Садуақасов Тілек Садуақасұлы

Рейтинг:

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», 
«Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілері, 
«Еңбек ардагері» медалі және «Білім беруді дамытуға зор үлес қосқаны үшін» номинациясының иегері, 
Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы

Тектілік пен ұстаздықтың жарқын үлгісі

      Ұстаз – ұлттың болашағын тәрбиелейтін тұлға. Ал сондай тұлғалардың арасынан ерекшеленіп, білім мен тәрбие саласына айрықша үлес қосқан жандарды ел ұмытпайды. Сондай азаматтардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білікті ұстаз, тәжірибелі басшы – Тілек Садуақасұлы. Ол саналы ғұмырын білім беру ісіне арнап, Қарқаралы өңіріндегі ағарту ісінің дамуына зор еңбек сіңірді.
      Тілек Садуақасұлының өмір жолы – қарапайым еңбекпен шыңдалған, маңдай термен қалыптасқан тағылымды тағдыр иесі. Ол 1949 жылы Қарқаралы ауданында дүниеге келіп, 1967 жылы №1 қазақ орта мектебін тәмамдады. Жоғары білімін Қарағанды Мемлекеттік Университетінің физика факультетінде алды. Еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастап, мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің басшысы сынды жауапты қызметтерге дейін көтерілді. Оның басшылығымен көптеген мектептер жаңарып, ұстаздардың мәртебесі артты.
      Иә, қай кезеңде де адам баласы еңбегімен бағаланады. «Елдің ісі ердің мойнында» деген қағиданы ұстанатын Тілек Садуақасұлы қызметте өзін дәлелдей алған ер. Қызметінен бөлек, ел ішіндегі қоғамдық шараларға белсене қатысып, өзіндік ой-пікірін ортаға салып, келелі мәселелердің шешімін табуда аянып қалмаған көзі ашық, көкірегі ояу, байсалды мінезді, өмірден көрген-түйгені мол азамат. Ұжым мақтанышына айналып, сенім үдесінен шыға білген Тілек Садуақасұлы тіліне де жанашыр азаматтардың қатарынан бой көрсетті.
      Садуақасов Тілек Садуақасұлы 1949 жылы 12 қаңтарда Қарқаралы ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. Тілек Садуақасұлының атасы Өскенбай өз заманының көзі ашық азаматы болған екен. Жақып Ақбайұлындай алаш ардақтысының сыйлы досы болған. Баласы Сәдуақас та жасынан білімге құштар, білімді алғыр болып есейген. Қиын-қыстау заманда отанды неміс басқыншыларынан қорғап, бейбіт заманда жас ұрпақты біліммен сусындатқан ағартушы ұстаз болған. Абзал әке қалыптастырған осындай тәлімі мол өнеге мен ұстаздық жолы балаларының асыл мұратына айналып, ұстаздық үрдіс жалғаса түсті. Сәдуақас ақсақал мен Күлән анадан өрбіген сегіз баланың ішінен Тілек, Шарбат, Қанат, Шынар бәрі білім жолын таңдап, әке мұратын орындаған ізгі ұрпақ. Алаштықтарға дос-жар болған Өскенбай атасының қалдырған өнегесі болар, Қанат Садуақасұлы Алаш ардагері Әлімхан Ермековтің өмірі мен қызметін ғылыми негіздеген белгілі тарихшы ғалым. Мұғалімдер династиясының атасы Өскенбай, әкесі Садуақас арқылы Сарыарқа өңіріне таныс. Халық арасында «Өскенбай айтқан екен» деген аңыздар да бар.
      Ұстаздық – тек білім беру ғана емес, жас ұрпақтың бойына адамгершілік пен рухани құндылықтарды сіңіру. Тілек Сәдуақасұлы шәкірттеріне тек физиканың заңдылықтарын ғана үйреткен жоқ, сонымен қатар адалдық, еңбекқорлық, жауапкершілік секілді асыл қасиеттердің дәнін септі. Ол басшылық қызметте жүріп те, мұғалім мәртебесін көтеруге, білім беру сапасын жақсартуға күш салды.
      Тілек Садуақасұлының тектілігі – оның шыққан отбасынан да көрінеді. Оның әкесі Садуақас Өскенбаев – Ұлы Отан соғысының ардагері, Қарқаралы өңірінде білім беру саласына еңбегі сіңген белгілі ұстаз. Бүгінде «ұстаздық жолды жалғаушы әулет» деген ұғым сирек кездеседі, бірақ Садуақас Өскенбаев пен оның ұлы Тілек Садуақасұлы осы текті жолдың нағыз өкілдері болды.
      Садуақас Өскенбаев қиын-қыстау жылдары сауаттандыру ісіне белсене араласып, жас ұрпақтың білім алуына жағдай жасаған ұстаздардың бірі еді. Оның ұлы Тілек бұл жолды лайықты жалғастырып, ұстаздықтың ең жоғары үлгісін көрсетті. Текті әулеттен шыққан азамат өзінен кейінгі ұрпаққа адалдық пен білімге деген шынайы құштарлықтың үлгісін қалдырды.
      Тілек Садуақасұлы тек педагог қана емес, білім саласының реформаларына белсене араласқан басшы болды. Қарқаралы ауданында түрлі әкімшілік қызметтерді атқара жүріп, білім саласының түйткілді мәселелерін шешуге атсалысты. Ол білім сапасын арттыру жолында жаңашылдықты қолдап, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында еңбек етті.
      Ұстаздық – өмірлік миссия. Бұл миссияны адал атқарған жанның еңбегі ешқашан елеусіз қалмайды. Тілек Сәдуақасұлының аты Қарқаралы жұртының жүрегінде, шәкірттерінің санасында алтын әріппен жазулы.
      Тілек Садуақасұлы – тек өз отбасы мен жақындарының ғана емес, бүкіл бір өңірдің білім беру саласына үлес қосқан тұлға. Оның бойындағы ұстазға тән мейірім, басшыға тән әділдік, ағартушыға тән жаңашылдық оны ерекше етті. Мұндай азаматтар тарихта тек лауазымымен ғана емес, ұлтқа сіңірген еңбегімен қалады.
      «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Тілек Садуақасұлы білім саласында 45 жылдан аса еңбек етіп, мектеп мұғалімдігінен бастап, аудандық білім бөлімінің меңгерушісіне дейінгі жолдан өтіп, осы саланың білікті маманы ретінде танылды.
      Қарқаралы №1 қазақ орта мектебін жақсыға бітіріп, 1968-1973 жылдар аралығында Қарағанды Мемлекеттік университетінің физика факультетіне оқуға түсіп, жақсыға аяқтап шықты. Еңбек жолында ардагер ұстаз Ногербек Спатаевтың шарапаты тигенін айта кету керек. 1967-1968 жылдары №24 орталау мектепте математика, сызу пәндерінің мұғалімі, 1968-1974 жылдары ҚарМУ студенті, 1974-1979 жылдары 1 май совхозындағы №12 орта мектептің физика пәнінің мұғалімі, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 1979-1982 жылдары аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, 1982-1984 жылдары аудандық партия комитетінің партия кабинетінің меңгерушісі, 1984-1987 жылдары №5 мектеп-интернат директоры, 1987-1992 жылдары №2 орыс орта мектебінің директоры, 1992-1995 жылдары аудан әкімшілігінің аппарат басшысы, 1995-2014 жылдары Қарқаралы аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болды. Ұстаздардың ұстазы болу оңай емес, оның үстіне ауданның 50 пайыздан артық қаражатын игеру тағы бар. Осындай қызметін ол абыроймен алып шықты. Оның жетекшілігімен білім саласында көптеген ілгерілеушіліктер көрінді. Мектептер күрделі жөндеуден өтіп, материалдық базасы нығая түсті. Мектеп жандарынан шағын орталықтар ашылды, түрлі жиһаздар алынып, физика, биология, химия кабинеттері ашыла бастады. Интернет желісі қосыла бастап, «Электронды мектеп» жобасы енгізіліп, өз нәтижесін берді. Интерактивті тақталар алынып, ресурстық орталықтар мен эксперименттік алаңдар жұмыс істей бастады. 2001 жылы №44 мектеп интернаты күрделі жөндеуден өтіп, қайта ашылса, 2002 жылы Томар ауылы №22 орта мектеп, 2009 жылы Матақ ауылы №15 орта мектебі мен Қарқаралы қаласында Еркетай балабақшасы салынды. Сол жылы Егіндібұлақта №43 орта мектеп жанынан 200 балаға арналған интернат пайдалануға берілді. Мектеп жасына дейінгі балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етілу көрсеткіші 2009 жылы 53,6 болса, 2013 жылы 99,6 пайыз болды. Мектеп жанындағы шағын орталықтар саны 2009 жылы 25-тен 2010 жылы 37-ге жетті. 2005-2013 жылдары 22 мультимедиялық-лингофондық, 13 биология, 13 физика және химия кабинеттерімен жабдықталды. Облыста алғашқылардың бірі болып, 2007 жылы Қарқаралы аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі жанынан аудандық білімді дамыту орталығын құрды. ҰБТ көрсеткіштерімен де аудан облыста бірқатар жыл бойы алдын бермей, үнемі алдыңғы қатардан көріне бастады. Жыл сайын оқушылар мен пән мұғалімдері аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленді.
      2014 жылдан 2019 жылға дейін Академик О.А.Жаутыков атындағы №1 қазақ орта мектеп жанындағы кешкі мектеп құрылымының меңгерушісі, физика пәнінің мұғалімі. Ұлағатты ұстаздың шәкірттері бүгінгі күні ол салған сара жолды жалғап, қызмет етіп жүр. Білім саласындағы, мемлекеттік қызметтегі жетістіктері үшін Тілек Садуақасұлы «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілерімен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Білім беруді дамытуға зор үлес қосқаны үшін» номинациясымен, облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, бірнеше спорт федерациясының Алғыс хаттарымен марапатталған. 
      Жұбайы Роза райсобесде басшы болды. Екеуі де үйге қажып келетін. Бірақ екеуі де сыр білдірмейтін, өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқарып, содан рахат табатын. Олардың үйіне ағайындарының да балалары жақын болды. Үстел басына жиналған барша балаларға тілек айтқызып қоятын. Өзі іні-қарындастарына қамқор әрі ақылшы аға. Роза екеуі Дархан мен Думан есімді ұлдарын тәрбиелеп, Дана, Әсел есімді келінді болып, немере сүйіп отырған бақытты жандар.
      Тілек Садуақасұлы ауданның қоғамдық жұмыстарына да белсене қатысады, төрт жылдай аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, аудан активі, өз әріптестері, аудан жұртшылығы арасында беделді. Өзінің адал қызметінің жемісін көрген, шынайы адамгершіліктің, үлкен парасаттылықтың адамы. Ешкімнің ала жібін аттаған жоқ. Ешкіммен бәсекелескен емес. Қай жерде қызмет қылса да өзінің қарапайым, кішіпейіл кеңдігімен, үлкенді аға, кішіні іні тұтатын асыл қасиетімен ардақталып келеді. Ешуақытта басқаға дауыс көтеріп, дөрекілік көрсетпеді. Барынша байыппен, сөздің орайын келтіріп, алдында отырған адамды ұялтпай, тәрбиелеп жіберетін әдемі тәсілі болды. Көбісі оның осы қасиетін қатты бағалап айтып жүреді. Үлкенге де, кішіге де құрметі бірдей. Біреуді біреуден артық не кем көрмейтіні де оның адамгершілік қасиетін биіктетіп көрсетіп тұрды. Қызмет барысында пенделік ойларды жиып қойып, тек сол жұмыстың жүйелі іске асу жолдарын, қауіпсіздік шаралары мен жұмыстың жүру қарекетінен әрі асқан емес.
      Ұлағатты ұстаздың бүкіл қызмет жолы тек ізденумен, биіктерге деген талпыныспен өтті деуге болады. Өйткені оның өзі табиғатынан тынымсыз еңбекқор азамат. Тіршіліктің тұралап қалуын жаратпайтын кесек мінез иесі әркез жан-жағындағыларды қамшылап отырды. Өз ісіне тиянақты, сөзіне мығым азамат ұзақты күнгі жұмыс күнінен кейін де тік қалпында байсалды қалыпта кетіп бара жататын. Әр сауалға жауабы дайын, әр саладан тиісінше сауаты бар азамат сондай өрелі ақыл-парасатымен көпке үлгі болып жүрді. 
      Әрқашан жүзінен жылулық төгіліп тұратын, жүрегі жомарт, сабырлы азаматтың адамгершілігі өте жоғары. Тілдесе кетер болсаң, рухани демалып, байып қалғандай әсерде боласың. Әрбір сөзі әрбір сағатыңа азық боларлық әңгіме айтып, өзінің ағалық жолын көрсетіп, қолынан келсе, сыйлап жібереді.
      «Адам ес білгеннен бастап, өзінің қандай нәрсеге қабілетті екендігін бағамдай бастайды ғой. Менің шыққан тегім осал болмады. Атам да, әкем де көзі ашық адамдар болды. Ұстаздықтың қыры мен сырын жастайымнан біліп өстім. Әке жолын жалғау - басты мақсатым болды. Табиғат адамға жақсы мен жаманды ажырата алатын ой-сана берген ғой. Сондықтан да саналы адам «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» дегенді жадына сақтап, әрбір жасайтын қадамына ақыл көзімен қарап, жүрек қалауымен жасайтыны белгілі. Жақсы адам - қоғамның қорғаны, ортасының мақтанышы әрі отбасының қамқоры. Ұлы мақсатта білімге қол созып, елімнің бір кірпіші болып қалануды ойладым, арман еттім. «Бір жылдығын ойлаған адам дән егеді, он жылдығын ойлаған адам тал егеді, мың жылдығын ойлаған адам ұрпағына білім нәрін егеді» деген ғой атам қазақ. Маңдай тер тынымсыз еңбектің арқасында көптің алғысын алдым. Бастысы қай қызметті болмасын адал істей білу керек. Адалдық абыройға бөлейді. Бұл өмірдегі менің құнды байлығым ол - менің отбасым, аялап, әлпештеп өсіріп отырған балаларым. Біз ата-ана ретінде оларға жақсылықтың дәнін себуіміз керек. Мен өзімнің балаларыма осыны үнемі айтып отырамын. Өйткені адал еңбек ешқашан құндылығын жоймайды. Мен үшін ең бастысы ұрпағымның ұлағатты болуы. Өз ісіңнің нағыз маманы болу үшін үнемі ізденіп, біліміңді толықтырып отыруы керек. Үйренбей, ізденбей табысқа жету мүмкін емес. Адам өмірінде өзінің табиғатына келетін мамандықты таңдайды. Сол арқылы абырой жинап, беделі артады. Адамды алға жетелейтін арманы ғой. Тіршіліктегі өмір-баяныма алғысым шексіз», - дейді ардагер ұстаз.
      Ақтерек ауылының Ахмет Байтұрсынов атындағы #26 негізгі орта мектебінде 2022-2023 оқу жылында еңбек және соғыс ардагері, қадірлі ұстаз Садуақас Өскенбайұлы атындағы кабинет ашылған болатын. Жыл сайын Қазақстан Республикасының еңбек сіңген қайраткері, «Қарқаралы ауданының құрметті азаматы» Сәдуақас Өскенбайұлының баласы Садуақасов Тілек Садуақасұлы үздік бітірген оқушыларға Сертификат, шәкіртақысымен табыстайды. 2024-2025 оқу жылының басталуына орай бастауыштағы үздік оқушыларға «Оқуда озат және үлгілі тәртібі үшін» еңбек ардагері, майдангер ұстаз Өскенбайұлы Садуақас атынан шәкіртақымен Марапатталады. Сертификат, шәкіртақысымен табыстады. СУ-21 құрылыс компаниясының бас директоры Өскенбаев Садуақастың немересі Садуақас Дарханның атынан «Мектепке жол» акциясы шеңберінде материалдық көмек көрсетті. «Адамның жасаған игі істерінің оның ақыл-ойы мен жүрек жылуының көрінісі. Жүрек жылуын ұсынып, ізгілік нұрын шашып, сый-сияпат көрсете алу - адамның адамдық белгісінің қасиеті. Осыншалық ізгіліктің жолын көрсеткені үшін мектеп ұжымы, ата-аналары мектепке қолдау көрсеткені үшін алғыс айтады.
      Ұрпақтар сабақтастығының, елге адал қызмет етудің, құлқынның құлы болмай, жұрттың ұлы болудың, адамгершілік ар мен сөздің қасиетін қадірлеудің тамаша үлгісін көрсетіп, түзу жолдан таймай, әділеттен айнымай ғұмыр кешіп, әдемі өмір жолымен көпке үлгі-өнеге болған Тілек Садуақасұлына абыройыңыз асқақтап, денсаулықта болыңыз дейміз!
      Бүгінгі ұрпақ үшін оның еңбек жолы – үлгі, өмір жолы – тағылым.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 июня 2025 22:49
эльфрида пеэп
               Дорогой доктор! Пишу Вам от имени вашей пациентки Эльфриды Пеэп, которую Вы оперировали...
19 июня 2025 21:47
Колбик юрий
Харон привет если это ты ,то должен меня помнить,,колбик юрий старшина 4 роты в/ч 52557 ,,,85-87 Красноярск т...
25 мая 2025 00:32
Гулзада
Очень хороший человечный доктор. Человек с добрый душой 🌹 ...