Білім саласының ардагері, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Соғыс ардагері» төсбелгілері және «Еңбек ардагері», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50, 55, 60, 65 жылдығы» медальдарының иегері
Ағарту саласының озық қызметкері
Өзінің алтын уақытымен санаспай, бағытынан адаспай білім беру саласында еңбек ете білу ерлікпен пара-пар деуге болады. Өйткені, әр баланың жүрегінен орын алу оңай емес. Түрлі мінезді, әр үйдің еркесінің қылығына сабырмен қарай білетін адамзатты тәрбиелеуші жанның еңбегі үлкен марапатқа лайықты деуге болады. Жүзінен күн нұрындай жылылық ескен, барлық ой мен қимыл-әрекетке ақылдың дәнін сеуіп, адам баласының санасына нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесінің орны төр. Алдыңғы буыннан тәлім ала отырып, кейінгі жастарға өнеге қалдыруды мақсат ететін жан ғана шын мәнінде білім саласына жасқанбай келеді.
![]()
Осындай қасиетті өмір деп аталатын таңғажайып әлемге жол сілтеген қарапайым жандардың аялы алақаны мен ыстық жүрегі тіршілікте әрбір адам үшін бағалы, қадірлі. Өйткені тарыдай болып келген баланы, таудай етіп шығаратын, олардың болашаққа, өмірге деген көзқарастарын қалыптастырып, бағыт пен бағдарын айқындауға жәрдем беріп, адамдық пен надандықтың, адалдық пен арамдықтың ара жігін ашып көрсетіп, кісілік пен кішіліктің қадірін ұғындыратын ұстаз.
Бүгінде еліміздің білім беру саласының басты міндеті – білім берудің ұлттық моделіне өту арқылы жас ұрпақтың білім деңгейін халықаралық дәрежеге жетелеу, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны тәрбиелеу. «Ескіден қол үзіп, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады» деп қытайдың дана ойшылы Конфуций айтқандай, яғни мұғалім өткен тәжірибесін жаңамен ұштастыра алатын, кәсіби қызығушылығы жоғары, танымы биік, бастаған ісінің нәтижесін көре алатын, ғылыми зерттеу жұмыстарын таңдай білетін, педагогикалық үрдістің заңдылықтарымен етене таныс, оқытудың әдістемелік жаңалықтарынан хабардар, оқыту үрдісін ізденімпаздықпен
![]()
арттыратын өз ісінің шебері болуы керек.
Қазіргі заман мұғалімі – рухани жағынан дамыған, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман болса, ол өзінің тәрбиеленушілеріне мықты білім негізін бере алады. Өйткені, ХХІ ғасыр компьютерлік ақпараттар легінің заманы. Жер-жердегі болып жатқан хабарлар туралы интернет арқылы минутында мағұлмат алып отырған жасөспірімді бірнәрсемен таңғалдыру, оған сабақ айтып, дәріс тыңдата білу кез келгеннің қолынан келетін оңай дүние емес.
Ақылды ұстаз ешнәрсені назардан тыс қалдырмай, тәлімгерді білдірмей жетелейді, байқатпай бағыт-бағдар береді. Әр кез ізденуден жалықпайтын, жаңалыққа жаны құмар жанның еңбегі де жеміссіз болмайды. Өзінің шәкіртінің жігерлеріне жалын беріп, көкірек көкжиектерін кемелдендіруге тамшыдай қосар үлесі болса, бұл да ұстаздық мақсаттың
![]()
орындалғаны.
Біз әңгіме еткелі отырған Стамқұлов Әлирахман Стамқұлұлы да саналы ғұмырын білім саласына арнаған құрметті жан. Өз саласын шексіз сүйетін, ісіне жауапкершілікпен қарайтын, байсалды мінезді пайым-парасаты жоғары, шәкіртжанды, үнемі жан-жақты ізденіп жүретін, білімі мен білігі жоғары Әлирахман Стамқұлұлы балалардың ғана емес, көптің бабын таба білетін жан. Қарапайымдылығымен, адамгершілік қасиеттерімен дараланып тұратын, нағыз жанашыр көшбасшы деуге болады. Өйткені ол нағыз адамтанушы, яғни психолог. Алдында отырған адамның көзіне қарап-ақ оның көңіл-күйін бағамдап, жағдайын түсіне біледі. Көпшіл жанның ашық-жарқын қалпы мен адаммен жайлы әрі түсіністікпен сөйлесе білуінің өзі көпті сүйсінтпей қоймайды. Әсіресе балаларға деген көңілі тым бөлек. Әр баланың қарым-қабілетін танып, оның қай бағытқа жақын екенін болжап, сол жолда тәрбие беруді ұсынады. Үнемі күлімдеп жүретіндіктен, өзіне балалар да тым жақын. Кішкентай жүректерімен Әлирахман Стамқұлұлын көргенде құшақтарын аша құлдырыңдап жүгіре жөнеледі. Сырттай қарап тұрып, бір
![]()
бірін сағыныса көріскен әке мен бала ма деп қаласың әрі сол көрініске шын риза боласың. Осындай балажанды басшыға кез-келген ата-ана баласын сеніп тапсырып кетеді. Ал сенім дегеніміз ол адамдардың қарым-қатынасының дәнекері. Яғни сенім кісіні ізгілікке ұмтылдырушы, алға сүйреуші, болашаққа бастаушы ұлы күш!
Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, еңбек ардагері және Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Әлирахман Стамқұлов 1930 жылдың 4 наурызында қазіргі Ұлытау облысы, Ұлытау ауданы Байқоңыр ауылына қарасты, Қарғалы өзенінің бойында «Ұсталар ауылы» деген қыстақта дүниеге келген.
Білім ордасының табалдырығын 1938 жылы Қызыл үй қыстағындағы бастауыш мектепте бастайды. Бала күнінен оқу-білімге құштар ол мектепте үлгілі де үздік оқушылар қатарынан табылды. Мектепті де ойдағыдай бітірген, ұстаздарына еліктеп есейген білімді жастың
![]()
арманы ұстаздық ету болатын.
Сол бір сұрапыл жылдар туралы білікті ұстаздың өз аузынан естісек:
– Қиыншылық заманда балалығымыз аш-жалаңаштықта өтті. 1938 жыл Қарғалы өзенінің бойындағы «Қызыл үй» деген қыстақта ашылған бастауыш мектептің бірінші класына оқуға бардым. Мұғаліміміз Ұлытаулық Бәкібаев Әпсалам деген жігіт еді. Бұл кезде серіктестік (колективный хозяство) болып бірге бастаған. Әуелі «Ынталы», «Мофр» деп аталып Құлымбет колхозы деп аталды. Құлымбет халық жауы деп ұсталып кеткеннен кейін Аманкелді колхозы аталдық. Сол кездегі жағдай бойынша шаруа ептеп жақсара бастады. Партия комсомол мүшелері ұйымдастыру жұмысын жақсы атқарды.
1939-40 жылдары егін салып, мал өсіріп, мәдени жұмыстар жүргізіліп, халық жағдайы жақсарды.
![]()
1941 жылы соғыс басталды. Халық басына тағы да қиындық туды. 1942 жылы 4-класты бітірдім, одан әрі оқуға мүмкіндік болмады.
1943 жылдан бастап еңбек жолым басталды. Ол кезде сиырды үш мезгіл сауатын. Сиыр фермаға бұзау бағушы болдым. Ферма Байқоңырға жақын «Қарғалы» өзенінің басы «Көксу» деген жерде отырып сауылған сүттен май, айран, ірімшік, құрт жасап Байқоңырға сататын. Байқоңырда көмір өндіріліп, оны Қарсақбайға теміржол арқылы жеткізетін. Байқоңырда бірталай халық тұрды. Колхозға қарағанда олардың жағдайы біршама жақсы еді.
Кейін колхоздың түрлі жұмыстарына араластым: қой фермалары көшкенде көлік қатынату мал айдау, бағу. 1944 жылы қозы бақтым, қой сауғызыстым, қойдың сүтінен «брензы» тұздалған ірімшік. Оны Үрзипа апай жасайтын.
1945 жылы қой бақтым. Көтібар деген қопада қыстадық. Суды Қайдауыл өзенінен алып, малды содан суарамыз, бес алты шақырым жер, – дейді балалығы туралы айтып өткен Әлирахман Стамқұлұлы.
![]()
Бірақ адамның қалауына орай, Жаратқанның да өз есебі бар емес пе, сол кездегі дәстүр бойынша 1943-1946 жылдары колхозда еңбек етіп, еңбек тәлімінен өткен Әлирахман Стамқұлұлы 1946 жылы Байқоңырға келіп, жоғары сыныптарды жалғастырады.
Одан әрі 1952 жылы №4 Қызыл үй мектебінде мұғалімдік қызметін бастаған Әлирахман Стамқұлұлы ағарту саласына еніп кете барды.
Өмірдің айқыш-ұйқыш жолында, соқпағы мен сорабын қатар басып, қатар кешіп, өз ортаңнан орныңды ойып табу басты алға қойған мақсат. Мақсат - ортаймайтын, тынымсыз тостағанға толған тамшыдай мөлт-мөлт кілкіп тұратын тоқтаусыз қозғалыстың кілті. Осы кілтті дүние заңдылығына бейімдеп отыру жеңіске, табысқа жетем деген адамның қағидасы шығар. Осы сияқты бар жиған-терген білім мен сарабдал болмысын ұрпақ жолына, ұлт жолына сарп ету, келешек буынның тағдыры үшін тер төгу тұлғалық, азаматтық борыш. Қызылды-жасылды, аумалы-төкпелі заманда қолыңа шырақ
![]()
ұстап басқаға жол көрсету, бағыт беру, өзгенің келешегін өз келешегіңмен салыстыра отырып ниеттестік білдіру ол бірінші ұстаздың, ағартушының қолынан ғана келетін жұмыс. Адал еңбек пен ақ жүрегін сара жолда сарп ету адамға ата-анадан, туған жердің ыстық, қасиетті топырағынан даритын таза-мінсіз асыл тастай жүрек, сезім түкпірінен табылар баға-жетпес құндылық. Осы құндылықтардың тоғысар жері мен табысар торабы адамның қоғамға еңбек ету барысында, ұлтқа қызмет ету барысында көрінері анық.
1953-1955 жылдар Кеңес Әскері сапында Белоруссия жерінде азаматтық борышын өтеп келген Әлирахман Стамқұлұлы ұлт болашағын тәрбиелеу жолын ұстаздық қызметін жалғастырып, 1957-1958 жылдары Қарақұм мектебінде мұғалім, 1961-1966 жылдары Қарақұм мектебі директоры, 1967-1972 жылдары Қарсақбай мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, қызметтерін атқарып, 1972 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Байқоңыр мектебінде мектеп меңгерушісі болды.
– 1946 жылы Байқоңырға бесінші класс оқуға келдім. Соғыс кезінде істеген еңбектерімді бағалап, Жезқазған аудандық еңбекшілер депутатының төрағасы А.Талькенов мені Ұлы Отан соғысындағы ерлік
![]()
еңбегі үшін медалімен 1946 жылы 29 октябрьде марапаттады. Еңбек еткен жылдарымда 2 рет аудандық слетке қатынастым. Біріншісінде ата-анаңа деп шай, екіншісінде костюм шалбар берді. Байқоңырда 5-6 класты бітіріп, 1947-48 оқу жылынан бастап Қарсақбайда интернатта жатып оқыдым.
1951-52 жылы біздің елдегі ең бірінші он жылдық білімді игерген Әбілев Жұмабай екеуміз болдық. Бұл кезде біздің колхоз Сталин атында болатын.
Бізде Райкомпартияға шақырып, ауылға мұғалім болып барасындар деп міндеттеді.
Жұмабайды Жетіқоңырға, мені өзіміздің ауылға Қарғалыдағы жеті жылдық №4 Қызыл үй мектебіне жіберді. Математикадан сабақ бердім.
Мектеп директоры Дүйсенбай Иманбаев болатын. Мұғалімдер: Ишанбек Жауыртаев, Жұмабай Әбілев, Оспанов Кәрібоз, Сембі Аширов, Зәру Үндібаевалар еді.
1957 жылы совхоз құрылды, яғни Байқоңыр совхозы аталды. Қызыл үйдегі №4 мектеп Байқоңыр он жылдық мектебі атанып, Байқоңырға көшіп келдік. Мұғалімдері де сол мұғалімдер.
Одан әрі Қарсақбайдан Жақыпбеков Нәбиді коммуниссің, Қарақұмға барасың деп міндеттеп қасыңа алатын мұғалімді өзің таңдайсың деп тапсырма берген. Нәби менің ба
![]()
руымды сұраған. Мектеп директоры Дүйсенбай Иманбаев мені жібергісі келмей көп әрекеттенді. Ол Ишанбек Жауыртаевты жібергісі келді.
Ақыры Райком шақырып Нәби екеумізді көтерме айлық (покзоту дейді) төлейтін етіп, Қарақұмға қаңтар айында жіберді. Бұл 1957-58 оқу жылы болатын. 1958 жылы Қызылорда пединститутына түстім.
Мектеп директоры – Нәби Жақыпбеков. Мұғалімдер: Яров Ғалиолла, Сауданбекова Ұлданай, Оспанов Кәрібоз, Әбілев Жұмабай, Кентаев Сапар, Түсіпбеков Мұсылманбек жұбайы Рашида, Боранов Іскендір, Садықов Хамит, Түсіпбеков Доскен және біз екеуміз. Көп жылдар бұл кісілермен қызметтес болып жұмыс атқардық. Барлығы да өз істерінің маманы, өте жақсы азаматтар еді. Қарақұм-Құлжанбайға және интернат салдырып, балаларды сонда оқыттық. Қарақұмда он жыл тұрдым.
– 1972 жылы қыркүйектен бастап Байқоңыр орта мектебіне оқу ісін басқарушы болып келдім. Мектеп ойдағы ескі Байқоңырда болатын. 1981 жылдан бастап қырдағы жаңа Байқоңырға үш этажды мектеп салып, 1983 жылы бітірді. Екі этажды интернат салынды. Қырдан скважина құдық қазылып, су құбыры арқылы су
![]()
жіберіліп тал егіп, қырдағы Байқоңырдың гүлденген кезі болды. Мектеп, интернат айналасына ағаш отырғыздық. Оны суарып, ертеңді кеш баптауға қатты назар аудардым. Қазіргі мектеп ауласындағы ағаштарды өзім отырғыздым десем болады. Байқоңырда болған 20 жылдай уақытымда совхоз директорлары Қайырбек, Естай, Бәлкен еді. Бұлармен мектепке, интернатқа байланысты істерді тиімді ақылдасып, шешіп отырдық.
Мектеп директорлары: Бекіш, Отыншы, Үмітайлармен де мектеп оқу тәрбие жұмысында, оны ұйымдастырып жүргізуге айтарлықтай жұмыс атқардық. Завучтық жұмыстың негізі мұғалімдер ісін бақылап сабақ өткізуде, білім берудегі шеберлігін жетілдіріп отыру жұмысы қадағалап, үйретіп отыру.
Тәрбие жұмысын Әбілев Жұмабай, Ақмойыншақ Оразкүл, Гүлбаршындар атқарды.
Мұғалімдер: Роза, Нағима, Күлаш, Айман, Ақбөпе, Сембі, Мағырипа, Жүмакүл, Зәуреш, Жалмурзина Алтын, Байбосынова Алтын, Шайынкүл, Бәтима, Бипан, Қасира, Ғалия, Үрдана, Батилаш, Үміткүл, Баржақсина Мағрипа, Мауия, Нұғыманова Алтынкүл, Райхан, Алтай, Мираш, Төкеш, Гулия, Бейсенкул, Күлзия, Өмірзақ Тұяқов, Момбекова Гүлназия, Гүлбану, Жалғас, Тағанбай, Жария тағы басқалар.
![]()
Осы мұғалімдердің көпшілігі өзім сабақ берген оқушыларым. Оқу бітіріп келіп, мұғалім болғандар. Аттары аталған мұғалімдердің бәрінің шәкіртіміз деп мақтанарлық баспа бетінде, телевизор, радиодан естіп біліп жүрген азамат шәкірттерімізді атап өтуге болады.
Мақыш Серік – біздің өлкемізден тұңғыш шыққан Экономика ғылымынан докторлық қорғаған. Қазақша қорғаған нағыз қазақ деп мақтанышпен айта аламыз.
Ерманов Жүрсін - журналист, айтыс жанрын халыққа қайта оралтқан, радио хабарын басқарушы.
Арынов Айдос - Алматыда телекоммуникацияда байланыс қызметінде.
Рахымберлина Сағила - КарГУ оқытушысы.
Рахымберлина Торғай - КарГУ оқытушысы.
Жәкетаева Нұржамал -КарГУ оқытушысы.
Аманжолов Сейтқали - Астанада Жоғарғы оқу орнында сабақ берді.
![]()
Ембергенова Жамила - ЖезУ оқутушысы.
Әбжанова Серік - Жезді әкімі.
Әбдірешов Сабиғат - Журналист.
Әлиев Сұлтан - Журналист.
Ағыбаев Ораз - Инженер.
Жалмурзина Тағанбай - Мектепте мұғалім, әнші.
Ауыл шаруашылығы бизнес халыққа қызмет салаларында еңбек етіп жүргендері қаншама.
Өзім ұстаздық өмірімнің 30 жылдайын мектеп оқу ісін басқаруда өткіздім. Сол кезеңде байқағаным мұғалім оқушыларды жақсы, орташа, жаман деп бөлмеу керек. Алланың жазған әр адамға тағдыры бар. Адам өмірін сонымен өткізеді.
Олай дейтінім мектептен хат танымай, жаза алмайтын 3-4 оқушы болды. Ал солар өмірге
![]()
араласқанда жақсы, орташа оқитындардан артық танылды.
Техника, сауда, еңбек етуде ерекше көзге түскен азаматтар болды. «Өте пысық болсаң кеңірдегіңнен асыларсың, өте ынжық болсаң аяққа басыларсың, ал орташа болып жүрсең ардақты бір жақсылардың қатарына қосыларсың» деген мәтелдің мағынасын түсінген адамға біраз нәрсені аңғартады.
Жақсы ұстаз болу, тынымсыз еңбек, іздену үлгі бола білу деген сөз. Мектептегі 45 минуттық әр сабағын ғылыми негізде жеткізе білу. Міне, осы ұстаз, оқушылардың есінде қалады.
Байқоңыр өз ауылым, жақсы коллектив, құрдастар, достар, жақсы адамдармен араласып өміріміз өте бақытты жақсы өтті, – дейді, ұстаздық ғұмырында тонның ішкі бауындай біріге еңбек еткен әріптестері, кешегі оқушылары бүгінгі, ұлтқа, елге қызмет етіп, жүрген өзі білім берген оқушыларымен мақтанған Әлирахмен Стамқұлұлы.
![]()
Әркез ізденуден жалықпайтын, жаңалыққа жаны құмар, жаңашыл жанның еңбегі де жеміссіз емес. Көптеген марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
1973 жылы «Побидитель социалистического соревнования 1973 года» белгісі;
1980 жылы Қазақ ССР оқу министрлігінің «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісі;
1980 жылы «Еңбек ардагері» медалі;
1995, 2000, 2005, 2010 жылдары «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50, 55, 60, 65 жылдығы» мерекелік медалдары;
«Соғыс ардагері» белгісімен марапатталды.
– Қасиетті Құран кәрімнің көптеген жерлерінде иманнан кейінгі кезекте намаздың қадір қасиеті жайлы және ізгі амал істегендері деп сипаттаған. Ал ізгі амалдың басы-Намаз. Мұның мәнін Хәкім Абай «ақылы бар парыз» деп дөп басып түсіндірген.
![]()
Намаз-бүкіл ғибадаттың өзегі. Өйткені қадисте «намаз-діннің тірегі» делінген. Өйткені намаз-ақыретте ең алғаш сұралатын амал. Тек амалым бар деп жүру, әрине имансыздықтан жақсы. Алайда, адам сол иманның бар екенін намаз оқып, ораза ұстау арқылы дәлел десе нұр үстіне нұр болары хақ.
Қазір Алла берген 8 ер балам, 8 келінім бар. 3 қызым, 2 күйеу балам бар. Бұлардан 32 немере, 32 шөбере сүйіп отырмыз. Роза екеуміз Аллаға мың шүкіршілік етеміз. Бір Аллаһ жаратқан бақытты жандармыз, – деп отбасы туралы айтып өткен Әлирахман Стамқұлұлының жары Роза Секеманова да ұлағатты ұстаз.
Секеманова Роза Сейдіқалиқызы 1937 жылы қазіргі Ұлытау облысы, Ұлытау ауданы, Қарсақпай кентінде дүниеге келген. Қарсақпайдағы №1 мектепті жақсы бағамен бітірген соң, 1959 жылы тұрмысқа шығып, сол жылы екеуі Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі, әрі Қарақұмда мұғалімдік қызметін жалғастырады. Анасы Тоғжан өмірден озған соң, әкесі мен інісіне
![]()
бас-көз болу мақсатымен Қарсақпайға көшіп келеді. Жолдасы Әлирахман Стамқұлұлы кешкі мектептің директоры, өзі мектепте химия, биология пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасады. 1972 жылы Байқоңыр ауылына қоныс аударады да, қалған барлық ұстаздық еңбек жолы осы жерде өтеді. 1990 жылы зейнеткерлікке шығады да, Жезқазған қаласынан мәңгілік мекенін табады.
Ұстаздық – ұлы қызмет. Ол ешқашан шәкірт санасынан өшпейді, жүрегніде дүрсілі соғып тұрған сәтте ұстаз ұлағатын ешқашан ұмытпайлды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің жары Роза Секеманова да шәкірт жүрегінде есімі мен бейнесі сақталып қалған алтын тұғырлы тұлға. Сөзімздің дәлелі ретінде шәкіртінің «Алғаш рет оятқансың санамды...» атты сырлы жазбасына кезек бергенді жөн көрдік.
– Құлжанбай елді мекеніндегі №11 сегізжылдық мектептің бастауыш сынып мұғалімі болған алғашқы ұстазым Роза Секеманқызына арнаймын.
![]()
Алғашқы ұстаз!....
Ия, осы бір ауыз сөзді естіген шақта бар жан дүниеңді ақтарып,ой теңізіне қиял кемесімен балалық атты әдемі әлемге калай сүңгіп кеткенінді де аңғармай қалады екенсің. Арада сынаптай сырғыған зымыран уақыттың, жалына жармасқан мектептегі балалық сәттеріңмен, сыңғырлаған күміс қоңырау үнімен бірге қол бұлғап қоштасып, өмір айдынына қанат қағасың. Жігіттік, бойжеткендік, кемел шақтық өмір өлшемдері саған берілген ғұмыр беттеріне өз өрнегін салған шақтарда да, мен де басқалар сияқты сол балалық шаққа саяхат жасау арқылы алғашқы ұстазымды есіме алғым келеді.
Мені өмірге икемдеген, небір асыл қасиеттерін бойыма дарытқан алғашқы ұстазым туралы ойға батсам, қашанда көз алдымнан жүзінен мейірім шуағы төгілген, жылы жүзді ұстаз бейнесі көрініс береді. Жалпы ұстаз бейнесі әрбір шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі болып саналады ғой. Мен сонау 1963 жылы 1 қыркүйекте Құлжанбай елді мекенінде алғаш мектеп табалдырығын аттаған едім. Саналы ғұмырын өскелең ұрпақтың оқу тәрбиесіне арнап, бойындағы бар білім нәрін алдындағы шәкірттерінен аямаған өз мамандығының білгірі, менің алғашқы ұстазым Роза апайымның орны мен үшін бөлек, асыл бейнесі күні бүгінге дейін көз алдымда.
Әлі есімде, үстіне әдемі ақ кофта мен қара белдемше киген, шашын желкесіне түйген сымбатты апай бізді сапқа тұрғызып, алғашкы қоңырау салтанатынан кейін сыныпқа кіргізген еді. Мектепке жетектеп әкелген анамыздың артына тығылып, біз үшін әлі бейтаныс апайымызға қорқынышпен, жүрексіне қараймыз. Осындай сезімде отырып, алдыңдағы жылы жымиған ұстазыңның жүзіне өзіңше балалық сақтықпен барлай көз тастап, өз балалық таным-түсінігіңе сай іштей зерттеу жасай бастайсың. Бұдан кейін дүрсілдеген кішкентай жүрегіміз бір сәт дамылдап, орнына түскендей болатын. Себебі, бізді ерекше мейіріммен қарсы алған алғашқы ұстазымыз жүректегі қобалжуды жылы сөзімен сейілтіп, білімге деген құштарлығымызды оятқандай болды. Ұстазымыз әріп үйретіп, жазу жазғызып, әдептілік заңдарын үйретті. Әлі есімде, ең алғашқы күні ұстаз көмегімен ақ парақ бетіне дәптер сызығынан асырмай отырып, нүкте таңбасын салдық. Соның өзін жүрегіміз дүрсілдеп, қолымыз дірілдей отырып, біреуін үлкен, біреуін кішкентай ғып зорға жазып шықтық. Бірақ, бірте-бірте жазу машығымыз да қалыптаса бастады. Мұғаліміміздің үйретуімен айналасы екі айдың ішінде әліппені жүргізіп оқып, әдемі де сауатты жазуға машықтанып қалдық.
Бұл, әрине, Роза апайымыздың адал еңбегінің жемісі болатын. Аз ғана уақыт ішінде ұстазымыз бізді ақылды, сабырлы, жинақы болуға үйретті. Ұстаз күнделікті сабағында жылы сөзімен, айтқан ақылымен-ақ шәкірттерінің жүрегінен мәңгілік орын алған болатын. Алғаш Әліппенің бетін ашып, әріп танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғаліміңнің бейнесі көңіл төрінен осылайша орын алады. Мұндайда әр баланың бабын тауып, мөп-мөлдір таза көңілімізге қаяу түсірмеу ұстазымыздың үлкен жүрегіне, шеберлігіне байланысты екен-ау деп ойлаймын қазір. Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр шәкіртінің жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып алысқа ұшырады. Дәлірек айтсақ, шәкіртін өмір сүре білуге баулиды.
Халқымыз: «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады»,-деп бекер айтпаған ғой. Апайдың алдынан білім алған талайлар бүгінде республикамыздың түкпір-түкпірінде беделді қызметтер атқарып жүр. Кім болса да, білім нәрімен сусындатқан ұстазын жылдар өтсе де, ыстық ықыласпен, жылы лебізбен еске алатыны хақ. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме ұлы халқымыз. Ұлылыққа тәрбиелейтін асыл қасиеттерді бала бойына дарытсақ, намыс пен жігерін жани алсақ, терең білім берсек дегенді ғана мақсат ететін ұстаздарды қалай дәріптесек те орынды деп санаймын.
Халық даналығында: «Адамға мінез үш алуан адамнан жұғады: ата-анадан, ұстаздан, құрбысынан, әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көбірек жұғады» деген тәмсіл бар екен. Менің де осы ұстаздық жолды таңдауымның бір ұшы осында жатқан сияқты. Байқап қарасам, бала кезімдегі ұстазымның әр қимылын қалт жібермей бағып отыратын менің «Мен де апайым сияқты ұстаз боламын» деген балалық арманым сол кезден бастау алған екен.
Міне, биыл мектеп бітіргенімізге 50 жыл толмақ. Сыныптастар осы 50 жылдық кездесуімізді асыға күтіп, кездесудің жақсы өтуі үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», жан тәндерімен белсенділік танытып жүр. Мерейтойымыздың құрметіне естелік ретінде кітап шығаруды ұйғардық. Кітапқа әрқайсымыз шама шарқымыздың жеткенінше, өз өмір жолымыз туралы және білім берген ұстаздарымыз, бірге оқыған сыныптастарымыз жайлы естеліктер жазуды жөн көрдік. Мен өзімнің алғашқы ұстазым Роза Секеманқызы жайлы жазуды таңдадым. Мектеп бітіргенімізге жарты ғасыр өтсе де, Роза апайымның кейбір сөздері, жыпжылы үні кейде құлағыма келгендей болады. Бұл шәкіртінің жүрегінен орын алған Ұстаз тұлғасының ұлылығы емес пе?! Арада қанша жыл өтсе де, мен алғашқы ұстазымның күлімдеген мейірімді көзін, бидай өңі мен шашын түйген келбетін мәңгі ұмытпаймын. Роза Секеманқызы-менің идеалым болып мәңгі қала береді! Сіздей мейірбан жанның рухы мәңгі биікте болады, асыл жан, аяулы ұстаз! Сізге арнаған осы шағын ғана естелігім менің сізге деген шәкірттік ескерткішім болсын! – деп еске алады, оқушысы Сәрсенкүл Әбілқасқызы.
«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дейді халқымыз. Осы сөз Әлирахман Стамқұлұлына қаратып айтылғандай көрінеді. «Бармын деп таспайтын, жоқпын деп саспайтын» азамат. Қолында болса көмектен аянып қалмайды. «Шам жарығы түбіне түседі, Ай жарығы әлемге түседі» дегендей, басқалардың да қамын ойлап қорғап, қамқор болып жүреді.
Әкенің ғана емес, елінің ұлы болған абыз ақсақалымыз 95 жасында дүниеден озды. Ардагер ұстаз,тау тұлға көпті көрген атамыздың өнегелі өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деп мақалымызды аяқтаймыз.