Сый-құрметім шексіз
Жырауы алты күн жырласа да, тыңдарманы тапжылмаған қазақтың қай өлкесін алып қарасаңыз да, бір-бір томға сұранып тұрған қасиетті топырақ. Садақтың жебесі жетпеген Оқжетпес Сәкен Сейфуллиннің тілімен сұлулана түссе, сәукелесіне адалдықтың үкісін таққан Қыз Жібек ақ махаббат пен қазақ қызының шолпысын сылдыр қақтырды. Патшаның қылышы жоғары көтерілгенде, «құлдық» деп бас шұлғуды ар санап, басы кетсе де намысын найза ұшына ілген Амангелді Иманов пен «хан Жәңгірдің екпінін, Лашын құстың тепкісі» етіп көрсеткен Нарынның ғана емес қазақтың акыны, батыры Ер Махамбет ерліктің үлгісін көрсетсе, таяқ жеген «Тобықтының тобырын көзі ашық елге айналдырамын» деп қара сөздің қаймағын қалқытқан Абай ұлылықтың сатысын қалап кетті. Есім ханның ескі жолын жалғап, Қасым ханның қасқа жолын негізге ала, Әз Тәуке мен ортаға қамшы тастағанда, қара қылды қақ жара төрелігін айтқан Үйсін Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер түйінін түйген «Жеті жарғы» әлі күнге дейін күшін жойған жоқ. Іштен тұнып, тау бүркеніп жатқан байлықты ел игілігіне жаратқан Қаныш Сәтбаевы бар қазақ халқының бағы бес елі. Менің аталарымның да мекен еткен жері – шапанының етегін жасылмен көмкеріп, төбетейінің ақ шаңқанында қар жатқан қарт Қаратау өңірі. Рулы елдің рухы мықты емес пе? Қоңыраттың ішінде Қырғызалымыз. Қаратаудың ең биік жерінде Ынтымақ деген жер бар. Аталарымыздың кіндік қаны, міне, сол жерде тамған. Жайылымды аймақта төрт түлігінің тұяғы жеткен жерлерге аты мәшһүр Шіркінбай деген кісі өткен. Бастауымызды сол тұма бұлақтан аламыз, бүгінде 200-ден аса түтін бар. Шіркінбай бабамыз батыр болған. Самаурынының шоғын желі сөндірмесе де, шапқан жаудың лебі сөндірген сол кезеңдері әр үйде бір-бір батыр болған. Жайылым қуып, малымен көшкен қазақ іргесін бөлек салмай, жұмыла тіршілік еткен. Жетіге келгенше, жерден таяқ жеген кекілдісі тай жалына жармасып, жігіт болған шағында бес қарудың қолдану тәсілін еркін меңгерген. Кірпігіне шық қондырған таңмен таласа, анасы қолына шелегін алғанда, бұзаудың бас жібін ұстап, «шу»- ге көнбеген баспақты мойынға салып көтеріп кете берген аталарымыз ірі денелі болған. Шіркінбай атам да – алпамса денелі, кең жауырынды, екі иығына екі кісі мінгендей денесі ірі адам болған екен. «Табаққа қол салғанда бір қойдың етін жеген» деп суреттелетін аңыздағы батыр бейнесі менің атама арнап айтылғандай.
Бүгінде аталарымыздың үй тіккен жері – Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қосүйеңкі ауылы. Аудан орталығынан 48 шақырым қашықтықта, Қаратау жотасының оңтүстік беткейінде орналасқан Қосүйеңкі ауылы соғыстан кейінгі жылдардан тоқырауға дейін, қаракөл қойын өндіретін «Бірлік» кеңшарының бөлімшесінен елге танымал болған талай текті ұрпақ шықты. Солардың бірі әрі бірегейі – жазушы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Дүкенбай Досжан ағамыз. Аяғын қаз басқан қазақ әдебиетіне өшпес із қалдырып, көкірек көзі ояудың жанарын қарақты етіп, танымы кең жанды көркем сөзбен тояттандырған ағамыз екі жүз мың әскерменен алты ай бойы ала алмаған, тірліктен де бірлікті артық қойған «Отырар»-дың даңқын қайта асырса, шығыстан шыққан шұғылалы күн «Фараби»-ді қағаз бетінде сөйлетіп, «Кісі ақысын жегізбей», «Жібек жолы»-ның бойында қара нарына жүк артып дарияны кешіп өтіп, Алатауға бет алған қызыл жолбарыстың «Сүрлеу»-ін салды. Қатпарлы Қаратаудың аядай ғана ауылында балалығын өткізген ұлы жазушының шығармалары оқырман жүрегінен орын алды.
Топырағында кие дарыған Қосүйеңкі ауылында табан ізі қалған Қырғызалының тағы бір тумасы – Тынымбай Нұрмағамбетов ағамыз. Қызылорда облысы радио комитетінде, «Жазушы» баспасында редактор, «Қазақфильм» киностудиясының сценариімен ұжымдарында түрлі қызметтер атқарған тау ұлы «Қауын иісін» бұрқыратып, «Тырналар ұшып барады» кинофильмінде тырналарды тыраулатып, «Кемпірлер үкімін» шығарып, «Жоғалған көлді» қалам ұшында тербетті. «Қарлығаштың ұясы» қазақ әдебиетінің көктемінде жазушы шабытын шақырып, «Туған ауыл түтіні» Тынымбай ағамыздың талантын аша түскен еді.
Атамның табаны тиіп, көшесінде ізі қалған сол бір Төле бидің етегін баса отырған бала Абылайдай Қаратаудың етегін баса қонған Қосүйеңкі ауылы – талай тұлпардың тұяғын тағалап, талай қыранның қанатын қомдаған құтты мекен. Бақ та, талант та сүйегі асыл сәйгүлік секілді. Тұнық судың тұнығын сүзіп жүріп ішеді. Қанша қажыса да, жыңғылды жерге жата кетпей, таза жердің өзіне тарпып барып жатады. «Тау баласы тауға қарап өседі». Қыранның биікте қалықтауы – тәкаппарлықтан емес, талғамының жоғары болуынан, таза табиғатпен тыныстаған қанның тазалығынан. Доңыздың басқан шөбін тұлпарына жегізбеген Кенесары тектілігінің үлгісін көрсетіп кеткен жоқ па?! Құнанбайды дәретсіз емізбеген Зеренің даналығы мен Абайдың алдынан кесе өтпеген Ұлжанның парасаттылығы – тек қазаққа ғана тән ұлы қасиет. Түтіні тау бөктерінде будақталып ұшса да, ұлан-ғайыр атырапқа тұяғы тиетін тұлпарды тудырып, дарқан даланың көгін қанатымен көмкерген мұзбалақты ұядан ұшырды. Біз осындай ұлы адамдарды өмірге әкелген топырақта туғанымызға, тегіміз осы кісілермен тамырлы болғанымызды мақтан тұтамыз!
Атам Тақырбасов Исабек патша билігінің таяғы қолынан жиі түсіп кете берген 1905жылы дүниеге келген. Қазіргідей жанталаса оқитын оқу жоқ, қарапайым жұмысшы болып еңбек етті. Тұрмыстың темір қамыты кімнің мойнына киілмеген. Атам қолынан еп келетін жұмыс жасап, құрылысшы да болған. Бүгінде сүйретілген аяғын қайта бауырына алып келе жатқан атбегі болған. Қай уақытта да малшаруашылығы қазақтың өмірінен ажырамаған. Одан әрі соғысқа аттанып, ажал оғы біреуге дәл, біреуге қате тиіп жатқанда, жаралы болған атам елге оралды. Еркек кіндіктінің бәрі майданда, тұрмысы суық тартқан ауылда соғыс жарымжан етіп кетсе де, құрылыс саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты.
Арғы атамның әкесінің шын есімін ешкім білмейді. Қайын жұртының атын атамайтын жеңгелердің әдемі дәстүрі бар емес пе? Жеңгелері «Тақырбас» атап кеткенде, азан шақырып қойған есімі ұмытылып қалған. «Бірі келместің кемесіне мініп, бірі күтіп жағада қалған» өмір емес пе, атамның көзін көрген адамдарды біз көргеніміз жоқ. Кейбіреулерден естуіміз бойынша «Рысбек»...т.б. есімдерді қосымша айтып жүретін.
Қазақ жерін ашатұяқсыз қалдырған ашаршылық атамды да таудан түсіріп, Төменарық ауылына әкелді. Таң атса тауығымен қоса, қорада төлі маңыраған қазақтың иен даласында құйыны түбірінен үзген жусан ғана қаңбақтай дөңгелеп жүрді.
Жұт жетекке көне ме, басына ноқта салдырмай қазақ даласын өлексеге толтырды. Сол кезде Қырғызалылар топтасып шатыр тіккен бір ауылда 12 000 жылқы болған екен. Бірақ, барқын түбіне басын тықса да, түлкінің құйрығын көзі шалған қиядағы қырандай, жүйткіп келіп соққан жұт тігерге тұяқ қалдырмаған. Осындай қысылтаяң кездері «Көппен бірге көрген ұлы той» деп, Төменарық ауылына келіп қоныстанған екен. Төменарық – тамырын тереңнен алған, шежірелі ел. Тарих дейтін тәспінің тасын санасаң, Төменарық туралы мәліметтер ұлы қолбасшы Әмір-Темірдің жарлығында жазылыпты-мыс. Түйе артқан жолаушы түнемей кетпейтін Ұлы Жібек жолының күретамырына орын тепкен Сығанақ қаласына, Сырдариядан арықты қазуға 10 000 мың адам тартылып, ол арық – Төменарық деп аталған. Міне, бүгінде аты тек қана аудан көлемінде емес, облыс, тіпті, республикаға танымал болған ауылдан атап айтсақ Ә.Исаев, Ә.Еламанов, О.Байымбетов, О.Бидашов секілді төрт Социалистік Еңбек Ері шықты.
Қабанбайдың найзасы қолынан түспей, Абылайдың қылышы қын сыртында жүріп аңсаған Тәуелсіз еліміздің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының қос авторының бірі Жандарбек Мәлібеков те – біздің ауылдың тумасы. Қазақ елінің рухын асқақ етіп, баба арманын бойына сыйдырған Елтаңбаны тудырған тұлғаның, кіндік қаны тамған жері киелі демей көріңіз!.. Қазақ сахнасында өзіндік үнімен, сарынымен тыңдарман жүрегінен орын алған «Досмұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі, академик М.Молдабеков те – қара талдың сырығын ат қып мініп, бала қыран осы ауылдан қанатын қомдады. Одан бері келер болсақ, ҚР Білім және ғылым вице министрі, Мәжіліс депутаты болып, республикаға танымал қоғам қайраткері Мұрат Әбеновтың қаламын ұштап, арман тұлпарына көтеріп мінгізіп, үзеңгісіне аяғын салған Төменарық ауылы еді. Ерлігі аңызға айналған Алпамыс батырдың жары– Гүлбаршынның Көккесене күмбезі орналасқан ауыл көшесін Қыдыр кезген. Түндігінен шырқалған шаттықтың әні естіліп, ырыс-береке дарыған құт мекен.
Өмірінің қиын күндерін Төменарық ауылында өткізген атам осы жерде тұрақтаған. Әжем Құрманкүл – белдескеннің жауырынын жерге тигізген балуан Смайлдың қызы. Руы – Қоңыраттың Құйысқаны. 1920 жылы дүниеге келген әжем 2000 жылы 80 жасында, атам 1980 жылы 75 жасында дүниеден озды. Әкем атадан екі ұл, үш қыз. Қазір екі ұл мен бір қыз қалып, үлкен әпкесі мен қарындасы дүниеден озды. Ұлдың үлкені – әкем Өмірсерік Исабекұлы, одан кейін 1957 жылы дүниеге келген Исабекова Анар экономика саласында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты да, бүгінде әже атанып отыр. 1961 жылы өмірге келген кенже інісі Өмірбек Төменарықта тұрады. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелерінің қызығын көріп отырған бақытты ата-әже. Ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға бар күшін салып келе жатырған үлкен ұлы Ербол ағам – әкім, Бақытжан – «ҚазАтомПром» мекемесінде мастер, Ержан – Теміртауда, Дархан – жоғары білімді эколог, «Бурабай» учаскесінің бастығы болса, Жазира магистратураны бітіріп, докторантурада оқып жатыр.
Әкем Өмірсерік Исабекұлы туралы айтар болсам, жүрек түбінде толғанған толғанысты қағаз бетіне түсіре аламын ба екен, әй, қайдам!?.. Әкенің орны перзент жүрегінде ерекше ғой!
Қашанда қамқор болған сан үмітке,
Өтермін сақтауменен салтыңды әсем.
Көнбей ме көңіл шіркін, кәрілікке,
Өкпелеп қалмайсың ба, «қартым»десем...
Дамылсыз соққан перзент жүрегіміз әке қамқорлығын көріп өскеннен кейін, өлшенбес еңбегін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Кісінің ала жібін аттамауды санамызға құйып, қара су ішсек те адалынан, түйір нанды да еңбекпен табуға тәрбиеледі. «Әкеге бағыну–Аллаға бағыну» ,– деген Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз. Алып бәйтерегіміздің сөзін екі етпеу үшін, бар күш-жігерімізді салып келеміз. Иіріп соққан дауылдай ойнамалы өмірде әкемізді ренжітпей, оның айтқан үдесінен шығу – перзенттік парызымыз. Ақылы мен пайымы терең анамыз Құндызай бізді үнемі әкемізді сыйлап, құрметтеуге үйретті. «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе, бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңнің керегін дайында» деп тәрбиелеуі – біздің әкемізді қастерлеуге, ерекше құрмет көрсетуге жастайымыздан баулыды.
Әкем 1950 жылы Жаңақорған ауданы Төменарық ауылында дүниеге келді. Ауыл орталығындағы он жылдық мектепті бітіргеннен кейін, 1961 жылы Алматы қаласындағы ауылшаруашылық университетін 1972 жылы тәмамдады. Агроном мамандығын игеріп шыққан жас түлектің алғашқы еңбек жолы арнайы жолдамамен Ауылшаруашылығы министрлігінен басталды. Жоғарғы оқу орнын бітірген сан түлектің ішінен Министрліктің таңдауы – әкеме түсуі, институт қабырғасында жүргенде өзін жақсы жақтарынан көрсете біліп, таңдаған саласының білікті болуы еді. Бірақ, ол кездері ауыл тұрмысы да ақсап тұрған кез. Оның үстіне бір әулеттің бас көтерер азаматы. Ата-анасының баласын үлкен ортаға жібергісі келмеген қорқынышы әкемді ауылға әкеледі. Ауылға келген жас маман сүрең тартқан ауыл тіршілігіне нәр беріп, он айдан соң бас экономист болды. Ауылшаруашылығының негізгі тамыры агрономдықты игерумен қатар, экономист мамандығын да меңгеріп алған еді. 1984 жылға дейін үш совхозда бас экономист болды да, Жаңақорған кентінде аудандық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары болып халыққа қызмет етті.
Сол бір 80-90 жылдардың арасы, жоғарғы жақта ауыс-түйіс жиі болды. Атқамінер мансап сатысына аяқ салып, ауданның ауылшаруашылығының шеті сетінеп тұрған кез еді. Өріске өргізген малының алды таңмен таласа шықса да, соңғы тұяғы күн төбеге көтеріле өрген аталарымыздың мол байлығы ертегі болып естілетін тұс болатын. Күнде күбісін піспесе де, сабасы бос болмаған әкем басшылық еткен жылдары қыстан көтерем шыққан ауданның ауыл шаруашылығы күзде «бестісінің қазысы бес елі» болатын. 1990 жылы «Красный звезда» қой совхозына директор болып барып, еңбек жолын жалғастырады. Мызғымас КСРО-ның шаңырағы шайқалып, уық бауы шешілген тоқырау жылдары, жұрт жұмыс таппай сенделіп, ала дорбасын иыққа асқанда, әкем басшылық еткен қой совхозының мұртын балта шапқан жоқ. Сексен шопанның еңбегі тау асып, алпыс мың қойымен республикаға аты шыққан облыстағы бірден-бір колхоз еді. Шалғайдағы ауыл шопандарының еңбегін елеусіз қалдырмаған тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев 1993 жылы Құрмет грамотасымен марапаттап, мәртебесін асқақтатты.
Қолы тиген қай істі де жандандырып жіберетін азамат кімге керек емес. Жоғары жақтың ұйғарымымен әкем 1994 жылы Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары әрі аудандық қаржы бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Білікті маман тапшы болып, қабырғалы нарына қос түйенің жүгін артқан тоқырау жылдары мойнындағы жауапкершілікті ауырсынбай көтерген әкем Өмірсерік Исабекұлы бар болмысымен қызмет етіп, тоқыраудан тәлтіреген аудан әлеуметін көтеру үшін жан-тәнімен атсалысты. 1995 жылы аудан әкімінің бірінші орынбасары болып лауазымы жоғарылап, аудан басшысының тасқа салса да жүзі мұқалмайтын семсері болды.
Қай жердің ісі тұралап, шаруашылығы кенже қалса, сол жерге бас қып жіберетін биліктің құрылымының қағаз бетіне түспеген бақай есебі бар емес пе?! Қандай қызметке жіберсе де, жүрген жерін гүлдеткен әкем 2014 жылы зейнеткерлікке шықты. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де, жұмыстан қол үзбей, аудан әкімінің кеңесшісі мен қаржы бөлімінің сарапшы-аналитик қоғамдық қызметін атқарып келеді.
Бүгінде 68 жастың уызын ішкен әкем талай жылғы еткен еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен, алғыс хатымен, бірнеше мәрте аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, «Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы» деген абырой биігіне көтеріліп, «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерекелік медалінің иегері атанды. «Сіз еңбекке ерте араласқан күннен бастап, азаматқа тән асыл қасиетіңізбен еңбек деген сүрлеудің сан тарауынан өтіп, туған елдің тыныс-тіршілігі жолында жігеріңізбен, қажыр-қайратыңызды көрсетіп ауданның өсіп-өркендеуіне, экономикасының дамуына, халықтың мәдениетін көтеруге өзіндік үлесіңізді қостыңыз» – деп жазылған аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың алғыс хаты үй төрінде ілулі тұр. Лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, шаруашылықтың өндірістік және экономикалық жақсаруына үлес қосқан әкем –облысқа белгілі қаржыгерлердің бірі. Замандастарының айтуынша іскер, адал үлкен жүректі азамат.
Анам Құндызай – Түркістан өңірінің тумасы. Нағашы атам Байзақов Молдаш екі дүниенің есігі, дін мұсылманның бесігі саналған Түркістан өңірінде дүниеге келіп, ғұмырын осы өлкеде өткізіп тамыр жайған. Алғашында Йасы, Шағбар аталып, кейіннен Түркістан болып өзгертіліп, Есім ханнан бастау алып, XIV-XVIII ғасырларда қазақ хандығының астанасы болған, атақты үш би мен хан, батырлардың жамбасы тиген өңір туралы айту, исі қазаққа таныстырып жату артық сияқты. Нағашы жұртым – Түркістан өлкесінен. Анамның әкесі мүмкіндігі шектеулі жандар үйінде шарушылық меңгерушісі болып істеп, 85 жасында бақилық болған еді. Ал, нағашы әжем Қалымбетова Сұлуай – мамандығы мұғалім. «Әйелдің құттыханасы – үй, бақыты– бала күтімі» емес пе? Алғашқы жылдары мамандығы бойынша жұмыс жасап, кейіннен бала тәрбиесімен айналысып, үйде болған. Әжем Сұлуай 75 жасында дүниеден озды.
Анам Түркістан қаласындағы орта мектепті бітірген соң, Шымкент қаласы педагогикалық институтының «қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін бітірген. Әжем секілді анам да ұстаздық жолды таңдады. 40 жылын ағарту саласына арнап, 2011 жылы зейнетке шықты. Бүгінде балаларынан өрген немерелерінің қызығын көріп отырған бақытты әже.
Үлкен өмірге бет алған шәкіртінің қадамын бастырып, қолына қалам ұстауды үйретіп, ұстаздық еткен анам – бір ұл, төрт қызды өмірге әкелген «Күміс алқалы» ана. Тұңғышы Айнұр – Қызылорда қаласының қазынашылық бөлімінде есепші болып қызмет атқарады. Техника ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы университетте дәріс беретін жолдасы Балғабаев Мансұр – екеуі төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп келеді.
Екінші перзент Ақнұр – Алматы қаласының қазынашылық бөлімінде бөлім меңгерушісі болып жұмыс жасайды. Ол – үш қыз, бір ұлдың анасы. Жолдасы Ысқақов Рахымбек – шаруашылығын дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкер.
Үшінші қыз Аягөз – облыстық мәслихатта бас есепші болып қызмет атқарса, жолдасы Балабеков Ернат – кәсіпкер. Халыққа қызмет көрсету орталығында бас маман болып еңбек ететін Ботагөз де тұрмыста.
Анам әрдайым: «Оқыңдар! Білім ешқашан артықтық етпейді. Білімді адамның мәртебесі биік, несібесі мол болады», – деп айтып отыратын. Ата-ана өсиетін құлағымызға құйып өскен біз, Аллаға шүкір, жаман болғанымыз жоқ. Ата-анамыздың мерейін үстем етіп, біз арқылы мақтанатындай ұрпағы болып жетіліп келеміз. Әкеміз басшылық қызметте болған соң, үйден қонақ артылмайтын. Құдайы қонаққа жалғыз атын сойып берген, қонақжай халық емеспіз бе, есіктен бас сұққан адамға дастарқанымыз жаюлы болатын. Ел қызметінде жүрген адамда мезгіл болған ба, күн-түн демей, Қазақстанның басқа қалаларынан адамдар жиі келетін. Анашым соның бәріне үлгеріп жүрді. Үй шаруашылығымен бірге бізге де қарап, сабағымызды да қадағалап, ұстаздық қызметіне де үлгеріп жататын. Мейірлене маңдайымыздан сүйгені, «Айналайын» деп шашымыздан сипағаны көзге көрінбес, тек жүрек қана сезетін ананың балаға деген махаббатын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес! Аяғын жерге тигізбей көтеріп жүрсек те, шексіз махаббат иесінің алдында мәңгілік қарыздармыз!
Бақыт құсы шаңырағына қонақтап, табалдырығынан текті адамдар аттап, ұлылардың дастарқанынан қалған сарқыттан дәм татқан үйдің кенжесі өзім – Нұржан Өмірсерікұлы. 1985 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келдім. Ауылдағы орта мектепті бітіргеннен кейін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «экономика» және Қазақ гуманитарлық Заң университетін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдадым. 2005 жылы Қызылорда қалалық қаржы бөлімінің есепшісі болудан басталған еңбек жолым – 2006-2008 жылдар аралығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті қызметімен жалғасты. Қаржы әлемі – күрмеуі қиын күрделі сала. Бірақ, өз ісін жетік меңгерген маман үшін, қызығы мен шыжығы мол қызмет. Қызылорда облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының жетекші маманы бола жүріп, 2008 жылы Парламент Сенаты депутатының көмекшілігіне ауыстым. 2011 жылы Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының бөлім басшысы, 2014 жылы Сырдария ауданы әкімінің орынбасары, 2016 жылдың тамыз айынан бастап Қызылорда облысының Кәсіпкерлік және Туризм басқармасының басшысы лауазымын атқарып келемін.
Өмірге келген әрбір жанның басына берілетін бақ пен Алланың әмірімен жазылған өмір жолы, тағдыры болады. Әр адам өз арман-мақсаттарымен, алған тәрбиесімен ерекшеленеді. Сол тәрбиені беруші – әлпештеп отырған ата-анамыз. Ең бақытты жандар – ата-ананың мейірімін, қамқорын көріп, қасында жанашыр анасы мен қамқор әкесі барын біліп, жан жылуын сезініп өскендер. Сондай бақытты жандардың қатарында болғаныма қуанамын. Жүрегімде мәңгі сақталар ата-анам үшін сый-құрметім шексіз.Нұржан Өмірcерікұлы