Білім беру саласының ардагері, Жоғары санатты ұстаз,
«Елеулі еңбегі үшін» ордені және «Ұлт ұстазы», «Үздік педагог» төсбелгілерінің иегері
Ұлағат – ұстаздан
Жоғары санатты, 36 жыл педагогикалық еңбек тәжірибесі бар Нұржан Бердалыұлы кім-кімді де парасаттылығы, білімдарлығы, мәдениеттілігінің арқасында баурап алатын, тіпті жүріс-тұрысының өзі көзге түсіп тұратын ұлағатты ұстаз. Ол – бір қарағанда аса салмақты, салқынқандылау көрінгенімен жүрегі алтын, пейілі шексіз азамат. Ылғи да жан-жағына тек шуағы мен шұғыласын шашып жүретін ұстаз – шәкірт тәрбиелеудегі өзіндік әдіс-тәсілдерімен де дара. Нұржан Бердалыұлының адамгершілік абзал қасиеті, азаматтық тұлғасы, өресінің биіктігі, болмысының бейнесі, төңірегіндегілерге жанашырлығы айқын көрініп тұрады.
![]()
Ағабеков Нұржан Бердалыұлы 1966 жылы 13 маусымда қазіргі Түркістан облысының Сарыағаш ауданы Тегісшіл ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. Балалық шағы осы ауылда өтті. 1972-1981 жылдары Тегісшіл ауылындағы №34 Ш.Уәлиханов атындағы сегізжылдық мектепті, 1981-1983 жылдары Таскескен ауылындағы С.Торайғыров атындағы орта мектепте оқып, орта білім туралы аттестат алды. 1983 жылы 25 тамызда Сарыағаш аудандық білім бөлімінің бұйрығымен, Көктал ауылындағы Смайлов атындағы шағын жинақты бастауыш мектептің мұғалімі және мектеп меңгерушісі болып тағайындалды. Осы мектепте 1984 жылғы 14 маусымға дейін жұмыс істеді. 1984-1986 жылдары маусымда әскер қатарында болып, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келді. 1986-1989 жылдары Сарыағаш шипажайында жөндеу жұмыстары бойынша құрылысшы болып жұмыс істеді.
Нұржан Бердалыұлы 1989 жылы қыркүйек айында Ташкент қаласындағы Низами атындағы
![]()
Педагогика институтының тарих, адам, қоғам, құқық негіздері факультетінің орыс группасының даярлық тобына сырттай оқуға түсіп, 1990 жылы 1 қыркуйекте 1 курсқа қабылданды.
1994 жылы аты аталған оқу орнын бітіріп, тарих, адам, қоғам, құқық негіздері пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша диплом алды. 1990 жылы қазан айынан өз мамандығы бойынша С.Торайғыров ЖОМ жұмыс істеп, 1992 жылы қыркүйек айынан ОҚО Сарыағаш ауданындағы №34 Ш.Уәлиханов атындағы ЖОМ тарих пәнінің мұғалімі болып ауысты.
Білімді де білікті ұстаз 1995 жылғы 15 наурыздан 2002 жылғы 15 мамырға дейін №34 Ш.Уәлиханов ЖОМ директоры қызметін атқарды. Кейіннен осы мектепте тарих пәнінің мұғалімі боп жұмысын жалғастырып келеді. Он төрт жыл ізгілікті пәндер бірлестігіне жетекшілік жасады. Аудандық пәндік олимпиадалардан бірнеше рет оқушылары жеңімпаз атанып марапатталды.
![]()
Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі ұстаз екенін жақсы білеміз ғой. Анадан кейінгі шын қамқоршы, жанашыр жан деуге болады. Ұстаз деген қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «Анасының тәлім-тәрбиесін алған» деген сөздермен бірдей естіледі де. Алғаш рет жол танытып, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болып, жан-дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары да анық. Білім мен болашақ тәрбие жолына талай жылдарын арнап, сол саланың мақтанышы атанып келе жатқан Нұржан Бердалыұлы – жан-жақтылығымен, ізденімпаздығымен де танымал жан. Сәт сайын өзінің білімін жетілдіріп отырады. 2013 жылы тамыз-қазан айларында педагогикалық шеберлік орталығында ҚР педкадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында екінші деңгей бағдарламасы бойынша мұғалімдерді оқыту курсын аяқтады. 2016 жылы шілдеде ПШО-да педкадрлардың кәсіби даму бағдарламасы бойынша мектеп тренерлерін оқыту курсын тәмамдады.
![]()
Айта кету керек, 2016 жылы Республикалық «1000 үздік ашық сабақ» байқауына қатысып, «Жаңа әдіс-тәсілдерді тарих сабағында пайдаланудың тиімділігі» атты ашық сабағы арнайы кітап жинағына еніп, арнайы сертификат алды.
Ұстаздық – тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз тегін айтылмаса керек-ті. Дүниедегі сыйлы адам да ұстаз. Себебі шәкірт өнер, білім, әдеп, тәрбие, кәсіп үйреткен адамының алдында өзін өмір бойы қарыздармын деп санайды.
«Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау», – деп Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспайтын Нұржан Бердалыұлының еңбегі шын марапатқа лайықты. Қанша жыл тер төгіп еңбек етсе де, «болдым, толдым, мен бәрін де білемін» деп айтпады. Ол үнемі ізденіс үстінде жүреді.
![]()
Өмір бір орнында тұрмайды, үнемі алға жылжып отырады, осыған орай жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, білімін, біліктілігін арттырып отыруы да заңдылық. Тынымсыз еңбектен бас көтермейтін, қажыр-қайраты мықты ұстаздың омырауында бірнеше төсбелгісі де жарқырап тұр. Ол 2016 жылы 2 маусымда Республикалық «Ұлт ұстазы» альманах журналының алқа кеңесінің шешімімен «Ұлт ұстазы» төсбелгісімен марапатталды. 2017 жылы 18 мамырда Республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының шешімімен «Елеулі еңбегі үшін» орденімен марапатталды. 2017 жылы Білім беру жүйесін жетілдіруге өз үлесін қосқаны, білім сапасын арттыруда белсенділік танытқаны үшін Республикалық «Тәуелсіз Қазақстан» газетінің Құрмет Грамотасымен марапатталды. 2018 жылы шығармашылық ізденістерінің арқасында өз шеберлігін, біліктілігін жоғары дәрежеде танытқаны үшін Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы И.Ө.Сағындықовтың Құрмет Грамотасымен марапатталды. 2019 жылы қарашада Республикалық педагогикалық ғылыми-әдістемелік
![]()
журналдың №38 санында «Ауыл шаруашылығын дамыту, Тың игеру» тақырыбына мақаласы жарық көргені үшін арнайы сертификат және Құрмет Грамотасымен марапатталды. 2019 жылы желтоқсанда Республикалық «Ұлт ұстазы» альманах журналының №12(44) санында «Оқушылардың сын тұрғысынан ойлауын дамытуда топтық жұмыстың тиімділігі» тақырыбында мақаласы жарық көрді. 2020 жылы маусымда Қазақстан Білім саласы үздіктерінің энциклопедиясына еніп, «Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталды. 2021 жылы ТМД елдерінің «Білім саласының үздіктері – 2021» халықаралық байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. ТМД елдерінің білім саласының дамуына өз үлесін қосқаны үшін, «Лучший педагог – 2021» төсбелгісімен марапатталды. «Ұлт болашағының бастауы – мектеп, арқауы кәсіподақ» атты Сарыағаш ауданының тарихи-танымдық, педагогикалық кіші энциклопедиясына есімі енді. 2023 жылы қаңтар-ақпанда «Ұлы дала тарихы» тақырыбына авторлық бағдарламасын жасап қорғап шықты. Республикалық «Жылдың үздік авторы – 2023» атты шығармашылық байқауына «Ұлы дала тарихы» тақырыбы бойынша қатысып, үздік нәтиже көрсеткені үшін І дәрежелі дипломмен марапатталды.
![]()
Кейіпкеріміздің еленген марапаттары мен тәмамдаған курстарына кезек берсек:
- 2013 жылы ҚР педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында екінші (негізгі) деңгей бағдарламасы бойынша 440 академиялық сағат көлемінде мұғалімдерді оқыту курстарын аяқтағанын растайтын Куәлік;
- 2013 жылы ҚР педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында екінші (негізгі) деңгей бағдарламасы бойынша мұғалімдерді оқыту курстарын аяқтағанын растайтын Сертификат;
- 2015 жылы соңғы қоңырау мерекесі қарсаңында балаға берген сапалы білімі мен саналы тәрбиесі үшін Мадақтама;
- 2015 жылы ҚР Тәуелсіздігіне 24 жыл толу мерекесіне орай бұрынғы «Нұр Отан» партиясының Алғыс хаты;
- 2015 жылы Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-насихаттық топтар мүшелері үшін біліктілікті арттыру курстарының семинар-кеңесіне қатысқаны үшін Сертификат;
![]()
- 2016 жылы Республикалық «1000 үздік ашық сабақ» байқауына ұсынған «Жаңа әдіс тәсілдерді тарих сабағында пайдаланудың тиімділігі» атты ашық сабағы арнайы кітап жинағына енгені үшін Сертификат;
- 2017 жылы «Тәуелсіз Қазақстан» газетінің атынан білім беру жүйесін жетілдіру, сапасын арттыру жолында көп жылдан бері жас жеткіншектер тәрбиелеуде қызметтік міндеттеріңізді абыройлы атқарып, адал еңбегі мен қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін,
- Отанымыздың Егемендігін, күш-қуаты мен қауіпсіздігін нығайту жолында табысты әрі жемісті еңбек еткені үшін Құрмет Грамотасы;
- 2018 жылы «Б.Блум таксономиясы аясында оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау» біліктілікті арттыру курстарынан өткенін растайтын Сертификат;
![]()
- 2018 жылы Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі игілікті істері және ұлағатты ұстаздық жолындағы шығармашылық ізденістері арқасында өз шеберлігін, біліктілігін жоғары дәрежеде танытқаны үшін Құрмет Грамотасы;
- 2019 жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығына мақаласын жарыққа шығарғаны үшін Құрмет Грамотасы және Сертификат, Диплом;
- 2020 жылы Үздік педагогтардың есімін баспа және бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау мақсатында ұйымдастырылған Республикалық «Ozattar - білім саласы үздіктерінің энциклопедиясы» жинағына еніп, білім саласының үздік қызметкері қатарынан көрінгені үшін Құрмет Грамотасы;
- 2021 жылы «Білім берудегі үздіктер – 2021» ғылыми білім беру мекемелерінің арасында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, заң бірлестігі ұйымдастырған қауымдастық нысанындағы тұлғалар «Бөбек» жалпыұлттық қозғалысына қатысқаны үшін ІІ дәрежелі Диплом;
- 2022 жылы «ҚР Мемлекеттік рәміздерін насихаттау және ұлттық стандартқа сай қолдану бағытындагы жұмыстар» атты тақырыбында авторлық семинардың электрондық жұмысын пайдалануға берілетін Куәлік;
![]()
- 2023 жылдың 1 ақпанында «Ұлы дала тарихы» атты әдістемелік көмекші кұралын (авторлық бағдарламасын) баспадан шығарғанын растау үшін Сертификат;
- 2023 жылы Тәуелсіз Қазақстанның рухани даму жолында ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегімен және білім саласының дамуына қосқан үлесі үшін Құрмет Грамотасы;
- 2023 жылы Республикалық «Жылдың үздік авторы – 2023» атты шығармашылық байқауына «Ұлы дала тарихы» тақырыбы бойынша қатысып, үздік нәтиже көрсеткені үшін
- І дәрежелі Дипломына ие болды.
Мұғалімдік кәсіби шеберлікке жету – өз мамандығының данышпаны болу. Десек те ол бір күнде пайда болатын дүние еместігін де түсінуіміз қажет. Өскелең ұрпақтың болашағын жарқын етіп, өміріне жолдама алуға жағдай жасағысы келсе ізденісті тоқтатпай, кәсіби шеберлік пен білім деңгейін арттыра түссе, толық нәтижеге жететіні де белгілі. Барлық тәрбиелік істе әрбір баланы жеке тұлға деп танып-біліп, жан-жақты қалыптастыру Нұржан Бердалыұлының басты мақсаты осы. Ол сол мақсаты жолында үнемі тоқтаусыз ізденумен келеді. Ал бұл дегеніміз ұстаздың мектепке дейінгі білім беруде жаңа технологияларды игеруі баланың табысты дамуының кепілі болмақ.
Өмірге бағдар беру, болашаққа нық сенімді азамат тәрбиелеу ол – ұстаз парызы. Өз саласында абыройлы қызмет атқарып отырған үлгілі ұстаз, өмірде де бақытты жан. Отбасында үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп, өсіріп отыр. Барлығы да жоғары білімді.
Ер азаматтың бақыты оның еткен еңбегінің жемісі мен отбасы тыныштығы дейтін болсақ, сол қос бақыттың иесі Нұржан Бердалыұлының өнегелі жолы көпке үлгі болсын дейміз!
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()