Жамақаев Бекенғали

Рейтинг:

Саз әлемінің сайыпқыраны

      Таңғы шықтың мөлдірлігіндей жүрегі таза, бұлбұл үнін әуенге айналдырып, күміс көмейін бүлкілдеткен, қазақ даласын әнмен кернеген дарынды тұлғалар, бір тума талантты сазгер-композиторлар аз болмаған. Оған дәлел, бүгінде сахна төрінде шырқалып, өнерден сусаған елдің шөлін басып, рухани жан дүниесін арттырып келе жатқан, әр сөзіне бір мағына, бір мән, бір тағдыр, бір арман, шексіз сезім мен ризашылық және мөлдір махаббат көрініп жатқан өлеңдердің әлі күнге өз тыңдармандарын жоғалтпағынында. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де, жүздің емес мыңның, жүз мыңның емес миллионның біріне ғана Жаратқанның таңдап беретін тартуын дамытып, өмірін өнер жолына арнап, қазақ даласын әнмен тербеткен Жамақаев Бекенғали Жұмабекұлы туралы болмақ.
      Сазды әуен, сырлы сезім мен әсем сөздерден құралған ән тыңдарманының жүрегіне орнығып, тәтті сезімдер әлеміне елітумен қатар, ерекше бір күй бесігінде тербеп, қамыққан көңілдің қабағын ашып, торыққан сезімнің пердесін түріп, саз ырғағына ден қойған әрбір жұмыр жүректі пендені ерекше бір күйге бөлейді, шаршағанын басады, ерекше дем беріп, етеңгі күнге ұмтылдырады. Міне, осындай жарты ғасыр өтсе де өміршеңдігін жоймаған, сезім қайығына бірге отырған жандарды махаббат айдынында бірге тербелтіп келе жатқан қазақ сахнасының жарық жұлдызына айналған әсем әуендердің бірі «Махаббат вальсі». «Таң атқанда гүл бағын суарамын, Күнде ертемен өзеннен су аламын. Алтын сәуле көремін сол бір шақта, Сенің нұрың болар деп қуанамын...» деп созыла түсіп басталып, қайырмасында «...Жаным деп маған үн қатқан, Жүрекпен сүйіп ұнатқан. Бақытым менің, Таппаспын теңін, Махаббат гүл атқан...» деп қайырып өтіп, «...Сағынышпен күтемін әрбір таңды, Жақсы үмітпен арнаймын толқын әнді. Бақытымдай жалт еткен жанарыңнан, Ұшқын түсті жаныма өшпес мәңгі...» деп жалғасын тауып барып, «Өзің сүйіп аңсаған ардағыңмын, Өзің едің жұлдызы арманымның, Көгершіндей ұялап көңіліңе, Жүрегіңде табысқан жан жарыңмын...» деген өлең жолдарымен аяқталатын ән әлі күнге сахна төрінде шырқалып, махаббаттың символына айналған ғұмырлы әннің композиторы бүгінгі кейіпкеріміз Бекенғали Жұмабекұлы екенін біреу білсе, біреу білмес.
      Сананы тұрмыс билеген заманда, әннің ырғағына мән бергенімізбен сазды әуеннің кімге тиесілі екенін естен шығарып жатамыз. Біздің бүгінгі қолымызға қалам алып отырғанымыз да, маздаған шоқты қайта үрлеп лапылдатып, артына өлмес ән қалдырып кеткен өнер адамы туралы кейінгі ұрпақтың есінде жаңғыртып өтпекпіз.
      Сахна төрінде шырқалған түрлі байқауларда жүлде алған талай әннің композиторы, диктор, актер Жамақаев Бекенғали 1931 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Саржал елді мекеннен, елу шақырым қашықтықта Жанан деген жерде дүниеге келді. 1889 жылы дүниеге келген әкесі – Жамақаев Жұмабек пен анасы – Жамақаева Орынбала қарапайым еңбек адамдары болған. Ел ішін нәубеттің ызғары есіп тұрған сол жылдары ауыл тірлігіне етене араласқан бала Бекенғали 1937 жылы Семей қаласындағы №16 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттайды. Сауатсыздық жойылсын деген ұранның дүмпуі қатты болып, еңсе тіктеген баладан, етек-жеңін жиған азаматы, етегі бетегеден сәл асатын шапанды қарияларға дейін оқытылып жатқан кезде Бекенғали да білім алып, 1946 жылы 7 сыныпты бітіріп шықты. 
      Бекенғали кішкентай кезінен өз қатарластарының алдында ерекше болды. Даланың дарқандығы мен табиғи болмысын бойына жиып, тұрмысында қолданған, мәдениет қазанында бірге қайнатқан қазақтай ұлы ел бар ма, өзінің бойындағы қабілетін байқата білген, өнерге бір табан жақындығын дәлелдеген жас 1946 жылы Абай атындағы облыстық драма театрына (қазіргі Семей музыкалық драма театры) әртіс болып жұмысқа қабылданады. Табиғат берген дарынының арқасында шығармашылық ұжымға еніп кеткен Бекенғали мәдени ортаға белсене араласады. Өмірден көргені мен түйгені мол, әрқайсысының бойында бір қабілет бұлқынып жатқан талантты өнерпаздардың жетелеуімен, қолдауымен, өзінің бойындағы қабілет бұлағының көзін ашып, одан әрі ұштай білген Бекенғали Жамақаев үшін бұл орта өнер деп аталатын үлкен өмірге есік ашты.
      Шабамын деген жігітке ат беріп, жанамын деген жүрекке от берген театрда қызмет атқарған, жанарынан от ұшқындап тұрған жас әртіс 1948 жылы Семейдегі педагогикалық училищеге түсіп, оны 1950 жылы барлық пән бойынша үздікке бітіреді. Одан арғы қызметін 1951 жылы облыстық радиокомитетті әдеби қызметкер болып жалғастырған Бекенғали 1952-1957 жылдары «Цензор» болып істеп, 1958 жылдың ақпан айынан, 1960 жылдың шілдесіне дейін радиокомитетте дикторлық қызмет атқарады. Міне, қазақ әуенінің шарықтауына, дамуына үлес қосып кеткен кейіпкеріміздің шағын ғана еңбек жолы.
      - «1962 жылдың шілде айында өз қолыммен жазылған осы өмірбаяндық шағын деректердің, сараң сөйлемдердің астарында қаншама сыр, қуаныштар мен реніштерге, толысулар мен торығуларға толы оқиғалар жатқанын ешкім біле бермейді..» деген, қазақ өнерінде шоқтай жарқырап, жұлдыздай ағып түскен жерлес сазгеріміздің бірі Бекенғали Жұмабекұлы 1972 жылдың қаңтар айында дүние салды. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп Ұлы Абай айтпақшы, қамал алар шағында бұл фәнимен қош айтысқан ұлы тұлғаның, өнер адамының артында жүздеген шығармашылық еңбектері кейінгі ұрпаққа мұра болып қалды.
      Сазгер өлгенімен артында ізі қалды. Бекенғали жасынан өз бетінше әр түрлі музыкалық аспаптарда (домбыра, гармон, баян т.б.) ойнауды үйреніп, шебер музыкант атанды. Арнайы композиторлық білімі жоқ. Оның халыққа кеңінен танымал «Сұлу сары», «Сауыншы», «Махаббат вальсі», «Қоштасу», «Түн сыры», «Гүлім қайда», «Ертіс әні», «Жалғыздық тойы» тағы басқа әндері бар. Бүгінде Семей және Алматы қалаларында кейіпкеріміздің есімінде көшелер бар. 
      Болашақ сазгердің атағын шығарған Н.Шәкеновтің әні «Махаббат вальсі» еді. 1957 жылы 
      Алматыда Қазақстан жастарының фестивалі болды. Оған Бекен қатысып, осы жолы Роза 
      Бағлановаға «Махаббат вальсі» мен «Сен ғана» әндерін жаздырды. Әннің тарихына үңіліп көрсек, Семей өңірінің танымал азаматтарының бірі, Абай Қорының президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, кейіпкерімізбен дәм-тұздас болған Балтабек Ерсәлімұлының естелігінен:
      - «Бекен ағамен 1954 жылдың қоңыр күзінде танысқан едім. Отбасының ауыртпалығы мойынға түскен соң мектепте оқып жүріп облыстық «Прииртышская правда» газетіне түнгі курьер болып орналастым. Атын естігенмен өзін көрмеген, көруге әркім де құмар Жамақаев Бекенғали обллитода цензор болып істейді екен. Ертеңгі шығып жатқан газет санында мемлекеттік құпияны ашып қоятын деректер кетіп қалмас үшін цензордың оқуына беттерді апарамын. Маңдайы кереқарыс, толқынды қара шашты жігіт ағасы мені өзінің сыпайы мінезі, жайдары жүзімен бірден баурап алды. Оның «Ә, балақай, төрлет» деген биязы үні күні бүгінге дейін құлағымда. Мен тұратын «Казкрайдың» қарияларын түгел білетініне таңданып қалғаным бар.
      Бұл жолы аурухана төсегінде ұзақ жатты. Бір сәт мынау қызығы таусылмаған, еркін сауық-сайран сала алмаған жарық дүниеден аулақтап бара жатқандай сезінетін. Дімкәстігінен мемлекеттік емтиханға да жете алатын түрі жоқ. Ерке Ертістің жағасында сауықшыл достарымен сайран салған студенттік күндер де көзден бұлбұл болып ұшып бара жатқандай ма қалай. Әйтеуір көңілге нала, көзге мұң ұялатқан бір беймаза күндер еді бұл. Ауруханада сарылып жатқан адамның артынан көңілін сұрап сапырылысып келіп жатқандар да бар. Солардың ішінен Майнұрды көргенде бір серігіп, серпіліп қалатын. Мынау жалғанда оның ішкі жан сезімін, көкірегінде тұнған мұң-шерін сол ғана түсінетіндей. Жаздай жадырап палатаға Майнұр кіріп келгенде көкірегін бір әсем әуен керней жөнелетін. Бірақ ақ көгершіндей әуеде қалқып жүрген әннің жалына жармаса алмай әлекке түсетін. Осы бір сүйкімді қызға байланысты ойнақы әуеннің тұла бойын кернеп, жүрек қылын шерте бастағанын бар болмысымен сезінген. «Шіркін-ай, осы әуенді әсем әнге айналдырып, оны Майнұрға сыйласам-ау!» деген ой күндіз-түні маза бермеді. Бекеннің мөлдір сезімін оятқан Майнұр қызға арналған сиқырлы әуен ән болып нотаға да түсті. Бірақ жаңа ән көпке дейін нота күйінде жатып қалды. Әнге лайықты өлең жоқ болатын. Сүйген қызы Майнұрға Ертістің ерке самалындай көңіл-күйін көкке шалқытатын әуенді сырнаймен сызылта орындап беріп жүрді. Бір ғажайып ән туды деп жар салған да жоқ. Ән мәтінін іздеумен болды. Талай ақынның өлең жинақтарын ақтарғанымен осы әнге сұранып тұрғанын таба алмады. Осындай алакөңіл күндердің бірінде Семейге құдай айдағандай ақын Нұтфолла Шәкеновтың келе қалғаны бар емес пе. Әуенді тыңдаған ақын бірден сөзін өзім жазамын деген. Біраз сазгерлермен шығармашылық ынтымақтастықта болып, тәжірибе жинақтап қалған Нұтфолла дүйім жұртты дүр сілкіндіретін вальс ырғағындағы бір әсем әннің дүниеге келгенін қапысыз сезген. Сезген де, Алматыға оралған бойда сөзін жазуға бар ынта-ықыласымен шабыттана кірісіп кеткен. Осылайша, 1955 жылдың 28 қазанында Қазақ радиосынан жезтаңдай әншіміз Роза Бағланованың орындауында бұрын белгісіз бір әннің тұсауы кесілген еді», - дейді Балтабек Ерсәлімұлы ағамыз сағанышқа толы сол бір жылдарды еске алып.
      Жаңа әннің эфирге шығуы сол екен, кең байтақ қазақ даласын шарлай жөнелді. Әнмен бірге сазгер Жамақаев Бекенғалидің даңқы да көкке өрледі. Қасиетті Семей топырағында тағы бір таланттың ту көтергенін паш еткен әннің аты «Махаббат вальсі» еді. Бекеннің бағын ашқан, Нұтфолланың ақындық қарымын танытқан, Розадай саңлақ әншінің репертуарын байытқан ән дүниеге осылай келген болатын. Әйгілі әншінің орындауындағы «Махаббат вальсі» қазақ жерін былай қойып, бара-бара Бирма, Үнді, Қытай, Монғолия, Венгрия аспанында қалықтады. Ал, өз жерімізде «Махаббат вальсінсіз» той-думан, сахналық ойын-сауық өтпейтін болды. 
      Алпысыншы жылдардың жастары осы әнмен оянып, осы әнмен ұйқыға кететін десек, сірә, артық айтқандығымыз болмас. Бекеннің дертіне дауа, жанына шипа болған, өмірге қайта әкелген, мөлдір махаббатының куәсі болған ән еді бұл... 
      «Бекенғали Жамақаевты Алматыға бірінші болып шақыртқан Мұхаң (Мұхтар Әуезов) екен. Әннің шығу тарихын сұрапты. Өзінің өкпе ауруына шалдыққандығынан ән арнаған сүйген қызына үйлене алмай жүргенін мұң етіп айтқан ғой. Мұны естіген ұлы жазушы оның сауығып кетуіне көмегін аяп қалмаған сыңайлы. Мұхтар Омарханұлы кез келген мәдени шараларда 
      Розаға «Махаббат вальсін» орында деп қолқа салады екен. Роза Тәжібайқызының естелігінде Мұхаңның бір кеште осы әнді он рет қайталатып салдырғаны туралы айтылады», - дейді Бекең туралы Балтабек Ерсәлімұлы.
      Бекендей жігіт дүлдүлінің жүрегіне шоқ тастаған, «Махаббат вальсі» сынды ән төресінің өмірге келуіне себепші болған аққудың көгілдіріндей Майнұр ару ақыры сазгердің жары болды. Бекенге үш ұл мен бір қыз сыйлаған Майнұр апамыз қазір Алматыда тұрып жатыр. Сансыз кештер, таусылмас той-домалақтар «сен үшін, сенің әндерің үшін» деген орынды-орынсыз қолпаштаулар өкпе ауруына жастай шалдыққан Бекеннің денсаулығына көп салмақ түсірді. Атақ-абыройы дәуірлеп тұрған сазгердің сол тұстағы тұрмысы жүдеу болғанын біреулер білгенімен, былайғы көпшілік жұртқа белгісіз еді. Осындай күйде жүрген Бекен халқына тағы бір тамаша ән сыйлады. «Махаббат вальсінің» сыңарындай болып дүниеге «Ертіс вальсі» келді. Тағы да Роза Бағланованың орындауында алғаш эфирге шықты. Бұл 1969 жылы болатын. Көп ұзамай талантты композитордың өзі дүниеден өтті. Қырыққа жетер-жетпесінде жарық дүниемен қош айтысқан Бекендей тума таланттың артында мол мұра қалды. 
      Осы орайда сазгердің екінші өмірі – ән әлеміндегі өмірі жалғасын тауып жатыр ма деген сұрақ бір бүйірден тікенектей қадала береді. Балтекеңнің айтуынша, Бекеңнің шығарған әндерінің бәрінің жолы даңғыл бола бермепті. Қазақ Кеңес композиторлары әндерінің ортасынан ойып тұрып орын алған «Сен ғана» әнін кезінде «Қазақконцерттің» көркемдік кеңесі махаббат туралы вальстер қаптап кетті деген желеумен қабылдамай тастаған екен. Әннің жолын ашқан тағы да Роза апамыз болыпты. Көркемдік кеңес қаншама қасарысқанымен әншінің беделі жүріп, оның орындауында эфирге шығыпты. Әнді туғызатын сазгер, бағын ашатын әнші дейтініміз осыдан болса керек. Шәмші Қалдаяқов пен Жамақаев Бекенғали қазақтың ән өнерінде вальс корольдері атанған хас таланттар еді. Екеуі де халқының қошеметіне бөленгенімен, Үкімет тарапынан көздері тірісінде сый-сияпат пен марапатқа ие болмағандары шындық. Бірақ бүгінгі жас қауым біле бермесе де, олардың әндері өздерінің тұстастары – аға ұрпақтың жүректерінде мәңгі орнығып қалған. Оңтүстік Қазақстанның тізгін ұстаған азаматтары жыл сайын Шәмші күндерін, Шәмші әндерінің республикалық байқауын өткізуді дәстүрге айналдырып, сазгердің рухын аспандатуда. Оның қайталанбас талантына, жүрек қылын шертетін өшпес те өміршең әндеріне осындай рухани ескерткіш орнатып отыр. 
      Сазгердің шығармашылық өрлеу кезеңі елуінші, алпысыншы жылдар аралығы болды. Әндерінің басым көпшілігі вальс ырғағына жазылғаны мәлім. Соның ішінде әнсүйер қауымның құмарын қандыра шартарапқа кеңінен тараған «Гүлім қайда», «Мереке вальсі», «Қарағанды вальсі» және басқалары. Классикалық опералардың клавирларымен молынан танысқан сазгер, ешқандай композиторлық білім алмай-ақ, іздену нәтижесінде өзіне тән қолтаңбасын жасау бақытына қол жеткізді. Алматыда тұратын баласы Бақытжан әке мұрасын жинастырып түрлі-түсті «Махаббат вальсі атты ән жинағын шығарған. Оған сазгердің отыз сегіз әні енгізілген.
      Қазақ ССР 40 жылдығына арналған Республикалық көркемөнерпаздар коллективтерінің байқауында асқан орындау шеберлігін көрсеткені үшін І Дәрежелі дипломмен марапатталды. Сазгер туралы көптеген ұлы тұлғалар, көркем әдебиет өкілдері мен өнер адамдары естеліктер жазып өлең жолдарын арнады. Кейіпкеріміздің көзін көріп, араласқан кісілігі мен кішілігін сезінген жандардың жазбасын мақаламызға қоспау, сазгер өнеріне, еңбегіне жасалған қиянат болар еді. Мақаламыз тұздықты, оқырман оясына қонымды болу үшін Бекенғали Жамақаев туралы жазылған естелік пен өлең жолдарынан үзінді бергенді жөн көрдік. 
      «Мәдениет пен Тұрмыс» газетінде жарияланған мақаладан үзінді: «Таң атқанда гүл бағын суарамын, Күнде ертемен өзеннен су аламын. Алтын сәуле көремін сол бір шақта, Сенің нұрың болар деп қуанамын...» Осы бір әуен құлағымнан кетпей қойды. Асқақтаған Алатаудың баурайында қалықтайды осы әуен. Сылдырап аққан бұлақ та, мүлгіген кәрі жартас та қайталайды осы әнді. Күбірлейді. Толқыған егіннің ортасында тұрмын. Өзім туған даланың келбетіне көз жіберемін. Қуанамын. Өзім секілді өрімдей жас жігіттер мен қыздар қырқадан асып барады. Ән шырқап барады. Тағы да баяғы таныс ән...
      ... Менің қасымда жазық маңдайлы, селдір қабақты, ақ Ертістің толқынындай қалың бұйра шашты жігіт отыр. Ертістің толқынымен ойнап өскен Бекенғалидың он жасынан бергі сырласы домбыра. Мектепте, педагогикалық училищеде оқып жүргенде де оның бір аяулы досы домбыра еді. Музыкалық дарыны да алғаш рет осы училище сахнасында жалт етті. Тұла бойы тұңғышы «Сауыншы» деген әні де осы сахнадан ұшқан. Содан бастап Бекенғали ән дүниесіне біржола беріле бастады. Көл жағасында да, көшеде де, тіпті ауруханада жатқанда да көкірегінде ән күбірледі.
      Сүйгені ауруханаға жиі келетін. Балғын жүрек, мырза көңіл қыз ықыласына сый іздейтін. Киноға, театрға шақыруға аяғы жоқ, кітап не басқа сый артуға қолы қысқа. Көңіл шіркін осыны ойлап күңіренгендей болады. Көңіліне жәбір кіріп, сүйгеніне сый, науқасына шипа іздеген сырын ол ежелге танысы баянға шығады...
      ... «Махаббат вальсіне» қалай қанат бітсе, оның қайнар көзі – Бекенғалиға да сондай өзгеріс, үлкен бетбұрыс кезеңі туды. Елуге тарта әуен жазған оның әндері семейліктердің көкейіне қонып, сауық кештерінде ауыздан түспейтін жаттанды болғандары да бар. Жуырда ғана Бекенғали көкірегінен жаңа бір, біздің ойымызша ерекше ән сазы жарыққа шықты. Оны композитор «Жүрек сыры» деп атады.
      Бірде кеш мезгілінде өзен жағасында отырып, Бекенғали өзіне жақындап келе жатқан қайыққа қадала қарап қалады. Қайықта екеу отыр. Әлдене деп күбірлеген сөздері еміс-еміс естіліп қалады да, толқын шуылымен тына қалады. Қайық жағаға жақын келді де, сәл бөгеліп, өзен ортасына қайта кетті.
      Өзін-өзі бұл сәтте бүтіндей ұмытқан ол Қалихан көшесіндегі үйіне қарай жүгіре жөнеледі. Ыңылдап әлгінде серуеншілер сырынан ұққан, ләззат алған шабыттың көкейінде оралған ән сазын қайталап айтып келеді. Мың құбылтып айтады. Түні бойы солай болды. Ертісінде де. Кешке қарай ақыры қайырмасы дайын болды. Серуеншілерден алған әсері сол қалпында нотаға түсті. Қайырманың бірінші жартысы қыз бен жігіттің бір-біріне өтінуі болып шықса, екіншісі өзара біріккен көңілден шыққан бір үн болып туды. Қайырмадан соң әннің мелодиясы да көп кешікпей көңілге туып, нотаға түсті.
      Қазір семейліктер арасында кең жайыла бастаған «Жүрек сырының» туу тарихы осылай еді...», - деп жазылған сонау жылдары жарық көрген басылым беттерінде.
      Сазгер туралы профессор Мернебек Момынұлы да алтынға айырбастамас істерін қағазға түсіріп, көз алмай оқитын шығарма етіп жазды. Барлық естеліктерді қағаз бетіне түсіруге мақаланың көлемі көтермейді. Енді Бекеңе арналып жазылған өлең жолдарына кезек берсек.
      Күй көңілдің самал-жұпар сапырып, 
      Бекең шықты биязы жел өпкен Көк. 
      Сол бір әуез буалдыры тербеліп, 
      Күйкі тірлік шаруасын жерлетіп, 
      Біздік Бекең 
      Махаббатың вальсіне үйленді,
      Ел ішіне аңыз болып ерлетіп...
      .... Міне мерей, махаббатың жанып тұр,
      Саздарыңды қабылдаған халық нұр. 
      Сол халықтың
      Сіз арқылы алғысына бөленіп,
      Ұрпағың да өз бағасын алып тұр. 
      Бір жұмбақ жан құпиясын арқалап, 
      Дүниеден пар кешіпті жарқабақ. 
      Ол жан Бекең Жамақаев ағамыз,
      Әруағы елден ерек жалданып, 

      Тұтқындаған жан-сезімді арбап-ап...» деп замандасы Сейфолла Оспан жырласа, Тоқтархан Шәріпхан «Бекең туралы монолог» жырында былай деп жыр шумақтарын айтады:
      Көңілдің сахрасында сайран құрған, 
      Беймаза жүрегіңді жайландырған. 
      Бозша құс – алтын әуен Бекең еді,
      Көңілдің аспанына сай қондырған...

      Иә, ұлы тұлға туралы айтылар ой, жазылар жыр, шырқалар ән таусылмақ емес. Құм астында жатса да шірімейтін алтын қанжардай уақыт өткен сайын, Бекеңнің жүрегінен әуез болып туындаған шығармашылығы алдағы уақытты да өз тұғырынан түспек емес. Өйткені, жүректен шыққан ән жүрекке жететіні анық.
     Бар айнала махаббатқа малынып,
     «Махаббаттың вальсінде» тербелдік.
     Бекен аға Жамақаев – көрмеп ем,
     Ол өткенде он-ақ жасқа келген ем.
- деп Мұратбек Оспанов «Бекенге арналған...» деп жыр арнаса, ақын, Халықаралық «Шабыт» байқауының жүлдегері Біржан Ахмер «Ән-Дария» өлеңінде арда азаматтың асыл бейнесін сағына еске алады.
    Бекен аға, сағындық дауысыңды,
     Бұл ғұмыр – күрең күздің бағы сынды.
     Кеудеме мұңым сыймай,
     Өзің жаққа, Көңілім көгершінін тағы ұшырды.

     Таңғы шықтан да мөлдір, саф ауадан да таза, мұңының өзі тәтті «Махаббат вальсін» қазақ даласына тарту етіп, көктем бағында гүл жарған қызғалдақ сазын демі барда қазақ өнерінің сахнасында шырқалтып кеткен Бекенғали Жамақаев туралы мағыналы мақалалар мен сағынышқа толы ақын жырлары көптеп кездеседі. Ол нотаға түсіріп кеткен ән әлі күнге дейін өнер жұлдыздарының орындауында сахна төрінде шырқалып келеді. Міне, өлмейтұғын артына із қалдырған деген осы болар.
Сазгердің тәнін топырақ жасырғанымен, жүрегінен жарып шыққан сазды әуендерінің лебі өнер айдынында самал жел болып есіп, есімі өнер сүйер қауымның жүрегінде мәңгіге сақталып қалды.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

15 сентября 2025 19:43
Ардак
Абила бүгінде үлкен жанұяның акжаулықты анасы отау тіккеніне 40 толып ұрпақ рахатына бөленіп отырған бақытты жансың...
14 сентября 2025 21:51
Nursultan Naukenov
Менің Анам Алтын! Аллах Разы Болсын!...
14 сентября 2025 12:57
Рвйса
Сәлеметсізбе Абила апа бүгінгі күн ағатаймен шаңырақ құрғаныңызға 40 жыл толып жатыр екен алла сіздерге зор денсаулық...