Өміршең өнер – сыршыл дүние
![]()
Топырағында аузымен құс тістеген ақындар, көмейінен шыққан күміс үні шартарапты шарлаған әншілер, шанағынан аттың шабысы естілген күйшілер мен аққу қанатындағы сұлулықты бойына сыйдыра, ән ырғағында тербелген бишілердің табан ізі қалған Атырау өңірі - өнердің ордасы. Өнерпаздары аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі өнер додаларында топ жарып, жүлдегер атанып жүрген, ҚР мәдениет саласының үздігі, «Жем аруы» халықтық би ансамблінің жетекшісі, аудандық мәдениет үйінің «Жастар» театрының Жылыой халықтық «Жастар» театрының жетекшісі Шегенбаева Мағрипа Қопалқызы ел құрметіне бөленген жан.
Бір мақаланың көлемі көтере алмайтын, кітапқа сұранып тұрған Мағрипа Қопалқызы 1964 жылдың 23 наурызында Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласында дүниеге келді. Әкесі Тілесов Қопал мұнай саласында еңбек еткен қарапайым мұнайшы, анасы Күнжарықова Дәмеш балаларының тәлім-тәрбиесімен айналысып, отбасының ұйытқысы бола білген жан. Жылыойдағы орта мектепте он жылдық білім алып шыққан бала Мағрипа Қопалқызының арманы биші болып, үлкен сахналарда өнер көрсету болды.
Мектеп қабырғасында жүргенде мектепішілік шараларға белсене қатысып, мұғалімдердің сенімінен шығуы да белсенді жасты болашақ арман жолында қанаттандыра түсті. Өз қабілетіне сенген ол кәсіби маман қылып дайындайтын жоғарғы оқу орнына түсуді мақсат етіп, орта мектепті жақсы деген бағамен тәмамдап шыққан соң қазіргі Жылыойдағы орта мектепті бітірген соң "биші болам" деген асқақ арманымен Қарағандыға жол тартады. Білімге деген құлшынысы, би өнеріне деген қызығушылығы, мақсатқа жетудегі талпынысының арқасында Қарағанды облыстық мәдени-
![]()
ағарту училищесінің би мамандығы бөліміне түседі. Тәжірибесі мол би майталмандарынан дәріс алып, оқу орнын 1985 жылы бітіріп шыққан соң, алғаш Қарағанды облысының Ақшатау қаласындағы «Горняк» мәдениет үйінде көркемдік жетекші-балетмейстрі болып еңбек жолын бастайды.
Талаптыға тау биік болып па, биші болуды, шәкірт тәрбиелеуді алдына мақсат етіп қойған өнерпаз, еңбек ету барысында жоғары оқу орнында оқып-білгенін сарапқа салып, қажыр-қайратымен ұштасқан бойындағы қабілетінің қауызын қайта ашып, мектеп оқушыларын би, театр өнеріне баулыды. Еңбек ішігін құрсана киіп, белдігін бекем буынған әрбір адам ойлы-қырлы түрлі жолдарға кезігеді. Бір істі бастағанда лап еткен ұшқын біреулердің кеудесіне үміт отын жақса, кейбіреулердің кеудесінде шоқ болып маздап қала береді. Өнерлі шәкірттерді түрлі деңгейдегі жарыстарға қатыстырып, мерейін өсірген Мағрипа Қопалқызы түрлі марапаттармен марапатталды. Қоршаған ортаға бей-жай қарай амайтын ол жас өнерпаздарға би үйретумен қатар түрлі қоғамдық іс-шараларға белсене қатысты. - Мен көпбалалы отбасында өстім. Соның әсерінен бе, кішкентай күнімнен өнерге қызығушылығым бала кездегі ойындардан басталды. Үлкен әпкем Әсияның ұйымдастырған сан алуан театрландырылған
![]()
қойылымдарында қандай кейіпкерді сомдайды екем деп қиялдайтынмын. Сол апама деген еліктеушілік болды. Отбасымызбен өнерге жақын болдық. Менің би өнеріне қадам басуымның өзіндік сыры бар. Бала кезімде аурушаң болған екенмін.
Соған байланысты мектеп қабырғасында жүргенде спорттық сабақтардан босатылғанмын. Сол кезден бастап денсаулығымды қалыпқа келтіру мақсатында түрлі дене шынықтыру қимылдарын жасай бастадым. Нәтижесінде денсаулығым да түзелді. Кейін бұл сиқырлы қимылдардың менің өмірімдегі алар орны ерекше болатындығын түсіндім. Бойымда би өнеріне деген құштарлық сезім пайда болды. Бұл менің биге деген құмарлығымның бастау алған кезеңдері еді. Марқұм әке-шешем ұл-қыздарына "оқу-білімді үйреніңдер, кітап оқыңдар, өнерді сүйіңдер" дейтін. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демей ме қазақ. Би әлеміне үлкен ынтамен қадам басуымның өзі осы өнегелі отбасында алған тәлім-тәрбиемнің нәтижесі деп білемін. Өзімнің көрген-түйгенімді өз балаларыма кейінгі ұрпаққа айтудан жалыққан емеспін. Өнерден қол үзбей өмірлік жарымды кездестіріп, жанұялы болдым. Қайын атам марқұм өнегелі ақсақал еді. Менің өнеріме жастарды өнер жолында тәрбиелеуге қолдау көрсетіп, өзінің ақ батасын беріп кетті. Жарым Шегенбаев
![]()
Марат мұнайшы болғанымен шығармашылық адамның жанын өте жақсы түсінеді. Үнемі қолдау көрсетіп отырады. Өмірге әкелген екі қарлығашым Биби мен Банудың орны мен үшін бөлек. Жолымды қусын деген ниетпен оларды да өнерге баулыдым. Қазірде осы екеуі де «Жем аруы» халықтық би ансамблінің бишілері, облыстық және республикалық деңгейдегі байқаулардың жеңімпаздары.
Кәсіби дағдыларымды жетілдіріп, ұштай түскеннен кейін «Импульс» атты би ұжымын құруға шешім қабылдадым. Бұл ұжым заманауи би тобы болатын. Бірақ туған жерге сағыныш биік тұрады екен. Барлық сансыз тың жоспарларымды тастап, туған жеріме қайта оралдым. Туған топырағымда елдің мәдениетін көтеруге, жастарға эстетикалық тәрбие беруге белді бекем будым.
Сол кездері қаршадай болсам да би өнерінің биігінен көрінетін ансамбльдің қажет екендігін ұқтым. Осылайша, 1986 жылы «Жем аруы» атты би ансамблі өлкенің өнер өрісінен есігін ашты. Алғашында ансамбль құрамында небәрі он шақты қыз ғана болды. Қарапайым халықтың биге деген көзқарасы енді ғана түзу қалыптаса бастаған кезең еді. Оның үстіне жаңа ғана аяқтан тұрып, қалыптаса бастаған шақта 90-жылдардың сергелдеңі пайда болды. Ең үлкен экономикалық та, рухани да дағдарысқа ұшырап, қиын-қыстау кезеңді
![]()
бастан өткеріп жатқан болатын. Алайда, өз мақсатыма жету үшін «Би-Би» бишілер мектебін ашып, балалар мен жасөспірімдерді бишілік өнерге баулып, дәріс бердім. Қазірде сол кәсібімді жалғастырудамын. 2009 жылдан Жылыой аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінің директорлық қызметін атқардым. Қазіргі таңда аудандық мәдениет үйінің «Жастар» театрының жетекшісімін.
Өзім баулыған шәкірттерімнің үлкен жетістіктерге жетіп, еңбегімді ақтағанына шын жүректен ризамын. Мақтанатын да, марқайтатын да шәкірттерім баршылық.
2001 жылы «Шабыт» республикалық жастар фестивалінің дипломаты, 2001-2006 жылдары аралығында Шара Жиенқұлова атындағы республикалық «Би аламанына» қатысып, бірнеше рет лауреат атандық.
Сонымен қатар, Н.Тілендиев атындағы аймақтық республикалық би байқауында І орынға ие болсақ, 2007 жылы Болгарияда өткен «Хоровод дружбы обзор-2007» Халықаралық жастар фестивалінде лауреат атандық. Сол жылы Халықаралық «Очоровашка» жасөспірімдер байқауында да табысты оралдық. Бұл тек Жылыой ауданы мен Атырау облысының емес, бүкіл Республиканың әлем алдында мақтанар қуанышты сәті, мерейлі жеңісі. 2011 жылы
![]()
облыстық «Бұраң бел» би байқауында Бас жүлдені қанжығамызға байладық. 2012 жылы «Айгөлек» Республикалық телевизиялық ән-би сайысында Бас жүлде алдық. Республикалық «Дельфийлік» ойындар сайысының күміс медалімен марапатталдық. 2013 жылы Италияның Риммини, 2015 жылы Түркияның Анталия қалаларында өткен балалармен жасөспірімдер шығармашылығына арналған «Бегущая по волнам» өнер фестивальдерінде бағымыз жанып, бірінші жүлдемен елге оралып, кәсіби жетістігімізді көпшілікке тағы бір мәрте паш еттік. Қазіргі таңда да атап айтар жетістіктеріміз көп.
Өнер ұжымының табысқа жетуіне аудан басшылығы үнемі қолдау көрсетіп отырды. Осынау тұшымды еңбектеріміз еленіп, «Жем аруы» ансамбліне 2008 жылы «Халықтық», «Би-Би» би ансамбліне «Үлгілі» атақтары берілді. Облыстық, аудандық, аймақтық байқаулардан жүлделі орындар алып, 2019 жылы "Үздік театр" атағына ие болды. Бүгінгі күнде «Жем аруы» халықтық би ансамбліне 37 жыл, «Би-Би» үлгілі би мектебіне 22 жыл толып отыр. Қазіргі күні халыққа сапалы қызмет көрсету мақсатында белгілі режиссерды арнайы шақыртып, көпшілікке креативті жобаларын таныстырып, қойылымдарын көрсетуде. Кейіпкеріміз «Жастар» халықтық театр ұжымымен бірлесе отырып көптеген іс-шараларды, мерекелік концерттерді, жаңа
![]()
заманға сай көптеген бастамалады қолға алып жүр. Басты мақсаты - Жылыой аудандық «Жастар» халықтық театрын дамыту, рухани-мәдени құндылықтарды жастар арасында кеңінен насихаттау, ұжыммен нәтижелі еңбек ете отырып, атағын жоғары деңгейге көтеру.
Біздің ұжым - ҚР мәдениет пен өнерге үлкен үлес қосып жүрген өнер ұжымдарының бірегейі, – деп шәкірттері мен өнері жөнінде мақтанышпен айтатындай елеулі еңбек атқарған Мағрипа Қопалқызы бүгінгі таңда «Жастар» халықтық театр ұжымының өнерлерін шыңдауда тынымысыз еңбектеніп келеді.
Сонымен қатар, театрды, драматургияны, орындаушылық өнер мен озық режиссураны дамытып, артық-кем тұстарын саралап, театрдың шығармашылық деңгейін арттырып, қойылымдардың көркемдік сапасына үлкен мән беру жөнінде келелі жұмыстар атқарып келе жатқан Мағрипа Қопалқызының еңбектері еленіп, аудан, облыс, республика көлемінде бірнеше марапаттарға ие болды. Соның бірі, Мәдениет саласындағы жетістігі үшін «Ұлт даңқы» медалі мен «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің кеудесінде жарқырауы. «Еліміздің мәдениеті мен өнерінің керегесін кеңейтіп, әлі де биік шыңдардан көрінуге бар күш-жігерімді салып еңбек етемін» - деген Мағрипа Қопалқызының шығармашылығына табыс, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!