Тәлімі терең ұлағатты ұстаздар
Қашқынбеков Алайдар Әбжапбарұлы – еліміздің білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ұстаз, тарихшы. Ол 1954 жылы 16 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Құмкент совхозының Қызыл-Көл ауылында дүниеге келді. Бала кезінен-ақ білімге құштар болып, 1960 жылы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің 1-сыныбына қабылданды. Жас Алайдар мектеп қабырғасында өзінің зеректігімен, ізденімпаздығымен ерекшеленді. 1970 жылы ол осы мектептің 11-сыныбын ойдағыдай аяқтап, бір жыл бойы туған ауылында еңбек жолын бастады. Совхозда жұмыс істеп, еңбек тәжірибесін жинақтады. Алайда, білімге деген ұмтылысы оны үлкен арманға жетеледі.
1972 жылы Алматы қаласындағы еліміздегі ең алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түсті. Студенттік жылдары білімге деген ерекше ынтасымен көзге түсіп, оқуын үздік тәмамдады. Осылайша, 1976 жылы тарих мамандығы бойынша жоғары білімді маман атанып, ұстаздық қызметке қадам басты.
![]()
Еңбек жолын ол Созақ ауданы, Тасты совхозындағы Абай атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастады. Бұл кезеңде ол тек білім беріп қана қоймай, жас ұрпақты отансүйгіштікке, тарихи сананы қалыптастыруға баулыды. 1978-1980 жылдары аудандық білім бөлімінде тарих пәнінің әдіскер маманы болып қызмет атқарды. Ел азаматы жас ұстаздарға әдістемелік көмек көрсетіп, оқу сапасын арттыруға үлес қосты.
Алайдар Әбжапбарұлының педагогикалық жолы 1980-1985 жылдары Құмкент совхозындағы Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясында басталған. Ол жерде директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, мектептің дамуына зор үлесін қосты. 1986 жылдан бастап Қызыл-Көл ауылындағы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып, өзінің білімі мен тәжірибесін жас ұрпаққа үйретті. Ұстазымыздың сабақтары тек теориялық біліммен шектелмей, жасөспірімдердің бойына патриоттық рух, тәртіп пен жауапкершілік сияқты қасиеттерді сіңіруге бағытталды.
Ұзақ жылдар бойы білім саласында аянбай еңбек еткен Алайдар Әбжапбарұлы өз ісіне адалдығы мен ұрпаққа деген шынайы жанашырлығының арқасында көптеген жетістіктерге жетті. Ұстазымыздың қажырлы еңбегі ескеріліп, аудандық және облыстық Алғыс хаттармен марапатталды. 2012 жылы Ұлы Отан және Ауған соғысы ардагерлер ұйымдарының “Қазақстан ардагерлері” ҚК-нің шешімімен Б.Момышұлы атындағы “Батыр шапағаты” медалімен марапатталуы оның Отан алдындағы адал қызметінің дәлелі. Алайдар Әбжапбарұлының ұстаздық жолы тек білім берумен шектелмей, елдің өркендеуіне, рухани дамуына да айрықша үлес қосты. Оның жас ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесі тек бір ұрпақпен шектелмей, қоғамның дамуына, ұлттық құндылықтардың сақталуына үлкен ықпал етті. Осы еңбектері еленіп, 2024 жылы мамыр айында «Құрмет-Абырой-Бірлік» қоғамдық бірлестігінің шешімімен «Халық Құрметі» орденімен марапатталды. Бұл марапат – оның білім мен тәрбие саласындағы өлшеусіз еңбегінің лайықты бағасы.
![]()
Алайдар Әбжапбарұлы – ұстаздық жолды өмірлік мұратына айналдырған, ұрпақ тәрбиесіне саналы ғұмырын арнаған асыл жан. 1979 жылы Гүлжамила апаймен шаңырақ көтеріп, екеуі қатарынан ұстаздық еткен өнегелі жұп болды. Ұстаздықты тек мамандық қана емес, жүрек қалауымен атқарған олардың әрбір оқушыға берген білімі мен тәрбиесі – мәңгілік мұра. Гүлжамила апай да саналы еңбегімен ел есінде қалған ұстаз. 2012 жылы зейнеткерлікке шыққанымен, оның еңбегі еш ұмытылмай, «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталды. Бұл – ұзақ жылғы тынымсыз еңбектің, шәкірттеріне деген шынайы ықыластың жемісі.
Алайдар ағай мен Гүлжамила апайдың шаңырағы – шынайы бақыт пен береке ордасы. Өмірге әкелген төрт ұл, бір қызын да олар асыл қасиеттерге баулып өсірді. Барлығы жоғары білімді, өз алдына жеке отау тіккен азаматтар. Келіндері мен күйеубалалары да білімді жандар, әрқайсысы қоғамға өз үлесін қосып жүр. Әулеттің кенжесі Жайлау – ата-анасының қарашаңырағын сақтап отырған перзент. Ол Қызылкөл ауылындағы М.Әуезов мектебінде АӘД пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді, ал келіні – информатика пәнінің мұғалімі. Осылайша, атадан балаға мұра болған ұстаздық жол жалғасуда. Бұл – отбасылық дәстүрдің үзілмей келе жатқандығының жарқын көрінісі. 2018 жылы Алайдар ағайдың отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысып, аудандық кезеңнің лауреаты атанды. Бұл марапат – берекелі шаңырақтың, өзара сыйластық пен жанашырлықтың айқын дәлелі.
![]()
Қазіргі таңда Алайдар Әбжапбарұлы ұрпақтарының ортасында, немерелерінің ақылшысы, жолбасшысы болып, ата дәстүрін жалғастырып отырған асыл қария. Оның өмірі – өнегеге толы, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай тағылымды тарих. Осындай бақытты отбасының ұйытқысы болған ардақты жанның өмірі – әр қазаққа мақтаныш, болашақ ұрпаққа аманат.
Қазақ халқының болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Осындай ұрпақты тәрбиелеуде аянбай еңбек еткен жандардың бірі – Құтжанова Гүлжамила Нұртайқызы. Ол 1954 жылы 2 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, «Тасты» кеңшарында дүниеге келді. Балалық шағы кең байтақ даланың көркем табиғатында өтті.
Гүлжамила Нұртайқызының білімге деген құштарлығы ерте басталды. 1961 жылы Тасты ауылындағы Абай атындағы орта мектепке қабылданып, кейінірек Созақ ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы мектепте оқыды. 1971 жылы мектепті тәмамдаған ол үлкен армандар жетегінде Алматы қаласына аттанып, Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының география және биология факультетіне оқуға түсті. 1977 жылы институтты үздік бітіріп, ұстаздық жолын бастады. Алғашқы еңбек жолы туған жерінде жалғасты. Созақ ауданы,
![]()
«Сызған» елді мекеніндегі Құрал Рүстемов атындағы 8 жылдық мектепте биология пәнінен сабақ бере жүріп, шәкірттеріне табиғаттың тылсым сырларын ұғындырды. Ұстаздыққа деген сүйіспеншілігі мен адалдығы оны 1979 жылы Құмкент кеңшарына қарасты Қызылкөл ауылындағы М.Әуезов атындағы мектепке жетеледі. Сол жерде биология пәнінің мұғалімі ретінде ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп, жас ұрпақтың санасына білім нәрін септі.
Ұстаз – болашақтың бағдаршысы, қоғамның шамшырағы. Олардың еңбегі – елдің өркендеуіне, білімді ұрпақ тәрбиелеуге қосқан баға жетпес үлес. Осындай ұстаздардың бірі – Гүлжамила анамыз. Ол 40 жыл бойы білім саласында аянбай тер төгіп, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берді.
Ұстаздық жолында Гүлжамила анамыз аудандық педагогикалық оқуларда баяндамалар оқып, пәндік олимпиадаларда зор жетістіктерге жетті. Бұл еңбектері еленіп, аудандық және облыстық деңгейдегі Мақтау қағаздарымен марапатталды. 1987 жылы аудандық педагогикалық конференцияда панорамалық сабақ өткізіп, жоғары баға алды. Ал 1990 жылы «Жыл мұғалімі» байқауының жүлдегері атанды.
Ұстаздық шеберлігі мен біліктілігін арттыру мақсатында әрдайым ізденісте болған Гүлжамила анамыз 2004 жылы облыстық «Мектеп» ғылыми-әдістемелік педагогикалық журналына «Ас қорыту жүйесі» тақырыбындағы сабағын жариялады. Сол жылы оның іс-тәжірибесі мектеп көлемінде таратылып, жас ұстаздарға үлгі ретінде ұсынылды.
2005 жылы «Білім жетілдіру» курсына барып, интерактивті оқыту әдістері бойынша белсенділік танытып, «Алғыс хат» иеленді. Сондай-ақ, аудандық «Ең үздік пән кабинеттері» байқауында жүлделі 2-орынға ие болды. Оның шәкірттері ғылыми жобалармен жас туристер слетіне қатысып, түрлі марапаттарға ие болды.
![]()
Еңбегімен елге танылған Гүлжамила анамыз Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Біз ғаламшардағы өмірге жауаптымыз» атты аудандық жас экологтар форумында шәкірттерімен бірге жүлделі 2-орынға ие болды. Ұстаздық жолындағы қажырлы еңбегі мен қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқаны үшін мектеп әкімшілігінің бірнеше мәрте Мақтау қағаздарына ие болып, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Алайдар ағамыз бен Гүлжамила анамыз – ұстаздық жолына өмірін арнаған, бар ғұмырын білім мен тәрбиенің көркеюіне сарп еткен асыл жандар. Олардың әрбір атқарған еңбегі, оқушыларға берген білімі мен өнегесі әлі талай буынға үлгі болары анық. Ұстаздық – жай ғана мамандық емес, ол – ұлы мұрат, адам жанына шуақ сыйлайтын, жүректерге мейірім ұялататын қасиетті жол. Ұстаздың еңбегі уақыт өткен сайын бағалана түсетіні сөзсіз. Себебі, олар тәрбиелеген шәкірттер қоғамның әр саласында өз орнын тауып, елдің дамуына өз үлесін қосады. Мұғалімнің берген білімі мен өмірлік ақылы әрбір адамның тағдырында ерекше орын алады. Алайдар ағамыз бен Гүлжамила анамыздың саналы ғұмырын осы ұлы жолға арнауы – олардың биік тұлға екенін көрсетеді.
Ұстаз – тек білім беруші ғана емес, ол – адамды адам етіп қалыптастыратын тұлға. Әрбір шәкіртіне жанашырлықпен қарап, олардың болашағына алаңдайтын шынайы педагог қана нағыз ұстаз бола алады. Алайдар ағамыз бен Гүлжамила анамыз да дәл осындай ұстаздар қатарынан. Олардың өз ісіне деген адалдығы, шәкірттеріне деген қамқорлығы – әркімге үлгі. Осындай ұлағатты жандардың еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Олардың білім мен тәрбие жолында төккен тері, шәкірттеріне берген тәрбиесі келешек ұрпаққа бағыт-бағдар болады. Біз Алайдар ағамыз бен Гүлжамила анамызға ұзақ ғұмыр, отбастарына амандық, дендеріне саулық тілейміз! Сіздердей ұстаздардың бар екені қоғам үшін үлкен мақтаныш!
![]()
![]()