Алипова Жұмакүл Бекмағамбетқызы

Рейтинг:

Білім беру саласының ардагері, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі, «Еңбек ардагері» медалі және «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарының иегері

Парасатты ұстаз

      Бала жүректің түкпіріндегі отты лаулатып, сәби санасына білім нәрін себелеп, өмірге бейімдеумен қатар, адами болмысты, асыл қасиеттерді бойына сіңіре біліп, ертеңгі күн ұлт болашағына қызмет етуге, білікті маман иесі болып қалыптасуына зор еңбек сіңіретін ұстаздар қауымына қандай құрмет көрсетсек еш артықтық емес. Олар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап, елдің ертеңгі күнгі қамын ойлар азаматтарын тәрбиелеп шығарған, ұлы мамандықты иеленген парасатты жандар. Олардың айтқан сөздері әр шәкірттің есімдерінде жатталып қалып, тәлімі әр жұмыр жүректі пенденің өмірінің соңына дейін дұрыс бағыт сілтеп, әділдік пен адалдықтың нұрын себелеп, өмірден өз орнын табуына жетелеп жүрсе, ғазиз есімдері адамзаттың жүрегінде мәңгілікке сақталады. 
      Қағаз бетіне қардай жорғалаған қаламымыздың да құдірет иесі осы, білім нәрімен сусындатқан ұстаз еңбегінде жатыр. Толғанып жазсақ та, тәлімін көрген шәкірті ретінде толық болмысын аша алмайтын ардақты ұстаздарымыздың бірі Алипова Жұмакүл 1949 жылдың 28 маусымында Жамбыл облысы, Көктерек ауданы, Байтал ауылында дүниеге келді. 
      Ғасыр жасайтын бәйтерек тамырымен мықты болатыны секілді, ғұмырында ғасырға жетерлік шәкірттерді тәрбиелеп, білім саласының дамуына өзіндік үлесін қосқан оның азамат болып қалыптасуында ата-анасының өлшеусіз еңбегі мен тәрбие-мейірімі жатыр. Аласармас асқар тау әкесі Әліпұлы Бекмағамбет пен жұмыр жүрегі махаббат пен мейірімнен құралған анасы Жартыбайқызы Төлен - дүниеге әкеліп, мәпелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Жұмакүл Алипованың перзенттік жүрегінің алтын тақ иегерлері. Әкесі мен анасы өмір жолында өнеге боларлық із қалдырған ұлағатты ұстаздар, балалық шақтары сұрапыл соғыс жылдарына тап келген, еш уақытта өмір қиындығына мойымаған асыл жандар.
      Жарқын болашаққа жол бастар білім ордасының табалдырығын Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының Шығанақ орта мектебінде аттады. Үлкеннің сөзін екі етпей орындайтын тілалғыш, өзіне тапсырылған жұмысты нәтижелі орындайтын зерделі қыз мектеп қабырғасында жүргенде де, сабақ оқудағы алғырлығымен, жоғары үлгерімімен, пән сайыстары мен мерекелік іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуымен ерекше көзге түсе білді. Мектепішілік сайыстарда сыныпты алға жетелеп, жеңіске сүйрей білгені үшін сан мәрте ұстаздардан Алғыс хат алып, өзінің де, сыныбының да, мәпелеп баққан ата-анасының да мерейін үстем ете білді.
      Мектеп қабырғасында жүрген кезінде де қоғамдық істерге белсене араласып, сыныпта ұстаздарының қолқанаты бола білген кейіпкеріміздің де ұстаз болсам деген арманы, осы бір алғашқы әріп ұстатқан ұстаздарына деген ерекше құрмет пен еліктеушіліктен басталған еді. Осы бір арман жетегінде жүріп, мектепті бітірген соң, өзі оқыған білім ордасында математика пәнінің мұғалімі болып алғашқы еңбек жолын бастады. 
      1967 жылы Абай атындағы педагогикалық институттың математика факультетінің сырттай бөліміне түсіп, аталған оқу орнын 1974 жылы тәмәмдап шығады.
      Ұстаздық – шәкіртті берілген бағдарламамен оқытып, сабақ түсіндіріп, түсінгенін сұрау ғана емес, үлкен өмірдің табалдырығын аттағалы тұрған жас жеткіншектің бойына адамгершілік пен адалдық, имандылық пен қайсарлық, қайраттылық пен өжеттілік секілді жеке басына тән асыл қасиеттерді бойына сіңірумен қатар адам болып қалыптасуы жолында кездесетін кедергілерден өтудің өнегелі үлгісін көрсету. Осы бір ойлы сөзді оясына қондырған, басынан өткен жайттардан сабақ ала білетін жас маман шәкірт тәрбиесіне ерекше назар аударды. «Талбесік қалай тербелсе, талшыбық солай қисаяды» деген, аға буын өкілдерінің тәжірибесінен тәлім алған ол өзіне жүктелген міндеттерді адал атқарып, сенімнен шығу жолына аянбай еңбек етті. 
      «Еліміз егемендік алған соң, оқу-тәрбие процесінде түбегейлі өзгерістер болды. Тәрбие, білім жүйесінде әр жыл сайын реформа болып тұрды. Қайта-қайта оқу, білім жетілдіру арқылы көштен қалмай заманауи мұғалім болуға ұмтылдық. Бұрын балаға ұрыссақ, қазір ұрысуға болмайды, бұрын мұғалім көп айтса, қазір оқушы көп айтуы керек, осының бәрін ой ұшқырлығымен сараға салып, шәкірттер жүрегінен жол таба білдік.
      «Ұстаз жолы - ұлы жол», шәкірттеріммен бірге жүріп қуанған сәттер, бірге қайғырып жылаған кездер де болды, осылай күресіп жүріп елу жылдың қалай өткенін білмей қалыппыз. Үйге келсем мектептегі оқушыларыма, мектепке барсам үйдегі балаларыма асығатын едім. Қазіргі таңда менің шәкірттерім сан түрлі жерлерде қызмет етеді. Ұлылар ішінде кішілер бар, кішілер ішінде ұлылар бар, кішілер ішіндегі ұлы шәкірттерім үшін қуанамын. 
      Жақсы шәкірт шығару үшін, бірінші ұстаздан мейірім керек, саналы тәрбие, сапалы білім қажет», - дейді, бүгінгі шыққан биігінде сол кездегі ұлағаты мол ұстаздардың өнегесін үлгі етіп, өзі де абырой биігіне көтерілген Жұмакүл Алипова. 
      Осы білім ордасында жүріп, мерей төрінен бір сәтке де төмендеген емес. Одан кейінгі ұстаздық еткен 1976-1983 жылдар аралығында Шығанақ орта мектебіне директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалып, мектепішілік білім саласында қордаланып қалған мәселелерді шешуде белсенділік танытып, мектеп директорының орынбасарлығында да келелі істер атқара білді. 
      Жеңіс пен бақыт бірлікте, еңбекте, адалдықта болатыны секілді, табалдырығында елге қызмет еткен айтулы азаматтар мен өнер адамдарының табан ізі қалған білім ордасында қызмет атқара жүріп, Жұмакүл Алипова да білім саласында, өзінің шығармашалығы саласында жарқын жетістіктерге қол жеткізді. 1983 жылдың қараша айында осы аталған мектептің директоры болып тағайындалып, зейнетке шыққанша осы лауазымда басшылық етті.
      2007 жылы зейнетке шығып, Шығанақ орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып 2016 жылға дейін балаларға білім берді.
      Ел үшін етілген еңбек далаға кетпейді, бағасын халық береді. Партаға шынтағы тиген әр шәкірттің жүрегіне білім сәулесін түсіру, оларды әділ де адал болуға қалыптастыру кез келген жанның қолынан келе беретін оңай шаруа емес. Шәкірт білімді болып шығуы үшін ұстаз көп еңбектеніп, қай саладан да хабардар болып отыруы тиіс. Міне, осындай жазып тауыса алмайтын асыл қасиеттер мен талаптардың барлығын да Жұмакүл Алипованың бойынан көруге болады. 
      Ұстаздық еткен жылдары Жұмакүл Алипова білім басшылығы мен өзге де ғылыми ұйымдардың тарапынан Құрмет Грамоталары, Алғыс хаттары мен арнайы дипломдармен марапатталды. 
      Атап айтар болсақ:
  •       Жамбыл облысы әкімі мен Мойынқұм аудан әкімінің Құрмет Грамоталары мен Алғыс хаттары;
  •       Мойынқұм аудандық білім бөлімінің Құрмет Грамоталары мен Алғыс хаттары;
  •       1991 жылдың 12 қарашасында Жамбыл облыстық депутаттар кеңесінің шешімімен «Еңбек ардагері» медалі;
  •       1993 жылдың 19 қарашасында білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі;
  •       1994 жылдың 16 сәуіріндегі РТЖ Жарлығы бойынша «150-летия открытия движения на магистрали Санкт-Петербург-Москва» мерейтойлық медалі;
      Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 және 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды.
      «Өзіңді-өзің және отбасыңды дұрыс тәрбиелемей, басқа адамға тәрбие туралы айту мүмкін емес, сондықтан да біз отбасы тәрбиесіне қатты көңіл бөлеміз. Балаларымның бәрі жоғары оқу орнын бітіріп, абыройлы қызмет етіп жүр. Отбасым – алтын діңгегім, балаларым – байлығым», - деп есептейтін Жұмакүл Алипованың өмірлік жолдасы, тағдыр қалтарысында арқа сүйеген азаматы Аяпбергенов Аманжол екеуі алтын асықтай ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді. Әлия, Асқар, Асель, Азат есімді төрт бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бүгінгі таңда немере-шөбере сүйіп отырған әже.
      Ұстаз – таусылмайтын әңгіме, шаң баспайтын мұрағат, өлмес сала, бұлтпен тілдескен Алатаудың Хан-Тәңіріндей биікте тұғырлап қалатын аласармас тұлға. Болашағы жарқын елдің өткені салихалы өнеге мен салауатты жандарға толы болмақ. Саналы ғұмырын ұстаздық саласына арнап, әлі күнге таланттылар мен дарындылардың қабілет көзінің бұлағын ашып, бойындағы бұла күшті ізенудің, білім алудың, ғылымның өріне өрмелеудің жолына түсуге жұмсап келе жатқан Жұмакүл Алиповадай ұлағатты ұстаздарға мың тағызым! 
      Ұлттық болмысты ұлан бойына енгізіп, ұлттық мүддені ойлап, отансүйгіш шәкірттерді тәрбиелеп келе жатқан ұғымы ұлы, парасаты мол, пайымында пәктік пен шексіз мейірімділік жатқан ұстаздар қауымы аман болсын!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 января 2025 19:21
Баян
Роза - удивительная, позитивная, обоятельная женщина! По жизни ставит цель и смело идет к ней! Очень много мечтала...
18 января 2025 18:19
Жанболат
Анам туралы жазбаларыңа көп рахмет!!!...
16 декабря 2024 23:39
Роза
Менің Әкем.❤️Аллаға шүкір.Ата анам жүз жасасын!...