Иманқұлов Әбдіболат Иманқұлұлы

Рейтинг:

Білім беру саласының ардагері, Қордай ауданының Құрметті ардагері, «Еңбек Ардагері» медалі және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері

Өнегелі ұстаз

      Кәсіптік білім – қай дәуірде де заман талабынан түскен емес. Әрбір адам өз саласын толық меңгеріп, қыр-сырына қанық болған кезде ғана, жұмысын нәтижелі атқарып, еңбек етіп келе жатқан саласының дамуына және қоғамға пайдасын тигізе алады. Бұл – уақыт пен қоғам дәлелдеген аксиома. Бүгінгі таңда қазақ даласында кәсіптік білім беретін лицейлер мен колледждер секілді, Кеңес одағы кезінде де кәсіптік техникумдар болды.
       Әрқайсысы әртүрлі салаға маманданған кәсіптік білім беру орталықтары жыл өткен сайын дамып, үкімет талаптарынан өтіп, білім сапасын да жақсартып, мектептен кейінгі бір мамандықты меңгерсем деген жалын жүректі жастарды қанатына алып, таңдаған мамандығына сәйкес білім беріп, маман етіп даярлап шығара білді. Біздің бүгінгі мақаламыздың кейіпкері де осы кәсіптік білім саласында еңбек етіп, құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан білікті басшы, ұлағатты ұстаз – Иманқұлов Әбдіболат Иманқұлұлы. 
      Сөз басында, жоғарыда атап өткеніміздей, жас ұрпақты түрлі кәсіп пен мамандыққа үйрету – заман талабынан туындап отырған қажеттілік деп айтсақ та артық болмас. Басқаша айтқанда, әр адамның «нанын тауып жейтіндей» бір өнер-кәсібі болғаны дұрыс қой. Кезінде ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин алғаш қазақ балаларына, ұл-қыздарға кәсіптік білімді үйрете бастағаны белгілі. Бүгінгі кейіпкеріміз сияқты, кәсіптік білім беруді қолға алып, дамытып жатқандарды Ыбырайдай ұлы ағартушының ісін жалғастырушы ізбасарлары деп нық сеніммен айтуға болады.
      Өмірден өз орнын тапқан талай жұмыр жүректі пенденің, кәсіптік саладағы тұсауын кесіп, біліктілігін арттырған Әбдіболат Иманқұлов 1938 жылдың 15 мамырында Жамбыл облысы Красногор ауданы Отар станциясында дүниеге келді. Әділдік пен адалдықтың ақ туын биік ұстаған әкесі Майшыбаев Иманқұл мен мейіріміндегі мөлдір махаббаттың әр тамшысы алтыннан да қымбат анасы Майшыбаева Сақыптың ата-аналық бесігінде тербеліп, өмір құндылықтары мен адами асыл қасиеттерді бойына сіңіріп өсті.      Білім ордасының табалдырығын 1945 жылы №289 Отар мектебінде аттап, 1955 жылы тәмамдап шыққан Әбдіболат Иманқұлов 1956-1961 жылдар аралығында Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институында Ауыл шаруашылығы жұмыстарын механикаландыру мамандығы бойынша бітіріп шықты. Қолына алған қандай істі де шыр айналдырып алып кететін, қолының икемі бар, тек алға ұмтылып тұрған жас оқу орнын ойдағыдай тәмамдаған соң, өзінің алғашқы еңбек жолын 1961 жылы Красногор ауыл шаруашылық механикаландыру техникумында мұғалім болумен бастады. 
      Міне, осы уақыттан бастап ауданның кәсіптік білім беру саласындағы ұзақ жылғы еңбек жолы басталды. Жұмысқа деген ұмтылыс, кәсіптік оқытудағы студенттермен етене жұмысы оны абыройға бөлеп, қызметте сатылай өскен Әбдіболат Иманқұлов одан әрі 1963 жылы техникумның оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне көтеріліп, 1967 жылы Техникумның директоры болып тағайындалды да.      Қолынан іс келетін маманның шаруашылығы кенжелеп қалған жерге жіберіліп, шаруашылықты жолға қоюмен қатар, сенген азаматын іске салып, тәжірибеден өткізетін сол кезде басшылықтың себі бар емес пе?! Осы тізгінмен кейіпкеріміз 1978 жылы Қордай қой кеңшарының директоры болып тағайындалды.
      Ауылда туып, ауылда қозы-лақпен жарысып өскен жан үшін қой малының қыр-сырын меңгеру қиын бола қоймады. Әрдайым қойшы шопандармеп бірлесе жұмыс жасап, жоспар межесінен шығуымен қатар, маусымдық жұмыстарды да жетістікпен аяқтаған Әбдіболат Иманқұлов 1983 жылы Красногор кеңшар-техникумына ауысып, техникум директорының өндіріс жөніндегі орынбасары қызметіне ауысып келді.
      Кейінгі жылдары кәсіптік білім ордасының оқу-әдістемелік, іс-тәжірибелік жұмысының жақсаруына, болашақ ауыл шаруашылығының әрбір саласының мамандарын даярлауда қызмет етіп, 1987 жылы Техникумның білім көтеру мектебінің директоры, 1991 жылы мектеп жабылған соң техникум директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып, 2001 жылы құрметті зейнет демалысына шықты.       Әбдіболат Иманқұлов осы жылдар ішінде мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, оларды мықты маман етіп шығарды. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы», – дегендей, бүгінде олар аудан, қала берді облыс аумағындағы халық шаруашылығының әрқилы саласында еселі еңбек етіп жүр. Аға шебер – өзінен кейінгі жас мамандардың ақылшысы, ұжымдастарының ұйытқысы, бір сөзбен абыройлы азамат, ұлағатты ұстаз. 
      Білім саласында жүргізіліп жатқан барлық реформалардың негізгі бағыты білім сапасын көтеру, жоғары білікті, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті, заман талабына жауап бере алатын мамандар дайындау болып табылады. Әбдіболат Иманқұлов техникалық білім ордасының өркендеуіне, заманауи талаптарға сай білім беру саласындағы жаңалықтарды енгізуде үнемі алғашқылардың бірі болып, батыл қадам жасап, оң шешім қабылдай білетін, адал қызметкер ретінде ұжымның және білім мекемелерінің алдында жоғары беделге ие бола білді. Ол – барлық туындаған мәселелерде жан-жақты, терең ойлайтын зиялы, парасатты тұлға.
      Өз қызметін маман даярлауда заман талабына сай талап қоя білуге, оқу-тәрбие үдерісін жүйелі реттеуге бағыттады. Оқытушылардың жаңа формацияға сай өзгеруіне, тәжірибе алмасуына ықпал етіп, бірлесіп сабақ талдауы, әдістемелік кеңес те беруі кез келген басшыда кездесе бермейтін қабілет деуге болады. Өз ісіңнің нағыз маманы болу үшін үнемі ізденіп, білімін толықтырып отыратын Әбдіболат Иманқұлов үйренбей, ізденбей табысқа жету қазіргі заманда мүмкін емес дегенді алға тартады. Ол қашан да жастарға білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісуден еш жалыққан емес. Өз мүддесінен қоғам алдындағы қызметі мен елдің болашағын жоғары қойып, талмай еңбек етіп жүрген мәртебелі мамандықтың иесі Әбдіболат Иманқұлов – қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін ардақты азамат.       Иә, өмірде армансыз пенде болмайды. Ал сол арманға қол жеткізуде мақсатыңды орындауға талпынуың шарт. Ол үшін үлкен жүрек, болаттай берік төзім керек. Бүгінде елге, Отанға қызмет етсем, коғам жастарының білім алып, өмірде өз орнын тауып, бағыт-бағдарын анықтай алуына көмектессем, ықпал етсем деген арманымен ұжымда қажырлы еңбек етіп келе жатқан азаматтың абыройы асқақ, беделі биік. 
      Әбдіболат Иманқұлов – білікті маман, ұстаз ғана емес, отбасында үлгілі әке, сүйікті жар, ағайын-туыс арасында беделді, абыройлы ер-азамат. Отбасында жары Күләйша екеуі бес перзент тәрбиелеп өсіріп, одан он үш немере мен 3 шөбере сүйген бақытты ата-әже.
      Жақсы адамның соңынан жақсы сөз ереді емес пе?! Мақаламыздың осы бір жерін кейіпкеріміз туралы айтылған сырға толы естелікпен толтырсақ.
– Бұл кісіні мен 1963 жылы Аңырақайдағы техникумның басшыларының бірі ретінде білемін. Ең бірінші оқу орнында көрдім. Екінші мәрте Әскерден келген соң, жұмыс сұрай жездем Серікжан Мұхамедьяровтың ол кісінің алдында апарады. Ол кісінің жадына тәнті болдым. Мені бірден таныды. Жөн сұрастырған соң сені жұмысқа аламын деді. Жаңа салынған үйден пәтер бергізген еді. Енді ойлап қарасам, өзіне ұнаған кісіге қамқор болып жүретін жақсы қасиеті бар екен. 
      Бұл ұжым менің адам болып қалыптасуыма өте зор ықпал етті. Ұжымдағы оқытушылардың сабақ өткізу, дәріс беру әдістемесін меңгердім және құлай беріліп қызыға істедім. Осы оқытушылық жұмыс менің өмірімдегі ең бақытты сәттер екенін сезініп, өз орнымды тапқаныма қуандым. Барлық күш-жігерімді оқу процесіне арнадым. Сабаққа қанша дайындалып келсем де аудиторияға кірерде толқығанымды байқаймын. 
      Техникумға келгенде мен бір жылылықты сезінемін, бұл мен үшін алтын бесік, береке-бірлік. Менің бағыма осы ұжымдағы абыз-ақсақалдарымыз Қайназаров Уалихан Рахымұлымен және Иманқұлов Әбдіболатпен бірге болуды, сол кісілердің мектебінен өтуді жазыпты. Сол кісілерден үйренген жұмыс істеу тәлімін, қиындығы мол тоқсаныншы жылдары кәдеге жарады. Ұжымда тазалық атмосфера болды. Сол бізді өсірді, шығармашылыққа ықпал етті, нәтиже болды.       Әр жердің өзінде ел сыйлап, құрмет тұтатын азаматтардың аз емес екендігін ұмытпау керек. Жартастан ойып алғандай мығым, отырса да, тұрса да, өзгелерден оқшау биік көрінетін. Сол маңғаз жүрісі, байсалды сөзі, қалыптан айнымайтын мінезі.
      Иншаллаһ, сол ағамыз ортамызда жүр. Жай ғана жасына жас қосып, жиынды жерде бата беріп, бас ұстап, шапан киіп, шай ішіп, уақыт өлтіріп жүрген жоқ, бір мектептей болып, ел тәрбиелеп жүр. Ел ол кісінің өсиетіне, ақылына мұқтаж. Ол кісі сөзге құмар емес. «Жасы кеп қалған бізден не ақыл сұрайсыңдар, шырақтарым», – деп біраз әдеп сақтап тұрады да көсіліп сала береді. 
      Жалаң уағыз айтпайды, нақты сөйлейді. Мақтауға көп құмар емес. Жасына жас қосылған сайын қадірі өсіп, елдің оған деген құрметі көбейіп келеді. Неге?! Шынайы сөйлейді, өз ойын қайталай бермейді. Жеке басының адалдығы, әділеттілігі мен еңбексүйгіштігі, сұңғыла, терең, ақыл иесі, өздігінен ізденіп жинаған білім иесі.      Жай ғана партия «айтты, болды, біз дайынбыз» деп далбаңдап жүрген көптің бірі емес, өз ақылы, өз түйгенімен әрекет етуді ұнататын бірегей тұлға. Өзі адал болған соң, басқалар да амалсыз түзу жүруге тырысқан болу керек, ұжым оны қатты сыйлайтын. 
      Иманқұлов Әбдіболат – бұрынғы кеңшар-техникумы, қазіргі колледждің іргетасы қаланғаннан бастап қызмет атқаратын тұлға. Қазіргі оқу корпусы, сол кісінің басқаруымен, жаңа оқу құралдарымен толықтырылды. Әр мамандықтар бойынша оқулықтар, плакаттар, кино-фильмдер, мулляж, макеттер сияқты көркемдік құралдар өз қолымен жасалды.
      Ең бастысы, кадр таңдап, олардың жұмысын ұйымдастыра білу. Ол кездері біздің ұжым айрандай ұйыған ұжым болды. Сондықтан бұл кісі бір естелік жазса, колледж музейінің төрінде тұратын құнды таптырмас құжат болар еді.
      Ол кісіден тәлім алған адам қаншама, Қазақстанның әр облысынан, Қырғызстаннан, Ресейден, тіпті шет елден де табуға болады. Сырттай бөлімнің бір оқушысы Чехиядан, екіншісі жартылай арал Ямалдан келетініне мен куәгермін, – дейді шәкірті әрі ұжымдасы Барлыбай Рысбеков.
      Еңбек еткен жылдары қол жеткізген жетістігі сараланып, мадақталған кейіпкеріміз Иманқұлов Әбдіболат туралы бірнеше мақала газет беттерінде жарық көрді. «Қордай шамшырағы» газетінің 2023 жылғы 17 мамырдағы санында Ләйлім Досембекованың «Өмірі өнеге ұстаз», 2018 жылдың 26 мамырында Қордай ауыл шаруашылығы колледжінің зейнеткер оқытушысы Л.Саламатованың «Тамыр терең білім ордасы», 2019 жылдың 20 қарашасында       Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Құрманбек Әлімжанның «Ағаш бір жерде көгереді» тақырыбында жазылған кең көлемді мақалалар, оның адал еңбегіне берілген баға еді. 
      Қандай қызмет атқарса да адамдық үлгісін көрсете білген Иманқұлов Әбдіболат марапаттардан да кенде қалған емес. Атап айтар болсақ:
      1986 жылы «Еңбек Ардагері» медалі;
      «Қордай ауданының Құрметті Ардагері» атағы;
      «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі;
      Сонымен қатар партия ұйымының атқару комитетінің және білім ұйымдарының Алғыс хаты, Құрмет Грамоталары және мерекелік медальдары, бағалы заттай сыйлықтармен марапатталды.       Осы бір жерден Әбдіболат Иманқұлұлының немересінің жазған сырлы жазбасына кезек берсек:
      «Егерде сіз осы парақтарға көз жүгіртіп қана қоймай, менің жүрек жарды сөздерімді оқып, сізге қандай да бір толқыныш сезімдерін сыйлай алсам қуанышты болар едім...
      Сәлем оқырман. Менде дәл сіздей осы кітап қолыма түскен сәттен оқырман рөліндегі жанмын, тек бір айырмашылығым мен – Әбдіболат Жазира Мұратқалиқызы, сіздерге немере көзқарасымен өз атамды таныстырмақ жайым бар.
      Қазақ айтады ғой: «қартайғанның бәрі – қария, шашы ағарғанның бәрі – ақсақал емес», – деп. Қарттың қадірлілігі оның рухани әлемге өтіп, кемелденіп руханиятқа қадам аттаған тұсы деседі. Кемел адам деген кім десеңіз, ол – рухани бай, мінезі көркем, білімі терең, байсалды, айналасымен қарым-қатынасы жақсы, дені сау, қаржылай тәуелсіз жан.      Егер сізге дәл осындай сіздің өміріңіздегі рухани кемел, тұлғалық дамыған, толыққанды бақытты өмір сүруде деп айтуға тұрарлықтай жан кім десе, кім бірінші ойыңызға келер еді?! Барлығыңыз түсініп отырғандай, мен үшін ол – менің ардақты атам.
      Иа, сіздер үшін жай ғана Иманқұлов Әбдіболат болар, дегенмен өз өмірінің бір ширегіне тұспа-тұс уақытын білім жолына, шәкірт тәрбиесіне арнап, көп шәкіртіне үлгілі ұстаз болып қана қоймай, пана бола білген жан. Жай ғана басшы рөлін сомдап қана қоймай, жол сілтей білген. Қолындағы билігін тек жақсы, игі істерге бағыттаған, адал әрі жанашыр басшы. Көп жандар үшін ауылымыздың алдыңғы қатарлы бетке ұстар ақсақалы. Ал ендігі кезекте шаңырағымыздың бас иесі, балаларының асқар таудай сүйеніші, немерелерінің ардақты атасы.
      Біреу түсінсе, біреу түсінбес, мына сұрапыл заманда, өз отбасыңның жанында, төрт көзің түгел, толыққанды, бақытты балалық шақ кешу, тіпті айтқанда жасқанбай өмір сүре алу «артықшылық» әрі «бақыт». Дегенмен әркімге «бақыт» ұғымы әртүрлі мағына берері хақ.
      Мен үшін атамдай кемел, жанашыр, біз десек жүрегі елжіреп, балапаным деп еркелетіп, құшақ жая қарсы алатын, әрбір сөзінде теңіздей тұнық мән-мағына жатқан, қарапайым болуға баулыған, сыйластығы мол, ешқашан да табанымыз жерде екенін ұмыттырмаған, даралық тұлғаның немересі болу шынымен де бақыт.       Мына заманауи шақта ата-әжесінің тәлім-тәрбиесін алған жандар жоқтың қасы десем де болар. Маған және артымнан еріп келе жатқан екі ініме – Әбдіболат Әбдісадыр Мұратқалиұлына, Әбдіболат Әбдірайым Мұратқалиұлына менің атамдай қазыналы жанның тәрбиесін алуға мүмкіндік берілгеніне мен шын мәнісінде, шүкір етемін.
      Үйде болғанда анам айтып отырады, мені шыр етіп дүниеге келе салысымен, анамның қолғанаты болып, түн ұйқысын бөліп, жуатып қарайтын деп. Ес біле келе, әліппені жаттатып, сабағыма күн сайын көңіл бөліп, тексеріп, үйдегі ұстазым бола білген жан. Барлығымызды тек тура жолға сілтеп, кішкентай ғана құшағын кең жая білген.
      Анам – Иманқұлова Гүлнұр Серікқызы өз жұртының табалдырығын аттаған тұстан-ақ әке орнына әке болып, әрдайым ақылын айтып, өз қызынан кем көрмей, тура жол сілтей білгенінің арқасында тату-тәтті өмір сүруде.
      «Алма алма ағашынан жырақ түспейді», – дейді ғой, асқар тау әкем Иманқұлов Мұратқали Әбдіболатұлы, үйде болғанда өз әкесінен бойына сіңірген қасиеттерін бізге дәріптеп, ендігі кезекте бізге әке ретінде тәлім тәрбие беруде. 
      Атамның бұл өмірдегі кезекті бір қағидасы ол – білім жолына ешқандай қаражат аямау. Осындай атаның тәрбиесін көрген біздер, қазіргі таңда шетел университеттерінің табалдырығын тоздырудамыз. Менің атам мен үшін үлкен мотивация көзі десем де болады, осындай жанның менің өмірімде болуы бекерден бекер емес деп ойлаймын. Бізге мақтаныш сезімін сыйлап қана қоймай, осы өмірде өз жолымызды тауып, білікті маман болып шығамыз дейтін үміт отын сыйлап келеді. Осындай өскелең ұрпақ атамдай жанның көзін көру, сол кісімен тұспа-тұс өмір сүру, біздің отбасымызға берілген сый екені хақ.      Әрине, әркімге өз атасы бір бәйтерек қой, дегенмен атамның орны мен үшін қашан да бөлек.Жүректен шыққан жылы сөз, жүректерге жететініне күмәнім жоқ.
      Жетпейді жинасам да бар асылды, 
      Дәл өзіңдей көрмеппін жанашырды,
      Ұл-қызына қашан да қамқор болған
      Бір Алла, сақтай көрші аташымды...».

      Рас-ау, кей уақыттары күйбең тіршіліктің тінін тарқатамын деп жүріп, жанымызда жүрген жақсы мен жайсаңды байқай да бермейміз. Себебі күнде көрісіп, білісіп, жүздесіп жүргеннен кейін де болар мән бермейтініміз бар ғой. Адамның көңілі қымбат әрі құнды. Қай салада жүрмесін, өз қолтаңбасын қалдырып, жемісті еңбек еткен жандар көп. Алайда аты аталмай қалатындары қаншама. 
      Ұстаздықтың ауыр жүгін арқалап, мектептің сан қырлы міндеттерін қара нардай қайыспай көтеріп келе жатқан нәзік жанға сүйсіне қарайсың да. Ары таза, ұяты берік, намысқой жанның жанындағылар да оның осы қасиетін ардақ тұтатындай. Кішілік пен кісіліктің тізгінін тең ұстап келе жатқан Әбдіболат Иманқұловтың жанұясына бақыт, деніне саулық тілейміз!

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

16 октября 2025 07:21
Людмила
[hide] [/hide Евгений! Вопрос: в далёком детстве Вашем Вы были в Монголии?? 1975-1980гг. Я из Москвы, ищу своих... если...
4 октября 2025 14:45
ERLAN
Барака Аллаху фикум пусть Аллах сделает болгим в обеих мирах твой труд и старание для людей ради Аллаха...
4 октября 2025 01:26
Жанар
Махаббат не только мастер своего дела-лучший скульптор лица, но и чуткий и внимательный Человек с большой буквой! Любви...