Шынғожин Жүсіп, Тұрысбекова Шайнұр

Рейтинг:



Ынтымағы берік әулет

      Ғалым да, кенші де бас иетін, ұстазым бар сенің қасиетің» деп басталатын осы бір әнді тыңдаған сайын мұғалім мамандығын таңдаған әрбір аяулы жанның қызығы мен шыжығы қатар жүретін өмірі көз алдыңнан көлбеңдеп өтіп жатқандай болады. Саналы ғұмырын сапалы қызмет етуге арнаған сансыз маманның ішіндегі барша әлем бас иетіндей құдіреттісі болса, ол – ұстаз екені сөзсіз. 
      «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмір алсам, ал, Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деген екен Александр Македонский. Осы бір ұлағатты сөзден ұстазға деген махаббат пен құрметтің биіктігін аңғарамыз. Ұстаздың әрбір айтқан сөзі, іс-қимылы – өскелең ұрпақтың ғана емес, барша адам баласының айнасы секілді. Себебі, ұстазы арқылы шәкіртіне баға беріледі. Осындай өмірі өнегемен өрілген жандар қаншама! Кейіпкеріміз өзінің бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған, талай шәкіртті қанаттандырып, жұлдызын жаққан нағыз ұлағатты ұстаз еді.      Шынғожин Жүсіп 1939 жылы 7 қарашада Талдықорған облысы, Андреевка ауданы, Екпінді ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. Әкесі Бекбайұлы Шынқожа, анасы Бекбай келіні Биғайша Ізтілеуқызы ауыл еліне сыйлы, балаларына тәлімді тәрбие берген шаруа адамдары болды. Жүсіп ата-анасынан қайырымдылықты, әділдікті, шыншылдық пен адамгершілік асыл қасиеттерді бойына сіңіріп өскен азамат.       
      Ол 1957 жылы Екпінді орта мектебін ойдағыдай аяқтап, сол жылы Алматы қаласындағы қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Арман қуған жас талапкер жоғары оқу орнын 1962 жылы «География және биология» мамандығы бойынша оқып, орта мектепте «География және биология» пәндерінің мұғалімі мамандығын алып шықты. Сол жылы Көлбай ауылының орта мектебіне география пәнінен мұғалім болып еңбек жолын бастады. 1963 жылы туған ауылы Екпінді орта мектебіне мұғалім болып ауысты. Өзінің ұстаздық жолында талай білікті, тәжірибелі ұстаздармен әріптес болды. Олардың сабақ берудегі тәжірибелерін ‑ала білді. Мектептің қоғамдық іс-шараларына да белсенді араласты. Өзіндік ой-пікірі бар азамат, мықты мұғалім ғана емес, қоғамшыл азамат екенін де көрсете білді. Осылайша 1971-1973 жылдары екі жылдық жоғары саяси университетінің «Экономика» факультетін бітіріп алды. Ал 1973 жылы Андреевка ауданының комсомол ұйымының бірінші хатшысы болып тағайындалды. 1975 жылы жанұя жағдайына байланысты Екпінді орта мектебіне ауысып, қайтадан мұғалім, оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі болып абыройлы қызмет атқарды.       
      1982 жылы 21 қыркүйекте Қазақ ССР оқу министрлігі «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағымен марапатталды. 1984 жылы алғашқы еңбек жолын бастаған Көлбай орта мектебіне директор қызметіне тағайындалды. 1986 жылы Екпінді орта мектебіне ауысып, 2003 жылға дейін оқу ісінің меңгерушісі лауазымынан құрметті зейнет демалысына шықты. 
      Саналы ғұмырында өз уақытын аямай, шәкіртінің уақытын аялап еңбек еткен ұлағатты ұстаз, шәкірттеріне өмірлік азық болар тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік тұрғыда бағыт-бағдар бергені үшін қоғамдық өмірдегі белсенділігі лайықты бағаланды.
      Жүсіптің Алла қосқан қосағы, ардақты жары Тұрысбекова Шайнұр сол мектепте ұзтаздық қызмет атқарды. Екеуі отбасында үш қыз бен екі ұл тәрбиелеп өсірді. Тұрысбекова Шайнұр 1940 жылы 28 қарашада Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Қарабөге ауылында дүниеге келген. Әкесі Тұрлыбекұлы Тұрысбек пен анасы Сарықожақызы Малика ағайын-туыстың сыйлысы болды. Балаларына тәлімді тәрбие беріп, ел қатарына қосты.      
      Шайнұр 1949 жылы орта мектеп табалдырығын аттап, 1959 жылы Бөрлітөбе ауданы Лепсі стансасының №255 теміржолшылар орта мектебін жақсыға аяқтады. 1960 жылы Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтына оқуға қабылданып, 1965 жылы «Физика, математика» пәндері мұғалімі мамандығын алып шықты. 
      Өзінің алғашқы еңбек жолын сол 1965 жылы Талдықорған облысы, Андреевка ауданы, Екпінді ауылы орта мекбетіне физика және математика пәні бойынша ұстаздық қызметінен бастады. 1965-1995 жылдар аралығында табаны күректей отыз жыл ұстаздық етіп, зейнеткерлікке шықты.
      «Бізді дүниеге әкелген әкеміз бен анамызға алғысымыз шексіз, ата-ана балаларына күндей шуағы берік қорғаны, мейірімді тынысы. Өкінішке орай, ардақты қамқор әкеміз 2021 жылы 18 мамырда дүниеден өтті. Ата-анамыз дүние-мүлікке қызыққан жоқ, ар-ұятын сатпаған, ешкімге ғайбат сөз айтпаған, біреудің ала жібін аттамаған, бос сөзге жоқ жандар», - дейді балалары ата-анасы жайлы.
      Балалары Ардақ, Толқын, Алмагүл, Ержан, Нұржан өмірден өз орындарын тапқан азаматтар мен азаматшалар, әр салада беделді қызмет етіп жүрген, бір-бір үйдің иесі. 
      Жүсіп әкеміз бен Шайнұр анамыз - нағыз істің адамдары. Өте еңбекқор. Қорасынан төрт түлік малы арылмаған, әрқашан дастархандары астан жиылмайтын, жаюлы, әр қонағының өз сыбағасын дайындап отыратын жандар болды. Жүсіп ақсақал жетпіске келген уақытында да малдан бас тартпады. Үйіне келер кетер қонағын ойлап, әрдайым берекесімен отырды. Қонақты жадырап қуана қарсы алып, жұбайы Шайнұрға:       «Шәкібай қонақ келді, ет сал», - деп отыратын. Тіпті болмаса «Қой әкеліп соямын» деп көлігіне мініп алып, қойлы ауылға жол тартып кететін-ді. Балалары келетінін күні бұрын естісе екеуінде де маза болмайтын. Аналары қазанға ет салып, кешігіп жатқан балаларына алаңдап, етін қазанға қайта салып, әкесі болса жолға қарайлап күтіп алатын. 
      Жүсіп кең пейілді, әділетсіздікке, жалқаулыққа, бос мақтангершілікке жаны қас болатын. Өнегелі ұстаз ретінде өзінің пәнін терең меңгерген парасатты ұстаз ғана емес, қоғамшыл да азамат еді. Ол жергілікті, республикалық басылымдарды әсіресе «Жас Алашты» үзбей оқитын тұрақты оқырманы болды. Бала тәрбиесіне қатал еді. Оның қас-қабағынан-ақ балалары түсіне қоятын. Мінезді азамат сексеннің сеңгіріне шығып, қайратының қайтқан шағында да оның бойынан қажыр-қайраты, белсенділігі байқалып тұратын. Кісінің мысын басып тұратын айбыны, қарттыққа бой бермей, шал болып иілмей, тік қалпында ауырмай-ақ 82 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қамқор әке, асыл жар бола білген ардақты азамат отбасының ғана емес, ағайын, тума, дос-жарына да сыйлы, құрметті болды.       
Балаларына: «Қарақтарым, қайда жүрсеңдер де абыройлы болыңдар, ар-ұятты бірінші орынға қойыңдар», - дейтін. Әр күні ұйқыдан тұрып табаны жерге тигенде Алладан балаларының амандықтарын, абыройлы болуларын тілеп отыратын. 
      Шайнұр ана өте еңбекқор жан. Балаларына тәлімді тәрбие беріп, өзгелердің балаларына екінші анадай болып кеткен құрметті жан. Бүгінде 84 жасқа аяқ басып отыр. Үйдің де, түздің де жұмысын атқарып жүреді. Қазан ошақтан босай қалса іс тігумен, электр тоғын жөндеумен, қолына күректі алып бау-бақшаны суарумен, қорадағы малды жайғаумен айналысып кетеді. Жазда пішен шауып жинау кезінде қолына шалғысын алып, жолдасы Жүсіптің жанынан табылатын. Шайнұр жан бағып отыруды білмейтін абыз ана. «Алланың берген жанын не үшін аяйсың?» деп, кез келген жұмысқа белсене кірісіп, апыр-топырын шығарып тастайтыны да бар. Жарының жағдайын жасап, балаларының әке орнының қандай биік екенін ұқтырып отыратын. Үнемі Жүсіптің қамын алға қоятын. Содан да болар, балалары әкеге деген құрметті, анаға деген сүйіспеншілікті ана тәрбиесінен бойларына сіңіріп өсті. Отыз жыл бойы қаншама ұрпақты тәрбиелеп, бейнеттің зейнетін көріп, бүгінде бес баладан немере мен шөберелер сүйіп, қызық-қуаныш көріп отыр. Отбасының ұйытқысы, сақтаушысы, қорғаушысы. 
      Әулет – дәстүрлі қазақ қоғамының құрылымында ерекше маңызға ие институт қой. Бұл тектілік әулет пен ұрпақ жалғастығын жүйелі дамытудың ұлттық тұрпаты деуге болады. Соның айғағындай, қазақта: «Қасқа айғырдың құлыны тым құрыса, төбел туады» деген пәлсапа қалыптасқан. Қазақ: «Жақсыдан жаман туса да, Жаманнан жақсы туса да, Тартпай қоймас негізге» деп толғайтыны сондықтан болса керек. Жүсіп ақсақал мен Шайнұр ананың балаларының барлығы ұстаздар әулетінің ұрпақтары екенін парасаттылықтарымен, ізгі қасиеттерімен үнемі байқатып тұрады.
      Жүсіп пен Шайнұр, міне, осындай уығы мықты отбасының тіректері бола алды. Олардың жүріп өткен жолдары мен елге еткен еңбектері бүгінгі күні жемісін беріп отыр. «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген данышпандықты еске алатын болсақ, Шынғожин әулетінен осындай қасиеттер айқын көрініп тұрады. Отбасындағы қай-қайсысында да болмасын имандылық сәулесі молынан шуақ шашып тұрады. Осының өзі ғұмырлық бақыт емес не?! 
      Атақ пен айқайды, даңқ пен дабыраны жаны сүйе қоймайтын жандар бірқалыпты мінезден айнымады. Олардың істеген істері ілкімді, шаруалары мұқият болды. Тіршіліктеріне кісі қызығар, пайым-парасатына жан сүйсінер осы шаңырақтан туғаннан бөлек құдайы қонақтар да үзілмейді. Әсілінде, адамның адамшылығы кеңпейілділігі мен мейірімінде, күліп берген ас-суында, көңіл шуағының өзінен артылып, өзгеге сәулесін түсіруінде, ары мен жанын ізгілікке толтыра білуінде сияқты. Ұрпағына берер ұлағаты өзінің қимыл-қарекетіне сай, білім-білігі бүгінгі берекетінің айғағы болса, мерейі одан әрі үстем бола бермек. Көпке үлгі өнеге болатын әулетке тек жақсылық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

9 марта 2025 15:21
Даурен
Maruash, Көп рахмет!...
6 марта 2025 11:31
Гульнар
Сіздерге рахмет! Әкеміздің өмірі кейінгі ұрпақтарына сіздердің осы еңбектеріз арқылы естелік болып қалады. Еңбектеріңіз...
2 марта 2025 13:57
Гульнар
мы члены большой семьи Нуржановых ценим в людях чувство ответственности,человеколюбия и  профессионализма..так...