Жұмалиев Қуанғали

Рейтинг:

Атырау өлкесінің шежіресі мен өнерінің марқасқасы

      Сананы тұрмыс билеген заманда әннің ырғағына мән бергенімізбен, сазды әуеннің кімге тиесілі екенін естен шығарып жатамыз. Сахна төрінде шырқалған, түрлі байқауларда жүлде алған талай әннің композиторы, Өлке шежіресі мен өнерінің марқасқасы, "Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері", Өлкетанушы, тарихшы, шежіреші, Құрманғазытанушы, Халелтанушы, дүлдүл өнерпаз, арқалы күйші-домбырашы, күміс көмей әнші, өнер тарихын зерттеуші, мыңдаған шәкірттерге тәлім берген ұлағатты ұстаз, математик, физик, адал жар, ардақты әке, Атыраудың ақиық азаматы Жұмалиев Қуанғали Қаштеұлы 1936 жылы 27 желтоқсанда бұрынғы Бақсай, қазіргі Махамбет ауданының Сарайшық селосында, бірнеше қазақ, ноғай хандары тұғырын тіккен Алтын Орданың киелі топырағында дүниеге келген.
      Ел ішін нәубеттің ызғары есіп тұрған сол жылдары ауыл тірлігіне етене араласқан бала Қуанғали 1956 жылы Сарайшық орта мектебін үздік бітіріп, «сауатсыздық жойылсын» деген ұранның дүмпуі қатты болып, еңсе тіктеген баладан, етек-жеңін жиған азаматы, етегі бетегеден сәл асатын шапанды қарияларға дейін оқытылып жатқан кезде, білім алған жас Гурьев, қазіргі Атырау педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түседі. 
      Кейіпкеріміз 1957 жылы Қазақстан жастары мен студенттерінің Тұңғыш фестиваліне қатысуға үміткер оркестр ретінде тіркелді. Көктемде Нұрғиса Тілендиев Атырауға келіп, аудандардың көркемөнерпаздар байқауына қатысып, 9 мамыр күні Мұнайшылар стадионында 500 домбырашы қатысқан ән-күй мерекесі болды. Осы оркестрдің сол қанатындағы I тенор домбырада ойнауды Нұрғиса Қуанғалиға сеніп тапсырды. Байқаудың қорытындысы бойынша, Алматыдағы студенттер мен жастардың тұңғыш фестиваліне 100 адамдық оркестрдің құрамы таңдап алынды. Осы 100 адамның 50-і Қуанғали басқарған оркестрдің студенттері болды.
      Қуанғали Қаштеұлы кішкентай кезінен өз қатарластарының алдында ерекше болды. Даланың дархандығы мен табиғи болмысын бойына жиып, тұрмысында қолданған, мәдениет қазанында бірге қайнатқан қазақтай ұлы ел бар ма, өзінің бойында қабілетін байқата білген, өнерге бір табан жақындығын дәлелдеген жас 1961 жылы Атырау қаласындағы Абай атындағы орта мектепте ұстаздық жолын бастайды.
      Одан арғы қызметінде 1962-1964 жылдары Атырау қалалық оқу бөлімінің инспекторы, 1965-1967 жылдары Орджоникидзе, қазіргі Д.Байбосынов атындағы №13 қазақ орта мектебінде мұғалім боп жұмыс істей жүріп, сол кезде облыстың оқу бөлімі жанынан ашылған бір жылдық бастауыш класс мұғалімдерін даярлайтын курсқа жетекшілік етеді. 1968-1971 жылдары сол кездегі Гурьев облыстық партия комитетінің аппаратында лектор-консультант, 1972-1973 жылдары қаладағы №6 орта мектеп директорының оқу істері жөніндегі орынбасары, 1973-1974 жылдары қаладағы №15 Абай атындағы орта мектеп директорының орынбасары, 1974-1984 жылдары Облыстық Ішкі Істер Басқармасында саяси-тәрбие жұмыстарын жүргізу бөлімінде жауапты қызметтерде еңбек етеді. 
      Одан әрі қызметте сатылай өскен Қуанғали Қаштеұлы 1984-1985 жылдары Облыстық «Білім» қоғамында аға референт, 1985-1993 жылдары Облыстық «Кітап» қоғамы басқармасының бастығы, 1993-1995 жылдары Атырау Облыстық тарихи өлкетану мұражайы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, 1995 жылдан 1998 жылдың ақпан айының 22-сі яғни, өмірінің соңғы күніне дейін, Атырау облыстық тарихи өлкетану мұражайының директоры қызметін атқарды.
      Жұмалиев Қуанғали ән салуды алты жасынан бастаған. Балалық шағы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Қуанғали жастайынан Атырау өлкесінің ән өнерін, кезінде Жайық бойының белгілі әншілері болған қарт атасы Жұмалыдан, әжесі Назирадан, әкесі Қаштеден, анасы Зиғадан үйренген. Бір үйде төрт әншінің тәрбиесін көріп, өнерге жолдама алған. Кішкентайынан зерек, ақылды, он саусағынан өнер тамған тума талант болып өсті. Осы аталарынан бүкіл Атырау өлкесінің ән шежіресін көкірегіне түйіп, шығу тарихына дейін бар деректі алып қалған.
      Барша нағашы жұрты Ибаш, Шәрекен, Мұқанғали, Қалабайлар асқан домбырашы, тамаша әншілер болған. Әкесі Жұмалиев Қаште (Ғабдолғазиз) мен анасы Зиғаның бауырынан жеті перзент дүниеге келді. Алғашқы екеуі қыз балалар ерте дүние салды. Кейіннен Дәметер, Қуанғали, Қалжан, Жолдасқали, Қайырғали дүниеге келді. Барлығы өсіп, жетіліп, ұстаздық, қоғамдық тұтыну, сауда саласының, теміржол саласының мамандықтары бойынша жоғары білім алып халқымызға, елімізге адал еңбек еткен. 
      Музыканы шынайы таза жүрекпен қабылдап, жан дүниеңді өзгертетіндей тыныш ортада тыңдап, өзінің жүрегінен шыққан көмескі үннің пердесін түріп, бүлкіл қаққан жүректен туындаған ән ырғағын музыкалық аспапта тербете білген, өшпес өнерде өз ізін қалдырған дара тұлға Қуанғали Қаштеұлы өзінің шығармашылығын дамытып, жүректен шыққан сазды әуенді жүрекке жеткізу жолында тынымсыз еңбектене білді. 
      Ал енді мақаламыздың бағытын Қуанғали Қаштеұлы туралы жазылған деректерден үзіндімен жалғастырып өтсек:
      «Мен бір жүрген ақпа-төкпе ағынмын,
      Кейде ұстатпас елестеген сағыммын» деп өзі туралы айтқан Қуанғали Қаштеұлы елуінші жылдардың басынан бастап заманымыздың заңғар әншісі Ғарифолла Құрманғалиевтың алдында талай рет ән шырқап және одан үйреніп жезтаңдай әншінің бүкіл әншілік мұрасын толық меңгерген. 
      Гурьев педагогикалық институтына түскен Қуанғали Қаштеұлы дарынды домбырашы Төлеу Сағындықов екеуі институт студенттерінің басын қосып, тұңғыш рет Атырау өңірінде құрамында елу студент бар ұлт аспаптар оркестрін дүниеге келтірді. Осындай концерттердің бірінде облысқа келген, сол кездегі Қазақ ССР Министрлер советінің төрағасы Д.А.Қонаев жолдас, облыстың басшысы болған Н.Д.Оңдасынов жолдастар концерттен кейін сахнаға шығып, оркестр мүшелеріне алғыс айтқан. Ал оркестрдің жетекшісі Қуанғали Жұмалиевтың қолын алып, Д.А.Қонаев жолдас бұл кісінің әншілік өнерін бағалап, «Гурьевтің өзінің Ғарифолласы бар екен ғой»,- деп жоғары баға беріп, «жақсы оқып, өнерді дамытуға қызметтене бер» - деп тілек айтып, батасын берген екен.
      Ол осы оркестрді өзі институтты бітіріп кеткенше басқарып, облысымыздың, республикамыздың ғана емес, сол кездегі Одақтың мәдени өміріне өзінің азаматтық үлкен үлесін қосты. Бұл оркестрдің құрамында кейін ел ағалары болған Қатимолла Ризуанов, Дәйеш Шәженбаев, Алдамберген Хамзин, Төлеу Сағындықов сияқты дарынды домбырашылар болды.
      1957 жылы халық әндерін орындаушылардың конкурсына қатысып, «Қазақстан жастары мен студенттерінің тұңғыш фестивалінің лауреаты» атағын жеңіп алған Қуанғали Қаштеұлы фестиваль күндерінде Алматыдағы М.Горький атындағы мәдениет және демалыс паркінде сол кездегі студент Қуанғали және кейіннен республикаға еңбегі сіңген артист атағына ие болған атақты әнші Дәнеш Рақышевпен екеуі бір сағат жарымдық концерт беріп, көрермендердің ризашылығына бөленеді. 
      Кейіпкерімізді 1957 жылдары «Қазақконцертке» әншілік қызметке де шақырған. Бірақ, біртума тұлға туған жерден алыс кете алмады. 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен Қазақстанның әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, Мәскеудің колонналы залында халық әндері «Желкілдек», «Нұржамал», «Он алты қыз» әндерін жеке орындап, Қуанғали Жұмалиев фестиваль дипломанты атанады.
      Қуанғали Жұмалиев тек әншілік өнері ғана емес, республикамыздағы Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінен кейінгі шаңырақ көтерген, қазіргі облыстық Дина Нүрпейісова атындағы халық аспаптар оркестрінің негізін салуға, оның орындаушылық шеберлігінің дамуына үлкен үлес қосқан азаматтардың бірі.
      Кейіпкеріміз өз бойындағы өнерді кейінгі ұрпағына үйретуде де, оларды өнерге баулуда да елеулі еңбек ете біліп, 1957 жылы Атырау қаласындағы пионерлер үйінде бүлдіршіндерге арнап домбыра үйірмесін ұйымдастырып, оған басшылық етті. Осы үйірмеден домбыра тартуды үйренген сегіз бүлдіршін орта мектепті бітіргеннен кейін Атырау музыка училищесіне, Алматы мемлекеттік консерваториясына түсіп, музыка мамандығын алып, олардың көпшілігі Алматы саз мектептері мен училищелерінде ұстаздық етті.
      1957 жылы 6 қараша күні Атырау облыстық радиосынан көркемөнерпаздардың тұңғыш концерттік бағдарламасы берілді. Бұл бағдарламаның да шымылдығын ашқан және оны үш жыл үзбей жүргізген осы кісі.
      1961 жылы күзде сол кезде облыстық радиода қызмет істеген қазақтың дарынды ақыны Меңдекеш Сатыбалдиевтың ұсынысымен облыстық радиода қазақ тіліндегі «Пионер серігі» радиожурналының тұңғыш авторы да Қуанғали Жұмалиев болды. Бұл радиожурнал ұзақ жылдар жұмыс істеді. Бұл істің радиохабарында түбегейлі орын тебуіне кейіпкеріміз сол кезде мектепте бірге еңбек еткен, қазір Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор, дарынды диктор Қадір Өтегенұлы Юсуповпен бірге біраз тер төкті. Қуанғали мен Қадір 1961 жылдың тамыз айынан бастап қоян-қолтық араласып, дос болып, сол достық қатынастары өмірінің соңына дейін жалғасады.
      Қуанғали Қаштеұлы 1968 жылдан бастап партия, одан кейін облыстық Ішкі істер басқармасына жұмысқа ауысып, он алты жылдай өнердегі құлашын еркін сермеуге жағдайы болмады. Бірақ, соған қарамастан өнерді тастамаған, домбыра мен әннен айырылмаған. Сол Ішкі істер басқармасында еңбек ете жүріп, басқарма бойынша ұлт аспаптар оркестрін құруға ат салысқан.
      1985 жылы сәуірде, сол кездегі облыстық Совет атқару комитеті Жұмалиев Қуанғалиды Облыстық «Кітап» қоғамы басқармасының төрағалық жұмысына жіберді. Ол бұл жұмыста да тұңғыш рет кітапты ән-күй өнері арқылы насихаттауды Қазақстанда алғашқы болып өмірге әкеліп, тамаша жетістіктерге жетті. Қазақстан ақын-жазушыларының, баспаларының күндерін өткізу, кітап көрмелерін ұйымдастырып, оны халыққа тарату жұмыстарын тәжірибеде кең пайдаланды, жүзден астам ақын-жазушылар мен журналистер, белгілі өнер шеберлерін шақырып, халықтың рухани дәрежесін көтерді. 
      Атыраулықтар академик-жазушы З.Қабдоловпен, профессор Т.Какишевпен, Қазақстанның халық жазушылары Әбу Сарсенбаевпен, Х.Ерғалиевпен, С.Мәуленовпен, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ф.Оңғарсыновамен, Ә.Сараевпен, А.Бақтыгереевамен, Ш.Сариевпен, Ш.Құттаяқовпен, Т.Рахимовпен, Қ.Жұмағалиевпен, А.Жағановамен кездесулер өткізіп, әдебиетіміз бен мәдениетімізді насихаттауда елеулі еңбек сіңірді. Осы кездесулердің екінші бөлімінде Қ.Жұмалиев жеке өзі концерттік программамен халық әндерін орындап,тарихи және өнерге байланысты жарық көрген кітаптарды ән мен күй арқылы насихаттаудың ерекше үлгісін тәжірибеге енгізді. Бүгінгі күнге дейін үйіміздегі Қуанғалидің жеке кітапханасында атақты ақын-жазушылардың қолтаңбасы қойылып, сыйға тартқан кітаптары сақтаулы тұр.      1987 жылы 18 ән жазылған Қуанғали Қаштеұлы «Сағындым Жайық» атты күйтабағын Шакен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында жаздырды. Осы күйтабақ 1988 жылы Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан екі мың данадан екі рет, төрт мың дана болып шықты да, халыққа айға жетпейтін уақыттың ішінде тарап кетті. Күйтабаққа сирек орындалатын, Үлкен Айдай, Кіші Айдай, Ақ иіс, Демалыс, Алуаш, Жантелім, Жамал-ай, Қоя ғой ашулансаң, Сағындым Жайық, Махамбеттің термесі, Аухаттың әні, Ауылым Қызылқоға кемерінде, Көзіңнен айналайын, Шымыр, Ауылым Көздіғара саласында, Кетпейді қыз құтылып, Қызды мақтау, Қаштенің әні (өзінің әкесі Қаштенің әні) әндері енді. 
      1988 жылы Қуанғали Қаштеұлын «Тамаша» ойын-сауық отауы өзінің шаңырақ көтергеніне 10 жыл толу мерекелік концертіне ән шырқауға шақырды. Алматыдағы Республика сарайында желтоқсанның 20-23-і аралығында болған үш күндік концертте әнші Қуанғали Жұмалиев Қазақстанның халық артистері Қ.Ахмедияров, Р.Рымбаева, Н.Есқалиева, А.Қоразбаев, Т.Жаманқұлов, Қ.Сұлтанбеков, белгілі өнер шеберлері У.Сұлтанғазин, М.Нұрекеев, Т.Құлбеков, Л.Каденова, Б.Ибрагимовтердің қатарында ән шырқап, өнер көрсетіп, теледидарға түсірілді. 
      Осы сапарда 22 желтоқсанда әнші Қуанғали Жұмалиевті Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория кездесуге шақырып, өнер ордасының ұстаздары мен шәкірттеріне халық әндері мен күйлерін тарихымен әңгіме-концертін өткізді. Кездесудің соңында сол кездегі Қазақстан композиторлар одағының бастығы, композитор, профессор Базарбай Жұманиязов, профессор Тымаш Мералиев әншінің өнеріне жоғары баға береді.
      Қуанғалиды Қаршыға Ахмедияров Алматыға шақыртып, Мұхит, Аухат, Қиса, Шомажан, Аманғали сияқты бұрын соңды насихатталмаған, ақын әрі композитор болған өнер саңлақтарының әндері мен халық әндерін күйтабаққа жаздырды. Осы сапарда Қуанғали Жұмалиевтің орындауындағы Атыраудың ән өнері туралы он бес ән шырқалған көлемді сұхбат концертін жазып және күйтабаққа сыймай қалған Зәурештің «14 шумағы» мен Мұхиттың «Кіші айдайымен» бірге бүгінгі күні қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы.
      Қуанғали Жұмалиев көршілес Астрахань облысындағы қазақ бауырларымен, Володар ауданының «Алтынжар» елді мекенінде жерленген күй атасы Құрманғазының басына жылына екі рет тағзым етуді дәстүрге айналдырған, орыс елінің жеріндегі қонысында қалған қазақ бауырлардың қазақ елімен байланысын нығайтуға елеулі еңбек сіңірген азамат. Бұл туралы Қаршыға Ахмедияров былай деді: «1986-1991 жылдары аралығында біз екеуміз Алтынжар селосындағы күй атасы Құрманғазының басына жылына екі реттен барып, тағзым етіп, сол елдің халқына қазақтың әндері мен күйлерін барған сайын тыңдаттық. Қазақ өнерінің бүгіні мен келешегі туралы талай-талай Қуанғали екеуміз бұл елдің алдында сыр шерттік» - дейді. Атырау өңірінде тұңғыш өткен Құрманғазы атындағы облыстық және республикалық конкурстарды ұйымдастырып, өткізуге үлкен үлес қосты. 
      Ұлы күйшіге деген ұлы құрмет Қуанғалиді ол кісі жайында жазылған еңбектерді қайта зерттеп, бұған дейін туған және өлген жылдары ғылыми әдебиетте қате жазылып келген деректерді түзетіп, Құрманғазының 1823 жылы туып, 1896 жылы қайтыс болғандығын ғылыми түрде дәлелдеп шықты. Ұлан-ғайыр осы жұмыстың дұрыс шешімін табуы үшін беделді-беделді мекемелерге хат жолдап, ұлы күйшінің салынып жатқан кесенесіне оның туған және қайтыс болған жылдарының дұрыс жазылуы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, бар беделімен жұмыстанған осы кісі.
      1996 жылы «Жұлдыз» журналының сегізінші санында Қуанғалидың жазған «Құрманғазы туралы соңғы деректер» атты көлемді ғылыми-зерттеу еңбегі жарияланды. 1998 жылы осы еңбегі «Алматы» баспасынан шыққан «Құрманғазы» энциклопедиялық жинағына енді. 1998 жылы ақпан айында (өзі қайтыс болар алдында 10 күн бұрын) Құрманғазы Сағырбайұлының 175 жылдығына арнап, «Құрманғазы Сағырбайұлының туған айы мен күні туралы» деген математикалық, астрономиялық дәлелдеулер мен зерттеулерге негізделген ғылыми-зерттеу еңбегін жазып қалдырды.
      Қуанғали Жұмалиевтың бұл ғылыми жаңалығы, К.Сахарбаеваның 2001 жылы Алматы баспасынан шыққан «Атырау ән-күй мұхиты» жинағында оқырманға ұсынылды. 2006 жылы «Өлке» баспасынан толықтырылып шыққан А.Қ.Жұбановтың «Құрманғазы» энциклопедиялық жинағынан жарық көрді. Астрахань облысының Құмөзек ауданында жерленген Құрманғазының шәкірті Ерғали Ещановтың құлап қалған зиратын іздеп тапты. Осы ауданның басшысына хат жазып, көмек сұрап, соның арқасында Ерғалидың зиратын оңдап, қалпына келтіру үшін біраз игі істер атқарды.
      Кейіпкеріміздің өмірінің негізі болған игілікті істерінің бірі тас бүркеніп жатқан, Сарайшық қаласын зертеу жұмыстарын жалғастыру еді. 1956 жылы академик, ғалым-зерттеуші Әлкей Марғұлан өзі бастап келген экспедицияның қазба жұмысы көпке бармай әлдеқашан тоқтап қалған. Осы жұмысты жалғастырса қазақ халқының дамуынан, оның мәдениеті мен қолөнерінен, кәсіпшілігі мен жеткен жетістіктерінен құнды деректер мен мұрағаттар алынуы сөзсіз еді. Осындай патриоттық сезім жетелеген Қуанғали Қаштеұлы облыс басшылары мен мемлекеттің құзырлы органдарына хатпен шығып, қазба жұмыстарын жалғастыруға рұқсат алды. Қуанғали бұл хабарды үлкен шабытпен қарсы алды. Соңғы деректермен ескі Сарайшықтың макетін жасады, болашақ Сарайшық қорығының жоспарын жасап, бекіттірді. Туған жері үшін осындай еңбек етіп, тер төгуінің арқасында Ә.Марғұлан атындағы археологиялық ғылыми зерттеу институтының белгілі археологы Зейнолла Самашев бастаған экспедициясы келіп, Сарайшықта еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғаш рет археологиялық қазба-зерттеу жұмыстарын бастап, мұражай басшысымен қоян-қолтық жұмыс жасады. Қуанғали Қаштеұлы, Зейнолла Самашевты Сарайшықта қонақ үй болмағандықтан өз үйінде қонақ етіп, кейін әкесі қарт Қаштенің үйіне орналастырып, інілері Жолдасқали мен Сағынғалимен бірге қазба, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. 
      Атырау облысында Сарайшықта басталған археологиялық қазба жұмыстары, оның соңында табылған жәдігерлер ортағасырлық Сарайшық қаласының тарихынан мол ақпарат жинақтады.Олар болашақ музей-қорықтың ашылуына, оның ғылыми тұрғыдан зерттелуіне септігін тигізді. Міне,осы арада Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры қызметін атқарған Қуанғали Қаштеұлы Жұмалиев айрықша еңбек сіңірді. Экспедицияның басшысы болған, профессор Зейнолла Самашев кейін өз естелігінде: «Мен келу жолымда осында мұражайда басшы қызметін атқарып жатқан Жұмалиев Қуанғали атты азаматпен таныстым. Қуекең үйіне апарып, қонақасы беріп отбасымен таныстырды. Бұл кісі үлкен өнер иесі екен, ән салып, күй тартып берді. Сарайшыққа өзі бастап жүрді. Осылайша, қазба жұмысы басталды. Сарайшықтың XII-XIII ғасырларда гүлденген, мәдениеті мен қолөнерінің дамыған қала екендігі дәлелденді.Сол кездердің өзінде Сарайшықтың екі қабатты үйлері бар, қыштан жасалған су ағатын құбырлары бар, биік-биік мұнаралары мен керуен және де ақша ауыстыратын сарайлары бар екені анықталды. Қазба кезінде табылған құнды-құнды мұрағаттар облыс, Сарайшық музейлерінде ашылған «Көне Сарайшық» атты бөлімдерден орын алды. Екі-үш жылдай ағалы-інідей болып, қоян-қолтық жұмыс жасадық, көптеген деректерді осы Қуанғали ағамыздан алдық. Осы аз уақыттың ішінде Қуекеңнің өлке тарихының сай-саласын жақсы білетін, өнеріне білімі сай іскер басшы, жақсы жолдас, мықты журналист-қаламгер, жан-жақты дамыған адам екенін білдім», - деп ерекше ықыласпен еске алады.
      Осы қазба жұмыстарының нәтижесінде, кейінгі жылдары Сарайшықта мешіт және осы жерге туын тіккен, топырағында тұлпарының ізі қалған хандардың ордалары ашылды. Осындай, жүзін топыраққа жасырып жатқан тарихтың жарыққа шығып, ұлы тұлғалардың тарих беттерінен орын алуына үлкен септігін тигізді. 
      Дүние салар алдында қоғамдық қор құрып, «Сарайшық Қазақстанның ежелгі қаласы» атты қоғамдық қорының атқарушы директоры болып, жұмыстарын жүргізді. Тұнып жатқан тарих тасын төңкеріп, бүк түсіп жатқан беймәлім дүниелердің бетін ашуда көптеген жоспарларды қағаз бетіне түсіреді. Сол бір жұмыстар барысында тынбай еңбектеніп, тіпті, кейбір қазба жұмыстарының рұқсат қағаздарын да алып қояды. Бірақ, мәңгілік мекеніне кете барады. 
      Қуанғали Қаштеұлы «Сарайшық» мұражайының ашылуына, кейбір жұмыстарды жүргізудің басы-қасында өзі жүрген болатын. 
      Кейіпкеріміздің тағы да бір еңбектерінің бірі, XIX ғасырдың атақты ақыны Бала-Ораздың зиратын тауып,оның басына ескерткіш тақта қою ісіне үлкен жанашырлық жасап, оның ашылу салтанатында ақынның өміріне байланысты бұрын белгісіз болып келген тың деректерді жариялауы.
      Қуанғали Қаштеұлы еліміздің шежірелі тарихына байланысты оқиғаларды киноға түсіру ісіне де ат салысты. Исатай Бабамыздың 200 жылдық торқалы тойын салтанатты түрде өткізді. Тарихи осы мерекеге арнап Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қызметкерлері 1990 жылы Исатай Тайманұлының 200 жылдығына арналып түсірілген «Мінгені Исатайдың ақтабаны-ай» атты фильмде бастан аяқ қатысып, Махамбеттің термелерін шебер орындады. Фильмнің сценарийін жазған қазақтың белгілі жазушысы Әнес Сараев.
      Кеңес үкіметінің солақай саясатының салдарынан талай белгілі ақындармен сал-серілермен тағдырлас, жазықсыз жалалы болып, «банды» атанған, әрі әнші, әрі сері Аманғали Кенжеахметұлының өмірін зерттеуге көп ізденіс жұмыстарын жүргізді. 1990 жылдары Аманғалидың Рахила, Рахима атты екі қызымен және кейінгі ұрпақтарымен кездесіп, көптеген деректер жинап, оны Атырау, Орал және Орынбор архивтерінен алынған нақты құжаттармен салыстыра келіп уақиғаның болған уақытын, орнын дәлелдеді. Әндеріне талдама берді. Қуанғали осы кездесулердегі аңыз бен ақиқат болған әңгімелерді толықтай өз қолымен қағазға түсіріп, бірнеше беттік қолжазба жазып қалдырды. Өзі өмірден өткеннен кейін, бұл қолжазба Латифолла Қапашевке беріліп, кейіннен «Банды Аманғали ісі» атты тарихи кітаптың шығуына үлесін қосты.
      1991 жылы Латифолла Қапашев екеуі сценарийін жазған «Мен өзім Аманғали атанамын» шежіре-публицистикалық фильмді түсірді. Фильмдегі Аманғалидың әндерін өзі орындады. Бұл фильм қазір қазақтар тұратын көптеген шетелдерге тарап кетті.
      Тарих тасына тіл бітірген кейіпкеріміздің қаны Сарайшық топырағында бірге тамған, жетінші класты бірге бітіріп жолдары айырылып, ер жетіп, кейін қайта табысып, отбасыларымен тату адал дос болған, ұстаз, Атырау ДОСААФ жанындағы автомектебінің басшысы болған, қазірде зейнеткер Сағынғалиев Сабыржан былай деп есіне алады: «1998 жылы 18-20 ақпан аралығында Республикалық мұражай жобалау және сәулет институтының жобалаған Атыраудың жаңа мұражайының жобалау құжаттары Алматыдан бекітіліп келді. Құжаттарды институттың бас маманы мен екі сәулетші алып келіп, музейдегі директор кабинетіндегі үлкен столға болашақ музейдің макетін жайғастырды. Бұл оқиға Қуекең өмірінде үлкен қуаныш және серпіліс болды. Қуекеңнің соңғы үлкен қуанышымен қоса сезім тербелісі мен серпілісі тұл бойындағы дерттерін де қозғап жіберген сияқты. Алматыдан келген жігіттері кеткеніне екі тәулік болмай жатып Қуанғали да біздің арамыздан мәңгілікке жүріп кетті. Бұл 1998 жылдың 22-нен 23-і ақпанға ауған сағат түнгі бір еді». Бірақ, тағылымы мол тұлғаның талпынысы, бастаған ісі аяқсыз, ескерусіз қалған жоқ, кейіннен осы жоба бойынша музей жаңа орынға көшірілді және осы күнге дейін халық игілігіне қызмет көрсетуде.
      Қуанғали Жұмалиев өзінің машық еткен өнер тарихымен қатар туған өлкесінің шежіресін де зерттеді. Оның қаламынан 1992 жылы Кіші Жүзді қоныстанған жиырма бес ру шежіресінің бірінші кітабы «Ататек» баспадан шығарып, халқымыздың тарихына үлкен үлес қосты. Бұл ру шежіресін іздестіру, толықтыру жұмыстарын өзінің қайын атасы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Ішкі Істер басқармасының ардагері, отставкадағы полковник, атақты шежіреші, елдің сыйлы азаматы – Жұмашев Ғиниятпен бірге жасады. Қуанғали қайтыс болғаннан кейін де, қайын атасы басталған істерін жалғастырып, Кіші жүз руларының шежіресін зерделеп, бірнеше кітап жазып, көпшілікке ұсынды. Жұмашев Ғиният әкеміз күйеу баласының қазасына қатты қайғырып, 34 шумақтан тұратын жоқтау өлеңін арнады. Қуанғалидің құлпытасына осы қайын атасының жоқтау өлеңінің бір шумағы қашалып жазылды:
      «Жан едің туған елің сыйлайтұғын,
      Өлімге адам едің қимайтұғын.
      Өмірің ұзақ болып, тірі жүрсең,
      Бар еді талай гүлің жинайтұғын...».

      Кейіпкеріміз Қуанғали Қаштеұлы еңбек еткен жылдары түрлі марапаттарға ие болды. Қолымызда бар мәліметтермен марапаттарын тізіп өтсек:
      - 1956 жылы маусым айында өткен Гурьев облысы аудандары көркемөнерпаздары байқауында облысымыздың сол кездегі тоғыз ауданы мен қаладан қатысқан халық әндерін орындаушылардың ішінен сол кездегі оныншы сынып оқушысы Қуанғали Жұмалиев бәсекеге ешкімді ілестірместен жеке-дара I орынды иеленді:
      - 1957 жылы Қазақстан Жастарының тұңғыш фестивалінен II дәрежелі Диплом;
      - 1978 жылы Кеңес милициясының құрылғанына 60 жыл толу мерекесіне байланысты облыстық Ішкі істер басқармасының халық аспаптар оркестрі Алматы қаласына өнер көрсетуге шақырылды. Осы оркестрдің құрамына барып, жеке орындаушы ретінде ән шырқаған ол Ішкі Істер Министрінің «Құрмет Грамотасына» ие болды.
      - 1984 жылдың 16-17 желтоқсан күндері Алматыда Республика сарайында өткен Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстары ақындарының айтысына қатысып, осы айтыстың шымылдығын «Махамбет» термелерімен ашып, термешілер сайысының Бас жүлдесін жеңіп алды;
      - 1993 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген Қызметкері»;
      Ұлы тұлға және оның еңбектері жайлы көптеген мақалалар жазып, көзін көріп, шапағатын сезінген жандардың ыстық ықыласқа толы лебіздерінің өзі әлі де өшкен жоқ. Соларға кезек берсек:
      Еңбектерінің бірі жайлы 1997 жылдың 16 қаңтарында «Атырау» газетінде «Құнды кітап» айдарымен жариялаған «Шынияз туралы шындық» атты мақаласында кейіпкеріміз былай дейді: «Атырау өңірін қоныстанған ежелгі қазақ халқының он төртінші ғасырдың соңғы отыз жылдығында туып, он бесінші ғасырдың алпысыншы жылдарында дүние салған Асан Қайғыдан, Қазтуғаннан, он алтыншы ғасырдың бірінші ширегіндегі қанды соғыста қаза тапқан Доспамбет жыраудан бері қарай жалғасатын Шалкиіз, Жиембет, он сегізінші ғасыр мен он тоғызыншы ғасырда өмір сүрген Есет би, Абыл, Махамбет, Шернияз, Алмажан, Қашқынбай, Нұрым, Қашағаннан басталатын ақындық және жыраулық өнердің ірі-ірі өкілдерінің бірі – Шынияз жырау. Сөйлеген сөзі мірдің оғындай, жырлары жыңғылдың шоғындай болып келетін оның шығармашылығы – күні бүгінге дейін қазақтың ауыз әдебиеті тарихына енбей қалған, орны толмас өкініші мен өксігі мол ақтаңдақтардың бірі еді. 
      Міне, сол ақтаңдақтардың орнын толтыруға арналған алғашқы қадам сәтті аяқталды. Бұл бағытта облыстық тарихи-өлкетану мұражайының, мұрағаттану жұмысымен айналысып отырған өлке тарихы шежіресінің танымал білгірі, Қазақстан журналистері ақсақалдарының бірі, мұражайдың аға ғылыми қызметкері Әбуғали Ғабдуллин ағамыз есімі ел есінен ұмыт болып қалған Шыниязды тірілтіп, қазақ тарихына әкеліп қосты» - деп жазады. 
      Кейіпкеріміз туралы 1992 жылдың 13 маусымында «Атырау» газетінде «Ой мен Өнер адамы» айдарымен Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының Лауреаты, Алматы Консерваториясының профессоры Қаршымбай Ахмедияровтың «Атыраудан ән оздырған» атты мақаласы, 2006 жылдың 23 желтоқсанында «Атырау» газетінде «Ғибрат» айдарымен еңбек ардагері Қайырғали Қаштеұлының «Ұлттың жанашыры ұмытылмайды», «Алтын Орда» басылымында «Ән-тағдыр» айдарымен композитор, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақановтың «Жиырма бес» мақаласы, 2006 жылдың 28 желтоқсанында «Ақ Жайық» газетінде «Саз әлемі» айдарымен «Әндетіп өткен бір ғұмыр» эссе-элегиясы жарық көрді.
      «Ән ақиығы» атты Қуанғали Жұмалиевтің құрметіне інісі Қайырғали Қаштиевтің шығарған естелік кітабының алғы сөзінде былай жазған: «Қасиетті Атырау топырағында небір дүлдүлдердің дүниеге келіп, өз уақыттарында замана ағымына сай аттарын тарих парағына жазып кеткендері ұрпақтарына аян. Адамзат тарихында өзіндік үнімен ерекшеленген ХХ ғасырдың екінші жартысында оза шауып, еңбек етіп, халқының сый-құрметіне бөленген жандардың бірі, өз ісін ой-парасатымен, ішкі дүниесінің болмыс-бітімімен беріліп, дараланған, Мұхит пен Ғарифолла өнер мектептерін уағыздап кейінгі ұрпаққа жалғастырушы, жезтаңдай әнші әрі домбырашы, журналист, тарихшы, өнер мен туған өлкесі-Хан Ордалы Сарайшық тарихын зерттеуші, сан-мың шәкіртке тәлім берген ұлағатты ұстаз, Атырау өңірі мен республика көлеміне кеңінен мәлім ақиық азамат, қазақ елінің, соның ішінде Атырау облысының, мәдениетінің өркендеуіне, кітапты насихаттау арқылы халықты өнер тарихы, ел тарихымен таныстырып, тарихи тұлғалардың қайта өмірге оралуына, тарихи мұрағаттарды жиып-теріп, зерттеп-зерделеп өлкетану мұражайын елге жаңа сатысынан көрінуіне аянбай тер төккен, Атырау өңірі мен республика көлеміне кеңінен мәлім ақиық азамат «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» Қуанғали Қаштеұлы Жұмалиев.
      Қадір Юсупов Қуанғали туралы былай деп еске алады: «Өзімнің ғұмыр жолыма көз салып қазір ойлап отырсам, өмірімде Қуанғалидай досым болмаған екен. Қуанғали қазір жоқ. Мен достықтан жетімдік көріп жүрген адаммын. "Қуанғали қайтыс болды" дегенде тас төбемнен метеорит түскендей сезіндім. Сонда аузыма мынадай сөздер оралды:
      Ай батса егер, қайта тағы ай туар,
      Күн батса егер, қайта тағы күн туар.
      Қайран досым, күндей батып сен кеттің,
      Маған енді дос болатын кім туар?»

      Қадір Юсупов Қуанғалидің бүкіл өмірін суреттейтіндей мына бір өлең шумақтарын жазып, кесенесіне орнатылған тақтайшаға қашалып жазылды:
      «Ер едің қиындықтан тартынбаған,
      Адамдық ісің бар ма таң қылмаған?!
      Сәні едің бұл өмірдің жарқылдаған,
      Жүректе әнің қалды саңқылдаған,
      Қапыда қалды-ау сынып алтын қалам!»

      Осылайша Қ.Жұмалиев облысымыздың мәдени өмірінде көптеген игілікті істердің бастауында алғашқылардың бірі болып, қиындығы мен қызығы мол өнердің тыңына түрен салған азамат.
      И.Жақанов естелігінде былай деп жазған: «Қуанғали! Көмейіне бұлбұл ұя салған осы бір бекзат болмысты адам жөнінде жүрегімде әндей мөлдір, тұмадай тұнық сырлар көп-ақ. Бұл жолы мен қысқа әндей ғана келте қайырылған Қуанғали өмірінің жалт еткен бір елесін ғана айтамын. Қуанғали ерен әнші еді. Ол бүгінгі Атырау қаласының... тіпті, осы облыс, жалпы Батыс өлкесінің аясына сыймайтын кең тынысты, өресі зор, терең сезімді, сирек бітімді өте-өте жарқын талант еді. Қуанғалидың әншілік даңқын мен Алматыда сол кездегі Гурьевке келіп-кетіп жүретін өнер адамдарынан, әсіресе, әншілерден көп естідім. Ертеректе Гурьев облысында концерт беретін топтың ішінде Ғарифолла Құрманғалиев пен Ермек Серкебаев болды.
      Сол бір думанды күндерде Қуанғалиды бала кезінен жақсы білетін Ғарекең оны ерекше өбектеп, аялап: «Менің репертуарымды еркін меңгерген айналайын!»-деп әндер шырқатыпты. Сол күндердің естелігін еске салған Ермек Серкебаев: «Халық әншілерінің дәстүрі басқаша. Олардың дәстүрін жалғастырған бір талантты әншіні ана бір жылы Гурьевте кездестірдім. Ел ортасында жүр. Елеусіз ғана. Бойын жасырған тұлпар секілді. Есімі – Қуанғали Жұмалиев. Орта бойлы, аққұба, қаршығадай жұтынған аса жинақы, кішіпейіл азамат екен. Адамды етене баураған ізеті күні бүгінге дейін көз алдымда.
      Ол бір отырыста «Гүлжансары», «Дайдидау», «Әмірхан», «Япурай», «Жылыой» т.б. он бес-он алты әнді бір қайырды. Әншінің мұндай күш-қуатын біз бұрын атақты Қали Байжанов, Қосымжан Бабақов, Әли Құрманов, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Қуан Лекеров, Ғарифолла Құрманғалиевтардан байқаушы едік. Қуанғали сол ән саңлақтарының өзі болмаса да көзі екен. Қуанғалида халық әншілерінде болатын мызғымайтын «поставленный голос» бар.
      Ол "ондай әншілерге ана сүтімен даритын таңғажайып табиғи құбылыс" деп өз бағасын берген. Мен Қуанғалимен Гурьевке келгенде кездесіп, бірге жүрдім. Оның жоғары деңгейдегі әнші екеніне көзім жетті. Ол жан-жақты білімді азамат екен. Өмірден көрген-түйгені көп, тарихқа жетік, елдің арғы-бергі хикаяларын қария сөзді ғұламалар сияқты кең толғады. Архивтік деректі де ықтияттап жинайды екен. Мені осы қасиеті қызықтырды.
      Жетістікке жеткен әрбір азаматтың артында жарының қолдауы, сенімі мен ерекше махаббаты тұратын секілді. Қуанғали Қаштеұлының қазақ тарихында есімі алтын әріптермен жазылып қалуында үйінің берекесін кіргізіп, әулетінің түтінін түзу ұшырған жары Жұмашева Сабиланың таразыға салса ауыр тартатын үлкен еңбегі жатыр. Бүгінгі мақаламыздың да кең көлемді болып, ұлы тұлғаның өмірі жайлы тереңнен сыр тартуымыздың да бастауында асыл жар, абзал ана Сабила Жұмашеваның елеусіз еңбегі тұр. Сондықтан, ат басындай алтынға да айырбастамас өнер мен тарихтың бойына қан жүгірткен тұлғаның жары туралы кеңінен тарқатып айтсақ.
      Сабила Жұмашева 1942 жылы Атырау облысы, Индер ауданы, Өрлік ауылында дүниеге келді. Қазақ даласына қызмет етер адами асыл құндылықтарды бойына сіңіре білген әкесі Жұмашов Ғиният Ұлы Отан соғысының ардагері, Атырау Ішкі істер басқармасының құрметті ардагері, алдын ашсаң арқырай жөнелетін, тағылымында мөлдірлік тұнып жатқан тау бұлағындай болған дария кеуде тау мүсін, елге танымал атақты шежіреші болған.
      Ал мейірім тамшысы таңғы шықтан да мөлдір, аналық махаббаты күн нұрынын да жылы анасы Мағрипа үй шаруасында болып, бала тәрбиесімен айналысқан. Сабила Ғиниятқызы 1964 жылы Гурьев педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітіріп, №11 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектебінде еңбек жолын бастайды. Ұғына білгенге ұстаздық дейтін ұлағатты мамандық емес пе, оқушы тәрбиелеп, 32 жыл ұстаздық етіп, зейнеткерлікке шығады. Ұстаздық еңбектері жоғары бағаланып, 1981 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», 1990 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, бірнеше рет мақтау қағаздарымен марапатталады. 
      Тарихтың шұғылалы алтынына жүзін сүйдірген тұлғаның жары болған Сабила Ғиниятқызының еңбектері 2004 жылы «Атырау облысы мұғалімдері» энциклопедиясына енді және М.Ізмұханов пен Қ.Жүсіптің «Ұлағатты білім ұясы» кітаптарында жарық көрді. 
      - «1963 жылы Қуанғали екеуіміз шаңырақ көтердік. 35 жыл өмірдің барлық қызығы мен шыжығын бірге көріп, бақытты өмір сүрдік. Қуанғалидың туған елі, халқы үшін жасаған барлық игі істерінің басы-қасында бірге жүріп, бірге көріп, домбырасын ұстасып, әрдайым бір-бірімізге қолдау көрсеттік. Табиғат берген тума талант, өнер иесі еді. Өте қарапайым, адал дос, принципиалды, шыншыл, пунктуалды, ағайын-бауырға аса қамқор болды. Домбыра тартып, күй шертіп, ән айтудан бөлек, ғылымға, зерттеуге, ізденіске құштар мықты білімді болды. Өлең де жазатын өнері болды. Кітап оқуды жақсы көретін. Баспадан ақын-жазушылардың жаңа кітабы шыққан бойда, алдыртып, түн ұйықтамай оқып-бітіретін, кітап авторларынан міндетті түрде автограф жаздырып алатын. Қуанғали біраз еңбектер жазып қалдырды. Қандай тақырып болса да әбден зерттеп, зерделеп алып, ақиқатына көз жеткізіп қана жазатын және Ятрань машинкасы болды, соған өзі басып шығаратын.
      Почеркісі де ерекше әдемі болатын. Кең пейілді, қонақжай жан еді. Атырауға келген өнер адамдарын, ақын-жазушыларды өзі қарсылап алып, әуелі үйімізге шақыратын. Мен осы кісінің арқасында Н.Тлендиев, Қ.Ахмедияров, Ә.Есқалиев, А.Қоразбаев, И.Жақанов, З.Қабдолов, Ш.Сариев, М.Неталиев, Ф.Оңғарсынова, Ә.Сараев, Л.Қапашев, М.Жолжанов, Ә.Габдуллин, ғалым-археолог З.Самашев сынды Қазақстанның атақты адамдарына дастарханымды жайып, өз қолымнан шәй-дәм таттырып, баталарын алған бақытты жанмын. Қуанғали отбасында бала тәрбиесіне, білім алуына көп көңіл бөлді. Жанұяда екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Қуат, Лариса, Маржан, Нұрболат. Балаларымыз бәрі ер жетіп, жоғары білім алып, шаңырақ көтерді, сәби сүйді, ұрпақ жалғасып жатыр. Қуанғали көзі тірісінде бес немере-жиендерінің қызығын көріп кетті. Тұңғыш немерелері Ғазиз бен Саматты өзі гимназияға апарып-әкелетін, жетістігіне бірге қуанатынбыз. 
      Қазіргі таңда балаларым әр саланың мамандары, ел экономикасының дамуына өз үлестерін қосуда. Қуат жеке меншік балабақшаның шаруашылық бөлімінде жұмыс жасайды. Лариса бухгалтер-экономист болып жұмыс жасады, қазір зейнеткер. Маржан қызмет көрсету саласында еңбек еткен, қазір немерелерін бағуда. Нұрболат Қарабатан зауыты кешенінде көлік қауіпсіздігін қадағалау бөлімінде жұмыс жасайды. Қазір он немере-жиен, он шөберем бар. Немерелерімің бәрі жоғары білімді. Нұрболат пен Салтанаттың үш ұлы бар. Ғазиз, Самат, Батырхан, келіндері Шолпан, Жұлдыз, екі немере Айсұлу, Алмас бар. Кенже баласы Батырхан APEC PetpoTechnic жоғары колледжінің студенті. Ғазиз, Самат пен Жұлдыз «Тенгизшевройл» компаниясында қызмет жасайды. Лариса мен Асқардың бес қызы Асылай, Арайлым, Мира, егіз қыздар-Айзада, Бекзада, күйеу балалары Айдос, Ринат, Асылбек және алты жиені Айшайым, Исмаил, Ясмина, Али, Айсұлтан, Абылай бар. 
      Асылай «Ренко Проперти» итальяндық компаниясында технолог, ал Айдос Теңіз кешенінде жұмыс жасайды. Арайлым мен Ринат құқық қорғау саласының мамандары, Ішкі Істер саласында қызмет жасайды. Мира да құқық қорғау саласының маманы, сот жүйесінде қызметте. Ал Асылбек мұнай-газ саласының маманы. Кенже егіз қыздары Айзада мен Бекзада – Алматы технологиялық университеттің 3 курс студенттері. Маржан мен Амірханның бір ұл, бір қызы бар. Есімдері Алихан, Альбина, келіні Айдана, күйеу баласы Қалыбек. Екі жиен-немересі бар. Есімдері Парасат, Асылым. Алихан халыққа қызмет көрсету саласында жұмыс жасайды, ал Айдана ұстаз. Альбина - жеке кәсіпкер, Қалыбек Теңіз кешенінде еңбек етуде. Осылайша Қуанғалидің көрмей кеткен қызығын артында қалған ұрпақтарымен бірге көріп, асыл Ана, ардақты Әже атанып, бақытты күн кешудемін» - дейді кейіпкеріміздің жары.
      Қуанғали Қаштеұлының ғұмыры қысқа болды, әлі де көретін жарығы, беретін жемісі көп еді. Артында өшпес мұра қалдырды. Жарыққа шығаруға үлгермеген, жазылып аяқталған «Құрманғазы», «Ахмедияров туралы эссе», «Отты жылдарда», «Аманғали», «Өмірімнің өткелдері», «Кіші жүздің шежіресі», «Сарайшық – туған жерім» т.б. зерттеу еңбектері жеке архивінде сақтаулы. Ағасының құрметіне кіші інісі Қайырғали Қаштеұлы «Ән ақиығы» естелік кітабын шығарды. Атырау газеттерінде Қ.Ахмедияровтың «Атыраудан ән оздырған», Қ.Қаштеұлының «Ұлттың жанашыры ұмытылмайды», Ақ Жайық газетіне И.Жақановтың «Әндетіп өткен бір ғұмыр», Алтын Орда газетіне И.Жақановтың «Жиырма бес» тақырыптарында Қуанғалидың еңбектеріне арналған көлемді мақалалары жарық көрді. Қуанғалидың еңбектері 1998, 2006 жылдары шыққан А.Жұбановтың «Құрманғазы», 2001 жылы шыққан К.Сахарбаеваның «Атырау – ән-күй мұхиты», 2001 жылы шыққан «Өлке тарихының өзекті мәселелері», 2018 жылы шыққан «Алтын бесік – Сарайшық» энциклопедиясында, 2019 жылы шыққан Ә.Мұқтардың «Сарайшық музей-қорығы тарихы» кітаптарында жарық көрді. 
      Қуанғали Жұмалиевке мемлекет алдындағы атқарған еңбектері үшін 1993 жылы 15 қазанда «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағы берілді.
      Таңғы шықтан да мөлдір, саф ауадан да таза, мұңының өзі тәтті өнерін, әндерді қазақ даласына тарту етіп, көктем бағында гүл жарған қызғалдақ сазын демі барда қазақ өнерінің сахнасында шырқалтып кеткен Қуанғали Қаштеұлы туралы мағыналы мақалалар мен сағынышқа толы ақын жырлары көптеп кездеседі. Ол нотаға түсіріп кеткен ән әлі күнге дейін, өнер жұлдыздарының орындауында сахна төрінде шырқалып келеді. Міне, "өлмейтұғын артына із қалдырған" деген осы. Сазгердің тәнін топырақ жасырғанымен, жүрегінен жарып шыққан сазды әуендерінің лебі өнер айдынында самал жел болып есіп, есімі өнер сүйер қауымның жүрегінде мәңгіге сақталып қалды.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

5 января 2026 11:54
Ердаулет Татеков
Мың жасаңыз!!!...
30 декабря 2025 21:16
Камила
Чудесная и достойная история👍 Огромная Вам благодарность, Бану Бияновна! ...
28 декабря 2025 01:12
Гулнар
Саламатсызба +77083784410 осы номерге хабарласыңызшы қолыңыз тисе рахмет ...