Ұстаз болу сый етілген өміріне…
Өмірде отбасының ошағы атанып, өзінің бар күнін, бүкіл өмірін бала тәрбиесіне бел буған жан, бүгінгі сөз кезегі Бағила Абдуалиева жайында болмақ. Ұстаз – адамгершіліктің ең жоғары үлгісі, өн бойына ұстаздық атты ұлы мамандықтың бар жақсысын жинаған ұстаздың есімін ел білуге тиісті.
![]()
Бағила Абдуалиева – 1950 жылы еліміздің батыс өңіріне қарасты Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Суықсу елді мекенінде дүниеге келген. Бала күнін туған өлкесінде ата-анасының тәлімді тәрбиесіне қанық болып өскен жан, алғаш 1957 жылы мектеп табалдырығын аттап, шәкірт атанып қолға алғаш қалам ұстады. 1967 жылы Алға ауданы, Қарағаш орталау мектебі және №1 Алға қазақ орта мектебінің түлегі атанып, үлкен өмірге қанат қақты. Өз ортасында сол тұста-ақ ұйымдастыра білетін қасиетке ие, тез тіл табысқыш, қоғамдық іс-шараларда бой көрсете кететін қасиетке ие жан ретінде даралана білді. Мектеп қабырғасынан кейін болашақ мамандығына таңдау жасаған Бағила ханым 1967-1971 жылдар аралығында Ақтөбе Мемлекеттік педагогикалық институтының «Шетел тілдері» факультетінің тұңғыш түлегі болып «Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі» мамандығына ие болды. Қандай тілді болсын меңгеруге мүмкіндік те, әл-ауқатта жететіндігін дәлелдей білген жан өз білімі мен біліктігін шәкірт оқытуға місе тұтты.
Алғаш қызметке қадам басып, 1971 жылы еңбек жолын Қарағаш орта мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып бастайды.
1971-1974 жылдары Қарағаш селолық Советі төрағасының (Әкімінің) орынбасары қызметін атқарды. 1971 жылдардан бастап ұстазымыз мектепте ең алғаш 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) тілдерінен сабақ беруді енгізді.
Педагогикалық ұжымның әдістемелік және шығармашылық жұмыстарымен айналыса отырып, қызмет барысында өзінің ұйымдастырушылық қабілетін әріптестеріне таныта білді десек артық айтпағандығымыз. Ұстаз – шығармашыл тұлға. Бағила ханым да бойына дарыған шығармашылық қабілетін шыңдай түсіп, мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласа білді.
Қандай адам болмасын оңашада отырып ұстаз туралы ойға кетсе, көз алдарына ақжарқын мінезді, ақ жүректі, жылы жүзді ұстаз бейнесі көрініп, ерекше қиялға еліте жөнелетіндігі жасырын емес.
![]()
Бағила ханымның да өмір көкжиегінде сан мың шәкіртке мейірбандық тізгінін ұстаған кәсіби маман болғандығына көз жеткізу қиын емес-ті. Ұлағатты ұстазымыз қызметтік жолын 1974-1978 жылдар аралығында оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды. Мектепте жұмыс барысында ауқымды іс-шаралар өткізді.
Ұлағатты ұстаздан үйренер дүние жетерлік. Шәкірттермен бірге әріптестердің, ұстазымыздың іске деген ерекше шығармашылығымен тәнті ететін ел азаматшасының әрбір қоғамдық іс-шаралары бүгінгі күнге дейін әлі мектеп қабырғасында «Мақтаныш» болып келеді. Сөзіміздің дәлелі, Бағила Абдуалиеваның жемісті шығармашылық жұмыстарының бірі, «Интернационалдық Достық Клубын (КИД)» ашып, Шет елдер мен Советтік Одақтас Республикалар (Англия, ГДР, Румыния, Польша, Болгария, Өзбекстан, Түркменстан, Қырғызстан және т.б.) елдерімен байланыс жасағандығы. Бұл шәкірттер үшін таптырмас тәжірибе болатын. Сонымен қатар, мектепте «Қызыл ізшілдер үйірмесін» құрып, ағылшын тілінде тереңдетілген оқу және тәрбие жұмыстарын өткізді. Халықтар Достастығы мақсатында 15 Республикалық Одағының салт-дәстүрлері мен әр ұлттың өз ерекшелігімен Англия елінен келген қонақтарды таныстыру мақсатында ауқымды мәртебелі үлкен Кеш өткізді.
![]()
Ең ауқымды іс-шараның бірі – Халықтың үш байлығы: «Тілі, Елі, Жері» тақырыбында ауыл тарихына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді: 1990 жылы Қарағаш орта мектебіне «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп» атын беру мақсатында, Қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының сол кездері осы ауылдық мекенде Мектеп ашып, ұстаздық етуіне байланысты, Республикалық денгейде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жақынаралық 5 ауылды зерттеп, Облыс, аудан, ауыл әкімдерінің қатысуымен және облыстық, қалалық, аудандық Білім бөлімі басшыларының қатысуымен, ауылдың қарт-қарияларын шақырып «Оян Қазақ» девизімен «Жасай бер ауылым» атты үлкен конференция өткізіп, Қарағаш орта мектебіне «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп» атын алып берді.
Конференцияда ауыл тарихын кеңінен зерттеді. Арғы аталарымыз болыс болып мектеп салдырғаны туралы айтылды. Және де, осы ауылда алғашқы мектеп ашылуына ат салысқан болыс Ахметкерей көшесін алып берді. Қазірде өзі осы көшенің тұрғыны.
Сонымен қатар, Бағила ұстазымыз жолдасы Досқабылов Төлеумен бірлесе отырып, 1991 жылы «XX-Партсъезд» атындағы колхозды «Қарағаш» ауылы атын беру туралы ұсынысын бекітті.
Сол уақыттан бері қазір Қарағаш ауылы.
Халқымыздың салт-дəстүрін, əдеп-ғұрпын оқушылар бойына ертерек сіңіру əрбір ата-анамен тəрбиешілердің, ұстаздардың, тіпті бүкіл қоғамның алдында тұрған зор міндет. Оқушылардың ұстазы атануды місе тұтқан ел азаматшасы қызмет барысында қолынан келген мүмкіндіктерін аянып қалған емес. Қызметтік жолында Ақтөбе Білім Жетілдіру институтында сабақ берді. Жоғары Оқу Орындарына ұстаздық етуге шақыртулар алды. 1990 жылдардағы елдегі қиын кезеңдерде, өз үйінің бір бөлмесін арнап оқушыларына білім беруді жалғастырды. Жоғарыда атап өткеніміздей, ұстазымыз әрдайым қоғамдық іс-шараларда белсенділік таныта білді. Адам өз мамандығын меңгерген сайын оның өмірінің маңызды құрамдас бөліктерінің біріне айналады.
![]()
Ұстазымыз 1989 жылы ауылда Наурыз тойының ең бірінші бетін ашты.
Көркем - өнерпаздар ансамблінің домбыра оркестрінде домбырашы болып, күй тартып,ән салды. Өзін әмбебап ұстаз екендігін дәлелдей түскендей. Облыстық телеарнада домбырамен ән салып, тіптен көрермен көзайымына айналып, концертін берді.
Коммунистік партияның, Комсомол және Кәсіподақ ұйымының мүшесі болды. Партия кабинетінің меңгерушісі қызметін атқарды. Алға аудандық атқарушы комитетінің (маслихаттының) бірнеше дүркін депутаты болып, әр салада еңбек етті. Еліміз Егемендік алғаннан бастап, «Отан» Партиясының мүшесі болды. Халықпен етене тығыз байланыс жасап, көптің көңілінен шығып, халықтың алғысына ие болды.
Бағила ұстазымыз жаңа заман тынысынан тыс қалмады. Үнемі өзін жетілдіріп жүретін ел азаматшасы «Құрметті демалыс» зейнетіне шыққаннан кейін де Валеология пәнінің ең алғашқы мұғалімі, Жаратылыстану пәндері зертханасының меңгерушісі, Технология пәндерінің мұғалімі, ең алғашқы Компьютер сабағының мұғалімі қызметтерін абыроймен атқарды.
Білім жолына өзінің сарп еткен 37 жылғы еңбегі жоғары бағаланып, сан түрлі мақтау марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
Ресей, Москва, 1974 ж. – «Ударник - 1974» алтын медалімен марапатталды. Есімі «Слава труду» кітабына жазылды;
Қазақстан, Алматы, 1984 ж. – Қазақ ССР Оқу-Ағарту Министрлігінің «Құрмет грамотасымен» наградталды;
Қазақстан, Ақтөбе – «Жыл мұғалімі» конкурсының бірнеше дүркін Бас жүлде жеңімпазы;
![]()
Қазақстан, Ақтөбе – Алға аудандық әкімінің бірнеше «Алғыс хаттары»; Қазақстан, Ақтөбе – Алға аудандық Білім бөлімінің бірнеше «Алғыс хаттары»;
Қазақстан, Астана – Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігінің «Білім беру ісінің Үздігі»;
Қазақстан, Астана, 2001 ж. – «Қазақстан Республикасының Құрметті қызметкері» Мемлекеттік медалімен марапатталды;
Қазақстан, Астана, 2023 ж. – Қазақстан Республикасының Оқу-Ағарту Министрлігінің «Алғыс Хатымен» марапатталды.
Қазақ қызына тән инабаттылық пен ибалылықты бойына жинап, жан дүниесіне нәзіктік пен имандылықты толтырып, жауапкершілігі ерекше жан Бағила ұстазымыздың шығармашылық жолы, ұстаздық қызметі, еңбегі мен адамгершілік адал қасиеттерінің арқасында, ұжым арасында сыйлы, білімді маман, инабатты да сенімді әріптес, жібек мінезді, ашық жүректі, үлкенге құрметі бөлек, кішіге ізет білдіретін жүрегі кең, пейілі ақ, айналасына қамқорлық шуағын шашып жүретін ұлағатқа толы еңбек жолы кейінгі жастарға үлгі бола бермек.
![]()
Бағила Абдуалиева – 1974 жылы тұрмыс құрып, 5 бала тәрбиелеп өсірді. Жолдасы Досқабылов Төлеу – Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Қарағаш селолық округінің азаматы. Орал Мемлекеттік ауылшаруашылық институтының түлегі. Қарағаш колхозының әкімдігінде Басшылық жұмыстар атқарды. Колхоздың Кәсіподақ ұйымының Төрағасы қызметін атқарды. 1991 жылы алғашқы фермер, астық егіп, бау-бақша егіп, мал баққан, автобус құрастырып, халыққа қызмет көрсеткен. «Жомарт» ЖШС құрылтайшысы және басшысы болды. «Жаннұр» Шаруашылық қожалығының негізін салушы.
Отбасында Бағила анамыз қыздары мен немерелерінің қызығына кенеліп отырған жан.
Үйдің перзенттері Гаухар педагог, Зауре музыкант, Жанат заңгер, Дария дәрігер Қарағаш ауылынан шыққан ең бірінші PhD ғылым докторы, Жаннұр шетел тілдері аудармашысы қызметтерін атқаруда. Барлығы жоғары білімді, білікті мамандар. Бағила ханымның қыздарының әрбірі өзі сияқты іске тиянақты, жауапты әрі нәтижелі жұмыстардың тізгінін ұстап келеді.
Бағила әжесі қазіргі таңда немерелеріне ағылшын тілін және көшбасшылық қасиеттерді үйретіп жүр.
Бағила анамыз отбасында қадірлі Ана, сүйікті Әже.
Мейірімді жүрекпен мейірбандық танытып жүрген ұлы жүрек иесінің, отбасына амандық, деніне саулық тілей отыра, Сіздерге әлемнің бар қызығын тілейміз! Сіздей анадан туған, тәрбие алған қыздарыңыз және сүйікті немерелеріңіз талай бел-белестерді бағындырып, есіміңізді әуелететініне сөзсіз сенім білдіреміз!