Аймағанбетова Гүлсім

Рейтинг:

Әдемі өмір иесі

      Бағамдай білгенге «Әйел қырық жанды» дейтін сөздің астарында терең мән-мағына бар. Оның мойнына артылған жүктің ауырлығын айтпасақ та түсінікті болар. Әйелдің болмысына сай тұрмыстың қандайына болса да төзуіне тура келеді. Олар күш жағынан әлсіз болғанымен, ішкі жан дүниесі мен жүйкесі мықты келеді. Әйел қанша жерден нәзік, әлсіз болғанымен, ер адамдарға қарағанда әлдеқайда төзімдірек келеді. Сонымен қатар әйелдің қырық айласы – өмірде таптырмайтын қаруы дер едік. «Әлем менікі» деген әйгілі Шыңғыс хан, француз қолбасшысы Наполеон, Римнің әскери қолбасшысы Цезарь сынды хас жауынгер батырлар да әйелдерінің ақылына жүгініп отыруды ерсі көрмеген. Негізінде әйелдер ақылымен озық, жүрегімен батыл, істе өжет келеді. Атқа қонып, жауға да қарсы шыға алады. Бүгінгі таңда қоғам белсенділері ретінде әйелдер сан түрлі қызметті атқару құқығын да иеленді. Үй тірлігін де тындырады, баласын тәрбиелеуге де үлгереді, отбасының да қамын ойлайды. 
      Айта берсек нәзік жанды қазақ әйеліне теңеу өте көп. «Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі». Жазушы Мұхтар Мағауиннің осы бір сөзінен-ақ қазақ қыздарының бар болмысын аңғаруға болады. Қазақ отбасында әйелдің рөлі қашанда ерекше болған. Шаңырақтың отын өшірмей, қазанын суытпаған жеңгелердің бесік тербетіп қолы талған. Үйдің бар шаруасы жанұяның ұйытқысы, жылуы болған аналарымыздың мойнында екені рас. 
      Қазақ халқы қашанда нәзік жандыларды жоғары бағалаған ғой. Әйел адам әрқашан, әр кезде ер адамдардың ақылшысы, балалардың тәрбиешісі болып танылған. Бүгінде ер-азаматтың қолынан келген істі әйелдердің де еңсере алатынына көптің көзі жетіп отыр. Тіпті қатардан озып, алдыңғы шепке шыққандар да баршылық. Кәсіпкер әйелдер болса табиғатынан жаңашыл, жұмысына шығармашылықпен беріле кірісетін, ерекше белсенді болып келеді. Оның үстіне елімізде іскер әйелдерге көрсетілетін қолдау да көп. Осылайша қолға алған кәсібін кеңейтіп, әр ісін тыңғылықты жүргізетін кәсіпкер әйелдер саны жыл санап артып келеді. Иә, әйел затының қолы тиген жер әдеміленіп, гүлдеп сала беретіні рас қой. Әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкеріміз Гүлсім Ақжігітқызы жан-жақты, әдемі өмір иесі деуге әбден лайықты жан. 
      Аймағанбетова Гүлсім Ақжігітқызы 1961 жылы қараша айының 13 жұлдызында Қазалы ауданы, Ү.Түктібаев ауылында өнегелі қазақы отбасында дүниеге келген. Әкесі Ақжігіт «Тыл ардагері» болды. Ауыл елінің, халқының сыйлыcы болған абыз ақсақал. Анасы Жиенқұлқызы Жұмагүл ағайын-туыс пен бауырларының ауызбіршілігін ойлап, ел анасы атанған құрметті жан. Гүлсім Ақжігітқызы 6 ағайынды. Ата-анасы барлық ұл-қызына тәлімді тәрбие беріп, жоғары білім алып берді. Қазіргі таңда барлығы өсіп-өніп, немере-шөбереге жалғасып жатыр. 
      Ақжігітқызы Гүлсім 1968-1979 жылдары №88 қазақ орта мектебінде білім алды. Мектептегі кезінен өте талапшыл, оқу-білімге құштар, белсенді, жан-жақты ізденімпаз болды. Жаңалыққа жаны құмар, жаңашылдыққа бейім ол әркез өзін дамытып отыруды әдетіне айналдырған. Мектептің қоғамдық іс-шарасынан қалмай қатысып, мектеп мақтанышы атанды. Сыныптас қатарластары арасында ұйымдастырушылық қабілетімен көшбасшы бола білді. Мектепті өте жақсы бағамен аяқтап шықты. Жас түлек арман жетегімен 1980 жылы жоғары оқу орнына түсіп, қолына дипломын алып, Әйтеке би кентіндегі «Паспо» мекемесінде дүкен меңгерушісі болып еңбек жолын бастады. Табанды, іскер, қажыр-қайраты мол, уәдесіне берік, бірсөзді өжет қыз сол қызметінде тапжылмай 24 жыл халыққа қызмет көрсетті. Осы жылдар ішінде кәсіпкер болып, «Ботакөз» мейрамханасын және жеке дүкендерінің жұмысын үйлестіре білді. Алайда уақыт өте келе дүкендері жабылып, барлығы жекенің қолына өтті. Содан кейін ауданымыздағы «Қазалы-құрылыс» мекемесінде кадр қызметін атқарды. 2009 жылдан бастап бүгінге дейін «Евразия пресс» мекемесінде Қазалы ауданының филиалында бөлім басшысы, «Ел тілегі» газетінің тілшісі қызметін абыроймен атқарып, көптің алғаусыз алғысына бөленді. 2021 жылы баспасөз саласынан зейнеткерлікке шықты.
      – Өзім жиырма бір жасымда тұрмысқа шықтым. Үш қызды болдым. Қазіргі таңда қыздарым тұрмысқа шығып, келін, ана атанды. Сегіз немерем бар, қыздарым жоғары оқу орындарын бітіріп, түрлі салада қызмет жасайды. Үлкен қызым – Бағлан, жолдасы Асылбек. Үш бөпелері бар. Жарасымды жанұя болып отыр. Қызым Бағлан білім саласында қызмет атқарады. Сонымен қатар жеке кәсібі – «Даму» жұмыспен қамту орталығы бар. Жолдасы Асылбек полиция қызметінің зейнеткер офицері, қазіргі кезде «РЗА» мекемесінде қызмет жасайды. Қызым Гүлназ, жолдасы Нүркенмен екі қыздың ата-анасы. Ата-енеге қызмет жасап, үлкендердің батасын алып отыр. Гүлназ аудандық Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде әдіскер қызметінде. Ал, жолдасы Нүркен №70 мектептің қызметкері. Қызым Ботакөз жолдасы Қадірбекпен үш бала тәрбиелеп, өсіріп отыр. Ботакөз аудандық №17 спорт мектебінде әдіскер. Жолдасы Қадірбек полиция қызметінде. Мен қандай жетістікке жетсем де ол алдымен отбасымның арқасы деп білемін. Сонымен қатар қызмет атқарып отырған ұжымыма деген алғысым шексіз. Мені еркелетіп, мақтап, әрдайым қандай жағдайда болмасын жанымнан табыла білген жақындарым, бауырларымның барына шүкіршілік етемін. Қандай жағдай болмасын жақындарым жанымнан табылып, үнемі ақыл-кеңесін беріп отырады. Ата-анамның берген тәлімді тәрбиесінің арқасында талай сындарлы шақтарды да өткердім. Аллаға шүкір деймін, қазір бақытты ана, асыл әже, сыйлы да құрметті әріптес ретінде өзіндік орным бар. Өзімнің өмір жолымды балаларыма, немерелеріме мақтана айтып отырамын. Зейнет жасында екенмін деп қарап отыру табиғатыма жат. Әзірге дейін бар күш-қуатымды салып, еңбектеніп келемін, - дейді Гүлсім Ақжігітқызы.
      Жемісті жылдардағы жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Атап айтқандай 2014 жылы Астана қаласынан «Жыл маманы» сертификатын «Ұлттық бизнес» номинациясы бойынша иеленді. 2015-2016 жылдары Баспасөз күніне орай және Халықаралық әйелдер мерекесіне орай, Қазалы ауданы әкімі М.Шамұратовтың алғыс хатын алды. 2018 жылы «Нұр Отан» партиясының мақсат-міндеттерін насихаттаудағы еңбегіне орай, партияның төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаевтың алғыс хатын, 2018 - 2020 жылдары аудан әкімі М.Ергешбаевтың алғыс хатын иеленді. 2016 жылы Евразия Одағы, Бүкіл Одақтық кеден шаруашылықтың «Құрметті азаматшасы» төсбелгісін омырауына жарқырата тақты. 2020 жылы Тіл мерекесіне орай «Абай» төсбелгісін және тақты. 2022 жылы Халықаралық әйелдер мерекесіне орай Қызылорда облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Р.Байназарованың алғыс хатымен марапатталды.
      Гүлсім Ақжігітқызы қайырымдылық игі істерімен де айналысып отырады. Жыл сайын ауданымыздағы жағдайы төмен отбасыларға қаржылай көмек көрсетіп, ата-анасыз, яғни қамқорсыз қалған балаларға мектеп құралдарымен жылына екі мәрте моральдық, материалдық көмек жасайды. Ауданымызға халық игілігі үшін салынып жатқан мешіт, медресеге қаржылай көмек беріп отыруды өзінің парызы санайды. Әйтеке би кентінің тазалығына атсалысып отыру әдетіне айналған. Індет кезінде ауыр науқастарға қаржылай және дәрі-дәрмектермен көмек берді.
      Жүзі қандай жылы болса, істеген ісі де тиянақты, орнықты Гүлсім Ақжігітқызының еселі еңбегі көпке үлгі, өнеге болып, абырой-беделі артып, еліне әлі де талай жылдар қызмет ете берсін дейміз. Алла күш-қуат беріп, жүз жасаңыз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...