре деген әпкенің домбырасын бір сағатқа алып тартатынмын. Бір күні қаладан Асхат ағам келген еді, менің домбыраны алғаш шерткенімді көріп қуанып: «Қарындасым келесі жолы мен саған қаладан үлкен домбыра әкеп беремін» - деп көп ұзамай сыйлығын әкеліп берді, домбыра менен үлкен әзер көтеретінмін. Біраз уақыт үйде ән айтып жүрдім», - деп ағасына шексіз ризашылығын білдірген Бекзат Үсенқызы осындай құрмет тұтатын адамдармен жолықтырған тағдырға риза. Өзі де, сөзі де, дауысы да әдемі апайының қолдауымен оның үстіне Бекзаттың өнер мен сахнаға деген сүйіспеншілігі күшейе түсіп, алғаш рет 5-сыныпта ауылдың сахнасына домбырамен Майлықожаның термесін айтып өнер көрсетті.
      Өнерлі оқушы сыныптың ғана емес, өсірген ата-анасының, дүйім мектептің мақтанышы емес пе, осы кезден мәдени іс-шараларға белсене қатысып, шыңдала түскен Бекзат ауылдық, аудандық байқауларға барып жүлдемен оралып келіп жүрді. Өмірге деген ұстаным мен көзқарас, алғашқы тәлім берген ұстаздың болмысы мен тәжірибесіне байланысты болатыны секілді, Бекзаттың да арманы, өзі құрмет тұтатын, қолына қалам ұстатқан ұстаздары секілді, бала оқыту еді. Қолына алған қандай істі де шыр айналдырып алып кететін Бекзат Үсенқызы 2001 жылы Қызылдихан орта мектебін бітіріп шыққан соң, А.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университетінің Қазақ тілі және әдебиеті мамандығына оқуға түсті. Ұстаз болу да үлкен жауапкершілік. Ұлт болашағын тәрбиелеу мойынға артылған ауыр жүк қана емес, болашақ ел болашағын ұстайтын өрендердің тәлімді де, талапты, талантты болып шығуы үшін ұстаздық жолға түскен адамның көп еңбектенуі керек. Жастайынан анасына көмектесіп, қолқанатына айналған Бекзат үшін бұл қиын болмаса да, өзінің білімді де білікті маман болып шығуы үшін, аянып қалмады.
      Оқу орнының қоғамдық, мәдени-саяси өміріне белсене араласып, өзі таңдаған мамандықтың қыр-сырына қанығып, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларымен сусындап өскен Бекзат Үсенқызы жоғарғы оқу орнында да өзінің қабілеттілігінен, ізденгіштігі мен еңбекқорлығынан айныған жоқ. Өткізілген мәдени іс-шаралардың ортасында жүріп, талабы бар студенттерге көп көңіл бөлетін университеттің қайнаған тіршілігімен біте араласып кетті. Қанда бар қасиет бұғып қала ма, университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Гүлшат Қамбарбекованың қатал тәртібі мен тәрбиесінің арқасында ұлттық аспабымыз домбырамен және эстрадамен ән айту өнерін қатар алып жүрді. Сонымен қатар, сахналық киімдерді де өз ойындағыдай етіп өзгертіп алып отырған Бекзат Үсенқызы университет атындағы түрлі деңгейдегі облыстық, қалалық, республикалық жарыстарға қатысып қордын қалтасын жүлдемен толтыра оралып отырды. Осы бір қабілетінің арқасында 2005 жылы университетті бітірген соң, жоғарғы оқу орнының ұжымы белсенді студент болған соң Бекзатты университетке тәрбие бөліміне қызметкер етіп жұмысқа қабылдады. Осы жерде жүріп, сахнада өнерде білгендерін студенттерге үйретіп, түрлі байқауларға қатысуына атсалысты. Еңбек жолын одан әрі қарай 2009 жылы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Сапа менеджмент»  бөліміне маман болып қызметке орналасты. 2011 «Өркениет»  гуманитарлық-техникалық колледжіне қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. 2014 жылы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетіне «Бітірушілермен жұмыс» бөлімінің меңгерушісі қызметіне қабылданып, 2016 жылы «Шерхан Мұртаза шығармашылығының зерделенуі» тақырыбында диссертация қорғап, Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша «Педагогика ғылымдарының магистрі» академиялық дәрежесін алды.
      Бекзаттың келін болып түскен әулеті текті, өсіп-өнген отбасы. Атасы – Усаев Несіпбек Омашұлы мен анасындай болып кеткен екінші анасы – Абдрахманова Алтынай Болатқызы ақкөңіл, адал, еңбекқор, өте балажан кісілер. Үлкендері Сұлтангерей мен Мерей атасы мен әжесінің балалары. Қазақтың тәрбиесінде тұңғыш бала ата-әжесінікі болатыны заңдылық. Ал атасы мен әжесінің тәрбиесін алған балалар ақылды, мейірімді болып өсетіні сөзсіз. 
      - «2016 жылы үшіншіме аяғым ауыр болатын. Атамыз екеуіміз дастарқан басында әңгімелесіп отырып, маған: «Қызым қолыңнан тігу келеді, бала күтімі уақытында неге қыз жасауымен айналысып көрмейсің?! Мен қолымнан келгенше жәрдем беремін, сандықтарыңды жасап беремін», - деп мұны күтпеген мен: «жарайды» деп біраз жоспарлаған болатынбыз. Бірақ, жаратқанның пендесіне өз жоспарлағаны бар емес пе, 2016 жылы сәуір айында бала күтімі демалысына шыққан уақытта 1 мамыр күні еш сырқаттанбаған, үнемі жадырап жүретін атамыз кенеттен дүниеден озды. Бұл біз үшін үлкен соққы болды. Бірақ, мен өмірден көргені мен түйгені мол атамның ісін бастауға бел буып, 2016 атамыз екеуіміз жоспарлаған «Қыз жасауын» қолға алып тігіп бастадым. Бала күнгі көрген ою, ши құрақтарды еске түсіріп, бір жылдай өзімді жан-жақты дамытып, ұйқысыз түндер мен күндер өтті. Тігін тігуді тез үйренуге болады ал, ши құрақ тігу оңай жұмыс емес. Мақтамен жұмыстың өз қиындығы бар. Анама телефон шалып сұраймын. Анам: «неге бұл жолды таңдадың? Өте қиын тірлік» - деп қояды да өз кеңесін аямады. Ал, тігінді бастағанымды естіген Асхат ағам да: «түбі тігін тігетініңді білгенде 3 айлық курс оқыта салатын едім ғой, 4 жыл неге оқыдың мұғалім болмасаң» - деп ренжіді. Айтқаны орынды. Өйткені, менің жоғары білім алуыма қолдау көрсетіп жетектеп жеткізген бауырым осы кісі. Дегенмен, менде тек бір бағыт болды. Ол: шет елге еліктеген жастарымызға өзіміздің ұлттық қолөнерді таныту және солар қызығатындай құлпыртып тігу, білгенімді үйрету және осы ойымды жеткізу үшін өзімнің баламен үйде отырған уақытымды пайдалану» - деген. Алғашында балалардың қасында отырып, үйдің бір бөлмесін тігін цехы етіп бастадым. Көмекшілерім Сұлтангерей мен Несіпбек Мерей Әсетқызы болды, маған ою, әріптер, ленталар кесіп дайындап береді мен тігетінмін. «Қариясы бардың – қазынасы бар» - дегендей әжеміздің қолдауының арқасында мен тапсырыс алып жұмыс жасап бастадым. Маған кедергі келтірмесін деп балаларымды әжесі қарады.      Негізінен тігіншілік өнер менің анамның бойында бар қасиет. Менің балалық шағым өте қызық өтті. Үйдің кенжесі болғандықтан әкем, анам және бауырларым барлығы мені еркелететін, сондықтан өте ерке болып өстім. Ұмытпасам 3-4 сынып оқитын кезім еді үйде ешкім жоқ. Анамның киім тіккенде қалай пішетінін көргем. Анам келгенде қуанып қалсын деп, өзіме белдемше тігейін, сосын қуыршақтарыма көйлек тігіп көрсетейін дедім де үлкенірек және әдемі мата іздедім. Әрі қарап, бері қарап таппаған соң шифоньерді ашсам анамның керемет жылтыр көйлегі көзіме бірден түсті. Қолыма алып бірінші киіп көрдім, бір ойым, кессем ұрысатын шығар деп тұрдым да, артынша әдемі етіп тіксем, қуанғаннан ұрыспайды деген ой келді. Сосын етегін кесіп алдым, юбка тіктім кисем қисық, оны сөгіп қайта тіктім, сосын қиындылардан қуыршағыма киімдер тіктім... бәрін бүлдірдім. Анам көрсе қуанбайтынын ішім сезіп тұр, сосын алдымда бір жерге жасырып қойдым тіккендерімді. Анам келді, неге үйде ұзақ жоқ десем көршінің үйінде кешке той болады екен соған көмектесіп жүрген екен. Кеш батты. Анам тойға жиналып жатыр, әшейінде менде барайыншы сізбен деп жылайтын Бекзат басын көтерместен қуыршағына арнап тоқыма тоқып отыр. Бір кезде анам көйлегін іздеді. Менде үн жоқ. Таңертең ілген көйлегім орнынан қайда кетуі мүмкін деп анам аң-таң, іздеп жүр. Қателігімді түсіндім де, барынша айқайлап жылай бастадым. Анам да, әкем де шошып кетті. Айтпай жылап біраз отырдым, сосын көйлектің жайын айттым. Әкем күліп «көрсетші қызым» - деді, көрсеттім. Әкем мақтады, анамның: «Қой қызым, сол үшін жылайсың ба? Өте әдемі тігіпсің» - дегенін естіп, «қисық болып қалды» - деп қоямын. «Келесіде түзу болады, бірінші тігуің, ертең түзулейміз» - деп жуытып жатыр. Сол күнгі тойға анама су жаңа көйлек кию бұйырмай, басқа көйлек тіккенге уақыты жоқ, ескі көйлегін киген. Тағы бірде асхана бөлмесінің ұзын пердесінің етегін кесіп тіккем. Анам қалған пердені дұрыстап қысқа етіп тіккен. Балалық шақтың қызығы мен шыжығы менде көп болған. Бірақ бүлінген зат үшін анам маған дауыс көтеріп ұрысқан емес, үнемі түзетіп қайта жасататын.
      Анамның қолынан шыққан дүние елдің көңілінен шығып таңқалып жататын. Анам тұрмысқа шығатын қыздарының жасауын, бесік жасауын, қарияларға шапан, көйлек т.б. көптеген дүние тіге беретін, ең қызығы жұмысын ақыға емес тегін тігетін. Ауылда асарлатып киіз басатын. Бір күні шамамен 5-6 жасым болу керек таңда ерте оянып кетсем, анам қасымда жоқ, далаға жүгіріп шықсам ошақта қазанға сүт пісіп жатыр, самаурынға таңғы шәй қойылып тұр, жанында өте әдемі, көздің жауын алатын үлкен ою-өрнектер ілініп тұр. Әдемілігіне қызығып, таң қалып қасына барып ұстап көріп тұрсам анамның жаймен әндеткен дауысы шығады, ілінген дүниенің артында анам бірнәрсе істеп жатыр. Анашым бұл не? қалай жасап жатсыз деп білгенше асығып сұрап жатырмын ғой. Анам жымия күліп «Саған ұнады ма? Мен ши тоқып жатырмын, үйренгің келе ме?» - деді де, менің қолымнан ұстап тоқуды үйрете бастады. Баламын ғой қолымның әлі келмеген болар, «Бұны тығыз-дап тартпаса, бос тоқуға болмайды. Кішкене өс осылардың бәрін тоқитын боласың» - деді. Дәл сол үйреткен бейне менің әлі көз алдымда. Есіме жиі түседі. Мүмкін, қазір алдыма ши мен жіп берсе тоқып кететін сияқтымын. Анам қойдың жүнін жуып кептіреді, сосын әртүрлі түске бояп, одан кейін түтіп, оны ұршыққа иіріп жіп етіп дайындайтын. Кейде түнде ұйқымнан оянып қарасам, анам кітап оқып отыратын немесе шұлықтарға түрлі ою-өрнек салып тоқитын және әжелерге орамал, балаларға кеудеші тоқитын. Ауылдағы үйретіңізші деп өтініш білдірген қыз-келіншектерге тор көз дәптерге ою-өрнекті есептеп сызып көрсетіп, қолына сыммен жіпті ұстатып үйретіп отыратын. Менде қалыспай солармен үйренетінмін.      Аллаға шүкір деймін, қазіргі уақытта Сұлтангерей – кестелеп тігу шеберім және мобилографияны меңгерген қасымда көмекшім. Біз шығарған өнімге машинкамен кестелеп жазулар тігеді және менің әлеуметтік парақшаларымды жүргізіп отырады. Ал Мерей құрақ құрайды және ұлттық аспабымыз жетігенді тартады. Үйден ашқан шағын цехым, қазіргі таңда «Заңғар» атты тігін шеберхана болды және тұрақты тұтынушыларым бар. Шығаратын өнімдеріміз: «Қыз жасауы», «Бесік жасау», «Заманауи перделер», «Ұлттық киімдер», «Жұмсақ жиһаздар» тігіп жатырмыз. Ортасында уақыт тауып үйренгісі келетін қыз-келіншектерге шеберлік класын өткізіп тұрамын. Тігіннен бірнеше байқауға қатысып, жүлделі орын да алып үлгердім.
      Былтыр 2021 жылдың қараша айының басында маңдайымнан иіскеп еркелететін әкем дүниеден озып, жылдың соңы етек жасқа толған күндер болған еді. Жанашыр жақындарымның қолдауының арқасында Алланың ісіне қарсы шықпайын деп сабырға келіп, өз ісімді қайта дөңгелетіп отырған жайым бар. Бұйырса мұсылманша жаңа жылымыз Наурыз мейрамын қарсы алуға тұрақты тұтынушыларыма арнап ұлттық киімдер тігіп, үлкен дайындық бастап кеттім», - деп тігіншілік кәсібі туралы кеңінен толғап өтті кейіпкеріміз. Осындай жетістікке жеткен Бекзаттың кәсіп жолында ұстазы – елімізге танымал болған, ұлтымыздың қолөнерін қайта жаңғыртып, халықаралық деңгейде танытып, насихаттап жүрген этнодизайнер - Ырза Тұрсынзада. Ол кісінің арнайы шеберлік сабағынан өтіп, қолынан сертификат алған. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші Усаева Бекзат өз ісінің нағыз шебері ғана емес қазіргі таңда Ырза Тұрсынзаданың Тараз қаласындағы шәкірттерінің бірі атанып жүр.
      Бекзат Үсенқызы бір әулеттің берекесін кіргізіп, түтінін түзу ұшырып отырған аяулы жар, асыл жүректі ана. Арқа сүйер азаматы Усаев Әсет Несіпбекұлымен бірге ұл мен қыз тәрбиелеп отырған үлгілі жанұя. Әсет мырзаның жалғыз бауыры Усаева Асел Несіпбекқызы өз саласының білікті маманы, медицина саласының қызметкері. 
      Үлкен ұлдары Несіпбек Сұлтангерей Әсетұлы 2008 жылы, қыздары Несіпбек Мерей Әсетқызы 2010 жылы дүниеге келген. Үшінші баласы Аида Әсетқызы 2016 жылы, кенжесі Ағзам Әсетұлы 2018 жылы туған. Көпбалалы отбасы.
      Тігінші мамандығы үнемі жетілдіруді талап етеді. Мәселен, сәнді ұстануға, маталарды кесу және өңдеудің заманауи технологияларын меңгеру, тәжірибе алмасу және семинарларға қатысу, заманауи жабдықтарға тапсырыс беру қажет. Ең жақсы тігіншілер жаңа тенденцияларды қадағалайды. Ал тұтынушылар бұл туралы байқап, қайтадан шеберге келеді. Ризашылықпен келген әрбір тұтынушы бұл – тігіншіге арналған ең жақсы сыйлық. Осындай заман талабына сай жабдықтарды қолдана отырып, тұтынушылар талабынан шыға білген, кәсібін әлеуметтік желілер арқылы дамытып отырған Бекзат Үсенқызының отбасына амандық, кәсібіне табыс тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
26 марта 2022 10:41
Гаухар

Керемет үлгі аларлық кісі екенсіз
25 марта 2022 21:00
Жазира

Жарайсыз Бекзат ханым әр күніңізді Аллам қуанышқа толы етсін!
25 марта 2022 19:38
Анар

Бекзат барлық мақтауға лайық қыз. Мен онымен мақтанамын🥰💐

Последние комментарии

19 апреля 2025 11:09
Сымбат
Венера - отличный специалист, мама, подруга, жена! Спасибо за дружбу ...
18 апреля 2025 21:13
Камила
Керемет отбасы,мақтауға лайык,алда тек бақытты кундеріңіз көп болсын!!!...
18 апреля 2025 10:32
ВИКТОР
Мы только рады за Вас👍👍👍...