Құбашева Ардақ

Рейтинг:

Елеулі еңбек – ел есінде сақталады

      Әйел адам – ерекше жаратылыс иесі, әйел адам – ерекше құбылыс. Әйел адам – қазақ тарихында мәңгі іңкәр болатын, «шыр» етіп дүниеге келгенде құштар болатын қанына, жанына сұлулықтың символын дарыта білген, жаныңды разы қылып, жүрегіңді тебірентетін ұлы күш иелері. Бүгінгі қоғамда да тұрмыс талқысына мойымайтын қайсар мінезді, бір-біріне ұқсамайтын өзіндік қасиеті бар, ақылды, айналасына қамқор, қоғам жанашыры, ең бастысы, нәзік жанды ана атанып жүрген аяулы жандар аз емес-ті. 
      Өн бойына тектілік пен қайсар рухты серік еткен, бүгінде Кеңқияқ мәдениет үйінің директоры атанып отырған Құбашева Ардақ Мұғалқызы жайлы бірер ауыз сөз етсек дейміз.
      Кейіпкеріміз Темір қаласы, Темір ауданының тумасы. Шөбін тартсаң мұнайы көрінетін берекелі өңірде бақытты балалығын өткізген ол ата-анасының өнегелі өмірі мен тәлім-тәрбиесінен нәр алып өсті. Анаға жақындығы оны мейірімділікке, жақсы істер жасауға баулып, білім ордасында жүргенде де осы бір ерекше қасиетінен айнымады. Байғанин ауданындағы «ВЛКСМ 30 жылдығы» атындағы орта мектебінің табалдырығын аттаған жас бұл ортада да өзін жақсы жағынан көрсете білді. Әр іске ерекше ден қойып, мектеп бағдарламасын меңгерумен қатар тәлім мен дәстүрді айшықтайтын, имандылыққа жүз бұратын іс-шараларға белсене қатысып, сыныптағы белсенді оқушылардың бірі болды. Тек ілгері жүруді мұрат еткен өрен 1977 жылы мектеп қабырғасын тәмамдағаннан кейін Кеңқияқ орта мектебінде аға тәлімгер (аға вожатый) болып жұмыс жасайды. Қолына тиген істі шыр айналдырып, әсте жайына қарай қам жасайтын ол еңбекте жүріп те қоғамдық өмірге етене араласады. 
      Қара сөздің қаймағынан дәм татып, талай шығармалардың оқиға желісіне қанық болып өскен кейіпкеріміздің бойынан батылдық пен қайсарлық еш ажыраған емес-ті. Қоғам белсендісіне айналып, өлкенің маңызды мәселелерін шешуге атсалысып жүрген аяулы жан 1994-1998 жылдар аралығында Кеңқияқ мұнай өндіру басқармасында 3-дәрежелі аппаратшы болып жұмыс атқарды. 
      Тәуелсіздік алған сонау бір тоқырау жылдары елдің білім, мәдениет саласымен қатар дін мен тіл, имандылық саласы сүрең тартып тұрған кез еді. Сананы тұрмыс билеп, тапшылық тобықтан қаққан жылдардың да сағымы есіп, ел еңсесін тіктеген тоқсаныншы жылдардың соңында қазақ деп аталатын ұлы халықтың кеудесінде үлкен үміт оянып келе жатыр еді. Қара қазан, сары баланың қамы үшін жүрген ел өз әлінше қарманып, еңбек еткенде астынан мұнай менмұндалап жатқан Кеңқияқ өңірінің жағдайы жақсарып келе жатыр еді. Бірақ ретсіз тірлік, қадағалаусыз қоғам ауыл тіршілігіне көлеңке түсіріп, ұр да жықтардың танауы көтеріліп тұрған заманда осы бір мазасыз сәттен шығуға сеп болатын тыныш өмір, берекелі тірлікті қамтамасыз ететін бір жайт керек еді. Бала-шағасының қамын ойлаған, елдің көпке жария етпесе де жүрек түкпірінде қозғалып, «Осыларды реттейтін, мейірімділік пен имандылыққа шақыратын бір адамның болмағаны ма?»,- деген мазасыз әрі жауапсыз сұрақтар пайда болған еді. Міне, сол бір кезде жүрегі Отан деп соққан, ана тілдің шырайын асқақтатуды көздеген, есік қайырылысында жәутеңдеп қалған жетім баладай болған салт-дәстүріміздің күнделікті өмірімізге қайта оралуына сеп болған, имандылыққа шақырған тұлғалардың алғашқысы Ардақ Мұғалқызы болды. 
      «Имандылықтың алтын босағасы, Алланың жердегі үйі – мешіт. Осылайша ел көңілі мен тілегіне, қоғам өзгерісіне бей-жай қарай алмаған Ардақ Мұғалқызы 1999 жылы «Молдағазы Ишан» діни-қайырымдылық қоғамын құрады. «Қазіргі таңда қоғамның ұлы мақсат-мүддесі – мұсылман болғандықтан жүрегімізбен ту етіп, жоғары көтерер маңызды мәселеміз – мұнай-газға бай Кеңқияқ еліне, жергілікті тұрғындарымыздың, жастарымыздың, болашақ ұрпағымыздың тағдыры үшін адамзат баласына мол рухани азық беретін – Ислам дінінің ақ ордасы, имандылықтың ақ діңгегі, жүрегімізге тазалықтың нұрын себетін Алла тағаланың жердегі киелі үйі – сәулетті мешітімізді салдыру барысында қаржы жинау. 
      Рухани төріміз асқынған жан дүниемізді емдеу үшін жан тазалығы ауадай қажет. Әлеуметтік қиындықтар етектен тартып, қылмыс тамырын жайған қазіргі белеңде білектің күшімен емес әр кеудеге, әр босағаға имандылық ұялату арқылы күресу тиімді. Сондықтан адамның бойы мен ойын түзеп, тәні мен жанының, мақсат-мүддесі мен тәрбие танымын ізгілікке, бірлікке, тазалыққа, пәктік пен адамгершілікке, ұлы мұраттарға үндейтін ұлы дінімізді бетке ұстауымыз керек. Қашан да біздің халқымыз үшін, мұсылмандар үшін Алладан асқан құдірет, Құран мен шариғаттан артық идеология жоқ! Алла ғибадатханасы – мешіттер ашылса, ең күшті мемлекет діні бар мемлекет болып саналады»,- деп Кеңқияқ халқына үндеу жариялаған Ардақ Мұғалқызы ақыры өз дегеніне жетті де. Міне, қайсарлық, табандылық, тынымсыз еңбек пен елге, жерге деген махаббат, мейірімнің нұрлы шуағы. 
      Осылайша Кеңқияқ өңірінде тұрғындардың діни-имандылық жолына бетбұрыс жасауы үшін «Молдағазы Ишан» діни-қайырымдылық қоғамын құрып, төрайымы, Ақтөбе облыстық мұсылман әйелдер қоғамының мүшесі болды. Мұнайлы өлкеде мұсылмандардың рухани төрі – мешіт салдыруға бастама көтеріп, тікелей мұрындық болған азаматша. 2003 жылы қыркүйек айындағы сайлауға қатысып, аудандық мәслихат депутаттығына кандидат болып тіркелді. 
      2005 жылдан бастап Шұбарши кенттік округіне қарасты Шұбарши мәдениет үйінің директоры ақсап тұрған мәдениет ошағының жұмысын іскерлігімен оң жолға қойды. Түрлі тәрбиелік маңызы зор мәдени іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе білді. 2014 жылдан бастап Кеңқияқ ауылдық мәдениет үйі директоры, Орал қаласындағы «Бипыл», «Ақжайық» ансамблінің бишісі. Бүгінде жас өрендер үшін аянбай еңбек етіп, түрлі байқаулармен республикамыз бойынша алғаш рет «Димаш-И» өнер лагерінің негізін қалап жүрген Ардақ ханымның бастамасымен әлі талай кең көлемді шығармашылық дүниелер жарыққа шығарына сенім артамыз. 
      Кейіпкеріміздің есімі мәдениет саласынан бөлек қоршаған ортаның экологиясына, ауыз су, ауа, тазалық сынды өзектілігін жоймаған сұрақтарға алаңдауымен еленіп келеді. 40 жыл қызметтік тәжірибесі еленіп, бірнеше марапаттарға ие болды. 
      ✦ 2004 жылы Республикалық «Жігерлі әйел» байқауының жүлдегері;
      ✦ 2007 жылы «Тіл саясатының, облыстық саяси-әлеуметтік, қоғамдық-рухани, мәдени саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін» Мәдениет және ақпарат министрі Е.Ертісбаевтың алғыс хаты;
      ✦ 2008 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Астанаға 10 жыл» мерекелік медалі;
      ✦ 2009 жылы «Семей-Невада» қозғалысының 20 жылдығы» мерекелік медалі және құрмет грамотасы;
      ✦ 2010 жылы «Темір ауданы» атты энциклопедиялық жинаққа енді;
      ✦ 2012 жылы Н.Ә. Назарбаевтың алғыс хаты; 
      ✦ 2014, 2016 жылдары Ақтөбе облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының алғыс хаты;
      ✦ 2014 жылы «Невада-Семей» қозғалысының 25 жылдығына орай О.Сүлейменовтың құрмет грамотасы;
      ✦ «Невада-Семипалатинск» қозғалысының сертификаты;
      ✦ «Жыл адамы - 2014» құрметті атағы;
      ✦ «Таза табиғат пен ядролық қарусыз ғасырға!» Ақтөбе облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының башысы Н.Табылдинованың алғыс хаты;
      ✦ Мүмкіндігі шектеулі бүлдіршін Т.Алиманованың алғыс хаты;
      ✦ 2015 жылы Темір ауданы әкімі Б.Қаниевтің алғыс хаты;
      ✦ «Жыл адамы - 2015» құрметті атағы;
      ✦ 2016 жылы Ақтөбе облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бас-тығы Қ.Айтбаевтың алғыс хаты; 
      ✦ 2017 жылы Құрманғазы атындағы ҚҰК профессорының алғыс хаты;
      ✦ «Жыл адамы - 2016» құрметті атағының иегері;
      ✦ 2017 жылы Құрманғазы атындағы ҚҰК профессоры Г.Қадырбекова мен «Ақбөбек» газетінің бас құрылтайшысы К.Айдарханованың алғыс хаты;
      ✦ 2016-2017 жылы аудан әкімінің алғыс хаты;
      ✦ 2018 жылы «Үздік мəдениет қызметкері» атағының иегері;
      ✦ «Үздік ауылдық мәдениет үйі» дипломы;
      ✦ 2019 жылы Темір аудандық «Туған өлке» номинациясы бойынша «Жомарт жүрек» төсбелгісінің иегері;
      ✦ Ақтөбе облысы әкімі О.Оразалиннің алғыс хаты;
      ✦ 2020 жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаеваның алғыс хаты;
      ✦ «Төтенше жағдай кезіндегі ерекше еңбегі үшін» төсбелгісі;
      ✦ «Italy President of Festival – Contest» алғыс хаты;
      ✦ 2021 жылы Темір ауданы әкімі С.Е.Аманбаевтың құрмет грамотасы;
      ✦ Ақтөбе әкімінің кеңесшісі А.Арынғазиеваның қолымен «Бопай ханша» төсбелгісі; 
      ✦ 2022 жылы елімізді демократияландыру жолында партияға сіңірген зор еңбегі үшін «Ақ жол» партиясына 20 жыл» мерекелік медалі;
      ✦ 2022 жылы Қазақстанның салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісінің құрметті иегері атанды.
      Шұбарши кенттік округі гендерлік әйелдер кеңесінің төрайымы, 2014 жылы Кеңқияқ ауылдық округі гендерлік әйелдер кеңесінің төрайымы Ардақ ханым бүгінде үш перзент тәрбиелеп, ақ жаулықты әже атанып отырған атына заты сай ардақты жан. Осы орайда жұдырықтай жүрегі жақсылық пен мейірімге толы ел азаматшасына айрықша алғыс білдіре отырып, басқарып отырған қоғамдық бірлестіктің көші ілгеріден көрінуіне тілектестік білдіреміз.
      Ардақ Мұғалқызы Қазақстан Республикасы егемендігін және Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасын алға ұстап, бар күш-қуатын мұнайлы өлкенің инфрақұрылымының дамуына, әлеуметтік бағдарламасына атсалысушы қоғам белсендісі. Мұнайлы өлкенің көркейіп дамуына, халықтың мұқтаждығына үздіксіз көңіл бөліп, қайырымдылық жолында ту қып көтерген істері – ізгіліктің үлгісі. Өмірлік ұраны «Кәріп пен кесірге шырақ, жетім мен жесірге бұлақ болу!» болған кейіпкеріміз ұлағатты биік адамгершілігі мен қоғамдағы орны ерекше, еліне сыйлы, қоғамның белсенді іскері, қайраткер тұлғасы.
       Ел азаматшасының ерлікпен пара-пар елеулі еңбегі артынан ерген жас буынға қашан да үлгі-өнеге болып қала бермек. 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...