Білім және мемлекеттік қызмет саласының ардагері,
Индер ауданының Құрметті азаматы,
«Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері»,
«СССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгілері және «Еңбек ардагері» медалінің иегері
Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет
Аллаһ тағаладан адамзатқа берілген ұлы нығметтің бірі, бұл шәкірт тәрбиелеу жолындағы Ұстаздық қызметі. Себебі, ұстаз болу кез-келген жанның қолынан келе бермейтін, яғни ерекше қасиетті талап ететін жауапты мамандық. Шәкірт тәрбиелеп, оны биікке жетелеп, қанаттандырып, ұшырып жіберу тек ұстаздың қолынан ғана келетін іс. Өйткені ұстаз өзінің шәкіртінің білімі жолында жаны мен тәнін, болмысы мен барын беруі арқылы болашақ ұрпақты тәрбиелеп шығады. Тарыдай болып кірген күнінен бастап әрбір оқушысының қателіктерін кешіретін де, білім бере отырып сүйіспеншілікке баурайтын да, махаббатқа тәрбиелейтін де, өмір сүрудің қыры мен сырын үйрететін де осы қымбатты жандар. Таудай болып шыққан күнде де талабына тілекші болып отыратын тағы да ұстаз. Ал олардың еңбегін ұлы ететін өздері емес, шәкірті. Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі білімді шәкірті болып қала бермек. Бәйгеден оза шауып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шәкірті үшін ұстаздың қуанышы айтып жеткізе алмайтын сезім деуге болады. Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған Мамаев Төлеш Үмітқалиұлы әңгімемізге арқау болып отыр.
![]()
Бойынан тектіліктің белгісі көрініп тұратын, парасат пайымы келіскен, өр тұлғалы, байсалды мінезді Төлеш Үмітқалиұлы білім саласында ұзақ жыл еңбек етіп, өз саласы бойынша білімі мен білігін көтеріп, түрлі шараларға қатысып, жүздеген білімді шәкірттер тәрбиелеп, авторлық мақалалар жазып, лайықты марапатын алған ардақты ұстаздардың бірі. Ол 1933 жылы 24-ші желтоқсанда Гурьев облысы (қазіргі Атырау облысы), Бақсай ауданының Қызыл үй елді мекенінде мұғалім отбасында дүниеге келді. Мектеп табалдырығын Жамбыл атындағы орта мектебінде аттады. Мектепті бітірген соң, 1950 жылы Гурьев мұғалімдер институтына оқуға түсіп, 1952 жылы аталған институтты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шыққан Төлеш Үмітқалиұлының алғашқы еңбек жолы Тайсойған жеті жылдық мектебінде мұғалім болумен басталады.
1955-1958 жылдары әскер қатарына алынып, өзінің азаматтық борышын өтеп келген соң, 1958-1959 жылдары Бөдене жеті жылдық мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ал 1959 жылдың қыркүйек айынан бастап 1991 жылдың 6-шы ақпанына дейін Бөдене орта мектебінің директоры болып қызмет етеді. 1991-1994 жылдары Индер ауылдық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, 1994-1996 жылдары зейнеткерлікке шыққанша Бөдене ауылдық округінің әкімі болып жұмыс жасайды. 1996 жылдан облыстық дәрежедегі зейнеткер. 1987-1994 жылдары халық
![]()
депутаттары ауылдық советінің депутаты бола жүріп, ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына, мәдени өмірінің, білім беру деңгейінің көтерілуіне белсене араласты.
Қызмет атқарған жылдарында ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, сөзге шешен, өзіне де, өзгеге де талапшыл, өз мамандығының кәсіби майталманы, кішіден қамқорлығын аямайтын, қатарларымен де, шәкірттерімен де сырлас, жаны жомарт, пейілі кең ұлағатты ұстаз бола білді.
Білім беру саласына саналы ғұмырын арнаған Төлеш Үмітқалиұлы ағарту саласындағы мінсіз еңбегі үшін көптеген марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
• 1977 жылы Білім беру саласындағы атқарған абыройлы ерен еңбегі үшін «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісі;
• 1984 жылы «СССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісі;
![]()
• Гурьев облыстық халыққа білім беру басқармасының Құрмет грамоталары;
• 1986 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Құрмет грамотасы мен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
• 2001 жылы 11-ші желтоқсанда Индер ауданы әкімі мен аудандық мәслихатының ұйғарымымен «Индер ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық белсенділігі мүдірмеген, Бөдене ауылдық округі әкімдігімен, Бөдене орта мектебімен тығыз байланыста болды. Ауыл аумағында өткізілген әрбір мәдени-рухани, саяси-қоғамдық шаралардың бел ортасынан табылып, ағалық кеңесін беріп, еңбек және өмір тәжірибесімен бөлісіп отырды. Төлеш Үмітқалиұлы 2013 жылы 22-ші ақпанда өмірден өтті.
Ардақты ұстаз Төлеш Үмітқалиұлы өз отбасында 6 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардан немере-жиендер, шөбере сүйіп, қызығын көрді.
Мамаев Төлеш Үмітқалиұлының Бөдене орта мектебіне басшылық еткен кезінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Осы бір жерде әріптесінің пікірін мақала бетіне түсіргенді жөн көрдік:
![]()
– «Ұстаз – ұлы есім» деп қазақ даналығында айтылғандай, Төлеш Үмітқалиұлы өз ұжымымен бірге Бөдене орта мектебінің дамуы жолында ұшан-теңіз еңбек етті десек те болады.
Сол аталмыш Бөдене ауылында 1927 жылы алғашқы мектеп ашылып, бар болғаны үш орта білімді мұғалімнің оқытуымен отыз шақты бала білім алды. Сол кездегі қиыншылықтарға қарамастан шәкірт тәрбиелеу жолында ұлағатты ұстаздарға Үкімет тарапынан көптеген үлкен міндеттер жүктелді. Сонымен қатар, сол заманның тарлығына байланысты оқулықтар, сызу-жазу құралдары да жетіспеді.
Алайда, еліміздің ауқымды, әрі жоспарлы дамуының нәтижесінде Бөдене орта мектебі біртіндеп жетіжылдық, содан соң сегізжылдық, кейіннен түбегейлі онжылдық орта мектеп жүйесіне ауыстырылды. Сонымен бірге, білім ордасының жанынан ашылған шалғайдағы малшылардың балалары жатып оқитын мектеп-интернаты жұмыс жасап, көптеген оқушыларға тәрбие-білім беріп шығарды. Осы жолда оқушылар арасында тәрбиелік бағытта өнегелі шараларды жүргізуде көптеген жұмыстар іске асырылды. Жыл сайын сол мектепті бітіруші түлектер «Индер көкөніс-сүт» совхозына жұмысқа кіріп, жастайынан еңбекке араласты. Аталған өңірде 1976 жылдан бастап «Орбита» қоғамдық саяси клубы жоспарлы жұмыс жасады. 1978 жылы «Ақбұлақ» сауыншы және 1980 жылы «Нөсер» механизатор-жастар бригадалары құрылды. Сол сияқты, «Жас қайрат» өндірістік бригадасы тұрақты жұмыс жасап, қайнаған қызу еңбектің бел ортасында болды. Оның құрамында
![]()
тоғызыншы сынып оқушылары еңбек етті. Олар совхоздың егістік даласында құмай, жоңышқа, жүгері өсімдіктерін өсіріп, жылма жыл қабылданатын ауыл шаруашылық міндеттемелерін абыроймен атқаруға тырысты. Мектеп ұжымы оқушыларының еселі еңбектерінің нәтижесінде Облыстық білім басқармасының тарапынан ерен еңбектері еленіп, облыс бойынша І орынды жеңіп алады. Сол сияқты оқушылар арасында эстетикалық тәрбиені ұйымдастыру бойынша хор, би, домбыра, көркемсөз үйірмелері тұрақты жұмыс жасап, аудандық, облыстық байқауларға қатынасып, жүлделі орындарды иемденіп отырды. Сонымен қатар, мектеп оқушыларынан құрылған «Мұрагер» фолькллорлық-ұлт аспаптар оркестрі бірнеше байқаудан жоғары нәтиже көрсетіп, «Үлгілі ұжым» атағымен марапатталды. Мектеп мұғалімдері оқу-тәрбие жұмыстарын жылма-жыл әрі жан-жақты жетілдіріп, мектеп аралық жұмыс шарттарын толықтай орындап, Бөдене орта мектебі ауданның «Ауыспалы Қызыл Туына» ие болып, ұжым мерейі әр кез асқақтап отырды.
![]()
Міне, осылайша, Төлеш Үмітқалиұлының үлкен еңбектері мектеп өмірінің бір парасымен ұштасып, белесті жетістіктері еңбек еткен жылдармен сабақтасады, – деп, ұстаз ұлағатын ұлықтай түссе, әріптесі, зейнеткер ұстаз Есқазиева Мариям:
– Төлеш ағаймен 15 жыл бір мектепте жұмыс істедім. Ол кісі директор, мен жолдамамен келіп қарапайым мұғалім, одан кейін тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, одан кейін оқу ісі жөніндегі орынбасары, соңында ағай ауылдық кеңеске әкім болып кеткенде орнына директор болып қалдым. Бұның бәрін айтып отырған себебім, менің саналы ғұмырым ағаймен бірге Бөдене орта мектебімізді алдыңғы қатарлы мектеп деңгейінде ұстап, оқушыларға білім мен тәрбиені өз дәрежесінде беру болатын. Ол мақсатымыз да орындалды, мектебіміз аудан мектептерінің ішінде озат мектептердің қатарынан табылды. Окушыларымыз облыстық, республикалық олимпиада байқауларына қатысты. Әсіресе ауылымыздың көкөніс-сүт шаруашылығымен айналысуына байланысты еңбек тәрбиесіне зор көңіл
![]()
бөлінді. Бірнеше жыл қатарынан оқушылардың еңбек және демалыс лагері 3 ай каникулда ұйымдастырылып, озат сауыншы, озат егінші, озат механизатор мамандықтар бойынша оқушылар арасынан ұйымдастырылған Республикалық байқауға қатысты.
Мектептің талапқа сай безендірілуі басты назарда болды. Әсіресе, іші-сыртын түрлі ағаштармен, гүлдермен безендіруде аудандағы ерекше көз тартатын мектеп болды. Айта берсе, мектептің жетістіктері өте көп, осы жұмыстардың барлығы ағай бір өзі істемесе де басында ұйымдастыруға өзі жүрді. Мұғалімдердің бастамаларын қолдап, нәтижеге жетуіне жұмыстанды. Өмір бойы таза, адал, жемісті еңбек етіп, бар саналы ғұмырын, ақыл-ойын, күш-қайратын ел игілігіне жұмсады. Жақсы мінезі, аңқылдаған ақ пейілі, адал көңілі арқылы өзі қызметтес болған, араласқан адамдардың бәрінің де сүйіктісіне айналған жан.
![]()
Ұзақ жылғы қоғам, мемлекет алдындағы ақ адал қызметі лайықты бағаланды. Бұндай кісілер барда тату тіршілік, өнегелі өмір үстемдік құрады, өскелең ұрпақ өркениетке бет бұрады. Адамның адамдығы оның қарапайым тірлігінен, жан-жағындағылармен қарым-қатынасынан көрінеді. Бұл кісі шын мәнінде ұлы ұстаз. Асыл жанның артында әке үмітін ақтап, аманатын артығымен орындап жүрген ұлағатты ұрпағы өсіп келеді, – деп, кейіпкеріміздің ұстаздық ұлағаты, басқарушылық қабілеті және бала тәрбиесіндегі қайталанбас қасиеттерін тілге тиек етеді.
Мұғалім – болашақ ұрпақтың жанашыры. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре білетіндіктен қымбатты да аса қадірлі. Мұғалім бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты бұзықтыққа жаны құмар талайларды сабасына түсіріп, одан әрі тәртіпке баулып, әрбір икемсіз жалқауларды жігерлендіріп, алға жетелеп, есейтіп, ер жеткізеді.
Ұлы Абай:
«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға» - дегендей, әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстазынан озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе?!
Өзі өмірден өтсе де артына қалдырып кеткен істері менмұндалап тұрған Төлеш Үмітқалиұлының есімі мен еңбегі өзі қызмет еткен білім ордасының құрмет тақтасында мәңгіге ілініп тұра бермек!
![]()