Әсем әуеннің ханшайымы
Сыр өңірі – белгілі бір дәстүрдің ғана дамыған жері емес, тоғыз жолдың торабы, сан түрлі тарихи оқиғалар мен көзқарастар бір мүддеге тоғысқан өлке. Сол себепті өңірде өмір сүрген жырау, жыршы, ақын, күйші, әнші, сал-серілер шығармашылығы әлем әдебиетінде сирек кездесетін құбылыс ретінде, өзіндік сипаты басым өнер түбі есебінде айрықша назар аударады. Атадан балаға мұра болып келе жатқан жыраулық өмір арқылы жақсылық, ізгілік туын жоғары көтеріп, жастарды адамгершілікке, еңбек етуге үндейтін толғау-термелер де игі қасиеттерді көңілге тоқып, адам зердесіне сіңіруге баулыған. Халық аузында:
Жыраудың үлкен пірі – Қорқыт ата, Бата алған барлық бақсы асқан ата.
Таң қалып жұрттың бәрі тұрады екен,
Қобызбен Қорқыт ата күй тартқанда,- деген жыр жолдары тегін айтылмаса керек. Өнердің ең жоғарғы түрі – халықтық өнер, ол жүздеген жылдар өтсе де сыны қашпай, саф алтындай сақталып келе жатқан ең асыл да қымбат мүлік. Осындай асыл мұраның ізін жойып алмай, ұрпақты тәрбиелеу үшін халық өнері бұлағының көзін іздеп тауып, оны бұхара қауымның рухани нәр алатын таусылмас асыл қазынасына айналдырып жүрген талантты жыршы жайлы әңгімелемекпіз. Байбосынова Ұлжан Мәлікайдарқызы 1973 жылы 23 қазанда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тасбөгет кентінде дүниеге келді. Ата-анасы бала күнінен жыраулық-жыршылық өнерге баулыған жаны нәзік балауса қыз болашақ өмірін ата-баба мұрасына арнады. Сұлулыққа құштар қыздың армандары да өзіндей сұлу, таза, асқақ еді. Нәзік үнді бойжеткен шынында да сахна үшін жаратылғандай болатын.
Бала күнінен сыр бойындағы ұлы жыршы-жырауларды көріп,
![]()
олардың жыр орындау үрдісін құлағына сіңіріп өсті. Атап айтсақ, өзінің туған нағашысы Әбдірасыл Жұбатқанов, Балхашбай Жүсіпов, Сүйінбай Ақбаев, Шәмшәт Төлепова, Қуандық Бүрлібаев, Жаппар Тұңғышбаев, Запа Дәулетбаев болса, ұстаздары Алмас Алматов, Бидас Рүстембековтей жыраулық өнердің өресін өсірген, мәртебесі биік тұлғалар еді.
1990 жылы мектеп бітіре салып, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педогогикалық институтына оқуға түсіп, Музыка факультетінің «Халық әні» кафедрасын 1995 жылы бітіріп шықты. Музыкаға ынтық Ұлжан ханымның өмір жолы осылайша жоғары өрлеумен жалғаса берді. 1996-1998 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында ассистентура-тәжірибеден өтті. 1998-2001 жылдары аталмыш оқу орнында «Музыкатану» мамандығы бойынша аспирантура, 2005-2006 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ізденуші болып жалғасын тапты. Иә, өнер – Тәңірден тарту етілетін ғажап сый. Сол өнерді әлпештеп, бабын тауып, таза ұстап, сақтаса ғана өзіне де, елге де пайдалы болары сөзсіз. Өйткені халық өнерге әрқашан құрметпен қарайды, жақсы әуен – халық жанының айнасы секілді. Саф өнерді жарыққа шығара білу – кез келген адамға бұйырмайтын бақыт.
![]()
Талантты Ұлжан ханымның өнер жолындағы қызметі әуелден-ақ даралықпен, даналықпен қалыптасты. Өйткені ол жай музыка ғана емес, халықтық мұрасын дәріптеуші өнер иесі еді. Үкілі домбыраны серік етіп, өнер атты мұхитқа бас қойды. 1995 жылы еңбек жолын Қорқыт Ата атындағы педагогикалық институтында «Халық әні» кафедрасында оқытушы болып бастады. 1996 - 1998 жылдары Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында «Гармония сольфеджио» кафедрасында тағылымгер-зерттеуші болып қызмет жасады. 2001-2007 жылдары «Көкіл» мектеп-колледжінде музыка пәнінің мұғалімі болып, 2006-2008 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Дәстүрлі мәдениет пен өнер» кафедрасында оқытушы болып, 2012 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияда кафедра меңгерушісі, 2015 жылдан бастап аға оқытушы, 2015-2019 жылдары Ықылас атындағы Халық музыкалық аспаптар музейінде музей жетекшісі, 2019 жылдан бастап Құрманғазы атындағы консерваторияның «Халық әні» кафедрасының доценті болып қызметтер атқарды. Байқап отырсаңыз, барлығы да ұлтымыздың бетке ұстар өнер ордалары. Еңбек жолы тек ұлттық өнерге арналған Ұлжан Мәлікайдарқызының өнерге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Алла берген талантын тұншықтырмай, жарқыратып, шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық етті. Өзін түгелдей өнерге арнаған талантты арудың жүрегіне Алла ән мен жыр ұялатып, өнерден бақыт сыйлады. Ол екінің біріне берілмеген талант еді.
Өмірде айналасына шуақ шашып жүретін Ұлжан ханым қызметінде де абырой мен жетістік биігінен көріне білді. Өнерді бағалайтын халықпыз ғой. Бұл жолда өнері тұнық Ұлжан Мәлікайдарқызы да мақтау-марапат пен қошеметке бөленген, еңбегі еленген жан. Қазақстанда танымал жыршы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы, «Аманат» партиясының мүшесі, «Франция Өнер және әдебиеті» орденінің кавалері, Өзбекстан мемлекетінің Термез қаласында өткен І Халықаралық бахшы (жырау) өнері фестивалінің бас жүлде иегері. «Музыка» пәні бойынша жалпы білім беретін мектептерге арналған типтік бағдарламалардың, оқулықтар мен әдістемелік құралдардың авторы (03.04.2013 жылғы №115 ҚР
![]()
Білім және Ғылым министрлігінің бұйрығы). Сонымен қатар бірқатар ғылыми мақалалардың авторы. Еуропа, АҚШ, Шығыс елдерінің ірі сахналарында жеке концерттерін өткізді. «Children of Heraklis» (АҚШ, Еуропа), «Bardic Divas» (АҚШ, Еуропа, Азия), «Dede Korkut» (Германия, Лихтенштейн, Түркия), «Marko Polo» (Ливан, Тунис, Алматы, Бетлеһем (Палестина) сынды музыкалық жобалардың қатысушысы. «Musigues Du Monde» Au Theatre De La Ville (Париж, 2004 жыл), «Bardic Divas» (АҚШ, 2007 жыл) деректі фильмдеріне түсті, «Klang Welten» World music festival (Германия, 2005 жыл) «Сыр сазы» және «Көрұғлы» (Қазақстан, 2011 жыл), «Қазақтың батырлық жырлары» (Қазақстан, 2011 жыл), «Қайталанбас дауыстар» (Қазақстан, 2011 жыл), «Шахнама» (Қазақстан, 2013 жыл), Ұлы даланың сарындары: Антология. Үш томдық. – Т.1: Музыкалық фольклор. Дәстүрлі ән өнері. (Алматы, 2019 жыл), Дала фольклорының антологиясы: Он томдық. (Алматы, 2019 жыл) музыкалық антологиялары жарық көрді. «Токтогул Сатылганов – 150 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерекелік төсбелгілерінің иегері; «Ұлы Жібек жолымен жаңғырған Көкжар жәрмеңкесі» аясында ұйымдастырылған «Ұлы дала сарыны» атты дәстүрлі музыка өнерінің республикалық фестиваліне қатысқаны үшін, «ХХІ ғасыр музыка мұғалімі» VІІ Халықаралық конкурсқа әділ-қазы болғаны үшін, «Ұлы Дала елі» Халықаралық жыршылар фестивалі аясында өткен мәдени
![]()
іс-шараларға қатысып, жыршылық өнердің сақталуы мен дамуына қосқан үлесі үшін, Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларды ұйымдастыруға белсене атсалысқаны үшін, «Әуенмен тербелген мың жыл» атты дәстүрлі музыка фестиваліне қатысқаны үшін, Қазақ халқының ұлттық рухани құндылықтары негізінде Өскемен қаласы оқушыларын тәрбиелеудегі белсенді жұмысы үшін, ҚР Тәуелсіздік күніне орай және Мәдениет саласында атқарған жемісті еңбегі мен кәсіби біліктілігі үшін, «Ұлы Дала елі» Халықаралық жыршылар фестиваліне қатысқаны үшін алғыс хаттарының иегері. Еліміздің білім беру жүйесін оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етуге және орта білім беру мазмұнын жаңарту ісіне қосқан сүбелі үлесі мен қажырлы еңбегі үшін құрмет грамотасының; «Астана-арқау» Түркі музыкасы фестиваліне қатысып, түркі халықтарының дәстүрлі музыкасын насихаттауға атсалысқаны үшін дипломының; Дәстүрлі «Бабалар мұрасы» атты әнші-термешілер концертіне қатысқаны үшін сертификатының иегері. Осыншама құрмет пен марапаттың барлығы – қазақтың талантты, біртуар, өнерлі, өрелі аруының еңбегіне берілген баға еді. Иә, өнер қошеметтеліп, бағаланған сайын жарқырай түспек. Өнер адамдарының жаны нәзік, көңілі таза келеді емес пе?! Ұлжан Мәліқайдарқызы да баладай періште көңілдің, кең пейілдің иесі. Осы бір ғажайып өнерін шыңдай түсіп, әлемге паш етуі – тынымсыз еңбектің, ұйқысыз түндер мен алтын уақытын арнаудың жемісі. Бүгінгі таңда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті болып қызмет атқарып жүрген Ұлжан Мәліқайдарқызы өнегеге толы ғұмыры үшін бақытты.
Иә, өнер – барша адамға ортақ ғажайып. Бірақ кез келген пенденің пешенесіне бұйырмаған дара жол. Саф өнер берілмеген адамдардың оны түсініп, бағалап, қолпаштап, қошемет көрсетуі – адамдық борыш секілді. Өнер адамдарына құрмет – еліміздің музыка өнеріне құрмет.
Құрмет пен қошеметке бөленіп, өнер үшін жаралған болмысыңызбен жарқырап, жайнай беріңіз, әсем әуеннің ханшайымы, өнер әлемінің періштесі! Өнер деп соққан жүрегіңіз жасай берсін, Ұлжан Мәлікайдарқызы! Сұлулығыңыз артып, өміріңіз бақытқа толып, мәртебеңіз биіктей берсін!