Мәдениет саласының мақтанышы
Бір адамдар болады, бұл өмірде бар болғаны ғана белгілі, сондай-ақ, тағы бірі жыл өткен сайын тұлғасы шыңға біткен шынардай биіктеп, әр сәті, әр ісімен есіңнен шықпай аңсата бермек. Олар қиыншылықтан қорықпады, табанына еңбектің шөңгесі кірсе де тынбай жұмыс істеп, тағдырдың өткір желі өкпесіне салқын болып тисе де ел алдындағы қызметін адал атқара білді.
Осындай, есімі мен еткен еңбектерін естіген жанның кеудесінде ерекше бір мақтаныш сезімі пайда болатын ел ағалары мен әпкелеріміз аз емес. Көңіл теңізімізді толқытып, тебіреніске толы сезімге бөлеп, қолға қалам алуымызға түрткі болған Жасқайрат ауылының аяулы перзенті, жақсылығымен, іскерлігімен, табандылығымен, жұрт сүйсінер барлық игі қасиетімен ел жадында сақталған Бердіғалиева Ұлмаштың сәулелі ғұмыры болатын.
![]()
Мәдениет саласының ардагері Бердіғалиева Ұлмаш 1953 жылдың 27 қаңтарында тарих тасында дүлдүлдермен таңбаланып қалған құтты мекен Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Жасқайрат селосында дүниеге келді. Ел шетіне жау тұлпарының тұяғы тигенде, қолына найза алып, қалқаны сөгілсе де қабырғасымен ел қорғап, ата жерін сақтап қалған, өнер аспанында биік қалықтаған талантты ұл-қыздары танымал болған өлкеде бақытты балалығын өткізіп, қасиетті топырақта ойнап өсті. Білім ордасын 1962 жылы Ш.Еркінов орта мектебінде аттап, үлкен өмірге қадам басты. Аламанда топ жарар тайбурылдың құлын күнінде аяқ алысы бөлек болатыны секілді, мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзінің өнерге деген жақындығын, бойындағы таланты мен ерекше қабілетін көрсете білген жас мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып, сыныптастарының алдыңғы қатарлы оқушыларының бірі болды.
Сол кездің тәртібі сондай, үлкен өмірге бет алған жастың кем дегенде 2 жыл ауыл өміріне, совхоз жұмысына араласуы шарт. Мектепті ойдағыдай бітірген Ұлмаш Бердіғалиева 1972 жылы Қызыл Ту жұмысшылар кооперациясында сатушы болып жұмыс жасайды. Осылайша, ауыл өмірінің бір бөлшегіне айналып кете барған Ұлмаш Бердіғалиева 1976 жылы Ақтөбе кооперативтік техникумын «Товаровед» бөліміне оқуға түседі.
Қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін ашық, болашақ білікті маман болып қалыптасуы үшін көп оқып, іздену керектігін таным-түйсігімен түсінген студент, оқу орнының қоғамдық өміріне ғана белсене араласып қоймай, кітапханада көп уақытын өткізумен қатар, ғылым әлеміне қол созды. Өзіне деген сенімдігі басым студенттің ұстанған бағыты өзгелерден ерек, өзі таңдаған саланың білікті де білімді маманы болып шығумен қатар, сауда саласына қызмет етуге әкелу еді. Алдына мақсат қойып, осы мақсатына жету жолында аянбай еңбектенетін табанды жас Ұлмаш Бердіғалиева діттегеніне қол жеткізіп, сауда саласының маманы болып шығады.
![]()
Сатушылық кезінде Коммунистік партия қатарына өтіп, Бастауыш партия ұйымының жетекшісі болып, Аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, Ауылдық Советтің депутаты болған белсенді жас ауылдың қоғамдық өміріне араласып кете береді. Одан арғы қызметі мәдениет саласына бұрылып, 1977 жылы клуб меңгерушісі, автоклуб меңгерушісі болып, 1979 жылы «Шалқыма» мәдениет үйінің директоры болып тағайындалады.
Алғашқы ұстазы М.Құлымжановадан тәлім алып, мектеп кезінен қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшесі, оқушылар комитетінің председателі, отряд вожатый болып, өнердегі ұстазы ағылшын пәнінің мұғалімі, бірақ сол кездегі мектеп, совхоз көркемөнерпаздарын басқарып, оркестр құрған Сиғуат Уайсов еді. Совхоз директоры М.Айшуақов пен партком хатшысы Л.Мұқановтың арнайы шақырутымен «Шалқыма» мәдениет үйінің басшылығына келген Ұлмаш Бердіғалиева сеніп тапсырылған ұстаздардың үдесінен шығу жолында қос білегін түре қызметке кіріседі.
Алғашқы қадам бөлінген ғимаратты ретке келтіру, ұстаздар қауымын ұйымдастырып оқуға бала қабылдау, материалдық базаны жинақтау, музыкалық аспаптар алу, ноталық әдебиеттер жинақтап кітапхана қорын ұйымдастыру т.б. кезек күттірмейтін қым-қуыт жұмыстарды күндіз-түні жүгіріп ұйымдастыруға тура келді. Бір адамға ауыр жүк болғанымен, талай сында шыңдалып, ұйымдастыру жұмысына берілген Ұлмаш Бердіғалиева келді.
Мәдениет, басқарушылық саласында білімін жетілдіру мақсатында 1993 жылы Атырау мәдени–ағарту училищесін «Мәдени – демалыс қызметін ұйымдастырушы» бөлімін сырттай бітірген Ұлмаш Бердіғалиева Мәдениет үйінің көшін алға сүйреді. Тоқырау жылдары ақсап қалған мәдениетті көтеру жолында аянбай еңбек етіп, сананы тұрмыс билеген сонау кездері ала дорбасын арқалап, базар жағалаған елдің рухын көтеріп, өмірге ұмтылдыру мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіп, мерекелік концерттер қойылуына сеп болды.
Атына заты сай
![]()
клуб меңгерушісі Ұлмаш Бердіғалиева көп жылдан бері ауылда, ауданда, облыста өткен мәдени шаралардың бел ортасында жүріп, белсене еңбек етті. Себебі, ол ауылдастарының айтуынша мәдениет пен өнер үшін жаратылған жан. Заты әйел болса да ер азаматтың да иығына ауырлық етер жауапкершілігі мол жұмысты алып жүріп, заман талабына сай қимылдап, мәдениет үйін тек мерекелер мен іс-шараларда ғана есігін ашатын жер емес, жастардың әр апта сайын жиі бас сұғып тұратын орнына айналдырды. Жастарға арналған дискотека, ойын-сауық кештерін мазмұнды түрде өткізіп жастардың шын мәнісіндегі тәлім-тәрбие ошағына айналды.
1985 жылы ҚҚ аудандық комитеті насихат және үгіт бөлімінің «Салауатты тұрмыс үшін» атты іс-тәжірибесі, 1990 жылы «Жаңаша жұмыс – нәтижелі іс» атты облыстық мәдениет бөлімі шығарған іс-тәжірибе жұмыстары шығарылды. Сонымен бірге мәдениет үйінің көркемөнерпаздары аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүрді. Зиннулиндер, Арыстанғалиевтар, Мұқановтар жанұялық ансамбльдері, «Жігіт сұлтаны» байқауына қатысушы А.Батырбеков, А.Қайырбаевтар облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері атанды. «Ойыл арулары», «Ақерке» бишілер тобы да бірнеше байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Қазіргі таңда бірнеше шәкірттері мәдениет саласында еңбек етіп, үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Олар мәдениет үйінің қазіргі директоры С.Инаева, кітапханашы А.Шонбасова, көркемдік жетекші Қ.Жаймағанбетов кейіпкеріміздің жолын жалғастырып келеді. Аманқос
![]()
Ұзақбайұлы, Дидар Арыстанғалиева, Жанар Айдарбаева, Раушангүл Стомма сынды шәкірттерді де өнер жолында қызмет етіп жүр.
Мәдениет саласына басшылық еткен жылдары түрлі марапаттарға ие болды. Мәдениет үйінің жетістігі – меңгерушінің, меңгерушінің жетісіті – Мәдениет үйінің жетістігі емес пе?! Сондықтан, меңгеруші мен Мәдениет үйінің жетістіктерін бөліп-жармай, бір қатарға тізгіндегенді жөн көрдік:
1980-1990 жылдары Мәдениет үйі аудан, облыстың ауыспалы туын жеңіп, «Үздік Мәдениет үйі» атағының Жеңімпазы;
1984 жылы Қазақ ССР Мәдениет Министрлігінің Құрмет грамотасы;
Аудандық мәдениет бөлімінің Грамотасы;
Облыстық мәдениет бөлімінің Грамотасы;
2001 жылы Облыс әкімі А.Мусиннің Алғыс хаты;
2003 жылы ҚР Президенті Жарлығымен жарияланған «Денсаулық жылы» мәдениет саласының дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін «Құрмет» Грамотасы;
Облыстық мәдениет бөлімінің Құрмет грамотасы;
2012 жылы Облыс әкімі Б.Рысқалиевтің Алғыс хаты;
Аудан әкімінің Алғыс хаты;
Ұлмаш Бердіғалиева зейнеткерлік жасқа шықса да ауылдың біраз қоғамдық жұмыстарына және өзінің бірнеше жыл еңбек мәдениет саласына да етене араласып, өз тәжірибесін, ақыл-кеңестерін айтып отырады. Ойыл ауылдық округі жанынан құрылған Аналар кеңесінің төрайымы жұмыстарын атқарып келеді. Кейіпкеріміз бар ғұмырын, еңбек жолын ауыл мәдениетінің өркендеуіне, өнер жолындағы шәкірттерін тәрбиелеуге арнаған жанның бірі.
Сонымен бірге өз өміріне бауырларына, туған – туыстарына арнаған, бір әулеттің әке орнына әке, ана орнына ана бола білген қамқоршы әпкесі. Бауыры Аманжан 45 жасында дүние салды. Бауырының артында қалған 5 ұл-қыздарын, келіні Айтуған екеуі канаттыға қақтырмай өсіріп, тәрбиелеп, оқытып, азамат етіп, қазір немерелеріне әже болып отырған құрметті жан.
Үлкен ұлы Ринат – Аудандық Ішкі істер бөлімінің орынбасары, келіншегі Зульфия - ағылшын пәні мұғалімі. Одан кейінгі перзенті Қорлан – мұғалім, күйеу баласы Алмаз – кәсіпкер. Ұлы Парасат – кәсіпкер, келіншегі Ақмарал – медбике. Кіші ұлы Азат – теміржолшы, механик, келіншегі Айымгүл – мұғалім. Қызы Ақбаян – Астана қаласында медициналық академиясының студенті. Қазіргі таңда келіні Айтуған екеуі сол ұрпақтан 8 немере, 4 жиеннің қызығын көріп отырған ардақты аналар.
Өнер адамдарының еңбегі сондықтан да құнды, мағыналы, өлмейтін, жоғалып кетпейтін іс. Осындай, ұлттық болмысты ұлағатты етіп, ұлы елдің руханиятының дамуына өмірілік жолын сарп еткен, мәдениет қайраткерлеріміздің біріне айналған Ұлмаш Бердіғалиева сынды биіктігі аласармайтын тұлғалар, парасатты жандар аман болғай!
![]()
![]()
![]()