№1 Жамбыл атындағы орта мектебінің мұғалімі
Ел азаматы
Мектеп – жастардың талантын шыңдап, даналардың түлеп ұшар тұғыры. Ұлттың рухани байлығы – білімінде болса, ұстанар бағыты – тәрбиесінде. Ал, білімнің «сарқылмас көзі» – мектепте. «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» –деп, ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, ұстазы ұлағатты, өнерлі, талантты болса, одан тәлім алып шыққан шәкірттер де талапты болып, ертеңгі күні ел мерейін көтеретін игі істер жасап, үлкен азамат болып қалыптаспақ. Міне, осындай үлкен жауапкершілікті мойнына алған ұстаздарға деген шәкірттердің, халықтың құрметі бөлек болуы сондықтан.
![]()
Біздің бүгінгі мақаламыздың кейіпкері де саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап, жастарды ізденуге, еңбекке, қолөнерге тәрбиелеп келе жатқан ұлағатты ұстаз – Қасабеков Асқар Шайқысыланұлының өнегелі өмір жолы мен көркем еңбек, қолөнер саласынада атқарып келе жатқан жұмыстары туралы айтпақшымыз. Бүгінде ұлағатты ұстаз, парасатты педагог Қасабеков Асқар 1962 жылы Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақбақты ауылында дүниеге келді. Қазақтың біртуар ұлы тұлғасы Дінмұхаммед Қонаевтан бастап, еңбегімен елге үлесін қосқан тау тұлғалардың кіндік қаны тамған қасиетті топырақ, тарихы терең бақ дарыған Балқаш ауданының Миялы ауылында балалығын өткізіп, сол ауылдағы Қарағаш орта мектебінің болашағынан үміт күттірер озық оқушыларының бірі болды. Шежірені таратса, арғы бабалары – қазақ елінің жоңғарларға қарсы шайқасында батырларға қару-жарақ жасаған, бергі тарихта еңбек құралдарын өз қолымен жасап, елді қамтамасыз еткен, бағалы жәдігерлері әр шаңырақтың қазынасына айналған, ата кәсібімен халық жадында қалған тоғыз өнерді серік еткен «дархан ұсталары» аңыз әулеті. Сөйлесе сөзімен, жүрсе кісілік келбетімен танылған Шайқысылан әкесінен әулеттің шежіресін жаттап өскен баланың жадына түйгені, үйренгені көп болды. Өмірден ерте өткен ата-анасынан кейін ағасы Тәжібайдың тағылымын көрген Асқардың азаматтық болмысы толыса берді. Үңіліп қарасаң үлгі тұтарлық өнегесі бар, атасының аузынан ақылы, ағасының аузынан қамқорлық лебізі сезіліп тұратын, көңілі дархан даладай қонақжай ауылдың топырағынан тектілік рухын алып өскен жас, мектепті бітірген соң Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына «Сызу, бейнелеу, еңбек» мамандығы бойынша оқуға түседі. Бұл мамандықты таңдаудың да өзіндік себебі бар. Өйткені Асқардың Қасабек және ол кісінің ағасы Қасымбек аталары ұсталығы бар, шебер кісілер болған. Асқар да осы аталарына тартса керек, қолы шебер, сонымен қатар домбырада да күмбірлетіп күй ойнап, сазды әуен айтатын өнері бар. Асқар әке-шешеден ерте қалса да, Қасымбек атасының ұлы Асылхан әкесінің тәрбиесін көріп өсті. Асқардың қарындасы, ұстаз, этнограф, филолог Айсұлу Асылханқызы: «Асқар оқуға түскенде әкем қуанышты хабарды Асқардың нағашысымен бөлісіп отырып: «Омар, сен екеумізден ұстаздық жұғысты болсын, ата ұсталық жұғысты болсын. Ерте кеткен екеудің артына еккен он ағашының бірі ғой. Аман болсын, алар асуы көп болсын. Бабаның аманаты осы баланың кәсібінен жалғасын табар деп үкілеген үмітім еді» деп, тебірене сөйлегені есімде. Сол бата бүгінде Асқардың өнердің таспасындай өрілген өміріне берілген шынайы бағаға айналып отыр», – деп, жылы естелігімен бөлісті.
![]()
Иә, Асқардың нағашысы Омар ағасы және өз әкесі де, Асылхан әкесі де ұстаз болған. Міне, атадан ұсталық, әкеден ұстаздық дарыған деген осы шығар.
Бала кезден көргенін көңілге түйіп, қиялына қанат қақтырып, ойын өрнекті суретке айналдыра білетін жас маман үшін бұл саланы игеріп кету қиындық тудырған жоқ. Әлқисса, сурет салу деп айтқанымызбен, оның ішінде сырт көзге таныла бермес сан құпия сыр барын да түсінген абзал. Талғамы жоғары жанды таңдандырар ғажайып туындыға айналатын идеяны алдымен сезінетін де, көретін де суретшінің жанары мен назары емес, көкірек көзі. Яғни елге байқалмайтын ерекшелікті байқайтын қабілет, қылқалам құдіретін қолдана білетін Жаратқанның тарту еткен таланты мен тәжірибесі керек. Тегінен тұлпар дей салмай, оны уақытылы баптап, қадағалап, шашасына шаң жұқпас жүйрікке айналдыратыны секілді, сурет салу да бірден қағаз бетіне сұлу бейне болып түсіп қалмайды. Алдымен суретшінің ой-санасында пісіп жетіліп, одан соң қағаз бетіне нобайы түсіп, кескінделіп болған соң ғана барып, түрлі түске енеді. Суретшілік – өнер. Ал, өнер – ұлт немесе жүз, тіл немесе дін талғамайтын, Алланың таңдаған пендесіне ғана берілетін, ерекше қасиет. Тағдырдың тарту еткен сыйын дамытып, ұлы өнерге айналдырып, өзіңнің білгеніңді өзгелерге тәлім етіп үйрету – үлкен жауапкершілік, адами асыл қасиеттердің шыңы.
Жоғарғы оқу орнын бітірген жас ұстаз Асқар Шайқысыланұлының еңбек жолы 1985 жылы Алматы облысы, Балқаш ауданы, Қарағаш ауылында Бейнелеу өнері, технология пәнінің мұғалімі ретінде басталды. Туған елде тұлғалық тұғырын нығайтып, тағдырының тарихын жасауды мақсат еткен жас маман туып-өскен ортасына отты ой, межелі міндеттермен оралды. Шәкірт тәрбиелеуде мектеп бағдарламасы аясында берілген білім көзіне қосымша, жеке шәкірттермен жұмыс істеп, өзінің оқып-білгені, армандары мен жүздеген идеяларын жүзеге асыра білді. Домбыра мен қылқаламды қатар ұстаған Асқардың болмысы – сан алуан саз бен бояуға толы өзен арнасы іспеттес. Сурет өнері – бала жүрегіне жол табатын тамаша сүрлеу. Жас ұстаз оқушының суреті арқылы жанын түсініп, бойындағы қабілетін танып, бейіміне қарай икемдеп, баланың ой-қиялына ерік беріп, көптеген шәкірттің шыңдалуына жол ашты. Ақдала алқабында аты аңызға айналған әулеттің қасиеті бойынан табылған Асқар ұсталықтан да құр алақан емес. Ұстаздық еткен жылдары оқушылармен етене қарым-қатынас жасап, олардың ізденуге, еңбек етуге, қызыққан заттарын өздері істеп алуға деген құлшынысын арттырып, өнерге іңкәр шәкірттердің талап тұлпарына қамшы басты. Шәкірттері өз қолдарымен жасаған дүниелерін ұстаздарына көрсетумен қатар, үздік деп танылғанда мектепішілік, аудандық, облыстық өткізілген қолөнер байқауларында жоғары бағаға ие болып, марапатталды да. Міне, ұстаз еңбегінің бағаланғаны деген осы.
Ұстаздық етумен қатар, мектеп ұжымымен де тонның ішкі бауындай араласып, толғауы тоқсан тіршіліктің тізгінін ұстай білді. Кішкентайынан әке тәлімімен бойына сіңген әділдік пен адалдық, үлкенге деген құрметі, еңбексүйгіштігі мен сол дүниені іздеп табуға ұмтылып тұратын жаңашылдығы, қызметтестері ортасында сыйлы болуға, құрмет төріне көтерілуіне алып келді. Одан арғы қызметін 1998 жылы көршілес ауыл Бақбақты ауылындағы №1 Жамбыл атындағы орта мектебінде графика және жобалау, көркем еңбек пәндерінің мұғалімі болып жалғастырған Асқар Шайқысыланұлы бүгінгі таңда да осы білім ордасында абыроймен қызмет етіп келеді.
Кез келген жұмыс барысында өзін тек жақсы жақтарымен көрсете біліп, қызметтік міндеттерге және білім беруде жауапкершілікпен қараған Асқар Шайқысыланұлы ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, шығармашылықпен жұмыс істейтін тәжірибесі мол, кәсіби тұрғыда өзін жетілдіріп отыратын білікті маман. Ұстаздық жолында шығармашылық және білім беру жүйесін жетілдіру аясында жеткен жетістіктері орасан зор. Осы уақытқа дейін шәкірттерді облыстық, республикалық жарыстарға қатыстырып, жүлделі орындарға ие болды.
Ұстаздық етумен қатар ағайын арасында да сыйлы, өзінің адал ниеті, еңбегінің арқасында қандай ортаға барса да құрмет көретін кейіпкеріміз жайлы достары мен қызметтестері тек жақсы сөздер ғана айта алады. Жас маман болып келіп, 37 жыл бір саланың өркендеп, түлеуі үшін жағдай жасап, бүгінде ұлағатты ұстаз ел ағасы болып отырған Асқар Шайқысыланұлы туралы жазылған ыстық лебіздер мен кісілік болмысының келбеті болған жағымды пікірлерге кезек берсек.
Бүгінде зейнет жасына шыққан әріптесі, Бақбақты ауылының тұрғыны Шұға Алтынбайқызының сөзіне құлақ түрсек:
«Мен тілге тиек еткелі отырған жігіт ағасы Қасабеков Асқар Шайқысыланұлымен Жамбыл ата мектебінде бірге қызмет жасадық, әріптес болдық. Оның үстіне түйдей құрдасым. Кездескен жерде: «Құрдас қалайсың, үй іші, бала-шаға аман ба? –- деп қоятыным бар. Ондайда жүзінен шуақ шашып: «Оу, құрдас, өзің қалайсың?» деп жылы қабақ танытып қоя салмай: «Құрдастың сәлемінде – құт, қалжыңында– уыт бар. Сен сөзіңді бастағанда жүрегіме жылу барып, арқама қанат біте бастайды, тегін елдің қызы емессің ғой» – деп, көңілімді көкке өрлетеді.
Атам қазақ мінезге бай, шебер қол, өнерлі жігіттерді бекзада, жігіттің сырттаны деп жалпы бөріктілерден бағасын асырып, патша көңілмен ерекшелеп жатады емес пе? Бекзада десе, дегендей Асқар – өте мәдениетті жан. Мектепте, бейнелеу өнері және сызу пәнінен дәріс береді. Салған суреттеріне қарап тамсанасың, құдды бір жанды бейне дерсің. Немеремді ертіп, кабинетіне бас сұққанымда, даланың ерке жануары Күрең қасқаның бейнесін жазып жатыр екен. Балам тұрмақ, өзім әлгі суретке берілгенім сондай, көзімді ала алсамшы. Абайдың жарықтық жылқының сұлулығын дәріптеп жазған, «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» деп басталатын өлеңі еріксіз ойға түсті. «Ту, қандай керемет, құрдас мынау ғажап қой», – дей беріппін. Басын суреттен алмаған күйі: «Иә, барымды салып жатырмын деді. Асекең де, бар ынта-шынтасымен, саусақтары майысып, (иә, иә бұл ешқандай да асыра сілтеу, бояма теңеу емес, шынайы) саусақтарында буын жоқтай, қыл қаламды өзіне бағындырып алып, ол сурет сұлбасын бояулармен әрлеп жатыр.
Өмірі кейінгіге үлгі, жаны таза, болашақ ұрпақтың білім көкжиегін кеңейтіп жүрген Асқар Шайқысыланұлының да еңбегі елеусіз емес, әрине. Дегенмен де, «Қылқалам шебері әлі де өз бағасын алмады-ау» деген өкініш те жылт ете қалады.
Асқар Шайқысыланұлы жауапкершілігі мол, табанды жан, олай дейтінім, 90-жылдардағы тоқырау заманында, талай ұстаз мектепті тастап, ала дорба арқалап, сауда-саттыққа, қай жерде нәпақа бар, соны көздеп, бытырап кетті емес пе? Ал, Асекең болса, тапқанына тәуба етіп, ұстаздық жолынан бір сәтке тайқымаған. Саналы өмірінің 37 жылын осы білім саласында дәріс берумен өткізген. Абыройсыз емес, әрине. Барға шүкір, жоққа сабыр ете білген ұстаздық жолы – жастарға үлгі демекпін. Мектептерде ер азаматтар өте аз, тіпті, саусақпен санарлық. Жоғарғы сыныптың бозбалалары кейбір мәселелерді шешуге ағайларының көмегіне жүгініп жататыны да бар. Бұл – өте ғажап іс.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»,- деп данышпан Абай айтқандай, талай шәкірттің жүрегіне жол тауып, айтулы додаларға баптап қосып, үздік нәтижелер де көрсетіп келеді. «Тауық сойса да, қасапшы сойсын» демекші, А.Шайқысыланұлының тәрбиесін алған жас суретші А. Беріков суретшілер жарысында бас бәйгені қанжығалап Түркия елінің Стамбұл қаласында демалып қайтты. Ұстазынан тәлім алған немерем – Алдиар Мейірхан облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы. Тумысынан биязы жігіт, өзін мен деп көрсетіп, ешқашан кеуде соққанын да көрмедік. Қашан көрсең, тап-тұйнақтай, жағасын да кір шалдырмай жұмысына келіп, кетіп жүреді. Суретші болғандықтан шығар, өзіне қонымды киім киіп, шаш үлгісін де еш өзгертпей жинақы жүретін. Асқардың жұмысы мереке кездерінде қайнайды. Әдемі эскиздар жасау, мерекелік макеттер құрау – бәрі Асекеңнің еншісінде. Соның бәрін ерекше қызығушылықпен беріле жасайтынын қайтерсіз? Қолынан шыққан әрбір туындысы көркімен көз тартады және онысына жарайсың, Асеке деуден ары бармаймыз ғой. Тума талант қой. Алла бір басына саф өнердің әр түрінен үйіп берген. Десек те өте қарапайым жаратылыс иесі, сәл жымиып, ақырын сөйлеуден танбайды. Бұл да бір Алланың нығметі болар...».
Досы, бірге өскен сыныптасы, педагогикалық менеджмент бағытында мектеп басқару ісіне зор үлес қосқан, білікті маман Ахметчеев Берік кейіпкеріміз туралы былай дейді:
«Ол менің досым. Бұл тұрғыдан келгенде, тағы да оның шоқтығы биік. Иә, ол нағыз дос, нағыз жолдас! Ұстаз десе нағыз ұстаз! Оның бойындағы асыл қасиеттерін тек таныстары ғана емес бір көрген адам бірден байқайды. Оны оқушылары да жақсы көріп, мақтап жүреді. Өйткені, ол мейірімді, ешкімді жамандамайтын, жақсылық жасауға асығып тұратын, әдептілікке, әдемілікке жаны құмар асыл азамат! Мүмкін, өзі шығармашылықтың, өнердің адамы болған соң солай шығар. Біз байқамайтын табиғаттың әдемілігін байқап жүреді. Ол осындай ерекшелігімен дараланады. Оның жаны айналасына тек шуақ қана шашып тұрады. Осындай досымның, осындай жолдасымның барына қуанамын! Жалпы, мен емес-ау, оны білетіннің бәрі де бұл азаматты мақтан тұтары анық!
«Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» дегендей Асқар осындай ұстаздық жолында еңбегі зор. Суреттерді де керемет салып, аудан көлемінде өнерімен танылып, өзгелерге үлгі бола білді. Кейіннен Бақбақты ауылындағы мектепке ауысып, ұстаздық жолында осылай жарқырай бастады. Ол мұнда да белсенді жұмыс атқарып, жемісті еңбек етіп келеді.
Бұл қалай дегенде де қаннан келген асыл қасиет болуы керек. Оның үстіне Асқардың Айгүлдей ақылы мен парасаты келіскен жан жарының да тек адалдыққа үндеп тұратын асыл қасиеті сеп болғаны тағы анық. Иә, Айгүл де пайым-парасаты биік жанның бірі. Оның да бойынан ылғи да тек кішіпейілділік пен ізеттілік, қамқорлық пен қарапайымдылық сияқты асыл қасиеттер аңқып тұрады. Міне, қаншама жыл өтсе де осы екеуінің бойындағы бұл қасиеттер артпаса кеміген жоқ. Сондықтан оларға деген елдің де, жұрттың да пікірі қашан да оң, ықыластары ыстық. Олардың бәрі бұларға тек құрметпен қарайды.
«Айналып келгенде елдің мұндай ықыласына бөлену – Асқар мен Айгүлдің адами болмыстарының үйлесіп, бірін-бірі толықтырып тұратын асыл қасиеттерінен болса керек. Менің асыл досым Асқар бүкіл ғұмырын білім саласына арнап келеді. Оның педагогика саласындағы жеткен жетістіктері аз емес. Ал Асқар сияқты мөлдіретіп, әдемі жазу әркімнің қолынан келмейді. Жазу стилі ерекше, сындарлы сызу шебері. Бұл тұрғыда да Асқарға Алла Тағаланың берген артықшылығы бар деп ойлаймын.
Иә, ол – нағыз дос, нағыз жолдас! Ең бастысы – нағыз азамат! Сенбесеңіз, Асқармен дос болып көріңіз. Өйткені бұлар ерекше жаратылған адамдар! Біз олармен мақтанамыз!...».
Асқар Шайқысыланұлы туралы кімнен сұрап, кімнен сұхбат алсаң да еститінің тек жақсы сөздер, көңілге жылылық, ерекше бір іңкәрлік ұялататын ыстық лебіздер. Дүниеде марапат немесе ақшаның құнымен өлшенбейтін бір нәрсе болса, ол тек адамның көңілі екенін ескерсек, кейіпкеріміздің шын мәнінде өз ортасының ардақты азаматы екенін байқаймыз. Саналы ғұмырын білім беру саласына арнап, сиқыры мол сурет әлемінің қыр-сырын жас өнерпаздарға үйретіп келе жатқан Асқар Шайқысыланұлы отбасында аяулы жар, ардақты әке. Отбасының берекесін кіргізіп, шаңырағын шаттыққа бөлеп отырған жары, Алматы облысы білім басқармасының «Балқаш ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің Миялы ауылындағы «Балдәурен» балалар бақшасының меңгерушісі Қасабекова Айгүл Айдаханқызы жаңалыққа жаны құмар, білімді, идеясы мол, бойындағы осы қасиеттерді ұжымдағы ұстаздарға әрқашан жеткізуге асығатын басшы. Өз бойындағы еңбекқорлығымен, білім беруге деген адалдығымен, жаңашылдығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, жауапкершілігімен ерекшеленеді.
Өз ісіне ұқыпты. Қызметкерлер, ата-аналар, басқа да мекеме басшылары арасында беделді, пікірі салмақты. Әріптестеріне, әсіресе жас мамандарға көмегін аямайды. Өз біліктілігінің арқасында 2018 жылы Алматы облысының атынан мектепке дейінгі мекемелердің Қазақстандық қауымдастығы Түрік Республикасының Білім министрлігімен іскерлік қарым-қатынас шеңберінде «Хазар» білім және ғылыми зерттеулер орталығының ұйымдастыруымен «Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарындағы инклюзивті білім беру» тақырыбында Стамбул қаласында біліктілікті арттыру курсына қатысып, тәжірибе алмасып қайтты. Білім беру жүйесіндегі идеясы мол тәжірибелі ұстаздар қатарында.
Асқар Шайхысыланұлы – жары Айгүл Айдаханқызымен бір ұл, екі қыз тәрбиелеп, өсіріп, құтты орындарына қондырып отырған асқар тау әке. Баласы Мұхтар мен күйеу баласы Аян мемлекеттік қызметкерлер болса, қыздары Айдана мен Балжан – әке-шешесінің жолын қуған ұстаздар. Қызы Айдана тұрмысқа шыққанда құда-құдағыйы да ұстаз педагогтар болды. Төрт педагогтан шыққан балалар тәрбиелі, жақсы отбасы болады деп ағайындары тілек айтып жатты. Бүгін де құдасы Ерғали немерелерінің ардақты атасы, білім саласына сіңірген еңбегі зор, зейнеттегі ұстаз.
Ұстанымы жоғары Асқар көп ұстаздың біріндей көрінгенмен, елге көрсетер көрікті туындылары, үлкеннен бата алар бағалы ісі, кішіге үлгі болар өнегелі өмірі бар ерекше жан. Ұстаздық етіп, кейінгі жас буынды өнерге баулып, жастар арасында ағалық ақылын айтып, саналы ғұмырында бойына сіңірген тәжірибесімен бөлісіп келеді. Еңбегі мен адамгершілік асыл қасиеттері Алатаудай келбетін даралай түседі: ұстаздар ұжымында білімді маман, сенімді әріптес, ағайынның арасында адал жүректі, айналасына қамқорлық шуағын шашып жүретін жаны жайсаң бауыр. Қарапайымдылығының тасасында қылқалам құдіреті, жүздеген жандар сиятын жүрегі, мыңға қызмет етер еңбегі тұр. Сан шәкіртке өнер мен өмір нәрін сыйлайтын, сол арқылы тұлғалық сан қырын танытып, адамгершілік шыңынан танылатын шынайы жан.