Әйел. Ана. Тұлға
Бейнелеу өнері жайлы әңгіме қозғала қалса, ауызға алғашқылардың бірі болып ілінетіні ол – Испан суретшісі Пабло Пикассо екені анық. Пикассо: «Кейбір суретшілер күнді сары түске бояп бейнелейді, ал тағы біреулері сары домалақты күнге айналдырады. Біреулер ненің бар екенін және неліктен солай екенін сұраса, мен ненің болуы мүмкін, болғаны мен оның неліктен жоқ екенін сұраймын», - деген екен. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «E15artspace» инклюзивті білім беретін заманауи өнер шеберханасының негізін қалаушы, көпбалалы ана Тәтібаева Гүлмарал жайлы әңгімелемекпіз.
![]()
Гүлмарал Тәтібаева 1982 жылы Павлодар облысы, Шарбақты ауданы, Хмельницкий ауылында дүниеге келген. Әкесі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кентінің тумасы. Анасы Баянауылдан. Қып-қызыл апортымен аты шыққан әсем қала, Алматы шаһарындағы саябаққа нағашы атасы Субек Айгозиннің есімі берілген. Ата-әжесі мак, күріш, масақтың еңбеккерлері болып, тылда жұмыс істеген. Атасы Үсенбекұлы Бәйділдә ауданға күріш тасымалдаумен айналысқан. Әкесінің нағашы атасы Бұхарбайұлы Тәтібай етікші болған екен. Бүкіл ауылға былғары саптама етік, мәсі, шаруашылық заттарды шеберлеп жасаған. Гүлмаралдың ата-анасы Павлодар қаласында өмір сүріп, соңғы 12 жылда Нұр-Сұлтан қаласында тұрып келді. Өкінішке орай, асқаралы әкесі өткен жылы жалған дүниемен қоштасты.
Білімге құштар жас 2002 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясын «Дизайнер» мамандығы бойынша тәмамдады. Нұр-Сұлтан қаласындағы алғашқы «KADMII QYZYL» (кадмий қызыл) арт-тобының қатысушысы. ҚР Президентінің жарлығымен 2020 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерейтойлық медалімен, Еуразия дизайнерлер одағының «Дизайн саласындағы жетістіктері үшін» медалімен, 2022 жылы «Евразия дизайнерлер одағына 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған. Көпбалалы ана болса да, ол 53 мәрте қалалық жобаларға, республикадағы өңірлік көрмелерге 32 мәрте, халықаралық жобаларға 41 рет, байқаулар мен фестивальдерге 17 мәрте қатысып, Қазақстанда 6, шетелдерде 2 рет жеке көрмелерін өткізді. Оның жұмыстары еліміздегі 11 музей, жақын және алыс шет елдердегі 14 жеке коллекцияларда сақталғанын мақтанышпен айтуға болады.
![]()
Гүлмарал өзінің шығармашылық жолын бастаған кезде бірегей графика техникасымен жұмыс істеді. Суреттің әсемдігімен, композициялық үйлесіммен ерекшеленетін бұл туындылар шығармашылық қиялдың нәзік ойынын көрсетеді. Гүлмарал Тәтібаеваның эксперименттерге, өзін көрсетудің жаңа құралдарын іздеуге деген ұмтылысы жаңа бейнелеу құралдарына алып келді. Сурет шеберлігін ұштай отырып, Гүлмарал түс пен фактураға көңіл бөле бастады. Әлемнің әр алуан түстерінің барлық ерекшеліктерін көрсетіп, сезімдердің сан түрлі реңктерін дәл бере алатын көркем суреттің алапат күші оны қатты қызықтырды. Әлбетте, бұл сезімдердің барлығы оның шығармаларында да көрініс тапқан. Пейзаждар бейнеленген оның кейбір туындыларын табиғаттың көз жетпес сұлулығын сипаттайтын көркем гимн деуге болады.
Оның отбасы, ана, табиғат, сондай-ақ адамның рухани жан дүниесі тақырыптарына арнаған суреттері автордың интеллектуалдық-психологиялық жұмысының ішкі көзқарасын білдіреді. Гүлмарал Амангелдіқызы өзіндік ерекше пайымдауы арқылы қоршаған әлемге бойлап, ассоциативті формада қазіргі өмірдің позитивті сәттерін де, күтпеген кедергілерін де, ішкі драматургиясын да қабылдауды көрсетеді.
Табиғаттың күйі автор үшін өзінің рухани жан тебіренісін көрсетуге арналған аллегорияға айналады. Өз ойын осылайша көркем жеткізу қағидасы пейзаж суреттеріндегі білінер-білінбес құпия сырдың пайда болуына жол ашты. Олар лирикалық бағытталған бірегей сезімдер гаммасын шақырып, көрерменді өзіне баурап алады. Қылқаламды шебер меңгеруі мен түстерді жақсы сезіне алуының арқасында суретші жалпақ ықшамды бояуларды дәл келтіреді, олар тіпті қайтадан түзету мен егжей-тегжейлі дұрыстауды да қажет етпейді. Түстердің толыққанды аяқталуымен ерекшеленетін мұндай импровизациялық бейнелеу нақышы суретшінің ішкі еркіндігін білдіреді. Кейбір суреттер Қазақстан пейзаждарының әсемдігін көрсететін көркем нәзіктікті, мың құбыла ауысқан түстердің сұлулығын, ал түстері қарама-қайшы бояулардың батылдығын көрсететін кейбір суреттер ішкі шиеленістің өзгеше бір күшін айшықтайды.
![]()
«Устремленная» (Ұмтылыс) деп аталатын картинасында автор түс реңктерінің құбылу нәзіктігі арқылы түпсанадан, қайталана беретін түстерден алынған қиялды бейнеледі деуге болады. Кескіндердің көмескіленуі, нақты конструктивті сызықтардың болмауы арқылы әлемнің ирреалдығы мен тұрақсыздығы көрсетілген. Белгісіз формадағы биік ғимарат ыңғайсыз бір тік сатылар түрінде берілген. Олар бір қарағанда жоғары көтеріліп бара жатқандай болғанымен, екінші жағынан одан әрі тереңдей түсетіндей. Яғни олардың әрқайсысы алға ұмтылысты сипаттайды, мұнда жасырын драматизм де, жеңіске деген ерік-жігер де жатқанын көруге болады.
Әр сатыда көк түсті әрең ажыратуға ғана болатын бұлдыраған бояуды көресіз, бұл бояудан осы бір қиындықты еңсеріп келе жатқан әйелдің білінер-білінбес сұлбасын байқауға болады. Оны төбеде тағы бір сынақ – биікке жетелейтін теңселген ағаш саты күтіп тұр. Ал шыңды Гүлмарал даңқ ореолы түрінде емес, конусты шатыр мен күн күймесі – шаңырақ ретінде бейнелейді. Картинаның бетін көмкерген күн шуағы «өз шаңырағым болса екен дейтін» асқақ арманға қол созған жандардың кеудесіне үміт отын сыйлайтын жарық сәуле сияқты.
Бұдан кейін суретші біртіндеп өз ойын жеткізудің жаңа белесін бағындыра бастады. Ол көркемсурет құралдарының технологиясын байытуға ғана емес, образдардың мазмұнды жағын да концептуалды түрде аша түсуге тырысады.
![]()
Егер автордың бұрынғы жұмыстарында қоршаған әлемнің сұлулығын, лирикалық сезімдерді, қуанышты, позитивті әсерлерді көрсетуге деген ұмтылыс басым болса, жаңа жұмыстарында басқа бір мағыналық реңктер көрінеді. Қазір Гүлмаралдың бойында нақты бір объектілер мен олардың қарым-қатынас сипатын ғана емес, эмоционалды-психологиялық жағынан айналадағы маңызды құбылыстарды тануға терең бағытталған шығармашылық серпін пайда болды. Енді оның ойға алған картиналарында аспан энергиясы мен флораның жасырын жағымды қасиеттері, әлем мен адамзаттың рухты күші жайлы философиялық толғаныс басым. Мұнымен қоса, суретшінің әкесі Амангелді Тәтібаев та салынуына үлес қосқанын айта кету керек. Еліміздің саяси ерік-жігерінің нышаны болған бас қаланың қалануы, қарқынды дамуы, заманауи сәулетінің құрылуы жолында құрылысшы ретінде елеулі үлес қосқан әкесі басқаша бір эмоционалды сезімдердің пайда болуына себепкер болды. Осындай оқиғалардың нәтижесінде «Огни Астаны» (Астана кеші) картинасы салынды. Бұл жұмыс сәулет нысандарының фотосуреттерінің бетіне бояуларды еркін жағу тәсілі арқылы орындалған. Картинада қазақ халқының қорғанысы мен тірегінің символы – алтын түстес «Бәйтерек» монументіне акцент қойылған. Жалпы, автор жарқын энергетикаға толы жаңа қаланың қарқынды сипатын осылай бейнелеген. Негізіне жалған алтын бояу, кенеп мата қоса отырып, крагисты пайдаланып, коллаж техникасында салынған «Начало» (Бастау) деп аталатын картина суретшінің абстракция стиліндегі шығармашылық көзқарасын білдіретін алғашқы картина болды. Ақ, қоңыр түсті қайың ағашының қабығының фрагменттерінен апликациялық композиция жасап, романтикалық сезімдердің жаңа қырын ашты. Әртүрлі әлем халықтарының түсінігінде ақ қайыңдар көктемнің, жаңа өмірдің, еркелік пен шынайы тазалықтың символы саналады. Гүлмаралдың ішкі сезімі бойынша қайыңдар нәзіктік, қорғансыздықпен қатар, өмірдің жасампаз күшіне және емдік қасиетке де ие. Міне, сондықтан көптеген халықтарда ағашқа қатысты тыйымдар кездеседі, оларды сындыруға, кесуге болмайды. Қазақтарда да «Бір тал кессең, он тал ек» деген мақал бар. Автордың өзі полисемантикалық образдар ретінде түсіндіретін бұл апликациялар көрерменге шабыт сыйлайтын кең ауқымды визуалды сипат жайлы хабар береді. Терең құрылымдық мағынаны сезіне отырып, суретші «Cоrоnоgrаphy», «Безграничность» (Шексіздік), «Эхо» (Жаңғырық) сияқты бірқатар абстракциялық картиналарында эмоционалды энергияның ағынын күшейтіп, туындының толық көркемдік-символдық мазмұнын айтарлықтай кеңейтеді.
![]()
Ағаштардың қабығына деген қызығушылық, автордың қабықтың табиғи мәнін көркемдік-эмоционалдық түсінуге арналған «Кора» (Қайың қабығы) деп аталатын бірегей жұмыстардың салынуына себеп болды. Автор түстердің әр алуан реңктеріне, объектінің фактура мен текстурасының байлығына терең бойлайды. Суретші қиялы қарапайым ғана ағаштың қабығына бір ерекше құпиялылық, қорғаныштық және емдік қасиет сыйлап, оны құндылығы жоғары материя деңгейіне көтерді.
Гүлмарал Амангелдіқызы өткен тарихқа, оның ішінде Кеңестердің «әскери коммунизм» саясаты, азық-түлік диктатурасы және ұжымдастыру салдарынан болған 1919-1922, 1930-1932 қасіретті аштық жылдары жайлы ойлап, терең мұңға батты. Бір уыс бидай үшін қапшық-қапшық тұз бен күрішті ауылдан-ауылға тасыған қазақ әйелдері жайлы айтқан әжесінің әңгімелері суретшінің бойында сол кездегі адамдарға деген жанашырлықты тудырды.
Бұл сезімдер суретшінің өз туындыларында қапшық матаны қолдану идеясына негіз болды. Қапшық – қиын-қыстау заманда кең қолданыста болған зат ретінде сол бір дәуірдің символы іспеттес еді. Автордың пайымында адамдардың басынан кешкен бұл небір қиыншылықтар өткен қасірет жайлы естеліктерді ғана емес, қазіргі қоғамдастықтың тәуелсіз Қазақстанның көркеюі мен дамуы жолындағы жауапкершілігін көрсетеді.
Бұл ретте, Гүлмарал тек ескі қапшықтарға жүгінеді. Қазіргі уақытта мұндай қапшықтардың басқа елдерден көптеп әкелініп жатқанына қарамастан, автор өз жұмыстарында қазақ ауылдарының сарайынан табылған, тұрмыста қолданылып жүрген дәл осы ескі қапшықтарды ғана пайдаланады. Суретші асқан ұқыптылықпен бұл қапшықтарды жуып, жыртық жерлерін жамайды. Кейде екі қапшықты ортасынан қиып, үлкен кенеп шығару үшін оларды біріктіреді. Автордың ойынша, тарихтың ізі қалған мұндай материал қайталанбас көркемдік қиялдың туындауына себеп болды. Бұл бағыттағы біресе қанық жарқын түстер, біресе жұмсақ реңктер алмасып отыратын, акрил, майлы бояу, аралас техникамен салынған, шаршы, төртбұрыш сияқты геометриялық фигуралардың үйлесіміне негізделген абстракциялық суреттер ерекше назар аудартады.
Адамдарға аспаннан жауған түрлі игіліктер «Махаббат», «Береке», «Жақсылық», «Қуаныш» сияқты түрлі-түсті бояулар ағыны бейнеленген бұл картиналар көрермендерді таңқалдырады. Автор бұл картиналар сериясын «тылсым» сырға толы композициялар деп санайды.
![]()
Гүлмаралдың заттар әлемі мен рухани әлемнің мәніне деген ынтасы өз қиялындағы өзгеше түсті-икемді композицияларды көрсету ұмтылысына себеп болды. Бұл жағынан қарағанда, қапшық матаға абстракциялық-динамикалық композиция бейнеленген «Исцеление» (Айығу) картинасы ерекше. Автордың пікірінше, картина негізінен жоғары буын өкілдеріне терапиялық әсер беретін қасиетке ие. Өйткені олар көк аспанның, «Көк тәңірінің» символы саналатын көк түстің «тылсым» емдік қасиетіне сенеді. Бұл бояу қараңғыдан шығып, одан сайын қанық көк түске боялып, сенушілердің психикасына емдік әсер етеді. Күннің, байлықтың символы – сары түстің, сондай-ақ, тазалық, жақсылық пен бақыттың символы – ақ түстің қосылуы өмірге құштарлық идеясын білдіреді. Емдік қасиеттерді күшейту үшін композицияға қайың қабығының бөліктерінен апликация жабыстырылған. Жалпы, қапшық матада акрилмен, майлы бояумен және аралас техникада салынған суреттер жарқын түстердің үйлесімімен қатар, жеңіл түстердің бұлдырау әсерімен де таңқалдырады. Мұның барлығы, мысалы «Желтый дым» (Сары түтін) картинасындағыдай шығарманың эстетикалық толықтығын көрсетеді.
Өз халқының салт-дәстүрін зерттеуге деген өшпейтін қызығушылық автордың терең символикалық сипатқа ие этнокодтарды түсінуі арқылы көркемдік бейне жасауына алып келді. Аралас техникада салынған «Мәңгілік ел», «Вечное» 1, 2 (Мәңгілік 1,2), «Тобық тығу» деп аталатын туындылар осы бағытта орындалған. «Мәңгілік ел» картинасының жоғары бөлігінде дәстүрлі киім киген бірнеше әйелдердің сұлбасын байқауға болады. Гүлмарал шығармашылығында алғаш қолданылған бұл композициялық тәсіл ретроспективалық реплика рөлін ойнайды. Автор осы арқылы қазақ халқының тұрақтылық пен мәңгілік идеясын философиялық түсінуге тырысады. Бұл идеяны ол бергі планда үлкен жастағы ерлі-зайыптыларды бейнелеу арқылы көрсетеді. Гүлмарал өз халқының жақсылыққа қол жеткізуі мен беделінің артуын осылай түсінеді. Оның ойынша, халық прогресске, заманауи әлемдік қауымдастықтың жаңа жетістіктеріне тек қана динамикалық қозғалыстың арқасында ғана емес, қолда бар құндылықтарды қастерлеп, құрметтеу және де өткеннің озық рухани идеяларын болашаққа жеткізу арқылы да «көтерілуі» керек. Халықтың оянуына, дамуына деген үмітті автор халықты қорғап, әрі шыңға шығатын, жол көрсететін үкінің тіке ұшқан қауырсындарына ұқсатады.
![]()
«Вечное 2» (Мәңгілік 2) картинасындағы қанатын кеңге жайып ұшқан көк түсті құстың суретінен де «Мәңгілік ел» картинасындағыдай түрлі ұсақ фигураларды көруге болады. Қазақ аңызына сәйкес ұшып бара жатқан құс бақыт пен молшылықтың нышаны. Автор оны көк түс арқылы одан сайын нығайтып беруді көздеген. Жалпы туындыда қазақ халқының жақсылыққа деген үлкен үміті сезіліп-ақ тұр. «Тобық тығу» картинасын қазақтың салт-дәстүріндегі ойындарға деген құрметтің белгісі деп қабылдауға болады. Бұл серттесіп ойнаудың бір түрі. Мысалы, жігіт пен қыз тобық тығып, белгілі бір нәрсеге серттеседі. Бір жылдан кейін бе, бес жылдан кейін бе тобықты тығуға алған адам кез келген уақытта, кез келген жерде «тобығымды бер» деген жерде қолына ұстата беруі керек. Егер ол тобықты тауып бере алмай қалса – ұтылғаны, яғни ұтылған адам уәде бойынша сол адамның кез келген қалауын орындайды. Тіпті, кейде ұтылған қыз сол жігітке тұрмысқа шыққан оқиғалар да болған.
Фильмдегі кадрдың үзіндісі сияқты әсер беретін «Чапаны» (Шапандар) авторлық картиналар сериясы жібек баспа (баспа графикасы) техникасында салынған. Үзік-үзік форма мен түстер арқылы автор түркі мәдениетіне тән шапандардың таңғажайып бейнесін жасайды. Бұл идеяның пайда болуы Гүлмаралдың өмірлік қиын белестерді бағындыруымен байланысты. Зейнет жасындағы ата-анасының қолдауы мен төрт балаға деген көмегінің арқасында, автор бейнелеу өнерінің әлеміне алаңсыз еніп кетті, содан рухани азық алып, көркемдік еркіндік тапты. Бейнелеу өнері, оның ішінде әлемдік заманауи сурет өнері жайлы жақсы білетін Гүлмарал бір мезетте халқымыздың мәдени мұрасына: этикетке, ұлттық сәндік-қолданбалы өнерге, әйелдердің ұлттық киімдеріне қатты қызыға бастады. Этникалық мәдениетке тереңдей түскен автор әсіресе қазақ әйелдерінің дәстүрлі киімі – шапанға деген жіпсіз тартылыс күшін сезді. Мұндай заттарды ол ұрпақтан ұрпаққа мирас болып берілетін ауылдардан тапты. Суретші түпсана деңгейінде бұрын сол шапанды киген адамдардан ерекше күш-қуат алып, өз бойындағы қазақ мәдениетінің ұшқынын дәл сезе бастады.
Ауылдың қолөнерді түсіне білетін, осы күнге дейін аналарының шапандарын, қамзол, желеткелерін көздерінің қарашығындай сақтаған қыздары, құнды дүниелерін суретшіге қуана сыйға тартады. Көненің көзі болған киімдерді көрмеге киген қылқалам шеберінің айтуынша, сол сәтте осы киімдерден берілетін жылу, махаббат, тыныштық сияқты психологиялық сезімдердің арқасында өзін жайлы сезінеді.
Автордың сан қырлы тағдырдың куәсіне айналған шапандарға деген философиялық-эмоционалдық тартылысы оның «Great ХАЛАТ» атты инсталляциясынан көрініс тапты. Орталық Азияның көшпенді әйелдерінің киімдерінен жасалған шатыр түріндегі бұл инсталляцияның бірінші нұсқасы 2017 жылы Астанадағы «Astana ArtFest» фестивалінде қойылды.
![]()
Түркі әлемінің шапандарынан жасалған инсталляцияның 2-нұсқасы 2018 жылы Германиядағы «BerlinArtWeek-те» қойылды. Экспозиция Батыс еуропалық көрермендер тарапынан жоғары бағаланып, қолдауға ие болды. Гүлмаралдың жаңа техникалық тәсілдерді іздеуі оны 2018 жылы «Focus Kazakhstan» жобасы аясында немістерден үйренген цианотипия тәсіліне алып келді. «Синее озеро» (Теңбіл көк), «Көк берең» (Выносливость) картиналарында автор бірегей орындаушылық тәсілді көрсетеді. Мұнда қағазға төгілген бояу белгілі бір уақыт ішінде күннің, ауаның әсерінен әрі қарай өз бетінше жылжып, реңкін, түсін ауыстырып, құбылады. Нәтижесінде автордың ойынша адам мен химиялық процестің осындай сәтті үйлесімі пайда болады. Ағаштағы гравюра тәсілімен, кейін қағазға басылып жасалған «Экология чувств» (Сезімдер экологиясы) деп аталатын туындылар сериясы да ерекше. Бұл жұмыстар көркемдік бейнелеудің ықшамдылығымен ерекшеленеді. Ағаш бетінде (гравюраға негіз) үзік-үзік көлденең сызықтарды немесе қисық сызықты композицияларды ойып отырып, автор ойша оларды қайың қабығының табиғи фактурасына ұқсатады. Ағашты бедерлеу арқылы автор қайың қабығының ішкі әлеміне тереңдейді. Суретші бұл сызықтарды табиғи нәрсе ретінде қабылдайды, сосын оларды біркелкі түске бояп, қағазға басып шығарады. Осымен технологиялық процесс аяқталады, әрі қарай көрерменнің өз қиялына ерік беріледі. Картинаның атауының өзі көрерменді стресске төзімді болуға, шыдамдылыққа, сабырлыққа, сондай-ақ қазіргі оңай емес кезеңде адамдарды позитивті ойлауға шақырады.
Осылайша, Гүлмарал Амангелдіқызының шығармалары көркем суреттің батылдығымен, сенімділігімен, түстерді үйлестіріп көре алуымен және композициялық сезіммен ерекшеленеді деуге болады. Олардың бойында белгілі бір философиялық-эмоционалдық мән бар. Оның жұмыстарына қоршаған әлемді ерекше көзбен көру тән, автор бір жағынан әлемді біртұтас үйлесімдік ретінде көрсе, екінші жағынан қарама-қайшылық тенденциялары бар болуы тиіс нәрсе ретінде көреді. Оның көптеген шығармалары еліміздің музейлері мен Түркия, Голландия, Корея, Латвия, Ресей, Иордания, Ұлыбритания, Қытай және тағы да басқа елдердегі жеке коллекцияларда сақталған.
Ол керемет кеудеге сыймай, бұлқынып, жаратылыстың тек жарқын тұстарын жүрекпен сездіріп, қиял әлемін бөлек түрмен танытып, көңілді мың құбылтып барып, ғажап бір құдіретпен дүниеге келеді. Ол – өлең, ол – шығарма, ол – мүсін, ол – сурет, ол – әуен. Бұл ғажаптар шабыт дейтін көңілдің аласапыран күйінен туындайды. Өнерлі кісі ғалам мен адам арасындағы алшақтықты жақындатып, сол бір жұмбаққа толы нәзік байланысты сезініп, сезіндіреді. Біздің кейіпкеріміз, міне, сондай жан. Қаламыңыз ұштала берсін, құдіретті өнер иесі!